Әсет Исекешев пен Рустам Минниханов Астана мен Татарстанның арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Астана әкімі Әсет Исекешев пен Татарстан президенті Рустам Минниханов өзара ынтымақтастық және мәдени-гуманитарлық, іскерлік және т.б. салаларда тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

«Татарстан Республикасымен тарихи тамырымыз ортақ, бауырластық, сыйластық қарым-қатынас орнаған. Бүгінде осы дәстүрімізді табысты жалғастырып келеміз. Татарстан Астана мен Қазақстанның Ресей Федерациясындағы басты экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады», — деді Әсет Исекешев.

Татарстан Президенті Қазақстанның астанасына қуана келетінін, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің инфрақұрылымының құрылысының қарқынын ерекше атап өтті.

«Астана алдағы дүниежүзілік көрмеге шындап дайындалып жатыр, бұған көзім жетті. Мұнда озық технологиялар пайдаланылып жатыр. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі үздік көрмелердің бірі болатынына сенімдімін», — деді Рустам Минниханов.

Оның айтуынша, Татарстан салынып жатқан көрме кешендеріне қузығушылық танытуда. 2019 жылы Қазан қаласы кәсіпқой шеберліктен «World Skills Competition» әлем чемпионатына қатысады және оны өткізу үшін көрме кешенін салу керек. Рустам Минниханов осы салада тәжірибе алмасудың пайдалы екендігін атап өтті.

Тараптар 2017 жылы Астанада Татарстан күндерін өткізу мүмкіндігін талқылады. Қос республиканың астаналары бауырлас қалалар болып табылады.

Кездесу соңында Рустам Минниханов Қазақстан басшысына елімізде тұрып жатқан татарларға қолдау көрсеткені және мәдениетті сақтап, дамытуға жағдай жасағаны үшін алғыс айтты.
Әрі қарай

Астана мен РФ Челябі облысы көлік-логистикалық байланыс әлеуетін кеңейтуге ниетті

Астана мен РФ Челябі облысы аймақтар арасындағы көлік-логистикалық байланыс әлеуетін кеңейтуге ниетті. Бүгін Әсет Исекешев облыс губернаторы Борис Дубровскиймен кездесті. Бұл аймақ басшысының биыл Қазақстанның елордасына жасаған екінші сапары.Бұл жолғы сапары Астана мен Челябі облысының арасында жасалған ынтымақтастық жөніндегі бірінші келісімге 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

«Челябі облысы бізге жақын аймақ. Бүгінде ынтымақтастығымыз дамудың жаңа деңгейіне шықты деп сеніммен айта аламыз. Алдағы уақытта бірлескен жұмыстардың әлеуеті мен көкжиегін айтарлықтай кеңейтетін бірқатар жобалар жүзеге асырылады», — деді Әсет Исекешев кездесу барысында.

Кездесу барысында Астана – Челябі тікелей әуе рейсінің ашылуы талқыланды, ол «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде де, одан кейін де сұранысқа ие болмақ, аймақтар арасындағы іскерлік және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуді қосымша ынталандырады. Борис Дубровскийдің атап өтуінше, Челябі облысы «ЭКСПО-2017» көрмесіне міндетті түрде қолдау көрсетеді.

Кездесу барысында Дубровский жас астанамыздың дамуына үлес қосқандығын жеткізді.

«Металлург болғанда, осы қаланы дамытуға қатысқам. Менің көз алдымда өзгеріп, әдемі заманауи қалаға айналды. Келген сайын сүйсіне қараймыз», — дейді губернатор.

Оның айтуынша, Челябі облысы екіжақты қарым-қатынастың одан әрі дамуына ықпал етуге ниетті.
Әрі қарай

Астанада діни экстремизмнің құрбандары туралы спектакль көрсетіледі

Б. Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайында алғаш рет «Есігімді қаққан кім?» спектаклі сахналанады. Пьеса теріс ағым жетегіне түскен жас отбасының мәселесі жайлы әңгімелейді.

Шығарманың авторы жазушы-драматург, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, спектакль оның «Жан шырылы» романы бойынша қойылады.

— Бұл көркем шығарма, онда қиял да, дәлелдер де бар, негізінен, қоғамда орын алған фактілер келтіріледі. Радикалды діни ағымдар Қазақстанда тамырын жайып келеді, жастарымыз олардың ықпалына түсіп, кейбіреулері отбасыларын алып Сирияға кетіп жатыр. Бұл бір халықтың, бір ұлттың ғана мәселесі емес. «Есігімді қаққан кім?» деп аталғанымен, бұл жерде жүрек пен сана туралы айтылған, — дейді автор.

Оның айтуынша, шығарманы жазуға бір жылдан артық уақыт жұмсалған. Жазушы құжаттарды зерттеп, терроризмге қарсы органдардың көмегіне жүгінген.

Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов спектакльді екі айдың ішінде қойған.

Драма қарапайым қазақ отбасы туралы. Асқар мен Гүлнұр атасы мен әжесінің қолында өсіп жатқан қыздарына бір жылдан астам уақыттан бері бармайды. Бұған олардың теріс діни ағымды ұстанатыны себеп болады. Жастар жағдайдың мән-жайын тек қыздарымен бірге шетелдегі террористер лагеріне түскенде ғана түсінеді. Бірақ олар ол жерден шыға алмай қалады.

Спектакль азаматтарды бейбітшілікті, отанымызды және отбасымызды бағалауға, сондай-ақ, басты кейіпкерлердің қателігін қайталамауға шақырады.

Спектакль 17 қазанда сағат 19-да басталады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11425
Әрі қарай

Астанада мектептерде ақша жинау жағдайларымен күрес жөніндегі арнайы комиссия құрылды

Астана қаласы әкімінің тапсырмасымен мектеп қажеттіліктеріне ақша жинау жағдайларының жиілеп кетуіне байланысты елордалық мектептерде түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу жөніндегі қоғамдық комиссия құрылды.

Әкімдіктің ресми сайтындағы «Әкімге өтініш» сервисі арқылы әкімнің атына келіп түскен әрбір сауал мен өтініш бойынша тексеру жүргізіліп, актілер жасалады, білім беру ұйымының басшылығына тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылады. Аталған жұмыстар Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің ерекше бақылауына алынды.

Комиссия құрамына «Нұр Отан» партиясының, қоғамдық бірлестіктердің белсенділері, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері енді.

Сонымен қатар, әр мектепте білім мекемесі жұмсайтын міндетті шығындар тізімі ілінеді. Сыныптарда ақша жинау фактілері, мектеп әкімшілігі немесе жекелеген оқытушылар тарапынан басқа да заңға қайшы іс-әрекеттер тіркелген жағдайда, ата-аналар 55-01-62 және 87782550162 телефондары бойынша Білім басқармасының «қауырт желісіне» хабарласа алады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11432
Әрі қарай

Коммуналдық меншік нысандарын бәсекелес ортаға берудің нәтижесінде 500 млн теңгеден артық қалалық бюджет қаржысы үнемделді

Жыл соңына дейін тағы да 5 коммуналдық меншік нысаны саудаға шығарылады. Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукиннің айтуынша, коммуналдық меншік нысандарын бәсекелес ортаға берудің нәтижесінде 500 млн теңгеден артық қалалық бюджет қаржысы үнемделді. Бұл қаржы қаланың әлеуметтік қажеттіліктеріне жұмсалатын болады.

Бекітілген тізімге сәйкес саудаға бірнеше нысан шығарылады, атап айтқанда, «Қайсар» спорт клубы» МКҚК; «Астана» көкпар клубы»; «Х.С. Омаров» атындағы шахмат клубы» МКҚК; «Астана батыры» жекпе-жектер клубы» МКҚК.

2015–2016 жылдары аталған нысандарды ұстауға 509 508 000 теңге бөлінген.

2016 жылғы маусым және тамыз айларында «Вечерняя Астана» республикалық қоғамдық-саяси газетінде және www.gosreestr.kz веб-порталында өтеді деп хабарланған аукционның екі кезеңі қатысушылар болмағандықтан жарамсыз деп танылды.

Төрт нысан бойынша үшінші кезең 2016 жылдың 4 қазанында өткізілді. Аукционды өткізу туралы ақпарат «Вечерняя Астана» газетінде және www.gosreestr.kz порталында жарияланды.

— «Қайсар» спорт клубы» МКҚК697 096 теңгеге сатылды. Бастапқы соманың 15% мөлшеріндегі қайтарымсыз кепілдік салымды есепке алғанда (ол қалалық бюджетке түседі), клубты сатып алуға сатып алушы 3 630 346 теңге жұмсаған.

— «Астана» көкпар клубы» МКҚК198 554 теңгеге сатылды. Бастапқы соманың 15% мөлшеріндегі қайтарымсыз кепілдік салымды есепке алғанда (ол қалалық бюджетке түседі), клубты сатып алуға сатып алушы 6 374 654 теңге жұмсаған.

— «Х.С. Омаров» атындағы шахмат клубы» МКҚК — 12 870 теңгеге сатылды. Бастапқы соманың 15% мөлшеріндегі қайтарымсыз кепілдік салымды есепке алғанда (ол қалалық бюджетке түседі), клубты сатып алуға сатып алушы 1 188 270 теңге жұмсаған.

— «Астана батыры» жекпе-жектер клубы» МКҚК — 9 386 426 теңге. Бастапқы соманың 15% мөлшеріндегі қайтарымсыз кепілдік салымды есепке алғанда (ол қалалық бюджетке түседі), клубты сатып алуға сатып алушы 17 037 326 теңге жұмсаған.

Сауда қорытындысы бойынша кепілді салымдар бойынша «Қайсар» спорт клубы бойынша қалалық бюджетке 2 933 250 теңге, «Астана» көкпар клубы бойынша – 6 176 100 теңге, Х.С. Омаров ат. Шахмат клубы бойынша – 1 175 400 теңге, «Астана» жекпе-жектер клубы бойынша – 7 650 950 теңге түскен, жалпы қала қазынасына 17 935 650 теңге түскен.

Қада әкімінің тапсырмасымен нысандардың әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, сауда материалдары құқықтық бағалау жүргізу үшін Астана қаласының прокуратурасына жіберілді. Прокуратураның қорытындысы бойынша, аукциондарды өткізу процедураларын зерделеу нәтижесінде заңнама талаптарын бұзу жағдайлары тіркелмеген.

Қала әкімінің орынбасары Андрей Лукиннің айтуынша, аукцион шартына сәйкес жекешелендірілген нысанның иесі қызмет профилін сақтауға тиіс. Бұл ретте нысандарды беру кезінде онда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс орналастырылады, бұл мүгедектігі бар балаларды және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды тегін сабақтармен қамтуға жол береді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11435
Әрі қарай

Астанада Оңтүстік Қазақстан облысының күндері өтіп жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясы елордалықтар назарына ауқымды бағдарламасын ұсынуда. Таңертеңнен бері «Хан шатыр» СОО жанындағы алаңда өңірдің тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. 50 шатырда 300 тоннадан астам өнім сатылуда. Сонымен қатар, демалыс күндері ОҚО тарихымен, мәдениетімен және басты жетістіктерімен танысуға болады.

Ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне Астана әкімі Әсет Исекешев пен ОҚО басшысы Жансейіт Түймебаев та ат басын тіреді.

ҚР Ұлттық музейде «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» атты көрме ОҚО-ның мәдени бағдарламасының шымылдығын ашты. Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын жазушылар кездесуі және «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты кітап көрмесі өтеді.

Бүгін және ертең сағат 11-ден 17-ге дейін Оқушылар сарайында «Балаларға – базарлық», «Толағай», «Қазақстан барысы», «Қазақстан бренді», «Қошқар ата мен теке», «Момын және қарақшылар», «Мұңлық – Зарлық», «Нәурізек» анимациялық фильмдері көрсетіледі. Бүгін «Жастар» театрында сағат 18-де Ж. Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері С. Досановтың «Тозақ шеңбері» спектаклін сахналайды.

Мәдени бағдарлама ертең де жалғасын табады. Сағат 12-де Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық әлеуметтік мекемеде және Балалар психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесінде «Жүректен жүрекке» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, ‪16 қазанда Астанада этномәдени бірлестіктердің өкілдерінің қатысуымен «Ет асу» фестивалі және композитор Ш. Қалдаяқовқа ескерткіш орнатуға байланысты белгі қою рәсімі өтеді.

Іс-шаралар легі сағат 18-де Конгресс-холлда «Ән шашуым өзіңе, мерейлі Астанам!» гала-концертімен және «Нұрын шашқан – Оңтүстік» фотокөрмесімен аяқталады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11444
Әрі қарай

Астананың Қуыршақ театры әлемдік деңгейге шықты

Астананың Қуыршақ театры Барселона мен Парижде өткен Халықаралық қуыршақ карнавалының кездесулеріне қатысты. Әлемнің 54 мемлекетінен жиналған үздік театрлық ұжымдар өзара тәжірибе алмасып, өнердің осы түрін дамыту перспективаларын талқылады.

Шара барысында Астана қаласының Қуыршақ театрының директоры Тоғжан Хасанғалиева «Плaншетті қуыршақтар» тақырыбында баяндама жасады. Бұл сахна төсемінің үстінен «жүре» алатын қуыршақтың бір түрі, оны планшетті деп атайды. Қазіргі кезде планшетті қуыршақтар өнер әлемінде кеңінен танымал және әлемнің үздік әртістерімен пайдаланылады. Елордалық қуыршақ ойнатушы әртістер де оларды өз қойылымдарында кеңінен қолданылады және өз шеберліктерімен бөліседі.

Сонымен қатар, астаналық әртістер Халықаралық қуыршақ карнавалының шеберлік сыныптарында қазақтың ұлттық стилінде жасалған үстел планшетті қуыршақтарымен өнер көрсетті. Олар шетелдік әріптестерінің назарына «Қаңбақ шал» халық ертегісін ұсынды. Халықаралық қуыршақ карнавалының кездесулеріне қатысқан әлемнің үздік қуыршақ ойнатушы әртістері Астананың Қуыршақ театры әртістерінің шығармашылығы мен кәсіпқойлығын жоғары бағалады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11441
Әрі қарай

Қостанай облысының тауар өндірушілері елордаға 400 тоннаға жуық өнім әкелді

Қалалық алаңда Қостанай облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. Шараға өңірдің 14 ауданы мен 3 қаласынан 74 кәсіпорын қатысуда. Жалпы облыстан елордаға 400 тоннаға жуық түрлі өнім әкелінді, соның ішінде, көкөніс, ет, сүт және нан өнімдері және т.б.

Жәрмеңкеде азық-түлік өнімдерінің бағасы базардағыдан орта есеппен 15-20% арзан. Елорда әкімі Әсет Исекешев пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ұсынылған тауарлардың сапасы мен әралуандылығына көз жеткізді.

— Біздің жәрмеңке қалалық алаңда өтіп жатыр, жақын маңда зейнеткерлер, бюджеттік сала қызметкерлері көп тұрады, олар бірнеше айға деп, өнімдерді артығымен сатып алуда. Өйткені біздің өнім сапалы әрі базар мен гипермаркеттерге қарағанда 15% арзан. Айта кетейін, біз жәрмеңкемен ғана шектелмейміз, азық-түлік өндірушілер мен ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімізді қалалық базарларға, гипермаркеттерге делдалсыз тікелей шығару үшін Астана қаласының әкімдігімен меморандумға қол қойылды, — деді Архимед Мұхамбетов.

Оның айтуынша, келесі аптада 10-15 ірі ауыл шаруашылық тауар өндірушімен азық-түлікті Астанаға тікелей жеткізу бойынша келісім жасалады.

Қостанай облысының әкімі өңірдің алдағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты жоспарларымен де бөлісті.

— Қостанай өңірі ЭКСПО көрмесіне азық-түлік жеткізіп қана қоймай, қонақтарды да қарсы алатын болады, біздің туристік маршруттарымыз жақсы, — деді Архи­мед Мұхамбетов.

Қостанай облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі бүгін және ертең – 15-16 қазанда өтеді.
Әрі қарай

Астанада дәстүрлі Махамбет оқулары өтеді

17 қазанда М. Өтемісов атындағы оқушылар сарайында «Махамбет — тарихи тұлға» атты Махамбет оқуларының қалалық байқауы өтеді.

Конкурс XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көшбасшысы, қазақтың ұлы ақыны Махамбет Өтемісовке арналған.

Махамбет оқуларының қалалық байқауына 8-17 жастағы 100 бала қатысады. Басты кезеңге 60 мектептің ішінен 24 мектептің оқушылары өтті.

Биыл «Махамбет — тарихи тұлға» қалалық байқауы «Мен – Өтемістің баласы Махамбет атты батырмын», «Тартынбай сөйлер асылмын...» номинациялары бойынша өтеді.

2003 жылы астаналық оқушылар сарайына батыр бабамыз Махамбеттің есімі берілді. Оқушылар сарайы 13 жылдан бері Махамбет оқуларын ұйымдастырып келеді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11438
Әрі қарай

Елордада үздік сынып жетекшілері анықталды

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектепте «Ең үздік сынып жетекшісі» жалпы мектепішілік конкурсы өтті. Байқауда 11 сынып жетекшісі бес номинацияда сайысқа түсті.

Бірінші кезеңде сынып жетекшілері «Менің педагогикалық ұстанымым» тақырыбында эссе жазып, сынып туралы жарнамалық кітапшаларын таныстырды.

Келесі номинацияда педагогтар ашық сынып сағаттарын өткізді. Бұл олардың оқушылармен өзара сыйластық қатынас құру, әрбір оқушыны тақырыпты талқылауға тарта білу қасиеттерін көруге мүмкіндік берді. Бағалау кезіндегі басты критерий сабақтың мазмұны, оны өткізу әдістері мен нысаны болды. Конкурс барысында қатысушылар «Сынып жетекшісінің өмірінен бір күн» бейнеролигінің авторы атанды. Бұдан басқа, сынып жетекшілері өз шығармашылық өнерлерін ортаға салды.

«Ең үздік сынып жетекшісі» байқауының Гран-приі мен «Ең үздік сынып жетекшісі» атағы Гулистан Уринбасароваға бұйырды.

Бірінші орынды Сымбат Омарова мен Айгүл Долапова өзара бөлісті. Аяулым Ахметбекова екінші, Роза Акиярова үшінші орында.

Қалған қатысушылар номинант атанып, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Конкурс оқушыларды тәрбиелеудің инновациялық әдістерін анықтау, кәсіби даму, шығармашыл сынып жетекшілеріне қолдау көрсету мақсатында өткізілді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11437
Әрі қарай