Мектеп оқушыларын қоқысты бөлек жинауға үйретеді

Астанада қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау бойынша жобаның екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 


27 қазаннан бастап қалдықтарды екінші рет жинақтау үшін қаланың барлық мектептеріне сары контейнерлер орнатылмақ. Бүгін қаланың 30 мектебінде «Vпереработку» акциясы бойынша оқыту басталды. № 14 мектеп-гимназияда оқушылар мен ата-аналар үшін ҚТҚ бөлек жинауға арналған тақырыптық сабақ өтті.
«Бұл шара балаларды үлгілі болуға, қоқысты бөлек жинаудың мәдениеті мен қоршаған ортаны сыйлауды үйретеді. Бұл ауламыздың, қаламыздың қала берді әлемнің тазалығын сақтау үшін маңызды», — деді Қоғамдық бастамаларды дамыту қоры төрағасының орынбасары Әсел Мұқанова.


Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасының бас маманы Айнұр Солтанғұлова балаларға жобаның мәнін түсіндірді.


«Екінші шикізатты қайтадан өңдеуге болады, яғни металл, шыны, қағаздан жаңа өнім дайындалады. Мысалы 7 пластикалық бөтелкеден бір футбол формасын дайындауға болады, Nike компаниясы осындай акция ұйымдастырды. Мұндай бастама әлемде көп, сіздер жастар қоршаған ортаны жақсартуға үлес қосыңыздар», — деді ол.


Қалдықты бөлек жинау бойынша конкурста жеңімпазға бір себет алма беріледі. № 14 мектеп-гимназияның директоры Олег Надеин қоқыстың «екінші шикізат» екенін, оның қайта өңдеуге болатынын айтты.


«Біз бұрын тастай салатын қоқыстардан өзге материал өндіруге болады. Бүгінде біздің алдымызда қоқысты тастай салмай сұрыптап, өңдеу міндеті тұр. Оқушылар қалдықты бөлек жинауға әдеттенсе қоғамда бұл кеңірек тарайды. Шараның арқасында ауданымыз тазара түсті», — деді ол.
Оның сөзі балаларды тебіренте түсті.


«Егер барлық адам табиғатқа жаны ашыса қоқыс тастамайды, жер ана жақсара түседі. Бұл жобаға белсенді түрде қатысамын. Бүгіннен бастап қоқысты сұрыптап жинаймын. Бізге қандай қоқысты қайсы контейнерге тастау керектігін түсіндірді», — деді 4 сынып оқушысы Полина Жикова.


Smart Service хакатонына 300-ге жуық адам тіркелді

Астанада кезекті Smart Service хакатон-марафоны басталды. Қатысушылар Астананы инновациялық тартымды әрі өмір сүруге жайлы ету үшін жаңа шешімдер әзірлейді, деп хабарлайды астана әкімдігінің реми сайты «Astana Innovations» АҚ сілтеме жасап.


Хакатонның негізгі идеясы қаланың өміріне талантты адамдарды инновациялық идеялар арқылы тарту.


«Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейрам Дюсюков Астананың инновациялар қаласы екенін және осындай шаралар дамуға мүмкіндік беріп, стартап-қауымдастықты қолдайтын мегаполис екенін айта кетті.


«Бүгінде кез келген қалада кішігірім болсын «ақылды» элементтер бар, мысалы бейнебақылау жүйесі. Ақылды қала – бұл қала мен оның тұрғындарының пайдасына жұмыс жасайтын объектілер мен субъектілер. Сол себепті мемлекет пен бизнес шешім қабылдауда тек экономикалық қана емес әлеуметтік мәселелерді де шешуде толыққанды серіктес болуы тиіс. Кедергілерді алып тастау, барлық кәсіпкерлер құрылымымен белсенді жұмыс істеу үшін енді басталып келе жатқан стартаптарды қолдау керек – бұл біздің негізгі міндетіміздің бірі», — деді Мейрам Дюсюков.


Жобаны Астана әкімдігі мен «Astana Innovations» АҚ ұйымдастырды. «Smart Service» хакатонына 300-ге жуық адам тіркелді.


«Біз инновациялық жобалардың басынан соңына дейін қолдау көрсетеміз. Инновациялық экомәдениеттің дамуы, оның жетілдірілуі — «Астана Innovaitions» АҚ негізгі міндеттері», — деді М. Дюсюков.


Жексенбі күні қаржылай қолдауға үміттеніп отырған жеңімпаз командалар анықталады.

Қаланың тағы 6 негізгі көшелерінде «BusLane» пайда болады

2019 жылы Қонаев, Достық, Ақмешіт, Түркістан және Абай мен Кенесары көшелерінің жалғасына арнайы жолдар енгізу жоспарлануда. Күтілетін тиімділік – 14 %, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

«BusLane» жобасы қала көшелерінде қоғамдық көліктердің кедергісіз жүруіне арналған арнайы жол жолағы. Қазіргі күні қалада жалпы ұзындығы 77 шақырымды құрайтын 24 жол бөлігі бар. Қоғамдық көліктерге арнайы жол жолағы жасалған соң автобустардың жүруі кестеге сай келетін болған және таңғы, кешкі мезгілде аялдамаларда автобусты күту уақыты 24 %-ға төмендеген. Мысалы, № 10 қоғамдық көліктің жол бағытының 40 % «BusLane» жолағымен қамтылған, ал Қабанбай батыр даңғылына шыққанда 100 %. Осы бағытқа арнайы автобус жолағын енгізгелі бері бағытты жүріп өтті және аялдамаларда автобусты күту 26% төмендеген.

«Red bus» экскурсиясы 50% арзандады

Астанада күзгі және қысқы уақытта екі қабатты «Red Bus» автобусымен экскурсия жасау сапарына 50% жеңілдік жүріп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қызыл автобуспен» сапарлаудың бір реттік бағасы ересектер үшін 1,5 мың теңге, ал жеңілдіктегілер үшін (балалар, студенттер, зейнеткерлер) – 1 мың теңге. Акция тек Қазақстан азаматтарына арналған.

«Red Bus» қозғалысы туралы ақпаратты мына телефондар арқылы білуге болады: +7(7172) 779 099; +7 777 555 75 75.

Елордада көлік картасын толтыратын тағы 100 пункт орнатылады

Елордада көлік картасын толтыратын RTVM автоматтарына балама ретінде тағы 100 бірдей пункт орнатылатын болады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


«Бізге RTVM автоматтарын көбірек орнату туралы өтініш жиі келеді. Алдағы уақытта қаламызда карталарды бірден толтыратын жаңа 100 баламалы пункт ашылады. Толтыру пункттерін қала бойынша жайғастыру процесіне қатысуға шақырамыз», — делінген «Astana LRT» компаниясының фейсбуктегі ресми парақшасында.


Жаңадан ашылатын орындарда картаны бірден толтыруға болады, яғни активацияны қажет етпейді.


«Агенттік жаңадан ашылатын орындар желісін бірге құрастыруға шақырады. Толтыратын орындар Қараөткел (Ильинка), Лесная Поляна, Лесозавод, 7 емхана, Көктал тұрғын алабының тұрғындарына, Мастер-2, Қошқарбаев көшесіне, Иманов көшесіне, Экспоның айналасына жетіспейді. Тағы да елордамыздың қай аумақтарына аталмыш автоматтар қажет деп есептейсіз? Ой-пікіріңіз бен ұсынысыңызды осы жазбаның астына міндетті түрде қалдырыңызБарлық жолаушылардың ұсынысы ескерілетін болады», — делінген хабарламада.


Компания көлік карталарын толтыру орындарының орналасуы ең алдымен халық үшін барынша ыңғайлы болуы керектігін айтады.


Бұдан бұрын да жол ақысын төлеудің басқа да тәсілдері айтылған болатын.  Еске салайық, SMS хабарлама арқылы төлеу үшін арнаулы қысқа нөмір жұмыс істейді, ол еліміз бойынша барлық ұялы операторларының клиенттеріне қолжетімді.


Смартфон иелері жол ақысын арнайы қосымша арқылы SMS көмегімен мына тәсілдер арқылы төлей алады:


-        Автобус деректерін енгізу;


-        Көлік құралын геолокация бойынша анықтау;


-        Автобустағы жапсырмадан QR-кодты сканерлеу;


Android операциялық жүйесіндегі телефондардың иелері жол ақысын қосымша NFC арнайы белгімен төлей алады.


SMS арқылы және мобильді қосымша арқылы төлеу кезінде жолаушы телефонына электронды билет алады.

Елорда мектептерінде TEDx клубтар ашылуда

Есіл ауданы әкімі Төлеген Закарьяновтың бастамасымен № 84 мектеп-лицейде TEDx клуб ашылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


№ 84 мектеп-лицейде TEDx клубтың ашылуына Елбасы Жолдауында айтылған Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс деп деген тапсырмасы ынталандырған. Қазақстандағы алғашқы TEDx клубтар Назарбаев зияткерлік мектептерінде ашылған.


№ 84 мектеп-лицей ди⁠ректоры Зәуре Жүсіпованың айтуынша, атылмыш мектеп-лицей басшылығы қашанда Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін зерделеп мүмкіндігінше қолданысқа енгізеді.


«Бұл шара TED клубтың ашылуына арналып отыр. TED ойын-сауық, технология және дизайн дегенді білдіреді. Бұл клубта бізде жаратылыстану, экология, көптілділік, техника бағыттары болады. Біздің клубтың басты мақсаты оқушылардың ғылыми-зерттеу қабілетін дамыту. Біз балалардың көпшілік алдында сөйлеу дағдылары жақсарып, шешендік өнер, зерттеу қабілеті дамиды деген ойдамыз», — дейді З. Жүсіпова.


TEDx клуб Есіл ауданы әкімі аппаратының және № 84 мектеп-лицей басшылығының бастамасы бойынша ашылды.  


«Біздің бұл бастамамыз Елбасы Жолдауын қолдауға арналған. Осы жылғы Жолдау ерекше. Онда ел өмірінің барлық саласы атап өтілді. Бірақ Елбасы білім саласына ерекше статус берді. Білім жүйесінде жаңаша көзқарас қалыптастыру айтылды және оның ішінде білім алушыларды мектеп қабырғасынан бастап бір мамандыққа бейімдеу, оның ішінде сұранысқа ие мамандықтарға баса назар беру.TEDx клубтар тура сол бағытқа ықпал етеді», — деді А. Садықова.


Ашылған TEDx клубта № 84 мектеп-лицейінің барлық оқушылары оқи алады. Ал оқушыларды тиісті бағдарламалармен мектеп ұстаздары қамтамасыз етеді, сондай-ақ тартылатын болады және оқушылардың танымдық қызығушылықтарын ояту мақсатында жоғары оқу орындары оқытушылары мен әр түрлі салалардың өкілдері тартылатын болады.