Сужүрек 30 шақты бала...

Блог - hannibal: Сужүрек 30 шақты бала...
– Сұмдық фильм шыққан сияқты, монтажды тағы бір қарап шықтым. «Өшпенділерді» он орайды мынауың! – деді танауы делдиген режиссердің көмекшісі.
– Асықпа, әлі тағы бір сүзгіден өтеді. Тағы алып-қосатыны болар, бірақ енді кеш! – деді режиссер кепкасын басып киіп.
– Әйтеуір бір қате тауып алады, соны көркемдік кеңеске кіргізіп жүрген кім?
– Қайтесің оны, көркемдік кеңеске кірмек түгіл рөл сұрап мазаны алған жоқ па? Батыр қылайын десем қортық, әйтүп-бүйтіп тапқанымыз сол рөл болды. Не хан деуге, не батыр деуге келмейтін адамды тарихи киноға қалай кіргізе саласың?
– Кешегісі енді ұят…
– Не істеді?
– «Әруақ!» деп жауға шабатын жерлерін ап тастаңдар, ширк болады демеді емес пе?
– Еее, «Аттандық, әнас!» деп әйтеуір өзгерттік қой. Әжептәуір киноның нобайы кетті.
– Тәкең де кеше көріп сынын айтып жатыр.
– Не дейд ол?
– «Аты дардай «Мың жарым бала» деген, бірақ жүзге де жетпейтін біреулер шауып жүр» деп…
– Оттамасынш сол, көрдік қой соның түсіргендерін. Соның бірдеңе дейтінін білім ем сука.
– Сорыстың «Сыболышы» дегенінінің көшірмесі депті, сізді тарихи кино түсіре алмайды дегенді айтыпты.
– Шешеңдіс, тағы не депті?
– «Аңырақай» шайқасына дайындаламыз!» дейтін жері бар ғой Әбілхайырдың?
– Иә? Оған не бопты?
– «Менің білуімше, «Аңырақай шайқасы», «Қалмақ қырылған» дейтін жер атаулары сол соғыстан кейін солай аталып кеткен жоқ па еді» депті. Шынымен солай емес пе, өзі? Ойсылқарадан сұрау керек ед, а?
– Біллә, анау Ойсылқараң бар, басқасы бар тарихшылар бәрін оқып шықты ғой, солар айтар еді ғой «Былай-былай» деп. Қаям жемесінш біллә. Фильмнің келесі апта премьерасы, енді ештеңе өзгерте алмаймыз.
– Білмейм ғой енді, Тәкеңнің айтқандары ғой кеше предпоказда.
– Кеше маған басқаша айтып ед, ещщак!
– Не деп?
– Қайтесің, зайбал?!
– Мммм.
– Бесінді оқып алдың ба?
– Жоқ әлі.
– Жүр кеттік, оқып тастап қалғанына отырайық.
Әрі қарай

Гастарбайтердің 2014-і

Бұрын жыл соңында қорытынды пост жазу, өз алдыңда есеп беру үшін болса да, блогер үшін расында да маңызды дәстүр болатын. Бүгінде арнайы сервистер мен әлеуметтік желілердің арқасында қорытынды жасау, біріншіден, барынша жеңілдесе, екіншіден, қажеттілігін де жойғандай. Дегенмен, эстафета бұтағы маған берілді, ал есімде қалғандары мынау:

2014 жылдан 10 естелік:

1. 4-жылдан бері алғаш отбасыммен жаңа жылды қарсы алдым.
2. Алматыда өткен "Қыстық психоанализ мектебіне" қатыстым.
3. Блогиадаға тіркелдім.
4. Түркістандағы кіші Палау-патиде Жәнібек Нұрышты алғаш көрдім.
5. Алғашқы блогиада-пати. «Көне» корештармен қауқылдасып, Абзал Сариев, Жандос Құсайын, Өркен Кенжебек және басқа да сырттай таныс блогерлермен жүздестім.
6. «Eleven Group» -пен кездестік.
7. Ұлды болдым.
8. Екінші мәрте бажалы болдым.
9. Алматыдағы Медиақұрылтай.
10. Блогиаданың жеңімпазы атандым.


Эстафеталар: Гастарбайтердің 2014-і

Әлеуметтік желіде тіркелген кез-келген блогердің жыл бойына жазған статусы мен суреттерін ерікті еріксіз-қарап жүрген адам қорытындының қандай болатынын да біліп отырады. Менің жағдайымда да ешқандай ережеден тыс айырықшалық жоқ деп ойлаймын, сондықтан фейсбуктағы 235-ке жуық жарияланым мен осындағы 30 посттан сырт қалған жаңалық өте аз және олар көбіне тек өзімнің жеке өміріме қатысты егжей-тегжейлер ғана.
Эстафетаны қалаған керекші жалғастыра берсе болады. Сұрақтарыңыз болса, төменде пікір ретінде жауап беремін.
Алдағы 2015 жыл құтты болсын!
Әрі қарай

Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань

Қазақ елінің бір топ жастары қарашаның екінші жартысын Аспан астында өткіздік.
Таза визуалды түрде барлық ел аспан астында өмір сүретіні хақ болса да, дәл осы мемлекет өзіне осы лақап атауды иемденіп алғалы қашан? Бұл — контрасты алуан Қытай.Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Қысқаша айтсам, ҚХР Төрағасы былтыр Назарбаев университетінде "Ұлы жібек жолын" жаңғыртуды ұсыныпты. Әрине, қазіргі заман тенденцияларына сай, экономикалық байланыс, көлік-құбыр тараптары, мәдени жағынан дегендей. Біздің бару себебіміз де сол — Еуразия елдерінің жас көшбасшыларының достастық кездесуі, атауы — "Ұлы жібек жолы арқылы — арманға".
Жалпы, сапар барысында үш аймақта болдық. Бүгін соның біріншісі туралы. Менің саусағымның пернетақтаны ұрғылап жағаласқаны болмаса, негізінен, суреттер сөйлейді.
Сиань. Үрімжі арқылы ұшып келдік. Сиань — Қытайдың ірі қалаларының бірі, біз барған аймақтардың ішінде ең қытайи, ішкі Қытайға жақын шаһар, Шэньси провинциясының орталығы. Көптеген тарихи династиялардың маңызды шаһары, аса ірі қала. 8 миллиондай халқы бар, индустриалды-тарихи-мәдени орталық.
Бұл жақта ұшақтан түскен беттен ұйымдастырушылар алақандарында ұстап, жақсы қызмет етті. Жақсы пікірде қалсын деген ниет барлық жерде білініп тұрды. Сондықтан елдің көптеген теріс тұстарын көрмей кеттік қой деймін.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Қытайлар (ханьдықтар, қансулар) — еңбекқор халық. Көшедегі тал-шыбықтың өзін күзеп, әсемдеп, реттеп отырады.
Сондай-ақ, мегаполистегі кептелістің тығыздығы төмен болуы таңғалдырды. Жоғары жылдамдық жоқ, бірақ бәрі зыр-зыр етіп тез өтіп кетеді. Бұл жақта жаяу жүргінші — басты рөлде емес, көлік басып кетсе, өзің кінәлі. Тыпыр-тыпыр етіп, машинадан қорықпайды сосын өздері.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Қаладағы зәулім ғимараттар көз тартады. Байкерлер көп. Ал электр және тағы басқа желілердің көптігі, қаладағы сымдардың шырмалған жиынына таңғалғаным-ай.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Шэньси провинциясының тарихи музейі мен Таң империясының Батыс базары. Тарихи жерлер. Дәл осы жерде Ұлы жібек жолының бастау алған нүктесі.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Бұл аудан — тарихи жәдігер. Бірақ қазір өмір сүруге де қолайлы мекен.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Музейдің кәдімгі ежелгі қалашықта орналасқанын көріп отырсыздар. Аралай жүріп, еденге қарасаңыз, әйнектен сол ескі мекен көрінеді. Әйнексіз ашық қазылған орындар да бар.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Жалпы қалашық осындай болған. Қала нобайы музейде тұр. Ал мына экспонаттардың бірін біздің тоғызқұмалақ ойынына ұқсаттым.
Музейде әлем халықтарының валюталар бөлімі де бар екен, әзірге жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы тойғанымызбен қайтып, қонақ үйге орналасу керек.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Ертеңгі күн Пэйхуа Институына экскурсиядан басталды. Ірі оқу орындарының бірі. Ректоры өзі күтіп алды. Зыр жүгіріп жүр, өте қарапайым. Біздің ректорлар демала алмай жүреді ғой осы. Ал мынадай қарапайымдылық сыйлатады.
Ал мына тақташаға тілек жазып кеттік.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Ресми іс-шарамыз басталды. Ұлы жібек жолы, достық, байланыс — әдеттегі ресми жырымыз. Сендерге қайбір қызық дейсің…
Мына кісілердің бірі — үлкен ғалым, Ұлы жібек жолымен қазіргі күні сапар шеккен экспедиция басшысы. Келесісі — Қытай комсомолының басшысы. Ол жақта комсомол — күш, партия — жалғыз ғой. Үлкен кісінің комсомолды басқаруы — жас иерархиясы қатаң сақталуында. Осы қызметке дейін қанша межеден өтті десеңізші!
Тік бұтақ деп ойламаңдар ана бір мүсінді, одан да құттықтаңдар, "Ұлы жібек жолын" зерттеу институты ашылып отыр! :)

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Қараңыздаршы, қатардағы 1 және 2 орын ортада орналасады да, тақ сандар солға қарай, жұп сандар оңға қарай ретімен өсе береді. 1 қатар, 1 орын — вип орын! :)

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Бұл жай университеттің дәліздері. Кітап толы, ал студенттер ештеңеге алаңдамай өз сабақтарын оқу үстінде.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Енді Сианьдағы Пэйхуа институында қазақ елінің өз шыршасы бар. Жаңа жылға қарсыларың — ұзақ жасайтын флора өкілі деп санай салыңыздар. Біздің ел де Мәңгі ел болмақ қой.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Үлкен аумақты алып жатқан институтта шай рәсімі (шай ішу-демдеу рәсімі), каллиграфия өнері, династиялық һәм ұлттық киімдерді тамашалау секілді тірліктермен біраз жүріп қалдық. Жақсы, көбіне әдеміше студент қыздар жүрді енді. :) Мына келіншек болса — шай рәсімінің шебері.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
«Прөклятій пәпуләрніс»! Өзім сияқты әшкәрик фанаткаларыммен селфилете салдым енді. Иә, студенттермен де кездесіп, сұхбаттастық. Ұсақ балалар екен, оқушы сияқты. Қой қайтайық, құрсын.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Кешкі, отельдегі банкеттен бір пора сурет. Сөз, сөз, тамақ… Тамақ демекші, қазір уатцапты ашып қарасам, кімге жазсам да тамақ жаман деп жылай беріппін. Шынымен де, шөп-шалам, жын-жыбыр. Соустары ащы, исі жағымсыз, қалай тамақтануға болады мұнда? Ортадағы апельсин сусынын ғана іше беріппін. Қайта мен тамақ талғамаймын салыстырмалы түрде, делегациядағы кей жігіттер қиналып қалды.
Ұлттық би, әсем әнге претензия жоқ. Ал мына аспап жетіген сияқты екен, иә?

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Сыйлық табыстау рәсімі. Сегіз елдің өкілі, әзірбайжандық қыз — жалғыз өзі келген, оның үстіне елінің атынан дегеннен гөрі халықаралық «Жібек жолы» ұйымының атынан келіп отыр. Шапан, қамшы, бас киім, шоколад — біздің тақырып қой. :)

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы СианьКешкісін жыбырлап, тұрмай қалаға шығып келдік. Монша, массаж іздеу ғой сол баяғы тірлігіміз.
Отель жақта базар бар еді, осындай сияқты бәлен-түген сатады.
Жалпы, қаладағы қоламта иіс мұрынды жарады. Жай көшеде өмір бойы мұрынға қол орамал тақап жүре алар ма едіңіз? Базардағы таза ауада пісіре салып жатқан бір түсініксіз тамақтар, күйік пен жағымсыз соус иістері…
Қоқыс жатыр базардың ішінде үйіліп. Оның суреттері қайда екенін білмеймін, не жолдастар фотоға орын сыймай, «мынау не керек?» деп өшіріп тастады, не Қытай қауіпсіздік қызметінің ісі шығар :)
Былай қала таза сияқты, зауыттар, көпірлер, биік ғимараттар. Біздің үйлер — ойыншық екен ғой оның қасында. Бірақ иіс… Жоқ, мына иіс құртып тынады. Бұдан үлкен Шанхай, Бейжің, Гуанчжоуларда қалай екенін елестете алмай отырмын.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
О, мінекей, әріптестерім түсіріп алыпты. Базардағы антисанитария мен антитәбетияны өздерің-ақ шамалай беріңдер.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Бон апетит, мсье!

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Жоға, іздесең, жейтін нәрсе мүлдем табылмайды деуге болмайды! «Сникерсте, тежелме!» деген қытайша қалай болады екен?

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Тағы бір таң. Тағы бір кездесулер. Бизнес және технология орталықтарына экскурсиялар. Мына елдің дамуы тегін емес. Шын, қағаз жүзіндегі емес даму.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Техникалық бақылау орталығы, технологиялық зауыт. Мына бір схема пойыздардың жүру картасын көрсетеді. «Фашит» автомобиль зауыты. Жартылай токпен жүретін мәшине ғой. Зарядтап алсаң, 80 км/сағат деген бұйым емес оған.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Оптимус Прайм көмек сұрайды! Оған уақыт жоқ, ұшақ симуляторын сынауым керек. Сосын түскі ас.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Тамақтары осылай айналмалы жиһаздың үстінде. Жейтініңді салып аласың, сосын көбіне неше түрін әкеледі тағамның. Ішінде іліп аларлығы болса…

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Жиын, жиын, жиналыс. Шэньси провинциясының халық қалаулыларының Кеңесі. Провинцияның даму және реформа Комитеті. Осы залда дауыс беріп, галстукты ағалар мәселе шешеді. Біз де манифест қабылдап кеттік.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Мына бір орын — не театрлы мейрамхана, не мейрамханалы театр. Мұндай жоқ Қазақстанда. Шик! Қойылым басталғанша, ішіндегісі нетүрлі мәнтішелер жей тұрайық. Оннан астам түрін алып келді. Оның үстіне, ішінде не бар, соны сыртына безендіріп, салып қояды. Орамжапырақ, шөп-шалам, үйрек, т.б. болды.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Бидің түбін түсіреді. Соншама әртіс тартылған, сондай пластика, сондай акробатика! Таң династиясының стиліндегі би өнері. Мәдени шок!

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Міне тағы бір күн ең ерекше орынға барудан басталды. Императордың терракот армиясы! Қытайдың алғашқы императоры Цинь Шихуандидің қасына ана дүниеде күзетуге өзінің әскерінің тура көшірмелері (бет-жүздеріне дейін дәл мүсінделген) жерленеді. Қазір аты әлемге әйгілі музей.

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы Сиань
Юнесконың қорғауындағы өнер туындыларының ішінде әскерлермен қатар, жылқылары мен арбалары, музыканттар, шенеуніктер, акробаттары да бар. Әлі қазылып жатқан мүсіндер де жетерлік. Жалпы саны 8 мың болып қалады дейді.
Оларды бояп, саусақ, бет-жүзіне дейін дәл салдырған сенім десеңізші!

Блог - MERmukhanov: Аспан астынан фоторепортаж #1: Қияндағы СианьБұл осы қаладағы соңғы экскурсиям болатын. Сианьды — солтүстік-батыстағы қақпа санайтын қытайлар географиялық жағына қол қойып қойғандай көрінді. Әйтпесе, орталықта орналасқан қала ғой. Негізгі өмірі — оңтүстік-шығыста, сонсоң осы аймақ солтүстік-батыс саналады. Одан гөрі батыста, солтүстік-батыста таулар, таулар…
Жалпы, халық қыдырмалау, ластау көрінді. Осындай иістің арасында өмір сүру қиын сияқты — егер қытайлық боп жаралмасаң… Қаланың үсті смог, бірақ жалпы дамуы қарқынды.
Бізді қоршаған қытайлар күліп жүреді, ілтипатты. Біздің елді сыйлайды. Сонда да халық көп жерде еркіндіктің қадірін түсіне бастайды екенсің. :)
Жарайды, топырлап елу адам болып, ішкі рейстердің біріне мінейік. Келесі меже — Инчуан, Нинься, автономиялық мекен. Ал ондай аймақтар — мүлдем бөлек әңгіме…
Әрі қарай

Абайлаңыз, КЕРОСИН!

Блог - rakisheva: Абайлаңыз, КЕРОСИН!
Аяқ астынан жаңа жылдық корпоративке алған қымбааааааааат көйлегіңе керосин төгіліп кетсе не істеу керек?

Біріншіден, қарапайым әдістердің ешқайсысы көмектеседі деп ойламаңыз. Оларды жасап көру де ақымақтық екен! 10 ааааа жоқ 15 рет порошокпен 1 литр Ленор құйып жусаңыз да ол иістің кететіндігіне кепілдік жоқ!

Екіншіден, бір аптаға далаға шығарып қойсаңызда иісі кетеді деген аңыз!

