Қала әкімі автотұрақтарды қадағалауды тапсырды

Астана жаңалықтары: Қала әкімі автотұрақтарды қадағалауды тапсырды
Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалымен өткен кезекті аппарат отырысы барысында бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, сауда орындарындағы қалыптасқан жағдай, «AstanaBike» жобасының жүзеге асырылуы, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жедел жауап беру мәселелері сөз болды, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әділбек Жақсыбеков қала тұрғындарынан келіп түскен өтініш-тілектер мен шағымдарға айрықша талдау жүргізу керек екендігін атап өтті. Ағымдағы жылдың 18 ақпанында өткен әкімнің халыққа есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша 186 ауызша және жазбаша өтініш түскен. Елорда әкімі сондай-ақ, кезекті есеп беру кездесуіне қазірден бастап дайындалу керектігін айтты.
– Сауда орындарында жұмыс топтарын құрсақ та, бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Яғни, «Шарын» және «Шанхай» сауда орталықтарында автотұрақ қалыптасқан, онда көбінесе оңтүстік өңірлерге қатынайтын қалааралық автобустар жүреді. Бұл ретте жолаушылар заңсыз тасымалданады және қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Аталған мәселе бір күнде пайда болған жоқ. Мұндай жағдай теміржол вокзалы төңірегінде де бар. Тұрақ ақысын алатын автобустардың кестесін және кезегін жасайтын адамдар да бар, — деді елорда әкімі.
Отырыс қорытындысы бойынша мүмкіндігінше автобекет жұмысын, сондай-ақ, қала аумағында жолаушылардың мініп-түсу орындарын, техникалық тексеруді және рейс алдында жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізуді ұйымдастыру тапсырылды.
Астана қаласының әкімі отырыс соңында «AstanaBike» жобасын тіркеуді жеңілдетуді, техникалық ақауларды жоюды және жобаны тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды тапсырды.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше