«Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»

Блог - Aya: «Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»Әлқисса, қара түс. Қазақы танымда қара түстің мағынасы жүз құбылады. Кейде қорқыныш, кейде мұң, кейде қайғы, кейде қасірет, ал кейде қасиет. «Қара тұту», «қара жүрек», «қара жамылу», «қаралы көш», «қара қазан», «қара шаңырақ», «қара жер» сияқты ұғымдар соның айғағы. Сондықтан да қара түстен кейде қорықсақ, кейде жұбаныш табамыз.

«Ақ гүлді көрдім, қызыл гүл тердім, ал мұны,
Көргенім осы, жабырқап кетті жан мұңы.
Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға,
Гүлдің де сірә, болады екен ғой тағдыры...»


Ұйыған сүттей әдемі сурет емес пе?! Естіген болсаңыздар қара қызғалдақ (черный тюльпан) деген гүл болады. Әгәраки, сыйлыққа осындай көмірдей қара гүл алар болсаңыз мағынасы «тұрақтылық», «жанпидалық» дегенді ұқтырады екен. Гүлтанушылар «Сенімен бірге өлуге де дайынмын» дегенді білдіретіндігін айтады. Қара түс пен қара гүлді неге байланыстырып отырмыз? Бүгін біз әңгімемізде салған әні мен лүпілдеген нәзік сезімге толы лирикалық поэзиясы арқылы көпшіліктің жүрегінен орын алған Табылды Досымовтың «Қара гүл» әні туралы сөз қозғамақпыз.

Блог - Aya: «Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»Нақышы ерекше Табылдының әндерінде мәдениеттанушы Әуезхан Қодар айтпақшы «еуропалық интеллектуализм» бар. Бітісі бөлек шығармаларының ырғағы құлақ үйренген әлдебір жаттанды әуеннен ада тосын музыка. Сондай-ақ, көкірегіңде жатталып қалатын сыршыл, өрнекті суреттермен нақышталған тұтас дүние. Сондай шығармаларының бірі бардтың өзі сүйіп орындайтын «Қара гүл» әні.
— Табылды Досымовтың қазаққа кең тараған хит әндері студент шағында жазылған. Ол – 1980 жылдардың орта шені болатын, — дейді бардтың курстас досы, журналист Арман Сқабылұлы.

Осы бір әуезді әннің шығу тарихын білу үшін белгілі ақын, "Қара гүл" әнінің сөзін жазған Жанат Әскербекқызынан сыр суыртпақтап көрдік. Апамыз бізге оңай ақтарыла қоймады. Тіпті бұл танымал өлеңін қалай, қандай сәтте жазғаны есіне түспей қалған-мыс. Сендірмеді, сене алмадым. Осыған қарап әннің шығу тарихында үлкендердің арасында жатқан әлдебір құпия бар болар деп түйдім.

Блог - Aya: «Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»««Қара гүл» өлеңі енді бойжеткен 16-17 жасымда жазылған. Қандай жағдайда жазылғаны есімде қалмапты. Десе де қазақ танымындағы қара түс үнемі тұспалдап жеткізіледі. Қыздың бойжеткен тұсы – қауыз жарған гүлдің өміріндей ғана сәт. Өсіп шығады, қауыз жарады, солады. Сол аралықта бойжеткеннің басынан небір тағдыр өтуі мүмкін, қалтарыс-бұлтарысқа толы болады ғой. Ал әннің шығу тарихына келер болсақ, қандай жағдайдан туғанынан өзім хабарсыздау екенмін.Табылды менен кейін оқуға түсті ғой. Бұл мәтін қолына қалай түскенінен бейхабармын. Алғаш Табылды өзі гитарасымен орындап берген еді. Алайда жас болғандықтан әнге көп мән бере қоймадым. Тіпті бұл әнді қалың жұртшылыққа танымал болады деп еш ойламадым. Кейінірек мәдениеттанушы Әуезхан Қодар осы әнді орысшаға аудартықызып жүргенін естідім, кейінгі тағдыры қалай болғанынан хабарым жоқ екен. Өмірде Табылдымен етжақын араластық деп айта алмаймын, шығармашылық сыйластықта болдық».

Қош дедік те, ән тарихын сезімтал лириктің бірге оқыған жолдастары мен курстастарынан сұрауға бекіндік.

Серік Жанболат, журналист, ақынның курстас досы: «Табылдының сол кезеңдерде үлкен махаббаты болды, ғұмыр бойы ғашық болып өтті. Ол қазіргі күні Өскеменде тұрады. Сол махаббат мұңына арнап шығарылған ән деп ойлаймын. Бірақ нақты емес. Бұдан артық ештеңе айта алмаймын. Бүгінгі күні бұл әннің шығу тарихы белгісіз болып отыр».

Арман Сқабылұлы, тележурналист, ақынның курстас досы: «Мен Табылдымен бірге оқыдым, бір бөлмеде тұрдық. Шығармашылық сәттерінің көбінен хабарым бар, көп әні менің көз алдымда дүниеге келді. Бірақ осы «Қара гүл» әніне келгенде кібіртіктеп қаламыз, тархын білмейді екенмін. Табылдының «Қара гүлден» де мықты, рухты әндері көп. Алайда сазгердің өзі осы әнді ауызынан тастамай айтты. Автордың өзі өте қатты жақсы көрген ән еді».

… Иә, ақын Табылды өзі айтқандай махаббат қай заманда да ескірмейді екен. Ертеректе баспасөз бетіне берген бір сұхбатында ағамыз махаббат туралы әндері жайлы сауал қойған тілшіге былай дейді:
«Өнердің ар жақ тірегі махаббаттан тұрады ғой, операң да, балетің де, поэзияң да сезімнен туындайды. Ал қызға ғашық болмайтын жігітті мен дұрыс жігіт деп ойламаймын. Текті жігітті ғашық қылатын ару алдыңда тұрса неге ғашық болмасқа?! Неге оған сезіміңді әнмен, жырмен білдірмеске?!1986-87 жылдары әкем зейнетке шығатын болып тиісті орындар жаңа үй салып берген еді. Сол үйдің қора-қопсысын жөндемек болып ауылға кетіп қалды. Жаңа үйде шифонерден басқа ешқандай дүние болған жоқ, жаңғырып өлең айтсаң әдемі естілетін. Айна алдында отырып алып ән айту менің әдетім-тін. Сол үйдің ішінде «Қара гүл», «Сәйгүлік», Ұнатамын мен сені» деген үш әнді жаздым». Осылай қысқа қайырған ақынның өзі махаббаты мен «жүрегінің бөлшегіне» айналған арулар туралы жылы жауып қояды.

****

«Мына гүл менің мұңымды жаяр жаршы ма,
Сығалар мұңың, қансыра, жүрек, қансыра!
… Көз орынында көз емес, кейде қарасаң,
Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»


Тағдырлы ақынның әндеріне эстетикалық көркемдік, нәзіктік тән. Біз бүгін әуенде төгілген ғұмыр мен тағдырдың шығу тарихының үддесіне жете алмадық, білемін. Жалпы, ақынның сыршыл, тәтті мұң жатқан лирикалық махаббат әндеріне шабыт сыйлаған, арқау болған арулардың өмір жолы көмескі тартып жатады. «Шайыр біткендер шырмалып шырмауық-мұңға, Жұтады сосын қайғыны шарапқа қосып…» деген. Ендеше, Табылдының «Ұнатамын мен сені», «Күнікей қыз», «Ақ дидарың-ай», «Тәтті мұң» тәрізді әндеріне арқау болған махаббаты туралы әңгіме бөлек дастанның жүгі. Бірақ Белинский айтатын «поэзия — бақшадағы раушан гүлінің тікенін алып тастап, жұпар иісі мен сұлулығын жырлау» құдіреті бардтың қай әніне болмасын тән қасиет болып келеді. Осыны місе тұтамыз.

Төменде ән авторы Табылды Досымовтың орындауындағы жүктеме. Сөзін жазған Жанат Әскербекқызы. Мархаббат :)

Әрі қарай

Ахуйн (Иосиф Бродскийдің туған күніне)

Менде бір керемет сюжет бар...: Ахуйн (Иосиф Бродскийдің туған күніне)

Ақынның, хершірерсіздер, ендігәрі — ахуйн десек дәлірек болар, ішкеніне үшінші апта. Әйелінің өтінішімен — онымен бірге ішіп, өмірге құштарлығын арттыруға кіріп шықпаққа әлгі жерімді будым.

Ішімнен сыбап келе жатырмын. «Дарабоз ахуйнымыз!», «ауданымыздан шыққан жалғыз қасқа!» деген атақ пен ат-шапанға малданып, облыс орталығына көшті де кетті. Дос ретінде лібәдқа бірнеше рет ескерттім:
Әрі қарай

Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Иә, шынымен, мерейтойға бергісіз өтті. Банкет, мол дастархан, табақ тарту, бас ұсыну, сыйлық сыйлау, шапан жабу… Додасы бар, доданың жеңгені бар, ән, би… Көңілді. Бірақ әңгіме онда емес.

1-күн

20-түнгі препатиден титықтап шыққан біздер, шаршағанымызға қарамастан 21 күні «Талдықорған, қайдасың» деп тартып отырдық. «Шаршағанымызға қарамастан» деп қоям өзімше, дайын автобус тұрғанда. Жол ұзақ екен. Жолай тау арасына бұрылып, Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік музейіне соға кеттік. Шоқанның көзіндей боп қалған эксклюзив экспонаттарды тамашаладық.
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Сол жерден түскі ас ішіп алып, кешке облыс әкімінің атынан берілген асқа топ ете қалдық. Оркестр…

2-күн

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Таңғы асты іше сала наурыз тойлауды бастап кеттік, алаңда мерекелік шаралардың куәсі боп, концерт көрдік. Одан кейін Алматы облысы өлкетану мұражайы, Алматы облысы көркемөнер галереясы,

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

Тіл сарайы, медиаорталық
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
т.б. жерлерді аралап, жаңадан салынған спорттық кешенде волейбол, футбол ойындарына кірістік. Тіпті су жаңа формамызға дейін дайын екен.
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

Жалғас пен Абылайдың бойындағы жауапкершілікке ризамын, автобуста «ертеңгі ресми бөлімнің форматына уайымдаймыз» деп отырған, кешкілік әлі де көп нәрсенің мәнісіне жете алмай жүрген жастарды жинап алып, жақсылап инструктаж өткізді. Жастармен жақынырақ таныстық. Ертеңгі мастер-кластарда жасқанбай сұрақтарын қойып, өз пікірлерімен бөлісуге кеңес берілді. Тура сол отырыс дұрыс шешім болды, себебі қыз-жігіттердің кескіндерінен «уфф» деген бір жеңілдік байқағандай болдым.

3-күн

Тіркелдік. Папкідегі бұйымдарды көріп жымыңдасқан жамағат. Мына жақта додекаэдр үстел, ана жақта сессиялар. Кешегі отырыстан соң ба, Жалғастың мастер-классына қызығушылық танытқандар көп. «Жалғас ағай, Жалғас ағай» болды да қалды оЧм. Абылай «HTML шәйнектерге» тақырыбына мен аздап көмектескен болдым. Гастаның мастер-классы интервьюге ұласты.
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Өзгелердікіне қатыса алмадым.
Ресми бөлімдегі сессиялар аздау секілді, бірақ бірдеңе үйренем деушілерге жеткілікті болды деп ойлаймын. Әрі қарай өз қабілеттеріне қарай көре жатар.

Ұнағаны: жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық, қонақжайлылық, жастар саясаты басқармасының кез-келген уақытта жанымыздан табылуы, әкімшіліктегілердің қарапайымдылығы, бізге көрсетілген зор құрмет.

Ұнамағаны: тағы да жастар саясаты басқармасының қыз-жігіттерінің кез-келген уақытта (тіпті, қажетсіз кезде) жанымыздан табылуы, балабақшаның балаларындай қақпайлауы, еркін жүріп-тұруға мүмкіндік бермеуі. Оларды да түсінуге болады дегенмен біз де есі дұрыс адамдармыз ғой.

Осы бары. Негізі бұл формат шаршаған. Блогкемптен блогтурға қарай ауысып бара жатыр. Бір тың серпіліс керек.
Әрі қарай

Инвестиция. Қаржыны қайда құям?

Маңдай термен тапқан артық ақшаны қайда құюға болады? Табысты қалай көбейтем? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Бұл мәселеде бізге тәуекел-менеджер, құрбым Мәдина көмекке келеді.

Депозит
Қаражат сақтаудың ең кең таралған және ең түсінікті құралы – депозит. Сонымен қатар ол қаражат құюдың ең сенімді жолы болып табылады, себебі салымдардың сақталуын Қазақстаның депозиттерге кепілдік беру қоры қамтамасыз етеді. Депозитіңіз бар банк күйген жағдайда салымыңыз толықтай қайтарылады, алайда оның көлемі 5 000 000 теңгеден аспауы шарт және қор депозит сыйақысын төлемейді.
Банктер клиенттерге ақша салудың қолайлы жағдайын ұсынып отыр, төмендетілмейтін қалдықтың аз болуы, кей банктердегі депозиттен ақшаны кез-келген уақытта шешіп алу және толықтыру мүмкіндігі осыған дәлел. Қазіргі кезде максималды сыйақы мөлшері теңгедегі депозиттерде 10,5%, ал доллардағы депозиттерде 4,1%-ті құрайды:

ОҒМ жазбалары: Инвестиция. Қаржыны қайда құям?

Бұл жерде пайыздық мөлшердің жоғарғы деңгейін ҚР Ұлттық Банкі реттеп отыратынын айта кету керек. Өзге валютадағы депозиттер туралы ақпаратты мына жерден оңай табасыз.

Мәдина, тәуекел-менеджер: Иә, депозит қазіргі кездегі ең сенімді инвестиция құралы деп айта аламын. Алайда ол пайда табудан бұрын, қаржыны инфляциядан сақтауға арналған. Сол үшін депозит иелеріне қаражаттың бір бөлігін доллар немесе еурода сақтауға кеңес берер едім.

Халықтық IPO
IPO – компанияның кішкентай үлестерін (акцияларды) жаңа иегерлерге жаппай сату болып табылады. 2012 жылы Қазақстандағы ірі мұнай құбырларының операторы «КазТрансОйл» АҚ-ның қарапайым акцияларының IPO-сы сәтті өтті. Сатылым кезіндегі бір акция құны 725 теңгені құраса, 2012 жылғы бір акцияға берілген дивиденд 75 теңгені, ал 2013 жылы 109 теңгені құрады. Екі жылдың нәтижесі бойынша «халықтық акционерлер» 25% пайдаға кенеліпті. Осы жылы «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша сатылымға «KEGOC» АҚ акциялары бір данасына 505 теңгеге шығарылмақ. 2015 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ акциялары сатылымға шығады деп күтілуде, одан әрі «ҚазақстанТеміржолы» ҰК» АҚ және «КазАтомӨнеркәсіп ҰАК» АҚ «Халықтық IPO» бағдарламасына қатыспақ.

