Әлеуметтік желі (фильм)

Киностан: Әлеуметтік желі (фильм)Ресей прокатына «Социальная сеть» деп шыққан бұл фильм www.facebook.com сайты жайында. Дәлірек айтқанда, оның негізін қалаушы Марк Цукерберг жайында. «Жәй өмірбаяннан көріністердің тізбегінен құралған ұйқышақырар фильм», деп ойлағам басында, қателесеппін. Тартымды сюжет, актерлер шеберлігі, режиссуралық тапқырлық демей-ақ қояйын, бірақ бір көруге тұрарлық туынды.
Алған әсерім жоғары. Осыдан кейін сен де бір болмашы нәрсені қолға алып (мысалы әлеуметтік желі), 2-3 жылда миллиардер атанып кеткің келеді. Аршатқа, Ерлан Оспанға бір көруге кеңес берер едім.
Үйде, кешкі мезгілде қолыңа салқын сыраны алып, жұмсақ төсекте жатып алып қарауға жақсы.

Менің берер бағам,
10/8

Онлайн қарау
Әрі қарай

Астанада қылмыстылық деңгейінің төмендеуі байқалды

Осы жылы қылмыс деңгейі 10 мың адамға шаққанда 34 % төмендеді. Өткен жылмен салыстырғанда ашылған қылмыс пен ұсталған адамдар саны көбейді. Былтыр жасалған қылмыстар көбірек ашылды, оның әрбір төртіншісі ауыр және аса ауыр санатқа жатады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Брифингте ІІД басшысының орынбасары, полиция полковнигі Сабыр Жүсіпбеков ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша да белсенді жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Биыл 186 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді, айыпты тұлғалар жауапқа тартылды: 153 адам әкімшілік қамауға алынды, 1 млрд 489 млн теңге сомасында айыппұл салынды, 875 млн теңге өндірілді.

Сондай-ақ кәмелет жасына толмағандар арасында да құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш мәселеде алдын алуға ертерек көңіл бөлінуде. Жергілікті жұмыстар атқарылуда, онда көңіл көтеретін орындар мен интернет-кафелерде заңды өкілсіз жалғыз өзі жүрген кәмелет жасына толмаған балалардың ата-аналарын ғана емес, сол ғимараттың, дүкеннің, супермаркеттің қожайындарын да темекі және ішімідік өнімдерін балаларға таратып, сатқаны үшін жауапқа тартылуда.

«Бап бойынша қарастырар болсақ, 3 мыңға жуық ата-ана мен түрлі тектегі ғимараттың 500 қожайыны тартылды. 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы жасөспірімдердің үлес саны 35 03 мыңға артты және халық санының 13,5% құрады», — деп түсіндірді ол.

Жалпы Астана ІІД мәліметінше елордада жедел жағдай тұрақты. Күн сайын қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 1400-ден астам полицей мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан комитетінің әскери қызметшілері тартылады. Адамдар көп шоғырланатын жерлерге 8 стационарлық полиция бекеті орнатылып, қоғамдық тәртіпті тәулік бойы сақтауды жүзеге асырады.

Бұдан басқа, алдын алу мақсатында көше қылмысының өсімін төмендету, ізін суытпай қылмысты ашу үшін патрульдік күшейтілді және тұрғын үй кешендерінің аулаларында, астана тұрғындары мен қонақтарының бос уақыты мен көп адамдар жиналатын демалыс орындарында жаяу патрульдік жасақ көбейтілді.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің журналистерге арналған кездесуінде өткен интеллектуалдық ойынның сұрақтары

Интеллектуалдық ойындар: ҚР Білім және ғылым министрлігінің журналистерге арналған кездесуінде өткен интеллектуалдық ойынның сұрақтары
15 желтоқсан күні ҚР БҒМ журналистерге арнап іс-шара өткізіп, 3 команда ми сайысына қатысты. Сауалдар негізінен білім саласына, сонсоң журналистикаға қатысты болды.

1. Литер газетіндегі мақала: ТРИО — заманауи экскурсия жетекшісінің визит карточкасы. Сондай-ақ ТРИО — Стратегия-2050дің басты бағыттарының бірі. Әлбетте ТРИО — қазіргі білім беру саласының да негізгі ұстанымдарының бірі. ТРИОның кем дегенде біреуін атаңыз.

Осындай сипаттағы 10 сауал қойылды. Алда толықтырылатын болады.
Әрі қарай

Жоғары интеллекттің тосын 6 белгісі

Кей адамдардың басқаларға қарағанда жоғары интеллектті екенін мінез-құлқынан, әрекеттерінен, ойларынан, ұстанымдарынан байқауға болады. Ақылдылықты анықтаудың тосын 6 белгісін қарап көрейік.

1. Психикалық ауытқушылық.
Британ ғалымдарының зерттеуінше, 8 жасында жоғары интеллекті болған балалар мұндай дертке жиі шалдығады екен. Әсіресе биполяр ауытқушылық көп байқалады. Мұндай адамдарда депрессия, уайым, ауыр балалық шақ немесе есірткінің әсерінен айыға алмау көбірек кездеседі. Эволюциялық тұрғыдан қарасақ та адамзат уайым-қорқыныш және интеллекттің арқасында ғана бүгінге дейін аман жетті. Өйткені үнемі қауіп-қатерді ойлау және одан шығудың жолдарын қарастырды.

2. Либерализм және атеизм
Сатоси Канадзава атты психологтың пайымдауынша, еркін көзқарастағы және дін ұстанбайтын адамдардың интеллекті жоғарылау болады. Оның зерттеуінше, ультраконсерватор жасөспірімдерде IQ 95 болса, либерал көзқарастағыларда 106,5. Діндар жастарда орташа есеппен 97, атеистерде 103 болған. Канадзаваның теориясы бойынша дін және консерватизм адамзаттың көпғасырлық эволюциясының өнімі. Ал жаңа эволюциялық шешімдерге жету үшін түрлі идеяларға ашықтық және басқаша көзқарас керек. Және әлбетте жақсы ой мен логика да керек.

3. Түнгі өмір
Эволюция психологы Канадзава бұл жерде де жоғары интеллектті адамдар қалыпты эволюциялық күн тәртібінен бөлек өмір сүреді дейді. Адамдар бұрын тіршілік үшін тек күннің жарық кезін пайдаланып, түнде тек ұйықтайтын болса, қазіргі жоғары IQ-лі адамдар бұл дәстүрді бұзып, түнгі уақытты пайдалана бастапты. Психологтың зерттеулері де мұны растайды. Ерте жатып, ерте тұратындарға қарағанда түнгі «жапалақтардың» IQ-і жоғары болған.

4. Жалғыздыққа құмарлық
Жоғары интеллектті адамдар жалғыздықтан да ләззат ала алады. Ал адамдардың көбі керісінше достармен, көпшілікпен кездескенді ұнатады. IQ жоғарылар түрлі жобаларды ойлап жүреді де, көпшілікпен кездесіп уақыт құртқылары және алаңдағылары келмейді.
Эволюциялық тұрғыдан қарайтын болсақ, бұрын адамдар бірігіп ғана тіршілік ете алды. Ал ақылды адамдар қашанда жалғыз өздері жеке жол ашуға тырысты. Мұндай адамдар басқаларға қарағанда жаңашылдықты тез қабылдап, тез үйренеді.

5. Басқаларға сенуге бейімділік
Интеллекті жоғары адамдар басқаларға сену бойынша да алда. Тек ағайын-туысқан, достары ғана емес, кез келген саладан сенімді адамдар таба алады. Олар сенімсіз адамдарды, кімдерге қандай істі тапсыруға болмайтынын жақсы сараптай алады. Сондықтан да сенуге тұрарлық адамдарды жақсы анықтай алады.

6. Қимылдың аздығы
Ақылды адамдар аз қозғалады. Білімге құштарлығы төмен адамдар жұмыс аптасы ішінде интеллекті жоғарыларға қарағанда көбірек қимылдайды. Ойшыл емес адамдар интеллектуал істерден тез жалығады да, оның орнына істейтін басқа нәрселер тауып алады. Ал интеллектуал жалқаулар көп қозғалысқа жоқ.

EXPO-2017 ашылуына барасыз ба?

ЕХРО-2017 халықаралық көрменің ашылуына 2 күн қалды. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да алдағы бірнеше ай бойы бұл басты тренд тақырыптардың бірі болмақ. Бұл ауқымды шараға бару жоспарыңызда бар ма?

Астана жаңалықтары: EXPO-2017 ашылуына барасыз ба?

EXPO-2017 билеттерін мына жерден онлайн сатып ала аласыз: tickets.expo2017astana.com/kk
Әрі қарай

АРПАЛЫС

ОҒМ жазбалары: АРПАЛЫС

Мамыр айының 18-19 күндері Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры М.Әуезовтың әңгіме желісімен қойылған «Қорғансыздың күні» драмасының премьерасын көпшілік назарына ұсынды. Режиссер — Әлімбек Оразбек, қоюшы суретші — Шынар Елембаева. Еш премьерадан қалмайтын Қаллекидің тұрақты көрермені ретінде, маған 19 мамыр күні А.Серкебаева, О. Жақыпбек, Е.Нұрымбет, Н. Ташимова, Е.Малаев, Қ. Бұғыбай, Н. Есен т.б. қатысуымен екінші құрамның ойынын көру бұйырды.

Әңгімеден ерекшелігі – оқиға желісі кейін шегініп, жұтаң да болса бақытты тірлік кешіп жатқан жанұяның өмірін суреттеуден басталады. Жақып пен оның сүйікті де ерке қызы Ғазизаның сырластық жақындығы көрсетіледі.
ОҒМ жазбалары: АРПАЛЫС

Іс Жақыптың туысы сараң Дүйсеннің малы ұрланған соң насырға шаба бастайды.
Әлімсақтан келе жатқан жамандық пен жақсылықтың, түнек пен жарықтың үздіксіз күресі басталады. Жарық өз сәулесімен адамзатты құтқарамын деп әлек, ал түнек болса «онсыз да қара пейілді пендені қайтесің» деп оны әжуалайды. ОҒМ жазбалары: АРПАЛЫС

Спектакль минимум реквизит тердің максимум қолданылуына құрылған. Бұл тұрғыда режиссердің де, қоюшы суретшінің де шығармашылық жұмысы көзге ұрып тұр.
Қойылымның музыкалық әрлеуі де оның мағынасын үстей түсіп, көрерменді үнемі толқуда ұстап отырды.
Актерлердің ойынына келетін болсам, актриса Алтынгүл Серкебаева бүлдіршіндей жас, нәзік Ғазизаның рөлін жақсы алып шықты. Бас кейіпкердің репликасы аздау көрінгенімен, оның 14-15 жасар жасөспірім екенін ескерсек, одан артықтың керегі де жоқ шығар. Олжас Жақыпбектің Түнегі ерекше есте қалды, дауыс ырғағын құбылта сөйлеп, зымияндықтың көкесін көрсетті. Ақан болыстың атқосшысын ойнаған Қасымхан Бұғыбайдың өз кейіпкері бағытында біраз ізденгені көрініп тұр. Ақан болыс әңгімеде оңбаған болса да тартымдырақ сезілетін, мұндағы бейнесін өз басым қабылдай алмадым (Е. Малаев).ОҒМ жазбалары: АРПАЛЫС

Қойылым соңы биікте шалқалаған бейкүнә құрбанның астындағы Жарық пен Түнектің мәңгілік арпалысымен аяқталады. Құдды бір «Ей, адамзат, байқа!» деп тұрғандай. Себебі өз ниетімізге өзіміз жауап бермесек, Жарықтың да құтқаруы екіталай бізді…

Фото театрдың фейсбук парақшасынан.
Әрі қарай

Бұта отырғызу

Подъезімнің алды көк тақыр. Көршілес подъездерде бұталар өсіп тұр. Біздегі алаңқайдың тақырға айналуына не себеп екенін кейін білдім — кезінде бірінші қабатта тұратын біреу машинасын өз балконының түбіне қою үшін тал-теректерді жұлып/кесіп/опырып тастаған. Алайда қатты дауыл кезінде жақын маңдағы ағаштардың біреуі сынып, ауыр бұтақ (!) машинасының үстіне құлапты-мыс. Сол кезден кейін есік алдындағы тақыр бос тұр.

