Хардкор: Армандар орындалады!

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
Сықырлаған кресло, сыбырласқан жұрт, сораптала ішілген сусын, попкорн иісі. Кенет шам сөніп, экранға жан бітеді де… құлақ-шекеден жұдырық тиеді, мойынға пышақ сұғылады, маңдайға оқ тиеді. Және осының бәрі слоу-момен көрсетіледі.

Иә, құрметті оқырман, мұның бәрі — «Хардкор» фильмінің алғашқы титрларында көрсетілетін көріністер. Ары қарай жүретін оқиға әлгі ел аузындағы сөз секілді: "… чем дальше в лес, тем страшнее".

Қазақтардың ара-тұра қопаңдап қалуына себепкер Тимур Бекмамбетов продюсері болған «Хардкор» атты фантастикалық экшн бүгіннен бастап кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. Кеше көріп шыққан киноның әсерінен әлі арыла қойған жоқпын, соныммен бөлісе отырайын.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
Не:
Атауы: Хардкор
Түсірген елдер: Ресей, АҚШ
Бюджеті: $2 000 000
Жанры: Экшн, фантастика
Қазақстандағы премьерасы: 7 сәуір 2016
Ұзақтығы: 96 минут

Кім:
Режиссері: Илья Найшуллер
Продюсерлері: Тимур Бекмамбетов, Илья Найшуллер
Сценарий: Илья Найшуллер
Рөлдерде: Шарлто Копли, Данила Козловский, Хейли Беннетт, Андрей Дементьев, Сергей Шнуров, Тим Рот және т.б.

Не туралы:
Бас кейіпкер Генри әлдебір зертханада есін жияды. Жанында «сені сүйемін, жан жарыңмын» деп өзін таныстырған Эстель атты хас сұлу болады. Атыс-жарылыстан айрылған аяқ-қолы темірге ауыстырылған. Жалпы өзін адам деп ауыз толтырып айтуға келмейді. «Буырқанған, бұрсанған, мұздай темір құрсанған» біреу.

Бір уақытта зертханаға фильмнің зұлымы Акан баскесерлерімен басып кіреді. Азды-көпті атыс пен қуғыннан соң Генридің әйелі Эстель Аканның қолында қалады. Сүйіктісін құтқармаққа бел буған Генри Джиммимен танысып, Аканға қарсы күреспекші болады.


Қайдан шықты:
2013 жылдың көктемінде Biting Elbows атты инди-рок тобы «Bad Motherfucker» атты әнге клип түсіреді. Ролик аса танымал болып, бір айдың ішінде 23 миллион қаралым жинайды.


Клипті көрген Тимур Бекмамбетов топтың негізін қалаған Илья Найшуллерге толықметражды фильм түсіру туралы ұсыныс жасайды. Әуеліде бас тартқан Илья кейін келісіп, жобаның режиссері һәм сценаристі атанады.

Не ойдамын:
Сөз жоқ, «Хардкор» — бір кездердегі «Рейд», былтырғы «Безумный Макс» секілді кинотекамнан ойып орын алатын фильм. Алған әсер мен шығарған қорытындыдан кейін анда-мұнда шашылып қалған ойымды жинақтасам, бұлай деуіме тым жалпылама айтқанда бес себеп бар екен.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
1. Фильм бірінші жақтан түсірілген. Жобаның жаңалығы да осы. Әрине, «Хардкор» Америка ашып отырған жоқ, сюжетті бас кейіпкердің көзімен көрсететін туындылар болды, бірақ олар не сәтсіздікке ұшырады, не фильмнің ішінен бірнеше минут берумен ғана («Doom» секілді) шектелді. Менің ойымша, бастан-аяқ осы стильде жасалған және табысты болатын алғашқы жоба осы «Хардкор» сияқты.

Оның үстіне біздің заман ойын мен киноның, шынайы кадр мен салынған суреттің арасын барған сайын жақындатып, шекарасын жойып барады. Call of Duty мен Medal of Honor ойнап өскен біз бен одан зорғысын көрген кейінгі ұрпақ үшін контенттің көрерменге жақын, оқиғаның барынша әсерлі болуы (тек сюжет тұрғысынан емес) маңызға ие.

Фильмнің бірінші жақтан түсірілуі — тамаша эффект. Бас кейіпкер төмен секіргенде аяғың селк етіп, жинап ала қоясың, өзге актерлердің тура саған қарап, сөйлегені мойын бұрып, өзге нәрсеге алаңдауға мүмкіндік бермейді. Бір сөзбен айтқанда, көру керек, сезіну керек.

«Еркек қанша жаста болмасын, басқаратын ойыншық тікұшақ сатып алуды армандайды» деген сөз бар ғой. Сол секілді компьютерлік ойынның дәмін татқан кез келген адам (мейлі ол гик болсын, мейлі ол бірнеше рет қана атысқан нуб болсын), денсаулыққа қауіп төнбейтіндей қылып осы ойынды өмірде қалай жүзеге асырса болады деп ойланғаны анық. Міне, сол арман орындалып отыр.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
2. Фильм қаталдыққа толы. Былжыратып қан-жынын ағыза беретін хоррорларды емес, қырғын төбелесті көрсететін және адамның ауыр темір, жалаңдаған пышақ, зуылдаған оққа қарсы тұра алмайтын әлсіздігін аяусыз беретін фильмдерге айызы қанатындарға «Хардкорды» ұсынамын. Рейтингі бекер «R» (17 жасқа толмағандарға ата-анасынсыз көруге болмайды) болсын ба, ананы көріп отырып, өзің барып келгендей әсерде қаласың. Оған жоғарыда айтылған эффектті қоссаңыз, тіпті де сұмдық. Фаталити, қысқасы.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
3. Актерлік ойын. Әрине, айналасы бес-алты актерде неғылған ойын бар деуіңіз мүмкін, алайда өз басым Джиммиді ойнаған Шарлто Копли мен Аканды сомдаған Данила Козловскийді ерекшелеп айта кетер едім. Алғашқысы әлжуаз лохтан бастап брутал альфа-еркекке дейін ойнай алатынын баяғыда-ақ дәлелдеген ("№9 аудан" дәлел), бұл жерде де Джиммидің бірнеше образын тамаша жеткізіпті, соңғысы қыз-қырқынды ұлардай шулатқан метросексуал кейпінен алшақтап, әуесі, әумесер, ауруды жақсы көрсеткен.

Әрине, бұлармен қоса бастарына GoPro камерасын киіп, бас кейіпкердің (түрін көрмесек те) жүгін арқалап шыққан оншақты жігітке де құрметімді білдіремін.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
4. Әзіл. Иә, «Хардкорда» жақсы әзілдер бар. Және ол тек американ спецификасындағы біз түсіне бермейтін қалжыңдар да емес, соңғы кезде ТМД-лық, әсіресе ресейлік кинематографта көбейіп кеткен дәрети-алкогольдік құсық та емес, дәл уақытында айтылған, кейде "қара әзіл" стилінде берілетін фразалар.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
5. Эстельдің рөлін ойнаған Хейли Беннетт.

Қорытынды:
«Хардкорға» бару керек. Біріншіден, ерекше эффекті бар (бірінші жақтан түсірілген, бас кейіпкердің түрін көрмейсіз), екіншіден, сапасы жап-жақсы экшнді көріп қайтасыз. Оның үстіне фильмнің Ресейде түсірілгені ментальдік тұрғыдан бізге жақын: біраз қалжыңды, сюжеттік кейбір бұралаңдарды жақсы түсініп отырасыз.

Берген бағам: 8/10

Әрі қарай

Вата қыз бен Felis catus (халық ертегісі)

