Дәрігерге қараған күнің құрысын немесе мен бүгін не тындырдым?

Балабақшадағы медбике ұлыма жалпы қан сараптамасын жасату үшін жолдама жазып берген-ді. Өткен жұмада әкесімен бірге осы шаруаны тындырды. Біздің ықшамауданнан жақында ғана жап-жаңа типтік жобадағы емхана пайдалануға берілген еді. Бұрынғы емхана кісі санына шақталмаған, ол жерге ауруын емдетпекке барған науқас, керісінше сырқатына сырқат жамап қайтады. Ал қазіргісі кең, жайлы. Айыбы — зертхана жоқ. Сода жолдамалары қолында, сол баяғы емханаға тартып барыпты ұлым мен әкесі. Еншісін алып кеткен оларды о жерде ешкім құшақ жая қарсы алмағанымен, кішкене баламен сүйретіліп барып тұрған соң, төсінен итермепті. Ертесіне 3-тен кейін сараптама қорытындысы дайын болатынын, келіп алып кетулері керектігін айтқан екен. Бүгін сол есеппен үйдегі сіңлім барды сүйретіле… Жаңа бір әзірде қоңырау соқты, сараптама қорытындысы қолға берілмейді-мыс /башпайларын да ұсынып көріпті;)/. Әлгі жаңа емхананың медбибілері өздері әкетеді-мыс. Сонда бұл туралы о баста ескертетін болса, қайда қалыпты? Сіңлім де босқа ұрыс естіді, өмірі ештеңе тындырмайсың деп жатырмын жалма-жан. Қазір зертхана меңгерушісіне соғып, біраз шаңын қағып алдым. Біздің дәрігерлердің немқұрайлылығына қаным қайнайды. Бүгінгінің дәрігеріне қарап жол бойында ала таяғын айналдырып тұрған жол полицейі көз алдыма келеді. Күніміз түспесін сендерге!

Бүгінгі күннің басым бөлігі ұлымның пайдасына шешілді. Ұйқымызды қандырып, сағат 11-лерде FUNKY TOWN ойын-сауық орталығына бардық. Карточкаға 3000 теңге салып, ойламаған жерден ұтыс купонын иелендік. Сөйтсек, орталықта «Ойыншықтар айлығы» деген акция өтіп жатыр екен. "Ұтыс бүгін сағат 16:00-де болады",-деді кассадағы қыз. Ал біз айналдырған бір сағаттың ішінде карточкадағы тиынның түбіне құм құйып үлгердік. Сағат төртке дейін не істейміз? Оның үстіне үйіміз қаланың ана шетінде...Қайтсек те осында күтуге тура келеді. Содан асқазанымызды аз-мұз алдарқатып, сол ғимаратта орналасқан Арсенал кинотеатрындағы 3Д форматтағы «Гномео и Джульетта» мультфильміне билет алдық. Мені негізі қандай бір нәрсемен таң қалдыру аса қиын емес-тін. Бірақ, 3Д формат мені кереметтей таңқалдырды деп айта алмаймын. Көзілдірікті бір киіп, бір шешіп өзімше сынама жүргізіп отыр ем, кенет кіре берістен оқыған «Көзілдірік бүлінген жағдайда 6000 теңге айыппұл салынады» деген ескертпе есіме түсіп, мұнымды доғара қойдым.
