Астанада әкелер форумы өтті

Астана жаңалықтары: Астанада әкелер форумы өтті

13 қазанда Оқушылар сарайында Астана әкімдігінің қолдауымен әкелердің қалалық форумы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Форумға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, елорда мектептерінің бетке ұстар оқушылары қатысты.

Биыл шара еркін форматта өткізілген болатын. Қатысушылар өзін қызықтырған сұраққа бірден жауап алды.

«Біз өзекті деген бірнеше мәселені көтердік. Бұл — өскелең ұрпаққа тәрбие беру проблемасымен, әкелердің бала тәрбиесіне қатысуымен, жаңа технологиялардың балалардың дамуына әсер етуімен байланысты сұрақтар. Біздің басты мақсатымыз – тәрбие саласындағы біліммен, тәжірибемен бөлісу, -деді форум барысында сөз сөйлеген Астана қаласы білім беру басқармасы жетекшісінің орынбасары Дулат Жекебаев.

Кездесу балаларды тәрбиелеу ісіндегі әкелердің мәртебесі мен жауапкершілігін жоғарылатып, отбасылық құндылықтардың дамуы мен нығаюына септігін тигізді. Әкелер одағының төрағасы Қуаныш Жұматаевтың атап өтуінше, тәжірибе жүзінде өткізілетін мұндай форумдар әкелер үшінғана емес, аналар үшін де маңызды.

«Бүгінгі күні біздің Одақта 17 белсенді әке бар. Алайда ел бойынша қатарымыздағы әкелердің саны бұдан бірнеше есе артық. Республиканың 8 қаласында біздің Одақтың өкілдері бар. Қазір біз 15 мыңға тарта адамды қамтып отырмыз. Олар бізді біледі де, қолдайды да», – деді Қуаныш Жұматаев.

Қалалық әкелер форумы Білім беру басқармасымен 2015 жылдан өткізіліп келеді. Оны өткізу жөніндегі негізгі идея осыдан 5 жыл бұрын Астана қаласының №59 мектептің базасында туған еді.
Әрі қарай

Астанадағы жәрмеңкелерде өнімнің 25 мыңнан астам тоннасы сатылды

Астана жаңалықтары: Астанадағы жәрмеңкелерде өнімнің 25 мыңнан астам тоннасы сатылды

Астана тұрғындары қазақстандық аграрийлерден шамамен 8 млн теңгеге өнім сатып алды. Бұл – былтырғы көлемнен екі есе артық көрсеткіш, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

8 айдың қорытындыларына сәйкес, жәрмеңкелерде өнімнің 25 мыңнан астам тоннасы өткізілген.

Қаңтар мен тамыз айларының аралығында Жамбыл облысы Астанаға өнімнің 3400, ОҚО – 2315, Атырау облысы – 280, БҚО – 530, Қызылорда облысы – 612, Алматы облысы – 1 1761, Ақтөбе облысы – 615, Қарағанды – 435, Қостанай – 1800, ШҚО – 720, Павлодар – 1357, СҚО – 500 және Ақмола облысы – 1435 тоннасын әкелді.

Қазан айының соңына дейін өз өнімдерін елорда тұрғындары үшін Атырау, СҚО, Павлодар және Ақмола облыстарының ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілері екінші мәрте ұсынатын болады.

Астаналық студенттер отбасылық құндылықтар туралы лекция тыңдады

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің студенттері «Әке балаға сыншы» лекциясына қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы медиа орталығы.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру бойынша жастармен кездесу өтті. Шараны Астана әкімдігімен бірлесіп «Фонд Мира и Согласия «Алтын өркен» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

«Мұндай кездесулердің мақсаты әкенің рөлін арттыру, өскелең ұрпақты тәрбиеге, отбасылық, мәдени, рухани құндылықтарды дәріптеу, дәстүрлі адамгершілік нормаларын, принциптерін, балаларды тәрбиелеу, дәстүрлі отбасын «Табысты отаға – табысты адам», «Бақытты ата-ана – бақытты балалар» ұстанымын насихаттау», деп хабарлады жоба менеджері Марат Мұхамеджанұлы.

Елордалық ЖОО мен колледждерде мәдени және отбасылық құндылықтар туралы дәрістер жүргізіледі. Жастарға ұлттық дәстүрді сақтау, қойылған мақсаттарға жету туралы табысты қазақстандықтар әңгімелейді: белгілі тарихшылар, филологтар, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері. Осы кездесулерде Несіпбек Айтов, Омар Жәлел, Жұмамұрат Шәмші, Аманжол Әлтай, Серікзат Дүйсенғазин сөз сөйледі. Қазан айында қаламыздың жастарымен 20-дан аса кездесу өтті.

Жалпы шараларға 1 700 астаналық тыңдаушы қатысқан.
Әрі қарай

Әсет Исекешев қалалық басқармалардың жетекшілеріне бірқатар тапсырма берді

Астана әкімі қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелер көтерілген жиналыс өткізді. Жиын барысында Әсет Исекешев қала басқармаларының жетекшілеріне бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Энергетика басқармасының жетекшісі Бақтыбек Жапаев қала әкіміне елордадағы жылыту маусымы барысының жайын баяндап берді. Оның айтуына қарағанда қазіргі таңда қаланың барлық нысандары мен тұрғын үйлеріне жылу беріліп жатыр.

Ол, Астанада жылыту маусымы 27 қыркүйекте басталғанын еске салды. Бүгінге дейін жылумен қамту қызметіне нысандардың көп бөлігі қосылған.

«Жылыту маусымы штаттық кестеге сай жүріп жатыр. Температуралық режим бекітілген режимдік картаға сәйкес сақталуда. Қуат көздері отынның нормативті қорымен қамтылған, — деп хабарлады Бақтыбек Жапаев.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет нысандары мен көппәтерлі үйлердің 100 % жылумен қамтамасыз етілді. Жеке үйлердің жылумен қамтылуы 98%-ды құрайды.

Жылыту маусымы басталғаннан бері Астананың жылу және электр желілерінде I және II дәрежелі апаттар мен тоқтап қалулар тіркелген жоқ.

Сонымен қатар, ведомство жетекшісі, өткен екі жылыту маусымы кезінде қалалық билік өкілдері 1262 өтініш берушіге көмірді сатып алуға жәрдемдескенін атап өтті. Отынның жалпы құны 21,33 млн теңгені құрады.

Биыл да зейнеткерлер мен халықтың әлсіз топтарына көмірді сатып алуға көмек көрсетілетін болады. Қатты отынның сатып алу мақсатында әлеуметтік көмек зейнет жасына жеткен азаматтарға, пешпен жылытылатын жеке үйлерде тұратын мүгедектер мен мүгедек балаларға көрсетіледі. Кіріс көлемі 3 төменгі күнкөріс деңгейінен (73 мың теңге шамасында) аспауы керек.

Мұнымен қоса, 1 қыркүйек пен 11 қазан аралығында Астана станциясында көмірдің 46 726 тоннасы түсірілді. Жалпылай алғанда көмірдің 667 вагоны жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 30%-ға артық.

Осы жылы Астанаға көмірдің жыл сайынғы көлемінен басқа 25 тонна көмір жеткізілді.

Елордада көмір тапшылығы жоқ.

Осы ретте Ә. Исекешев табиғи монополияларды реттеу департаментінің жетекшілігіне қатты отын мен азық-түлік бағасының негізделмеген көтерілуін болдырмау мақсатында қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.

Жиында Әсет Исекешев, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлді. Нақтырақ айтқанда, ол халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы мәселесіне баса назар аударды.

Оның айтуынша, 2017 жылы тұмауға қарсы егу жұмыстарымен жалпы халық санының 3,2%-ын қамту үшін қаражат бөлінген. Алайда, тұмауға қарсы егілетін азаматтардың үлесі жалпы халық санының кем дегенде 10%-ын құрауы тиіс.

Өз кезегінде, денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Қамалжан Надыров қала әкіміне 2017-2018 жылғы эпидемиологиялық маусымға арналған тұмауға қарсы халықты егу шараларына Қазақстан астанасында 64 млн теңге бөлінгенін жеткізді.

Елорда әкімдігінің медиа орталығы таратқан ақпаратқа қарағанда, мемлекеттік бюджет есебінен Астананың 74 мың тұрғыны егіледі.

Бұл тұрғыда, халықтың әлсіз топтары тұмауға қарсы тегін егілетіндігі айтылған.

Сондай-ақ, бас қаланың тұрғындар тұмауға қарсы ақылы түрде де егіле алады. Егу науқаны 1 қазанда басталып, айдың ортасына дейін жалғаспақ.

Осы орайда, елорданың денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Қамалжан Надыровқа әкім аталмыш мәселені өзінің жеке бақылауына алып, халықты тұмауға қарсы егу шараларының қорытындылары туралы есеп беруді тапсырды.

Жиналыс барысында Әсет Исекешевке «Сергек» бейнетіркеу жүйесі жұмысының аралық нәтижелері жайынан ақпараттандырды.

«15 қыркүйектен, «Сергек» камералары жұмысын бастағаннан кейін, Астанада ЖКО саны, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, орташа есеппен алғанда 10% азайған» — деп атап өтті Ә.Исекешев.

Аппараттық кеңестің қорытындылары бойынша Астана әкімі қысқа дайындық шараларының барысында аумақтарды тазалау мен абаттандыру бойынша қаладағы 3 ауданның әкіміне тапсырма берді.
Әрі қарай

Қала билігі азық-түлік тауарлары бағасының көтерілуін болдырмау үшін пәрменді шараларды қолға алуда

Астана жаңалықтары: Қала билігі азық-түлік тауарлары бағасының көтерілуін болдырмау үшін пәрменді шараларды қолға алуда

Астана әкімдігі республиканың Ауылшаруашылығы министрлігіне маусымдық бағалардың көтерілу үрдісіне ие елорданың ішкі нарығын көкөніс өнімдерімен қамту үшін Жоспар-тапсырманы құру және бекіту жөніндегі ұсынысты енгізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Елорда нарығы республика өңірлерінен келетін тауар жеткізілімдеріне тікелей байланысты.

«Қаланың айлық тұтынушылығы ескеріле отырып, өнім көлемі мен түрлерін, азық-түлік белдеуі аумағына кіретін және басқа да жеткізуші өңірлерді анықтау және нарықтағыдан төмен бағамен ішкі нарықта тауар сатылымын ұйымдастыру ұсынылады. Жеткізуші өңірлерге, сонымен қатар, «Азық-түлік белдеуінің қатысушысы» мәртебесі беріледі, — делінген әкімдіктің хабарламасында.

Өнімдерді сатудың негізгі орны болып «Шапағат» коммуналды базары белгіленді. Бұдан басқа, қала аудандарының аумағында қосымша сату орындары анықталатын болады. Олардың ішінде «Шарын» базары, «Кенмарт» ЖШС, «Қазақстан» СК бар.

Өнімдер бағасы логистика мен алдағы қысқы-көктемгі кезеңде сақтау есепке алына отырып, «Шарын» базарында қалыптасқан қазіргі көтерме бағасының дәлізінде анықталатын болады.