Баяғыда Вата қыз болыпты. Баяғыда болғанда, сол 1989-2029 аралығы ғой (байғұс 2030-ды да көрмей кетті деседі). Вата қыз кредитке алған үйін жинап жүріп, бір езілген жүзім (ел арт ұртында мейіз дейді) тауып алады да, Felis catusты шақырады, Felis catus келмейді. Felis catus деген негізі кәдімгі мысық болатын, бірақ өзі мішім кезінен латын тілін тереңдетіп оқыған зияткер мысық еді, Лукоморьеңді… Тәлпіштігі де жоқ емес енді. Сондықтан осылай атағанды қалайтын.
Қыз:
– Келмесең келме! – деп, езілген жүзімді өзі жеп қояды. Жеп болған соң (бұл кезде Ватаның іші өте бастаған еді) Felis catus келіп:
– Неге шақырдың? Оның үстіне уатцаптағы конфаға жазып жібергенің не? – деп сұрайды.
Менде бір керемет сюжет бар...: Вата қыз бен Felis catus (халық ертегісі)
Вата қыз айтпайды. Сонан соң Felis catus:
– Ендеше сенің минералкаңды төгем! – дейді.
Вата қыз:
– Өзі таң ата бас ауырып тұрғанда жалғыз дауа – минералкама тисең, мен құйрығыңды кесіп аламын! – деп жауап береді.
Felis:
– Қумашы, а! Құйрықсыз мысық тұқымдасына жататынымды білмейтіндей!-деп кейиді.
Вата Қыз:
– Онда кесетін жерің де қалмады ғой,-деп басын қасиды.
Зияткерлік пікір-шайқаста жеңіске жеткен Felis catus минералканы төгеді. Вата қыз Felis catusтың құлағын (!) кесіп алады да:
– Шайқаста жеңіліс тапқанмен, соғыста кім жеңетінін көреміз!-деген көрінеді.
Felis catus:
– Апа, апа, құлағымды берші! – дейді.
Вата қыз:
– Апалап қалуын! Менің минералкамды төле! –деп талап етеді.
Felis catus сиырға барады. (Кешіріңдер, бұл жерде сценарий солай, халықтың идеясы)
– Сиыр, маған минералка берші! – дейді.
Сиыр:
– Миыңды ұрайын, епті, сиырда қайдағы минералка, жоғал құры нақ! Менен қатық сұрау керексің!-деп қуып шықпақ болады.
Сонда:
– Келісейік те,-дейді оңтүстікте 2 жыл тұрып, сол жақта пішіліп қалған Felis.
Сиыр:
– Жарайды, минералканы да шешеміз… Менің қарным ашып тұр. Маған жапырақ әкеліп берші! – деп басып жібереді.
Felis catus ағашқа барып:
– Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші! – дейді.
Ағаш:
– Мен ағаш емес, көкнәрмін!-деп, өзінше петросянданады.
Felis:
– О, тіпті жақсы онда!-деп қуанады.
Ағаш:
– Қалжың ғой. Мен шөлдеп тұрмын. Су әкелсең, жапырақ беремін, – дейді.
"Өзім су іздеп жүргенде, мынау да су сұрай ма не?"-деп өз-өзінен күбірлейді Felis catus.
Felis catus суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көреді.
– Қыздар, қыздар, маған су беріңіздерші!-дейді.
Қыздар оған:
– Су деген сөзде 2 әріптен қателестің ғой! Бізден әдетте оны сұрамайды. Жарайды, бізге сағыз әкеліп берсең, біз саған су береміз,-деп шарт қояды.
Felis catus дүкенге барады.
– Әй, дүкенші, маған сағыз берші! – дейді.
Дүкенші:
– Суға шомылдырғыр-ай, өзі кризистің алдында көрінген айуан келіп сағыз сұрай берсе, нем қалады?-деп күйінеді.
Сосын:
– Онда маған жұмыртқа бер!-дейді.
Felis catus:
– Ренжіме, мені Шымкент жақта кастрация жасап тастаған,-деп күмілжиді.
Дүкенші:
– Ондай жұмыртқа емес, кәдімгі тауықтың жұмыртқасы,-дейді.
— Құстарда да бола ма не?-деп таңырқайды Felis catus.
Felis catus тауыққа барады.
– Тауық, тауық, маған жұмыртқа берші! – дейді.
Тауықтар:
– Бізге дән әкеліп берсең, біз саған жұмыртқа береміз, – дейді.
Felis catus: «Манағы Көкнәрмен қалай да келісу керек,»-деп ыржияды. Келе жатып, тағы да: «Енді не қыламын? Ит боп кете жаздадым ғо іздеген құрлы» – деп ішінен ойлайды. Сосын өзі ойына өзі күлкісі келеді. Сөйтіп кетіп бара жатса, бір тышқанды көреді. Felis catus тышқанды бас салады.
– Жаныңның барында айт! Үйіңде не бар? – дейді.
Тышқан қорыққанынан:
– Үйімде іргелес монитор, клавиатура, процессор бар,-дейді.
– Миымды зорлама, шыныңды айт!-дейді ашулы Felis catus.
Тышқан:
– Бір табақ тары бар, – дейді.
– Ойылдікі ма?-деп сұрайды Felis.
Тышқан:
– Ренжіме, бірақ қазір саған мейлі сияқты ғой (сөз ауыстырылды – ред.),-дейді.
Felis catus:
– Маған бір уыс тары бер,-дейді.
Тышқан үйіне барып, бір уыс тары әкеліп береді; Felis catus тарыны апарып тауыққа береді, тауық жұмыртқа береді; жұмыртқаны апарып дүкеншіге береді; дүкенші сағыз береді; сағызды апарып қыздарға береді, қыздар су (!) береді; суды апарып ағашқа береді; ағаш жапырақ береді; жапырақты апарып сиырға береді, сиыр қатық береді, қатықты апарып Вата қызға береді, Вата қыз мұны көріп:
— Ноқалай ноқат нәгөй кеще-ау, қатығыңды қолтығыма (сөз ауыстырылды – ред.) тығам ба, маған минералка әкел дедім ғой!-деп Felis catusтың құлағын мәңгілікке бермей қойып, ана жаққа да өзімен бірге ала кеткен деседі.