СУЫҚ СУҒА КӨБІРЕК FAIRY ЖӘНЕ КӨБІРЕК СОДА САЛЫП, ІШІНЕ ЗАТТАРЫҢЫЗДЫ САЛЫП 1 КҮНГЕ ҚОЙЫП ҚОЙСАҢЫЗ ИІСІ КЕТЕДІ!


P.S. 100 пайыз тексерілген!
P.S.-2. Аэропортта чемоданыңызға зақым келсе сол кезде бірден администрацияға жолығу керек екен!
Әрі қарай

Тосын сыйға толы жыл

Жылқы жылы мен үшін жақсы әрі күтпеген жаңалықтарға толы болды. Наурыз айының аяғында декреттік демалысқа шықтым. Үйде болған алғашқы екі-үш күнде өмір тоқтап қалғандай сезімде болдым. Редакторымның «Мүмкіндігің болса, мақала жазып тұршы» деген ұсынысы«Босанғанша немен айналысамын? Ішім пыстыыыыыы» деген ойдан арылуыма себепші болды. Қалаған күні немесе шақыртқан күні жұмысқа барып тұрдым. Сөйтіп жүргенде бастығым «Зарина, бұл түріңмен жұмыста босанып қаласың ба деп қорқам. Ертеңнен бастап жұмысқа келмеуіңе болады» деді. Арада бір-екі күн өткеннен кейін, 14.06.14 күні бөпелі болдым. Бұл биылғы жылдағы ғана емес, осы уақытқа дейінгі өмірімдегі ең, ең, ең үлкен, ең, ең, ең жақсы, сөзбен жеткізе алмайтынкеремет жаңалық.

Блог - ademi_alem: Тосын сыйға толы жыл
Әрі қарай

Эстафета: Жыл қалай өтті?

Жылды қорытындылап тастасақ қалай? :) Былтыр фейсбукте өзімше бір қорытынды жазып едім, биыл таба алмадым. Сондықтан осында жазып отырсақ :) Кейін, шал-кемпір болғанда оқып отырамыз. Қызық қой ;)

Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?

Магистрантпын :) 1 курс. Алғашқы сессия аяқталып, боулингке барып жудық. Түнгі бірлер шамасында шығып, кластасыммен тағы 3-ке дейін отырдық. Ал азанда… таңғы 6-да поезд тұғын :) 2 сағат қана ұйықтап, Шымкентке жол жүріп кеттім.

Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?

«Блогиада» туралы баспасөз мәслихатын өткізіп, жобаны таныстырдық. Бұл алдын-ала жасалған жарнама жобаның дұрыс аяқ алып кетуіне септігін тигізді.

Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?

Қарағандыда «Блогқұрылтай-2014» өтті. Дәл осы күні «Блогиада» шарасының тұсауы кесілді. Алдымызда үлкен жұмыс күтіп тұрды. Апта сайын 32 адамның посттарын жинақтау, жарнамалау, қорытындыларын шығару…
Мамыр айында «Нұр медиа» холдингінен белгілі себептерге байланысты жұмыстан шығып кеттім. 2 аптадан соң «Егемен Қазақстан» газетінің сайтына жұмысқа орналастым. 3 ай уақытта «Астана және мен» деген селфи-конкурс ұйымдастырып, Аршат екеуміз «Фото Егемен» деген жаңа жоба жасадық. Жобада «Егемен Қазақстанның» 4-5 жыл бойы жинақталған фотолар қорын жинақтадық.

Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?

Жаз уақытында апта сайын «Жайдарман», ай сайын блогтурларға барып тұрдық :)

Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?

Шымқалаға жасаған блогтурдың орны ерекше болды. Қаланың дамуы 3-4 ай бұрын ғана барған өзімді таң қалдырды.

Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?

Мамырда «Блогиаданың» 1-ші тур қорытындысы өтті. Мини-құрылтай өткіздік өзімізше :) Кереки жамағатпен арқа-жарқа әңгіме айтып, бір жасап қалдық :)

Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?

Билайнның шақыртуымен Көкшетауға бардық. Бұрын бармаған жеріміз.

Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?

1-курс бітті :) Караокеде атап өттік.

Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?
Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?
Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?

Жаз-күз мезгілдері блогтурларға толы болды. Қазақстанның шығыс, оңтүстік, солтүстік облыстарын түгелдей араладық. Енді тек батыс қалып тұр ;)

Күзде «Егемен Қазақстан» газетінен жұмыстан шығып кеттім де жеке бизнес бастап көруге тырыстым. Кішігірм полиграфия аштық інім екеуміз. Алғашқы бастама. Қиын тірлік. Әлі дұрыстап жарнамаланбаған, құрал-сайманы жоқ тірлік дұрыс жүрмеді басында. 1 ай жұмыс ешқандай табыс алып келмеді. Амал жоқ, инвестор табуға көштік. Таптық та. Қазір сол кісімен 50\50 жұмыс істеп отыр інім. Ал мен фриланстамын әзірге :)

Блог - Daniar-Alan: Эстафета: Жыл қалай өтті?

