Керек-Ринг 13/04/2017 - Ғарышкерлер күні

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 13/04/2017 - Ғарышкерлер күні

Ғарышкерлер күніне арналған Керек-Ринг ойыны 13 сәуірде өтті. «Ой-Зерек» радиоойынының алдағы сенбі эфиріне кеше жақсы ойын көрсеткен Арулар командасы қатысатын болды.

1. «Ғасыр құпиялары» атты деректі фильмнің авторларының пікірінше өткен ғасырдың ортасындағы бір үлкен кеңкөлемді жоба негізінде азғана жыл бұрын басталған басқа бір жобаны бүркеу амалдары екен. Сол аймақтағы көптеген жүк тасымалынан батыс тыңшылары күдіктенбесін деп жасалыпты-мыс. Фильм авторлары қандай кеңкөлемді жобаны айтып отыр?

2. 1963 жылы Юрий Гагарин Байқоңыр космодромында қызмет ететін өзі бұрын естіген бір кісімен кездеседі. Ол кісіден қай жерде туғанын, туған күні қай айдың нешесі екені сияқты жеке басына қатысты сұрақтар қояды. Ол кісінің аты-жөнін атаңыз.

3. 11 мың адам арасынан таңдалып, 2007 жылы ғарышқа ұшқан малайзиялық Шейх Музафар Шүкір 150 кісілік комиссияның арнайы шешімімен бір тәулікте нені 80 рет істеуден құтылды?

4. 1961 жылы сәуірдің басында Байқоңырға 6 ғарышкер ұшып келеді – Быковский, Гагарин, Нелюбов, Николаев, Попович, Титов. Неліктен Гагарин тізімде 2-ші еді?

5. Ресей Қарулы Күштерінің бір полковнигі АҚШ-тан Мәскеуге ұшар алдында американ кеденшілері тарапынан шығарылмай қояды. Тек НАСАның араласуымен ғана ұшаққа отырады. Полковниктің паспортында не жоқ еді?

6. Гагарин және одан кейінгі ғарышкерлер киген скафандр СК-1 деп аталатын. 1963 жылы СК-2 атты скафандр моделі шықты. СК-2нің алдыңғылардан ерекшелігі неде еді?

7. Кеннеди ғарыш айлағы АҚШтың Флорида штатындағы Бреверд округында орналасқан. Шағын Бревард аймағына әдейілеп ассоциация ретінде берілген 3 сандық телефон кодын жазыңыз.

8. Американ астронавтары кіші дәреттерін презерватив тәрізді контейнерлерде өтейтін. Түрлі көлемдегі контейнерлер кішкентай, орташа, үлкен деп аталатын. Алайда барлығы үлкенін таңдай бергендіктен контейнерлердің аттары өзгертілді. Оларды атаңыз.

9. Гагаринге алғашқы медалі жерге түскен бойда оны алып кеткен тікұшақ ішінде берілді. Сол 60-шы жылдар басында ұшқан басқа ғарышкерлерге де берілген медаль не үшін берілетін медаль еді?

2 тур – by MERmukhanov

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 13/04/2017 - Ғарышкерлер күні1. Суретте – National Geographic пікірі бойынша ең үздік фотосуреттердің бірі болып танылған түрік фотографы туындысы. Арулар көз алмай қарап тұрған Модильянидің картинасында бейнеленгенді екі сөзбен атап көріңіз.

2. Белгілі бір қысқа тарихи тізбектен NAZ деген сөз шықты. Неткен символизм! NAZ!
Алайда, ашығын айтқанда, толық нұсқасы 56NAZ, бірақ қазір соңғы үш әріп алғашқы санды жатырқайды.
Шифрді екі сөзбен тарқатыңыз.

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 13/04/2017 - Ғарышкерлер күні3. Таныс болыңыздар, бұл — Индиана Джонс пен детектив Магнумның суреті. Бұлардың образдарының негізінде сценаристтер Алан Заслов пен Тэд Стоунс тағы екі кейіпкерді қалыптастырған деседі. Ол кейіпкерлер 1989-1990 жылдары алғаш көрсетілді. Кейіпкерлердің бірі беллетристика оқиды, және оқыған кітаптарындағы сүйікті қаһарманы – Шерлок Джонс (қандай екі кейіпкерден туғанын ұқтыңыздар).
Бірінің есімі техникаға жақын болғанымен, шын мәнінде екеуінің есімдерін қосқанда, шетелдік жиһаз стилінің аталуы шығады екен. Атаңыздар.

4. Агата Кристидің цитатасы: «Сынған ыдыс бақыт әкеледі, бірақ тек ...»
Жазушының күйеуінің мамандығын бір сөзбен атаңыз.

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 13/04/2017 - Ғарышкерлер күні5. Шахматшылар (және тек олар ғана емес) арасындағы таралған әзіл бойынша, осы халық шахматты суреттегідей ойнайды екен. Кімдер?

6. Назар аударыңыздар, Ойбастар!
Сэмюел Батлер ОНЫ әдебиет пен өнердің қозғаушы күші депті. Джон О'Нил өкінішпен: «Тесланың басты олқылығы ОНЫ алуға болатын аппарат жасап кетпегенінде» дейді. Лорд Байрон оны бір шығыс ертегісіндегі шамға теңеп, Сомерсет Моэм ОНЫ алдың бесеуінің жемістерінен ләззат алуға мүмкіндік беретін алтыншы сезім дейді. ОЛ не?

7. Ағылшын жұмбағы: «Құдай оны көрмейді, король — сирек, ал қарапайым адамдар күн сайын көреді». Жауабын бір символмен беруге болады. Жазыңыз.

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 13/04/2017 - Ғарышкерлер күні8. Суреттегі ескерткіш Леонардо Боллға арналған. Бұл кісі несімен есте қалды дейсіз бе? Ескерткіштің жазбасын толықтырыңыз.

9. 19 ғ. Максим деген бала жеті жасында театрда кәмпит сатып, сегіз жасында дәріханашыға көмекші болып, он үшінде Берлиндік атақты шаштараздың оқушысы атанады. Он төртінде Мәскеудегі Үлкен театрға қызметке кіреді. Орыс армиясында қызметін өтегеннен кейін, Рязаньда өнімдері танымал бола бастаған дүкен ашып, кейін 1904 жылы АҚШ-қа эмиграцияға көшкен Максимилиан АбрАмұлы Беверли-Хиллзде 1938 жылы қайтыс болды. Оның тіпті Голливуд аллеясында жұлдызы бар.
Оның ұлы оның ісін жалғастырып, өндірістік компанияның басшылығына келді.
Олардың фамилиясын атаңыз.
Әрі қарай

Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу

«Хрущевка» үйде тұрсаң сол — не бетонды перфораторсыз тесе алмайсың, перфоратор қолдансаң көршілеріңнің мазасын аласың.

Интернетте не көп — лайфхақ көп. Олардың дені сырт көзге әдемі жасалады да, ал қолға алсаң — әлде басқа жерден өсіп шыққан қолыңнан, әлде шынымен ақыл-кеңестің хуеталығынан ойдағыдай шықпай қалып жатады. Мені қызықтырғаны қабырғаға картина ілу еді.

Маған қажеті бетон қабырғаны теспей, бірдеңе қылып ұстатып қою. Картина дейтіндей картина да жоқ үйде, көркемсурет коллекционері болуды да мақсат тұтпадым. Сол, аннан-мыннан жиналған грамоталар мен мақтау қағаздары. Тар бөлмеде тұрсаң зат-мүлкіңді барынша оңтайландыруға тырысасың, әйтпесе сол қоқыстың арасынан өзіңді де таба алмай қалуың мүмкін. Сол «картиналар» әбден маза бермеді. Шкафтың қапталында сөре бар, бұрын сол жерде тұратын. Бірақ ол сөрелер уақыт өте келе күнделікті өмірге қажетті қоқысқа тола бастады: кілт, зарядтағыш-жалғағыш шнурлар, ноутбук, қайшы, тамақ және тамақтан босаған ыдыс, баланың ойыншығы. Очм, полкада тұрмауы тиіс заттардың бәрі сонда орналасты.

Грамоталарды жинап алып, бір қорапқа салып, ешкім көрмейтін қуысқа зытыруға да болады. Бірақ өйтіп орынды босқа алудың қажеті қанша. Одан да ілініп тұрсын да, міндеті де сол емес пе — ілініп, көзге көрініп тұру.

Очм, екі тәсіл бар — кішкентай ілмек тауып алып (құдайға шүкір, елімізде фурнитура тапшылығы жоқ, іздесең неше түрін табуға болады), оны сұйық сварка дей ме, қою желім дей ме — әйтеуір, желіммен жабыстыру керек те, әбден қатып бекіген соң картинаны соған ілесің. Бірақ, ілмек пен желім іздеу келешегі ұнамады маған, еріншекпін.

Тағы бір вариант — кәдімгі кеңсе скрепкасын, қазақша айтсақ қағаз қыстырғышын пайдаланып ілмек жасау. Осы көңілге қонымды болып көрінді, интернеттен көре сала тез іске кірісіп кеттім, өйткені қажеттінің бәрі жаңағы қоқысқа толы сөрелерде жатыр еді. Соны өз мысалымда көрсетіп берейін.

Бір шарт бар: қабырғаға тұсқағаз ұстатылған болу керек. Онсыз болмайды.

Қажетті құралдар: кеңсе пышағы, скрепка (қыстырғыш), кез-келген желім, сызғыш пен қарындаш.

Картина тұратын орынды қабырғадан белгілеп аламыз. Сызғыш пен қарындаштың көмегі осы жерде керек болады: симметрия, пропорция мен геометрия заңдылықтарын ескере отырып, өлшеп-сызып белгілеп алған дұрыс. Эстетика, епта.

Алдымен ілмек дайындап аламыз. Қыстырғышты жалпағынан жатқызамыз. Бір ұшын алдымен жоғарыға, сосын сәл бір жағына қиыстау етіп (бір жағына еңкейтіп) қайырамыз. Сонда ілмектің сұлбасы көріне бастайды:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Сосын тұсқағазды пышақпен кесіп, кішкене саңылау жасаймыз. Тым керіп жіберуге болмайды, қыстырғыш дәл сыйятындай болса жеткілікті:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Жаңағы қыстырғышты қайырылғын ұшы жоғары қарайтындай етіп тұсқағаздағы саңылауға тығамыз:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Сонда шамамен төмендегідей көрініс пайда болуы тиіс:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Сосын, картинаны, менің жағдайымда — алғыс хатты соған ілеміз:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Бұндайда «жыртылып кетпей ме?» сұрақтың туындауы заңды. Мен бес картинаға орын дайындадым. Соның бір тесігі әлде үлкен болып кетті, әлде тұсқағаздың дәл сол жері қабырғаға дұрыс жабыспаған, әйтеуір бір орын жыртылып кетті. Желім осындай жағдайда қажет болады: жыртылған жерге желім құйып тастауға немесе тұсқағаздың артық қиындысы болса, жамап тастауға болады. Ертесіне дейін әбден кепсін, сосын тағы да саңылау жасап іліп көреміз.

