ҰБТ-ның жаңа форматы
ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ – жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны.
ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді қабылдау 10 наурыз – 10 мамыр аралығында ҰБТӨП-де жүргізіледі. Бітірушілердің тестілеуге қатысуға өтініштері ҰБТӨП–де тіркеледі. Өтініштерді қабылау аяқталғаннан кейін «Бітіруші» деректер базасы қалыптастырылады.
ҰБТ-ның жаңа форматы 5 пәннен тұрады (3 міндетті пән және таңдаған мамандыққа байланысты 2 бейіндік пән):
1.Қазақстан тарихы – 20 тапсырма;
2.Математикалық сауаттылық – 20 тапсырма;
3.Оқу сауаттылығы – 20 тапсырма;
4. 2 бейіндік пән – 30 тапсырма. Оның алғашқы 20 тапсырмасы бес жауап нұсқасынан бір дұрысын таңдау және 10 тапсырмасында көптеген жауап нұсқасынан бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау ұсынылады. Мысалы, берілген 8 жауап нұсқасында 2-і немесе 3-і дұрыс жауап. Бұндай тәсіл талапкердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендігін анықтауға мүмкіндік береді және жауаптарды «жаттау» арқылы болжап табуға кедергі болады.
Барлығы 120 тапсырма бар. Максималды балл — 140. Шекті деңгей – 50 балл. Тестілеу уақыты 3 сағат 50 минут (230 минут).
«Алтын белгі» иелері, тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының, орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың соңғы үш жылдағы жеңімпаздары, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиаданың, конкурстың немесе сәйкес келген жағдайда, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары жалпыға ортақ тәртіпте ҰБТ тапсырады. Бұл тұлғалардың басым құқығы басқа талапкерлермен баллдары бірдей болған жағдайда ғана ескеріледі.
ЖОО түсуге ниетті ТжКБ түлектеріне арналған кешенді тестілеу (КТ)
Жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген ТжКБ ұйымдарының түлектеріне арналған КТ де өзгерістер енгізілді. Егер ТжКБ ұйымының түлегі ЖОО-дағы мәндес мамандығына қысқартылған оқу нысанына түсетін болса, яғни 2(3) курсқа, онда ол 2 пәннен тест тапсырады (60 тапсырма).
1. Жалпыбейіндік пән (базалық пән бойынша академиялық білімін тексереді) – 20 тапсырма;
Анықтама:
Жалпыбейіндік пән – мамандықтар тобына арналған. Мысалы, барлық педагогикалық мамандықтар бойынша жалпыбейіндік пән «Педагогика және психология негіздері», заң мамандықтары бойынша «Мемлекет және құқық негіздері», ветеринария мамандықтары бойынша «Биология» т.с.с болып саналады.
2. Бейіндік пән (академиялық білімінің тереңдігін және оны тәжірибеде қолдана білу деңгейін тексереді) – 3 блокка бөлінген 40 тапсырмадан тұрады:
— 20 тапсырма бір дұрыс жауапты таңдайтын;
— 10 тапсырма бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдайтын;
— 10 жағдаяттық тапсырма бір дұрыс жауапты таңдайтын пәндер (әрқайсысында 5 тапсырмадан бар 2 жағдаят).
Анықтама:
Бейіндік пән – таңдаған мамандыққа тән пән. Мысалы, болашақ математика мұғалімдерінің бейіндік пәні – «Математика», құқық қорғау органдары қызметкерлерінікі – «Қылмыстық құқық», ал ветеринарларда – «Жануарлар анатомиясы мен физиологиясы».
Жағдаяттық тапсырмалар – жауаптардың барлығы бір жағдаяттың аясында табылатын бірнеше тапсырмалар жиынтығы және де жағдаяттар күнделікті өмірлік тәжірибеден алныған. Мұндай тапсырма алынған білімнің жүйелілігін анықтауға мүмкіндік береді. Жағдаяттар мен олардың тапсырмалары түрлі ақпарат формасында ұсынылған: мәтін, кесте, графика, статистикалық мәліметтер, суреттер және т.б. Кейде жағдаяттар бірнеше ақпарат түрлерімен берілуі мүмкін.
Түлектер өздерінің білімі мен іскерліктерін өмірде қолдана білетіндіктерін және берілген мәліметтерді түсіндіре алатынын, талдай білетінін, жүйелей және қорытындылай алатынын көрсетулері керек.
«Мәндес» мамандықтар ҚР БҒМ 2010 жылғы 21 маусымдағы №316 бұйрығымен бекітілген, ҚР БҒМ 2016 жылғы 4 тамыздағы №489 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің және Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің сәйкестік кесте топтамасында көрсетілген.
Қалған жағдайларда (колледжде меңгерген мамандығы ЖОО-дағы таңдаған мамандығына сәйкес келмеген жағдайда) ТжКБ ұйымдары түлектері форматы мен технологиясы ҰБТ-мен бірдей КТ тапсырады.
Барлығы 60 тапсырма және тестілеу уақыты 1 сағат 40 минут. Ең жоғары балл 70, шекті деңгей 35 баллдан кем емес.
Тестілеу түрлерін бағалау жүйесі (ҰБТ, КТ):
Бес жауап нұсқасында 1 дұрыс жауабы бар тапсырмаларға 1 балл, басқа жағдайда 0 балл беріледі.
Көптеген жауап нұсқасында бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (8 жауап нұсқасынан 2 немесе 3 жауапты таңдау):
— дұрыс жауаптарын толық таңдау — 2 балл;
— 1 қате (1 дұрыс жауап табылмады немесе 1 дұрыс емес жауап таңдалды) – 1 балл;
— 2 немесе одан көп қателер – 0 балл.
Тестілеу өткізу мерзімі ҚР БҒМ бұйырығымен бекітіледі. Шамамен, мерзімдері төмендегідей:
1. ҰБТ-ға қатысуға өтініш қабылдау 10 наурыздан 10 мамырға дейін (КТ 1-20 маусымға дейін).
2. Тестілеуді өткізу: ҰБТ – 20 маусым мен 1 шілде аралығында, КТ 17 — 23 шілде аралығында.
3. Шығармашылық емтихандар: 8 мен 13 шілденің аралығында.
4. Арнайы емтихандар 20 маусым мен 18 тамыз аралығында өткізіледі (педагогикалық қызметке бейімділігін анықтау үшін педагогикалық мамандықтарға тапсырушылар үшін).
5. Қайта тапсыру 19 — 24 тамыз аралығында (ҰБТ-да шекті балл жинай алмағандар) және 20-24 қаңтар аралығында (ҚР жоғары оқу орнына шартты түрде қабылданғандар және шетелдік оқу орнынан ауысып келушілер үшін).
1 пікір