Аталмыш шаралардың барлығы әлеуметтік маңызы бар тағамдық өнімдердің бағасын сақтау мен отандық өндірушілердің ішкі нарыққа деген қолжетімділігін ұйымдастыруға бағытталған.
Әрі қарай

Астаналықтар көмірді қайдан алуға болатынын «жедел желі» арқылы біле алады

Үйлерін көмірмен жылытатын тұрғындар қаламызға қатты отыннын қай кезде жеткізілетінін және қай жерде сатылатыны туралы ақпаратты мына телефон номерлері арқылы біле алады: +7-778-794-97-88, +7-702-800-77-37, 55-69-17, 55-68-99,-деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Қыркүйек айында Астана қаласына 46,7 мың тонна қатты отын жеткізілген.

Алды күні қаламызға 5 600 тонна «Шұбаркөл» көмірі жеткізілді. Осы күндері тағы 5 мың тонна жеткізіледі.

1 қыркүйек пен 11 қазан аралығында қалаға 46 726 тонна қатты отын жеткізілген (Шұбаркөл – 8 349, Қаражыра – 16 704, Майкөбе – 21 673 тонна). Жалпы алғанда 667 вагон көмір жеткізілген, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 30% жоғары.

Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Рысгүл Қауғабаеваның айтуынша, Астана қаласында көмір тапшылығы жоқ.

«Қазіргі күні кен орнынан артылған 7 мың тонна көмірдің 5 600 таннасы Астанаға жеткізілді. Жәнеде осы екі күн ішінде тағы 5 мың тонна көмір жеткізіледі. Күн сайын тек осы «Шұбаркөл» көмір түрінен қалаға 1,5 мың тонна жеткізілетін болады. Біз апта сайын мониторинг жүргізіп отырмыз. Жалпы алғанда қаламызда көмір тапшылығы жоқ», — деді Рысгүл Қауғабаева.

Айта кетейік, қала бойынша көмір сататын 15 орын бар. Оның ішінде 7-і ірі сатылым орындары. Сондай-ақ, елордада коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждық үшін көмір қабылдайтын 20 шақты орын бар.

Көмірдің бір тоннасы орта есеппен 11 800 теңге.
Әрі қарай

Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін қоғамдық шеберхана ашылды



Астанадағы балалар үйінің базасында «Zhas sheber» шеберханасы ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Шеберханада балалар кәсіби бапкермен бірге арнайы бағдарлама бойынша электр техникасын пайдаға жарату және жөндеу қабілеттеріне ие бола алады.

«Бүгін біз «Қазақстан 2050» қозғалысының бастамасымен «Zhas sheber» қоғамдық шеберханасы жобасын іске қосып отырмыз. Негізгі мақсат – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айнасын тапқан құндылықтарды насихаттау. Аталмыш мақалада прагматизм мен жастар арасындағы бәсекеге қабілеттігінің элементтері айқындалып көрсетілген. Бәрі де қаржы көздеріне тірелуі міндетті емес. Прагматизм тұрақты дамуға, жеке өмірге қатысты танытыла алады. Біздің жоба осы ретте балаларға ресурстарды тиімді пайдалануды үйретуге бағытталған», — деп хабарлады «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев.

«Zhas sheber» қоғамдық шеберханасы Астана қаласы әкімдігінің, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының, «Оператор «РОП» ЖШС-нің, «ПромТехноРесурс KZ» ЖШС-нің қолдауымен ашылды.

Бапкер балалар үйінің тәрбиеленушілерін істемейтін электр техникасын бөлшектеуді, оны істейтін және пайдаға жаратылуы тиіс бөлшектерге бөлуді үйретеді. Пайдаға жаратылуы тиіс бөлшектер қалдықтарды өңдеумен айналысатын серіктес компаниямен шығарылатын болады.

«Қоғамдық шеберханада өтетін тәжірибелік сабақтарда алынған білім балаларға электр техникасын жөндеу қабілеттеріне ие болуға мүмкіндік береді», — деді М. Манкеев.

