Астанада ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астана жаңалықтары: Астанада ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 2015 жылдың қыркүйек айының 5-6 күндері Б. Момышұлы көшесі мекенжайы бойынша орналасқан Оқушылар сарайының жанында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңке қыркүйек айының әр сенбі-жексенбі күндері сағат 09.00-18-00 аралығында жалғасады.

Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, жәрмеңкеге Астана мен Ақмола өңірінің тауар өндірушілері өз өнімдерін халыққа ұсынады. Аталмыш жәрмеңке елорданың үш ауданында да өтеді. «Алматы» ауданында Абылай хан даңғылы, «Есіл» ауданында Сауран көшесінде ХҚКО маңында, «Сарыарқа» ауданында Бөгенбай даңғылындағы «Көктем» СО жанында ұйымдастырылады.

Айта кетейік, 2015 жылдың 2 кыркүйегіне дейін 45 жәрмеңке ұйымдастырылып, оған 102 тауар өндіруші қатысты. Жәрмеңкедегі тауарлар нарықтық бағадан 10-12 пайызға арзан сатылады.

astana.gov.kz
Әрі қарай

Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған мерекелік шаралар басталды

Астана жаңалықтары: Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған мерекелік шаралар басталды

Биыл қазақ халқы үшін айтулы мереке – Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтілуде. Барша қазақстандықтар үшін тарихи маңызға ие мерекеге арналған негізгі іс-шаралардың бірі бүгін таңертеңнен бері Астанадағы «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өтіп жатыр. Мерекелік шараны тойлау үшін елордаға еліміздің өңірлерінен 1,5 мыңға жуық адам келді.

Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов:

— Қазақ хандығының 550 жылдығына жиналған барша қауымды бүгінгі айтулы күнмен құттықтаймын. Елордада бүгін республиканың барлық өңірлерінің келген үздік ұжымдар, әртістер, шеберлер және т.б қала тұрғындары мен қонақтары үшін өнер көрсетуде. «Қазақ Елі» алаңында 50 киіз үй тігілді, әрқайсысы өз өңірінің ерекшеліктерін көрсетуде. Үш күн бойы республикамыздың әр өңірі елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына театрландырылған көрініс, үздік хореографиялық ұжымдардың, этнографиялық ансамбльдердің, эстрада әртістерінің қатысуымен мәдени бағдарлама ұсынады. Мерекелік шаралар бағдарламасына сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнердің көрме-жәрмеңкесі, халық шеберлерінің шеберлік дәрістері енгізілді.

Сонымен қатар, этноауылда ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда, қазақ күресі, арқан тарту, тоғыз құмалақтан жарыстар өтеді.

Шолпан Бейімбетова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті:

«Сыр елі — жыр елі» атты тұғыры мықты қазақ жұртының алғашқы астанасынан келіп отырған жайымыз бар. Бүгінгі «Сыр елі — жыр елі» атты этноауылымыздың үлкен сән-салтанатын келтіріп отырған Сыр еліндегі жыраулар мектебі деп айта аламыз. Сол үлкен үрдіспен орталарыңызға бар өнерімізді салып, қуанышпен келіп қалдық.

Еске салайық, 12 қыркүйекте барлық облыстардың ұлттық киім киген өкілдерінің шеруі өтеді. Шара сағат 09.00 «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңнан басталады. Осы күні сағат 19.00 өңірлердің ең үздік номерлері гала-концертте көрермендер назарына ұсынылады.

astana.gov.kz
Әрі қарай

Астанада Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Астана жаңалықтары: Астанада Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Аталған шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Тахир Балықбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Керей мен Жәнібек хандар ескерткішін орнату Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы екенін атап өткеніміз жөн. Елбасы өз сөзінде Керей мен Жәнібек осыдан 500 жыл бұрын қазақ хандығының негізін қалағананын айтқан. Ескерткіштің орны кездейсоқ таңдалмаған, себебі Астана – Қазақстанның тәуелсіздігінің символы.

Мүсіндік композицияның барлық элементтері тұтас бір қалыпта әзірленіп, таза қоладан құйылған. Ескерткіштің жалпы салмағы — 16 тоннадан артық. Монументтің авторы – қазақстандық мүсінші Ренат Әбенов.

astana.gov.kz
Әрі қарай

Тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға (2-кезең) қатысушылар үшін хабарлама

Астана жаңалықтары: Тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға (2-кезең) қатысушылар үшін хабарлама

Тұрғын үй комиссиясының 2015 жылғы 1 және 31 шілдедегі шешімімен Сарайшық көшесінің оң жағындағы көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінен (Жұмабаев көшесінің шығысында Лот 2 (Лот 6,7,9,10,11) және Н. Тілендиев даңғылының оң жағындағы, Сарыбұлақ арнасының бойындағы тұрғын үй кешендерінен 5, 18 лоттар (пәтерлер) бөлінді.

Тұрғын үйлерді бөлу бойынша тізімдер бұған дейін Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының сайтында жарияланған болатын.

2015 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша 441 адам сатып алу-сату шарттарын жасаған жоқ (тізімі төменде қоса беріледі).

Тізімде көрсетілген азаматтарға 2015 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі мерзімде шұғыл түрде Астана қаласы Сейфуллин көшесі, № 30 үй мекенжайында орналасқан Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының 11 кабинетіне сатып алу-сату шарттарын жасау үшін келу қажеттігін хабарлаймыз.

Белгіленген мерзімде сатып алу-сату шарттары жасалмаған жағдайда оларды тұрғын үй алушылар тізімінен шығару туралы мәселе қаралатын болады.

astana.gov.kz
Әрі қарай

Елордалық ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсетіледі

Астана жаңалықтары: Елордалық ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсетіледі

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, бүгінде елордада 193 ардагер тұрып жатыр. Ай сайын жергілікті бюджет есебінен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға қолма-қол ақшалай көмек, коммуналдық қызметтер төлеуге әлеуметтік көмек көрсетіледі, қалалық жолаушылар көлігімен жол жүруге жеңілдіктер жасалады, тіс протездеу, санаториялық-курорттық емдеу, дәрілік заттардың бекітілген тізіміне сәйкес амбулаториялық емдеу кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету қызметтері ұсынылады.

Жыл басынан бері соғыс ардагерлеріне «Қотыркөл» және «Алмаз» санаториялық-курорттық емдеу демалыс орындарына жолдама беріледі.Басқарманың хабарлауынша, санаторийге тек 16 ардагер ғана бара алды, қалғандарының қала сыртына шығуға денсаулықтары жарамады немесе санаторийге еріп баратын кісісі жоқ.

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жергілікті мерзімді басылымдарға жазылу, моншаға, шаштаразға бару үшін бір реттік ақшалай төлемақы жасалады.

Биыл ҰОС Жеңістің 70 жылдығына орай Астана қаласы әкімшілігі басқармаларының ұйымдастыруымен ардагерлердің үйлерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жыл басынан бері Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Ардагер» акциясын өткізді. Акция аясында елорданың белсенді жастары әлеуметтік, медициналық көмек көрсететті.

Елордада жыл бойы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қолдау көрсету мақсатында кең ауқымды шаралар ұйымдастырылып келеді.

Еске сала кетейік, 2015 жыл ТМД аумағында Ардагерлер жылы деп жарияланған болатын.

astana.gov.kz
Әрі қарай

Елордалық колледждерде 100 астам мүмкіндігі шектеулі студент білім алады

Астана жаңалықтары: Елордалық колледждерде 100 астам мүмкіндігі шектеулі студент білім алады

Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласында инклюзивті білім беру жүйесі дамытылуда. Қазіргі таңда елордада 3 мыңға жуық баланың 108-і колледждерде инклюзивті біліммен қамтылған.

Астана қаласы Білім басқармасының хабарлауынша, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 4 колледжде «Колледж жағдайларында инклюзивті білім беру» жобасы жүзеге асырылады. Құрылыс-техникалық колледжде «Сылақшы-маляр» мамандығы бойынша арнайы коррекциялық мектеп-интернатының 10 түлегі оқиды. Қазақ технология және бизнес университетінда «Дизайн» мамандығы бойынша тірек-қимыл аппараты бұзылған 31 студент білім алады.

Қашықтықтан оқыту жүйесінде «Дизайн» және «Ақпараттық жүйе» мамандықтары бойынша күндізгі бөлімде құлағы нашар еститін және саңырау 36 бала «Дизайн» мамандығы мен «Тігін өндірісі және киім үлгісін құрастыру» мамандықтары бойынша оқуға түскен. Менеджмент және бизнес колледжінде құлағы нашар еститін және саңырау 15 бала «Шаштараз және сәндік косметика» және «Дизайн» мамандықтарында, Медициналық колледжде көзі нашар көретін 16 бала «Массажист» мамандығында оқиды. Жаңа оқу жылында Қоғамдық тамақтану колледжінде ашылған «Аспазшы кондитер» мамандығына 25 мүмкіндігі шектеулі бала қабылданды.

astana.gov.kz
Әрі қарай

«Астана-РЭК» АҚ көрсетілетін қызмет сапасын арттырады

Астана жаңалықтары: «Астана-РЭК» АҚ көрсетілетін қызмет сапасын арттырады

Бүгін «Астана-РЭК» АҚ объектілерінде елорданың электр энергетикасы нысандарын жаңғырту бойынша инвестициялық бағдарламаларды орындаумен танысуға мүмкіндік беретін баспасөз туры өтті.

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің хабарлауынша, бағдарламалар «Астана-РЭК» АҚ электр энергетикасы объектілерін қалпына келтіруге, жаңғыртуға және жаңартуға, сонымен қатар тұтынушыларды тарифтен түскен қаржыны мақсатты қолдану туралы хабардар етуге бағытталған.

«Астана-РЭК» АҚ негізгі міндеті — Астана қаласының тұтынушыларына электр энергиясын тарату және үлестіру болып табылады. Инвестициялық бағдарлама аясында ескірген кабель линияларын ауыстыру және жаңа техникаларды алу бойынша жұмыстар 1 млрд 516 млн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 70% артық.

Марат Мұстафин, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы:

— Инвестициялық бағдарлама аясында 2015 жылдың 8 айында 823 млн теңгені құрайтын шаралар немесе жоспарланған соманың 54% орындалды. Биыл инвестиция тарифы 70% өсті. Егер өткен жылы бағдарлама 981 млн-ға орындалса, биыл 1 млрд 516 млн теңге игерілмек. Яғни, инвестицияны ұлғайтудығ есебінен қаланы электр энергиясымен жабдықтаудағы көптеген мәселе шешіледі.

Энергия шығынын азайтудың есебінен инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру ақша қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде елордалық тұтынушыларға ұсынылатын қызмет сапасын арттырады.

astana.gov.kz
Әрі қарай

Қалалық емханаларда АИТВ инфекциясының алдын алу акциясы өтіп жатыр

Астана жаңалықтары: Қалалық емханаларда АИТВ инфекциясының алдын алу акциясы өтіп жатыр

Елордада бүгін № 10 қалалық емханада «АИТВ статусыңды біл!» атты кең ауқымды акция өтті. ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығында қатерлі дерттен сақтану жолдары туралы толыққанды ақпарат беру мақсатында 4-10 қыркүйек аралығында қалалық емханаларда акция ұйымдастырылады.

Акция барысында тыңдаушыларға АИТВ инфекциясының алдын алу шаралары егжей-тегжейлі түсіндіріліп, АИТВ/ЖИТС туралы негізгі түсініктер бойынша ақпараттық-білім кітапшалары мен үнпарақтар таратылды. Сондай-ақ кез-келген адам АИТВ тестін тапсырып, 5-10 минуттың ішінде нәтижесін біле алды.

— Өзінің АИТВ-статусын тест арқылы тексеру — аурудың алдын алу және ем-домды уақытында бастауға жол ашатын ең басты мақсат. Бұндай науқандар біздің қаламызда жиі өткізілетін болады. Аталмыш шара барысында 2000 жуық қала тұрғыны тексеруден өтті. Бүгінгі күннің өзінде екі жүзден астам адам тексерілді, — дейді Астана қаласының ЖИТС орталығының бас дәрігері Сәбит Әбдірайымов.

Шараның басты мақсаты – тұрғандардың назарын АИТВ инфекциясының өзекті мәселелеріне аудару және инфекцияның таралуы туралы, қорғану шаралары мен салауатты өмір сүру салтын жариялау және өз денсаулығына жауапты болу туралы білімдерін жетілдіру болып табылады.

astana.gov.kz
Әрі қарай

Астанада қалалық Тілдер фестивалінің ашылу салтанаты өтті

Астана жаңалықтары: Астанада қалалық Тілдер фестивалінің ашылу салтанаты өтті

Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай елордада XVІІ қалалық Тілдер фестивалі өткізілді. Мерекелік шара Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан Республикасы Конституцияның 20 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Фестивальдің ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты. Аталмыш шараның мақсаты – қазақстандықтардың бойында патриоттық сезімді ояту, халық достығы мен бірлігін, жастар арасында еліміздің дамуына үлес қосуды насихаттау болып табылады. Мерекелік шарада қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

16 қыркүйекте сағат 17.00 «Мега» СОО «Үздік жарнама» байқауы ұйымдастырылады. 18 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты байқау өтеді.

22 қыркүйекте сағат 18.00 «Тілеп қобыз сарайы» концерт залында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Тарих пен тіл тамырлас» атты ақындар мүшәйрасы өтеді.

Қазақстан халқы тілдерінің XVII фестивалінің жабылуы 24 қыркүйекке белгіленген. Осы күні таңғы сағат 10.00-нан 22.00 дейін қоғамдық көліктер, медицина мекемелері мен сауда орталықтарында «Біз мемлекеттік тілде қызмет көрсетеміз» атты акция ұйымдастырылмақ. Фестивальдің жабылу салтанаты аясында қалалық алаңда «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» атты гала-концерт өтеді.

astana.gov.kz
Әрі қарай

«Мектепке жол» республикалық акциясы балаларға көмектесуді жалғастыруда

Астана жаңалықтары: «Мектепке жол» республикалық акциясы балаларға көмектесуді жалғастыруда

Қазақстан Республикасы Президентінің оқушылардың мектепке баруын толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Астана қаласында 2015 жылғы 1 тамыз — 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы биыл сегізінші рет «Балаларға бірге көмек берейік!» ұранымен өткізіліп жатыр.

Аталмыш шара аясында Астана қаласының Білім басқармасы «Тұран» университетімен бірлесе отырып, М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында № 40, 53 және 14 мектептің аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетті. Демеушілер балаларға мектепке қажетті оқу құралдары мен сөмкелер табыстады.

Акцияның басты мақсаты жетім, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға материалдық демеулік көрсету болып табылады. Сондай-ақ балалардың әлеуметтік жағдайына байланысты мектепке бармауының алдын алуда үлкен көмек көрсетеді.

Айта кетейік, 2015 жылғы 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» акциясын жүзеге асыру мақсатында 4 мыңнан астам балаға қайырылымдық көмек көрсетілді.

astana.gov.kz
Әрі қарай