ҚПЛ-2018. Маусымалды болжам

Бүгін Қазақстанның футболдан 27-чемпионаты басталады. 12 команда қатысады. 3 айналымнан тұратын турнир 11 қарашада аяқталады. Биыл да нашар алаңдар, ұпай шегерулер, бапкер қуулар сиқты келеңсіз оқиғаларға куә болатын бұл чемпионаттың нәтижесі қалай болмақ? Соны сараптап көрейік.

Футбол, тек қана футбол!: ҚПЛ-2018. Маусымалды болжам

Фавориттер
Фавориттер анық. 1-орын Астана, 2-орын Қайрат. Яғни негізгі талас осы екі команда арасында өтеді. Қаржы жағынан да, құрылым жағынан да, ойыншылар бойынша да бұл екеуіне тең келер ешкім жоқ әлі. Астанада Стоилов кеткенімен, негізгі формасы сақталды. Бірнеше жыл қасында болған Бабаян ойын өрнегін бұза қоймас. Ал Қайратта «рухани жаңғыру» маусымы. Жастарға кезек береміз деген клуб Аршавин атаның жанына Глебті де шақырып жатыр екен. Екі жақ та басты шабуылшыларынан айрылды. Кабананга мен Гоудың орны әзірше толтырылмады. Трансфер терезесі әлі ашық, жақсы шабуылшы алынады деп ойлаймын. Қайраттың старты нашар дейміз, биыл жақсы бастап кетсе — маусым бойы еркін жүретін болады. Дегенмен Астана биыл алматылық жастарға чемпиондықты бере қоймас.

Еуроаймаққа талас
Қалған 10 команданың негізгі мақсаттары 3-4 орындарға іліну болады. Одан арғысына ұмытлу қиын. Бірақ бұл жерде негізгі талас Ордабасы, Ертіс, Тобыл арасында болады деп ойлаймын. Иә, дәл сол былтырғы үздік бестікке кіргендер. Бұларға биыл күшейген Қайсар қосылуы мүмкін. Биатлондағыдай жарыс болғалы тұр: төрт команда бірінен бірі қалмай көпке дейін бірге барады. Бұларға басқалары жете алмайды. Соңғы айналымда бір бірлеп арақашықтықтары ашыла бастайды, біртіндеп үзіле бастайды. Финишке қарай белгілі болады үздік екеу. Біреуіне қола медаль, біреуіне Еуропа Лигасына жолдама. Қолаға фаворитім — Ордабасы. Биылғы құрамдары мықты. Тек ішкі мәселелері ушығып, бапкерлерін кетіріп тынбаса.

Аутсайдерлер
Қауіпті аймаққа қаржысы аз командалар кіретіні анық. Әзірше олар: Қызылжар, Жетісу, Ақжайық, Шахтер. Чемпионат басында Ақтөбе бұл аймақтың тұрақтысы болады. Былтырғыдай кесте соңында да интрига болайын деп тұр. Нақты «фавориттер» анықталғаннан кейін қашу процесі басталады. Старт нашар болса да, Ақтөбе екінші айналымда Атыраудың қасына барып, ортаңқолдар тобына қосылады. «Украиналық» Ақжайық маусым ортасында украиналықтары бапкерімен бірге кетіп қалмаса, бұл топтан шығып, Батыстың 3 командасы турнир кестесінің ортасын ұстап тұрады. Қызылжар соңғы жағынан «чемпиондықты» ерте бастан гарантиялап қояды деген ойдамын. 1-лигаға қалған 2 жолдамаға талас қырғын болмақ. Бұл жерде футболи емес факторлар үлкен роль ойнамақ. Басшылықтың ақша кесулері, ұпай шегерімдері, бапкерлердің ойыншыларымен бірге орта жолдан кетулері сияқты.

Жеке болжамым бойынша турнир кестесі:
  1. Астана
  2. Қайрат
  3. Ордабасы
  4. Ертіс
  5. Тобыл
  6. Қайсар
  7. Ақтөбе
  8. Атырау
  9. Ақжайық
  10. Шахтер
  11. Жетісу
  12. Қызылжар

Ойын сапасы артып, жылдан жылға қызық болып келе жатқан чемпионатымызда сүйікті командаларыңызға сәттілік тілеймін!
Әрі қарай

Наурыз мейрамына орай Астанада өтетін іс-шаралар

Астана жаңалықтары: Наурыз мейрамына орай Астанада өтетін іс-шаралар

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай елордада мәдени ойын-сауық бағдарламасы әзірленді. Дәстүр бойынша басты шаралар 21-22 наурызда қаланың ашық алаңдарында сағат таңғы 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына сілтеме жасап.

Биыл халықтық серуен «ЭКСПО» көрмесі аумағында ұйымдастырылады. Мерекелік шаралар, сондай-ақ, «Қазақ елі» алаңында, Қалалық алаңда, «Студенттік» саябақта және қаланың тұрғын алаптарында да өтетін болады.

«21-22 наурызда «Астана ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында киіз үйлер тігіліп, Этноауыл ашылады, жиналған қауымның назарына мерекелік концерт ұсынылады. Астана қаласы театрларының әртістері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері әрбір киіз үйдің жанында қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетеді. Бұдан басқа, фуд-корт аймағы ұйымдастырылады. Онда палау, наурыз көже мен бауырсақ дайындауға арналған қазандар тұрады.

Сауда орындарында шығыс аспаздығынан ыстық тағамдар сатылады. Сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын сату-көрмесі ұйымдастырылады», — делінген хабарламада.

Этноауыл аймағында халық арасында қазақ күрес, арқан тартыс, гір көтеру, қой көтеру сияқты ұлттық ойындар ойнатылады.

Мұнымен қоса, Наурыз мейрамын мерекелеу аясында этноауыл аумағында ит жарысы, тазы мен төбеттер көрмесі өтеді.

Астананың мәдениет мекемелерінде де Наурыз мейрамына арналған шаралар ұйымдастырылады.

21 наурызда Конгресс-орталықта қазақстандық «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» мюзиклі көрсетіледі.

«Шараға жас таланттар, опера, балет, театры сынды сахна өнеріндегі жаңа тұлғалар тартылған. Мюзикл барысында симфониялық оркестр әлемдік классикалық музыка, қазақстандық композиторлардың белгілі композицияларын орындайтын болады», — делінген ведомствоның хабарламасында.

Осы күні «Астана» концерт залында «Ауылым — әнім» атты концерт өтсе, «Жастар» сарайының қонақтары 20 наурызда «Женщина-весна» концерттік бағдарламасын тамашалай алады.

Ал 16 наурызда «АЛЖИР» мұражайында Балалар үйінің, мамандандырылған интернаттардың тәрбиеленушілері үшін «Добро пожаловать, Наурыз!» атты мерекелік танымдық ойын-сауық бағдарламасы, «Мәңгілік ел» қақпасында елорданың жас суретшілері мен фотосуретшілердің көрмесі өтеді деп күтілуде. Ал тарихи-мәдени мұра нысандары мен ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі дирекция «Наурыз – бейбітшілік және достық мерекесі» атты шара өткізеді. Сәкен Сейфуллин музейінде 19-23 наурыз аралығында «Астанаға қош келдің – ӘзНаурыз» экспозициясы жұмыс істемек.

Мереке күндері елорданың барлық кітапханаларында кітап экспозициялары, ұлттық салт-дәстүрмен таныстыратын театрландырылған кештер, библиошоу, тақырыптық викториналар, этнографиялық көрмелер көпшілік назарына ұсынылады.

Шаралардың толық кестесі www.madeniet.astana.kz сайтында жарияланған.
Әрі қарай

1896 жыл, Германияның Цюрих қаласында болған оқиға.