Подъездің түбі — автотұрақ, гараж, қойма емес. Ол да жалпыға ортақ территория. Оны бәрі түсінеді, бірақ адамның эгоизмінде шек бар ма? Келесі «умник» келіп, жекеменшік паркингке айналдырғанын күтіп жатқым келмеді. Бірдеңе егіп тастайын дедім.

Осы сенбі-жексенбі соның қамымен өтті. Жер қазып жатқанымды көріп, біреулер мақтауларын жеткізді, тіпті көмекке келген көршілер де бар. Ашық жеріне гүл, көгал егейік деп ұсыныс айтып, қоршау мәселесін қамдайық деген көрші де табылды. Өспей қалады-ау деген скептик те бар екен көршілер арасында, ұрлап кетеді-ау деді бір өткінші. Мені қорқытқаны — өспей қалатыны емес, ұрланып кету ықтималдығы және аяққа тапталып сынып қала ма деген қауіп. Білмеймін, көре жатармыз.

Ал, мынау сол шаруаның видеосы:


ТОЛЫҚТЫРУ!
Кіреберістің екінші жағына да ағаш отырғызылды. Ағаш дегенде сол — бұта ғой ол да. Ақпан айында үйдің жанында бұрыннан өсіп тұрған талдардың бұтақтарын кесіп алып, суға салып қойған болатынмын. Солардың басым бөлігі тамыр жайды. Үш-төрт талдан біріктірдім де, төрт түпке бөліп отырғызып тастадым.
Әрі қарай

#QazzaqDepression. Аяған Себастьян Бақ. "Муззона"

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Аяған Себастьян Бақ. Муззона
(пролог іспетті)
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта.
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта!


— Кхм… — деді бір кезде үш жарым сағат бойы үндемей, терезеден алыстағы әлденеге қарап тұрған клиент. Сосын креслоға жантая кетті.
Әрі қарай

ҰБТ дайындық кітапшасынан бір үзінді - Ермек Тұрсыновтың сұхбаты

Бүгін Ұлттық Тестілеу Орталығының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған дайындық тесттерінің бір үзіндісі желіге шығып, біраз жерде шу болды. Ешқандай негізсіз шу. Негізгі концепттен кесіліп алған үзінді. Тест тапсырып көрген кез келген адамға белгілі нәрсе — алдын ала бір мәтін беріліп, сол мәтін бойынша талдау сұрақтары беріледі. Бұл жерде мәтін берілмей, жалаң сұрақ сияқты болып берілген. Ақпаратты тексермей шығара беру, аяқ астынан шу шығара салу үйреншікті нәрсе болып кетті ғой. Осыған байланысты Фейсбукта өз ойымды білдірген едім:

Егемен Қазақстан газеті Ұлттық Тестілеу Орталығымен жақында серіктес болып, тест кітапшаларын жариялап отыратын болды. Жақсы нәрсе талапкерлер үшін. Бүгінгі бір сұрақ фрагментін көріп, у-шу не туралы екенін білгім келіп, газеттің сайтына кіріп, pdf нұсқасын қарадым. Өкінішке қарай сайтқа тест кітапшасы салынбаған екен. Берілген сұрақтың толық мәтінін оқығым келіп еді. Алдымен соны біліп алу керек сияқты, босқа шулағанша

Жаңа ғана Ұлттық Тестілеу Орталығынан жеке хабарласып, сұрақтардың толық мәтінін жіберді. Мінекиіңіз, шешіп көріңіз!

Білім және ғылым: ҰБТ дайындық кітапшасынан бір үзінді - Ермек Тұрсыновтың сұхбаты

Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз».

Қазақтың кино сүйер қауымына танымал кинодраматург, режиссер Ермек Тұрсыновтың телеарнаға берген сұхбаты ұсынылады

Бұдан кейін кино түсірем бе, білмеймін...

-Кино әлеміндегі алғашқы қадамдарыңыз қандай болды?