Мәдина, тәуекел-менеджер: Халықтық IPO бағдарламасының алғашқы компаниясы сәтті өтті. Бірақ компаниялар әртүрлі, мысалы, электр желілері – мұнай емес, кіріс көлемі сіз ойлағандай болмауы мүмкін. Сондықтан акцияны сатып алмас бұрын компания туралы аз-мұз зерттеу жасап алған жөн.

ҮИҚ
ҮИҚ (үлестік инвестициялық қор) – ұжымдық инвестициялау формасы. Салымшылардан жиналған қаражатты басқарушы компания түрлі қаржылық құралдарға (акциялар, облигациялар) инвестициялайды.
2004 жылдан бастау алған бұл нарық сегменті жоғары пайдалы және тәуекелі аз саналып қарқынды дамыған болатын. Дегенмен, Қазақстанда ҮИҚ – тиімсіз болып табылады. 2008-2010 жылдардағы дағдарысқа байланысты акциялар құнсызданып, нарықтың бұл секторы соңғы жылдары едәуір қысқарды:

ОҒМ жазбалары: Инвестиция. Қаржыны қайда құям?

Мәдина, тәуекел-менеджер: Пайлық инвестициялық қорлардың соңғы жылдары екі есеге қысқаруын есепке алатын болсақ, оларға қаржы құюды қауіпсіз демес едім. Дағдарысты былай қойғанда, алаяқ басқарушы компанияға ұрынып қалу ықтималдығы да бар. Сондықтан ҮИҚқа ақша құярда нарықта ең құрығанда 3-4 жыл жұмыс істеп жатқан басқарушы компанияны таңдаған жөн.

Алтын
Қазір кей банктер ақшаны алтынға инвестициялау мүмкіндігін үсына алады. Ол үшін «металл есеп» ашылады, онда клиентке тиісті алтын мөлшері есепке алынып отырады. Алтын банктің өзінде сақталады. Пайда иесіздендірілген алтынды сатып алу және кейін сатудың айырмашылығынан түседі.
Сонымен қатар ҚР Ұлттық банкінен инвестициялық және коллекциялық алтын тиындар сатып алуға болады. Мұндай қызметті Сбербанк және Еуразиялық банк ұсынады, бірақ мұндай алтын тиындар, оның ішінде коллекциялық түрі сізге қымбаттау түседі. Себебі алтынның өз бағасына тиынды жасау жұмысы да қосылады. Оның үстіне мұндай алтынды тек ҚР Ұлттық банкіне немесе коллекция жинаушыға сата аласыз.

Мәдина, тәуекел-менеджер: Иесіздендірілген алтынның курсын банк өзі қояды, дегенмен баға жанама түрде әлемдік алтын құнына тәуелді. Сонымен қатар түрлі комиссиялық шығындары бар. Осыларға дайын болсаңыз, алтынға қаражат құйыңыз.

Автомобиль

Рубль бағасының долларға қатысты төмендеуіне байланысты біздің азаматтарға жаңа авто сатып алу түріндегі инвестиция мүмкіндігі пайда болды. Әлден-ақ кей пысық қазақстандықтар осы негізде өз бизнесін бастап та кетті. Жай ғана Астана мен шекараға жақын Омск Тойота орталықтарындағы жаңа автомобиль бағаларын салыстырып көрейік:
ОҒМ жазбалары: Инвестиция. Қаржыны қайда құям?
Ресейдегі престиж комплектациялы Тойота Камри 1 308 мың рубль, яғни 29 876 доллар тұрады, ал Қазақстандағы орталықта тура осы комплектация 38 000 доллар тұрады.
Бұл туралы тәуекел-менеджеріміз ештеңе демейді. Не десін? Қолыңыздан іс келсе, мұрныңызға бизнес исі баратын болса, алға!




Өз басым мұндағы инвестиция түрлерінен Каспий банк депозитін ғана пайдаланыппын. Ақшаны кез-келген уақытта шешіп алуға болатындығымен тартты, бірақ соның кесірінен бір жағынан қаражат жинап та қарық қылмадым. Айтпақшы, Жилстройсбербанкте жинақ бар, бірақ бұл инвестициядан гөрі қажеттілік дер едім.
Негізі Мәдинаның айтуынша, тура қазіргі жағдайда өзіңді кей нәрселерден қысып қор жинаудың қажеті жоқ. «Автокөлік, техника керек пе – несиеге алып ал, пәтер керек пе, мүмкіндігің болса, ипотека рәсімде, білім алғың келе ме — оқы, шетелге қыдырғың келе ме – алға, дауай! Тапқан ақшаңды өз рахатыңа жұмса, себебі девальвация бәрібір жалмап алады» дейді. «Кенет» жағдайларға кішкене «тықпаң» болуы керек әрине. Кеттім. Ақша жұмсауға.
Әрі қарай

Тоғызқұмалақтағы кейбір амалдар

ОҒМ жазбалары: Тоғызқұмалақтағы кейбір амалдарҚазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты білмейтіндеріңіз кемде-кем болар. Иә, баяғыда ата-бабаларымыз қой бағып жүргенде жерді қаза салып қойдың құмалақтарымен осы ойынды ойнап, өз математикасын дамытқан-мыс. Кейін түрлі бағалы ағаштардан әдемі тоғызқұмалақ тақталары жасала бастаған. М.Әуезовтың «Абай жолында» осы тоғызқұмалақты ойнау барысы әдемі суреттелген.
Әдіптелген тақтасын қайдам, өзіміз осы ойынды ең алғаш үйренгенде мектепте қарапайым пластмасса тақта да болмаған. Әйтеуір 7-класста оқып жүрген бір күні дене шынықтырудан беретін Марат ағай класқа кіріп келіп мұғалімнен «математикаға мыналардың қайсысы жақсы?» деп сұрағанда ол Еркебұлан екеумізді көрсетіп, бізді спортзалға дедектетіп ертіп әкеткені есімде. Ол жақта алдында көп-көп түйме, моншақтар үйілген бізден бір класс жоғары оқитын Қаламқас отыр екен. Түсінгеніміз мынау – ертең жарыс, ағайымыз шұғыл тоғызқұмалақ командасын құрып, соған дереу қатыстырмаса, «кесекке» кіреді екен. Басшылық ұлттық құндылықтарға жаппай назар аудара бастаған кез болса керек сол. Содан ағайымыз дем арасында тақтаны қайдан таба қойсын, үйіндегі түйме, моншақтан түк қоймай алып келіпті. Не керек, өзінің де ойын ережесінен хабары шамалы адам, бізге үйрете бастады. Шын тақтаны ертесіне жарысқа барғанда бір-ақ көрдік. Әрине ойсырата жеңіліп қайттық. Кейін ғой ол, 60 мектеп ішіндегі топ-ондықта жүргеніміз. Тақтадан да таршылық көрмедік. Қазір де факультет атынан үнемі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрген жайымыз бар. Енді өз басым осы ойын барысында қолданатын айла-амалдарыммен бөліссем деймін.




Ойын ережесі

Айла-амалдарға кіріспес бұрын, алдымен білмейтіндер үшін ойын ережесіне тоқтала кету артық болмас.
Негізі, қазақ интернеті тоғызқұмалақ ойыны жайындағы ақпараттан кенде емес екен. Тіпті «Тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының» ресми сайты да бар екен. Ол сайтта ойын ережесі толық жазылған. Үзінді келтірсем:
Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі.
Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді де қолданамыз.

