«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 11 қарашасындағы эфирінде жартылай финалдық кезеңнің алғашқы ойыны өтті. Қонаққа келген «4.fm» командасы ойынды 5:6 есебімен аяқтады.
< — Иә, иә, 90 градус қисық түсірілім. :)
Тағдыры қиын жан-жануар паналайтын мекемелердің бірінде Гомер деген жолбарыс өмір сүреді. Бұл мақұлықтың қандай мамандық иелерінен зардап шеккенін табыңыз.
Дана Круглова отандық ресурстардың бірінде жергілікті үйлерде тұруға болатынын, бірақ сатып алуға болмайтынын, ал кейбір ұйымдардың үстінде үш түрлі ту бір гербпен тұрғанын жазады. Журналист қандай елді мекен туралы баяндайды?
Бұл ауыр салмақтағы спортшы 2004 жылы Олимпиада ойындарының финалына шыққан тұңғыш мысырлық боксшы атанды. Оның аты-жөні Брунейдің 13-сұлтанымен, 17 ғасырдағы парсы суретшісімен және ХІХ ғасырдағы Мысырдың падишасымен бірдей. Интуицияға салып, оның аты-жөнін атап көріңіз.
«Қазаққа басқа геометриялық пішіндерден гөрі Х көбірек ұнаса керек. Өйткені, ол үшін — зат неғұрлым ауқымды болса, соғұрлым маңыздырақ көрінеді. Сондықтан да, әдетте, атақты Һәм бай қазақтардың қабірінің үстіне осындай ескерткіштер тұрғызылады» деп жазады Шоқан Уәлиханов. Ал 1883 жылы француздың әзілкеш жазушысы Альфонс Алле басқа суретшіден бұрынырақ ақ Х түріндегі «Бозарған қыздардың қарда алғашқы шіркеулік тазаруы» атты картина жазды. Х-ті атаңыз.
Бір әзіл суретте қыз бала мен әжесі дастархан басында отырады. Әжесі: «Ойбу, менде тағы да шарф шығып кетті» дейді. Кейіпкер қыздың әжесіне не үйрете алмай қойғанын нақты атаңыз.
Психомедицинада әлемдегі барлық объектілерді бөліктерден тұрады деп елестетуге тұрақты ұмтылыс және бұл объектілердің қай жерге ең орнықты сәйкесетінін анықтауға тырысу Х эффектісі немесе Х синдромы деп аталады. (Х-тің авторы – Пажитнов.) Атаңыз.
Қазақ жұмбағын шешіңіз.
Қаз-қатар тесігі бар,
Қалпақсыз есігі бар.
Көмейінде тілі бар,
Аузын буар жібі бар,
Кеме сынды пошымы,
Білсең айтшы, осыны?
2010 жылы олар Линн Малерба есімді әйелді басшылыққа сайлады. Малерба «Мутави Мутахаш», яки «көп жүрек» деген мағынадағы жаңа есімге ие болды. Алайда 1826 жылғы әдеби қайнаркөзге сенсек, олар мүлдем қалмауы керек еді. Олар кімдер?
Алексей Константиновтың қанатты сөзінің кейіпкері өзін жалғыз сезінбейді, себебі оның АЛЬФАсы көп. Бір туристік сайтта АЛЬФАлар көлдерді сипаттау кезінде кездеседі. Wikiwand.com сайтында «АЛЬФАлар» атты 2008 жылғы қорқынышты фильмнің қазақ тілінде сипаттамасы, сюжеті, түсіру тобы туралы мәліметтер жазылған. АЛЬФАны атаңыз.
Бұл территорияда шығарылатын кәдесый тиындардың номиналы жергілікті үш долларды құрайды, ал формасы жалпы қабылданған нормадан ерек. Бұл аймақты атаңыз.
Бұл ұйымды түрлі жылдары басқарған адамдардың ішінде (Изя) Фидель мен (Игорь) Саввин бар. Ал 1927 жылдан бері ол формал түрде атына заты сай болды деуге болады. «Азаттықтың» айтуынша, мекеменің Ирандағы аналогы 1996 жылы құрылған және тәулігіне бір сағат жұмыс жасайды. Оны екі сөзбен атаңыз.
Аудионұсқаны мына жерден табасыздар.
Жалпы Қазақ радиосының тікелей эфирін мына сілтемеден тыңдауға болады.
Жыл сонына дейін Елордада «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы көппәтерлі екі үй берілуі жоспарланған, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.
2017 жылдың аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытыңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Астана қаласы Қошқарбаев — Жұмабаев даңғылдары қиылысында орналасқан 620 пәтерлі екі КТК-нің (көппәтерлі тұрғын үй кешені) халық игілігіне беруді жоспарлап отыр. Осы берілгелі отырған 620 пәтердің 310 пәтері банк салымшылары арасында конкурс арқылы ойнатылса, қалған 310 пәтер кезекте тұрғандарға берілетін болады. Ал, пәтер құнына келетін болсақ, 1 шаршы метрдің құны – 180 мың теңге. Конкурстың нақты күні әзірге белгісіз.
Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ банк салымшылары мен кезекте тұрғандардан құжаттарды қабылдауды және қатысушыларды іріктеуді дербес жүргізеді екен. Ал, үміткерлерді іріктеу бағалау көрсеткіштері бойынша жүргізіледі. Пәтерлер несиеге берілетін себепті есепке тұрған күн ескерілмейді.
Ал, халықтың әлеуметтік-осал топтарына жалға берілетін тұрғын үй қорын құру және үй беру тәртібі төмендегідей.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтер коммуналдық тұрғын үй қорында кезекте тұрған халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған топтарына және баспана кезегінде тұрған мұқтаж жандарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес кезек ретімен берілетін болады.
Осы бағытта 2018-2019 жылдар аралығында 519 пәтер беру жоспарланған.
Ал, ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру бойынша бағдарламаға қатысудың шарттары төмендегідей:
— кредит беру мерзімі – 180 ай;
— бастапқы жарна — 30% бастап;
— нысаналы мақсаты – бастапқы тұрғын үйді сатып алу;
— Алматы, Астана қалалары үшін қарыздың ең жоғары субсидияланатын сомасы — 20 млн. теңге, өзге қалаларда 15 млн. теңге;
Бүгінгі сұхбатымыздың қонағы — жас кәсіпкер, «Бүгін Групп» компаниясының бас директоры, ІТ-маманы Айбек Қуатбаев.
— Алғашқы сауалымызды қазақ математиктерінен кімдерді айтар едіңіз деп сұрасақ және бизнеске деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?
— Асқар Жұмаділдаев ағаны исі қазақ біледі. І курста еліміздің жас ғалымы, математик Дөрбетхан Сұраған, жанында Болыс Сәбитбек деген жігіттер болды. Болыс қазір АҚШ-та оқып жатыр, Дөрбетхан Нью-Йоркте оқып келді. Сосын Нұрғиса деген тағы бір жігіт болды. Империал Колледж деген Лондонның атақты университетінде білім алып жатыр. Бұлар математиканың соңына түскен таланттар. Өзім екінші курстың соңына қарай бизнеске қызыға бастадым. — Студент кезіңізде АҚШ-қа барып қайтыпсыз. Ол жақтан түйгеніңіз қандай?
— Иә, екінші курстан соң Work and Travel бағдарламасымен АҚШ-қа барып қайттым. Ол жаққа барған соң, айналама зер сала қарай бастадым. Әлемде қатты байып, кейін кедей болып қалған, кедей болып өмір сүріп жүріп, кенет байып кеткен адамдар және әлеуеті тұрақты адамдар көп. Түсінгенім, адамдар жұмысты ақша үшін істемейді екен. Олар нарықта бар дүниені қалайша одан да жақсы, әдемі, ыңғайлы етіп жасаймын деп бас қатырады. Ақшаға қатты мұқтаж болса, аз пайызбен несие ала салады екен. Зәулім үйде тұрғысы келсе, қолжетімді ипотека рәсімдей салады. Инфляция өте төмен және 1-3% ғана. — Бұған дейін бірнеше жыл бұрын бизнесімді IPO-ға шығарсам деген сұхбатыңыз шыққан. Қазір ол туралы не айтасыз?
— Иә, «7 күнге» (http://7kun.kz сайты — ред.) 2 жыл бұрын берген сұхбатым болатын. Шыны керек, қазір сайттан алшақ кеттік. Соңғы интернет жобаларымыздың бірі «Егемен Қазақстан» газетінің порталын жаңарту болды. Тұтынушылар өздері бізді іздеп келеді. Өзімізді жарнамалау жағына аса көңіл бөліп жатқанымыз жоқ. Алған бағытымыз қазір hard soft (құралдарды бағдарламалау) саласы. Мәселен, қазір көлік жолдарындағы жылдамдық, stop-сызықтарды анықтайтын бақылау камераларын өндіруші ірі компаниялары Қазақстан, Ресей, Венгрия, Қытайда бар. Камера құны 1 000 000 теңге тұрса, оған бағдарламасын қосып, Қазақстанға шетелдік компаниялар 5 000 000 теңгеге сатады. Біз осы жұмыстарды өз қолымызға алдық. Амал жоқ, корпусын, темір-терсектерін сырттан сатып аламыз. Себебі бізде темір-терсек өндіретін салалық компания жоқ. Өзіміз өндірейік десек, қымбатқа шығады. Негізінен кез келген құрылғыға бағдарламалық жүйе жасауға бейімделдік. Сонымен қатар, банктік жүйелердің бағдарламасын да әзірлей аламыз.
Қазіргі жобаларымыздың қаржылай айналымы 10 000 000 $ болды. Жартысынан көбі темір-терсек сатып алуға және қалғаны бағдарламалық жүйелер әзірлеуге кетеді. — Бумеранг жобасы дегеніміз не?
— Беспилотник дрон құрастырғымыз келеді. Жұмыс істеу принципі келесідей: дронды ұшырасыз, жіберген жеріңізге барып, қайтып келеді. Ұшу бағытын Яндекс Карта, Google Карта координаталарымен белгілейсіз. Бұл — шекара қызметіне, құрылыс компанияларына, жол салушы компанияларына, ауылшаруашылық саласына қажет құрал. Әзірге дәл қай уақытта істеп бітетініміз белгісіз және келесі жылы халықаралық «Kadex» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүліктер көрмесіне прототипін көрсетпек ниетіміз бар. Жобаның әрі қарайғы тағдыры белгісіз, бұл — энтузиазммен істеліп жатқан жоба. — Еліміздің нарығында шетелдік IT-компаниялардың келтіріп жатқан ыңғайсыздықтары бар ма?
— Иә, біздің нарықта шетелдің компаниялары көп. Біз олармен, керісінше, серіктестік орнатып жұмыс істеудеміз. Мысалы, ол компаниялар өздеріне тиесілі жұмысты істеген соң, біздің компанияға тиесілі істерді бізге тапсырады. Сәйкесінше біз істей алатын жұмысты өзіміз істеп, шамамыз жетпегенін оларға береміз. Осылай жұмыс істеу арқылы біз шетелдік компанияларға төтеп бере аламыз және өзімізге пайда әкеле аламыз. Оларды тоқтату өте қиын, себебі елімізде маманданған IT-компаниялар өте аз. — ІТ-саласының басқа елдерде дамуы қалай?
— ЖІӨ 20% Қазақстанда мұнайға тиесілі болса, Украинада ІТ-саласына тиесілі.
Өткен жолы екі жігітіміз Украинаға барып қайтты. Ол жақта 40 жасқа келген адамдардың өзі IT-саласына бет бұрып жатыр екен. Олардың жері қазба байлыққа толы емес, шикізаттары бізбен салыстырғанда аз. Сондықтан олар үшін табыс табудың қолжетімді және ыңғайлы жолы — IT. Біз комьюнити ұйымдастыруды қолға алудамыз. Украинада комьюнитилер жақсы дамыған. Яғни, білімдері мен тәжірибелерін өзара бөлісу, көмектесу жағы жақсы жолға қойылған. Бір-біріне өте жақсы көмектеседі. Білгенін жасырып қалу, айтпай, көмектеспей қою деген оларда жоқ. Посткеңестік елдердің арасында Украина мен Белоруссияның IT-саласы қарқынды дамуда. Ал Ресейге келер болсақ, олардың ЖІӨ жоғары көрсеткішке ие, мұнай-газ, тау-кен және басқа да ауыр және жеңіл өнеркәсіптердің сұранысының арқасында жақсы дамып жатыр.
Біздің нарықтағы шетелдік компаниялар бізге кедергі келтіріп жатқан жоқ және нарығымызда әлі игерілмеген, сұранысқа ие табысты бағыттар көп, оларда бәсекелестер аз. Сондықтан әзірге шетелдік компаниялар отандық компаниялардың бәсекеге қабілетті болуын шыңдайды және серіктестік мақсаттағы тәжірибе алмасу арқылы біліктіліктерін арттырады. — Қазіргі таңда елімізде ІТ-саласын таңдаған жастар көп және көбі өз саласында жұмыс істемейді. Істейтіндердің өзі салыстырмалы түрде шетелдік ІТ-мамандарынан әлдеқайда төмен жалақы алады екен. Себебі неде деп ойлайсыз?
