Мектеп оқушыларын қоқысты бөлек жинауға үйретеді

Астанада қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау бойынша жобаның екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 


27 қазаннан бастап қалдықтарды екінші рет жинақтау үшін қаланың барлық мектептеріне сары контейнерлер орнатылмақ. Бүгін қаланың 30 мектебінде «Vпереработку» акциясы бойынша оқыту басталды. № 14 мектеп-гимназияда оқушылар мен ата-аналар үшін ҚТҚ бөлек жинауға арналған тақырыптық сабақ өтті.
«Бұл шара балаларды үлгілі болуға, қоқысты бөлек жинаудың мәдениеті мен қоршаған ортаны сыйлауды үйретеді. Бұл ауламыздың, қаламыздың қала берді әлемнің тазалығын сақтау үшін маңызды», — деді Қоғамдық бастамаларды дамыту қоры төрағасының орынбасары Әсел Мұқанова.


Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасының бас маманы Айнұр Солтанғұлова балаларға жобаның мәнін түсіндірді.


«Екінші шикізатты қайтадан өңдеуге болады, яғни металл, шыны, қағаздан жаңа өнім дайындалады. Мысалы 7 пластикалық бөтелкеден бір футбол формасын дайындауға болады, Nike компаниясы осындай акция ұйымдастырды. Мұндай бастама әлемде көп, сіздер жастар қоршаған ортаны жақсартуға үлес қосыңыздар», — деді ол.


Қалдықты бөлек жинау бойынша конкурста жеңімпазға бір себет алма беріледі. № 14 мектеп-гимназияның директоры Олег Надеин қоқыстың «екінші шикізат» екенін, оның қайта өңдеуге болатынын айтты.


«Біз бұрын тастай салатын қоқыстардан өзге материал өндіруге болады. Бүгінде біздің алдымызда қоқысты тастай салмай сұрыптап, өңдеу міндеті тұр. Оқушылар қалдықты бөлек жинауға әдеттенсе қоғамда бұл кеңірек тарайды. Шараның арқасында ауданымыз тазара түсті», — деді ол.
Оның сөзі балаларды тебіренте түсті.


«Егер барлық адам табиғатқа жаны ашыса қоқыс тастамайды, жер ана жақсара түседі. Бұл жобаға белсенді түрде қатысамын. Бүгіннен бастап қоқысты сұрыптап жинаймын. Бізге қандай қоқысты қайсы контейнерге тастау керектігін түсіндірді», — деді 4 сынып оқушысы Полина Жикова.


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше