Күшіктері бар кесте.

Қайбір күні ескі цифровигімді көріп отырып, бұрынырақ түсіріп алған кестемді тауып алдым. Үтіктемеген де екенмін , түсіре салыппын. Кесте крестом ғой. Бұрын мектепте 1-2 рет пе тіккенмін, содан кейін енді тігуім кестенің бұл түрін.
Әрі қарай

Медиктер күні!

Ия, бүгін медиктер күні. Әкем мен ағам хирург, шешем терапевт болған соң, біздің отбасы үшін бұл мерекенің маңызы ерекше. Мен де көзімді ашқалы бері шай басында дәрігерлік қызметтің қызық-шыжықтары талқыланушы еді. Үйдегі кітапханамыз да 90 пайызға медициналық кітаптар болған соң ба, кейде менің «Дымбілмесім» де «Махаббат қызық мол жылдарым» да сол «Анатомия» мен Патологиялық физиология кітаптары болды.
Күйіп қалу, үсіп қалу, және басқа жарақаттардың барысы кішкентайымда қызық болып, кесіртке, құрбақалардың қарнын алмаспен жарып қызықтап, жасөспірімдік кезде үлкендерден тығылып, әйелдер анатомиясын оқып отырушы едім. Жалғастыра берсем, бірінші курсымда да мед институттың жатақханасында жаттым. Олардың приколдары мен өмір салтын жатқа білдім. Онда да бірінші курстың ағылшын тілі сабақтарына көмектесемін деп біраз терминдерді үйрендім.
Жә, Джек пұтарлаушы я Ганибал Лектордың өмірбаяны сияқты болып кеткен сияқты. Бірақ айтайын дегенім, бұл мерекенің мен үшін де маңызы үлкен. Медицина саласындағы дос, туыс-таныстарым менің өз саламдағылардан көп екен. Солардың барлығын құттықтаймын.
Сонымен қатар менің казнетте Алтын ник есімді Салтанат деген медик қарындасым бар екенін білемін. Жастар.біз- дегілер мен СОлай.Деліктер де тануы тиіс.
Және болса, ДА -ның Рейхспроктологы Кербабаев Сатыбалдыны да медицинаға енгізген жаңалықтары үшін, атап айтқанда, Проктопсихоанализ ғылымының негізін қалаған және тағы басқа пайдалы-пайдасыз еңбектері үшін рахмет айтып, құттықтағым келеді.
Қолдарың да басқа мүшелерің де дерт көрмесін.
Әрі қарай

«Ұлытауға бардың ба?..» немесе Фергюсон ізімен...)

Уа, жамағат!

«Ұлытауға бардың ба,ұлар етін жедің бе?» — деген бізде халық арасында сөз бар еді. Ұлытауға Алекс көке Фергюсонның не қатысы бар деп отырған шығарсыз, бағытымен баяндайын…
Әлқисса. Ыстамбұлда болғанымды білдіріп, шатып-пұтып пост ілген ем, сол күнннің кешінде көршілес Бурса қаласына бағыт алып, автобуспен шығып кеттік. Ыстанбұл-Бурса арасы 5-6 сағаттық жол екен, сол үшін де мұнда екі арада автобустар зырылдап ағып жатыр, ағып жатыр. Іңір тарта жолға шыққан біздің автобус таң қылаң бере Бурсадан бір-ақ шықты!
Әрі қарай

Қолөнер: кесте тігу:)

Уа, халайық, халайық!
Мұнда назар салайық.
АКА қыздың өнерін,
Тамашалап қарайық.
Қателігі болып жатса,
Дұрыс жолға салайық,
Өнері егер ұнап қалса,
Қолпаштап бір қояйық!  
Әрі қарай

Ештен кеш жақсы


Өзі айтпаса білмес те ем, 28 мамыр күні біздің құрметті @edige батыр 33 жасқа толыпты. Абыр-сабыр басылып, «Рахмет»-тен есіңді жиып, «ойбай, басееең» жазылған соң құттықтауға рұқсат ет:)
Денің сау болсын, отбасыңның арқа сүйер тірегі бол.
Әрі қарай

Арықтау амалдары: Стереотиптермен күрес

Осыған дейін арықтау үшін диета мен фитнестің қайсысы маңызды деген тақырыпқа тоқталған едім. Ол постты бастан-аяқ оқуға ерінсеңіз, тұжырымымды қысқаша айта кетейін. Мен үшін екеуі мәреге жетуге көмектесетін құралдар. Демек, бір-бірін толықтырып отыруы керек. Алайда, ең басты проблема адамның басында. Арықтағысы келген жанға кедергі болатын мифтер мен стереотиптер әртүрлі мамандар мен шарлатандар жасаған арықтау бағдарламаларынан да көп. Ендеше, бірінші кезекте миды тазартып алайық.
Әрі қарай