Арзан, қатаң :)
Әрі қарай

Халық саны неге көбеймейді

Елбасымыз айтқандай қазіргі жағдайда халық санын көбейту бірінші орындағы мəселе. 2016 жылы санымыз 20 миллонға жетеді деп жоспарладық. Бірақ əлі ол жоспарға жете алмай келеміз. Статистика мəліметі бойынша маусым айларында 18 миллионға өседі екенбіз. Бұл өте қуанышты жағдай. Ал, 20 миллонға жету үшін не істеу керек деген сұраққа жауап беріп көрейік.
Ол үшін аталарымыздың ұстанған саясатына көз жүгіртсек. Бұрынғы бабалар халық санын көбейту үшін былай жасаған деседі. Бірінші бала атасына, екінші бала əжесіне беріледі. Үшінші бала құдайдың баласы. Сонсоң, барып жас жұбайлар өздеріне тиесіліні алады. Ал, қазір осыны жасап көр. Тіпті, көріп жүрміз баланың атын, атасы мен əжесіне қою құқығы зорға беріледі.
Келесі, мəселе балаға берілетін жəрдемақы. Қазір бірінші балаға берілетін жөргекпұл 13070 теңге.(2017) Бұл сомма жөргек түгіл көйлек алуға да жетпейді. Үйленбеген орта жастағылар көбейді деп құзырлылар дабыл қағып жатыр. Бұл тағы бір мəселе. Жігіт те қыз да жағдайды жақсартып аламыз деп жүре береді. Содан уақыттың қалай өткенін білмей қалады. Өйткені заман солай. Капиталистік қоғам осыған жеткізді. Хош дейік, «көш жүре түзелер».
Қазір əлемде халық санын азайту процесі жүріп жатыр. Жер шарындағы 7 миллиард халық 9 миллиардқа көтерілетін болса, үлкен катасторофа деп ойлайды-мыс. Сондықтан əлем жуандары соғыссыз гуманистік идеологиямен тұқыртпақ саны аз елдерді. Бұл қалай десеңіздер. БАҚ арқылы пропагандаларды(жаманшылықтарды) таратып моральдық құндылықтарды жоюға күш салуда. Соның бірі парасы осы халық санына байланысты. Қазір көпшіліктің ойында «мода» деген термин бар. Жарнама арқылы баланы ұрпақ жалғаушысы емес, сəн ретінде сіңіріп жатыр. Əр түрлі банерлердегі суретте əкесі мен анасы сонсоң бір ұл бір қыз. Бұл-мода. Американың киноларында да дəл солай. Осы арқылы бақытты өмірді көрсетуге тырысады. Ал, елдегі көп жаңалықтардың сиқы «көп балалы ана қаңғырып қалды», «көп балалы ананың өмірі қиын» тағысын тағы. Осындай пропагандалық сьюжеттерді көптеп шығарады жібереді. Сосын кімнің базарлы үй болғысы келеді. Өйткені оның ойына сіңіп қалады əлгі қиыншылықтар, содан қорқақтайды.
Қазақ атамыз əр баланың өз несібесі бар демей ме. Осы мақалға жүгінсек көп балалы отбасы атануға деген қорқынышты саябырсытсақ деген ой. Себебі санымыз аз болған сайын жан-жақтан түртпектеушілер көбейеді. Осы жайтты ескерсек еш қорқынышсыз көбейген дұрыс-ау.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 8 сәуір 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

8 сәуірде Қазақ радиосында «Ой-Зерек» интеллектуал ойынының алғашқы эфирі өтті. Brainstorm командасы Мерей Ермұханов және Аршат Оразов дайындаған 11 сұрақтың жетеуіне дұрыс жауап берді. Ойын әр сенбі сағат 21:00-де өтеді.

Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 8 сәуір 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Дайындық сұрақ: 1954 жылы КСРО-ның маңызды бір полигон аймағы үшін бастапқыда 4 жер таңдалды. Алайда Марий АССРі орманды-батпақты, Дағыстан таулы, Астрахань облысы Каспий сулы аймағына жақын болғаны үшін жарамады. Бастапқы код атауы Тайга ретінде таңдалған жер кейін қалай аталды?

1. Жазушы Джон Фаулздың кітабының кейіпкерлері Мысырда сапар шегіп жүріп, қайықшыны қайығымен бірге жалдайды. Алайда өзеннің ортасына келгенде қайықшы кенеттен ескектерін жалдаушы туристерге береді. Қайықшының бұл әрекетіне қандай дауыс себепші болған еді?

2. Испандар оларды мысырлықтар дейді, ал француздардың айтуынша олар – чехтар. Олардың бекітілген елтаңбалары болса да негізгі символдары ретінде арба дөңгелегін, ат тағасын және ойын картасын санайды. Олар кімдер?

3. Филип Филиппұлы 1759 жылы санкт-петербургтік алтынды тігін фабрикантының отбасында дүниеге келді. Швед әскери дәрігерінің шөбересі еді. Санкт-Петербургтің Тау училищесінде химия, минералогия, пробирка өнері, металлургия, математика, физика, механика, тау құрылысы, тау сызбаларын жасау, неміс, француз, орыс тілдеріне аударуды оқыды. 27 жасында Орта Азиядағы Филипповка өзенінің руднигін ашты: алтын, күміс, мыс, қорғасын. Филиповка руднигі оның атынан емес, өзен атынан шыққан болса, да, бір жылдан кейін атауы өзгерді. 1838 жылы тау инженері Жол бағдарлары Инженерлер корпусының генерал-майоры шешінде қайтыс болды. Ең ірі соғыс басталған жылға дейін ондаған мың адамды қамтыған оның статустық қалпын көсем ауыстырды, ал жаңа ғасырда Филипп көсемнен атағын қайта тартып алды. Филипптің фамилиясын атаңыз.

4. Turkeytoday сайтында Түркия туралы жазатын бір блогер қыз бірде қонақүй қызметшілерінен сұраған нәрсесінің орнына қышқылдәмді сусын әкелгендерін жазады. Блогер қонақүй қызметшісінен негізінде қандай нәрсені сұраған еді?

5. «Мозилла фаяфокс» браузерін қолданып көрдіңіз бе? «Фаяфокс» браузері жануардың құрметіне аталған, «жалынды түлкі» деп аударылатын бұл атау арқылы тіпті ярлыктық логотипінде кәдімгі түлкі бейнеленген. Шын мәнінде «Отты түлкі» деп басқа жануарды атайды. Ол жануардың, әрине, қу түлкіге қатысы жоқ. Жануар негізінен өсімдікпен қоректенеді, көлемі аса үлкен емес, бірақ оның барлық бізге мәлім тұқымдастары жыртқыштар. Отты түлкі деген қай жануар?

6. Қыз-келіншектерге арналған канадалық бір фитнес-клубтың аты бір сағат түрімен аталады. Логоларында да бұл сағат арқылы сұлу мүсінді бейнелейді? Бұл қандай сағат?

7. Каталониядағы Жауме Альмера атындағы Жерді зерттеу ғылыми институтының қызметкерлері наурыз айында сейсмографтарында жер қабатының қозғалысын, яки шағын жер сілкінісін тіркеді. Бірнеше дүмпудің ішіндегі ең ақырғысы — Рихтер шкаласы бойынша 1 магнитуда болатын сілкініске кінәліні атаңыз.

8. Исландиялық жастар танысқаннан кейін смартфондарынан Ислендинга атты қосымшаны ашып бір біріне тигізеді. Қосымша авторлары «Бір біріңе тиместен бұрын, смартфондарыңды тигізіп алыңдар» дейді. Ислендинга қосымшасының негізгі функциясы қандай?

9. Ақын, жазушы, композитор, суретші, қоғам қайраткері. Өз саласында ең маңызды сыйлықты иемденген алған тұңғыш бейеуропалық. Оның тағы бір айрықшалылығы — өлеңдері екі мемлекеттің әнұрандарының сөзі болып отыр. Бұл суперадам кім?

10. 1725 жылы Екатерина І Петербург қаласының тұрғындарына арнап үлкен қоңырау соғып, өрт қаупін хабарлады.
1860 жылы лондондықтар ақ арыстандарды шомылдыру рәсімін көруге Тауэрге жиналды.
Сұрақ авторы Әнуар Нұрпейісовтің «Мен адамдарды ұлтына қарап бөлмеймін» видеоөлеңін жариялауынан да осы себепті көреді. Оны екі сөзбен атаңыз.

11. Шенбрунн император сарайының бір түкпірінде «Прима ле музика пой ле пароле» қойылып жатты, келесі аймағында «Дир Зигшпиль дир шаушпильдиректор» қойылды. Бірінші туынды үлкен табысқа ие болды, ал зигшпиль жетістікке жете алмай, көрермен қошеметіне ие бола алмады. Әйгілі деректің үлкен ықтималдықпен ойдан құрастырылған жалған аңыз әңгіме екенін ескере отырып, әр туындының авторларын атаңыз.



Әрі қарай

Тарихсыз әндер тарихта қала ма?

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Тарихсыз әндер тарихта қала ма?«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деген Абай атамыз әннің адамға берері мол екенін айтып кеткен. Қазір осы сөздің маңызы кетіп бара жатқандай. Бұрын көмейінен бал тамған әншілер ән айтқанда, тарихын қоса айтып, тыңдағанда әннің тұңғиығына шомылдырып бірде жылатып, бірде бақытқа бөлейтін. Əннің құдіреті ерекше ғой шіркін! Халқымыз түсінген осы құдіретті. Өміріміздің бөлшегі ұрпақ жалғаушысы бала дейміз. Əуен баланы тəрбиелеуде əннің алатын орны бір бөлек. Бала бесікте жатқанынан бастап əнмен тəрбиелеген. Ұйықтар алдында бесік жырын айтып құлағына құйып отырған. Жалпы пенденің тал бесіктен жер бесікке дейін өмірі музыкамен өрбиді. Олар жоғарыда айтқан «Бесік жыры», «Жарапазан», қыз тұрмыс құрғандағы «Сыңсу» «Жоқтау» тағысын тағы. Бұл дегеніміз бүкіл өміріміз осы жеті нотамен біте қайнасқан. Ал қазіргі әндер қай сапада тыңдалып жүр? Даңғыраған эстрада мен аңыраған шетел әндерінің пайдасы барма?
Бірде Әзілхан атамыз Баукеңнен қазақ әдебиетінің әскери тақырыпқа жазылған шығармаларға пікірің қандай депті. Сонда Баукең кез келген жазушы соғыста болмай-ақ, суық окопта жатпай-ақ, төбеден төнген бомбаның жаныңды суырып алардай боп шыңғырған даусын білмей-ақ, жаралы жер мен жаралы адамның ыңырсығанын естімей-ақ, дәрі мен қанның иісін иіскемей-ақ, үйде отырып шығарма жазуға болады. Ондай жазушы, жалпы білімі болғанымен, соғыста сауаты жоқ жазушы дейміз. Ал өзі сауатсыз шығарманың кейіпкері надан болып шығады. Сондықтан олар өзі бастан кешпеген ерлік пен батылдықты, үрей мен қорқынышты соғысқа қатынасқан адам сенетіндей етіп суреттей алмайды. Ондайлар тек өз оқығанымен естігендерінен шамасы жеткен мөлшерде қоспа жасайды. Міне әнде солай, оны тудырар кезде тарихына зер салмағандықтан ол даңғыраға айналады. Сазгер немесе ақын не туралы шығарып жатқанын сезінбегендіктен өтірік әндер пайда болады. Көпке топырақ шашпаймыз әрине. Бірақ кейбір әндер осы немқұрайлылықтың кесірінен болған қоспаны байқап қаламыз. Қазір ән қалай шығады әлқисса әншілер мал жинап жүріп бір ән жаздырады. Енді оған сөз керек. Ол үшін ақындарға жүгінеді. Әлгі ақын әннің ырғағына қарап, өз-өзін қинап әйтеуір бір шатпырағын жазып береді. Сезімге жүгінбеген жүректен шықпаған әнді орындаған әнші де құр айғайға басады. Ол халықтың жүрегіне жетпейді. Мүмкін бір-екі мәрте тыңдалар кейін «шаң басқан» архивтерден бір ақ шығады. Әлгі әншіні ешкім іздемейтін болады. Кейін дәл осы әдіс бойынша қайтадан ән жаздырады. Түбіне бойласаң нағыз ысырапшылдық. Тағы бір айта кетерлігі əннің тақырыбы. Продюсерлердің кінəсі ме, əлде əнді жазған ақынның білместігі ме. Соңғы кездері аты да заты да шатпырақ ақылға сыймайтын əндер шығып жүр. Мысалы Turkiss тобының «Мамасының баласы», Дəуір Сағындықовтың «Сұрағаның шанс па» əндері.
Баяғы әндер қалай еді?! Шәмшінің Ақанның әндері жүректен шығып халық арасына таралғанына міне ғасыр болды. Сонда да ол әндерді тыңдаудан халық жалыққан жоқ жалықпайды да. Оны орындаған әнші де ерекше тебіреніп айтады. Себебі ол әндердің тарихы болатын. «Тегі жақсының өзі жақсы» деген қазақ. Мысалы Ақан серінің «Балқадиша» әнін алайық. Бірде Ақан ел аралап жүріп лауазымы биік Ыбырайдың аулында болып жатқан шілдехана тойының дәл үстінен түседі. Серінің келгенін көріп халық дастархан жаяды. Алайда, Ақаның қасына отыруға жан адамының жүрегі дауаламайды. Ол кезде Ақан туралы алып-қашпа әңгімелер көп еді. Осындай жайсыздықта отырғанда, Қадиша: «Ауылымызға әйгілі сері келіп қалыпты, неге бірге қосылып ән шырқамасқа» дейді. Қадиша серінің қасына отырып қыз жігіттер ән шырқайды. Қадишаның ағалары болған жағдайды естіп, алып кеткісі келеді. Ақан оны жібергісі жоқ. Қадишада кеткісі келмеді. Осыдан кейін екуінде қимастық сезім пайда болады. Қадиша орнынан тұра бастағанда, Ақан қолына домбырасын алып осы әнді тудырған екен. Мұндай деректерді айта берсе өте көп.
Қорыта келе айтарым дәл осындай тегі бар, тарихпен шыққан әндерді таңдап оны жүрекпен сезініп айтатын болса. Ол ән сөзсіз халық арасынан орын алып, кез келген адамның жүрегінен жол тауып танымал әндер қатарына кіруіне мүмкіндігі молая түседі.
Әншілер ән таңдағанда осы кеңестерге құлақ асса екен.

Думан Кеңшілік
Әрі қарай

#QazzaqDepression. Кайен-Угар Таобаоев. Кресло

Әлі есінде. Шешесі жылаған. Әкесі мұртын ширатып, қопаңдап қалды. «Менің балам, менің балам, өзіме тартқан».

16 жасында мектепті, 22-де магистратураны бітіріп, шетелге кетті. 27-ге толмай жатып бөлім, орда бұзбай тұрып бүтіндей бір департамент бастығы атанды. Әлгі шешесінің жылайтын кезі де осы.

Басқарма мүшесі. Топ-менеджер. Басында пәтер, астында көлік, алдында ауыр, қымбат ағаштан қиып жасалған үстел. Ағайынға беделді, құрылтайшылар алдында абыройлы. Бірақ…

Бірақ соңғы кезде көңілі орнында емес. Себебін білмейді. Білгісі де келмей ме, қалай өзі… Әйтеуір, әрең жүргенін түсінеді. Көрінген сөз шамына тиеді. Қит етсе қыртия қалады.

Оны қойшы. Бір үй орнындай аумағы бар кабинетінде қымбат вискиді сыздықтата жұтып, жуандығы бас бармақ сигараны жапырағын сытырлатып, бір басын қиып тастап, сорғылап, қою түтінін төбеге үрлеп отырып, неше түрлі роликтерді қарайтынды шығарды. Донбастағы жарылған үйлер, жол апаттарын түсіріп алған регистратор жазбалары, ондаған адамды жатқызып қойып, бауыздап немесе калаштың оғын себелеп өлтірген радикалдар, қойшы, әйтеуір, осыларды көріп, жүйкесі тынышталып, жаны жай табатын болыпты.

Тіпті бірте-бірте іздеп жүріп тауып, қарай бастады. Жиналыста, таксиде, ұйқыға кетер алдында, не керек, атқан таң мен өшкен шамның арасында осы типтес ең болмаса бір-екі роликті көріп алмаса, бірдеңе жетіспейтіндей болып тұрады.

Бір күні бұл жұмысқа балға алып келді. Шығып бара жатып былғары сөмкесіне сала салған болатын. Неге өйткенін өзі де білмейді. Қызық көрді ме екен…

Кірген бетте «Саламатсыз ба, Дидар Келгенбекович» деп орнынан ұшып тұрған хатшы қыздың басынан бір салды. Шалқалай барып құлаған мүрдеге мән берген жоқ, жалт бұрылды да, қабылдау бөлмесінде отырған, бұған таңырқап қарап қалған бөлім бастығына балғаны жіберіп қалды. Шеге қағып үйреніп қалған сайман шыр айналып, ауыр басымен шықшытты күтірлете сындырып барып қадалды.

Ентігін басып, екі иығынан ауыр демалып, төбеге қарап, талтайып тұрып қалды. Жымиды.