Соңы.
Әрі қарай

Футбол: Менің көзіммен

«Футбол-өмір!» Иә, бұл сөзбен бір топ келіссе, келесі топтың келіспеуі әбден мүмкін. Себебі, футбол десе ішкен асын жерге қойып, оны, футболды өмір санайтындар бар да, футболды, былайша айтқанда, «қақпайтындар» болады. Мен екі топқа да жатпаймын ;) футболға деген қызығушылық енді оянып келе жатыр.
Кеше Астана қаласы «Қажымұқан» атындағы орталық стадионында«Астана-64» командасы Шымкенттік «Қыранды» қабылдады. Әу баста «Қыранның» келетінін естігенде«Астана Аренада» болады-ау деп ойлаған едім. Өкінішке орай, далада қар аралас жаңбыр жауып тұрғанда ашық алаңда өтті. Фотоаппаратымды арқалап мен де, дәлірек айтқанда біз де бардық. Әрине, "Қыранға" жанкүйерміз!
Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен
Ойын "Қыранның" шабуылынан басталды
Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен
Ойынның аты-ойын! Олар ешқандай кедергіге қарамайды. Тек жеңіс үшін, жанкүйерлері үшін ойнайды!
Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен
Ал "Қыранның" мұндай плакат ұстаған жанкүйерлері болмаса да, әр жерде бір «Давай, Мурат, Мура!» деп айқайлап жүрген жанкүйерлері жетерлік еді ;)
Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен
Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен
Мен жанкүйерлер жақта жүрсем «Гооол!» деген дауыс шықты. Артыма жалт бұрылып қарап, мынандай қуанышты сәтке куә болдым:)
Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен
9-нөмерлі Мұрт Өнал есеп ашты. Есеп: 0:1
Арада 8 минут өткен соң«Астана-64» командасның ойыншысы Павел Пурышкин есепті теңестірді. Астаналық жанкүйерлер бір-бірін құшақтап, құттықтап жатты. Бұл қуаныштарының ұзаққа созылмайтынын қайдан білсін?! ;)

Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен

"Қыранның" сапындағы Голландиялық Мұрат Өнал қарсыластар қақпасына бірінші таймның соңғы секунттарына кезекті голын салып, команданы тағы да бір қуантты.
Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен
Сонымен, бірінші тайм аяқталды. Жалпы, футбол көруге бірінші рет келуім емес. Неге екенін білмеймін, естелік ретінде бір де бір ойында фотоға түспеппін. Есесіне осы жолы аямай футболистерді түсіріп алдым. Футбол түсінгенге ойыншық емесіне тағы да көзім жетті.
Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен

Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен

Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен

Айтпақшы, бұл ойында бас төреші Қостанайлық Анатолий Вишниченко болды
Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен

Постымның басында айтқанымдай, дала боран болып тұрды. Ойынға жарты сағат қалған кезде Астаналық жанкүйерлер газонды қардан тазалағанымен, газон ойынның бірінші таймында-ақ қар-қар болып кетті.
Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен

Табиғат құблысына бұйрық беріп, оны басқара алмайсың ғой. Мұндай келеңсіз жағдайлар футболистерге кедергі болмайтындығын "Қыран" командасының ойыншысы Санат Жумаханов дәлелдеді. Ойынның 2-таймында "Қыранға" 3-голды сыйлаған Санаттың тағы да пенальтиден гол салуға мүмкіндігі бар еді. Бірақ Санат оны дұрыс пайдалана алмады. Есеп 1:3. "Қыран" қырып кетті! Ал жанкүйерлер болса көңілді нотада үйді-үйіне тарқасты :)
Керек тілші: Футбол: Менің  көзіммен

P.S. Кешегі ойыннан кейін Шымкенттік "Қыран" командасы турнир кестесінде 2-орынға жайғасып, премьер-лигаға берілетін соңғы жолдамаға таласатын командалар қатарына қосылды. Енді келесі ойын 16-қарашада өтеді. Сәттілік саған, "Қыран!"

Әрі қарай

"Дүниенің жарығын сыйла маған..."

Құрметті Назарбаев Университетінің қызметкерлері мен студенттері!
Студенттік Үкімет бұрын қолданыста болған техника, заттарды, және тағамдарды сату мақсатындағы «Garage Sale&Food Fair» қайырымдылық акциясын өткізетіндігін қуанышпен хабарлайды.
Осыған байланысты cіздер қажеті жоқ заттар мен құралдарды алдын-ала iliyas.kurmangali@nu.edu.kz адресіне жазып, тапсыруларыңызға болады. Акция Назарбаев Университетінің кампусында өткізіледі. Жиналған барлық қаражат 6 жасар Бағдатова Аделяның миына ота жасау үшін жұмсалатын болады.
Күні: 22 тамыз
Өткізілу орны: Атриум, 4-5 блок.

ОҒМ жазбалары: Дүниенің жарығын сыйла маған...

19 тамыз күні Назарбаев университетінің қызметкерлері мен студенттеріне осындай хабарлама келіп түскен болатын. Содан құлақтанған жұрт өздерінше бір өзгеше тірлікке кірісіп те кетті.



Garage Sale (аулада жаппай сату) — түбі америкадан келген дәстүр. Ол — шуақты күні артық затты аулаға шығарып көршілерге сату арқылы үйді босатып жинап алудың жақсы әдісі. Оның үстіне адамдар бір-бірімен араласып, қауқылдасып қалуға тамаша себеп. Garage Sale-ді негізінен пайда көру мақсатында емес, көңілді уақыт өткізу үшін жасайды. Ал кейінгі кезде мұндай шарадан түскен ақшаны қайырымдылыққа жұмсау кең таралып келеді.



Жаңалыққа жақын жүретін жастар қайырымдылықтың осы форматын назардан тыс қалдырмаған. Осылайша Назарбаев университетінің кең атриумында сағат 12-нің шамасында сауда қызып сала берді.

ОҒМ жазбалары: Дүниенің жарығын сыйла маған...

Ұзыннан тізілген үстелдер үстінде түрлі дәмдер, киім-кешек, ойыншықтар мен бұйымдар сатуға қойылған:
ОҒМ жазбалары: Дүниенің жарығын сыйла маған...

ОҒМ жазбалары: Дүниенің жарығын сыйла маған...Ілияс Құрманғали, шараны ұйымдастырушы, «Саясаттану» мамандығының 2 курс студенті:
Бұл кішкентай қыз ешқайсымыздың туысымыз, не танысымыз емес. Сәуле атты досым ол жайлы интернеттен көріп айтып келді. Мұндайлар көп десе де, біз бұл жайға бей-жай қарай алмадық. Содан эдвайзерімізбен ақылдасқанда ол кісі осы «Garage Sale» идеясын айтты. Мен ол идеяны ары қарай жетілдіріп, оған «Food Fare» яғни тағамдар жәрмеңкесін қостым, себебі ол өтімдірік болатынын білдім. Факультетіміздің менеджері Эмиль ұйымдастыру жағынан көмектесті. Қайырымдылық шарасынан мұғалімдер де тыс қалмай түрлі заттар мен бұйымдарын өткізді, кітаптардың дені студенттердікі. Дәмнің бәрін студент қыздар өздері пісіріп әкелді. Осылайша бәріміз ең болмаса бір өмірді сақтап қалуға қолымыздан келгенін жасап жатырмыз.



