Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?

Жазбамды бастамас бұрын бірден ескерте кетейінші. Осы посты «су ішкен құдығына түкіргеннің кері» деп түсінбеңіздер, мен бар болғаны өз тәжірбиемде кездескен қателіктерді тілге тиек етіп отырмын.
Байқап та отырған шығарсыз, әңгіме бір кездері өзім жұмыс істеген Munara.kz сайты жайында болмақ. Өзіміз кездескен қателіктер мен қазақ интернет-журналистикасында көзге түсетін проблемаларды тізіп көрдім және бұл – менің субъективті көзқарасым

Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Контент

Munara.kz жаңалықтар сайтының редакциясы блогерлерден тұрды. Тіпті меншіктік тілшілердің өзі блогерлердің арасынан таңдалды десе де болады. Аршат Ораз, Данияр Алан, Айжан Байтанова, Эльвира Ерғалина мен 15 тілшіден тұратын команда «ақпарат мұнарасын» 7-8 ай сүйреді. Бірақ…
Бірақ, бізде дизайнер, аудармашы, SMM-менеджер, редактор, аймақтық тілшілер болғанымен, өз қаламызда, Алматыда журналистіміз болған жоқ. Сондықтан Астана мен Алматыда болған оқиғаларды кешігіп жазатын болдық. Тіпті, әлемде, елімізде болып жатқан жаңалықтардың бәрін кешігіп салатын едік (арасында жанталасып, біз бірінші жариялап жіберген материалдар болды енді). Шапшаңдық жетіспейтін. Оған «лижбы зарблады алсам болды» синдромы кінәлі сияқты. Ешкімнің жаны ашымайды.

Бірінші жариялау қайдан болсын, оқиға болып жатқан жерге интернеті қосулы ноутбукты емес, диктофон мен фотоаппаратымызды арқалап барамыз. Оқиға біткен соң асықпай кеңсеге қайтамыз. Жол-жөнекей шәй ішіп алуымыз да мүмкін. Сосын барып материал жазуға кірісеміз. Біз «жариялау» деген тетікті басқан кезде, орекеңдер ол оқиғаны талқылап, жілігін шағып, майын ішіп отырады. Жазбамыз жаңалық емес, ескілік боп шығады. Контент тұсында жіберілетін тағы бір қателік — қазақ интернет-журналистикасында сараптама жоқ, тың деректер жазылмайды. Журналисттерде өз бетінше іздену деген шынымен де жоқ, елден ерек материалдар сирек, өте-өте сирек жазылады. Көбіне пресс-релиздегі ақпараттарды «азық қылады». Өзіміз де сөйттік кезінде.

Сөйтпегенде қайтеміз, интернеттің не екенін біліп, PR жағын қатырғанымызбен, журналистік тұсқа келгенде тырнақ шұқылап қалатын едік. Журналистер де тап солай (бәрі емес): жазу жағын қатырғанмен интернетті жетік түсіне де, қолдана да білмейді. Жұмысына, жазбасына шығармашылық ретінде емес, механикалық жұмыс ретінде қарайды, құдды бір жұмысқа жегіп қойғандай. Көп журналистерде объективтілік жоқ, «дайын асқа тік қасық» болғанды жақсы көреді көбі. Танымал адамның Инстаграмға жариялаған бір фотосының өзінен үлкен материал шығаруы мүмкін. Мысалы, кеше ғана Роза Әлқожаға Инстаграмдағы қолданушылары «арықта» деген екен, соны үлкен сайттарымыздың бірі ауқымды жазба қылып жазды. Оған екінші бір танымал сайт жауап қайтарып тағы жазба жазды. Яғни, материалды бір жерден алып, екінші жерге қоя салады; салыстыру, сараптау, зертеу жағы кемшін. Мұнараның кезінде ескермей, қазір байқап жатырмыз

Несін айтайын, Мұнараның мультимедиалық жағы «онша емес» болды. Уникал фото тым аз еді, гугл әжейдің жиған-тергенін сарқып біттік. Жалғыз Мұнара ғана емес, қазақ интернет-журналистикасының көбі солай, фотоға назар аудармайды. Тақырыпқа сай фотоны өзі түсіргеннен интернеттегісін қоя салғанды оңай көреді.