— Иә, өте орынды сұрақ. Еліміздегі ІТ-мамандары бізге көп сияқты көрінгенімен, салыстырмалы түрде жоғарыдағы аталған елдерден саны аз екен. Себебі оларда әрбір бесінші адам ІТ-ға қызығады. Сондықтан олардың ЖІӨ 20% ІТ саласына тиесілі. Біздің мамандар басын бастайды, толығымен тереңдеп игеретіндері аз. Сөйтіп, жұмыс жоқ деп қарап отырады. Мысалы, біздің компанияда жүйелік аналитик, жоба менеджері, аналитик, инженер сияқты ашық 3-4 жұмыс орны бар. Бұл мамандарды 3 айдан бері іздеп жатырмыз. Яғни, жұмыс берушілердің талаптары тереңдеп бара жатыр, ал жұмыс іздеушілердің көбі біліктілігін арттырмай, тоқтап тұр. Менің ойымша, жұмыс іздеушілер қазір қай компанияға қандай мамандықтар жетіспейді, соларды зерттеп, сол бағытты меңгеру керек сияқты. Өздеріңіз білесіздер, қарапайым компьютер ғана жөндеп, бірнеше редакторлық бағдарламамен жұмыс істеп көріп, «программистпін» деп айтатындар бар. Альберт деген таныс ағылшын ІТ-маманының: «ІТ-маман қандай программалау тілін меңгергені маңызды емес. Олар музыкант сияқты, бастысы есту қабілеті жақсы болса, кез келген музыкалық құралда ойнап кете алады екен». Сол сияқты, икемділік керек. Жалпы жас буынға, ІТ-саласына бет бұрып жатқан мамандарға айтарым, нарықта қандай талаптар қойылып жатыр, не нәрсеге сұраныс бар соны жылдам меңгеріп, сұранысқа ие маман болуға болады. Елімізде ІТ-компанияларының саны артып келеді, соған байланысты мамандарға да сұраныс арта түсуде. — Big Data, әлеуметтік инженерия туралы, жасанды интеллект туралы не айта аласыз?
— Қазіргі таңда жасанды интеллект, Big Data салалары әлемдік драйвер бола алады. Мәселен, кезінде Жібек жолы, қазір мұнай салалары ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Дәл мұнай саласының орнын баспаса да, адамзат өміріне қажетті бір сала болары анық. Big Data күннен-күнге өсіп келе жатыр. Себебі адамдардың ақпарат алмасуы бұған себеп. Жиналған ақпаратты machine learning-ке салып, мәліметті адамзат игілігіне де, адамзатқа қарсы мақсатқа да іске асыруға болады. — Елімізде ІТ-саласы бойынша қай бағыттар әлі де жетілдіру мен толықтыруларды қажет етеді деп ойлайсыз?
— Біздегі мемлекеттік органдардың өзара құжат, хат алмасу мүмкіндіктері әлі де толық дұрыс жолға қойылмай келеді. Басты себебі, меніңше, реформалардың жиі істеліп, бір үлкен жұмыстың соңына дейін аяқтала алмай қалуы себеп сияқты. Екіншіден, банк саласындағы cyber security жүйелері жақсы дамымаған, әлі де болса олқылықтары бар. Үшіншіден, жасанды интеллект саласы. Осыны көптеген кәсіпкерлер маркетинг саласында пайдаланғысы келеді.
Бізге түркі, ислам елдері арасындағы ІТ-нарықта бәсекеге шығуға болады екен. Сонымен қатар, жақында Катар мемлекетін зерттедік. Ол елдің бір қызығы, Израиль мемлекетімен жұмыс істегісі келмейді. Екіншіден, ол елде жергілікті ІТ-компаниялары өте аз. Үшіншіден, ол елдің билік тарапы жергілікті компанияларына сыртқы нарыққа жұмыс істеуге дұрыс жағдай жасай қоймаған. Көп араб елдерінің ІТ-нарығын үндістандықтар қамтамасыз етеді. Сондықтан біз де ол елдерге өз қызметімізді, өнімдерімізді шығара аламыз деп ойлаймын. — Сөз барысында Украинаның ЖІӨ 20% ІТ-саласы қамтамасыз етеді дедіңіз. Қалай ойлайсыз, біздің елдегі ІТ-саласы осындай жетістікке жете ала ма?
— Еліміздің экономикасының 5 негізгі драйвер саласы бар. Олар: құрылыс, транспорт, агроөнім, өнеркәсіптік өндіріс, қызмет түрлері. Қазақстанда ЖІӨ 4%-дан 5%-ға өсті. Шамамен 160 млрд. доллар болса, яғни ол 9 млрд. долларға тең. Қазақстанда ІТ-саласы драйвер болуы қиын, себебі біздің ІТ-компаниялар шетелдерден қаржы әкелулері керек. Өкінішке орай, біздің ІТ-компаниялар сыртқы нарықты қойғанда, ішкі нарықтың өзін қанағаттандыра алмай келеді. Әрине, болашаққа позитивті көзқарастамын, ал қазір ЖІӨ-дегі көрсеткіштің елеулі бөлігі ІТ-саласына тиесілі болады деу қиын. — Жоғарыда айтқан 5 драйвер салаға ІТ-саласын сүйемелдесек, ІТ-саласының қаржы айналымын қаншалықты жоғарылатуға болады?