Ештеңе сатып алмай-ақ жай садақа тастап кетуге де болады:
ОҒМ жазбалары: Дүниенің жарығын сыйла маған...

ОҒМ жазбалары: Дүниенің жарығын сыйла маған...Әсел Ахметова, «Биология» мамандығының 3 курс студенті:
Біздің осы университетте барлық жағдайымыз жасалған, еш уайымымыз жоқ десек те болады. Соған шүкіршілік етіп, осындай мұқтаж адамдарға титтей болса да көмек көрсету жастардың парызы деп ойлаймын. Тек қана өзімізді ойламай бір сәт сыртқа көз салып, жан-жақты болуымыз керек. Осы тұрғыда бұл шараның маңызы зор.



ОҒМ жазбалары: Дүниенің жарығын сыйла маған...Орал Қыдыршаев, «Тарих» мамандығының 1 курс магистранты:
Ұйымдастырушыларға ризамын. «Көп түкірсе көл деген», қазақ бола тұрып қазақ қызына жанымыз ашымаса кім көмектеседі? Әр өңірде мұндай көмекке зәру жандар бар. Оларға да осылай жәрдем етілсе нұр үстіне нұр бола түсер еді."



ОҒМ жазбалары: Дүниенің жарығын сыйла маған...Виктория Әлжанова, Назарбаев университетінің қызметкері:
Бұл студенттер ақшаларын кино мен пиццаға жұмсап жөндеріне жүруге болатын еді. Бірақ олар тоғышарланбай уақытын, энергиясын осындай ізгі іске бағыттауы, шыны керек, мені қуантты.



ОҒМ жазбалары: Дүниенің жарығын сыйла маған...Такеши Матсунага, Назарбаев университетіне шақырылған профессор:
Жапонияда мұндай қайырымдылық шаралары болып тұрады, бірақ оларды көбіне тек арнайы ұйымдар ұйымдастырады. Ал қазақ жастарының өз еріктерімен кішкентай қызға көмектесуге ұмтылуы мақтауға тұрарлық.



Міне, осындай аппақ көңіл мен кіршіксіз ниетке куә болып қайттым. Аталмыш шарадан бүгін 223 000 теңгедей ақша түсіпті. Ертең де жалғасын таппақ.

Аделяға көмек қолын созам дегендерге:

Казкоммерцбанк:
Есепшот нөмірі: KZ1292615017V1976000
Карта нөмірі: 6762 0535 0843 0398

Халық банк:
Есепшот нөмірі: KZ216010002001179594

Сбербанк:
Есепшот нөмірі: KZ12914012204KZ02C93

Казкоммерцбанк:
Есепшот нөмірі: KZ1592615015G6761000

QIWI әмиян: 87022093730
Әрі қарай

Стақандастарым. Имам Қуатхан

Менде бір керемет сюжет бар...: Стақандастарым. Имам Қуатхан

Менде бір керемет сюжет бар...: Стақандастарым. Имам Қуатхан

— Әні, әні, айттым ғой әні, келе жатыр, келе жатыр!

Жылдап оталмағаннан әбден құтырып, тал болуға аз қалған арамшөптің ортасында отырған Қасым, кәнігі барлаушыларша сыбырлап қойып, менің иығымды төмпештей берді.

— Саған «айтқан жоқсың» деп жатыр ма біреу? Кетші-әй өзің! — дедім мен.
Әрі қарай

Көне әндер

Біз де жас болғанбыз демекші, 80-жылдардың соңы, 90-жылдардың басы кезінде өліп-талып тыңдаған хиттарымызды ұсынып отырмын, әрине, бұл тізімге бәрі кірмеді, кезінде жеке өзіме ұнағандары ғана, қазір қарап отырсам, "әлжуаз романтиканың" табы бар секілді…

