Болмысты боямалау немесе Әлеуметтік желідегi бетперденiң 8 түрi

Әлеуметтік желіге бас сұқпақ боп, смартфонымды қолға алғаннан кейінгі әрекетім – «онлайни бетпердемді» киіп алу. Көңіл-күйім жоқ па – позитивтісін, ашулымын ба – сабырлысын, жалғызсырап отырмын ба – бақыттысын, кейде бәрі керісінше. Тұрақтысы жоқ, білетінім, «мендегі күйді ешкім сезбеу керек».
Сол секілді кейбіреу жан-дүниесін жасыру үшін, әлдебіреу болмысынан әлдеқайда жақсырақ көріну үшін, ендігісі өз-өзін мойындамастан басқаға ұқсап бағу үшін бетперде тағып алады. Әркімнің талғамына қарай.
Бетперденің әшкере болу пайызы өмірден гөрі монитордың арғы бетінде аздау, сенімдірек. Сондықтан болар, әлеуметтік желідегі біраз қолданушы қиялындағы образды өзіне қаптап алады. Өмірде екі адамға өткізе алмаған күйін виртуалда екі жүз адамға жайып салу тым оңай, аз ғана тырысса болғаны.

Виртуалда өзім көріп жүрген бетпердені 8 топқа бөлдім. Оқырманым, өзіңізді көріп қаларсыз, бәлкім)


Әсіредіншіл


Блог - aikarakoz: Болмысты боямалау немесе Әлеуметтік желідегi бетперденiң 8 түрi

Біреудің суреті не жазбасынан жиі күнә көріп қалады. Оның ақыретте қалай қиналатынын айтып, қорқытады. Оның ойынша, жұрттың бәрі намаз оқуға, хиджап киюге міндетті. Алланың жазалағанын тілеп, қарғағыш. Мешітте орамал не тақиямен суретке түсіп, жұма сайын жұма намазға баратынынан хабар беріп отырады. Кейде хадисті түгел жатқа білетін адамдай кез келген жағдайға дінмен, хадиспен баға беріп кетеді. Қай жерде, қай уақытта болсын өзінің «дұрыс жолда» екенін айқайлап көрсетіп жүруге тырысады. Ал, өмірінде ол намаз оқымауы мүмкін, тіпті, ара-тұра достарымен бірге стақан соғыстырып қоятыны бар. Онлайнда имам, оффлайнда Иван. Оны қойшы, беті ашылған, арты ашылған жаңалықтарды біріші боп оқиды және порно сайтта голд аккаунты бар.

«Иншаллах, ифтарға бара жатырмын. Оразаны бір жыл бойы асыға күттім ғой».
«Жұма мүбәрәк болсын! Жұма намазға бармаған қазақ – қазақ емес».

Динара Болат, психолог:
— Олар — жасөспірім кезінде өз қатарластарынан оқшауланған немесе өткен өмірінде бұзықтық, тіпті, моралды-құқықтық нормаға қайшы жүріс-тұрыста болған адамдар. Олардың мақсаты — ендігі кезекте өзінің сүттен ақ судай таза, ешкімнің ала жібін аттамайтындай түзу жүрісін жариялау. Және осы образын нығайту үшін қоса, өзінің ілімімен көлгөсір бөлісу.
Емі: діннен алшақтау. Әрине, ол екіталай нәрсе.



Табысты



Блог - aikarakoz: Болмысты боямалау немесе Әлеуметтік желідегi бетперденiң 8 түрi

Әлеуметтік желідегі парақшасына кіре қалсаңыз, бірден өмірде де, қызметте де табысқа жеткен жан екен деп ойлайсыз. Гламур отырыстар, гламур киімдер, iPhone, күзен тон, керемет сыйлықтардың суреті. Бақыттан басы айналып отырып жазған посттары. Өмірі – өмір емес, ертегі дерсің. Виртуалдағы супертабысты жан. Алайда, өмірде пәтер жалдап тұрады, басында екі кредиті бар, кейде ақшасы таусылып қалып та жатады.Бетперде кигендегі мақсаты – мақтану, ауылда қалған сыныптасы мен мектепке мұғалім боп орналасқан группаласының көзін қыздыру.
«iPhone6-ға берген тапсырысым қашан келер екен, асыға күтудемін...»
«Осы базардан жұрт киім ала ма? Тіпті Меганың өзінен сапалысын табу қиындау. Арзанның сорпасы татымайды ғой».

Динара Болат, психолог:
— Негізі ешкімге өкпесі жоқ, ешкімге ешнәрсе дәлелдеуге мұқтаж емес, қалыпты жолмен жетістікке жеткен табысты жандардың интернетке өз-өзін жариялауға көп құлқы да, уақыты да бола бермейді. Ал, біз интернеттен көретін еш проблемасыз, шалқып өмір сүріп жүрген табысты жан қазіргі жетістікке тар жол тайғақ кешумен жеткен болуы керек. Мәселен, кедей отбасы, толық емес отбасы, сол себептен кезінде қатарластарының, не айналасындағылардың күлкі, мысқылдау обьектісіне айналған оның бойында «Мен сендерге көрсетемін!», «Мен әлі бай боламын!», «Менің алдыма келесің әлі..» секілді амбиция қалыптасады. Сонымен қатар, кезінде оның сезіміне жауап қатпаған адамына "Әлі-ақ өкінесің!" секілді агрессияны қозғаушы күш еткен табысты жан ғана жан-жақты өзінің жетістіктерімен бөлісіп отырады.
Емі: басындағы жағдайдың өзгеруі, шын бақытқа кеңелуі немесе үлкен ғашықтық сезіміне бөленуі.



Бейшара



Блог - aikarakoz: Болмысты боямалау немесе Әлеуметтік желідегi бетперденiң 8 түрi

Бұл – табысты жан киіп алған бетперденің антиподы. Үнемі жолы болмайды, сәтсіздікке жиі ұшырағыш. Көңілсіз, мұңды жазбаларымен жұрттың аяушылық сезімін оятып, өзіне назар аудартқанды жаны қалайды. Айлығының аздығына, азық-түліктің қымбаттағанына жиі шағымданады, аурудың кесірінен жиі өлім аузында жатады, ауылын не алыстағы туысын жиі сағынады, жылайды, жалғызсырайды. Ал, шындығында ол өмірде сізден де, менен де көп табыс табуы мүмкін. Талай жоспары алға жүріп, мақсаттарына қол жеткізген болып та шығады.
«Дәл осындай ауырған сәтте жағдайыңды жасайтын шынайы достың жоқ екенін түсіндім».
«Балам алып бер деген қымбат ойыншыққа ақшам жетпейтінін қайдан білсін, кейін деп құтылдым...»

Динара Болат, психолог:

— Өзіне үнемі аяушылық сезімін тудыртқысы келіп, көптің назарын мүсәпірлікпен аударатын жан — балалық шағында ата-анасының мейіріміне қанбаған адам. Отбасында, бауырларының арасындағы ала қарға кейпіне кейіп, ата-анасы бұл баладан гөрі басқасын ерекше көріп, ол сырттай сол көріністі бақылап, ішіне мұң-өкпесін тығып өскен адам.
Емі: өзінің балалық шағын ойдағыдай өткізуге кедергі болған адамдарды кешіру. Оларды кешірген кезде тек виртуалды емес, жалпы өмірдегі позициясы өзгереді.


Псевдопатриот



Блог - aikarakoz: Болмысты боямалау немесе Әлеуметтік желідегi бетперденiң 8 түрi

Ол үшін қазақ – әлемдегі ең қасиетті, ерекше ұлт. Қазақ болып туғанына мақтанады, бүкіл ұлт үшін өмірін қиюға даяр. Қазақтың судай мөлдір, бөтен қылықтан жат болуын қадағалап жүреді. Қазақ қыздарына ақыл айтып, қазақ жігіттеріне жөн сілтеуді әу бастан міндеті етіп арқалап алған. Қазақ тілі дегенде жанын беруге дайын, шалақазақтарды атып кетуге жиі жоспар құрады. Ал, монитордан екі қадам аттап, дүкенге бара қалса, нанды орысша сұрайды. Ұлын орыс сыныбына бергелі тіпті үйде де нанды алып беруін орысша сұрайтын болған. Күннен-күнге семіріп бара жатқан әйеліне енді қысқа көйлек жараспайтынын айта алмай жүргеніне үш жыл болып қалыпты.
Шетелде тұратын псевдопатриот ағамызды айтсаңызшы… төрінде домбыра мен ту ілініп тұр, қасқайып. Па, шіркін! Туған жерін сағынғаннан еңірейді де отырады. Бірақ, Қазақстанға келуге құлқы жоқ. Ол елде жұмыс істеу туралы ойласа, құсып қоюға шақ қалады.

«Көктем келсе, қаракөздеріміздің етегі қысқара бастайды. Қазақ қызына жарасатын қылық па сол?»
«Ұшақтағы қазақша жазулардың қатесін өйтіп-бүйтіп түзедік, енді стюардессалар шықты қазақша сұраққа орысша жауап беріп. Қор болған қазақ, қор болған қазақ тілі».

Динара Болат, психолог:

— Бұл типті адамдардың басымы — ерлер қауымы. Жасөспірім кезінде тобырмен жүріп, мысы басым досының ықпалына түскендер. Өзіне сенімсіз, тұла бойы тұрған комплекс, жалған намыс.Кезінде мойындалмаған бозбаланың қазір де не әйеліне, не балаларына оңайлықпен сөзі өтпейді. Осы себептен де, сырт көзге өзін қазақшыл, отбасы жағдайында ыссы болып көрінуге тырысады. Себебі, ол — «патриот!»
Емі: сөзден амалға көшіп, айналасындағылардың мойындауын ер азаматқа тән іспен жаулау.


Интеллектуалды



Блог - aikarakoz: Болмысты боямалау немесе Әлеуметтік желідегi бетперденiң 8 түрi

Қандай да бір пост жазбас бұрын Гугл арқылы нақыл сөздерді бір шолып шығады. Абайдың, Далай Лама не Омар Хаямның айтқандарынан үзінді келтірсе, тіпті аз-маз өзгеріспен өз атынан ұрып жіберсе, анағұрлым білімді көрінетіні сөзсіз. Посттарында жалпақ жұрттан ерекшеленгісі келіп, бәріне түсініксіз терминдерді жиі қолданады. Жұрттың жазбасына тым биіктен қарайды, кекесін, мысқылға толы пікірді үйіп-төгіп тастап кете салады. Ал, өмірде бір кітапты аяғына дейін аяқтай алмай, сериал көріп кетуі мүмкін.

«Дедлайн жақындап қалыпты, овертайм қосу керек, меніңше».

Динара Болат, психолог:
— Интеллектуалды адам — ол мектептегі ботаник. Оның басты қаруы, бойындағы көзірі — жиған білімі. Сондықтан өзгелерден қорғану механизмі кезінде орынды-орынсыз білген білімін тықпалай береді. Оған қоса, шамадан тыс жиналған білім қорын іске асыру, қолдану санаасты деңгейінде өзі сұранып тұрады.
Емі: өзіне үйреншікті өмір дағдысын алмастыру. Мәселен, қатып қалған қағидаларға сыймайтын экзотикалық жерге саяхатқа шығып, тұрақты қысым жағдайындағы миын босаңсыту.