Балаларға базарлық

Алматыдан жалынды сәлем! Кәсіби біліктілігімді арттыру үшін осында келіп қалдым енді. Содан кенет бойымда педагогтық қасиетім оянып, балаларға арналған кітап жазғым келмесі бар ма? Оның үстіне әдемі қазақша кітап көптік етпейді. Әй, бірақ шаруасы көп қой оның. Сондықтан әзірге қолдан хендмейд кітапша жасауға болады. Содан бастап көрмейміз бе? Тақырып да өзекті — балаларды спортқа ерте бастан баулып, патриоттық рухта тәрбиелеу, заманымыздың батырларын дәріптеуді үйрету. Ендеше, кеттік!
Алдымен бізге керегі — контент. Оны мен толығымен өзім жасадым. Сөзін де, көркемдеуін де. Сіздерге де пайдалануға рұқсат. А4 форматында әр параққа екі суреттен қойып түрлі-түсті принтерден шығарып алуларыңызға болады. Қатты қағазға шығарсаңыздар, тіпті керемет.

ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық

Бұлт-бұлт етіп бұлшық ет,
Шып-шып тері шығады.
Жаттығады құлшынып,
Қандай берік шыдамы?

Мен де солай жалықпай,
Шынығайын, себебі —
Мен де Ильин алыптай,
Тау көтергім келеді!


ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Велосипед тебемін,
Дамыл таппай аяғым.
Тоқтамастан желемін,
Таудай менің талабым.

Қиындыққа не түрлі,
Өзім шыдай аламын.
Винокуров секілді,
Мен чемпион боламын!


ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Жұдырығын тас түйіп,
Соққыларын көздеген.
Тұра алады қасқиып,
Боксшыға кез-келген.

Сәпиев – ер, білемін,
Сондай болу арманым.
Шымыр менің білегім,
Дайын менің қолғабым!


ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Жалтыраған мұз қандай!
Коньки жеңіл сырғиды.
Шиырлаған із қандай!
Бимен бірге жылжиды.

Бұл кім десең — Денис Тен!
Сән-сымбаты келіскен.
Мен де солай сырғанап,
Қуантамын жеңіспен!


ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Ақ пен қара алысқан,
Тақта алдында ойланам.
Бала кезден жарысқан,
Жансаядан үлгі алам.

Жүріс жасап тиімді,
«Шах» пенен «мат» мақсатым.
Шарлап жүрсін қиырды,
«Гроссмейстер» жақсы атым.


ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық

Айбек ағам – балуан,
Қазақстан барысы!
Тәсілі сан алуан,
Аң біткеннің тағысы.

Күресейін өзім де,
Жерге тимей жауырын.
Батырмын ғой төзімді,
Үйрен менен, бауырым!


***
Енді кітаптың өзіне кірісейік. Балаларыңызбен бірге отырып жасасаңыз да болады. Сурет салуға арналған альбомның 4 бетін аламыз. Тура ортасынан бүктейміз. Бүктеген қырынан көз мөлшерімен әдемілеп 4 жерден тесеміз. Қаттылау жіп немесе лентаның екі бөлігін қиып алып, тесіктерден өткізіп байлаймыз.
ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Беттеріне өлең сөздері мен суреттерді жапсырамыз. Ал мынау мұқабасы:
ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық

Кітапша дайын!
ОҒМ жазбалары: Балаларға базарлық
Оқып, жаттай беруге болады. Тіпті өзіңіз де толықтыра аласыз.

Ертең бұйырса керектің сұлуы madlen -ге барамын. Оның Әлихан атты ұлды болғанын көбіңіз білетін шығарсыздар. Оған деген сыйлығым өзінен-өзі дайын болды

Балалар күні құтты болсын!
Әрі қарай

Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері

Блог - patick: Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері
Кеңес заманынының оқулықтарында Лениннің келесі оқиғасы баяндалатын: Көсем түрмеде отырған кезінде, үзеңгілес жолдастарына құпия хат жолдайтын. Әрине оған қалам-сия берілген жоқ. Сондықтан ол сияның орнына сүт пайдаланған. Ақ қағазға сүтпен жазса — ештеңе көрінбейді. Оны оқу үшін қағазды сәл қыздыру керек.

Мен сүттің қоректік функциясынан бөлек, тағы қандай салаларда және қандай мақсатта қолданылатынын іздеп көрдім. Сөйтіп, төменде ұсынылған келесі қызықты деректерге тап болдым.

Тұрмыста

Блог - patick: Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері
Төркініңізден келген сүйікті фарфор тәрелкеңіз жарылып кетті ме? Бұны сүттің көмегімен қалпына келтіруге болады. Тәрелкені кәстрөлге салыңыз, оған сүт құйып, жай отпен 45 минуттай қайнатыңыз. Сүттің құрамындағы ақуыз — ұсақ жарықтарды бітеп тастайды.

Өңі кете бастаған күміс қасық-шанышқыларыңыз болса, оларды да «жаңалап» алыңыз. Ашыған сүтке батырып, жарты сағатқа қою керек. Сосын жылы суда сабындап жуып, жұмсақ шүберекпен мұқият сүрту қажет.

Сүтпен киім-кешекті де тазартуға болады. Лакталған былғарыдан жасалған бұйымның (аяқ киім, сөмке, әмиян) өңі кете бастаса, оған сүт жағып, кепкеннен кейін жұмсақ шүберекпен сүру керек.

Түсті киімге дақ түскенде, киімді бір түнге сүтке батырып қою қажет. Ертең шығарып, жуып аласыз — болды.

Халық емдері

Блог - patick: Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері
Ана сүті емдік мақсатта да пайдаланылады. Көз қызарғанда, ісігенде, көзге инфекция түскенде ана сүтімен шаю керек. Көзді тазалаудың екі жолы бар — мақтаны сүтке малып сүрту немесе тамызғышпен тамызу.

Сонымен қатар, құлақ ішіне түскен инфекцияны ана сүтін тамызу арқылы, тамақ ауырғанда ана сүтімен шаю арқылы жазуға болады екен.

Теріні жасарту, косметология

Блог - patick: Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері
Сүтпен жуылған шаш жұмсарып, оның қалыңдауына, қайызғақтың арылуына сеп болады. Әрине, бұл жерде жасартқыш сұйықтық дайындауда тек сүттің өзі ғана емес, оған жұмыртқа, бал, ұн қосылады. Нақты рецептісі пен оны қолданудың әдіс-амалдары қажет болса — іздеу жүйелеріне жүгініңіз.

Жануарлардың сүті тері үшін де пайдалы екен. Мысалы, ешкі сүті терінің қартаюын бәсеңдетіп, тіпті регенерациялық қасиетке ие дейді. Нардың (бір өркешті түйе) сүті теріні ылғалдандырып, жұмсартады.

Косметологтар аңыздарда айтылатын Клеопатраның сұлулық құпиясы — жылы сүтке шомылудан деп түсіндіреді. «Бір литр сүт пен бір қасық балдың қоспасымен аптасына 2 рет жуыныңыз. Таңғаларлық нәтижесін көп кешікпей көре бастайсыз», — дейді мамандар.

Ал теріні тазартуға сүзбеден, айраннан немесе қаймақтан жасалған маска пайдалануға болады. Сүтті косметологияда қолданудың осындай және басқа да тәсілдері жетерлік.

Сән әлемінде

Блог - patick: Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері
Неміс модельері және биологы Анке Домаске (Anke Domaske) кезекті киім үлгілерін сүттен жасап шығарды. Ол материал ретінде ашыған сүтті пайдаланған. Түрлі эксперименттердің нәтижесінде сүттен — казеин деген зат бөліп алды. Осы ақуыздар массасынан Анке талшық, ал талшықтан мата шығарды. Осылайша оның қолынан сүттен жасалған әйелдерге арналған жазғы киімдер коллекциясы жарық көріпті. Сүттен жасалған мата қолға ұстағанда жібекті еске түсіреді екен.

Былтыр Анке Домаскеден үлгі алған өзіміздің оралдық жігіттер Atameken Startup Weekend байқауында сүттен мата өндіру жобасын ұсынған болатын. Олар неміс модельерінің бастамасын Қазақстанда іске асырмақ.

Сүттің қасиетін ерекше бағалайтындардың бірі өзіміз — қазақтар. Үйге кірген жыланның басына ақ құю — жамандықтан аулақ болудың белгісі. Сол секілді Сенегал мен Гамбияда да ұқсас ритуал бар екен. Ерлер ұлттық күресу сайысына шығар алдында сүтке шомылады екен. Бұл оған күш-қуат береді-міс. Ендеше сүттің осындай энергетикалық һәм практикалық қасиеттері өмірімізде кеңінен қолданыла берсін.

Посттағы ақпараттарды жазуға uhodzavolosami.com, lady.novostiua.net, moloko.cc, bibliotekar.ru, kakun.ru, nevozmozhnogo.net секілді ресурстар көмек болды.
Әрі қарай