1896 жыл. Германияның Цюрих қаласындағы политехникалық училищеде жаратылыстану ғылымы бойынша дәріс өтіп жатқан бір профессор өзінің студенттерінен «Құдай бар ма?» — деп сұрады. Студенттердің бірі орнынан ұшып тұрып «Әрине, құдай бар» — деп жауап берді. Профессор әлгі студентке жақындай түсіп, келесі сұрағын қойды:
— Егер құдай бар болса, онда әлемдегі жанды-жансыз, көзге көрінетін және көрінбейтін жаратылыстың барлығын да құдай жаратқан ғой, солай ма?
— Иә, солай.
— Адам бойындағы мейірім, иман, ізгілік, махаббат сезімдерін де құдай жаратқан ба?
— «Әрине, әлгінде өзіңіз айтқандай, жанды-жансыз, көзге көрінетін және көрінбейтін жаратылыстың барлығын құдай жаратқан, ендеше бұл қасиеттерді де адамға құдай дарытқан» — деді студент ерекше көтеріңкі үнмен.
— Ал енді, осы жақсы қасиеттермен бірге адамдардың бойында зұлымдық, жауыздық, іштарлық, жек көрушілік, күншілдік сияқты жаман қасиеттер де бар ғой, бұлар да жаратылыстан тыс емес, сонда бұл қасиеттерді де құдай жаратқаны ғой?
— «Мүмкін...» — деген студенттің дауысы енді бәсең естілді де, одан әрі ол жарытып ештеңе деместен, күмілжіп төмен қарап еді, профессор өз сөзін әрі қарай жалғады.
— Мүмкін дейсің бе? Ал осындай жаман қасиеттерді де құдай жаратқан болса, онда сол құдайдың өзінің бойында жақсы қасиеттермен бірге осындай жаман қасиеттер де болғаны ғой, себебі, табиғаттың іргелі заңына сүйенсек, ешнәрсе жоқтан пайда болмайды емес пе, әркім өзінде барды ғана береді ғой.
Әлгі студент еш жауап қата алмастан үнсіз тұр. Енді өз біліміне масаттанған профессордың дауысы көтеріңкі шықты:
— Ал, егер жаратушы құдайдың өзінің бойында осындай жақсы да, жаман да қасиеттер бар болса, онда құдайдың адамнан, яғни жұмырбасты пендеден айырмашылығы кәне? Көрдіңіздер ме, қымбатты менің шәкірттерім! Құдайға сенудің дұрыс емес екенін, діннің барлығы ойдан шығарылған аңыз екенін айтушы едім ғой, соны мен бүгін сендерге тағы да дәлелдеп тұрмын.
Осы кезде аудиторияда отырған басқа бір студент: «Профессор мырза, сізге бір сұрақ қоюға рұқсат етіңіз» — деді.
— Әлбетте
— Табиғатта суық деген жаратылыс бар ма?
— Әрине, бар. Сен немене, мүлдем тоңып көрмегенбісің?
Аудиториядағы өзге студенттер ду күлді. Оны елемеген жас жігіт сөзін жалғады.
— Қателесесіз профессор мырза, табиғатта суық деген жаратылыс жоқ, тек жылу деген жаратылыс бар. Жылу оттан пайда болады, яғни жылуды тудырушы көз, ол – от. Ал суық ештеңеден пайда болмайды, суықты тудырушы көз табиғатта жоқ. Суық деген ұғымды адамдар жылудың жоқтығын немесе жылудың аздығын сипаттау үшін қолданады. Басқаша айтсақ, қай жерде жылу жоқ немесе қай жерде жылу аз сол жерде өздігінен суықтық орнайды. Жаратылыстағы қай нәрсенің де бар екенін оның энергиясымен өлшейміз, ал физика ғылымында жылу энергиясы деген өлшем бар да, суықтың энергиясы деген өлшем жоқ қой, демек, суық деген жаратылыс жоқ.
Енді профессор үнсіз қалды. «Тағы бір сұрағым бар» — деді жас жігіт.
— Табиғатта қараңғылық деген жаратылыс бар ма?
— Бар әрине. Түн деген қараңғылық емес пе?
Бұл жолы профессордың жауабы сенімсіз естілді, студенттер де әлгіндей ойсыз күлкіден тыйылып, жым-жырт тыңдап қалған.
— Сіз тағы да қателестіңіз профессор мырза, табиғатта қараңғылық деген жаратылыс жоқ, тек жарық деген жаратылыс бар. Жарықты тудырушы табиғи көз бар, ол – от. Ал қараңғылықты тудырушы көз жоқ. Қараңғылық неден пайда болады? Қай жерде жарық жоқ немесе аз, сол жерде қараңғылық орнайды. Қараңғы деген ұғымды адамдар жарықтың аздығын немесе жоқтығын сипаттау үшін қолданады. Ғылымда жарықтың энергиясы, жарық толқыны, жарықтың массасы деген өлшемдер бар, ал қараңғылықтың энергиясы, қараңғылықтың массасы деген өлшемдер жоқ. Олай болса, қараңғылық деген жаратылыс жоқ. Ал, енді әлгі сіздің сұрақтарыңызға жауап берейін. Зұлымдық, жауыздық, іштарлық, т.б. толып жатқан жаман қасиеттерді құдай жаратқан жоқ. Құдай отты жаратты, оттан тарайтын жылу мен жарық сәулені жаратты, адам бойындағы мейірім мен махаббатты жаратты. От жоқ жерде өздігінен суықтық пен қараңғылық орнайтыны сияқты, қай жерде махаббат жоқ, қай жерде мейірім-шапағат жоқ, қай жерде адамның адамға деген ізгі қарым-қатынасы жоқ, қай жерде имандылық жоқ, сол жерде зұлымдық та, жауыздық та, арамзалық та, ұятсыздық та, іштарлық та, күншілдік те өз-өзінен пайда болады.
Әлгі профессор боп-боз болып сазарып, көзін бір нүктеден алмастан, үнсіз, меңіреу күйде орнынан қозғалмай қалды. Ал профессорға ұтымды жауап берген жас студент – кейіннен әлемге әйгілі ғұлама болған, салыстырмалылық теориясын ашқан, фотоэффект құбылысын ашқан, физика ғылымы бойынша үш жүзден астам еңбектер жазған Альберт Эйнштейн болатын.

