Тісім сынды

Тісім сынды
Қашып келем. Зәре-құтым қалмай зытып келемін. Екі алақаныммен ауызымды тас қылып жауып келемін. Әлгінде ғана қатты соққыдан тісім сынып қалған. Мұрнымнан да қан сауғалап, ізінен қалмай еріп келеді. Сонау алжыған Аңғарбайдың ауласынан бері қарай менімен жарысып келеді.
...Әдеттегідей бейқам күйде карта ойнап отырғанбыз. Құрдас шал-шауқанның барлығының жиналып алып ермек ететін кәсібіміз ғой бұл. Әрі әр түрлі тақырыптарда өсекті өкіртеміз. Бүгін әңгімеміздің ауа-жайы қыз-қырқынды төңіректеп кеткен сол еді, табан астынан әлгі арамыздағы үлкеніміз, сексеннің бесеуіне келген Аңғарбай селкілдеді де қалды. Ойламаған жерден көршісінің жесір қалған келіншегін алам деп ойран салды. Өзінің кемпірін о дүниеге аттандырып жібергелі қашан. Енді сол кемпірінің артынан «жолдама» алып кетер шағында оның мұндай өнеріне қайран қалыстық.
Рас айтамын, оның бұл қылығын әзіл деп түсіндік. Сөйтікте әжуалай бастадық. Сексендегі сезімін онсызда жеткізе алмай булығып жүрген Аңғарбай бізден сірә, жәрдем күтсе керек. Алайда оның бұл алдамшы ойы өзін алдап соқты.
Ақыры жан-жағынан әзілмен түртпектеген біздің қылығымызды көтере алмай шәйтан түртіп, ашуланып кетті. Ең бірінші оң жағында отырған Оңғарбайды отырған орнынан оңдырмай түсірді. Қарсы отырған Шалқарбайды шалқасынан түсірді. Қалған бес шал болып ашуын баспақ болып едік, сексендегі селкілдеген шалың әлі де болса қуатты болып шықты. Төртеуін төрт жаққа лақтырып, бесінше менің көзіме от ойнатты. Тұмсықтан жұдырықпен түрткені сол еді аузыбасымды алақаныммен жауып алжып мен кеттім. Естерімізді жия сала жеті шал болып жеті жаққа қаштық. Қалғанын қайдам, әйтеуір өзім қорқанымнан шарбақтан секіріп, айналада қарқылдап тұрған балаларыммен жасты жастардың қасын көк шаң етіп табанымды жалтыраттым.
Жар жолға жете берген де білдім. Ауызымдағы екі тісім сыныпты. Үнемі өсек айтқан кезде сол екі тісім ерекше жарқырап тұратын еді. Ал енді екеуі сол енді бармастай болған Аңғарбайдың ауласында қалды. Бұдан кейін өсек айтпаймын, уәде беремін. Өйткені, тісім сынды, сәні кетті, сабақ болды.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше