Айхай дәурен, аңғал досым-ай...

Түні бойы ұйықтай алмай шықтым. Түсіме қайтыс болған кластасым кіре берді. Құран оқытамын-ау деймін…Марқұмға құран бағыштайтын да ешкім жоқ шығар…
10-11ді Балқашта оқыдым. Класта есімі бірдей екі бала болды. Бірін “Ұзын Алмас”, екіншісін “Карибаев Алмас” дейтінбіз. “Біздің атымыз бірдей емес. Мен Алмазбын, анау Карибаевтарың Алмас” деп ұзыны дауласушы еді. Ұзынымен қатты араласып кеткенім шамалы. Кәрібаев екеуміз Балқаштың бір шетіндегі жер үйлер жағында бір маңайда тұрдық. Екеуміздің қызығушылығымыз, біраз ұқсастығымыз бартын. Алмас футбол десе жанын беретін. Көшеде футбол ойнағанда бір-бірімізбен ойынымыз үйлесіп жататын. Алма қайтыс болғаннан кейін ешкіммен де футболды сәтті ойнай алмадым. Келе-келе ойнауды мүлде қойып кеттім. Осы футболқұмарлығымыз арамызды ашып жібере жаздады. Бірақ, қалай екенін білмеймін, қайта достасып кеттік. Бала кезде адам кекті қатты көп сақтамайды екен ғой қазір қарап отырсам… Бір күні Сәкен Сейфуллин атындағы қалалық кітапханадан Несіп Жүнісбайұлының “Мексикадағы футбол тойы” деген кітабын алдым. Жата-жастана оқыдым. Алмас екеуміз атақты футболшылардың суретіне қарап, ағамыздың әдемілеп жеткізген әңгімесінен олардың ойынын көргендей әсер алдық. Кітапты кітапханаға тапсыратын уақыт келді. Менің сөмкемде ол кітаптың барлығын Алмас екеуміз ғана білеміз. Содан сабақ соңында кітапханаға бармақшы болсам кітабым жоқ. Дәптерлерім, басқа оқулықтарым бар. Әлгі кітап жоқ. Күдігім Алмасқа түсті. Екеуміз төбелесіп қалар ма едік. Тек, Алмастың мектепте жоқ болуы ғана бөгет болып қалды. Сонымен, кітап тапсырылмай қалды. Сол беті әлгі кітапханаға жоламай кеттім. Бір өкініштісі кітаптарды таныс арқылы, жездемнің атынан алып жүрген едім. Жаманаты сол кісілерге келді…

Алмасқа қарағанда менің бос уақытым аз болатын.Жер үйдің оны-мұны шаруасынан көп босай қоймайтынмын. Аға-жеңгеңнің қолында оқығандықтан олардың көңілінен шығуға ұмтылмасаң тағы болмайды. Көбіне үйде болуға тырысатынмын. Ал, Алмастың әкесі жоқтын. Өзінің айтуынша ертеректе қайтыс болып кеткен екен. Ол тақырыпқа қайта оралмаған едік. Анасы ішкілікке құмарлау, үйіндегі қарындасының бар ауыртпалығы осы Алмастың мойнында еді. Оныншыны оқиды дегеніміз болмаса толық ержетіп үлгермеген баламыз ғой. Алмаста кейде доп қуып үйіне кеш оралатын. Сондай кезде үйлері жақтан үнемі қарындасының жылағаны, анасының айқайы естіліп жататын.
Бір күні алмас “Бүгін қарындасым бастауышты бітіреді. Ақша керек. Гараждар жаққа барайықшы” деп өтінді. Қанша керек болғанын дәл қазір есіме түсіре алмай отырмын. Қазіргі бағаммен күлкілі сомма шығар. Сәбет өкіметі тараған соң біраз жер телімдерінің тістегеннің аузында, уыстағанның қолында кетіп жатқан кездер. Біз тұратын “Рабочий поселоктың” сыртындағы гараждардың орнын біреулер сатып алып, гараждарды шетінен қиратып жатқан кез. Біреулер өз гараждарын өздері бұзып алып жатты. Біреулердің гараждарын басқа біреулер күндіз ашықтан ашық тонап жатқан тұс. Аңда-саңда біз секілді балаларда барып, мыс пен алюминий қалдықтарын теріп алып өткізіп, ақша жасайтын.
Сабақтан соң жаман киімдерімізді киіп алып гараждарға өттік. Кейбір гараждардың бүйірлері аюдың апанындай тесік болушы еді. Бір тесіктен өтсең қабырғалас 5-6 гаражды тінтіп шығуға болады. Содан не керек бір гаражға келіп тірелдік. Ішінде “Победа” маркалы машина тұр. Маңайы толған шашылған сайман. Көзімізге не мыс не алюминий түспеді. Гараждың “ямасына” түсуді ұйғардық. Қолымызда кішкентай фонаригіміз бар. Ямада қандай көліктікі екенін бір Құдай мен машинадан хабары бар адамдар білетін “каробка передачи” жатыр. Сырты дюралюминий секілді көрінді. Екеуміз мықшыңдап соны “ямадан” шығарып жатқанда гараждың қос есігі айқара ашылып үш-төрт еңгезердей жігіттер кіріп келді. Шұңқырдан шығып үлгере алмай қалдық. Қолымызды қайырды да анадай жерде тұрған “Волгаға” тоғытты. Рейдте жүрген оперлерге түсіп қалыппыз. “Мына гараждың барлық шығындарын сендердің мойындарыңа ілеміз. Әке-шешелерің бар ма?” деп сұрады біреуі. Алмас екеумізде үн жоқ. Қалалық ІІБ ғимараты біздің мектептің дәл жанындатын. Сонда әкелді. саусақ іздерін түсірді. Кинодағыдай қырымыздан, алдымыздан суретке түсірді. Видеоға жазып алды. “Мектептеріңе жібереміз” деп қояды. Бір кезде ішке бір капитан кірді. Бұрын бұндайды көрмеген мен өзімнің таныс милицияларым бар екенін ұмытып кеткен екенмін. Анау кіріп келген капитан менің әкемнің қарындасының күйеуінің (әрі қарай жездем) інісі еді(Кейін ол кісіде қайтыс болып кетті). “Сіз Донисыз ғой. Мен Ләкәнің інісімін” деп жатырмын. “Қайнылары апамызды “Ләкә” деуші еді. Сонымен, ол кісі апамызға звандап, апамыз күйеуіне звандап шаруа шешіле кетті. Жездеміз сол кезде МАИ инспекторы. Капитан әлде майор. Жұрттарға жүргізуші куәлігін, көліктерге нөмір беретін жердің бастығы. Шаруа шешілгенмен екеуміз қас қарая бірақ шықтық әлгі жерден. Содан жүгіріп отырып үй жаққа келдік. Жұмыстан ағам келіп үлгерген екен. Тағы бір ағамыз бар еді. Ол да қас қылғандай менен ерте келіпті. Бәрі оқиғадан хабардар. Сөйтіп, енді Алмасқа еріп футбол ойнауға баруға “запрет” алып аман құтылдым. Одан достығымыз үзілді дей алмаймын. Одан әрі араласа бердік…
Мектепті бітірдік. Мен қалаған оқуыма грантқа түсе алмадым. Алмас болса Балқаштағы бір колледжде қалды-ау деймін. Жоғары бал алғаныммен “ауылдық квота” және шетелден келген ағайындарымызға берілген квоталардың жанама әсерінен оқудың ақылы бөліміне түстім. Сонымен не керек. Мені біреулердің оқытқанын қаламадым. Оған ағайындар арасындағы қарым-қатынастарда көп септігін тигізді. Әйтпесе, сол кездері журналистиканың бір жылдық ақысы 68 мың теңге болатын. Құжаттарымды оқудан қайтып алып, жайлауға бірақ тарттым.Сол кеткенен Бірер жылдай Алмасты көрмедім. Балқаштағы әпкеміздің араласуымен іштей оқымасам да сырттай оқитын болып оқуыма құжаттарымды қайта тапсырдым.
Уақыт жылжып өте берді. 18 жасқа толдық. Сырттай оқып жүргеніме көңілім толмаған мен әскерге кетуді ұйғардым. Әжем марқұм “Алып қалайық, кішкене оқуыңды бітіріп алсаңшы” деп бақты. Тыңдамадым. Әскерге кететін болдым ақыры. Алдымен Балқаштағы достарыма барып, шағын кеш ұйымдастырдық. Алмасты соңғы көруім осы болатын. Ауылға келдім.Бұл жақта да дүрілдетіп той жасағандай болып әскерге кеттік.
Сол жақта жүріп шамалы уақыт өткен соң Алмастың қайтыс болғанын естідім. Байғұс досым қала маңындағы әскери полигон жақтан мыс қалдықтарын теретін топқа қосылыпты.Тауып алған түрлі сымдарын от жағып, балқытып, таза күйінде табыстап отыру керек екен. Сондай күндердің бірінде жандырып отырған оттарының астында атылмай қалған снаряд жатыпты. Қызуға шыдамаған снаряд атылғанда отырған төртеудің екеуі сол жерде қаза тауып, екеуі мүгедек болып қалған екен. Қайтыс болғандардың бірі осы Алмас досым екен. Кейін әскерден келген соң үйлеріне бардым. Тым болмаса есіктерін қарындасы ашар деп ойлаған едім. Басқа біреулер ашты. “Олар көшіп кеткен. Қайда кеткенін білмейміз” деді. Содан кейін балалық па дұрыстап іздемей кетіппін. Бүгін түнімен түсіме сол Алмас досым кіріп шықты…Кешке шелпек пісіртіп құран оқуым керек болды…
Бөлісу:

5 пікір

merekeee
Кітапты Алмас алған боп шықты ма?
Өкінішті жағдай екен, бірақ, қазір ондай жоқ қой, иә (мыс, аллюминий жинап өткізу)?
Аты-жөндерін ұмытпасаңыз анасы мен қарындасын әлі де іздестіруге болатын шығар.
Құран бағыштап қойыңыз, серік болсын…
neoaskar
Иә, аяыншы жағдай. сол кезде кімнің басына не түспеді дейсің. Машинаны моторымен өткізген кездер болды ғой. бала кзедегі достық ешқашан ұмытылмайды. әсерлі екен.
Ispek92
Әсерлі әңгіме, бағалап отырайық, басты бетке шықсын… Со заманды әдемі жеткізіпсіз, қайғылы аяқталғаны өкінішті, өмір жалғасын табады. Жаны жәннатта болғай…
MamaAya
«За грехи родителей-страдают дети»-деп қорытынды жасаудан аспай тұр санам. Обал болған екен, Анасы ақысын арақтан алар, қарындасын не тағдыр күтті екен? ((((
Қысқаметражды деректі фильм көргендей болып қалдым…