— Әрине, бұл жағдайда ІТ-саласының қаржылай үлесі жоғарылай түседі. ІТ-саласы жалпы кез келген жұмысты оңтайландыратын, оны оптимизациялап ыңғайлы әрі жеңілдете түседі. Соның есебінен ЖІӨ өсе алады. Көлік саласына әлі де жаңа технологияны енгізіп, жүргізушілерге барынша ыңғайлы етуге болады. Ауылшаруашылық саласына жаңа технологияны енгізіп, басқаруды оңтайландырып және өнімділікті арттыруға болады. Жеріміз үлкен, оны бақылау, қадағалау, өсімдіктердің дұрыс өсуі бар, оны әрі қарай дамытуы бар, барлығына ІТ-технология қажет. Мысалы, Латвияда Big Data пайдаланатын бір ІТ-жоба бар екен. Олар әртүрлі жерлерге датчиктер орнатып, соның есебінен жер туралы түрлі мәлімет жинайды. Қай жер құнарлы, климаттық ақпарат, қай жерге қандай өсімдік өсіру қолайлы сияқты мәліметті фермерлерге сатады. Ондай мәліметті сатып алған фермерлер мол пайдаға кенеледі. Міне, осындай өнім істеуімізге болады. Кең жеріміздің егістік картасын істесек, қай өңірге не егу тиімді екені туралы мәлімет алуға болады, кәсіп істегісі келген адамдарға бағыт, еліміздің қазынасына кіріс әкелуге болады. Сөйтіп, 5 драйвер саланың жұмысын алға жылжытып, сыртқы нарыққа шығып ЖІӨ көтеруге болады. — Еліміздің ІТ-мамандары шетелдік ІТ-компанияларда жұмыс істеуге қаншалықты лайық деңгейде?
— Қазақстаннан шетелге жұмыс істеуге кетіп жатқан мықты ІТ-мамандар бар. Бұған әлі де кінәлі біздің ІТ-компанияларымыз деп ойлаймын. Олармен әлі де мықты жобалар істеп шығаруға болар еді. Герман Грефше айтқанда, «миды экспорттап» жатырмыз. Әлемдік математика, физика, информатика пәндерінен олимпиада, ғылыми жобалар бойынша мектеп оқушыларымыз ТОП-30-ға кіреді. Бұл — үлкен жетістік. Яғни, елімізде ІТ-жүйесі дұрыс құрылмаған. Бұған мүмкін уақыт керек, мүмкін мемлекет тарапынан қолдау керек. Елімізден әлемге әйгілі бір компания шығатын болса, шетелдегі мамандарымыз қайтып келеді деп ойлаймын. Әлемнің 10 мықты Google, Microsoft, Amazon сияқты т.б. ІТ-компанияларын алып қарасақ, барлығында қазақ жігіттері жұмыс істейді. Бұл біздің мамандарымыз шетелдік үздік мамандармен бірігіп, бір деңгейде жұмыс істей алатындығын дәлелдейді. — Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін. Ісіңізге сәттілік тілейміз!
Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында білім беру, жастар саясаты және спорт салалары тұрғысындағы 2018-2020 жылдарға арналған елорда бюджетінің жобасы ұсынылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің орынбасары Айжан Түгелбаеваның келтірген мәліметтеріне қарағанда, білім беру саласында ұсынылатын қызметтердің қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету үшін 2018-2020 жылдарға Астана қаласының бюджетінен 129,8 млрд теңге қарастырылған. Оның 519,6 млн теңгесі – халықтың мақсатты топтарына жататын 30 мың баланың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруіне, 19,2 млрд теңгесі — ТжКБ алуға мемлекет кепілдігі шартымен мемлекеттік білім тапсырысын орналастыруға бөлінеді деп жоспарлануда.
«Мектептерге келетін болсақ, оқушылар саны көп 36 мектепті, оның ішінде үш ауысымда білім беретін 11 мектептің проблемаларын шешу үшін 2018 жылдың бюджетінде 9 жаңа мектеп пен 2 қосымша ғимараттың құрылысын аяқтауға, сондай-ақ, 15 мектеп пен 8 қосымша ғимараттың құрылысын жобалауға қаражат салынбақ», – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің орынбасары.
Сонымен қатар, оның мәліметтерінше 2018 жылы 5 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 1,2 млрд теңге, 1-4 сыныптың шамамен 65 мың оқушысын тегін тамақпен қамтамасыз етуге – 3,8 млрд теңге қарастырылды.
Ал жастар саясаты саласында үш жылдық кезеңге 1,9 млрд теңге қарастырылды, олардың есебінен мақсатты іс-шаралармен шамамен 80 мың адамды, оның ішінде 23 аула клубы негізінде 5 мың адамды қамту болжануда.
Бұқаралық спортты дамыту үшін 72 шынықтыру пәндері шегінде 2018-2020 жылдарға 30 млрд теңге қарастырылды. Жыл сайын шамамен 250 мың адамды қамтитын спорттық 550-ден астам іс-шараны өткізу жоспарлануда.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 10 спорт клубын және балалар мен жасөспірімдерге арналған 10 спорт мектебін, «Достық» спорт комбинаты» МКҚК және «Алау» мұз сарайын ұстау шаралары жүзеге асырылатындығын атап өту керек.