Аталмыш жоба балалар үйінің базасында бір жыл көлемінде жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта елордадатағы да 3 қоғамдық шеберхана пайда болмақ.
Әрі қарай

Елордада «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» атты кеш өтті

Астана жаңалықтары: Елордада «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» атты кеш өтті

Астана қаласында «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» атты өмірден озған танымал журналистерді еске алуға арналған кеш өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Журналистер қай заманда да халықтың, қоғамның ойын қалыптастырушы болып қала бермек. Нағыз журналист – журналистикаға жан-тәнімен берілген, қоғамның мүддесін бәрінен биік қоятын, басты ұстанымы әділдік деп білетін кәсіби мамандар.

«Бүгін біз бұл шараны осымен үшінші рет өткізіп отырмыз. Астана қаласы ел астанасы болып таңдалған сәттен ел ордасын елімізге және әлем алдыңда таныту жолында аянбай еңбек еткен астаналық журналистерді еске алып отырмыз», – деді идея авторы, «Түгел медиа» басшысы Сәдібек Түгел.

Кеште еліміздің дамуына, Астананың насихатталуына ерен еңбек сіңірген, қазір ортамызда жоқ 15 журналисті еске алып, олар туралы достары, туыстары, әріптестері естеліктер айтып, өмірі мен еңбегі жайлы бейнесюжеттер көрсетілді.

«Астана қаласы әкімдігі Астананың дамуына үлес қосқан ел азаматтарын ұмытпайды. Олардың асыл есімдерін ұлықтауға қашанда қолдау білдіреді. Бұл шара Астана қаласының 20 жылдығын атап өту іс-шараларынын басы. Соның шымылдығы осындай еске алу шарасымен басталғаны бізді қуантуда», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Кеш Елордамыздың «Астана қаласы халықаралық баспасөз орталығы» жанындағы бірлескен астаналық журналистер қауымымен бірлесіп, «Біз журналистер – біз біргеміз» ұранымен өтті.

Шараға ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, ардагер журналистер, әншілер, қатысты.
Әрі қарай

Елордада гендерлік саясат мәселелері талқыланды



Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Әйел көшбасшылығы мектебі» жобасының аясында, елордада «Әйелдің саясаттағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Дөңгелек үстелге Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, Expo&Women халықаралық компаниясының өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты. Диалогтық алаң құрудағы мақсат – мемлекеттік органдар өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің, білім беру мекемелері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің Қазақстандағы гендерлік саясат тиімділігіне қатысты жобаны іске асырудың қорытындылары мен мәселелерін талқылау.

Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсинаның айтуынша, бүгінде елімізде әйелдің саясатқа араласуына ешқандай кедергі жоқ.

«Экономиканы алатын болсақ, қазір елдегі шағын және орта бизнестің 50 пайызын, жеке кәсіпкерліктердің 60 пайызын әйелдер басқарады. Егер Мәжілісте үшінші шақырылымда 8 әйел депутат болса, олардың 29 әйел, Сенатта 8 әйел бар. 2010 жылдың өзінде әйелдердің саясаттағы, экономикадағы беделі бойынша Дүниежүзілік экономикалық форум аясында құрылған рейтингте, Қазақстан 134 елдің ішінде 41-ші орынға жайғасқан болатын», — деді Майра Айсина.

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Қазақстан әйелдері» ассоциациясы ұйытқы болған шарада «Әйелдер көшбасшылығы мектебі» жобасының 2017 жылы іске асырылу барысы, гендерлік бюджеттендіру, экология, инновациялар және ЕХРО 2019, ЕХРО 2020-ға дайындық саласындағы әйелдер бастамаларын қолдау, әйелдердің ғылыми қызметтерін ізгілендіру мәселелері ортаға салынды.

Майра Айсинаның сөздеріне қарағанда, Қазақстанда саясаттағы әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Оның пайымынша, мақсатқа қол жеткізу үшін әйелдер бір-бірін қолдау керек. Бұл тұрғыда депутат Қостанай облысы мәслихатының депутаттарын үлгі етті.

«Біз өзімізді таныту үшін, сөзіміз өтімді болуы үшін, ең біріншіден, бір-бірімізді қолдауымыз қажет. Бұл тұрғыда қостанайлық, павлодарлық әйелдер үлгі бола алады. Аталмыш облыстардағы аудандық, қалалық мәслихат депутаттары үлесінің 25-30 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Басқа облыстарда мұндай жоқ десе де болады. Парламент Мәжілісінің өзінде де Қостанайдан үнемі 2 әйел депутат ұсынылады. Бұл Тобыл өңірінде әйелдер ынтымақтастығының бар екендігін білдіреді. Біз үшін бүгін бірігу маңызды. Сонда ғана біз алдымызға қойылған міндеттерге қол жеткізе аламыз», — деп түйді сөзін Майра Айсина.
Әрі қарай

Тәрбие тал бесіктен басталады

Отбасы – қоғамның құрауышы, еркек пен әйелдің ұрпақтар жалғастығын жүзеге асыру мақсатында бірге тұруының ғасырлар бойы қалыптасқан формасы. Отбасындағы бала тәрбиесі ата-ана үшін үлкен жауапкершілік. Баланы халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу ұлт болашағының кепілі екені даусыз. Осы орайда елімізге белгілі исламтанушы, дінтанушы, ғалым ұстаздардан тақырып аясындағы ойларын ұсынамыз.

Бағзат Ақжол, Исламтанушы
Жалпы, адамзат баласының өміріндегі ең қажетті де маңызды дүниенің бірі ұрпақ тәрбиесі. Бұл үлкен ауқымды тақырып, қаншама ғалымдар мен ғұламалар жазып, мысалдармен келтіріп, есті ұрпақтың санасына нәр құйып кеткен. Десекте ата-ананың ең маңызды мәндеттерінің бірі болып есептелетін осы бала тәрбиесін көп жағдайда босаңсытып аламыз.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) бала тәрбиесі жайлы “Сендердiң әрбiрiң жауапкерсiңдер және жауапкершiлiктерiңде болған нәрсе үшiн сұраласыңдар. Патша өз қол астындағылар үшiн жауапкер және солар үшiн сұралады. Отбасы жанұя үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Әйел күйеуi сыртта болған уақытта үй шаруасы мен балалардың тәрбиесi үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Қызметшi қожайынның мүлкi үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Сендер барлығың жауапкершiлiктерiңде болған нәрсе үшiн сұраласыңдар.”деген.
«Тәрбие отбасынан басталады» десек те, күйбең тіршілікке алданып жүріп, қылықтарын қадағалап бағыт-бағдар беруге көңіл аз бөлінуде. Әрбір ата-ана баласының ынтасын, қызықшылығын байқап, оның өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасап ықпал етуі керек. Әрбір ата-ана өз баласын еліне, халқына шын берілген, халқын құрметтей алатын, дені сау, білімді, еңбексүйгіш, жан-жақты, ең бастысы иманды, жетілген азамат етіп тәрбиелеуді борышым деп есептеуі керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей отбасындағы тәрбие түзу болғаны абзал. Ер кiсi жанұяның тәрбиешiсi. Сондықтан ол жанұяның тәрбиесi үшiн жауапкер.
«Сахабалар: „Баланың ізгі болуы — Аллаһ Тағаладан, ал әдептілік — әкеден“, — деп айтатын.» Қоғамның негiзi – жанұя, ал жанұяның негiзi – ер мен әйелдiң татулығы, олардың бiр-бiрiне мейiрiмдiлiгi мен қамқорлығы екенiн Ислам дiнi 14 ғасыр бойы насихаттауда. Сондықтан баланың жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшелікті жете білсең өкінбейсің. Қазіргі қоғамда кейбір ата-аналар өз перзенттерінің тәртіпсіздігіне, бейбастығына аса мән бермейтіндігін жасыра алмаймыз. Жұмыс бастылықпен асырап, барын алып беріп отырғанына мәз болып, ақыл кіріп, кейін өзі-ақ қойып кетер деген ұстанымды ұстанады.
Отбасы, оның барлық тіршілігі, ата –ананың адамгершілік сенімі мен сезімі, олардың бір – бірімен қарым – қатынасы, айналасындағы адамдарға, қоғамға деген көзқарастары – осылардың бәрі балаларға терең әсер етеді. Ислам діні негізінде отбасылық тәрбие берудің нәтижесінде қыз баланы ана болуға ислами қағидалар негізінде тәрбиеленген және ер баланы отағасы болуға ислами қағидалар негізінде тәрбиеленген. Тәрбиенің негізгі мақсаты – ұрпағымыздың иманды болып өсуі.

ЕҰУ-нің «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» кафедрасының доценті
Нұраддинов Алмат Сәбитұлы

Жасөспірімдік шақ жас адам өміріндегі жеткіншектікпен ересектіктің арасындағы уақыт. Жастың биохимиялық, физиологиялық және морфологиялық мәселелері бойынша жұмыс жасайтын мамандардың қабылдауымен жасөспірімдік жас ұл балалар үшін 17-21 жас, қыз балалар үшін 16-20 жас аралығы белгіленген. Жасөспірімдік жастың шекараларын анықтауда психологтардың пікірі бір жерден шықпайды. Мысалы, Батыс психологиясында бірден жасөспірімдікті жеткіншектік кезеңмен бір жас периодына қосу тән, ол батыста ересектену периоды деп аталады. Оның мәні балалық шақтан ересектікке өту дегенді білдіріп, жас шекаралары 12-14 жастан 25 жасқа дейін созыла беруі мүмкін. Отандық психологияда жасөспірімдік кезеңді адамның, тұлғаның және индивидуалдылықтың дамуындағы дербес период ретінде қарастыру қабылданған.

ЕҰУ-нің «Дінтану» кафедрасының аға оқытушысы
Гүлбаршын Сәденқызы

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халқымыздың қасиетті
сөзінен отбасының бала тәрбиесіндегі орны ерекше екенін көруге болады. Отбасынан бастау алған бала тәрбиесі, балабақша тәрбиесіне ұласады. Баланың сәби кезіндегі асажауапты тіршілік әрекеттері, отырып- тұрудан бастап, тамақ ішу, тазалық сақтау, бір-біріне қайырымдылық жасау, тіл үйрену, айналаны танып-білу балабақшадағы тәлім-тәрбиеден бастау алатыны даусыз.
Дегенменде осы заманғы балабақша, мектеп тәрбиесі бұрын- соңды болмаған отбасы қолдауын қажет етеді. Мемлекет балаларды тәрбиелеуде отбасыға мектепке дейінгі ұйым және мектеп арқылы көмектесіп, отбасылық тәрбиенің мазмұны мен ұйымдастырылуына әсер етіп отырады. Мектепке дейінгі ұйым мен отбасы бірлесіп күш-жігер жұмсай отырып, жеткіншек ұрпақтың жан-жақты дамуына ат салысулары тиіс. Кемелденген ел жағдайында балабақшаның отбасы өміріне белсене араласудың үлкен маңызы бар. Бұл ең алдымен балалардың адамгершілік кемелдігін қамтамасыз ету үшін керек. Әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл- Фраби «Адамға ең әуел білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген екен. Осы орайдағ ертеңгі ел басқарар азаматтарды ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйымның бірден-бір мақсаты жан-жақты жетілген, үйлесімді дамыған, адамгершілігі мол парасатты, ұлтжанды тұлғаны қалыптастыру.
Баланы тәрбиелеуде әр ата-ана өздері білімді болуы керек. Ол үшін ата-ана педагогпен тығыз байланыста болып, түсінбегенін сұрап, пікірлесіп отыруы керек. Осындай жағдайда ғана балалардың жағдайын түсініп, олардың адами қасиетінің дамуына ықпал жасай аламыз деп ойлаймын.
Әрі қарай