Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған мерекелік шаралар басталды

Астана жаңалықтары: Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған мерекелік шаралар басталды

Биыл қазақ халқы үшін айтулы мереке – Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтілуде. Барша қазақстандықтар үшін тарихи маңызға ие мерекеге арналған негізгі іс-шаралардың бірі бүгін таңертеңнен бері Астанадағы «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өтіп жатыр. Мерекелік шараны тойлау үшін елордаға еліміздің өңірлерінен 1,5 мыңға жуық адам келді.

Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов:

— Қазақ хандығының 550 жылдығына жиналған барша қауымды бүгінгі айтулы күнмен құттықтаймын. Елордада бүгін республиканың барлық өңірлерінің келген үздік ұжымдар, әртістер, шеберлер және т.б қала тұрғындары мен қонақтары үшін өнер көрсетуде. «Қазақ Елі» алаңында 50 киіз үй тігілді, әрқайсысы өз өңірінің ерекшеліктерін көрсетуде. Үш күн бойы республикамыздың әр өңірі елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына театрландырылған көрініс, үздік хореографиялық ұжымдардың, этнографиялық ансамбльдердің, эстрада әртістерінің қатысуымен мәдени бағдарлама ұсынады. Мерекелік шаралар бағдарламасына сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнердің көрме-жәрмеңкесі, халық шеберлерінің шеберлік дәрістері енгізілді.

Сонымен қатар, этноауылда ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда, қазақ күресі, арқан тарту, тоғыз құмалақтан жарыстар өтеді.

Шолпан Бейімбетова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті:

«Сыр елі — жыр елі» атты тұғыры мықты қазақ жұртының алғашқы астанасынан келіп отырған жайымыз бар. Бүгінгі «Сыр елі — жыр елі» атты этноауылымыздың үлкен сән-салтанатын келтіріп отырған Сыр еліндегі жыраулар мектебі деп айта аламыз. Сол үлкен үрдіспен орталарыңызға бар өнерімізді салып, қуанышпен келіп қалдық.

Еске салайық, 12 қыркүйекте барлық облыстардың ұлттық киім киген өкілдерінің шеруі өтеді. Шара сағат 09.00 «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңнан басталады. Осы күні сағат 19.00 өңірлердің ең үздік номерлері гала-концертте көрермендер назарына ұсынылады.

astana.gov.kz
bk
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше