Астанада жеке меншік балабақшаларға топтау жүргізіледі

Кезекке тіркелген 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды Астананың қолданысқа енген жеке меншік балабақшаларға топтау жарияланады. Жолдамалар мемлекеттік білім беру тапсырысы бар жаңа және қолданыстағы жеке меншік балабақшаларға беріледі.

Жинақтау жұмыстары 28 қыркүйектен 12 қазанға дейін жүргізіледі. Жолдама үшін Қарталы көшесінде орналасқан №61 орта мектепке сағат 10.00-нан 17.00-ге дейін жүгіну қажет.

Астана тұрғындарында ағымдағы кезек нөмірі болуы тиіс (оны ЖСН, баланың ТАӘ және туған күні бойынша egov.kz/ порталы арқылы білуге болады). Жеке меншік балабақшаға жолдама алғанда, мемлекеттік балабақшаға кезек сақталады.

Жеке меншік балабақшада ата-аналардың төлемақысы 20 800 теңгені құрайды. Сондай-ақ, жеке меншік балабақшаны тұрғылықты мекенжайға сәйкес мемлекеттік тапсырыс бойынша жекеменшік балабақшалардың тізімінен таңдап, оған жолдама алуға мүмкіндік бар.
Әрі қарай

Жұмыссыз жүрген азаматтарға көмек көрсетілуде

Жұмыспен қамту орталығы «Жастар» сарайында жұмыс іздеушілерге арналған кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Шара барысында 60 астам жұмыс беруші түрлі мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Сағат 10.00 басталған жәрмеңке сағат 13.00 дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында жұмыс іздеушілер әлеуетті жұмыс берушілермен сұхбаттасып, ұсынылған бос орындармен танысады, өз түйіндемелерін қалдырады.

— Жәрмеңке азаматтардың барлық санаттарына арналған. Бүгін түрлі салаларда мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылып отыр. Бұл жолы қызмет көрсету саласына баса назар аударылады. Елордада жақсы дамығандықтан мұнда кадрлар жетіспеушілігі байқалады. Жалпы жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бос жұмыс орындарының арқасында 300-ден астам адам жұмыс тапқан, — дейді Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығы баспасөз қызметінің басшысы Дидар Садықов.

Жәрмеңке барысында гид-экскурсоводтар мен тәрбиешілердің үш айлық курстарына да жазылуға болады. Оқу орталықтары өткізетін курстар Жұмыспен қамту орталығымен ұйымдастырылады, сабақтар тегін өткізіледі және стипендия төленеді.

Биыл жұмыссыз азаматтарға арналған тағы да екі жәрмеңке өткізілмек.

— Меніңше, бұл жұмыссыз жүрген немесе қосымша жұмыс іздеген адамдарға арналған жақсы шара. Жұмыс іздегеніме көп болды, жәрмеңкеге тәрбиешінің жұмысын іздеп келдім, — дейді астаналық Әлима Омарова.

Жалпы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, қалалық Жұмыспен қамту орталығына 9125 адам жүгінген, 7382 адамға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді, 5180 адам жұмысқа орналастырылды. Атап айтқанда, 486-сы «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жастар практикасына жіберілді, 107 астаналық әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама алды. Ал 623-ідайындау, қайта даярлау жне біліктілікті арттыру курстарын бітірді.
Әрі қарай

Сеул ауруханасының жетекші дәрігері елордада шеберлік сыныбын өткізді

№2 қалалық ауруханада Ча Бунданг ауруханасының (Сеул қ. Оңтүстік корея) жетекші дәрігер гастроэнторологы профессор Коның жетекшілігімен асқазанның қатерлі ісігі бар деп күдік келтірілген пациентке жоғары мамандандырылған ота жасалды. Бұл әдістеменің ерекшелігі – операцияның эндоскопиялық жолмен жасалатындығы.

Шберлік сыныбы биыл Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен Сеулдің Сунг Кван Чаум медициналық қорының арасында жасалған ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында жүзеге асты.

— Бүгін профессор Ко өте сирек жасалатын операция түрі бойынша шеберлік сыныбын өткізді– эндоскопиялық жолмен асқазандағы ісіктің шырышасты резекциясы. Бәрі мәжіліс залда көрсетілді. Негізі, Ча медициналық корпорациясыОңтүстік Кореядағы ірі ұйымдардың бірі. Хирург, эндоскопист және т.б. мамандарды даярлауда практикалық көмек көрсетеді, — деді №2 қалалық аурухананың бас дәрігері №2 Иван Ли.

Оның айтуынша, 1 қазаннан бастап аталған корпорация жергілікті мамандарды екі ай бойы тегін оқытатын болады.

Бірегей эндоскопиялық жолмен өткізілген операция ота жасау аумағын азайтып, пациентті аз жарақаттайды, ауруханада жату мерзімін азайтып, тез жазылуына септігін тигізеді. Операцияның бұл түрі елордада алғаш рет жасалды.

Профессор Коның айтуынша, қазіргі кезде мұндай оталар ЧА Бунданг ауруханаларынан басқа, Оңтүстік Кореяның 50 клиникасында жасалады.

— Біз асқазан мен өңештің қатерлі ісігін бастапқы кезеңде анықтаймыз. Ал Қазақстанда қатерлі ісік табылса, көп жағдайда резекция жасалады деп естідім. Органды алып тастайды, ал біз тек зақымданған бөлігін ғана аламыз. Бізге Қазақстаннан операция жасатуға адамдар көп келеді. Сіздердің дәрігерлеріңіз келіп оқысын, өзіміз де келіп көрсетеміз,- дейді дәрігер.

Айта кетейік, Оңтүстік Кореядағы Ча Бунданг ауруханасында бір жылда 1 млн жуық адам амбулаторялық ем-дом қабылдаған. Мекеме науқастарды қабылдау саны бойынша Кореядағы үздік он аурухананың бірі.
Әрі қарай

120 жас ғалым, докторант пен магистрантқа пәтер кілті табысталды

Мұғалімдер күні қарсаңында С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеттің жас ғалымдарына, докторанттары мен магистранттарына жаңа баспананың кілтін табыстау салтанаты өтті.

Шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ АТУ» АҚ Басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев қатысты.

Елорда әкімінің орынбасары Андрей Лукин өз сөзінде Мемлекет басшысы халықты баспанамен қамтуға баса назар аударатынын атап өтті. Бүгінгі таңда Астанада тұрғын үймен қамтамасыз ету бір адамға шаққанда 29 шаршы м жуықтады, жыл сайын 2 млн шаршы м жуық тұрғын үй тапсырылады.

— Баспаналы болғандарды құттықтаймын, Қазақ агротехникалық университетінде осындай дәстүр қалыптасқан, бұл еліміздегі үздік жоғары оқу орындарының бірі. Мердігерлеріміз рекордты қысқа уақыттың ішінде – 10 айда әдемі үйлер салып бітірді. 120 адам қоныс тойын тойлайды. Бұл қаланың орталық бөліктерінің бірі. Мұнда баланың сыңғырлаған күлкісі естіліп, ақсақалдарымыз демалады, ал ең бастысы, бұл ғылыммен, шығармашылықпен, жастарымызды тәрбиелеумен айналысуды жалғастыруға ынталандырады. Баршаңызға бақыт пен көтеріңкі көңіл күй тілеймін, — деді А. Лукин.

Елорда әкімдігінің қолдауымен университеттің жас оқытушылары, докторанттары мен магистранттары үшін Есіл өзенінің сол жағалауында 120 пәтерлік үш бес қабатты үй бой көтерді. Академиялық мобильділік бағдарламасы аясында шетелде тағылымдамадан өткен жас оқытушыларға және «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаттарына пәтер кілті табысталды.

Баспана алғандардың бірі Ветеринария және мал шаруашылығы технологиялары факультетінің екінші курс докторанты Қанат Тұрсынов билік пен университет басшыларына алғыс айтып, өз қуанышымен бөлісті.

— Мен Ақмола облысынанмын, бұған дейін жұбайыммен университеттің жатақханасында тұрып келдік, енді баспаналы болдық, өте қуаныштымын. Осы университетте бакалавриатты, магистратураны бітірдім, енді докторантурада оқып жүрмін, — деді ол.

Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, аумақта қалған бос орынға профессорларға арналған баспана салынады.
Әрі қарай

Елордада Astana Leisure-2016 туристік көрмесі өтіп жатыр

«Көрме» кешенінде жыл сайынғы Astana Leisure-2016 халықаралық көрмесі ашылды. Шара барысында Қазақстанның өңірлерінен және басқа да мемлекеттерден 100 астам компания, соның ішінде туристік фирмалар, санаторийлер, әуе компаниялары және т.б. қатысады.

