#QazzaqDepression. Кайен-Угар Таобаоев. Кресло

Әлі есінде. Шешесі жылаған. Әкесі мұртын ширатып, қопаңдап қалды. «Менің балам, менің балам, өзіме тартқан».

16 жасында мектепті, 22-де магистратураны бітіріп, шетелге кетті. 27-ге толмай жатып бөлім, орда бұзбай тұрып бүтіндей бір департамент бастығы атанды. Әлгі шешесінің жылайтын кезі де осы.

Басқарма мүшесі. Топ-менеджер. Басында пәтер, астында көлік, алдында ауыр, қымбат ағаштан қиып жасалған үстел. Ағайынға беделді, құрылтайшылар алдында абыройлы. Бірақ…

Бірақ соңғы кезде көңілі орнында емес. Себебін білмейді. Білгісі де келмей ме, қалай өзі… Әйтеуір, әрең жүргенін түсінеді. Көрінген сөз шамына тиеді. Қит етсе қыртия қалады.

Оны қойшы. Бір үй орнындай аумағы бар кабинетінде қымбат вискиді сыздықтата жұтып, жуандығы бас бармақ сигараны жапырағын сытырлатып, бір басын қиып тастап, сорғылап, қою түтінін төбеге үрлеп отырып, неше түрлі роликтерді қарайтынды шығарды. Донбастағы жарылған үйлер, жол апаттарын түсіріп алған регистратор жазбалары, ондаған адамды жатқызып қойып, бауыздап немесе калаштың оғын себелеп өлтірген радикалдар, қойшы, әйтеуір, осыларды көріп, жүйкесі тынышталып, жаны жай табатын болыпты.

Тіпті бірте-бірте іздеп жүріп тауып, қарай бастады. Жиналыста, таксиде, ұйқыға кетер алдында, не керек, атқан таң мен өшкен шамның арасында осы типтес ең болмаса бір-екі роликті көріп алмаса, бірдеңе жетіспейтіндей болып тұрады.

Бір күні бұл жұмысқа балға алып келді. Шығып бара жатып былғары сөмкесіне сала салған болатын. Неге өйткенін өзі де білмейді. Қызық көрді ме екен…

Кірген бетте «Саламатсыз ба, Дидар Келгенбекович» деп орнынан ұшып тұрған хатшы қыздың басынан бір салды. Шалқалай барып құлаған мүрдеге мән берген жоқ, жалт бұрылды да, қабылдау бөлмесінде отырған, бұған таңырқап қарап қалған бөлім бастығына балғаны жіберіп қалды. Шеге қағып үйреніп қалған сайман шыр айналып, ауыр басымен шықшытты күтірлете сындырып барып қадалды.

Ентігін басып, екі иығынан ауыр демалып, төбеге қарап, талтайып тұрып қалды. Жымиды.

* * *

Полицияға бірінші болып диспенсердегі суды ауыстыруға келген қара жұмысшылар қоңырау шалған болатын. Оқиға орнына ұшып жеткен күштік құрылым қызметкерлері күдіктіні кабинетінен тапты. Қарсыласпады. Алдында жартылай ішілген вискидің бөтелкесі. Қолына кісен салынып жатқанда қайта-қайта «бақыттымын, бақыттымын» дей берді.

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Кайен-Угар Таобаоев. Кресло
Бөлісу:

5 пікір

Basic
Əлгі бейбақ əлде бақытты пенденің басында не ойлар бар екен дəл қазір. Сигарасын аңсай ма, сыздықтата жұтқан вискиін бе. Роликтерін бе əлде балғаның ұшып бара жатқандағы көз ұшындағы траекториясын ба
RaymbekEgemberdiev
басында «бақыттымын, бақыттымын» деген сөз шыр айналып жүрген шығар, немесе екі қолымен тізесін құшақтап теңселіп отырып осы сөздерді қайталап отырған болуы да мүмкін )