Желтоқсанда 10 күнге Стамбұл қаласына тәжірибе алмасуға бардық. Университеттің сондай бағдрламасы бар ;) Қала ұнады. Адамдар үшін жасалған. Әліге дейін түсіме кіріп жүр :)

Жыл жалпы қызыққа толы болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда қиындау. Бірақ есте қаларлықтай өтті.
Айтпақшы, тағы бір жаңалық бар… бірақ оны айтпаймын ;) Орындалсын ;)

Эстафетаны: Әдемі-әлемге беремін.
Әрі қарай

Нәпсі мен намыс

Әйел үшін өзін сүйетін ерінің жанында алақынында аялап қана қоймай, өзінің махаббатын білдіріп, оған көңіл бөлгені өте маңызды!
Киностан: Нәпсі мен намыс
Киностан: Нәпсі мен намыс
«Жетінші» арнаның журналистерімен сұхбаттасамын деп жүріп жақында өзіме «Нәпсі мен намыс» деген жаңа телехикаяны аштым.
«Жетінші» арна биыл үнді емес, түрік емес, кәріс емес Қазақстанда эфирді алып жүрген сериалдар туралы барлық стериотиптердің быт-шытын шығарып араб фильмін қазақ тіліне аударыпты. Шыны керек, мен үшін бұл бір ерекше құбылыс болды. Бұрындары да үйдегілерден «Нәпсі мен намыс» деген фильм басталыпты дегенді естіп жүрген болатынмын. Бірақ барлық арналардан көрсетіп жүрген «мыльная опералардың» бірі шығар деп, оның үстіне күнде сағат 2-де, түскі үзіліс уақытында болатындығын білгеннен соң тіпті қызығып та көрмегенім рас еді… Енді телехикая көрмейтін мееееен… Білмеймін әзірше бір күнде бірнеше сериясын көріп тастадым :\
Киностан: Нәпсі мен намыс
Ал енді бұл фильм мені несімен қызықтырды?

Киностан: Нәпсі мен намыс
Біріншіден әдемі актерлер. Басты рөлдері әдемі актриса. Қазақ тіліне жұмсақ, құлаққа жағымды етіп аударылғаны және ертегі емес, шынайы оқиғаға құрылғандығы.

Екіншіден, саундтрегі. Өте әдемі… Тыңдап көріңізші :)

Киностан: Нәпсі мен намыс
Енді қызығып интернеттен қарап көрсем не фильм жайында, не актерлер жайында ешқандай айтарлықтай ақпарат жоқ, ағылшын, орыс тілдерінде де мені қанағаттандыратындай ақпарат таппадым. Сөйтіп өзімнің көрген серияларымнан ой түйіп, ана жақ-мына жақтан тапқан қосымша ақпараттарымды пайдалана отырып «Нәпсі мен намыс» фильміне бірінші болып қазақ тілінде «рецензия» жазып көрмек ниетпен блогымның шымылдығын бүгін телехикаяға рецензиямен ашып отырмын.
Киностан: Нәпсі мен намыс
Киностан: Нәпсі мен намыс
Фильм басталғанда өте бай тұратын басты рөлдегі Ләйлә есімді келіншек «Бақыт байлықта емес!» дейді. Сонда бақыт неде? Телехикая бақыт іздеген келіншектің күрсінісінен басталады…

Бір қызығы бұл араб телехикаясы да түріктердің күнделікті фильмдерінде оқиғаларды бастайтын Ләйле, Ләйләдан басталады. Айлиннің жоқтығыны шүкір деп қояйық :)

Фильмде әзірше негізінен екі, қосымша екі, барлығы төрт оқиға, төрт адамның, екі отбасының оқиғасы көрсетілуде.

Бірінші оқиға, Ләйлә, оның күйеуі банкир Хайт және қызы Диманың аясында.
Екінші оқиға, Ләйләнің құрбысы Сара мен Хайттың қызметкері Валидтің аясында.
Үшінші оқиға, Ләйләнің анасы мен сіңілісінің аясында.
Төртінші оқиға, Ләйлә мен оның жаңадан танысқан суретші жігіттін арасында…
Киностан: Нәпсі мен намыс
Сара: — Ләйлә, осы сенің не үшін қамығып жүргеніңді түсінбей қойдым. Осындай зәулім виллада тұрасың. Қасыңда бар жағдайыңды жасап жүрген күйеуің бар. Бейруттағы бар қыздардың сенің күйеуіңнің бір күлімдегеніне зар болып жүргенін білмейсің бе? Алтындай қызың бар. Алла тіл-көзден сақтасын де!

Ләйлә: — Барға қанағат етіп, Құдайға мыңда бір шүкір деймін. Бірақ неге екенін білмеймін. Жаным жай таба алар емес. Рас айтасың! Жаныма не керектің бәрі бар. Алайда бір нәрсе жетіспей жүргендей. Бәлкім маған осынша байлықтың қажеті жоқ шығар… Бақыт байлықта емес қой. Білмеймін! Шын, білмеймін! Әлде күнделікті өмірден шаршадым ба? Жалыққан шығармын…
Киностан: Нәпсі мен намыс
Киностан: Нәпсі мен намыс
Ләйлә өте бай банкирдің әйелі. Оның еш уайым-қайғысы жоқ. Тек анасымен ара-қатынасы дұрыс болмағаны болмаса… Оның себебін фильмді көру барысында біле жатарсыздар. Ал оның құрбысы Сара қанша жылдар бойы өзін сүйетін, өзі сүйетін ерімен отбасын құрып, бақытты өмір сүріп келе жатқанымен екеуінің денсаулығы жақсы болсадағы бір балаға зар жанұя… Бар армандары бір бала…

… Күнделікті күннің атысы-түннің батысы қайталана беретін тіршіліктен жалыққан Ләйлә бір күні аяқ астынан Джад есімді суретші жігітпен танысып, екеуінің арасында түсініксіз сезім пайда болады…

Осы арада оқиға тағы бір картасын ашады… Ләйләнің жаңа ғашығы Джад оның туған сіңілісі Рашаның алғашқы махаббаты болып шығады… Енді не болмақ? Әзірше өзім де білмеймін. Кезекті сериаларын күтудемін :)
Киностан: Нәпсі мен намыс

Киностан: Нәпсі мен намыс
P.S. Телехикаяның бірінші, екінші серияларын көріп өз күйеуінің көзіне шөп салған Ләйлә байлықтан есірген әйел деп ойларсың. Бірақ оны осы қателікке итермелеген оны алақанында аялап жүрген күйеуі емес пе?
Әрі қарай

#ББББ. Бөрібай Бекарыс: "Бәріне кінәлі..."