Әрі қарай

Жұмбақ түсірілімдер

Оcылай екен...: Жұмбақ түсірілімдерКезекті рунеттен копипост, ренжімессіздер осындай кейбіреулер үшін қызықты мәліметтерді қолымнан келгенше аударып жариялағанды ұнатамын(қысқаша айтқанда ощм жазба құсық). Суреттердің сыры ашылмау себебі түсірілімнің 20 ғасырда орын алуы секілді. Болмаса басқа бірдеңе, әйтеуір ешкім нақты ештеме айта алмайды, мүмкін сіз біліп қаларсыз !?
Әрі қарай

Батаға таласқан шалдар

Бұл құбылысты той-томалақтарда, әлдебір отырыстарда өздеріңіздің де байқауларыңыз мүмкін. Әдетте, асабалар бірінші және екінші столдың соңында үлкендерден бата сұрайды. Сондай кезде алпыстың бел ортасындағы, жетпісті жүгендеп алған шалдар бата бере алмай сасып жатады. Бір-біріне сілтеп,«анау бере салсынға» басады. Кейбір ықтиятты шалсымақтар қалтасынан 4 бүктелген А4 форматындағы қағазды алып шығып, дайындап әкелген батасын оқып береді. Жаңа ғана арақ ішіп отырған шалдардың да Алланы ауызына алып бата беретін кездері жиі болады. Жасына сақалы сай, сақалына мақалы сай шалдардың бата беруі сиреп кетті.
Менің бала кезімде мынандай бір оқиға болған еді. Ол кезде үлкендер жағының қолына су құю деген дәстүр бар еді. Орнынан тұра алмай үйелеп жатқан шал-кемпірлер болмаса да қолыңа жез шылапшын мен әлумин шәугім алып, иығыңа орамалды іле салып, үлкендердің қолына су құйғанның өзі бір ғанибет еді. Су құйған сайын әлгілер саған алғысын жаудырып, батасын беретін. Айтпақшы, әлгі оқиғаға қайта келсек…
Ет желініп, бата сұралды. Сонда төрдегі домалақ үстелде отырған екі шал батаға таласып қалды. Қызба мінезді біреуі алдындағы тәрелкеде тұрған қойдың мүжілген бас сүйегін екіншісіне қарай жібергені есімде бар. Қайсысының бата бергені есімде жоқ шынымды айтсам. Бұл кісілер атақ-дәрежесі, жолы жағынан қатар жүретін кісілер болса керекті. Көбіне біреуі болмаған жағдайда екіншісі бата беріп жүрсетін болыпты деседі. Екеуі бір қонақта кездесіп қалса осылай шатақ шығарып қоятын да әдеттері бар екен. Қайран қазағымның қара қайыстай сол шалдары қайда еен?!
Ал, сіз бата бере білесіз бе?
Әрі қарай

Ұясын таппаған ұрық

Тоңазыған білектерін ысқылап жіберген ол есікті асып, ішке кірді. Қара шашты, арықтау келгені орнынан тұрып, бұрылып кетті. Толықтауы қозғалмады.
-Нешеден?
-Бесеу
-Қайсың?
-Маған болмайд. Мынамен сөйлес.
-Саған неге болмайд?
Әрі қарай

Қымызды қалай ішу керек?

Қымызды ұлттық сусынымыз дейміз, жұрт патенттеп жатыр дейміз. Бірақ сол қымызымыз туралы қазақша нақты ақпараттар жоқ екен интернетте. Қымыз түрлері, дайындалуы, пайдасы туралы бар да, ал қымызды қалай ішу керегі туралы ешкім жазбапты. Амал жоқ Рунетті шарлауға мәжбүр болдым. Сонымен қымызды қалай ішеміз?

Бұрын қазақтар күніне 10-15 литрдей ішкен екен. Қазір әрине организміміз ондай жүкті көтере алмайды. Сондықтан арнайы графикпен ішкен дұрыс. Тәулігіне 100 миллилитрден 6 рет ішу керек. Мөлшерін көбейте отырып, бір күнгі норманы 2 жарым литрге жеткізуге болады. Қымыз ашқарынға, бөлме температурасымен аз ұрттаммен ішіледі. Таңғы және түскі астан кейін кем дегенде 1 жарым сағаттан кейін ішкен дұрыс. Ал кешкі астан кейін ішуге болмайды. Кешкі асқа дейін де 1 жарым сағат бұрын ішу керек.
Әрі қарай