«Астана Конвеншн бюро» ЖШС көрмеге екінші рет қатысып отыр. Бұл жолы Recommended by EXPO бағдарламасы бойынша серіктестер – қонақ үйлер, мейрамханалар көрсетілген үлкен стенд жасалды. Бұдан басқа, келісімшарт жасау мүмкіндігімен В2В-кездесулер өткізетін туристік агенттіктер мен қолөнершілер де бар.

«Астана Конвеншн бюро» ЖШС директоры Санияр Айтекеновтың айтуынша, бүгін Қазан қаласының Туризмді дамыту орталығымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылады.

– Шараға келген Ресей, жақын жатқан мемлекеттердің туристік агенттіктері еліміздің әлеуетімен танысады, келісімдер жасасып, қажетті ақпаратты алады. Жалпы, Қазақстан туризм аясында ұсына алатынның барлығы осында көрсетілген. Дәстүрлермен де танысуға болады, концерттік бағдарлама да ұсынылады, – деді Санияр Айтекенов.

Биыл шара барысында қатысушылар мен қонақтар үшін семинарлар, қала бойынша экскурсиялар, ақпараттық турлар, ұтыс ойындары ұйымдастырылады.

Көрме 1 қазанға дейін жалғасады.
Әрі қарай

Астанада 1084 игерілмеген жер учаскесі анықталды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана қаласы әкімі Әсет Исекешев қалалық қызметтердің игерілмеген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын болдырмау және құрылыс алаңдарындағы қоқысты уақытылы шығару мәселелері жөніндегі іс-қимылдар жоспарын бекітті.

Бекітілген іс-шаралар аясында елорда әкімдігінде Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның төрағалығымен отырыс өтті, оған игерілмейтін жер учаскесінің 400 жуық иесі қатысты.

Елорда басшысының бірінші орынбасары Сергей Хорошунның айтуынша, ескерту жасалғаннан кейін бір жылдың ішінде игерілмеген жер учаскелері бойынша сотқа мәжбүрлі түрде алу бойынша талап-арыз ұсынылады.

2012-2016 жж елорда әкімдігі прокуратура органдарымен бірге қала аумағындағы игерілмейтін жалпы ауданы 16 мың га 1084 жер учаскесі анықталды. Соның ішінде қабылданған шаралардың нәтижесінде жалпы ауданы 6 мың га 265 игерілмейтін жер учаскесі (соның ішінде: жалпы ауданы 5,2 мың га 88 ауыл шаруашылық мақсаттағы жер учаскесі, ауданы 0,8 мың га 177 коммерциялық нысан) мемлекетке қайтарылды.

Бұған дейін пайдаланылмай келген ауданы 4,4 га жер учаскесі (соның ішінде: ауданы 4 мың га ауыл шаруашылық мақсаттағы 54 жер учаскесі, ауданы 0,4 мың га 286 коммерциялық нысан) игеріле бастады.

Сондай-ақ, ауданы 5,6 мың га 479 жер учаскесі бойынша пайдаланылмайтын жер учаскелерін қайтаруды қамтамасыз ету бойынша Жол картасы әзірленді. Құжат аясында барлық пайдаланылматын жерлердің иелеріне бір жылдың ішінде жерді мақсатты пайдалану қажеттілігі туралы ұйғарым берілді.

Сонымен қатар, құрылыс алаңдарындағы қоқысты уақытылы шығару және рұқсат етілмеген қоқыс орындарын болдырмау бойынша мәселелер әкімдіктің ерекше бақылауына алынды. Салушылар мен игерілмеген жер учаскелерінің иелеріне екі аптаның ішінде аумақтағы қоқысты арнайы қалалық полигонға шығару туралы ескерту жасалды.

Айта кетейік, ҚР Жер кодексінің 94-б. Нормасының талаптарына сәйкес, игерілмейтін жер учаскелері сот шешімімен алынады және сот орындаушыларымен саудаға (аукционға) шығарылады. Қазіргі таңда ауданы 69,3 га 33 жер учаскесін мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтару туралы шағым қанағаттандырылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда және тұрақты бақылауға алынды.
Әрі қарай

Елордалық жастарды жұмысшы мамандықтарды таңдауға шақырады

Бүгін «Қазмедиа орталығында» жоғары сынып оқушылары мен мемлекеттік мекемелер, бизнес құрылымдар, өнеркәсіптік өндіріс өкілдерінің кездесуі өтті. Аталған шара жастарды жұмысшы мамандықтарды таңдауға шақыруға бағытталған.

— Мұндай кездесулер жоғары сынып оқушыларына серпін беру үшін жыл сайын өткізіледі, олар болашақ кәсіпті өздері таңдайды. Шараға Жұмыспен қамту орталығынан, жастарды жұмысқа орналастыру, кәсіптік бағдар беру, білім беру салаларынан мамандар шақырылады. Сондай-ақ, еңбек мамандықтарының өкілдері де келеді, олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға қандай да болмасын мамандық бойынша айтып береді, — деді «Астана жастары» КММ басшысы Әнуар Нұрпейісов.

Оның айтуынша, 5 және 6 қазанда жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатында «Нұрлы жол» ИИДМБ өнеркәсіптік кәсіпорындарына экскурсиялар ұйымдастырылады. Шараға 3500 жуық оқушы қатысады.

Мектеп оқушыларына «Дұрыс таңдау жаса!» бейнеролигі көрсетіліп, сұранысқа ие мамандықтар, техникалық және кәсіптік білім туралы ақпарат ұсынылды.

— Техникалық және кәсіптік білім беру сервистік қызмет көрсету, білім және медицина, құрылыс, коммуналдық шаруашылық және техника, көлік және коммуникация, экономика және заң бағыттары бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап «Тегін кәсіптік техникалық білім» жобасы қолға алынады, ол жұмысшы мамандықтарға ғана қатысты болады, — деді Астана қаласының Білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім бөлімінің әдіскері Жанар Төребекова.

Айта кетейік, 10 қазанда елордалық оқушылар дәріскерлермен кездесетін болады.
Әрі қарай

Астанада жұмыссыздық деңгейі 4,7% құрады

Жыл басынан бері Астана қаласының аумағында 12 629 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 9 534-і шағын бизнес саласында. Биыл Жұмыспен қамту орталығы 10 бос орындар жәрмеңкесін өткізді, олардың нәтижесі бойынша 329 адам жұмысқа орналасты. Елордада еліміздегі ең төменгі жұмыссыздық деңгейі сақталып отыр — 4,7%.

Жұмыспен қамту орталығына 10 472 адам жүгінді. Көрсетілген қызметтердің нәтижесінде 6 117 адам жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 572 адам жастар практикасына қатысты, 111-і әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді.

Айта кетейік, 381 жас маман жастар практикасынан өтіп, 224 адам немесе 59%-ы жұмысқа орналастырылды. Даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламасы аясында 693 жұмыссыз азамат оқу курсын тәмамдады. Қоғамдық жұмыстарға 1 801 адам жіберілді. Жалпы алғанда, әлеуметтік қолдау шараларымен 8 611 адам немесе жалпы жүгінген адамдардың 82,3%-ы қамтылды.
Әрі қарай

Әсет Исекешев Қазақстан мен Ресейдің ХІІІ аймақаралық ынтымақтастығы форумының жалпы отырысына қатысты

Тәуелсіздік сарайында Қазақстан мен Ресейдің ХІІІ аймақаралық ынтымақтастығы форумының жалпы отырысы өтті. Форум барысында Астана әкімі Әсет Исекешев елорданы дамыту жөнінде баяндама жасады.

— Мемлекет басшысы қаланы және оның инфрақұрылымын дамытуға ғана емес, жасыл белдеуге де баса назар аударады. Қала маңына 13 млн астам ағаш отырғызылды, жасыл белдеу аумағы 130 есеге ұлңайып, 86 мың га құрады. Астана өзінің бірегей келбетімен танымал, оны жасауға әлемнің жетекші сәулетшілері қатысқан. Қалада тұрғын үй құрылысы да дамып келеді. 18 жылда 20 млн шаршы м тұрғын үй салынды, биыл 2 млн шаршы метр баспана тапсырылады,- деді Әсет Исекешев.

Ресей аймақтарымен ынтымақтастық жөнінде айта келе, елорда басшысы қаланың тиімді географиялық ортада орналасқанын, ал жаңа теміржол және автомобиль жолдары Астананы Қазақстанның өңірлерімен ғана емес, Ресейдің шекаралас аймақтарымен де байланыстыратынын атап өтті, бұл физикалық және экономикалық қарым-қатынастарды қысқартуға мүмкіндік береді.

Оның айтуыша, Астана Ресей аймақтары үшін сенімді серіктес болып табылады, бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымының 16% Астанаға тиесілі.

— Ең алдымен Орал және Сібір аймақтарымен сауда көлемін айтарлықтай арттыру көзделген, азық-түлік тауарларын жеткізу, соның ішінде Орталық азиядан көкөністер әкелінеді. Жалпы алғанда, соңғы екі жылда Астанада төрт ірі көлік-логистикалық орталық салынды, сондай-ақ, жаңа әуежай терминалының құрылысы жүргізіліп жатыр, бұл өткізу қабілеттілігін 6,5 млн жолаушыға дейін көбейтуге жол береді, ал жаңа теміржол вокзалының өткізу қабілеттілігі жылына 12 млн жолаушыны құрайды. Туризм үшін аталған инфрақұрылымның маңызы зор. ЭКСПО қарсаңында Астананы Ресейдің ірі қалаларымен байланыстыру қажет деп санаймын, сондықтан біз аймақтардың губернаторларымен бірге бәрін зерделеп, маршруттарды қолдау тетіктерін анықтаймыз,- деді Әсет Исекешев.

Қазіргі кезде ресейлік бизнесмендер өнеркәсіп, ШОБ салаларында жұмыс істейді. Жалпы Астанада 800 ресейлік компания қызмет етеді, бірқатар маңызды бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Алдағы уақытта қала үшін маңызды басымдықтардың бірі қаржылық хабты дамыту болады.

Ғылым мен инновация саласында ынтымақтастықты белсендіру де маңызды. Бүгінде интеллектуалды инфрақұрылым құруға баса назар аударылады, ақылды қала технологиялары пайдаланылады.

Сөз соңында Әсет Исекешев ЭКСПО-2017 көрмесінің өтетінін айтып, ресейлік тарапты шараға белсенді қатысуға шақырды.
Әрі қарай

Мемлекет басшысы Қазақстан-Ресей бизнес-форумына қатысты

Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның 1300-ден астам өкілі қатысқан форум барысында инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылды.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті.

– Біз кең ауқымды бағыттар бойынша өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Оған осы өңіраралық форум да септігін тигізетін болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар, дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 30%-ке төмендегені байқалады. Көп жағдайда оның қарқыны бәсеңдеуі сыртқы жаһандық ахуалдарға байланысты болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда, Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін беру қажеттігін айтты.

– Бізде Ресеймен бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Мұнай химиясы, тау-кен металлургиясы кешені сияқты көптеген салада екіжақты инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта бізде құны 20 миллиард доллар болатын 60-тан астам жоба бар. Олардың іске асырылуына қолдау көрсетілетін болады, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимыл аясын кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екеніне назар аударды.

– Біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс жүргізіп отырмыз. Еркін сауда жөнінде Вьетнаммен келісімге қол қойылып, осындай келіссөздер Қытаймен, Оңтүстік Кореямен және Сингапурмен жүргізіліп жатыр. ЕурАзЭО-мен ынтымақтасуға Үндістан, Мысыр, Иран, Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдастығының мүшелері және басқа да елдер ниет білдіруде. Біз мақсатты түрде барлық өндірушілер мен инвесторлар үшін ортақ айқын ережелер қалыптастырудамыз. Қазақстанның экономикасына қаражат құя отырып, Ресей бизнесі мұнда өздерін «үйіндегідей» сезінетін болады. Еуропа мен Азия арасындағы қуатты көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастыру мәселесінде елдеріміздің ортақ мүддесі тоғысып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті республикадағы инвестициялық ахуалдың жақсарып, экономиканың әртараптандырылуына күш-жігер жұмылдырылып жатқанына назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру саласындағы, соның ішінде салық режімін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылып, «ЭКСПО-2017: Болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін еске салды.

Соңында Қазақстан Президенті талқыланып жатқан бастамалардың тиімді іске асырылатынына сенім білдіріп, қатысушыларға табыс тіледі.
Әрі қарай