Жүріс ойыншылар тарапынан кезектесіп жүріледі. Жүрісті кімнің жасайтыны жеребемен немесеқарсыластардың келісімімен анықталады.
1.Жүріс жасау үшін өз жағыңыздағы отаулардың бірінен біреуін орнына қалдырып, қалған құмалақтарды қолға алып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылса (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанымызға салынады.
Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп (3 құмалақтан басқа), тақ қылса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтып алынбайды.
2.Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде орны бос қалады.
3.Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе 2-3 құмалақ бөліп алып жүруге болмайды.

Егер ойыншы ойын барысында 82 құмалақ жинаса ойын бірден тоқтатылады.

Иә, бәрі де дұрыс, яғни басты мақсат — өз отауларыңдағы тастар санын жұп күйінде сақтай отыра, қарсыластың отауындағы құмалақтарға шабуыл жасау. Түсініксіздеу болып жатса, мына видеоны көріңіз:


Бастапқы жүріс жасау ережелерімен таныстық па? Ары-қарай кішкентай қулықтарға көшейік.

Атсырау

Екі ойыншының бірінің ұпай саны 82-ге жетпей жатып-ақ ойын аяқталып қалуы мүмкін. Мұндай жағдай ойыншылардың бірінің жүрерге тасы қалмай қалғанда орын алады және ол «атсырау» деп аталады. Сіз атсырауға ұшырасаңыз қарсыласыңыздың ойын тақтастында қалған тастары автоматты түрде оның қазанына түсіп, ұпай болып жазылады және ол жеңіске жеткен болып есептеледі.
Атсырауға ұшырамау үшін ойын соңына қарай жүрісті үнемдеп жүру керек.
Енді ешқандай ұпай жинау мүмкіндігі болмай, тек жүріспен шешілетін ойын болса келесідей ережелерді ұстанған ләзім:

1. Қарсылас жаққа бір де бір тас жібермей барлық тасты 9-отауға жинаған жөн.

2. Жүріс барысында тастарды таратқан кезде қарсыластың территориясына бір тас болса да шығып кетпеуін қадағалап санап отырған жөн. Ол үшін отауларға артық тас жинамау керек. Мысалы бесінші отаудағы тастар саны бесеуден аспаған дұрыс, себебі ол отаудан жүріс жасасаңыз, ең болмаса 6 тас болған жағдайда бір тас қарсылас жаққа түсіп, ол онымен ең көбі 9 жүріс жасай алады.

3. Егер қандай да себеппен ортадағы бір отауда көбірек тас жиналып қалса оған жинай бермей, бірден таратып тастаңыз. Бұдан былай мүмкіндігінше бір отауда екі тастан артық болмайтындай таратып-таратып жүріс жасап отырыңыз.

Тұздық

Ойын барысында қарсыластың бір ұяшығында екі тас болып, сіз жүріс жасағанда соңғы тасыңыз сол отауға дөп келсе, ол отау сіздің қосымша ұпай жинау қорыңызға айналып шыға келеді және ол «тұздық» деп аталады.Бұдан былай ойын барысында ол отауға түскен әрбір тас сізге тиесілі болып, қазаныңызды толтыра бермек. Яғни:



Тұздық ашу бойынша келесідей ережелер бар:
1. Тұздықты ойын барысында әр ойыншы бір-ақ реттен аша алады.
2. Тоғызыншы отаудан тұздық ашуға болмайды.
3. Бірдей отаулардан тұздық ашуға болмайды. Яғни сіз қарсыласыңыздың 7-ұяшығынан бірінші болып тұздық ашып алсаңыз, қарсыласыңыздың сіздің 7-ұяшығыңыздан тұздық алуға құқығы жоқ.

Тұздықты ойын барысында бір-ақ рет ашатын болғандықтан кез-келген отауға жүгіре кетпей тиімді жерден ашып алған жөн әрине.
Ең тиімді тұздық – 7 немесе 8-отаулардан ашылған тұздық. Себебі жүріс солдан оңға қарай жасалатындықтан, қарсыласыңыздың жүрісінен тас жиірек түсіп отырады. Әрі ойын соңына қарай қарсыласыңыздың түрлі айла-амалдарына кедергі болады, жүріс санын азайтады.
Одан бөлек:
1-отаудағы тұздықтың артықшылығы – оған қарсыласыңыздың жүрісінен ұпай қосыла қоймағанымен, өзіңіздің жүрісіңізден ұпай қосылып отырады. Ойын соңына қарай тіптен өзіңіз әдейілеп бір-бірлеп салып отыруыңызға болады. Ол әдетте ойын соңында жеңіске 5-6 тас жетіспей қалмауына көмектеседі және жүрісіңізді көбейтіп атсыраудан қорғайды. Ойын соңында әр ойыншыда санаулы тастар қалған кезде жүрісті санап ойнау керек болатындығын бұған дейін айтқан болатынмын. Сол кезде бірінші отауда тұздығыңыз болса сіздің үнемі бір жүрісіңіз артық болады.
2-отаудағы тұздықтың артықшылығы – ол да ойын соңына қарай шым-шымдап ұпай жинауға септігін тигізеді. Ол үшін тоғызыншы ұяшығыңызға 2 тас жинап алып, кезекті жүрісте сол отаудағы бір тасты қарсыластың бірінші ұяшығына жүресіз. Қарсыласыңыз оны өз қолымен сіздің тұздығыңызға салуға мәжбүр болады, себебі қарсы жағдайда сіз ол тасты бәрібір тоғызыншы отаудағы бір таспен алып қоясыз. Яғни:


Қалған 3, 4, 5, 6 отаулардан тұздық алудың ондай амалдарға аса көмегі жоқ, тек екі жақтың жүрісінен ұпай жиналып отырады.
Бірақ тәжірибелі ойыншылармен ойнаған кезде тұздық алудың өзі мұң болып кететіндіктен, көбінетұздықты орайы келіп қалған кезде шансты жібермеу үшін ашып алып жатамыз. Яғни тұздықтың болғаны жақсы, болмаса несі жақсы?

Ескерту:
Ешқашан қарсыласыңызға ойын басында 7-8 ұяшығыңыздан тұздық алуына мүмкіндік бермеңіз. Тіпті оның орнына басқа отаудан ұпай алып қою мүмкіндігі болып тұрса, одан да соны құрбандыққа шалыңыз. Себебі ол тұздық ойын барысында сіздің адымыңызды аштырмай тастайды. Бұл отаулардан ашылған қарсыласыңыздың тұздығы сіздің әр жүрісіңізден ұпай жинап отыруынан бөлек, комбинация жасауға мүмкіндік бермейді. Ал «комбинация» туралы алдағы тақырыпшадан оқисыз.

Комбинация

Мықты қарсылас болса, сізге ойын бойы зар қақсатып тұздық бермеуі былай тұрсын, үнемі отаудағы тастарын жұп күйінде ұстап қайта-қайта артын жауып отырады.
Сондай кезде аз-аздап болса да ұпай жинаудың әдісі – комбинация. Ол үшін соңғы жақтағы яғни 6,7,8,9-отауларыңызда тас аз болғаны жөн. Жалпы ойын барысында соңғы отауларда көп тас ұстамаған жөн, себебі ол сіздің түрлі айла-амалдарыңызға кедергі жасайды. Енді қарапайым комбинацияларға тоқталайық:

1. Кезекті жүрістермен соңғы, яғни тоғызыншы отауға 2 тас, ал сегізінші отауға 4 тас жинап аласыз. Содан соң жүріс кезегі келгенде тоғызыншы отаудағы 1 тасты қарсыластың бірінші ұяшығына тастайсыз. Қарсыласыңыз ол тасты сізге бермеуге лажы болмайды себебі сізден қашып ол тасты екінші отауға жылжытса, сіз сегізінші отаудағы 4 тасты жүріп алып аласыз. Ал оны жылжытудан еш мән көрмей орнында қалдырып басқа жүріс жасаса, тоғызыншы отаудағы бір тастың көмегімен ала аласыз. Түсініктірек болу үшін видеоны көрейік:



Қарсыласыңыз осы әдісті сізге де пайдалануы мүмкін. Ондай кезде тасты орнында қалдырмай жүріп тастаңыз, ең болмаса бір жүрісіңіз артық болады. Бұл атсырауға ұшырамас үшін өте-мөте қажет.

2. Қарсыластың бірінші ұяшығы бос болмауы мүмкін. Әлбетте көбіне ондағы тастар саны жұп болып келеді. Ондай жағдайда қазаныңызды 2 таспен толықтырып алу тіптен оңай. Соңғы отауға 2 тас жинап алып, кезекті жүріс кезінде 1 тасты қарсыластың алғашқы ұяшығына тастайсыз. Сол кезде оның тастар саны тақ болып қалады да ол сол отаудан жүріс жасауға мәжбүр болады. Ал сіз соңғы отауға қалдырған тасты ала қоясыз.


Тоғызқұмалақ ойынындағы бастапқы қарапайым амалдар осындай. Ал жүріс санын көзбен бағамдау, тез санай қою, жылдам жүріс жасау деген сияқты дағдылар тәжірибемен келеді. Негізінде шахматтағыдай үлкен стратегияны қажет етпейтін, тек арифметикаға құрылған ойын деп есептеймін өз басым. Сәттілік!

Сурет yvision.kz-ке тиесілі
Әрі қарай

Жаңалықтар математикасы

Кез келген өнім секілді тележаңалықтар да тұтынушы, яғни көрерменге дайын күйінде жеткізіледі. Бірақ, ең қысқасы бес минут, ұзақ дегенде бір сағатқа созылатын жаңалықтар бағдарламасының дайындалуы да тұнып тұрған математика. Енді, күн сайын түбір астын шығарып, матрица түзіп жатқанымыз шамалы. Дей тұрғанмен, математика элементтері біздің жұмыста жетерлік.
Әрі қарай

Домбыра Party: Сюрприз

Соңғы уақытта астаналықтардың Домбыра Party-ға деген қызығушылығы азайғандай. Күйбең тірлік қой, әрине. Бірақ көріп үйренген көптеген қыз-жігіттердің келуді қойғанына қарап, аздап көңілің түсетіні де өтірік емес. Дегенмен, Домбыра Partyдің кереметі сол — сәт сайын жаңа көремен, әншілер келіп жатады. Бұл жолғы патиға келмей қалғандар қандай қызықтан құр қалғанын өздері де білмес сірә.
Әрі қарай

Блогиада #19. Қазақ эстрадасында әзіл бар ма?

Блог - patick: Блогиада #19. Қазақ эстрадасында әзіл бар ма?
Бала кезімде есімде: теледидардан «Тамаша» көрсетілсе, үлкендердің бәрі шаруаларын тастай салып, үймелеп отырып алады да экранға үңіледі. Бұл жерде "қыңқ" етіп артық дыбыс шығарған бала — әлемдегі ең жексұрын адам. Кейін кассеталы видеомагнитафон, дискілі DVD-плеер пайда болғанда да ата-аналарымыздың буыны үшін жағдай көп өзгере қойған жоқ — жинала қалып теледидарға телміреді. Осындай «басқосулардың» талай рет куәсі болдым, жанама түрде болса да өзім де қатыстым, сонда байқағаным — ешкім шек-сілесі қатып күлмейді, жер тепкілеп, көзден жас шыққанша қарқылдаған бірде-бір жанды көрмейсіз. Тек езу тартып, мырс еткен әке-шеше мен «М-м-м, дұрыс айтады», "Өй, бәлем тауып айтты", «Тапқыр-ай осылар» деген мақұлдау стиліндегі ата-әженің сөздерін ғана естисің.

Әзіл-сықақ театрлары

Ол кезде «Тамаша» мен «Бауыржан шоудың» комедия театрлары екенін мен білмеппін де, білсем де мән бермеппін. Кеше ескілеу бір видеоны тағы бір қарап шықтым. Түсінгенім — бұл жерде юмордан гөрі, астары бар сөздермен көңіл көтеруге көбірек назар бөлінетін секілді.
Сіздерді білмеймін, мен күлкілі ештеңе көрмедім. Тіпті нені сараптау керек екенімді білмей қалдым.

Жарайды, бұл ертеректе болған жағдай ғой. Қазір мүмкін өзгерген шығар? Мысал үшін, халық көп мақтайтын Нұржан Төлендиевтің қатысуымен болған скетчке назар аударайықшы:
Артықшылықтардан сахнаның безендірілуі секілді техникалық қырларын атар едім. Қойылымды бірнеше әрекетпен (телефонның екі жағындағы оқиғалар) күрделендіре түскендері ұнады. Демек, бұдан он шақты жылмен салыстырғанда аздап болса да өрлеу бар. Нұржанның харизмасы мықты, әртістігі жоғары (әзіл-сықақ театры үшін) деуге болады. Бірақ скетчте күлкі шақырар әзілдер саны 0-ге жақын.

Әзіл мүлдем жоқ деген тым артық болар. Бірақ, әлгі бала кезімізде "Ә-ә-ә, ананы қараңдар — бұтына жіберіп қойды", — деп тарқылдап күліп, әжуа еткен секілді, келемеждің деңгейінде қалып қойған. Мектептің «Алтын күзі» үшін керемет скетч болар еді, бірақ республикалық дәрежеде емес.

Менің ойымша, театр деп өздерін атағаннан кейін, LED экранмен және 3 микрофонмен шектеліп қалмай, көрнекі құралдар жұпынылығынан арылу қажет. Бұл сахнадан да, теледидардан да қарағанда қойылымның визуалды қырын ажарландырып, тартымды болуға септігін тигізеді. Екіншіден, бала деңгейіндегі әжуа, орысша араластырып сөйлеу секілді тым арзан әзілдерден арылу керек. Бұндай халтурамен балалар айналыссын. Осы тұрғыда үлгі ретінде «Уральские пельмени» шоуын мысал ретінде ұсынар едім:



Блог - patick: Блогиада #19. Қазақ эстрадасында әзіл бар ма?


Стендап

Стендап юмор саласының ең танымал форматтарының бірі. Бізде стендаптармен жарқырап жүрген Тұрсынбек Қабатовтың театры бар.
Иә, тапқыр ойлар бар. Бірақ сөздер редакцияланбаған, дайындық жоқ па? Артық сөздер, орысша қоспалар көп. Егер сол арқылы юмордың сапасын арттыруға болады деп ойласа — автор ұзаққа бармайды. 6 минуттың роликтен 2-3 рет езу тартқан шығармын. Қалғандары бастауышынан баяндауышының қандай екенін алдын ала біліп алуға болатын тым қарабайыр әзілдер.

Сосын, әзіл-сықақ театрларында ұжымның фронтмені шығып, концерттің алдында 5-10 минут сөйлейтін дәстүр бар. Әдетте, олар да аса бір тапқырлықпен ерекшелене қоймайды. Қол шапалақтауға тұрарлық бірнеше әдемі ой айтылады, бірақ бұларды әзілден гөрі халықтың көкейінде жүрген бір мәселені дөп басып айтуға балар едім. Театрлардыкі қаншалықты стендап, оны нақты анықтау да қиын.