Аударған Алмат Рахметов.
Әрі қарай

Астана қаласының әкімдігі үлескерлік құрылыс нысандарының проблемаларын шешу жолдарын қарастыруда

Астана жаңалықтары: Астана қаласының әкімдігі үлескерлік құрылыс нысандарының проблемаларын шешу жолдарын қарастыруда

Астана қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасының Үкіметімен, құзырлы орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы үлескерлік құрылыстың проблемалы нысандарының құрылысын аяқтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Пысықталып жатқан механизмдер нысандар құрылысының аяқталуын көздейді. Осының негізінде бөлінген мемлекеттік қаражаттың қайтарымдылығы қамтамасыз етіледі.

Нормативті шешімдер мен тәртіптердің қабылдануы 2018 жылдың 15 қаңтарына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Осыдан кейін үлескерлік құрылыстың әр нысаны кесте бойынша жеке қаралатын болады. Кесте өз кезегінде 2018 жылдың 10 желтоқсанына дейін жарияланбақ.
Әрі қарай

Астана әкімі: Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнінен соң басталады

Астана жаңалықтары: Астана әкімі: Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнінен соң басталады

Елордада желтоқсандағы мерекеге орай қаланы безендіру тәртібі бекітілді. Соған сәйкес Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен кейін басталады. Бұл туралы Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Мемлекеттік және Ұлттық мерекелер – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін және Жаңа жылды елорданың аумағында мерекелеу аясында қаланы безендіру туралы Астана әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасын орындау мақсатында жұмысы жүргізілуде.

Ал еліміздің басты мерекесі — Тәуелсіздік күніне арналған безендіру жұмыстары 12 желтоқсанда басталады. Атаулы мереке кезінде Астананы 1280 жалау, 2 жалауша панносы, 64 саябақ элементі және жарық аспаның 1 жиынтығы сәндейді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Отан қорғаушылар монументіндегі су бұрқақтардың орнына жарық диодты инсталяциялар орнатылады. Жарық фонтаны металл каркасының негізінде жасалады. Конструкцияның биіктігі 3,5 метрді құрайды. Жарықтандыру ақ және көк түсте болады.

Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен соң ғана, яғни 18 желтоқсанда басталады. Ол мақсатта шаһарда 25 жаңа жылдық шырша, 12 хоккей алаңы, 15 мұз айдыны, 10 мұз төмпешігі, 2 мұз қалашығы («Astana ЕХPO-2017» Ұлттық компанясы» АҚ аумағында және Астана қалалық әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда) бой көтереді. Бұған қоса 2 жарық панносы, 18 жарық иллюминациясы, 52 жарық иллюминациялық аркасы, 830 панель-кронштейн, 106 КСП, 5 көпір мен көлік жолайрығы орнатылатын болады. 3300 шағын және орта бизнес нысандарының қасбеті, 255 ағаш, 3 қала саябағы мен 1 гүлзар безендіріледі.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпаратына сәйкес, ШОБ кәсіпкерліктері өз еркімен қалада елуден астам шыршаны орнататын болады. Елордадағы «Керуен», «Рахмет», «Хан Шатыр», «Сарыарқа» сияқты ойын-сауық орталықтары шыршаларды орнатып, безендіру шараларын бастап кеткен.

Айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қаладағы жекелеген нысандардың Жаңа жылға дайындығы мен Тәуелсіздік күнін елеусіз қалдырғанына қатысты бірқатар пікірталас туындаған болатын. Осыған орай Астана әкімі өз ойын білдірді.

«Жаңа жылдық шыршаларды Тәуелсіздік күнін атап өткен соң, 18 желтоқсаннан бастап орнатамыз деп жоспарлаған едік. Кейбір жекелеген нысандар шырша орнатып, оны безендіре бастады. Бұған қатысты наразылық білдіргендер бар. Тәуелсіздік күні еліміздің басты мерекесі болғандықтан, басымдылық сол мерекеге беріледі. Шағын және орта бизнес нысандары қаланың мерекелік безендіруін қатаң ұстанатын болсын. Тәуелсіздік күнінде салтанатты және мерекелік шаралар өтеді. Оның арасында каратэ-киокушинкайдан Kazakhstan Open, үстел теннисінен «Seamaster 2017 ITTF World Tour GrandFinal» турнирі, «Күй Қайнары» VI күй тартыс, ҚР Тәуелсіздік күнінен арналған «Тәуелсіздігім – теңдігім, Егемендігім – елдігім!» атты жас ақындар айтысы, кітап көрмесі мен қазақстандық эстрада өкілдерінің қатысуымен дәстүрлі концерттер өтеді», — деді Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында.

Сонымен бірге, елорда әкімі аудан әкімдері мен Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына шағын және орта бизнес өкілдеріне қаланы мерекелік безендіруге қатысты бекітілген жоспарын ұстану туралу түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тапсырма жүктеді. Яғни, Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күні атап өткеннен соң ғана басталады.
Әрі қарай

ББҚ ішесіз бе?

Мен үшін «Я» деушілер екіге бөлінеді:
1. Сетевиктер
2. Өзіне, денсаулығына тиянақты адамдар (медиктер, диетадағылар, спортсмендер т.б. таңдап, талғап жүреді)
«Жоқ» деушілер де:
1. Зиян, қауіпті, қымбат дейтін тобыр
2. Дәріханадағы өнімнің біразының, жеке «аптечкасындағы» препараттың көбінің сыртындағы «ББҚ дәрілік құрал болып табылмайды» дегенді байқамай жүргендер
«Ол не?» деушілер бөлінбейді )
P.S. Кей елдерде жұмысқа тұруға үміткерлерден «ББҚ ішесіз бе?» деп сұрайды екен тіпті…
Әрі қарай

Астанада жас ақындар айтысы өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада жас ақындар айтысы өтеді

Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздік күні мен Тұңғыш Президенті күніне арналған жас ақындар айтысы өтеді деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласының әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының мұрындық болуымен ертең, 22 қарашада «Жастар» сарайында «Тәуелсіздігім – теңдігім, Егемендігім – елдігім» атты жас ақындар айтысы өтетін болады. Оған еліміздің Алматы, Арқалық, Семей, Қызылорда, Павлодар, Шымкент қалалары мен Торғай, Шығыс Қазақстан өңірінен 9 айтыскер ақын қатысады деп күтілуде.

Айтыс барысында ақындар «Тәуелсіздігім – тұғырым»; «Алашым – ардағым»; «Рухани жаңғыру – мұратым»; «Туған жер – тұрағым»; «Тілім – тұмарым» тақырыптары бойынша сөз жарыстыратын болады.

«Айтысты өткізудің мақсаты ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздері арқылы Тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттау; ел егемендігі жолындағы Елбасының атқарған игі істерін ұлықтау; «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын паш ету; өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттау; қазақтың төл өнері, құдыретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру, қолданыс аясын кеңейту болып табылады», — деп жазылған таратылған хабарламада.