* * *

Полицияға бірінші болып диспенсердегі суды ауыстыруға келген қара жұмысшылар қоңырау шалған болатын. Оқиға орнына ұшып жеткен күштік құрылым қызметкерлері күдіктіні кабинетінен тапты. Қарсыласпады. Алдында жартылай ішілген вискидің бөтелкесі. Қолына кісен салынып жатқанда қайта-қайта «бақыттымын, бақыттымын» дей берді.

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Кайен-Угар Таобаоев. Кресло
Әрі қарай

Керек-Ринг 15/03/2017 Наурыз кубогі

1-тур - asaubota

1. Мадридтің Атлетикосымен қарымта ойынға шығатын Леверкузеннің Байері твиттерінде ойынға қатыспайтын ойыншылардың тізімін жариялады. 4 ойыншы жарақатына байланысты, 1 ойыншы жазасына байланысты ойнамайды. Ал 17 жасар Харветц қандай себеппен қатыса алмайды?

2. 1660 жылы Антонио атты аспаз пиццаларға жаңа ингриедиенттер қосқысы келеді, алайда бәрін араластыруға да болмайды. Антонио 4 түрлі, 4 түсті ингредиент арқылы жаңа пицца ойлап табады. Пицца 4 бөлікке бөлінеді 4 ингредиент арқылы. Пиццаның жалпы атын емес, бөліктердің кез келген біреуінің атын жазыңыз.

3. Твиттердегі аккаунтардың 15 пайызын құрайтын 48 миллион аккаунтты ортақ атпен қалай атауға болады?

4. Статистикалық деректер бойынша бұл спорт түрімен айналысу кезінде адамдар басқа спорт түрлеріне қарағанда көбірек өледі екен, айналысушылардың пайыздық үлесі бойынша. Басты себептер — инфаркт және найзағай түсу. Бұл қандай спорт түрі?

5. Канадалық бір фирма арақ өндірісі технологиялары арқылы бәрін таң қалдырғысы келді. Бұл науқан аясында Ньюфаундленд аралы маңынан нені аулай бастады?

6. Қазіргі планшеттердің атасын А4 қағаз көлеміндегі нұсқасын танымал фирма 20 жылдай уақыт бұрын шығара бастады. Қалай ойлайсыз, бұл планшеттердің операциялық жүйесі қай ғалымның құрметіне аталды?

7. Бір күні Джон Гутфренд атты қаржыгер Джон Мэривезер атты брокерге 1 миллион долларға покер ойнауға ұсыныс жасайды. Миллионды тәуекелге тіккісі келмеген және қорқып қалды деп ойламасын деген Мэривезер Гутфрендке қалай жауап береді?

8. Тар джинсы, жарқын көзілдірік, пирсинг, ұқыпты сақал, вегетариан, әдемі спорттық аяқкиім, неонацизм. Германияда пайда болған жаңа субмәдениетті атаңыз.

9. 1979 жылы Никарагуада болған көтерілістің басты себептерінің бірі “Манагуалық вампир” деп аталатын бір жеке банк қожайынына деген өшпенділіктен бастау алды деседі. Бұл банк ненің саудасымен айналысатын?

2-турMERmukhanov

1. Азиядағы үлкен дүкендердің бірінде мынадай кәрзеңкелер орналасқан (Олардың шағын жапсырмаларының түсі де өзгеше). Себеттерді осылай бөлудің себебі неде, немесе әрқайсысы кімдерге арналған?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 15/03/2017 Наурыз кубогі

2. Назар аударыңыздар, ойбастар!
Ойбастарда – ең алғаш Ұлыбританияда шыққан, төрт туыс адам басқаратын америкалық корпорацияның бетке ұстар өнімі. Олардың фамилиясынан алынған атау бұл, ешқандай да мифология немесе басқа нақты саладан емес. Оның құрамын қарай келе, жүгері, бидай сиропы, қант, арпа уыты, пальма майы, сүт, соя лецитині, какао, жұмыртқа ақуызы секілді табиғи текті заттарды көріп, онда өмір бар екеніне сенуге болады.
Ойбастарда жатқан өнімді дәл атаңыз.

3.Біріншісі – бейресми лидер, әділетті және байсалды. Екіншісі – команданың миы. Үшіншісі – брутал. Төртіншісі – әзілқой. Бәрі Сынықты сыйлап, Сәуірді жақсы көреді. Оларды атаңыз.

4. Цитатаны жек көретін ағайын үшін арнайы сұрақ.

Санасы аз болса, қашады ол бірден,
Азапты көреді — бостандық аңсаса.
Ғашықтық дегені — бақыт қой ең таза,
Сәтсіздік пен бопса — махаббатсыз жүрген.
Шаттықтың ұлығы — сұлуды тербеген,
Еркіндік, тыныштық емес пе тегін у?
Білгенге ырыс-құт — сезімге берілу.
Жүректің суығы — тірі өлгенге тең.

Бұл — ХVII ғасырдағы француз ақыны Теодор Д Обиньенің махаббат жайлы, дәлірек айтсақ, махаббатты ұлықтауға арналған өлеңі. Сіздердің жан-жақты білімдеріңізге шүбә келтірмейміз, сондықтан Д Обиньенің махаббаттан бас тарту туралы кез келген туындысын оқып беруіңізді сұраймыз.

5. Отандық телеарналардың біріндегі сюжет лазуриттер жайлы ақпаратпен басталады. Лазурит, немесе ультрамарин — силикаттар класының каркасты типіне жататын минерал. Бұдан кейін, осы сюжетте орта ғасырда өмір сүрген көрнекті ғұламаның обсерваториясында аспан денелерін белгілеген ултрамарин тектестердің сәулелердің әсерінен физикалық өзгерістерге ұшырауын да түсіндіреді.
Сюжеттің неге (қандай тақырыпқа) арналғанын атаңыз.