Маған ТНТ арнасының «Stand Up» шоуы ұнайды. Жалпы стендап болсын, басқа жанр болсын, әзіл айтқанда өзіңе күле білу қажет деп ойлаймын:
Стендаптың ең басты қағидасы мынау екен: «Алғашқы он секундта күлдірте алмасаң — сен комик емессің». Бізде осы талапқа сай комик бар ма? Мен кездестірмеппін.


Блог - patick: Блогиада #19. Қазақ эстрадасында әзіл бар ма?


КВН

Өз заманында атақты командалардың бірі болған «ТехАС» көрсеткен мына үзіндіге назар аударайықшы:
Қойылымдары әзіл-сықақ театры мен көңілді тапқырлардың гибриді істетті. «Тамашизмге» тән театрландырылған детальдар (киім-кешек, басқа да атрибуттар) мен КВН-ға тән әзілдер бар. Бірақ бәрібір таза әзілден гөрі, клоунада көп: бет-аузын қисайту, әжуалау. Жұрт қыран-топан әйтеуір, оған да рахмет.

Қазақ КВН қазір қалай әзілдейді екен:

КВН-нің форматының ерекшелігі сол — әр айтылған ойдың соңы міндетті түрде күлкіге немесе тапқырлыққа алып келуі тиіс. Мен басқа да видеоларды қарап шықтым және бұл тұрғыда алға ілгерілеушіліктер бар секілді. Дегенмен, даурыға айқайлап сөйлеу, бір сөзді немесе сөз тіркесін бірнеше рет қайталап айту секілді кемшіліктер әлі де қалмапты. Неге екенін білмеймін, тартымдылығынан гөрі, көрерменді кері итеріп тұратын бірдеңесі бар: мүмкін атмфосферасы, мүмкін басқа да көркемдік ерекшеліктер. Езу тартқаным болмаса, есте қаларлық бір мықты әзілдер кездестірмедім. Кейбір айтылған сөздер мүлдем түсініксіз. Мүмкін, телевизиялық нұсқасы әдемі шығуы үшін техникалық моменттеріне (дыбыс, көрініс) көбірек көңіл бөлу керек шығар.

Экранға шығып жүрген осы бағдарламалардың бәріне ортақ бір нәрсені байқадым — барлығы әлеуметтік, отбасы төңірегіндегі әзілдерден әрі аса алмайды. Жоғары интеллектуалды, ақылды юморлар жоқ. Мысалы былай:


Юмор — жай адамдардың көңілін көтеріп қана қоймай, тәрбиелегіш, эрудициясын өсіру сипатына да ие болуы керек деп есептеймін. Қазақтың әзіл саласындағы кәсіпқойлар әзірге бұндай міндетті атқармақ түгілі, өздері жетілдіруді көп қажет ететін сияқты. Бір өкініштісі сол, мысалы жаңадан әзіл-сықақ театры ашылса, бұрынғылардан өзгеше болуды, ерекше бір жаңалық алып келуді мақсат етпейді. Шоу жасауға талпынбайды. Үйреншікті болып кеткен — бір қойылым, бір ән формасынан ауытқуды қажет деп санамайды. Мәселелердің ең бастысы да осыған келіп тірелетін тәрізді.

P.S. Мынау неге Ресейдің бағдарламаларын үлгі етіп отыр деп сөкпеңіздер, ана тілімнен бөлек тек орысша ғана түсінеді екенмін.


Блог - patick: Блогиада #19. Қазақ эстрадасында әзіл бар ма?

Әрі қарай

Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?

Жазбамды бастамас бұрын бірден ескерте кетейінші. Осы посты «су ішкен құдығына түкіргеннің кері» деп түсінбеңіздер, мен бар болғаны өз тәжірбиемде кездескен қателіктерді тілге тиек етіп отырмын.
Байқап та отырған шығарсыз, әңгіме бір кездері өзім жұмыс істеген Munara.kz сайты жайында болмақ. Өзіміз кездескен қателіктер мен қазақ интернет-журналистикасында көзге түсетін проблемаларды тізіп көрдім және бұл – менің субъективті көзқарасым

Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Контент

Munara.kz жаңалықтар сайтының редакциясы блогерлерден тұрды. Тіпті меншіктік тілшілердің өзі блогерлердің арасынан таңдалды десе де болады. Аршат Ораз, Данияр Алан, Айжан Байтанова, Эльвира Ерғалина мен 15 тілшіден тұратын команда «ақпарат мұнарасын» 7-8 ай сүйреді. Бірақ…
Бірақ, бізде дизайнер, аудармашы, SMM-менеджер, редактор, аймақтық тілшілер болғанымен, өз қаламызда, Алматыда журналистіміз болған жоқ. Сондықтан Астана мен Алматыда болған оқиғаларды кешігіп жазатын болдық. Тіпті, әлемде, елімізде болып жатқан жаңалықтардың бәрін кешігіп салатын едік (арасында жанталасып, біз бірінші жариялап жіберген материалдар болды енді). Шапшаңдық жетіспейтін. Оған «лижбы зарблады алсам болды» синдромы кінәлі сияқты. Ешкімнің жаны ашымайды.

Бірінші жариялау қайдан болсын, оқиға болып жатқан жерге интернеті қосулы ноутбукты емес, диктофон мен фотоаппаратымызды арқалап барамыз. Оқиға біткен соң асықпай кеңсеге қайтамыз. Жол-жөнекей шәй ішіп алуымыз да мүмкін. Сосын барып материал жазуға кірісеміз. Біз «жариялау» деген тетікті басқан кезде, орекеңдер ол оқиғаны талқылап, жілігін шағып, майын ішіп отырады. Жазбамыз жаңалық емес, ескілік боп шығады. Контент тұсында жіберілетін тағы бір қателік — қазақ интернет-журналистикасында сараптама жоқ, тың деректер жазылмайды. Журналисттерде өз бетінше іздену деген шынымен де жоқ, елден ерек материалдар сирек, өте-өте сирек жазылады. Көбіне пресс-релиздегі ақпараттарды «азық қылады». Өзіміз де сөйттік кезінде.

Сөйтпегенде қайтеміз, интернеттің не екенін біліп, PR жағын қатырғанымызбен, журналистік тұсқа келгенде тырнақ шұқылап қалатын едік. Журналистер де тап солай (бәрі емес): жазу жағын қатырғанмен интернетті жетік түсіне де, қолдана да білмейді. Жұмысына, жазбасына шығармашылық ретінде емес, механикалық жұмыс ретінде қарайды, құдды бір жұмысқа жегіп қойғандай. Көп журналистерде объективтілік жоқ, «дайын асқа тік қасық» болғанды жақсы көреді көбі. Танымал адамның Инстаграмға жариялаған бір фотосының өзінен үлкен материал шығаруы мүмкін. Мысалы, кеше ғана Роза Әлқожаға Инстаграмдағы қолданушылары «арықта» деген екен, соны үлкен сайттарымыздың бірі ауқымды жазба қылып жазды. Оған екінші бір танымал сайт жауап қайтарып тағы жазба жазды. Яғни, материалды бір жерден алып, екінші жерге қоя салады; салыстыру, сараптау, зертеу жағы кемшін. Мұнараның кезінде ескермей, қазір байқап жатырмыз

Несін айтайын, Мұнараның мультимедиалық жағы «онша емес» болды. Уникал фото тым аз еді, гугл әжейдің жиған-тергенін сарқып біттік. Жалғыз Мұнара ғана емес, қазақ интернет-журналистикасының көбі солай, фотоға назар аудармайды. Тақырыпқа сай фотоны өзі түсіргеннен интернеттегісін қоя салғанды оңай көреді.