1.-1992- 93 жылдары Америкада жүргенімде режиссер ретінде алғашқы дебютім болды. АҚШ-тың Юта штатында Солт-Лейк- Сити деген қала бар. Сол жердегі кино мамандарына бірнеше сценарий жазып бергенмін. Бір күні кино түсіру алаңына келсем, режиссер жоқ екен. Стив деген продюсер бар еді, материалды өзімнен артық ешкім білмейтінін алға тартып, фильмді қолға алуымды сұрады. Қысқасы, кино алаңына итергендей етіп шығарды. Бұл кездейсоқ жағдай. Мен режиссер емеспін, негізгі мамандығым – кинодраматург. Сөйтіп басталып кетті. Бірнеше бейнеролик түсірдім. Олардың тапсырысымен әлеуметтік жарнама түріндегі екі фильм түсірдім. Алматыға қайтып келгеннен кейін де сценарий жазуды тоқтатқан жоқпын. «Мұстафа Шоқайды» жаздым. «Қазақфильмнің» президентінің орнына Анар Қашағанова келгенде Ақтан Арым Құбат деген қырғыз режиссеріне берген «Келін» сценарийі бойынша түсіруді «Материалды өзіңнен артық ешкім білмейді, әрі бастағаннан кейін аяғына жеткізу керек» дегенді айтып, кино түсіру алаңына итергендей етіп шығарды. Кейбіреулер режиссерлік үшін
күресіп жүрсе, мен мәжбүрліктен қолға алдым. Сөйтіп аяқ астынан режиссер болып шыға келдім.

–Режиссер ретінде өзіңізді қалай бағалайсыз? Сіздің бойыңызда режиссерлік қасиет басым ба, әлде кинодраматург ретінде мықтысыз ба?

2. –Драматург бола жүріп, көптеген сценарий жаздым. Режиссерге бересің. Кейін кино шыққанда қарасаң, көңілің толмайды. «Әттеген-ай!» дейтін тұстары көп болады. Сценарийді жазғанда бір киноны көз алдыңа елестетіп отырасың. Кино шыққанда қарасаң, сенің алдындағы суретіңмен сабақтаспайды, мүлдем басқа жаққа кетіп қалады. Ештеңе айта алмайсың. Өйткені, режиссердің көзқарасы басқа. Бірнеше рет сценарийлерім ойлағанымдай емес, мүлдем басқа кино болып шыққанда ішімнен өкініп жүрдім. Жалпы, режиссер ретінде біреудің жазған сценарийін түсіре алмаймын. Тек қана өзімдікін түсіремін. Егер бір жерден қате кетсе, тек өзіңнен көресің. Ең бастысы – жауапкершілік. Өзіңе, өз ісіңе деген жауапкершілік. Ешқандай тапсырыспен жұмыс істемеу керек. Жұмысты қолға алдың ба, оны жоғары кәсіби дәрежеде істеу керек. Өз шығармашылығыма баға бере алмаймын. Бірақ, кәсіби дайындықпен келгенім анық.

3. Жауапкершілік дегеннен туады, бір киноға шамамен екі жылдай уақыт кетеді. Бұл аз уақыт емес. Ал менің досым Тимур Бекмамбетов жылына төрт кино түсіреді. Тимурды жақсы көремін. Мәскеуде жүргенде жақын араласатынбыз. Өте дарынды, мықты жігіт. Бірақ, оның кинолары жеңілтек. Көбінесе компьютерге сүйене отырып жасалады. Бұл адамның интеллектісіне байланысты нәрсе емес. Мұнда техникалық, технологиялық интеллект басымдыққа ие болып тұр.