Бұдан бөлек, елорданың 20 жылдығын мерекелеу және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында іс-шараларға баса назар аударылатын болады, олардың ішінде «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» деген 4 кіші бағдарлама бойынша шамамен 160 іс-шара қарастырылған.
Синоптиктердің болжамынша демалыс күндері Астанада көктайғақ болады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.
«4 қараша күні күн бұлтты, жауын жауып, тұман түседі, көтайғақ болады. Оңтүстік-батыстан тұрған жел бағытын өзгертіп солтүстік-батыс, батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен соғады. Түнде ауа температурасы 0,-2°С, күндіз 0,+2°С», делінген Қазгидромед хабарламасында.
Астанада жексенбі күні көшпелі бұлт шығып, күндіз жауын-шашынды, көктайғақ болады. Жел оңтүстік, оңтүстік-батыстан 7-12, күндіз екпіні 15 м/с жетеді. Түнде ауа температурасы -1...-3°С, күндіз +3...+5°С.
Дүйсенбі – көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Жел солтүстік-шығыстан 9-14 м/с. Түнде ауа температурасы +1...+3°С, күндіз +3...+5°С.
Елорда әкімдігінің медиа орталығы келесі аптада болатын бірқатар мәдени іс-шаралардың тізімін хабарлайды.
М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында қатарынан бірнеше премьера өтеді. 31 қазан – А. Анатольевтің «Қар ханшайымы» ертегісі, 1 қараша – П. Морозовтың «Ассоль» романтикалық феериясы. 2 қараша күні М. Булгаковтың «Мастер және Маргарита» қойылымын да тамашалауға болады. 3 қараша – Б. Жандарбековтің «Томирис – сақтар ханшайымы» эпикалық драмасы, 4 қараша – Л. Толстойдың «Анна Каренина» драмасы мен А. Хайттың «Леопольд мысықтың туған күні» атты ертегісі, 5 қараша – В. Зиминнің «Баяғыда екі түлкі өмір сүріпті» ертегісі мен А. Цагарелидің «Ханум» музыкалық комедиясы.
«Астана» концерт залында 31 қазан күні кешкісін «Әсерлі ән сал, домбыра» концерті өтеді. 1 қарашада «Айтыс – бабалар мұрасы» концерті, 3 қараша – «Шабыт» ХХ Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің ашылуы, 5 қарашада ҚазССР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, СССР және Қазақстан халық әртісі, композитор Ғазиз Жұбановтың 90 жылдығына арналған концерт болады.
«Жастар» сарайында да қала тұрғындары мен қонақтары бірнеше оқиғаларға куә бола алады. 1 қарашада «GLORIA» халықаралық өнері конкурс-фестивалі, 2 қарашада «QazaQBalasy» халықаралық балалар конкурсы, 3 қарашада «Мир вкусного меда» бал көрмесі басталып, 12 қарашаға дейін жалғасады.
4 қараша – «Жайдарман» ойындарының қалалық лигасының финалы, 5 қараша – «Экзерсис» хореографиялық өнерінің VI халықаралық фестиваль-конкурсы.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка-драма театрында 1 қараша күні А. Вальехоның «Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасы, 2 қараша – А. Айларовтың «Сүрінген сүр бойдақ» комедиясы, 3 қараша М. Байджиевтің «Тіл табысқандар» комедиясын ұсынады.
Тәуелсіздік сарайында 4-8 қараша аралығында декоративті қолданбалы өнері мен скульптура өнерін сүйетіндер көрмені барып тамашалауына болады.
Ал «Астана Опера» театрында 5 қараша күні «Петя мен қасқыр» концерті өтеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарында «Ұлы дала жастары» жобасы іске қосылды. Оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басқару офисінің менеджері Болат Атыбай Астана қаласының әкімдігінде өткен дөңгелек үстел мәжілісінде таныстырды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.
Мәжіліске Астана қаласының ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері басқармалары қызметкерлері, бағдарламаны басқару офисінің менеджері Атыбай Болат және елордадағы 14 жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысты.
«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы үш бағыттан тұрады. Сол үш бағыттың бірі – «Саналы азамат». Осы «Саналы азамат» бағытының шеңберінде «Ұлы дала жастары» жобасы әзірленді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстардан жоғары оқу орындары шет қалған. Астана қаласындағы ЖОО-дарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосу үшін осы жоба жасалды. Жобаның мақсаты — еліміз алға қойған міндеттерді жастардың бойына сіңіру», — деді Болат Атыбай.
Жобаның негізгі бастамасы – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі екендігін айта өткен жөн. «Ұлы дала жастары» жобасы қазан айынан бастап жүзеге асырыла бастады. Жоба жастардың белсенділігін арттыруға, яғни, ғылым, бизнеспен айналысуына жағдай жасау, жаңа бастамалар жасау, ғылыми журналдардағы шет тіліндегі мақалалардың санын ұлғайтуға әсер етеді. Мәжіліс барысында оқу орнын тамәмдаған жастардың жұмыспен қамтылу деңгейі төмен екендігі жайлы, сонымен қоса жатақхана жетіспеушілігі мәселелері қызу талқыға салынды.
Жиын қорытындысы бойынша ЖОО-дары аталған жобаға өз қызығушылықтарын білдіріп, белсенді атсалысатындығын жеткізді.
Астана қаласында «Латын әліпбиіне көшу-ұлттық жаңғырудың ұйтқысы» атты ақпараттық-түсіндірме жұмысының отырысы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.
Астанада қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында білім басқармасы мен №74-ші мектеп-гимназиясының ұйымдастырумен «Латын әліпбиіне көшу-ұлттық жаңғырудың ұйтқысы» атты ақпараттық-түсіндірме жиыны өтті.
Шараның мақсаты латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру. Ата-аналар мен оқушыларға латын әліпбиінің Елбасына таныстырылған үлгісін Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-орталығының қызметкерлері таныстырды.
«Латын әліпбиіне көшуге байланысты ғалымдар мен IT мамандар өз нұсқаларын ұсынды. Оның алғашқы екі нұсқасы қоғамның талқысынан өтуде. Қазірші шарада сол екінші нұсқаны таныстырып, түсіндірмекпіз. Осы нұсқада отыз екі әріп бар. Бұл нұсқанын алғашқы нұсқадан ерекшелігі төл дыбыстарымыз негізгі әліпби қатарынан орын алды және дәйекше арқылы берілді», деп айтты Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-орталығының ғылыми қызметкері Алмажан Қадырханқызы.
Орталық қызметкерінің айтуынша, қазіргі таңда қоғамның 90% елбасына таныстырылған екінші нұсқаны қолдауда. Қазіргі күні латын әліпбиінің екі нұсқасы қоғам талқысынан өтуде. Және қоғам тарапынан ұсынылған ұсыныстар мен ескертпелерді біз ескелеріз деді.
«Бүгінгі іс-шараның өзектілігі латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы оқушылар мен ата-аналарға терең мағлұмат беру және талқылау», деп атап өтті №74-ші мектеп-гимназиясының директоры Жеңіскүл Нүсіпжан.
Шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Сіздердің назарларыңызға 10 қазаннан бастап «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа Заңның қолданысқа енгізілгенін жеткізе кетейік (ары қарай – Заң).
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу келесідегідей тәсілмен ұйымдастырылады:
— Кепілдендіру қорынан кепілдік алу
— екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу;
— тұрғын үйдің қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлерден ақша тарту.
Бірінші тәсілмен шешімді «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ қабылдайды.
Екінші және үшінші тәсілмен рұқсатты жергілікті атқарушы орган мен, сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілетті тұлғасы береді.
Жоғарыда көрсетілген Заңның 9, 10 бабына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қаысуды мына тәсілмен ұйымдастырады:
— екінші деңгедегі банктің жобасы арқылы қатысу;
— тұрғын үйдің қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлерден ақша тарту үшін мердігер тұрғын үй құрылысы нысандарын салуда тәжірибесі бар болуы міндетті, оның ішінде тапсырыс беруші, мердігер, бас мердігер. Сондай-ақ, мердігер өкілетті компания құруға міндетті, өз кезегінде ол компанияда болуға тиіс:
1) мемлекет берген уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен немесе меншік құқығымен тиесілі жер учаскесі;
2) кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы болуы міндетті.
3) тұрғын үйдің қаңқасы салынып біткені туралы инжиниринг компаниясынң бекітілген есебі болуы;
4) инжиниринг компаниясымен келісім-шарт.
Келтірілген нормалар заңда 9,10 бапта нақты келтірілген.
Осыны айта келе, үш тәсіл бойынша тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісім-шартты есепке алу, кепілақша туралы келісім-шартты қайта талап етудің құқығын сәулет және қала құрылысы басқармасы өкілетті орган ретінде жергілікті атқарушы билік жүзеге асырады.
Пәтерлерді екі рет сатпау мақсатында үлестік қатысу туралы келісім-шарттарды пәтер бойынша жүргізіп, аяқталған пәтер мен үлескерлер санына қарап қадағалауға мүмкіндік береді.
«Базисинвестстрой» ЖШС мердігер компаниясы, «Рим кварталы» ЖШС өкілетті компаниясы заң шеңберінде әрекет етіп, қыркүйекте нысанды пайдалануға берді.
Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласы әкімдігі Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы тұрғызылғаннан кейін немесе екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру бойынша үлескерлерден ақша тартуға рұқсат бергенін жеткізе отырып, төмендегі хабарлайды:
27 қыркүйек 2017 жылғы Астана қаласы әкімдігінің № 120-1958 қаулысымен «АЛТЫН ШАР West» ЖШС өкілетті компаниясымен және мердігер «Шар құрылыс» ЖШС Астана қаласы, Есіл ауданы, 49 көше, 4 участокта орналасқан 2, 7, 9, 11 қабатты, жалпы алаңы 21012,2 шаршы метр тұрғын үй құрылысын салу үшін үлескерлерден ақша тартуға рұқсат берілді ( рұқсат № 11 27.09.2017 ж).
27 қыркүйек 2017 жылғы Астана қаласы әкімдігінің № 120-1959 қаулысымен «Highvill Park1 C» ЖШС өкілетті компаниясы мен «High Vill Kazakhstan ЖШС мердігерге Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 23 қабатты, алаңы 58132,92 шаршы метр тұрғын үй құрылысын салу үшін үлескерлерден ақша тартуға рұқсат берілді (№12 27.09.2017 ж).
Астана қаласы әкімдігінің 27 қыркүйек, 2017 жылғы № 120-1960 қаулысымен «Premier Palace» ЖШС өкілетті компаниясы мен «Арман қала 21 век» ЖШС мердігеріне мекенжайы Астана қаласы, Есіл ауданы, Е10, Е49 және Е51 көшесімен қиылысатын, алағы 12163 шаршы метр (тұрғын үй, В блогы) тұрғын үй құрылысын салу үшін үлескерлерден ақша тартуға рұқсат берілді (№13 27.09.2017 ж).
Астана қаласы әкімдігінің 29 қыркүйек, 2017 жылғы № 120-1966 қаулысымен «АБК технологическая оснастка» ЖШС өкілетті компаниясы мен «Жаға НС» ЖШС мердігері мекенжайы Астана қаласы, Есіл ауданы, Түркістан мен 25 көшелермен қиылысатын 14, 16, 18 қабатты – алаңы 22684 шаршы метр (тұрғын ғимарат) тұрғын ұй құрылысын салу үшін үлескерлерден ақша тартуға рұқсат берілді (№ 14 29.09.2017ж).
Астана қаласы әкімдігінің 4 қазан 2017 жылғы № 120-2046 қаулысымен «ЖК Шатер» ЖШС өкілетті компаниясы мен «ПСК Клен» ЖШС мердігеріне Астана қаласы, Есіл ауданы, Е303 және Е305 көшелерімен қиылысатын 9 қабатты, алаңы 10621,48 шаршы метр (тұрғын ғимарат) тұрғын үй құрылысын салу үшін үлескерлерден ақша тартуға рұқсат берілді (№15 04.10.2017 ж).
Осыны хабарлай отырып, бұрынғы өкілетті компаниялар мен мердігерлер қосымшаға сәйкес (тұрғын ғимарат) тұрғын үй құрылысын салу үшін үлескерлерден ақша тартуға тиісті рұқсат берілгенін еске сала кетеміз.
Жыл басынан бері елорданың 200-ге жуық жас маманы қалалық «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жұмыс жәрмеңкелерінің арқасында тұрақты жұмыс тапты, деп хабарлайды әкімдіктің медиа орталығы.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен бос орындар жәрмеңкесіне 50-ше жуық жұмыс беруші ат салысып, 100-ден астам бос орын ұсынды. Оған еңбек нарығына араласқысы келетін 1 мыңнан астам студент жастар қатысты, деді медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының директоры Мұхамеджан Болысбек.
«Бүгінгі жәрмеңкеде жұмыс берушілер университет тәмамдаған жас мамандармен қатар, білім алып жатқан студенттерге де жұмыс ұсынып отыр. Айлық мөлшері 70-80 мың теңгенің көлемінде», — деді М.Болысбек.
Оның айтуынша, жұмыс берушілер тарапынан технолог, өндіріс саласының мамандарына сұраныс басым.
«Біздің орталық жұмыс іздеген жастарды жұмыс берушілерге бағыттаумен айналысады. Тек биылғы жылдың басынан бері 400-ге тарта жас маманды жұмыс берушілерге бағыттадық. Бүгінде оның 200-ге жуығы тұрақты жұмысқа қабылданды», — деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының директоры.
Сонымен қатар, орталық директоры жастарға арналған жұмыс жәрмеңкелері елордадағы басқа да ірі ЖОО мен колледждерде өткізілетінін атап өтті. Желтоқсан айында жастарға арналған қалалық жұмыс жәрмеңкесін өткізу көзделіп отыр.