Айтыстың қорытындылары бойынша жеңімпаздар Астана қаласы әкімінің атынан дипломдармен және бағалы сыйлықтамен марапатталады.
Әрі қарай

«Астана» – «Вильярреал» матч жанкүйерлері қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіледі

Астана жаңалықтары: «Астана» – «Вильярреал» матч жанкүйерлері қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіледі

Арнайы автобустардың жүру ақысы – 90 теңге, жүру билеттері мен жеңілдігі бар билеттер жарамсыз, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

«Астана» – «Вильярреал» командалары арасында футбол матчы жанкүйерлерін көлікпен қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдың 23 қарашасында «Астана Арена» стадионына дейін арнайы автобустар ұйымдастырылады (кері бағытта әкететін). Автобустардың жүру уақыты – сағ 20:00-ден 21:00-ге дейін; Жеткізу орны – «Астана Арена» стадионы.

Автобустар төмендегі автотұрақтардан жүретін болады:

– «Қазақстан» СК тұрағы;

– «Нұр Астана» мешіті тұрағы;

– «Жастар» сарайы» тұрағы;

– «Астаналық цирк» тұрағы.

Арнайы автобустардың жүру ақысы – 90 теңге, жүру билеттері мен жеңілдігі бар билеттер жарамсыз. Ойын аяқталған соң қалаға № 10, 12, 28, 37, 40, 51, 53, 303 қоғамдық көліктермен жетуге болады. Сағат 23:30-дан стадионның тұрағы мен «Астана Арена стадионы» аялдамасында жанкүйерлерді Қабанбай батыр даңғылы бойынша қалаға апаратын автобустар ұйымдастырылады.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2017 жылғы 18 қарашасындағы шығарылымында қойылған сұрақтар

«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 18 қарашасындағы эфирінде жартылай финалдық кезеңнің екінші ойыны өтті. Қонаққа келген «Брейнсторм» командасы (Дархан Молдашев, Санжар Сұлтанов, Асқар Абсеметов, Бақытнұр Әлібай) ойынды 6:5 есебімен аяқтады.
Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 2017 жылғы 18 қарашасындағы шығарылымында қойылған сұрақтар
Насер Құлсариевтің авторлығындағы қазақтың тұңғыш («Тақыр» деп аталатын) рок-опера-балетінде Өмір Желі бауыры Өлім Желінен өзінің сүйіктісі Тірі Суды қайтаруын сұрайды. Бұл рок-операның неге арналғанын екі сөзбен атаңыз.

Актер Родольфо Валентиноға ғашық, тәнті қыздар оның фильмдерінің премьерасына ОСЫ нәрсемен келетін. Қазақ қыздарына Қарлығаш деген атты түркі халықтарында ОСЫ нәрсе қыз баланың символы болғандықтан беретін болған екен. (Бұл сөзді іздеу жүйелеріне салғанда, алғашқы ондықта қылмыстық хроника жаңалықтары шығады.) Ол не?

«ИКЕА» компаниясының су жаңа жарнамасында «Біз оны орындығынан айырдық, біз оған жаңа орындық сыйлаймыз» делінген. Кім туралы айтылған?

Әбдікәрім Ахметовтың жұмбақ өлеңін (үш сөзбен) аяқтаңыз:
Темір қайшы – қос қайшы,
Шығыршықсыз бос қайшы.
Еңбеккерге дос қайшы,
Еріншекке қас қайшы.
Өтпейді бір бос күні,
Ол –…

Кинематограф сыйлықтарының көбінің атауы қандай да бір металлды қамтиды. Мысалы, Берлиндегі «Күміс аю», Лейпциг фестивалінің «Алтын көгершін», Пльзеньдегі «Алтын көктарғақ құс», т.б. Ал ресейлік анимация фестивалінің арнайы сыйлығы фестивалінің атауына қарасақ, басқа материалдан жасалған сияқты. Қандай?

Фейсбуктегі тікелей эфирі осы.

Шерхан Мұртаза: «Көркем әдебиет — ауыр АЛЬФА болса, публицистика — жеңіл БЕТА» дейді. Әзілхан Нұршайықовтың жас кезінде АЛЬФАда, ал Хамит Ерғалиевтің БЕТАда болғаны белгілі. АЛЬФАны кейде құдайға теңейді, ал БЕТА латынша бір қолға үйретілген жануар атауынан шыққан. Ол екеуін атаңыз.

Біреуі – «кең пейіл», екіншісі – «өткір, шабуылдаушы», тағы бірі – «биік», төртіншісі – «ғажайып, құт сәулелі». Оларды бір сөзбен атаңыз.

Кей деректерге сенсек, Әмір Темір белгілі бір көрсеткішті, яки санын 112-ге дейін көбейткен екен. Нәтижесінде оның еншісінде түйелер мен әскери машиналар пайда болыпты. Бұл көрсеткіш санның бізге мәлім тұрақты санын атаңыз.

Алексей Толстой, Ефим Копелян, Александр Довженко және т.б. интеллигенция өкілдері шебер Алексей Федоровтың бұйымдарын пайдаланатын. Бірде жоғары партия басшылығы оған үш өнім жасауға тапсырыс береді. Жылдар өте келе Федоров ол өнімдерді бір арнайы музейден таппай, соған қуанады. Бұл музейдің кез-келген экспонатын қазақстандық фильмнің атауымен, екі сөзбен атаңыз. (Сұрақ авторының ең сүйікті фильмі  )

«Мұнда фантазия реализммен біте қайнасып, шынымен тамаша, мейлінше пропорционал және дәл форма жасап шыққаны соншалық, тіпті адами және аңдық элементтердің араласуы көрерменге жиренішті әсер етпейді». Өнертанушы Гнедич бұлай не туралы жазған?

»Формула-1-дің" индонезиялық автошабандозы Рио Харьянто темір тұлпардың тізгінінде үлкен жылдамдықпен қозғалу оны жол жүрген жолаушыға айналдырмайды деп шешті. Соның салдарынан команда қауіпсіздік мақсатында оны бас тартуға үгіттеуге мәжбүр болды. Неден бас тартуға?

Аудионұсқаны мына жерден табасыздар.
Жалпы Қазақ радиосының тікелей эфирін мына сілтемеден тыңдауға болады.
Әрі қарай

Елордада апатты жағдайдағы үйлерден 1863 отбасы көшіріледі

Астана жаңалықтары: Елордада апатты жағдайдағы үйлерден 1863 отбасы көшіріледі

Апатты үйлерді күреу бойынша қанатқақты жоба «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Ағымдағы жылға елордада 111 апатты жағдайдағы үйлерде тұратын 1863 отбасыны жаңа баспанаға көшіру жоспарланған, деді медиа орталықтың тілшісіне Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов.

Қазіргі таңда 98 төтенше жағдайдағы үйде тұрып жатқан 1425 отбасы көшіріліп жатыр.

«Елорада апатты үйлерді күреу бойынша қанатқақты жоба «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба зор әлеуметтік маңызға ие және тұрғындардың тұрғынжайын жақсартуға бағытталған», — деді Р.Ахметов.

Бағдарламаның бірінші кезеңінде кешенді тексеру нәтижесінде қаладағы 228 нысан апатты болып танылды. Осы жылдың басында 117 апатты үй күрелді. Қазіргі күні98 үйде тұратын шамамен 1,5 мың отбасыны көшіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал қалған тозығы жеткен 13 үйдің тұрғындары нысандардың тапсырылуына қарай жыл соңына дейін көшіріледі.

Қанатқақты жобаның шартына сәйкес Астана әкімдігі апатты үйлерді күреп, оның орнына баспананың ауданына сәйкес жаңа тұрғынжай береді. Көшіру кезінде пәтердің ауданымен бірдей баспана ұсынылады.

«Бұл жағдайда апатты үйлердің тұрғындары жаңа баспанаға көшіру кезінде отбасы мүшелерінің саны мен төтеншежағдайдағы үйдегі бөлме саны есепке алынбайтынын ескеруі керек», — деді Р.Ахметов.

Күреуге инжинерлік желілері мен құрылыс конструкторлары тозған, негізінен 1940-1980 жылдар аралығында салынған үйлер жатады.

Елорданың бас жоспары мен Астана әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасына сәйкес күрелген үйлердің орнына саябақ, гүлзар мен бульварлар құрылысын жүргізу көзделіп отыр.

2013-2016 жылдар аралығында 117 апатты үй күреліп, 1570 отбасы жаңа әрі жайлы баспанаға көшірілді.
Әрі қарай