— Серғали, қазақ интернет-журналистикасындағы контент неге орыстардікінен кеш шығады? Қазақтардың жайбасарлығына жабамыз ба?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Серғали Балажан
— Иә, қазақша жаңалықтар орысшадан қарағанда сәл кешігіп шығады. Оның негізгі екі-үш себебі бар.Ең негізгісі — өтетін жиын, іс-шаралардың барлығы дерлік, өкінішке қарай, орыс тілінде өтеді. Қазақтілді журналистер оны түсініп, аударып боламын дегенше, орыстілді журналист дереу жариялап үлгереді. Екіншіден, интернет журналистикада қазақтілді мамандар әлдеқайда аз. Қазақтілді ақпараттық порталдардың да санын арттыру керек. Үшіншіден, қазақ журналистері орыс журналистеріне қарағанда ынжықтау, жасықтау. Бір маманнан пікір алу үшін бірнеше күн артынан жүруі мүмкін, спикері сылтау айтса соған көніп, қоя салады. Пікір білдірмеймін десе де көне салады. Қазақ журналистерін еріншек, жайбасар деп айта алмаймын, еңбекқор әріптестерім көп.


Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Сайттың техникалық жағы

Мұнара сайты оқырмандарға жол тартпай тұрып сіздер көргендегіден мүлде басқа дизайнда болған. Бәленбай қаржыға жасалған нұсқасы редакцияның қолдануына өте ыңғайсыз болды әрі дизайны көз тартпады. Сондықтан Аршат өз қалтасынан қаржы шығарып, Wordpesтің шаблонын орнатты. Әрине, нөлден бастап жасалған сайттармен салыстыруға келмесе де, ыңғайлылығы олардан кем емес еді. Сайтымыз жиі шабуылға ұшырап, ара-тұра құлап қалатын.
Біздегі (бәрі демейін) көп сайттар жасалуына, техникалық жағына қаржы қысылып бөлінгендіктен осындай қателіктерге жиі ұрынады. Яғни, сайт жиі ашылмай қалады немесе оқырмандары көбейген сайын ашылуына салмақ түседі.
Ақылы плагиндердің түр-түрін сатып алып, оқырмандарға жайдай жасап қоятындары да жоқтың қасы.

— Аршат, қазақ интернет-журналистикасы техникалық тұрғыдан ақсап тұр. Оған себеп білікті маманның болмауы ма?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Аршат Оразов
— Техникалық тұрғыда басты мәселе — жоба менеджерлерінің болмауы. Редакциялар техникалық жағына немқұрайдылық танытады, арнайы маман басқармайды сайт істерін. Сондықтан да жүйелі жұмыс жоқ. Нәтижесінде арзанға жасалған нашар сайттар, жұтаң контент, әлсіз SMM көрудеміз. Яғни, жоба-менеджерлігі жоқ деуге болады. Басқарушылардың дені — тек журналистік тәжірибесі бар адамдар, ал интернет істері бойынша біліктіліктері төмен. Сондықтан да интернет-редакциялар әлі газет редакциясы деңгейінде.

Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Қаржы және PR

Munara.kz сайты қаржыландыру жағынан кемшілік көрген жоқ. Тіпті, аймақтардан 15 тілші алып, оларды қажетті техникамен қамтамасыз ете алды. Бірақ, «әттең-ай» дейтін бір тұсы — тілшілерге төленетін гонорар материалдың мазмұнына қарай емес, көлеміне қарай төленді. Колумнистердің еңбегі газеттегідей әріп санымен емес, көрілім санымен бағаланса, оқырмандар саны көбейер еді. Жазбадағы символ көбейген сайын алатын қаламақың да көбейетінін білсең не істейсің? Әрине, «көбәріптікке» жол бересің. Сала-құлаш жазбаны ешкім оқығысы келмейді, қазір халыққа қысқа-нұсқа жазба керек. Адамдардың талғамы өсті ме, әлде еріншек боп бара ма, инфографика, фото, видео арқылы жеткізілетін шағын ақпараттарға құмартып барады.

Ақша демекші, ұзынқұлаққа сенсек, тіпті қазақ интернет-журналистикасының тізімін бастап тұрған бірнеше сайттар тендерден күреп ақша алады екен-мыс. Өкініштісі – ол теңге құжаттағыдан тыс мақсаттарға жұмсалып жататыны. Соның салдарынан командадағы адам саны қысқарады, жарнамаға қаржы бөлінбей қалады, тағысын тағы жалғаса береді.

— Ақберен, сіздіңше, қазақ интернет-журналистикасында ақша дұрыс игеріле ме?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Ақберен Елгезек
— Қазақ интернет журналистикасында игерілетін ақша жоқ қой)) Үкіметтің беретін тендері айлықтан аспайды. Дамуға ақша қалмайды.


Жарнамаға қаржы бөлінбеген соң, жұрт ол сайт туралы естімеген соң бұрынғы ақпарат алып жүрген «жылы орнынан» қозғала қоймайды. Танымал сайттарға баннер орнатып, PRлату қазақ интернетінде ақсап емес, тіпті мүгедек болып тұр. Бренд жасауға ұмтылмайды (бәрі емес). Бірнеше жылдық тәжірбие мен танымалдықтан соң өзі-ақ брендке айналар деген ойдың лебі сезіледі. Біз Мұнараны баннер орнатумен танытпасақ та, көрінген жерде айта жүріп-ақ елге таныстырған сияқтымыз. Брендке айналдыра алар ма едік, ол сайттағы қызметіміз қыршыннан қиылып кетті.
Мүмкін SMM жағы мықтырақ болды ма екен, әйтеуір Қазнетдода жарысында интернет-БАҚтар арасында бірінші орынға ие болды Мұнарамыз. Жұрт дауыс берді. Басқа онлайн-БАҚ сияқты үздіксіз сілтеме лақтырып, лентадағылардың «қанын ішкен» сияқтымыз басында. Кейін уақыт интервалын реттедік. Тіпті, төте жазумен аударып алып, Қытай қазақтарының сайтына ақпарат салып кетіп те жүрдік. Олар фотоны көру үшін біздің сайтқа өтетін, қандай қулық, ә? Қазақ интернет-журналистикасындағы сайттарға көп оқырман қажет болса, міндетті түрде сайтқа төте жазу нұсқасын орнату керек. Өйткені, шетелдегі қандастарымыз Қазақстандағы жаңалықтарға сусап отыр. Біздің, яғни қазақтардың интернетінде SMM деген нәрсе тек сілтеме бөлісумен ғана сипатталатындай. Сайттың аудиториясын, оларға не қажет екенін, қай ақпараттар көбірек оқылатынын, жалпы статистиканы бақылап отыратын мамандар аз.

— Жалғас, қазақ интернет-журналистикасында жарнама арқылы табысқа белшесінен батып отырған сайт жоқ. Неге?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Жалғас Ертай
— Себебі — көп. Әр қайсына ежіктеп отырғым да келмейді. Бірақ, негізгілерін атап айтуға болады. Бірінші, мазмұнның сапасы нашар. Ешкім ол мазмұнмен санасқысы келмейді. Екіншіден, жаңалық жасайтын сайттардың жасаған материалдары, көп жағдайда, журналистиканың нормаларына сай келе бермейді. Интернеттің беріп отырған мүмкіндіктерін толық пайдаланбайды десе де болады. Бұның бәрі — сайттың мазмұнына қастыстысы. Одан өзге, үшіншіден, интернет журналистикадағы дәстүрлі журналистика өкілдері, көбіне, техникалық жағынан ақсап жатады. Сәйкесінше, тақырыптың қойылуы, оның іздеу жүйелеріне бейімделуі, суреттердің қарапайым авторлық құқығының сақталуы сияқты нормаларды қадағалай бермейді. Ал, бұның бәрі, сайттың имиджіне кері әсер етеді. Ол, өз кезегінде, жарнама берушінің алдында сапалы сайт ретінде бағасын жоғалтады. Осының бәрі, нәтижесінде, жарнама берушілердің қазақша сайттарға қызықпауына алып келеді. Одан өзге, мысалы, сайттың жетекшілерінің өз аудиториясын зерттемеуі, олардың қалауын қадағаламауы, олардың сұранысына сай мазмұн ұсынбауы сияқты проблемалар да жетіп артылады. Осы мәселердің кешені жарнама берушілердің назарын аударуға кедергі болады деп айтсам, артық емес шығар.

Жоғарыда жазылғандардың Мұнара сайтының қазіргі жұмысына еш қатысы жоқ. Өйткені, ондағы блогерлерден құралған редакция қазір тарап кетті. Жаңа құрам басқаша жұмыс істейді. Бірақ, «ақпарат мұнарасының» дәл қазір ашылмай тұрғаны көңілге кірбің ұялатты. Қазір кездестіріп жүрген қателіктерді тізіп шыққаныммен, жазбамды бір ғана сөйлеммен аяқтағым келеді:

БЛОГЕРЛЕР ЖУРНАЛИСТ БОЛА АЛМАЙДЫ.


Суреттер интернеттен алынды.
Бөлісу:

24 пікір

yerbol89
Ия… Эльвира ақпараттың кеш жетуі өзіндік рөлін ойнайды. Қазақ тілді БАҚ ұйқыны періп жатқанда Тәңірнюс түнгі 3-50-де жаңалығын жариялап үлгерді. Айналдырған 40 минуттың ішінде: Просмотров: 20564 Комментариев: 85
Землетрясение магнитудой 5,2 произошло в Алматы
суббота, 16.08.2014, 03:53
Gastarbaiter
— Аршат, қазақ интернет-журналистикасы техникалық тұрғыдан ақсап тұр. Оған себеп білікті маманның болмауы ма?

Сұрағыңның ішіне жауабын қоса тығып беруді үйреніпсің сен де.
Соңғы түзету:
zholantai
Мұнараның аймақтық тілшілеріне қабылдау болып жатқанда, резюме жіберейін деп тұрып: «алдына қойған мақсаттары зор, талаптары үлкен екен, шамам жетпей қалып жүрсе тағы» деген қауіппен резюмені жібермей қойғанмын,
кейін ашылғаннан кейін ойладым: неге ғана жібермедім екен, бәлкім қабылданып кетер ме едім, қазір Мұнарада аймақтардан жолданып жатырған материалдардан артық болмаса, кем жасамайтын едім ғо" деп
содан сайттан Аршат кетті, сен кеттің, Дон қалды-ау дейм, бірақ Аршаттың кетер алдын Мұнара туралы айтуды доғаруы — сайттың үні өшуге таяу екенін байқатты, тек қалай жабылатыны қызық болды, содан сайт өшті

ал, мен тағы да ойладым: неге резюме жібермедім екен, қабылданып кетсем, 5-6 ай жүретін едім ғо, жазып, есесіне Шымкент үшін тәп-тәуір айлығын алатын едім деп, бір жағынан резюме жібермегенің де дұрыс болыпты, а то қабылданып кетсең, Отырардан кетуіңе тура келетін еді, Отырардан кетіп, Мұнарада жүріп, Мұнара жабылып, сосын Шымкентте Отырардан басқа тәуір журналистік қызмет ететін орын табу — қиын, кезінде кетіп қалған Отырар сені қайта қабылдамайды, маңырап қалатын едің ғо деп бір жұбандым,

не де болса, Мұнара біраз жайтты түсіндіріп кеткендей, қаншама қателіктерді ұғындырып, нені жасау, нені жасамау керектігіне тәжірибе жасайтын зертхана болд деп ойлаймын, сонысымен мәнді, сонысымен құнды, ұмыт қалуы оңайлықпен орындалмайтын жоба ретінде қалады,
алдағы бірнеше жылда қайта ашып, қайта тірілтуге де сәтті жоба деп ойлаймын, өйткені ел есінде бар,

ал маған бүгінде Айналайын ұнайды, жалпы ашылған сәтінді тәнті еткен сайт болатын, жай әрі нық қадаммен келе жатыр, алдағы жарты жылда айырып алатыны, өзге сайттардың Айналайыннан ұялатын болатыны анық па дейм,
Айналайынға сәттілік, Мұнараға қайта тірілу тілеймін деп сөзді аяқтап тастасаң, иә,
zholantai
ақша демекші, ұзынқұлаққа сенсек, тіпті қазақ интернет-журналистикасының тізімін бастап тұрған бірнеше сайттар тендерден күреп ақша алады екен-мыс. Өкініштісі – ол теңге құжаттағыдан тыс мақсаттарға жұмсалып жататыны. Соның салдарынан командадыға адам саны қысқарады, жарнамаға қаржы бөлінбей қалады, тағысын тағы жалғаса береді.
айтпақшы осы туралы, мен де таяуда ғана естідім, шок болдым, мен ойладым: өз күштерімен жасап отырған сайт деп, сөйтсем ол шіркіндер де мемлекеттік сатып алулардың арқасына мінген екен ғо,
ужсс,
Соңғы түзету:
asaubota
холдинг негізі интернет-журналистика бағытында дұрыс жолда еді. басты мәселе — сайттар әлі ашылмай жатып жоба-менеджерінің жұмыстан кетірілуі болды. одан кейін департамент директоры, холдинг басшысы да кетті. бұрынғы жоспардың бәрі лағып кетті. қызметкерлерге KPI жасалмады. жақсы бюджет бола тұра ақша дұрыс игерілмеді. қаламақы жүйесі бекітілген кезде менің әрі қарай жұмыс істеуге ынтам да сөнді. өйткені сайтқа жақсы статистика әкеліп тұрған колумнистерге өте аз ақша төленді, ал айына 3-4 рет оқылса да өңірлердегі тілшілерге көп ақша төленді. газеттегідей әріп санымен өлшенді қаламақы көлемі, сайт осылайша өлді деуге болады. тілшілердің барлығы облыстық БАҚтарда жұмыс істейді, бізден алатыны айда 80 мың + қаламақы. қаламақылары 100 мыңның үстінде. бұл дегеніңіз аймақтар үшін өте көп ақша. ал колумнистер 4-5 айда 20-30 мың алды. әрі қарай жұмыс істеудің мәні қалмады. штат та толық емес еді, барлығы әуесқой деңгейде болды. жалпы мен үшін жақсы тәжірибе болды.
ademi_alem
газеттегідей әріп санымен өлшенді қаламақы көлемі, сайт осылайша өлді деуге болады.
Мен жұмыс істеген газетте мақалаға қаламақы қалай қойылатынын айтып өткім келеді. Интернет-журналистика да осы формулаға сүйенсе нәтижелі болатын сияқты. Айдың соңында торт апта бойы шыққан мақалалардың тізімі және қасына символаыжазылған қағазды редакторға өткіземіз. Ол әрбір мақаланың қасына мына талаптар бойынша балл қойып шығады:
1. Мақала тақырыбы (Егер осы мақалаға арқау болған нәрсені өзің іздеп тапсаң 1 балл, ал редактордың өзі тауып «осы тақырыпта жаз» деп тапсыруымен жазсаң 0,5 балл).
2. Мақалаға қатысты мамандардың пікірі (Егер ешкімнің пікірін жазбасаң 0 балл, егер бірнеше маманның пікірін өз бетіңмен барып, іздеп тауып, запрос жіберіп жазсаң 1 балл, егер мамандардың пікірлерін сенен бұрын запрос жіберіп жауабын алып қойған орыс тілді басылымдағы журналистен сұрап алып, аударып жазсаң 0,5 балл)
3. Фото (Фото авторы өзің болсаң 1 балл, егер ғаламтордан алсаң0,1 балл)
4. Пресс-релизге сүйеніп жазған мақала 0,5 балл
5. Ұжымда журналист аз болғандықтан кейбір мақаланы газеттің орыс тіліндегі нұсқасынан аударып саламыз. Егер мінсіз аударсаң 0,5, ал түзетулер көп болса 0,1 балл.
6. Зерттеу мақала1 балл
7. Сұхбат 0,5 балл
Осылайша балмен белгілеп шыққаннан кейін әр мақаланың орташа балы шығып тұрады. Оны символға көбейтеді. Шартты түрде Сіздің мақалаңыздың символ саны 3000 болса, оны орташа балға көбейтеді. Мысалы: 3000 X 0,5 =1500
3000 X 0,1 = 300
3000 Х 1 = 3000 Осылайша балдық жүйеге салғанда символдарың азайып қалады. Қаламақысы азаймағанын қалайтын журналистер мақаланы өзі табуға, бірнеше маманнан пікір алуға, фотоға өзі түсіруге талпынады. Көлемді бірақ аударылған немесе бір жақты болып кеткен мақалаға қарағанда көлемі аз бірақ фотосын өзің түсірген, бірнеше маманның пікірі бар мақаланың қаламақысы көбірек болады.
Соңғы түзету:
aza
«Мұнара» жақсы бастады деп айта алмаймын. Сайт концепциясында «ақпараттық сайт» болды. Алайда, пост авторы айтқан «жаңалық жасар орынға фотоаппарат, диктофон ғана алып бару, келе жатып шәй ішіп алу» ақпараттық сайттың қызметкері жасайтын іс емес еді ғой. Тәңіріньюстың, Бньюстың біраз ақмылтық ақпаратшыларын таним, олар басқаша жұмыс істейді. «Мұнарадан» сараптамалық материал көрген емеспін, «Күннің фотосы» деген айдармен бір фото берілер еді де, оның астына бір сөйлеммен түсінік жазылар еді. Бұл жаңалық болып, контент болып есептелер еді. Аймақтардағы тілшілердің неге сала құлаш материалдарға құмарлығын енді ұқтым))
Соңғы сөйлеммен келіспеймін, блогерлер журналист бола алады. Автордың өзі бола алмаған соң айтқан болуы керек деп ойладым.
Gastarbaiter
Журналист журналистке, ал блогер блогерге тең емес заманда, блогер, журналист деп бөле жаруды қажетсіз деп ойлаймын. Адал мамандар мен халтурщиктер және бастаушылар мен тәжірибелілер қашан да болады. Бастысы — өзіңе не керегін білу және үйренуге ерінбеу.
Соңғы түзету:
aza
Гаст, дұрыс айтасың, анау соңғы сөйлемдегі ойымды толық жазбай кетіппін. Негізі былай жазбақ болғам: блогер журналист бола алады, себебі, қазір екеуінің ортасындағы айырма жойылып барады.
Gastarbaiter
Жалпы журналистиканың өзінің басында да дауы көп ғой, блогерлер пайда болмай тұрып-ақ, журналистиканы әуестік қылған математик, инженер технолог, филологтар мен дәрігерлер болған. Әлі де бар. Оның қасында, аталған мамандықтарға қоса, интернеттің тілін түсінетін блогерлігі болса, неге журналист болмасқа дегенге кеп тірелген қырық жыл бұрын.
Қазір адам өмірі мен ғылымның салалары күн санап көбейіп жатыр. Әу баста тең жаңалық таратумен шектелген журналистерге бүгін түсетін ақпараттық аумақ өте кең. Барлығынан хабардар болу мүмкін емес.
Спорт журналисінің экономикалық сараптамашы болуы қиын, сол сияқты егер блогер өзіне жақын журналистиканың саласын таңдаса, және ол салада басқалардан бір артық білгені болса, айырып алуы ғажап емес.
Түптеп келгенде, блог жай ғана дорба, ал журналистика құрал-саймандар мен дағдылар жиынтығы.
ademi_alem
Журналист пен блогердің айыршалықтарының бірі — біреуі қазіргі талап бойынша мақаласы арқылы тек ақпарат таратушы, бірақ өз ойын айтуғы құқысыз, ал бірі жазбасында өз ойын айта алатындығында сияқты.
Gastarbaiter
Ондай құқығы құқық ау. Бірақ практика жүзінде блогер де қазір біреудің сойылын соғуы мүмкін, өзі білместен. Журналистер де өз ойын объективті шындық ретінде ұсынатыны бар.
Жалпы блогты саяси құрал ретінде қолдану да таңсық емес бүгінде.
ademi_alem
блогер де қазір біреудің сойылын соғуы мүмкін
Бұл оның таңдау мүмкіндігі және біреудің сойылын соғуды таңдағанды блогер деп атауға келмейтін сияқты, басқа ат ойлап табу керек. )))))))
Gastarbaiter
«Блогер» деп кез келген тұрақты оқырманы бар блог қолданушыны айтады. Менің түсінігімде солай. Ол журналист болса да, екінші разряд слесарь-механик болса да.
Жай бар болғаны үшін ғана Журналистті де, блогерді де әспеттеуге, бірінің керемет миссиясын екіншісінің керемет еркіндігімен қарсы қойып салыстыруға қарсымын жоғарыда айтқанымдай.
zholantai
Бірақ практика жүзінде блогер де қазір біреудің сойылын соғуы мүмкін, өзі білместен.
AKA
Біздің, яғни қазақтардың интернетінде SMM деген нәрсе тек сілтеме бөлісумен ғана сипатталатындай.
Таң ата сілтемелер шеруінің басталатынын көптен бері айтқым кеп жүрген. Рахмет! Тіпті, кімнің қызметі қайда екенін де сілтемелерінен білвалуға болаД
SaryQazaQ
гонорар материалдың мазмұнына қарай емес, көлеміне қарай төленді.
интернеттік жоба үшін бұл күлкілі жағдай сияқты