4. Қазір кино түсіру еріккеннің ермегіне айналып кетті. Жақсы кино көргенде адам қуануы керек. Ал қазіргі біздің киноларды көргенде қуана алмайсың. Өйткені, деңгей түсіп кетті. Еліктеу көп. Өз ойымыз жоқ. Жұртты күлдіргіміз келеді. Күлкінің өзі де түкке тұрмайтын болып шығады. Ойсыз. Күлкінің өзінің ар жағында ой болуы керек. Ал қазіргі кинолардағы күлкі – «аха-ха, иха-ха». Бұл дүниелер, яғни соңғы жылдары кино деп түсіріліп, кино ретінде көрсетіліп жүрген дүниелер – кино емес. Баян Есентаева, Нұртас Адамбайлардың түсіріп жүргендері кино деуге келмейді. Мейлі ғой, түсіре берсін. Бірақ, басын ашып алу керек, олардікі ешқандай да кино емес. Басқа нәрсе. Жанрын өзгерту керек шығар, бәлкім. Бұлардың ең басты ойы – ақша жинау. Ал нағыз өнер адамы ақша үшін жазбайды. Мұхтар Әуезов Абайды ақша үшін жазған жоқ. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовтар ақшаның құнын білетін, бірақ ақша үшін жазбайтын. Ал қазіргілер о бастан-ақ ақшаны бірінші орынға қояды. Қазіргі кинолардың кино дегеннен гөрі бизнес жобаға келетіні сондықтан болса керек. Киноның аты да өзгерді қазір. Кино түсіруге бел будың ба, бүкіл жан-дүниеңмен соған берілесің, үлкен дайындықпен кірісесің. Басында қорқасың. Ылғи сол. Ал кино біткеннен кейін ауырасың. Өзім әр кинодан кейін 3-4 айдай ауырамын. (500 сөз)

13. Отандық кино жағдайы туралы қай бөлімде ой қозғайды:

A) Төртінші
B) Екінші
C) Бірінші
D) Барлығы
E) Үшінші

14. 4-бөлімде автор кімге кино туралы ойын өзгерту керек деп кеңес береді?

A) Нұртасқа
B) Шәкенге
C) Сұлтанға
D) Абайға
E) Мұхтарға

15. Ермек Тұрсыновтың адами қасиеттері туралы қандай ой түюге болады?

A) Ол –отандық киноиндустрия саласын дамытуға күш салған адам.
B) Ол – жауапкершілігі жоғары және өз ісіне адал адам.
C) Ол – Америкада тәжірибе жинақтаған режиссер.
D) Ол – өз сценарийлеріне кино түсіріп жүрген танымал режиссер.
E) Ол – білімі мен тәжірибесін ұштастыра білген адам.

16. Қай жауап 1-бөліміннің мазмұнына сәйкес келіп тұр.

1. Ермектің режиссер болуына сценарийді өзі жазуы септік болды.
2. Ермектің режиссер болуына кездейсоқ жағдай себепкер болды.
3. Ермек Тұрсынов еркінен тыс режиссер атанды.

A) Үшіншісі
B) Екіншісі
C) Үшеуі де бұрыс
D) Үшеуі де дұрыс
E) Біріншісі

17. Ермек Тұрсыновтың айтуынша, неге кинодраматургтың дайын фильмге көңілі толмайды?

A) Себебі бар атақ режиссерге тиеселі болады
B) Себебі режиссер жұмысын өте жоғары бағалайды.
C) Себебі кинода режиссердің көзқарасы басым болады.
D) Себебі актерлердің ойыны ұнамайды.
E) Себебі драматургтің жауапкершілігі басым болады.

18. Сұхбат қандай мақсатпен алынды?

A) Ермек Тұрсыновтың кино туралы ойын білу үшін
B) Ермек Тұрсыновтың фильмдерін жарнамалау үшін
C) Ермек Тұрсыновты таныстыру үшін
D) Отандық фильмдерге талдау жасау үшін
E) Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайға сын айтқызу үшін

19. Берілген мақал-мәтелдердің қайсысы Ермек Тұрсыновтың айтқан сын сөзіне сәйкес келеді?

A) Жылтырдың бәрі күміс емес.
B) Ер сыншысы – елі.
C) Қорыққан мен қуанған бірдей.
D) Михнат болмай, рахат болмас.
E) Көз – қорқақ, қол – батыр.

20. 3-бөлімде Ермек Тұрсынов Тимур Бекмамбетовке қатысты не айтады?

A) алаңдау
B) күмән
C) мақтау
D) сын
E) ой-пікір
Әрі қарай