ҚПЛ-2018. Маусымалды болжам

Бүгін Қазақстанның футболдан 27-чемпионаты басталады. 12 команда қатысады. 3 айналымнан тұратын турнир 11 қарашада аяқталады. Биыл да нашар алаңдар, ұпай шегерулер, бапкер қуулар сиқты келеңсіз оқиғаларға куә болатын бұл чемпионаттың нәтижесі қалай болмақ? Соны сараптап көрейік.

Футбол, тек қана футбол!: ҚПЛ-2018. Маусымалды болжам

Фавориттер
Фавориттер анық. 1-орын Астана, 2-орын Қайрат. Яғни негізгі талас осы екі команда арасында өтеді. Қаржы жағынан да, құрылым жағынан да, ойыншылар бойынша да бұл екеуіне тең келер ешкім жоқ әлі. Астанада Стоилов кеткенімен, негізгі формасы сақталды. Бірнеше жыл қасында болған Бабаян ойын өрнегін бұза қоймас. Ал Қайратта «рухани жаңғыру» маусымы. Жастарға кезек береміз деген клуб Аршавин атаның жанына Глебті де шақырып жатыр екен. Екі жақ та басты шабуылшыларынан айрылды. Кабананга мен Гоудың орны әзірше толтырылмады. Трансфер терезесі әлі ашық, жақсы шабуылшы алынады деп ойлаймын. Қайраттың старты нашар дейміз, биыл жақсы бастап кетсе — маусым бойы еркін жүретін болады. Дегенмен Астана биыл алматылық жастарға чемпиондықты бере қоймас.

Еуроаймаққа талас
Қалған 10 команданың негізгі мақсаттары 3-4 орындарға іліну болады. Одан арғысына ұмытлу қиын. Бірақ бұл жерде негізгі талас Ордабасы, Ертіс, Тобыл арасында болады деп ойлаймын. Иә, дәл сол былтырғы үздік бестікке кіргендер. Бұларға биыл күшейген Қайсар қосылуы мүмкін. Биатлондағыдай жарыс болғалы тұр: төрт команда бірінен бірі қалмай көпке дейін бірге барады. Бұларға басқалары жете алмайды. Соңғы айналымда бір бірлеп арақашықтықтары ашыла бастайды, біртіндеп үзіле бастайды. Финишке қарай белгілі болады үздік екеу. Біреуіне қола медаль, біреуіне Еуропа Лигасына жолдама. Қолаға фаворитім — Ордабасы. Биылғы құрамдары мықты. Тек ішкі мәселелері ушығып, бапкерлерін кетіріп тынбаса.

Аутсайдерлер
Қауіпті аймаққа қаржысы аз командалар кіретіні анық. Әзірше олар: Қызылжар, Жетісу, Ақжайық, Шахтер. Чемпионат басында Ақтөбе бұл аймақтың тұрақтысы болады. Былтырғыдай кесте соңында да интрига болайын деп тұр. Нақты «фавориттер» анықталғаннан кейін қашу процесі басталады. Старт нашар болса да, Ақтөбе екінші айналымда Атыраудың қасына барып, ортаңқолдар тобына қосылады. «Украиналық» Ақжайық маусым ортасында украиналықтары бапкерімен бірге кетіп қалмаса, бұл топтан шығып, Батыстың 3 командасы турнир кестесінің ортасын ұстап тұрады. Қызылжар соңғы жағынан «чемпиондықты» ерте бастан гарантиялап қояды деген ойдамын. 1-лигаға қалған 2 жолдамаға талас қырғын болмақ. Бұл жерде футболи емес факторлар үлкен роль ойнамақ. Басшылықтың ақша кесулері, ұпай шегерімдері, бапкерлердің ойыншыларымен бірге орта жолдан кетулері сияқты.

Жеке болжамым бойынша турнир кестесі:
  1. Астана
  2. Қайрат
  3. Ордабасы
  4. Ертіс
  5. Тобыл
  6. Қайсар
  7. Ақтөбе
  8. Атырау
  9. Ақжайық
  10. Шахтер
  11. Жетісу
  12. Қызылжар

Ойын сапасы артып, жылдан жылға қызық болып келе жатқан чемпионатымызда сүйікті командаларыңызға сәттілік тілеймін!
Бөлісу:

1 пікір

Пікір өшірілді