6. Белгілі бір журналында, назар аударыңыз, басылымда жарық көрген жұмбақ:
«Төңкеріліп тұрады,
Адамдарға шындықты айтады».
Жұмбақтың жауабын бір әріптен басталатын екі сөзбен жазыңыз.

7. Суретте — Бельгияның Ипр қаласына бауырлас қаланың кеңестік гербі. Атай қойыңыз.
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 15/03/2017 Наурыз кубогі

8. Бұл сұрақ болмаса, жауабы болар еді. 1957 жылғы 5 сәуірде Лондонда Сэмюэл Беккеттің атақты пьесасы қойылды. Жалпы ақпар: қойылымның оқиғасы ер адам мен әйел адам өмір сүрген қоқыс жәшігінде болады. Пьесаның атауы шахмат терминімен бірдей. Оны қазақша немесе немісше жазыңыз.
Әрі қарай

ҰБТ-ны түлек мектепте өзі оқыған тілінде тапсырады

Білім және ғылым: ҰБТ-ны түлек мектепте өзі оқыған тілінде тапсырады

Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов, Ұлттық бірыңғай тестті әр түлек мектепте өзі оқыған тілінде тапсырады, яғни бұрынғы ҰБТ-ға қарағанда — «Қазақ тілі» мен «Орыс тілі» пәндерін бірге міндетті түрде тапсырмайтынын айтты. Осылайша, Рамазан Әлімқұловтың сөзіне қарағанда, Ұлттық бірыңғай тестілеудің ресми бекітілген жаңа форматында «Математикалық сауаттылық», «Оқу сауаттылығы» және «Қазақстан тарихы» атты үш пән міндетті пән болып қалған және 2 бейіндік пән қосылған. Оның айтуынша, қазақ сыныптарын бітірген түлектер «қазақ тіліне» байланысты сұрақтарға «Оқу сауаттылығы» деген пәннің ішінде жауап береді. Ал, орыс сыныптарының түлектері «Оқу сауаттылығы» пәнін орыс тілінде тапсырады. Сонымен қатар, орыс сыныптарының түлектері қазақ тілін толығыменен мектептегі қорытынды аттестацияда тапсырады.

Қазақ тілін ҰБТ-ға міндетті пән ретінде кіргізуге байланысты сұраққа Білім министрлігінің өкілдері келесідей жауап берді.
«Бұрын орыс мектебін бітіргендер қазақ тілін тапсырғанымен, оның балы оқуға түсерде саналмайтын. Яғни, оларға қазақ тілі бұрын да оқуға түсуге емес, «формальді» түрде, тек мектеп деңгейіндегі білімін бағалау үшін ғана тапсырылды. Енді қазір оларға қазақ тілі мектепте тапсырылатын болғандықтан ҰБТ-ға кірмеді. Қазақ тілі орыс сыныптарының түлектеріне мектеп деңгейіндегі емтиханда қалды. Ал қазақ топтары қазақ тілін ҰБТ-да тапсырады, Сіздер сонда қазақ тілін орыс топтарына ұлттық бірыңғай тестілеуге міндетті пән ретінде қосылғанын қалайсыздар ма? Жарайды, орыс топтарына қазір біз қазақ тілін тестке міндетті пән етіп енгізейік. Сонда, ол орыс топтарындағы қазақ тілінің меңгеру сапасына әсер етеді деп ойлайсыздар ма? Әсер етпейді… Қазақ тілін оқыту идеологиясын дұрыстау керек, мектепте оқыған жылдар бойы қазақ тілін дұрыстап оқу керек. Оқушының білімін дұрыс бағалап шынайы бағасын қою керек. Оқыту әдістемесін жетілдіру қажет. Егер бесінші кластан бастап оқитын бала қазақ тілін білмесе, тек 11 сыныпта тестке кіргізу арқылы ғана қазақ тілін меңгеру деңгейінің сапасын арттырамыз дегендеріңіз шындыққа сәйкес келмейді.»,-деді Білім министрлігі Жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки.

«Қазір орыс мектебінде қазақ тілі, қазақ мектебінде орыс тілі оқытылады. Қорытынды аттестацияда бұл екі пән де қалды. Бұрын да Бірыңғай ұлттық тестілеуде орыс сынаптарының түлектеріне қазақ тілінің балы саналмайтын. Енді жаңа форматта аттестат алуға тапсырылатын бес емтиханның ішінде бар. Эссені үш сағат жазады. Орыс тілінде оқыса — қазақ тілін тест түрінде таспырады… Қазір біздің мемлекетімізде 82 пайыздан астамы қазақ мектептері. Тіпті орыс мектептері жоқ аймақтар бар. Соны дұрыс түсініңіздер. Аттестатта қалдырдық қой, оның орташа бағасы да ықпал етеді…»,-дейді Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева.
Әрі қарай

ҰБТ-ның жаңа форматы

Білім және ғылым: ҰБТ-ның жаңа форматы
Білім және ғылым: ҰБТ-ның жаңа форматы

ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ – жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны.

ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді қабылдау 10 наурыз – 10 мамыр аралығында ҰБТӨП-де жүргізіледі. Бітірушілердің тестілеуге қатысуға өтініштері ҰБТӨП–де тіркеледі. Өтініштерді қабылау аяқталғаннан кейін «Бітіруші» деректер базасы қалыптастырылады.

ҰБТ-ның жаңа форматы 5 пәннен тұрады (3 міндетті пән және таңдаған мамандыққа байланысты 2 бейіндік пән):
1.Қазақстан тарихы – 20 тапсырма;
2.Математикалық сауаттылық – 20 тапсырма;
3.Оқу сауаттылығы – 20 тапсырма;
4. 2 бейіндік пән – 30 тапсырма. Оның алғашқы 20 тапсырмасы бес жауап нұсқасынан бір дұрысын таңдау және 10 тапсырмасында көптеген жауап нұсқасынан бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау ұсынылады. Мысалы, берілген 8 жауап нұсқасында 2-і немесе 3-і дұрыс жауап. Бұндай тәсіл талапкердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендігін анықтауға мүмкіндік береді және жауаптарды «жаттау» арқылы болжап табуға кедергі болады.

Барлығы 120 тапсырма бар. Максималды балл — 140. Шекті деңгей – 50 балл. Тестілеу уақыты 3 сағат 50 минут (230 минут).

«Алтын белгі» иелері, тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының, орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың соңғы үш жылдағы жеңімпаздары, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиаданың, конкурстың немесе сәйкес келген жағдайда, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары жалпыға ортақ тәртіпте ҰБТ тапсырады. Бұл тұлғалардың басым құқығы басқа талапкерлермен баллдары бірдей болған жағдайда ғана ескеріледі.

ЖОО түсуге ниетті ТжКБ түлектеріне арналған кешенді тестілеу (КТ)

Жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген ТжКБ ұйымдарының түлектеріне арналған КТ де өзгерістер енгізілді. Егер ТжКБ ұйымының түлегі ЖОО-дағы мәндес мамандығына қысқартылған оқу нысанына түсетін болса, яғни 2(3) курсқа, онда ол 2 пәннен тест тапсырады (60 тапсырма).

1. Жалпыбейіндік пән (базалық пән бойынша академиялық білімін тексереді) – 20 тапсырма;

Анықтама:
Жалпыбейіндік пән – мамандықтар тобына арналған. Мысалы, барлық педагогикалық мамандықтар бойынша жалпыбейіндік пән «Педагогика және психология негіздері», заң мамандықтары бойынша «Мемлекет және құқық негіздері», ветеринария мамандықтары бойынша «Биология» т.с.с болып саналады.

2. Бейіндік пән (академиялық білімінің тереңдігін және оны тәжірибеде қолдана білу деңгейін тексереді) – 3 блокка бөлінген 40 тапсырмадан тұрады:
— 20 тапсырма бір дұрыс жауапты таңдайтын;
— 10 тапсырма бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдайтын;
— 10 жағдаяттық тапсырма бір дұрыс жауапты таңдайтын пәндер (әрқайсысында 5 тапсырмадан бар 2 жағдаят).

Анықтама:
Бейіндік пән – таңдаған мамандыққа тән пән. Мысалы, болашақ математика мұғалімдерінің бейіндік пәні – «Математика», құқық қорғау органдары қызметкерлерінікі – «Қылмыстық құқық», ал ветеринарларда – «Жануарлар анатомиясы мен физиологиясы».

Жағдаяттық тапсырмалар – жауаптардың барлығы бір жағдаяттың аясында табылатын бірнеше тапсырмалар жиынтығы және де жағдаяттар күнделікті өмірлік тәжірибеден алныған. Мұндай тапсырма алынған білімнің жүйелілігін анықтауға мүмкіндік береді. Жағдаяттар мен олардың тапсырмалары түрлі ақпарат формасында ұсынылған: мәтін, кесте, графика, статистикалық мәліметтер, суреттер және т.б. Кейде жағдаяттар бірнеше ақпарат түрлерімен берілуі мүмкін.

Түлектер өздерінің білімі мен іскерліктерін өмірде қолдана білетіндіктерін және берілген мәліметтерді түсіндіре алатынын, талдай білетінін, жүйелей және қорытындылай алатынын көрсетулері керек.

«Мәндес» мамандықтар ҚР БҒМ 2010 жылғы 21 маусымдағы №316 бұйрығымен бекітілген, ҚР БҒМ 2016 жылғы 4 тамыздағы №489 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің және Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің сәйкестік кесте топтамасында көрсетілген.
Қалған жағдайларда (колледжде меңгерген мамандығы ЖОО-дағы таңдаған мамандығына сәйкес келмеген жағдайда) ТжКБ ұйымдары түлектері форматы мен технологиясы ҰБТ-мен бірдей КТ тапсырады.
Барлығы 60 тапсырма және тестілеу уақыты 1 сағат 40 минут. Ең жоғары балл 70, шекті деңгей 35 баллдан кем емес.

Тестілеу түрлерін бағалау жүйесі (ҰБТ, КТ):

Бес жауап нұсқасында 1 дұрыс жауабы бар тапсырмаларға 1 балл, басқа жағдайда 0 балл беріледі.
Көптеген жауап нұсқасында бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (8 жауап нұсқасынан 2 немесе 3 жауапты таңдау):
— дұрыс жауаптарын толық таңдау — 2 балл;
— 1 қате (1 дұрыс жауап табылмады немесе 1 дұрыс емес жауап таңдалды) – 1 балл;
— 2 немесе одан көп қателер – 0 балл.

Тестілеу өткізу мерзімі ҚР БҒМ бұйырығымен бекітіледі. Шамамен, мерзімдері төмендегідей:
1. ҰБТ-ға қатысуға өтініш қабылдау 10 наурыздан 10 мамырға дейін (КТ 1-20 маусымға дейін).
2. Тестілеуді өткізу: ҰБТ – 20 маусым мен 1 шілде аралығында, КТ 17 — 23 шілде аралығында.
3. Шығармашылық емтихандар: 8 мен 13 шілденің аралығында.
4. Арнайы емтихандар 20 маусым мен 18 тамыз аралығында өткізіледі (педагогикалық қызметке бейімділігін анықтау үшін педагогикалық мамандықтарға тапсырушылар үшін).
5. Қайта тапсыру 19 — 24 тамыз аралығында (ҰБТ-да шекті балл жинай алмағандар) және 20-24 қаңтар аралығында (ҚР жоғары оқу орнына шартты түрде қабылданғандар және шетелдік оқу орнынан ауысып келушілер үшін).
Әрі қарай