— Серғали, қазақ интернет-журналистикасындағы контент неге орыстардікінен кеш шығады? Қазақтардың жайбасарлығына жабамыз ба?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Серғали Балажан
— Иә, қазақша жаңалықтар орысшадан қарағанда сәл кешігіп шығады. Оның негізгі екі-үш себебі бар.Ең негізгісі — өтетін жиын, іс-шаралардың барлығы дерлік, өкінішке қарай, орыс тілінде өтеді. Қазақтілді журналистер оны түсініп, аударып боламын дегенше, орыстілді журналист дереу жариялап үлгереді. Екіншіден, интернет журналистикада қазақтілді мамандар әлдеқайда аз. Қазақтілді ақпараттық порталдардың да санын арттыру керек. Үшіншіден, қазақ журналистері орыс журналистеріне қарағанда ынжықтау, жасықтау. Бір маманнан пікір алу үшін бірнеше күн артынан жүруі мүмкін, спикері сылтау айтса соған көніп, қоя салады. Пікір білдірмеймін десе де көне салады. Қазақ журналистерін еріншек, жайбасар деп айта алмаймын, еңбекқор әріптестерім көп.


Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Сайттың техникалық жағы

Мұнара сайты оқырмандарға жол тартпай тұрып сіздер көргендегіден мүлде басқа дизайнда болған. Бәленбай қаржыға жасалған нұсқасы редакцияның қолдануына өте ыңғайсыз болды әрі дизайны көз тартпады. Сондықтан Аршат өз қалтасынан қаржы шығарып, Wordpesтің шаблонын орнатты. Әрине, нөлден бастап жасалған сайттармен салыстыруға келмесе де, ыңғайлылығы олардан кем емес еді. Сайтымыз жиі шабуылға ұшырап, ара-тұра құлап қалатын.
Біздегі (бәрі демейін) көп сайттар жасалуына, техникалық жағына қаржы қысылып бөлінгендіктен осындай қателіктерге жиі ұрынады. Яғни, сайт жиі ашылмай қалады немесе оқырмандары көбейген сайын ашылуына салмақ түседі.
Ақылы плагиндердің түр-түрін сатып алып, оқырмандарға жайдай жасап қоятындары да жоқтың қасы.

— Аршат, қазақ интернет-журналистикасы техникалық тұрғыдан ақсап тұр. Оған себеп білікті маманның болмауы ма?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Аршат Оразов
— Техникалық тұрғыда басты мәселе — жоба менеджерлерінің болмауы. Редакциялар техникалық жағына немқұрайдылық танытады, арнайы маман басқармайды сайт істерін. Сондықтан да жүйелі жұмыс жоқ. Нәтижесінде арзанға жасалған нашар сайттар, жұтаң контент, әлсіз SMM көрудеміз. Яғни, жоба-менеджерлігі жоқ деуге болады. Басқарушылардың дені — тек журналистік тәжірибесі бар адамдар, ал интернет істері бойынша біліктіліктері төмен. Сондықтан да интернет-редакциялар әлі газет редакциясы деңгейінде.

Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Қаржы және PR

Munara.kz сайты қаржыландыру жағынан кемшілік көрген жоқ. Тіпті, аймақтардан 15 тілші алып, оларды қажетті техникамен қамтамасыз ете алды. Бірақ, «әттең-ай» дейтін бір тұсы — тілшілерге төленетін гонорар материалдың мазмұнына қарай емес, көлеміне қарай төленді. Колумнистердің еңбегі газеттегідей әріп санымен емес, көрілім санымен бағаланса, оқырмандар саны көбейер еді. Жазбадағы символ көбейген сайын алатын қаламақың да көбейетінін білсең не істейсің? Әрине, «көбәріптікке» жол бересің. Сала-құлаш жазбаны ешкім оқығысы келмейді, қазір халыққа қысқа-нұсқа жазба керек. Адамдардың талғамы өсті ме, әлде еріншек боп бара ма, инфографика, фото, видео арқылы жеткізілетін шағын ақпараттарға құмартып барады.

Ақша демекші, ұзынқұлаққа сенсек, тіпті қазақ интернет-журналистикасының тізімін бастап тұрған бірнеше сайттар тендерден күреп ақша алады екен-мыс. Өкініштісі – ол теңге құжаттағыдан тыс мақсаттарға жұмсалып жататыны. Соның салдарынан командадағы адам саны қысқарады, жарнамаға қаржы бөлінбей қалады, тағысын тағы жалғаса береді.

— Ақберен, сіздіңше, қазақ интернет-журналистикасында ақша дұрыс игеріле ме?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Ақберен Елгезек
— Қазақ интернет журналистикасында игерілетін ақша жоқ қой)) Үкіметтің беретін тендері айлықтан аспайды. Дамуға ақша қалмайды.


Жарнамаға қаржы бөлінбеген соң, жұрт ол сайт туралы естімеген соң бұрынғы ақпарат алып жүрген «жылы орнынан» қозғала қоймайды. Танымал сайттарға баннер орнатып, PRлату қазақ интернетінде ақсап емес, тіпті мүгедек болып тұр. Бренд жасауға ұмтылмайды (бәрі емес). Бірнеше жылдық тәжірбие мен танымалдықтан соң өзі-ақ брендке айналар деген ойдың лебі сезіледі. Біз Мұнараны баннер орнатумен танытпасақ та, көрінген жерде айта жүріп-ақ елге таныстырған сияқтымыз. Брендке айналдыра алар ма едік, ол сайттағы қызметіміз қыршыннан қиылып кетті.
Мүмкін SMM жағы мықтырақ болды ма екен, әйтеуір Қазнетдода жарысында интернет-БАҚтар арасында бірінші орынға ие болды Мұнарамыз. Жұрт дауыс берді. Басқа онлайн-БАҚ сияқты үздіксіз сілтеме лақтырып, лентадағылардың «қанын ішкен» сияқтымыз басында. Кейін уақыт интервалын реттедік. Тіпті, төте жазумен аударып алып, Қытай қазақтарының сайтына ақпарат салып кетіп те жүрдік. Олар фотоны көру үшін біздің сайтқа өтетін, қандай қулық, ә? Қазақ интернет-журналистикасындағы сайттарға көп оқырман қажет болса, міндетті түрде сайтқа төте жазу нұсқасын орнату керек. Өйткені, шетелдегі қандастарымыз Қазақстандағы жаңалықтарға сусап отыр. Біздің, яғни қазақтардың интернетінде SMM деген нәрсе тек сілтеме бөлісумен ғана сипатталатындай. Сайттың аудиториясын, оларға не қажет екенін, қай ақпараттар көбірек оқылатынын, жалпы статистиканы бақылап отыратын мамандар аз.

— Жалғас, қазақ интернет-журналистикасында жарнама арқылы табысқа белшесінен батып отырған сайт жоқ. Неге?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Жалғас Ертай
— Себебі — көп. Әр қайсына ежіктеп отырғым да келмейді. Бірақ, негізгілерін атап айтуға болады. Бірінші, мазмұнның сапасы нашар. Ешкім ол мазмұнмен санасқысы келмейді. Екіншіден, жаңалық жасайтын сайттардың жасаған материалдары, көп жағдайда, журналистиканың нормаларына сай келе бермейді. Интернеттің беріп отырған мүмкіндіктерін толық пайдаланбайды десе де болады. Бұның бәрі — сайттың мазмұнына қастыстысы. Одан өзге, үшіншіден, интернет журналистикадағы дәстүрлі журналистика өкілдері, көбіне, техникалық жағынан ақсап жатады. Сәйкесінше, тақырыптың қойылуы, оның іздеу жүйелеріне бейімделуі, суреттердің қарапайым авторлық құқығының сақталуы сияқты нормаларды қадағалай бермейді. Ал, бұның бәрі, сайттың имиджіне кері әсер етеді. Ол, өз кезегінде, жарнама берушінің алдында сапалы сайт ретінде бағасын жоғалтады. Осының бәрі, нәтижесінде, жарнама берушілердің қазақша сайттарға қызықпауына алып келеді. Одан өзге, мысалы, сайттың жетекшілерінің өз аудиториясын зерттемеуі, олардың қалауын қадағаламауы, олардың сұранысына сай мазмұн ұсынбауы сияқты проблемалар да жетіп артылады. Осы мәселердің кешені жарнама берушілердің назарын аударуға кедергі болады деп айтсам, артық емес шығар.

Жоғарыда жазылғандардың Мұнара сайтының қазіргі жұмысына еш қатысы жоқ. Өйткені, ондағы блогерлерден құралған редакция қазір тарап кетті. Жаңа құрам басқаша жұмыс істейді. Бірақ, «ақпарат мұнарасының» дәл қазір ашылмай тұрғаны көңілге кірбің ұялатты. Қазір кездестіріп жүрген қателіктерді тізіп шыққаныммен, жазбамды бір ғана сөйлеммен аяқтағым келеді:

БЛОГЕРЛЕР ЖУРНАЛИСТ БОЛА АЛМАЙДЫ.


Суреттер интернеттен алынды.
Әрі қарай

Инстааналар – жаңа заман аналары

Кластас, группалас қыздарымның 90 пайызының әлеуметтік желілердегі аватарларында балаларының фотолары тұрады. Достаса қалсаң күнде лентаң неше түрлі бөпелерге толып тұрғаны. «Мм» дейм де қоям. Не дейін, өзім де ауылға келсем кішкентай балапандармен фотоға түсіп, инстаграмға салуға құмармын. Қапелімде фотоға түсетін бала табылмаса бүйте салам  :
ОҒМ жазбалары: Инстааналар – жаңа заман аналары

Соған қарағанда ана болу мәртебесі нәзік жандылар үшін әлі де басты орында болса керек

«Мамский» инстаграм шетелде тіптен танымал дүние, мысалы ешқандай шоу-бизнес не басқаға қатысы болмаса да @taza, @bleubird, @confettis сынды инстааналар бәлен мыңдап фоллоуер жинап, олардың ықыласына бөленіп жатыр.
«Сүйкімді балалардың фотосы — сүйкімді баласы бар адам үшін тіпті өтпейді. Әрі қазір дүниеде сүйкімді балалардың фотолары шамадан тыс көп» деген еді осындағы бір ағамыз. Сөзінің жаны бар.

Дегенмен инстааналарды назардан тыс қалдыруға болмайды дейді өз ойым. Өйткені олардың аккаунттары тек қана «қарашы, қандай тәтті» стиліндегі «нәшкі» фотолар емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, пайдалы ақыл-кеңес алу/беру алаңы. Кәдімгі аналарға арналған форум, блогтардан кейінгі тамаша пікір алмасу орны осы инстаграм секілді. Себебі телефоннан кіруге де ыңғайлы-ақ, ал қолданушылар аясы тіпті кең. Осы орайда қазақстандық танымал инстааналар бестігін жасадым:

@sarkinskiy
Сара есімді тәтті қыздың анасы күн сайын қызын фотоға түсіріп инстаграмға салудан жалықпайды. Ғазиза қызын жан-жақты дамытып өсіру үшін қайда барып, немен айналысып жүретіндерін әңгімелейді. Әр фотомен бірге міндетті түрде пайдалы ақпарат жүреді. Фоллоуер санынының аздығына қарамастан, фотолар астында талқылау жүріп жатады. Ана болмасам да бұл аккаунт менің сүйіктілерімнің бірі. Себебі Сариконың фотолары сондай позитивке толы!
ОҒМ жазбалары: Инстааналар – жаңа заман аналары

@aina_doskyzy
Үш баланың анасы Айна балаларын тәрбиелеу барысынан өз парақшасынан фото-репортаж жасап отырады. Бір ғана балаларын тіс дәрігеріне апарған фотосының астында оқырмандардан кеп түскен тіс туралы пайдалы кәменттерге тұнып тұр екен. Танымалдау инстааналардың ішіндегі арасында қазақша жазып қоятын да осы Айна болып тұр.
Сонымен қатар ол жас аналарға арналған pandaland.kz порталында блог жүргізеді.
ОҒМ жазбалары: Инстааналар – жаңа заман аналары

@anikona_
Ульяна есімді кішкентай бөбектің анасы Анна қызының өміріндегі кез-келген алғашқы құбылысты (мысалы, шаштаразға бару) фотоға түсіріп алудан шаршаған емес. Сонымен қатар балапаны жұқпалы аурумен ауырып қалғанда дәрігердің қандай ем жазып бергеніне дейін ерінбей жазып, саны мыңға жетіп қалған фоллуерлерін сақтандырып қоюды ұмытпайды. Ал оқырмандар болса өз кезегінде баланың тез сауығып кетуін тілеп әлек. Бұл да жөн шығар — жақсы сөз жарым ырыс деген.
ОҒМ жазбалары: Инстааналар – жаңа заман аналары

@maricherie
Марина инстаана болғанымен өз ерекшелігі бар – ол ешқашан баласының фотосын инстаграм не басқа әлеуметтік желіге салған емес. «Бұл — жолдасымның қалауы» дейді, мүмкін көз тиюден қорқатын шығар. Есесіне балапанын қалай тамақтандырып, оған қалай күтім жасайтыны туралы фотопост легін үзген емес. Сонымен қатар Марина да pandaland.kz порталында блог жүргізеді екен.
ОҒМ жазбалары: Инстааналар – жаңа заман аналары

@sofimanasyan
Бұл енді кішігірім жұлдыздың аккаунты десе де болады. 13 мыңға жуық фоллоуері бар Софи Манасянды қазақстандықтардың көбі біледі. Бұл жерде Софидің талантын да айта кетпеске болмайды – алты жасар сүйкімді қыз небір халықаралық би байқауларының жеңімпазы. Сонымен қатар ән де айтады, сурет те салады, телевизиялық шоуларға да түсіп жүр. Софидің мамасының инстаграмдағы белсенділігі оның танымал бола түсуіне үлесін қосып жатыр. Ольга қызы түсетін, қатысатын кез-келген бағдарлама туралы еске салып, уақытын жазып отырудан жалыққан емес. Софиканың жетістіктері мен марапаттары екібастан ел назарында. Тағы бір ерекшелігі – Софидің үлкен адамға бергісіз киім стилінде жатыр.
Ал «қызым тура осындай болса екен» деп армандайтын аналардың Ольгаға қоятын сұрақтары таусылған емес. Софидің неше жастан бастап билеп, қандай даму орталықтарына баратыны – бәрі-бәрі оқырман үшін қызық.

ОҒМ жазбалары: Инстааналар – жаңа заман аналары



ОҒМ жазбалары: Инстааналар – жаңа заман аналары
Иә, әр анаға өз баласы сүйкімді, өз баласы ақылды, өз баласы зерек. Тізе берсең мұндай аккаунттар көп-ақ, оның үстіне күннен-күнге тамыр жайып көбейіп келе жатыр. Көз тию дегеннен де қорықпайтын болған ба қазір  Өзгелерді «комплекске» тығам-ау деп те ойламайтын сияқты

Дегенмен қандай да тәжірибе алмасу алаңы ретінде пайдасы тиіп жатқаны анық. Өкініштісі, танымалдау дегендердің дені орысша жазады екен.

Сондықтан тездетіп ана болып, қазақша жазатын инстааналар санын көбейтейік, Қазнет арулары!
Әрі қарай