Суперана



Блог - aikarakoz: Болмысты боямалау немесе Әлеуметтік желідегi бетперденiң 8 түрi

Үш жасар сәбиі он үштегі баланың сөзін айтады. Өте ақылды, тәртіпті, өнерлі, өзгеше жаратылған. Тіпті, вундеркинд. Бөбегі туралы посттардан «көрдің бе, мен қандай ақылды ұрпақ тәрбиелеп отырмын» деген месседж аңқып тұрады. Арасында баласы айтты қылып, өз ойын да жаза салады. Үнемі томпиып қана ойнап отыратын, үнемі мәз боп жүретін балақайының суретін жиі салып, балалы болудың тек қана бақыт әкелетінін, қылаудай қиындығы жоғын көп жазады. Өзін балаға да қарап, шаруаны да атқарып, бәріне үлгеретін суперана қылып көрсеткісі келеді. Ал, тасып кеткен сүті, баласы т**ып қойған кілемі, ол ауырғанда түн ортасындағы айқайы, бәрі-бәрі монитордың ар жағында қалып жатыр.
«Димашым: — Мына сериалды көргеннен не пайда бар, жазуыңды аяқтасаңшы,» — деді. Иии, төрт жасында мұндай, өскенде президент болатын шығар».

Динара Болат, психолог:

— Ана мен қыз арасындағы институты, яғни байланысы кезінде дұрыс орнамаған жандар. Бірінші, өз анасының оған берген тәрбиесіне, үйде жасаған жағдайына көңілі толмауы.Сол себептен өзіне жасалмаған оңтайлы жағдайларды өз баласына жасап, баптап қолы жетпеген күндердің орнын толтыру. Екінші нұсқасы — анасының қызының қабілеттеріне сенбей өсіруі. Осылайша анасына өзінің қаншалықты дәрежеде үй шаруасына, бала тәрбиесіне, бабына мықты екендігін дәлелдеу мақсаты қозғаушы күшке айналады. Үшінші себебі — өзінің қызметте жүрген құрбыларына өзінің отбасы, бала-шаға арасында бақытты екендігін дәлелдеуге тырысуы.
Емі: балалардың өсуі немесе қызметке шығуы.



Қыдырымпаз



Блог - aikarakoz: Болмысты боямалау немесе Әлеуметтік желідегi бетперденiң 8 түрi

Парақшасына пост жазғаннан гөрі жиі сурет салады. Үнемі не түнгі клубта, не пабта жүреді. Күнде жиын, күнде той. Өнер адамдарымен суретке түсіп, алғаш көріп тұрса да, «Мейрамбек досыммен», «Қайрат бауырыммен» деп жазып қоюға құмар. Қаладағы мейрамханалардың бәрінен хабары бар. Алайда, күні бойы кеңсесінде басы ауырып, көңіл-күйі болмай отырғаны туралы әріп те жазбайды. Кейде ішкен-жегеніне төлер ақшасы болмай, масқара болғаны туралы есіне де алмайды. Таныстары қарыздарын сұрай берген соң телефонының номерін жиі ауыстырып тұрады.
«Бүгін Әjet барда тегін коктейльдер үйлестіретін күн екен. Есімнен шықса да, дәл келіппін (Қолымен лайк көрсетіп тұрған суреті)
Мен және Айгуля (Екі қыздың суреті)

Динара Болат, психолог:

— Бұл топтағылар — көптің ойына тәуелді, өздеріне сенімсіз адамдар. Олар белгілі бір топпен жүргенде ғана өздерін солардың ығында өздерін қауіпсіз сезінеді. Сол беделді адамның аясында «бауырым, ағам» деп өзіне күш қосып, көптің алдында халықтың сол беделді адамдарға деген ілтипатын өзіне қоса жамылып, өзін жұбатады. Ішіндегі аласапыран күйді күнде қыдырып, у-шумен басып, өзін-өзі алдайды.
Емі: Отбасылы болу немесе өмірге көзқарасын өзгертетіндей жағдайды кешу арқылы өмірдің шын ләззатына бөлену.


Мимими


Блог - aikarakoz: Болмысты боямалау немесе Әлеуметтік желідегi бетперденiң 8 түрi

Виртуалдағы ең мейірімді, ең ізгі жан. Күн сияқты айналасына позитивті пікір шашып жүреді. Ол жазба жазғаннан гөрі, біреудің суретін «сұлуым, лапуська, ерекше әдемісің, жаным, күнім, ғажапсың» сияқты пікірді көп жазады. Бәріне жақсылық тілегіш, көмектескіш. Ал, монитор алдында қызғаныштан өртеніп, өзінен озған адамды жек көріп, сәтсіздік тілеп отырады. Ути-путилатып, шаруасы біткен соң «жанын» ұмытып кетуі мүмкін.
«Жаным, бүгiн ерекше сұлусың»

Динара Болат, психолог:
— Бұл типті адамдарды екіге бөлеміз. Біріншісі, өзінің мінез-құлқын, өмірге өкпесін белгілі бір білім арқылы жеңіп, жанына жай орнағандар. Әдетте олар — айналадан тек жақсы нышан іздеушілер. Сондықтан да, жаны әдемі адамнан тек жақсы сөздер шығады. Екінші түрі — жасандылық. Бұл жердегі негізгі күш — жағымпаздық.
Емі: емге жатпайды. Алайда, өзі үшін беделді адамның талабымен өзгеруі мүмкін.

Әрі қарай

Математика жайлаған апта

Иә, бұл апта расында да математика жайлаған апта болды өзі. Қайда барсам — математика… Жә, басынан бастап айтайыншы.

Бұлдыр математика
Бұлдыр математикаға дүйсенбі күні-ақ тап болдым. Кафедрамыздың шақыртуымен бізге дәріс оқуға түу Жапониядағы Осака университетінен профессор Умано Мотохидо келіпті.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Курс атауы — «Бұлдыр жиындар және олардың қолданылуы» және ол бұлдыр көрсеткіштер, бұлдыр талдау, сараптамалық жүйелердегі бұлдыр жиындар, бұлдыр жағдайда шешім қабылдау сияқты сұрақтарды қамтиды.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Мұндай пайдалы дәрістерден шет қалмауды жөн көріп алғашқы күннен қатыса бастадым.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Шыны керек, бастапқыда аздап миымыздың ашығаны рас.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Бернұр тіптен мұңайып кетті. Ал сендер «математика — нақты ғылым» дейсіңдер.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Дегенмен, есепті шығарған сияқтымыз.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Мына екі магистрант мәз, әйтеуір.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Ал профессорымыз болса бұлдыр жиындардың жапондық Matsushita компаниясының кір жуатын машинасы программасына қолданылуы туралы сөз қозғады.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Оның айтуынша, машинадағы кір жуу уақыты бұлдыр басқарумен анықталады екен.
Ғылыми жетекшім «сөйлеуді тануды бұлдыр логикаға салуды үйреніп ал» деп тапсырған еді. Тура мағынасында бұлдыр, бұлыңғыр болып тұрғаны…

«Былдыр» математика

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
«Былдыр» математика мені жұма күні өзім 4-курсқа оқитын «Сөйлеу технологиялары» пәніндегі «Марков жасырын моделдері» тақырыбына арналған дәрісімде күтіп алды.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
«Студент аз екен» деп таң қалмаңыздар, себебі пән өте тар профилді және оны тек қана «Компьютерлік лингвистика» мамандандырылуын таңдағандар ғана оқиды. Қас қылғандай топтағы жалғыз ұл да сол күні сабаққа келмей қалыпты.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
«Сөйлеуді қандай да бір Марков процесінің туылуы ретінде қарастыра аламыз. Біздің сөйлеу мүшелеріміз сөйлеу дыбыстарын шығара отырып түрлі күйлердің тізбегінен өтеді, мысалы тілдің орналасуы, жақтың ашылуы, дыбыс трактісінің формасы және тағы басқа. Әр күйде шығарылатын дыбыстарды қандай да бір бақыланатын символдар тізбегі ретінде сипаттауға болады. Жасырын Марков моделдерінде күйлер тізбегін тікелей бақылай алмаймыз, сондықтан модель жасырын деп аталады. Біз тек қана қандай да бір ықтималдықпен таратылған сәйкес символдарды бақылай аламыз» деп отырмаймын ба :-b

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Ал Дина болса… Сонда қалай, бұларға ештеңе қызық емес пе?

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Дегенмен қызығушылық танытып отырғандар бар екен, сұрақ қойып жатыр :d Менің «былдыр» деген математикам бұларға бұлдыр болып отыр екен. Мотохидоның дәрісіндегі өзімнің түрім есіме түсіп жымиып алдым да, қайта түсіндіре бастадым.

«Нағыз» математика

Сабақтан соң кабинетіме келіп поштамды ашсам, университет бойынша ғылыми-зерттеу институттарын бақылау нәтижесінің рейтингі келіп тұр екен. Біздің «Жасанды зерде» ғылыми-зерттеу институтымыз ашылғанына 2-ақ жыл болғанына қарамастан, бірінші санатты ұйымдар қатарына еніпті. Ал рейтинг басында жоғары санатты ұйым ретінде 9,31 баллмен «Теориялық математика және ғылыми есептеулер» ғылыми-зерттеу институты көш бастап тұр екен. «Бұл — белгі» деп ойладым мен: «нағыз математиктер бар ғой онда. Ол ұйымды кезінде математикалық анализ пәнінен коллоквиумға дайындалғанымда кітабын жастанып оқыған профессор Темірғалиев басқарып отырған жоқ па? Барып, институтпен танысып, әрі ол кісіден студенттерді қалай математикалық ойлауға үйрету керектігін сұрап қайтайын.»

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Содан бүгін, яғни сенбі күні институт орналасқан оқу-лабораториялық ғимаратқа қарай бет алдым.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Келсем, профессор Темірғалиев шәкірттерін жинап алып семинарлатып жатыр екен.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Аз уақытта семинарды аяқтап институтпен таныстыруға көшті. Институт небәрі үш кішкентай кабинетте орналасқан екен.
Екі кабинетте институт қызметкерлері таңнан кешке дейін жалпы сомасы 1 жылға 44 миллион құрайтын 7 ғылыми жоба бойынша жұмыс жасайды.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Институтта талантты жас ғалымдар жетерлік. Солардың бірі — PhD Нұрлан Наурызбаев. Ол Thomson Reuters рейтингісі бойынша 2-орында тұрған «Foundations of Computational Mathematics » атты жоғары импакт-факторлы басылымға 34 беттік мақала жариялаған. Мұндай рейтингілі мақаламен оған енді кез-келген шетелдік ғылыми орталықтың есігі ашық. Ал ол болса ЕҰУ-да.
«Мақалада атауынан көрініп тұрғанымыздай, жалпы сандық интегралдауда қорытындылар беріледі. Математика мен информатикада дискрепанс дейтін орталық ұғым бар, яғни жақсы таралудан ауытқу.»

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Болашағынан үміт күттіретін жас ғалымдардың бірі — ақтөбелік жерлесім, PhD — Ақсәуле Жұбанышева. Импакт-факторлы мақала саны — 3. Ақсәуле докторант кезінде-ақ Германиядағы дүниежүзілік математикалық орталықтарының бірі болып табылатын Иена университетіне барғанда әуелі студенттік семинарға қойған баяндамасын ол жақтағылар өздері сұрап профессорлық семинарға ауыстыртқан екен.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Ал мынау – Нұрлан Темірғалиевтің кабинеті. Көзіме түскені – барлық кабинетте тақталар. Иә, математиканы тақтасыз елестету қиын.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Маған коллоквиумда көмектесіп, кейін емтиханнан «автомат» алуыма себепші болған «Математикалық анализ» кітабы көзіме оттай басылды. Бұл кітабы туралы профессор «Бейнелі сөзбен айтсам, қасқыр отарға шапқанда бір ғана қойды жеп кете бермей, артындағы күшік қасқырларға, үйіріндегі әлсіз қасқырларға да жемтік даярлау мақсатымен алдында кездескен қойлардың барлығын бауыздап қырып кететіндігін исі қазақ баласы біледі. Біздің институттың да қойып отырған есептері осындай, ары қарай жалғастырып кетуге мүмкіншілік береді. Ал қасқыр қойды жеу үшін оның азуы қандай рөл атқарса, біздің ұсынып отырған «Математикалық анализ» оқулығымыз да сондай рөл атқарады. Ол ғылымға ауыз салатын – «азу» дейді.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
»Оқулық" демекші Нұрлан Темірғалиевтің мектептердегі қазіргі математиканы оқыту үлгісіне мүлде көңілі толмайды. Сол себепті Теориялық математика институты "Қазақстанның инновация-өндірістік дамуына – математикалық қолдау" жалпыұлттық жобасын ұсынып отыр, ол жоба аясында институттың мектеп математикасы бойынша жаңа методология мен методикалары негізінде бүкіл Қазақстан мұғалімдеріне бағдарлама мен оқулықтар толық көлемде дайындалмақ. Ол үшін 2 миллиард теңге көлемінде қаражат керек екен.

ОҒМ жазбалары: Математика жайлаған апта
Ақыры әңгіме орайы келіп тұрғасын, дайындап келген математикалық ойлау туралы сұрағымды қойып жібердім.
«Математикалық ойлауға баулу мектеп жасынан бастау алуы керек. Баланы жастайынан автоматты түрде жаттауға емес, шығармашылыққа бейімдеу керек. Мысалға қарапайым көбейту кестесін үйретуді айтсақ, біздің мұғалімдер бірден дайын кестені жаттатуға құмар. Одан да алдымен бір мысалда көбейту мағынасын түсіндіріп, ары қарай кесте мәндерін өзі жазып шығатындай ету керек. Сол кезде бала үшін ол жаңалықпен тең, ол оны түсініп тұрады, математикалық ойлау, анализ деген осыдан шығады. Содан кейін ғана кестені жаттата беруге болады. Мектеп математикасының негізгі жүгі «есеп шығару» емес, болашақ мамандығына қатыссыз әр адамға қажетті «математикалық жетілуге» жеткізу болып табылады» деді профессор.



Үйге келе жатып Темірғалиевтің «негізі, адамға отансүйгіштікке қоса қажетті деңгейдегі білім де керек» деген сөзін есіме алып бір күліп алдым. Алда әлі Мотохидо дәрістерінің бір аптасы бар. Қажетті деңгейдегі білімімді алып қалудың бір аптасы…
Әрі қарай

Блогиада #7: Ауылдың су көліктері

Өзен-суы мол елді мекендер үшін паром — тұрмыстың ажырамас бөлігі. Паром бір күн тоқтап қалса бітті дей беріңіз — бала сабақтан, ересектер жұмыстан қалады. Шағын өзен болса қиын емес — қыста мұздың үстімен өте бересің. Ал танкерлер өткізуге қауқарлы алып өзеннің арғы жағындағылар үшін жағдай басқаша — бір күн паром болмаса "үлкен жермен" қатынасу былай тұрсын, азық-түліктің жеткізілуі қиындап кетеді.

Мен өскен Жыланды мен көршілес Шортанбай ауылының арасын Шароновка деген шағын өзен бөліп тұр. Сәйкесінше, паромымыз да кішкентай. Жер қара, күн жылыда тросқа керілген темір салдың қызығын әрлі-берлі қатынаған халық көреді. Қозғалысқа келтіру әдісі де қарабайыр — екі жағаға керілген темір арқанды паром үстінде тұрып тарту арқылы жылжытылады:
Блог - patick: Блогиада #7: Ауылдың су көліктері
Әрі қарай

Стақандастарым. Ауылдың оташы-дәрігері Аққали Есембетович

Менде бір керемет сюжет бар...: Стақандастарым. Ауылдың оташы-дәрігері Аққали Есембетович

«Тасақтың рентгені өкпенікіне ұқсайды екен алыстан қарағанда»

— Satibaldi

… Ағып жатқан сумен аралас түсініксіз күбір-күңгір боп естілген дыбыстардың арасынан "… құтты болсын ал, әрі кетсе бір апта жатад. Бұрыңғыдай ырбаңдатпаймыз. Бізде бұл ағымдық операция ғо, " -деген сөздерді анық ажыраттым.
Ішімді біреу сипағандай болды.
Көзімнің әзер ашылған қиығынан бір қолында қайшы ұстап, бір қолымен тігісімді ұстап тұрған бір жас доқтырды көрдім. «Дегенмен әдемі тігіппін,» — деп міңгірледі ол.
Ультракүлгін прожектор сәулелерінің арасынан қолын сүлгіге сүртіп жатқан екінші сұлбаны да крахмалдан қақиған жарты метрлік ақ қалпағынан бірден таныдым — ауылдағы бас оташы Аққали Есембетович.
Әрі қарай

Стақандастарым. Тамғалы ауданының әкімі Ақшот Бейітжаппаров

Менде бір керемет сюжет бар...: Стақандастарым. Тамғалы ауданының әкімі Ақшот Бейітжаппаров

Білә, бір күні мықты, мықты, қатты-қатты демалғым келді. Аса қадірменді охуйрманға демалу деп нені түсінетінімді айта кетейін. Мәрмәр әм Егейдің жағасын армандайды деп ойласаңдар, құрыған адам екенсіңдер нақ. Мен демалу деп — армансыз екі-үш күн ішуді айтамын.
Әрі қарай

Домбыра Party: Абай әндері

Назгүлдің ойын қолдап, Астанадағы патиге «Абай әндері» деген шартты тақырып қойдық. Неге шартты, өйткені қонақ кәде сұрағанда кез-келген адамның Абайдың әндерін сайрай жөнелмесі анық еді. Дегенмен, бұл да бір шырайы келген кеш болды. Әсіресе, арнайы іздеп келген екі қонаққа ырза болдым.
Әрі қарай

Орал. Кезекті Домбыра PARTYдан сарқыт. 26 шілде, 2013

Блог - 19852407: Орал. Кезекті Домбыра PARTYдан сарқыт. 26 шілде, 2013
Қарғыс алма, алғыс ал дейді. Кешегі Нұрғиса Асылбеков қонақ болған «Шалқар» радиосы, "Ұшқын" жастар бағдарламасының тікелей эфиріне Орал қаласынан Алмажай атты апамыз хабарласып: «Домбыра PARTY құптарлық шара. Оралда әр бейсенбі сайын өтіп тұрады, немерелерімізбен барып, демалып қаламыз. Рахмет!»,- деп, хабарласып, алғысын айтып жатыр. Оралдағы шара өзінің тұрақты көрермендерін тапқанына мәз боп қалдық.
Әрі қарай

"Интердің" бұрынғы бапкері Страмаччони: "Қазақстандық студенттің ставкасы шықпасын деп әдейі жеңілген кездеріміз болды"

Блог - Rafaello: Интердің бұрынғы бапкері Страмаччони: Қазақстандық студенттің ставкасы шықпасын деп әдейі жеңілген кездеріміз болды

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Филология факультетінің 3-ші курс студенті Ырымбек Байғаниннің достарына жиі айтатын «Интер тек менің ставкам шықпасын деп әдейі ұтылып жүр» сөзі расқа айналып отыр. Кеше Италия Радиосының сұхбатына қатысқан Миланның «Интерінің» бұрынғы бас бапкері Андреа Страмаччони қазақстандық студенттің сөздерін растады. Өткен жылы «Интерге» 9-шы орын алып беріп, Серия Б-ға түспеуінде зор үлесі болған талантсыз бапкер журналистерге өткен маусым туралы қысқаша баяндап берді.

Андреа Страмаччони («Интердің» бұрынғы бапкері):
— Өткен жылы ешқандай орынға таласа алмадық, кубоктардан да ұшып кеткенімізді жақсы білесіздер. Осылайша жұрттың ставкаларын шығармауды өзімізге мақсат қылдық.
Әрі қарай

Эстафета: Керек маған, мен керекке не бердім

Рахмет, Нұрғиса аға.Эстафетаны жалғастырайын.

Керекке келдім, себебі орысша ортада өскен маған,қазақ форумында "өзіміздің адам" болу ерекше кайф болды! Көп әзілдерді, сөздерді дұрыс түсінбей,қуып жүретінмін басында. Өз сөзімді өзім сөйлеп)) Сосын…
Әрі қарай