Балалардың "асабасы"

Қазір балалардың да мерекелеріне «асаба» шақыртатын заман болды. Тіпті үйлену тойына да басты асабадан бөлек балалардың көңілін аулайтын арнайы аниматор жалдайтындар бар. Мақсат, әрине, белгілі –әке-шешесінен қалмай еріп келген келген бала-шағаның шараға кедергі келтірмеуіне жағдай жасау.
Аниматорлардың міндеті — шоу-бағдарламаны жүргізіп, балаларды ойнатып, қызықтырып, көңілдерін көтеріп, олардың асып-тасып бойларына сыймай тұрған энергиясын сығып алу.


ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
Сондай аниматорлардың бірі — Ринат Жетібаев, 25 жаста.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Ринат, сіздің негізгі мамандығыңыз қандай? Бұл кәсіппен айналысуыңызға не себеп болды?
— Менің мамандығым – архитектор. Мамандық бойынша жұмыс жасап көрген жоқпын, 5 жыл оқып алған дипломым сандық түбінде жатыр. Оған себеп — мен бір орында отыра алмаймын, ылғи қозғалыста жүргенді жақсы көремін. Студент кезімде «Coza -Nostra» компаниясында аниматор болып жұмыс істейтін достарым мені өз ұжымдарына тартты. Ол кезде небәрі 2-курс студенті едім, «қосымша ақша артық етпейді» деген оймен келістім. Алдымен «Шрек» секілді жабық костюмдермен «үндемейтін» рөлдерде шығып, кейін «сөйлейтін» кейіпкерлерді сомдадым. Жүре-жүре костюм-шалбар киіп, «бабочка» тағып шоу-бағдарлама жүргізетін дәрежеге жеттім. Негізі өзім де оқушы кезімнен өнерге жақын едім, түрлі шараларға белсене қатысатынмын. Соның да септігі тиген болуы керек.

— Әлі де сол компанияда жұмыс жасайсыз ба?
Жоқ, қазір Ратмир атты досым екеуміз фриланс режимде жұмыс жасаймыз. Өзіміздің фото, видео, дизайн қызметін ұсынатын достарымыз бар, араласатын түрлі цирк әртістері, актерлер тобы бар. Солармен бірлесе жұмыс жасаймыз. Тапсырыс болса қажет қызметке хабарласып, шақыра қоямыз.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Тапсырыс көп түсе ме? Клиенттеріңіздің контингенті қандай?
— Осы маусым айын алатын болсақ, менде қазір 8 шараға тапсырыс бар. Ал мамыр айында 5 шара өткіздім, оның ішінде туған күндер, бастауышпен қоштасу сынды шаралар болды.
Өзіміздің тұрақты клиенттік қорымыз бар. Арнайы ивент-агенттіктерден де тапсырыс болып жатады. Сонымен қатар шаралардан көріп ұнатқандар хабарласады. Ең мықты жарнама — ол біздің ұйымдастыратын шараларымыз.
Жалпы бұрын, айталық, 2008-де мұндай қызметті негізінен «қалтатылар» ғана пайдаланатын болса, қазір халықтың басым бөлігіне қолжетімді. Қызметіміздің ең арзаны 20 мың теңгеден басталады, ал қымбатына енді шек жоқ. Мысалы бір дөкейдің баласының 1 жасқа толу туған күнін бас-аяғы 5 миллион теңгеге ұйымдастырдым. Ал туған күн иесі тіпті ол шараға қатыспады десе де болады.

— Құпия болмаса айлық табысыңыз қанша?
— Әрқалай, мамыр айындағы жеке табысым шамамен 400 мың теңгені құрады. Бәлендей қиналып жұмыс істедім деп айта алмаймын, бос уақытым көп болды. Оның үстіне өзім жақсы көретін іспен айналысамын.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Қазір балалар арасында қандай кейіпкерлер сұранысқа ие?
— Ол енді балалардың жасына байланысты. Кішкентай бүлдіршіндерге ресейлік «Фиксиктер» мультсериалының кейіпкерлері жақсы өтеді. Ал 7-8 жасқа дейінгі балаларға өрмекші адам, Бен Тен, Капитан Америка сынды супер қаһармандар керек. Одан үлкендеулері тіпті ешқандай кейіпкерлерді қабылдамауы мүмкін. Тіпті кейбір еркетотайлар аниматорларды тепкілеп, келеке етеді. Оларды таңқалдыру қиын. Сол үшін кейбір ата-аналар небір әрекеттерге барады. Мысалы біреу ұлының 10 жасқа толу туған күнін әскери тақырыпта өткізіп, арнайы міндетті әскер өкілдерін шақыртты. Олар шара болып жатқан жерге шынайы түрде басып кіріп, баланы туған күнімен құттықтады.

— Сонда қазақша кейіпкерлерге сұраныс жоқ па?
— Сұраныс бар. Алдыңғы жылы жаңа жылдық бағдарламаны толығымен қазақша кейіпкерлердің қатысуымен жасадық. Бағдарламада Алдар көсе, Аққу қыз, Бауырсақ секілді кейіпкерлер болды. Балалар жақсы қабылдады, бізге де тәуір пайда түсті. Мектеп, балабақшалардан бастап жеке жанұялар шақырды.

— Балалардың сіздің қойылымды қабылдамайтын кез жиі болып тұра ма? Ондайда тығырықтан қалай шығасыздар?
— Жиі болады. Әсіресе жасөспірімдер түрлі әнші-биші, цирк әртістерінің қатысуымен дайындаған шоу-бағдарламаға мұрын шүйіріп, гаджеттеріне үңіліп отырады. Ондай кезде, сіз сенбеуіңіз мүмкін, бізді өзіміздің бала кезде ойнаған ойындарымыз құтқарады. Балалар арнайы бағдарламаны былай ысырып қойып, қарапайым доппен атуды (выбивало) рақаттана ойнайды. Бала ол қашан да бала.

— Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасап көрдіңіздер бе? Оларды қалай ойнатасыздар?
— Иә, бірде Алматыдағы онкологиялық емханада рак ауруымен ауыратын балалардың көңілін көтеруге бардық. Біраз қиын тиді, себебі олар белсенді ойын түрлерін ойнай алмайды, көбіне бір орында отырады. Ондайда проектормен ойнататын интеллектуалды ойын түрлерін пайдаланамыз. Түрлі жұмбақтар жасырып, балаларға барымызша жақсы көңіл-күй сыйлауға тырыстық.
Одан бөлек, үйде ауырып жатқан балаға сүйікті кейіпкерін шақыру жағдайы жиі кездеседі. Ол жай баланың бөлмесіне кіріп сөйлесіп, көңілін аулап шығады.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы — Қайырымдылық шараларына қатысып тұрасыздар ма?
— Иә, міндетті түрде. Соңғы рет Талғардағы балалар үйіне бардық. Ол шараға аниматорлардан бөлек еліміздің бірқатар эстрада жұлдыздары да қатысты.

— Қазір өнерлі жастар көп, оларға осындай кәсіп бастау үшін не керек?
— Бастысы бірге үнемі ізденісте жүретін команда, креативті серіктестер керек. Қазір құдайға шүкір интернет бар, шетелде өзгелердің не істеп жатқанын көріп, үйренуге болады. Шетел демекші, өзім АҚШ-қа кетуге ақша жинап жатырмын. Майамиге барып орыстілді туристерге бағытталған аниматорлық компанияда жұмыс жасап көргім келеді.

— Сәттілік!
— Рахмет!

2-5 суреттер Ринаттың жеке инстаграм парақшасынан алынды.
Әрі қарай

Балаларға базарлық

Алматыдан жалынды сәлем! Кәсіби біліктілігімді арттыру үшін осында келіп қалдым енді. Содан кенет бойымда педагогтық қасиетім оянып, балаларға арналған кітап жазғым келмесі бар ма? Оның үстіне әдемі қазақша кітап көптік етпейді. Әй, бірақ шаруасы көп қой оның. Сондықтан әзірге қолдан хендмейд кітапша жасауға болады. Содан бастап көрмейміз бе? Тақырып да өзекті — балаларды спортқа ерте бастан баулып, патриоттық рухта тәрбиелеу, заманымыздың батырларын дәріптеуді үйрету. Ендеше, кеттік!
Алдымен бізге керегі — контент. Оны мен толығымен өзім жасадым. Сөзін де, көркемдеуін де. Сіздерге де пайдалануға рұқсат. А4 форматында әр параққа екі суреттен қойып түрлі-түсті принтерден шығарып алуларыңызға болады. Қатты қағазға шығарсаңыздар, тіпті керемет.

ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық

Бұлт-бұлт етіп бұлшық ет,
Шып-шып тері шығады.
Жаттығады құлшынып,
Қандай берік шыдамы?

Мен де солай жалықпай,
Шынығайын, себебі —
Мен де Ильин алыптай,
Тау көтергім келеді!


ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Велосипед тебемін,
Дамыл таппай аяғым.
Тоқтамастан желемін,
Таудай менің талабым.

Қиындыққа не түрлі,
Өзім шыдай аламын.
Винокуров секілді,
Мен чемпион боламын!


ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Жұдырығын тас түйіп,
Соққыларын көздеген.
Тұра алады қасқиып,
Боксшыға кез-келген.

Сәпиев – ер, білемін,
Сондай болу арманым.
Шымыр менің білегім,
Дайын менің қолғабым!


ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Жалтыраған мұз қандай!
Коньки жеңіл сырғиды.
Шиырлаған із қандай!
Бимен бірге жылжиды.

Бұл кім десең — Денис Тен!
Сән-сымбаты келіскен.
Мен де солай сырғанап,
Қуантамын жеңіспен!


ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Ақ пен қара алысқан,
Тақта алдында ойланам.
Бала кезден жарысқан,
Жансаядан үлгі алам.

Жүріс жасап тиімді,
«Шах» пенен «мат» мақсатым.
Шарлап жүрсін қиырды,
«Гроссмейстер» жақсы атым.


ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық

Айбек ағам – балуан,
Қазақстан барысы!
Тәсілі сан алуан,
Аң біткеннің тағысы.

Күресейін өзім де,
Жерге тимей жауырын.
Батырмын ғой төзімді,
Үйрен менен, бауырым!


***
Енді кітаптың өзіне кірісейік. Балаларыңызбен бірге отырып жасасаңыз да болады. Сурет салуға арналған альбомның 4 бетін аламыз. Тура ортасынан бүктейміз. Бүктеген қырынан көз мөлшерімен әдемілеп 4 жерден тесеміз. Қаттылау жіп немесе лентаның екі бөлігін қиып алып, тесіктерден өткізіп байлаймыз.
ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Беттеріне өлең сөздері мен суреттерді жапсырамыз. Ал мынау мұқабасы:
ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық

Кітапша дайын!
ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Оқып, жаттай беруге болады. Тіпті өзіңіз де толықтыра аласыз.

Ертең бұйырса керектің сұлуы madlen -ге барамын. Оның Әлихан атты ұлды болғанын көбіңіз білетін шығарсыздар. Оған деген сыйлығым өзінен-өзі дайын болды

Балалар күні құтты болсын!
Әрі қарай

Бронетранспортер немесе «Менің ағам – гвардияшы!»

ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Асқардың идеясымен «әскери көліктерге шолу жасайыншы» деген ниетпен Қазақстан Республикасының әскери күшінің қару-жарақ және әскери техника мұражайына қарай бет алғанымды несін жасырайын. Мұражай 68665-әскери бөлімнің территориясында орналасқан екен. Таксиден түсе сала «КПП» деген жазу көзіме оттай басылды. Себебі Астанаға ең алғаш келгенімде темір жол вокзалынан кейінгі маңдай тіреген алғашқы ғимаратым гвардияның бақылау-өткізу пункті болатын.
***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Ағам 2 жылдық әскери борышын республикалық «Ұлан» гвардиясында өтеген. Ол кезде мен 8 оқитынмын. Жоғары класс ұлдары мектеп дәлізінде тоқтатып алып «ағаң гвардеец екені рас па?» деп сұрағанда төбем көкке екі елі жетпей қалған. Ол да бір мақтаныш еді.
Отырып алып ағама хат жазамын. Барлық жағымды жаңалықты тізіп шығамын. Әлбетте үйдегі сиырларды дұрыс қарай алмай көтерем қып қойғаным туралы тіс жармаймын. Есесіне Бекзаттың 8-наурызда мейраммен құттықтап келіп кеткенін баса жазам. Бекзат – ағамды әскерге жалынды сертпен шығарып салған сұлу қыз.
Ағам өз кезегінде әдемі фотоларын жіберіп, әскерді ғажап өмір қып суреттейді. «Гвардияда «дедовщина» жоқ, тек қана Уставпен жүреміз» деп қояды, уайымдамасын дейтін шығар. Сол хаттардан есімде қалғаны ағам «әскерде бронетранспортер айдаймын» дейтін. Сондықтан алаңда қатар-қатар сап түзеген ұшақтар мен тікұшақтарға назар аудармастан музей қызметкеріне бірден «бронетранспортерлерді көрсетіңізші» дедім.

***
Бронетранспортер (БТР) – мотоатқыштар бөлімшелерінің жеке құрамын тасымалдау және оларды шайқас кезінде қолдауға арналған брондалған дөңгелекті немесе шынжыр табанды соғыс машинасы.
«Соғыс» ұғымы пайда болғалы адамзат өзін және көліктерін қорғауға тырысып келеді. Антик дәуірінде соғыс арбаларына қалқан орнатылды. Парсы әскерінің соғыс пілдері дәл солай қорғалатын. Шыңғыс ханның әскерінде де бронды пәуескелер болған.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталысымен әскерлерге жеңіл брондалған техника қажет болды. Себебі шабуыл кезінде қарша бораған пулемет оқтары жаяу әскердің адымын аштырмайтын. Ол кездегі дөңгелекті броневиктер жеңіл және жүк автомобильдерінің негізінде жасалған және олардың сипаттамалары жаман емес еді. Олар негізінен жаяу әскерге қалқан қылу мақсатында жасалды.
Екінші дүниежүзілік соғыс әсіресе жаяу әскерді тасымалдау кезінде сенімді қорғаныс керек екендігін көрсетті. Соғыс басында КСРО-да жақсы брондалған техника болмады десе де болады. Қызыл әскерге мұндай техника ленд-лизинг бойынша АҚШ-тан келіп тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң барып Кеңес конструкторлары түрлі брондық техника жасауға белсенді түрде ден қойды.

***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Хат демекші, ағамнан хат келген әр күн мейрам еді. Ол күні мамам мектепке пакет-пакет дәм әкеліп хатты «жуады». Ішімдіксіз әрине. Мектептегі Сейсенбай қу терезеден қарап, мамамның қолынан пакет көрсе «дәу де болса Қанаттан хат келді-ау» деп қуанады екен.
Бірде ағам хатында «БТР-мен оқу-жаттығу жұмыстарында үздік көрсеткіш көрсетіп, алғыс алдым. Бұйырса демалысқа барып қалармын» деді. Ой, бір қуанғанымыз-ай, әсіресе қатты сағынып жүрген мамам көзінің жасын бір сығып алды.


***
БТР — 40
БТР-40 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында В.А. Дедковтың басшылығымен жасалып, 1950 жылы қарулануға қабылданды. Машинаның сериялық шығарылымы 1950-1958 жылдары жүзеге асырылды. Машина ГАЗ-63 жүк көлігінің негізінде жасалған.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 5,3 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62-мм станокты Калашников танк пулеметі;
Жауынгерлік комплект — 1250 патрон;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ;
Жүріс қоры — 285 км;
Қозғалтқыш: карбюраторлы, алтыцилиндрлі
Максималды қуаты — 78 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 4Х4.

***

Бірақ ағам келе алған жоқ, алғыстан соң кішігірім «косяк» жасап қойыпты. Баланы бір сыбап алып мамам жолға дайындала бастады. Мен қалам ба? Астананы көретініме мәзбін, тіпті ағамның демалысқа келе алмай қалғанына іштей риза сияқтымын. Қазір ғой ол ұшақ мініп, азды-көпті шетел сызып жүргенім, ол кезде пойызға «қонып» жол жүрудің өзі таңсық еді.
***
БТР – 152
БТР-152 бронетранспортеры Сталин атындағы Мәскеу автомобиль зауытының конструкторлық бюросында В.А. Грачевтың жетекшілігімен жасалған. Қарулануға 1950 жылы қабылданған. Сериялық шығарылымы 1950-1955 жылдары жүзеге асырылды. Машина ЗИС-151 жүк көлігін негізге алып жасалған.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 8,7 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 17 адам;
Қарулану — 7,62-мм станокты Калашников танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-13 мм;
Максималды жылдамдық – 65 км/сағ;
Жүріс қоры — 600 км;
Қозғалтқыш: карбюраторлы, алтыцилиндрлі;
Максималды қуаты — 110 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 6Х6.

БТР-50
БТР-50 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында Ж.Я. Котинның басшылығымен жасалып, 1954 жылы қарулануға қабылданды. Машинаның сериялық шығарылымы 1950-1954 жылдары жүзеге асырылды. Машина ПТ-76 жеңіл танкісінің негізінде жасалған.
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 14,5 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 9 адам;
Қарулану — 7,62-мм станокты Калашников танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 10-13 мм;
Максималды жылдамдық – 44 км/сағ;
Жүріс қоры — 240 км;
Қозғалтқыш: дизельді, алтыцилиндрлі
Максималды қуаты — 240 а.к.

***
Алдын-ала телефон шалып, біліп алу деген де жоқ сонда. Тіпті «қалада болмай, полигонға оқу-жаттығу жұмыстарына кетіп қалса қайтер едік» деп қоямыз кейін. Қазір өзім тұрып жатқан маңайдағы бөлімге 104-маршрутпен жеткеніміз есімде. Әйтеуір ағам орнында екен. Қуана қауышып, қалаға алып шықтық. Ол кезде сол жағалау деген атымен жоқ. Бар кереметі — ескі алаң, Конгресс-холл, Есілдің жағасы, «Миллениум» галереясы. Соның өзінде Астана мені өзіне ғашық қылды.
***
БТР – 60П
БТР-60П бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында В.А. Дедковтың басшылығымен жасалып, 1959 жылы қарулануға қабылданды. Машинаның сериялық шығарылымы 1961-1963 жылдары жүзеге асырылды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 10,3 т;
Экипаж — 3 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62 мм станокты Калашников танк пулеметі, 14,5-мм ірі калибрлы Владимир танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ;
Қозғалтқыш: екі бензинді, алтыцилиндрлі
Максималды қуаты — 180 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 8Х8.

***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Отан қорғаушылар алаңына барған кезде ағам маған «осындағы ең мықты, жаңа университет» деп Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін көрсетті. «Не деген керемет білім ордасы мынау» деп кәдімгідей аузым ашылып қалғаны рас. «Әскерде контрактімен қаламын, ал сен қолыма келіп оқисың» деп үміттендіріп қойды. Содан бастап Астанада оқу менің басты арманыма айналды.
***
БТР-70
БТР-70 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында И.С. Мухинның басшылығымен жасалып, 1971 жылы қарулануға қабылданды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 11,5 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62 мм станокты Калашников танк пулеметі, 14,5-мм ірі калибрлы Владимир танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ;
Жүріс қоры — 600 км;
Максималды қуаты — 20 а.к./т;
Дөңгелектік формуласы — 8Х8.

***
Өтпестей көрінген екі жыл да аяқталуға жақындағанда әке-шешем ағама «контрактіңді қой, қарағым, басты қатырмай ауылға қайт» деп хатты қарша боратты. Жалғыз ұл болған себепті қара шаңырақтан асып кете алмаған ағам мерзімі біткенде қайтып келді. Ол бір ақ түйенің қарны жарылған күн болды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Қазір ойлаймын, ағамның қайта оралуына себепкер болған тек қана қара шаңырақ емес, өзіміздің Бекзат сылқым-ау деп. Шығарып салған Бекзат ағамды әскерден күтіп те алды, олардың махаббаты кез-келген қашықтыққа, уақытқа төтеп беретін «брондалған» махаббат екенін дәлелдеді. Ал маған сол жазда екеуінің үйлену тойында шапқылап қызмет көрсету қуанышы бұйырды. Әжептәуір бой жетіп қалған қызбын ғой ол кезде, бақандай 10 класс бітіргем. Астанада оқу арманы әлі де көкейде және бұл кезде ағама тәуелсіз жоспарлар пісіп қойған

***
БТР – 80
БТР-80 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында И.С. Мухин және Е. Мурашкиннің басшылығымен жасалып, 1986 жылы қарулануға қабылданды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 13,6 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62 мм станокты Калашников танк пулеметі, 14,5-мм ірі калибрлы Владимир танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ, суда 9 км/сағ;
Қозғалтқыш: КамАЗ-7403
Жүріс қоры — 600 км;
Максималды қуаты — 260 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 8Х8.

Қазір біздің елімізде осы БТР-80 және оның БТР-80А атты модификациясы пайдаланылады. 2012 жылы Украинамен БТР-4 бронетранспортерін жасауға келісіп, арты сиырқұйымшақтанып кеткенін көзім шалып қалды.
Айтылғандардан бөлек 90-жылдары БТР-90 бронетранспортері де жасалған болатын. Бірақ Ресейдің өзі оны пайдаланудан бас тартыпты.
***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Шүкіршілік, ағам қазір әскерде болмаса да өндірісте Отанымызға қызмет етіп жүр. Айдай аппақ жеңешем оған өзінен айнытпай 3 ұл туып берді. Әке-шешем соларға қарап мәз, менің сыртта жүргеніммен тіпті шаруалары жоқ. «Ауылға қайт» деп мазаламайды, тіпті мен осында болған 10 жылдың ішінде мамам қайта-қайта шақыртумен Астанаға 2-ақ рет келген деп өкпелеп қояйыншы. Қалжың әрине, мен де өзімнің мызғымас берік мақсатымның жолында жүргенімді түсінеді олар әйтпесе.

Жалпы Отан қорғаушыларымыздың еңбегі ерен-ақ. Басқасын айтпағанда шалшық су маңында орналасқан осы мұражайға барғанда аз уақыт ішінде бармақтай-бармақтай масаға таланып қиналған түрім бар болсын. Ал солдаттар сол жерде таңнан кешке дейін міз бақпайды.
Лайым әскери техниканы тек мерекелік шерулер мен мұражайлардан ғана көруге жазсын. Еліміз тыныш болсын!
Әрі қарай

Тегін мұражай немесе уақыт машинасы

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы«Аяғына кірген тікен сүйкімді балақанның мазасын әбден алған сынды. Қабағы шытылып, аузы әнтек ашылып тікенді алып тастауға барынша тырысып отыр. Скульптураға қарап «сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» деп жанұшыратын қамқор анасы қайда екен» деген ой келеді. Бір жағынан, тікен мына өмірде ол жеңуі керек соңғы кедергі емес...»

Анатолий Рыбаковтың «Кроштың демалысы» атты шығармасы осыған ұқсас әфсанамен басталады. Бірақ ол жерде тәмсіл «Кітап ұстаған бала» атты нэцкэ (кішкентай скульптура, бастапқыда қытай, жапондарда қыстырғыш түйменің орнына пайдаланылып, кейін өнер туындысына айналған) туралы. Повестің мазмұны да мектеп оқушысы Кроштың осы бір уникал нэцкэнің соңына түскен коллекционермен жұмыс істеуінің айналасында өрбиді.

«Антиквар дүкені» дегеннің болатынын мен алғаш осы кітаптан білген болатынмын.

"Әр аулада бір мұражай"
Ондай дүкен өзімізде де бар екен. Мекен-жайы — Республика көшесі, 23.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Бір қарағанда сырты көзге қораштау дүкенге адамдар қызығушылық таныта қоймайтын сияқты.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Бірақ ішіне кірсең, құдды бір мұражай дерсің. Тұнған тарих.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Дүкен иесі Дмитрий Семеновтың айтуынша, бұл расында да кішігірім тегін мұражай. Үлкен кісілер немерелерімен келіп, көне заттарды тамашалап, олардың аңызын тыңдайды. «Еуропада қадам бассаң — мұражай, бізде де солай болса дұрыс болар еді» дейді ол.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Дмитрийдің әкесі Валерий ағай бала кезінен сіріңке қораптарын, пошта маркаларын жинаумен айналысқан. Кейін қызығушылығы артып, Гагаринге қатысты барлық бұйымдарды жинаған. 2011 жылы коллекциясының көрмесін өткізген.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
«Гагарин — XX ғасырдың ең танымал адамы».

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Әке мен баладан бөлек бұл дүкеннің штатында Виктор Акимович бар. Ол да тегін адам емес. Оның коллекциясының тақырыбы – Қытай. Нэцкэні ең алдымен жапондар емес, қытайлар ойлап тапқанын осы кісіден білдім.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Виктор Акимович мені 27 мамырда заманауи өнер мұражайында өтетін көрмесіне шақырды.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Антиквар дүкенінің музейден айырмашылығы – кез-келген экспонатты ұстап көруге болады. Қаласаң сатып та аласың. Әрине қомақты ақшаға.
Мысалы мына бір неміс радиоқабылдағышы (үстіңгісі) Ұлы Отан соғысына дейін шыққан. Атақты «Көктемнің 17 мезеті» фильміндегі эпизодтарда тура осындай радиоқабылдағыш бар. Бағасы шамамен 300 мың теңге.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Әйтсе де бұл дүкендегі ең қымбат зат – 1917 жылғы граммофон. Оның бағасы 600 мың теңгедей. Әрине мұндай бұйымдарды жинаушылар сирек. Дегенмен қандай да бір ретро-интерьер үшін таптырмас аксессуар бола алады. Оның үстіне әлі де жұмыс істеп тұр, пластинка ойнатып, ретро-әндерге елітуге әбден болады.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
«Астанада, жалпы, Қазақстанда коллекция жинаудан ең көп тарағаны – нумизматика, екінші орында графика, скульптура, сосын түрлі бұйымдар» дейді дүкен иелері.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Бұл дүкендегі тиындардың бағасы 500 теңгеден басталады.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
«Түпнұсқаны көшірмеден көпжылдық тәжірибе арқасында ажыратамыз» дейді Дмитрий. Дегенмен ерекше қымбат эксклюзив заттарды арнайы экспертизаға жібереді екен. Заттың бағасы – көнелігінен бөлек, сапасы мен тиражына байланысты.

«Адамдар-ай, адамдар»
Негізінен мұндай дүкеннің клиенттері — коллекционерлер, қала берді дизайнерлер. Жай сыйлық алу үшін бас сұғатындар да жоқ емес.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Алексей Николаевич механикалық сағаттар жинайды. Коллекциясы шамамен 1500 сағатты құрайды. Өзі зейнетке дейін тергеуші болып қызмет атқарған екен.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
«Бұл сағаттардың бәрі менде бар» дейді ол. Енді «сағаттың жаңа түрі келіп қалды ма екен» деген оймен дүкенге соғып тұрады.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
«Өткенде теледидардан америкалық Джон деген біреу «1500 сағат жинадым» деп жатыр, оның өзінің жартысы электрлік сағаттар екен, ал менікі — барлығы да механикалық» деп, телефонынан коллекциясын көрсетіп те қойды.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Ал Владимир Родионович ескі фотоаппараттар жинайды. Зейнетке дейінгі кәсібі – етікшілік.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Владимир Родионович дүкендегі фотоаппараттардың жылын, сипатын жатқа соғады. Мына фотоаппарат — алғашқы кеңестік фотоаппараттардың бірі.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Анатолий болса, Ұлы Отан соғысына дейінгі әскери формаларды жинайды. Өзінің қазіргі қызметі де сонымен тікелей байланысты.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Ол Ұлы Отан соғысының «белгісіз солдаттарын» іздеу топтарының әлі де жұмыс істейтінін айтты (охх, А. Рыбаковтың тағы бір шығармасы жылт ете қалды!).

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Жалпы 1 сағаттың ішінде дүкенге келім-кетім кісі аз болмады.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Қайыркен аға – ауған соғысының қатысушысы. Ол медалін жоғалтып алған екен. Осы дүкеннен ұқсасын тауып, сатып алды.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Әсел – мемлекеттік қызметкер. Дүкенге ағасы сыйлаған маркалар коллекциясын бағалату мақсатымен келіпті. Яғни бұл жерге адамдар тек сатып алу үшін емес, сату үшін де келеді. Көне затты лақтырмастан бұрын ойланып көр — мүмкін ол бір жәдігер?

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Бір әжей қаптаған фарфор бұйымдардың арасынан мына бір пластик скульптураны көріп қалып, балаша қуанды.
«18 жасыма дәл осындай бұйымды сыйлыққа алып едім. Жас кезде мән бермеппін, сақтамаппын» деді ол. 10 мың теңгені қымбатсынса да, жастық шағының жаршысындай болған «Тікен»-ді сатып алды.

Коллекция жинаудың бала тәрбиесіне ықпалы зор
Дүкен иелері клиенттерінің бәрін дерлік таниды және оларды жіті бақылап отырады.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
Мақтан тұтып айтатын тағы бір қарлығаштары — 17 жасар нумизмат Уәлихан Бахретдинов. Дүниежүзі тарихы бойынша түрлі олимпиада-жарыстардың жеңімпазы бұл дүкенге алғаш рет 9 жасында келіпті. Баланың коллекция жинауға қызығушылығын байқаған бұлар оған барынша көмектесіп, бағыттап отырған. «Қазір Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетіне түсуге дайындалып жатыр» деп мейіріммен қосып қойды Валерий ағай.

ОҒМ жазбалары: Тегін мұражай немесе уақыт машинасы
«Коллекция жинаушылар әлемі балаларды жоғалтты» дейді өкінішпен Валерий ағай.
"Қазір балалардың бірдеңе жинауы сирек құбылыс. Басты себеп – қаражат. Бұрын екі баланың бірі марка, сіріңке қорабын жинаумен айналысатын, және олар тиын-тебен тұратын. Коллекция жинау – баланың жан-жақты дамып, өресінің кеңеюіне септігін тигізеді. Әлденені жинайтын баланың мектеп бағдарламасын да меңгеруі оңай. Ең бастысы – бұзақылықтан, жаман әдеттен аулақ болады".

Келіспеске болмайды. Эйнштейннің өзі «Марка жинаңыз, ол жұмыстан кейін ойларыңызды жүйелеуге ықпал етеді» деген екен.

P.S.: Антиквариат дүниелерді алып-сату пайдасы жағынан алмаз бен мұнай бизнесінен кейін үшінші орын алады.
Әрі қарай

"Канададан келген" сүт

Бала кезімде әр көктем сайын үйдегі сиырдың бұзаулауы ерекше оқиға еді. Ол туралы ең бірінші, әлбетте, анам біліп қоятын. Таңғы сағат алты-жетілерде шырт ұйқыда жатқан біз анамның «Сиыр бұзаулапты!» деген даусынан ұйқымыз шайдай ашылып, ұшып түрегелетінбіз.
Әрі қарай

Стрип-пластика: денсаулық және «жансаулық»

Соңғы жылдары стрип-пластика (ағылш. Strip – «шешіну», plasty – «пластика») нәзік жандылар қауымы арасында кең таралған спорт түріне айналды. Кез-келген қаланың би клубтарында, спорт сарайларында міндетті түрде оған арналған зал мен жаттығу кестесін табасыз. Бағасы шамамен айына 8-12 мың теңгені құрайды.
Стрип-пластиканың тарихы Ежелгі Шығыстан бастау алады. Көптеген тарихи деректер шығыс матриархат мәдениетінде бөксені толқындата айналдыру қимылы бастапқыда ер адамдарды қызықтыру үшін жасалмағандығын растайды. Ол ең алдымен әйелдің бала туу мүшелерінің тонусын сақтау арқылы дүниеге дені сау ұрпақ әкелуіне арналған. Қазір де бұл би өзінің бастапқы міндетін толықтай сақтаған. Жалпы, аты бір қарағанда «ұятсыздау» көрінгенімен, заты оның этимологиясынан әлдеқайда алыс жатыр. Стрип-пластиканың кәнігі стриптизден басты айырмашылығы – би барысында шешіну міндет емес, сонымен қатар киілетін киімнің талғаммен таңдалуы, би қимылдарының ырғақты, көзқарастың жұмбақ болуы.
ОҒМ жазбалары: Стрип-пластика: денсаулық  және «жансаулық»
Осыдан бір жарым жыл бұрын құрбыларыма еріп бидің осынау бір түріне жазылғанымда менің, әрине, денсаулық туралы ойлай қойғаным шамалы. Еу, еу, азғын қиялдарыңды бір шетке ысыра тұрғандарың жөн: менің мақсатым жай ғана артық салмақтан арылу болатын. Жалығып тастап кетпей ұзағынан айналысуымның себебі – бидегі жаттығулар мен қимылдардың сан алуандығы. Белгіленген 1 сағаттың алғашқы жартысы сергіту, жекелеген қимылдар мен созу жаттығуларына арналса, келесі жартысы би үйренуге жұмсалады. Енді осы спортпен шұғылдану кезінде өз бойымнан байқалған өзгерістермен бөліскім келіп отыр.

Салмақтың азаюы
Бірден салмақ тастай қоймайсың әрине. Өзім, мысалы, бастапқы жарты жылда небәрі 1-2 кг айырмашылық байқадым. Тек күзге қарай тұп-тура 5 кг тастадым. Бірақ бұл аса маңызды емес.
ОҒМ жазбалары: Стрип-пластика: денсаулық  және «жансаулық»

Бұлшық еттің қатаюы
Таразы тіліндегі нәтиже аса көңіл қуантпағанмен, алғашқы айларда-ақ тартылып, жинақылана бастағанымды өзім байқадым. Киім де бұрынғыдан жақсырақ жарасатын болып қалды. Сөйтсем, босаң тартқан бұлшық ет қатайып, тығыздала түседі екен. Ал бастысы масса емес, көлем екені қыздар қауымына бесенеден белгілі.

Иілгіштіктің артуы
Студенттік кездің дене шынықтыру сабағы аяқталғаннан бері жүктеме көрмеген денем кәдімгідей қатып қалыпты. Масқара десеңші, алғашқыда биді былай қоя тұрып, тізе бүкпей еңкейгенде қолымды жерге әрең тигізетінмін. Кейін сіресіп қалған арқам қимылға келіп, жаттықтырушыдан мақтау сөздер ести бастадым тіпті. Бірақ шпагат деген бәлеге отыра алмаймын әлі күнге дейін, тіпті соған онша тырыспайтын да сияқтымын. Әйтпесе, менімен бірге келген Бану шпагатқа еш қиындықсыз-ақ отырып жүр ғой.
ОҒМ жазбалары: Стрип-пластика: денсаулық  және «жансаулық»

Иммунитеттің жоғарылауы
Кез-келген би секілді стрип-пластика да жүрек пен қан тамырлары жұмысын жақсартып, қан қысымын қалыпқа келтіруге ықпал етеді. Мен енді үйдің 9-қабатына ентікпей, бір деммен жаяу көтерілетін болдым. Тағы байқағаным, иммунитетім жоғарылады: тұмау тигізіп ауыруды сиреттім.

Көтеріңкі көңіл-күй
Стрип-пластикамен айналысу бақыт гормондарының түзілуіне көмектеседі, эндорфиндер қанға түсіп, көңіл-күй көтеріле бастайды, маусымдық күйзеліс деген атымен жойылады-мыс. Өз басым күйзеліске аса бой алдыратын адам емеспін, әйтсе де, жалпы сымбатыңның жақсарғанын сезінудің өзі мәз қылады емес пе? Жаттығу залынан шып-шып терлеп, құрыс-тырысың жазылып, денеңді тәтті шаршау меңдеп шығудың кайфын айтпай-ақ қояйын.
ОҒМ жазбалары: Стрип-пластика: денсаулық  және «жансаулық»

Комплекстерден арылу
Иә, иә, жан дүниеңнен ойып тұрып орын алатын жасырын/ашық комплекстерден құтылудың тамаша жолы бұл. Стрип-пластика менің өзгеруіме, ашылуыма (әлбетте, шектен шықпай) және өзімді тартымдырақ сезінуіме септігін тигізді. Айналамдағы адамдардан «өзгеріпсің» сынды сөздер мен комплименттер, «қандай диета ұстадың?» тектес сұрақтар көзге көрінетін нәтиженің болғанын растай түсті. Әлеуметтік желілердегі өзімнің спортқа дейінгі және кейінгі фотоларымды шолып шықтым, сіздер де көріңіздер,
дейін:
ОҒМ жазбалары: Стрип-пластика: денсаулық  және «жансаулық»
және кейін:
ОҒМ жазбалары: Стрип-пластика: денсаулық  және «жансаулық»
Әрі қарай

Paltasheff-Party. Шарап дегустациясы

Бұлғариядағы іссапарымыздың 4-күні Поморие елді мекенінде орналасқан «Черноморское злато» арақ-шарап зауытына экскурсияға барған болатынбыз.
Алдымен қолымызға ұйымдастырушылар ұсынған бір-бір бокал шарабымызды ұстап, шарап жасалатын және сақталатын ғимараттар мен бөшкелерді тамашаладық.
ОҒМ жазбалары: Paltasheff-Party. Шарап дегустациясы
Әрі қарай

Тежегішің қалай?

Жаңа құрбым хабарласты агентпен. Нервісі құрып отыр.
Департамент директоры (еркек) бөлімдеріне келіпті де құрбыма: «Пәленгүл, дабай шай ішейік» депті. Сол кезде құрбым: «Онан да жұмыс істейік» деп дүңк ете қалыпты.
Әрі қарай

Палшыға бардым

Астанада "Қазақстан" сауда орталығының жанында кофе қалдығымен пал ашатын армян әйел бар. Ставка — 2000 теңге. Әйтеуір елдің бәрі соны мақтайды. Таныс құрбым (тұрмыста) жұмыс таппай жүрген, соған баруды ұсынды. Өзі бір жағынан Шымкентке қайтқысы келіп, шешімге келе алмай жүр екен. Соның жауабын білмек. Мен еріп баратын болдым, одан бізге тағы бір Семейлік қыз ілесті, ол да Астанаға жақында келіп жұмысқа тұрған еді.
Бардық. Есік алды тап-тұйнақтай, но бірақ адам деген көп. 11:30-дан 16:00-ге дейін кезек күтуге тура келді. Анадай кезекті күткен соң, мен де кірмекші болдым.
Әрі қарай