Төрт күн өткен екен. Иә, осыдан төрт күн бұрын Асқар Базарбай (Gastarbaiter ) Блогиаданың миллионын жеңіп алған болатын. Сегіз айға созылған сайысты әлде де соза бермей-ақ, көзіңіздің майын тауысатын сұхбатты назарыңызға ұсынамын. Жо-жоқ, Елбасымен сұхбаттасқам жоқ. :) Журналистерің шәй ішіп қайтты ғой. Мен біреу білсе екеуі білмейтін, үшеуі күдіктеніп сенбейтін, төртіншісі мән бермейтін атақты Бөрібай Бекарыспен шәй ішпей-ақ сұхбаттасқан едім.

Оcылай екен...: #ББББ. Бөрібай Бекарыс: Бәріне кінәлі...
Таныдыңыз ба? ;) Блогиада тарихында жазбаларға алғаш шолу жасаған Бөрібай Бекарысымыз (Boribay_Bekarys ) — өзіміздің Мерей Ермұханов (MERmukhanov ). :)
— Мерей, негізі қай жақтансыз? Қайда жұмыс істейсіз/оқисыз?

— Күн қайырлы болғай! Адамдар да. Сұхбат жасайтындай тау қопарып, тас қазған жоқпыз. Әншейінде понторез басым біртүрлі именіп отырмын. Енді Керектегі біраз қауым біледі, сонда да саған таныстық қылайын. Менен гөрі Бөрібай деген азаматты жақсырақ білесің ғой деймін. :) Ақтөбенің Ойыл деген кентіненмін. Ол жақтан шоқтығы биік Шернияз жырау мен тарыдан рекорд жасаған Шығанақ шал шыққан. Иә, сосын осы сайттың әкімшісі, Қазнеттің тіректерінің бірі Аршат Ораз (asaubota ) деген біреу де сол елдікі.

Иә, мен Ойылдан он жасымнан кетіп, қалада оқығам, интернатта тұрғам. Демалыс сайын Аршаттың мамасы не қарындастары алып кетуші еді, сол үйде жиі болатынмын. Ол кезде ол Түркияда оқуда болатын. Не дейін, ол мені бөле дейді, мен оны бөле деймін, ақиқат осы екеуінің бірінде шығар. :) Жұмысым қоғамдық салада, партиялардың бірінде (бірінде деп қоям, ә!) жастар бағытының аналитигімін. Жұмыс атмосферасы, ритмі мен реті өзіме ұнайды. Сондықтан айырып жатқан жалақым жоқ, оған қарап жүргем жоқ. Оқу оқып болдым, бәрін тауыспасам да, екі магистрлік дипломым, шетелдік тағыламдамам бар. Негізгі мамандығым – Мемлекеттік жергілікті басқару. Бірақ мемлекеттік қызметте осы кезеңде қызмет жасауға құлқым жоқ.
Оcылай екен...: #ББББ. Бөрібай Бекарыс: Бәріне кінәлі...
— Керекинфоға қалай келдіңіз?

— Қарасам, Керекинфоға тіркелуім 2011 жылы екен. Сол бірнеше минуттан кейін екі жылға ұмытып кеткендеймін. 2013 жылы еске түсіп, алғашқы постым – Парижді нәжіске былғауға бағытталған фотореп болды. Былай жақсы қабылданды. Шамасы, Аршат ескертсе керек, "Өлеңдерің болса да, жариялауға болады" деген тіркес есімде қалыпты.
— Блогиада жайлы не айтасыз? Блогиадааралық сайыстағы жеңісіңіз туралы да айта кетсеңіз.

Блогиада жайлы тек жағымды пікір айтамын. Жағымсызы болса, оны да айтар қатысушы көп қой. Қазнет үшін теңдессіз жоба, тамаша посттар сыйлаған бастама. Азаматхан Әміртай – красавчик! Жоба менеджерлері де. :) Шама-шарқымша оқып жүрдім. Әсіресе, Керектегілерді. Блогиада үздігі – Асқар, шынымен, ең мықты блогер болуы мүмкін. Бірақ принципиалды түрде бұл жоба ең талантты не ең креативті, ең шебер блогерді анықтамайды. Ең үздік блогерді анықтайды делік, бірақ ол көптегеееееен элементтерден тұрады. Тұрақтылық. Апта сайын жаңадан туған баладай, «зықыны алды» демей, жаңғыра пост жазу, анда-мында жүру ептілігі, жеткізу шешендігі, жалпы, аққан тер мен адымдаған жермен өлшенетін ауыр еңбек. Мен өзім мұндайға төзе алмас ем, сол үшін қатысушыларға ризамын.

Блогиадааралық сайыс жайлы несін айтайын, еркін тақырып, еркін формат. Ортаға тиын тіктік, жарыстық. Сол кез бір он шақты күн еңбек демалысым еді. Ақтөбеде жүріп қоғамдағы тізесі шыққан мәселелердің бірі – жезөкшелікке келу жайлы қыңыр тілмен жазба әзірледім. Оларды аралауға тура келген жоқ, қиялыма сүйендім. Жеңуге ниет болды, Сатыбалдыдан (satibaldi ) қорықтым. Бірақ ол аса байсалдылық танытпады ма, еріккен жазба жазды да, жеңіп кете салдық қой. Иә, Асқар Базарбай мен Өркен Кенжебек 10 балл берді. Назгүлдің (dark_nazgul ) баллын айтпаймын. ;)
— Блогиадада Бөрібай Бекарыс боп шолу жасадыңыз. Шолу жасау идеясы қалай пайда болды?

— Мен? Алмас Көзілдірік (kozildirik ) не Нұрберген Мақым (nurbergen_makym ) емес пе не? Әлде Асқардың өзі ме? Хехе, бәріне кінәлі Асқар Базарбай. Менде жалпы өзімнің блогер екеніме күмән бар, мотивация атымен аз. Енді жаңа/дұрыс анықтама бойынша, блогым бар болғасын блогер шығармын. Бірақ оны жүргізуге былай да ниет ат төбеліндей. Оның үстіне Блогиада блогерлерінің сайыстық посттары одан сайын құртып жіберді. Асқар үшінші кезеңде хабарласып, ұсыныс жасады. Базынасын айтты, әмір етті, қалай болғанда да «Жазуың керек!» деді. Шамасы, блогиадааралық сайыстан бір мүләйімсіген ұшқын байқаған шығар.
Оcылай екен...: #ББББ. Бөрібай Бекарыс: Бәріне кінәлі...
— Бөрібай боп жүргенде қандай қиындықтар болды?

— Фейсбук желісіндегі Бөрібай бұрыннан болатын, ол менің пошталарымның біріне жалғаулы еді. Аты-жөнін өзгертпей-ақ, осы атпен блог ашып, бастап кеттік қой. Турнирлік мотивация емес, аса бір қиналыссыз, қалай қарай бұрғым келді, солай жаздым. Бір турда Асқарға қарсы қуаттап, айдап-айдап салдым. Ал ол өзі менің кім екенімді біледі ғой. :) Тағы бір турда өзімнің Асқар екенімді ашып жаздым. Жалпы, қызық көп болды. Жұмыс бабымен Қытайға екі аптаға кеткен кезімде қиындау болды. Жұмыс жасап/қыдырып жүрген адамда аса қатты жай да, стимул да бола бермейді екен. Сол жазбамды үйтіп-бүйтіп жазып шықтым. Аса бір маңызсыз, келеке етіп, тілді орынды-орынсыз ойнатып… Жалпы, мағынасы дұрыс, бірақ «Рейтингтерге рейд» атты жазбамды қарасаңыз, өзіңіз де біртүрлі екенін байқайсыз.

Ең қызығы, Қытайда фейсбук бұғауланған, ал маған әлеуметтік желіге де сілтеме тастау керек дегендей. Оны да сол жақтан бұзып кіріп, бірдеңе қылдық қой. Бір-екі адам сол кезде біліп қойды деп ойлаймын. Мысалы, Әйгерім Тоқсанбек қарындасым. Бәлки, геопозиция айқындалған шығар. ;) Жалпы, өзім үшін де шолу жасау процесі эксперименттерге толы болды. Бәрі де жеуге жарамды болғанымен, бір турда артығымен фонетиканы ойнатып, бір турда лексикамен, бір турда сырт факттер мен тым ақылгөй ілімдер қосып… Алқаштың қаламында бұл қайдан жүр дейсіз, ә?! :)
— Алғашқы фурордан кейін қандай күйді кештіңіз?

— Хех, фурор артық айтылған сөз. Априори беймәлім біреу тәуір жазба жазса, фурор сияқты қабылданады. Егер мұны Мерей Ермұханов жазғанда қалыпты қабылданар еді. Сондықтан фейкпен жазғаныма қуанамын, жалпы құныңды да білесің, шын бағаңды да естисің. Әйтпесе, біреу жақсы көріп, ренжітпейін деп мақтай салар еді. Біреу араз болып, даттап кетер еді. Жалпы, ешқандай фурор болған жоқ және күй кешпедім. Жұмыси атмосфера болды, көрерменге ұнады. Болды, сол ғана. :)
Оcылай екен...: #ББББ. Бөрібай Бекарыс: Бәріне кінәлі...
— Бөрібай болғаныңызда идея жағынан, жалпы, шолуыңызға кеңес айтып, көмектескендер болды ма?

— Асқар ең басында жалпы бағыт, кеңес айтқан шығар. Кейін оған араласуға болмайды ғой, ол – қатысушы, мен – сарапшы, объективтілік… Басқа ниеттілерден сен ғой, танымасаң да, суреттер жасаған. :)
— Псевдонимді неге Бөрібай Бекарыс деп таңдадыңыз?

— Дайын материал болатын. Оны ертеректе бір шаруаға керек болар деп, жұмыс бабымен ашып едім, ол одан керек болмай қалды. Сосын дәл сол атпен Керекке бара қойдым. Кіші жүзге де, Асқардың ұлына да, Көкбөрі (kokbori ) не Кеулімжайға (AKY ) да қатысы жоқ. ;)
— Шолуды неге бірінші кезеңнен бастамадыңыз?

— Зорығып өлсін дейсің бе? :) Блогиада басталғанда шолушы болу ойымда болған да жоқ. Бұйырған уақытында кірістік қой. Миттельшпильде. Жалпы, бірінші турға кіріспес бұрын бұған дейінгі жазбаларды оқыдым. Сол себепті Нұрбергеннің идеясыздығын да, Жандос шығып кеткеннен кейін ол жайлы да бірнеше жерде жаздым-ау деймін. Соңғы тур кезінде де шолып шықтым.
— Шолулар жасаудағы шеберлігіңіздің себебі неде?

— Шеберлігіміздің сыры – сенің суреттеріңде. Уахахаха! :) Шеберлік деп қомпитпайық. Жаза алу қабілетім бұрыннан бар, ана тілімді жақсы көрем, өлең жазам. Былай шала шабыт, пайдаланылмаған әлеует, немқұрайлы көзқарас. Жалпы, тіл – жақсы көре отырып, пайдаланып кеткенге ренжімейтін жалғыз субъект. Аяусыз эксплуатация үшін ешкім айыптамайды.
— Әр жазбагерді жақсы танитыныңыз байқалды, блогосфераға қашаннан қызығып жүрсіз?

— Блогосфераға қызыққанда… Мен білмеймін, блогым бар әйтеуір, болды. Блогерлермен жеке таныстығымыз бар, сондықтан блогосфераға да сіңе бастайтын шығарсың. Біреуге туыс боп жаралдық, біреуге құрдас боп, біреулермен Домбыра патиде білістік дегендей. Сонсоң әлеуметтік желіден ғой, әрине. Жеке таныстық, біліктерді сирек пайдаландым, әрине. Максималды объективті болуға тырыстым. Себебі кей қатысушыларға көмек қолын созып, ол жазбалар қалай туғанын да білетінмін. Адами қатынасымыз да объективтілігіме әсер етпеді деп санаймын. Әртүрлі көңіл-күй, қатынас болған кездер де болды. Бірақ Бөрібай – қатаң, құрғақ, мүлдем бөтен адам. Мен, жалпы, Бөрібаймен 100 пайыз келісем дей алмаймын, 95 пайыз шығар. ;)
— Келесі Блогиадаға қатысасыз ба? Тағы да шолулар бола ма?

— Келесі жылы болса, қатыспаймын, шолу да жасамайтыным түсінікті. Бірақ жанашыр болып, оқырмандық танытам. Апта сайын тапсырмамен блог жазу – менің жолым емес. Миллион – тамаша мотивация, әрине. Бірақ мен Асқардан гөрі Нұрберген, Димаштардың (qisyq ) сортынанмын. Шеберлік жөнінен болмасам да, жарты жолда тастап кететінім анық. ;) Шолу жасауға Перібай Жанарыс деген біреу шығатын шығар мүмкін. :)
— Блогиаданың бір турына сыйлық тіккен екенсіз. Сол жайында не айтасыз?

— Ол кезде турға ұсақ сыйлық тіге беретін. Мысалы, бірлік секілді. Кейін бұл дәстүр жоғалды. Мен бала тақырыбына орай Хэппилон орталығына карталар тіктім. Сол турды осы блогиаданың үш жүлдегері жеңіп алғаны есімде. 10 ұпайдан алған Асқар мен Әйгерім болатын. Әйгерімді бірінші орынға қойдым, оған 3 карта бұйырды. Одан кейін не көбірек қаржылы, не ешқандай деген сыйлықтар болуы тиіс боп кетті-ау деймін.
— Бөрібай болған кезіңізде жұрт қанша уақыт ішінде Мерей екеніңізді білді?

— Асқар – бастамашы, Админ тіркелген сәтімнен, Базука (bazuka ) көп ұзамай фейсбуктан біліп қойды. Одан өзге ешкім айқын білген жоқ осы күнге дейін.
— Қандай кітаптар оқисыз? Сүйікті авторларыңыз?

— Бұйырған кітап оқимын, қазір оқымаймын. Поэзия оқуға зауқым жоқ, өзім жазып қалсам, оқыса деймін бірақ, ә?! Шетел әдебиетін көбірек оқимын, бала күнде қазақ әдебиетін оқығам. Сүйікт автор – Сатыбалды Кербабаев десем, қалай болады? :) Хаха, Бернард Шоуды әзіл сезімі үшін һәм Исламға көзқарасы үшін жақсы көрем. Ремарк, Хаггард, Хемингуэй, Конан Дойл боп қалады. Твен – еркек! Төлен Әбдік – қызық. Иә, Қадыр Мырза Әлі балалығымның кумиріне жақын. Қазір арнайы оқуға мүмкіндік жоқ, болса да, өзімнің ақымақтығымнан оқымайтынымды тағы мәлімдеймін.
— Сүйікті киноңыз қандай?

«Властелин колецтер», «Хоббиттер» жақсы ғой. «Вокруг света за 80 дней» ұнайтын. «Столкновение» деген 2004 жылғы Оскар иегерін қарадыңыз ба? Қазақтардан… «Менің атым Қожа» дер ем, бірақ «Подарок Сталину» деп шештім. Шын болған оқиға негізіндегілерді құштарлықпен қараймын.
Оcылай екен...: #ББББ. Бөрібай Бекарыс: Бәріне кінәлі...
— Осы жыл сіз үшін қалай өтті? Жылқы жылы несімен есте қалады?

— Шүкірлік қылатын жыл. Жұмысымнан да, іс-шаралардан да ләззат алған жыл. Ағам үйленіп, жол ашылған жыл. Шетелдерге іссапарға барған жыл. Қызығы да, шыжығы да көп жыл. Бөрібай Бекарыс Мерей Ермұхановтың блогын өлтіріп тастаған жыл. Қалай ойлайсыз, оның рейтингінің менен артып, "Құрметті қолданушы" болуы қаншалықты релевантты?! ;)
— Келер жылға қандай жоспарларыңыз бар? Керекинфо жамағатына тілегіңіз болса...

— Жоспарым бірнеше бағытта. Біреуі – анда-санда блог жазып тұру, баяғыдай. Қалғандарын айтпаймын. Керектіктерге денсаулық тілеймін, қалғанын өздері жасап алады. Отбасына амандық және пәтер тілеймін. Алла жар болсын!

— Сұхбатыңызға рақмет! Жаңа жыл құтты болсын! :)

Идея авторы — Асқар Базарбай, фото авторы — Исабек Жұбаныш (Ispek92 ), сұхбаттасқан — Мен. ;)

Оcылай екен...: #ББББ. Бөрібай Бекарыс: Бәріне кінәлі...
Әрі қарай

Кім білген?

Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Осыдан біраз уақыт бұрын Эльвира Ерғалинаның интернетті шулатқан біраз суреттерін көріп «Не болып қалды?», «Не болды?», «Бұл не?» деп біразыңыз басыңызды ауыртқан едіңіздер… Кейінінен оның Эльвираның жаңа жұмыс орны, яғни «Жетінші арнадан» басталғалы жатқан «Кім білген?» жобасынан үзінділер екенін біліп, «Кім білгенді» күткенімізде өтірік емес.
Жарты жылға жуық уақыт көрермендерді түрлі салалар бойынша ақпараттандырып, таңқалдырған бағдарлама әне-міне дегенше алдағы аптаның ішінде аяқталғалы жатыр. Осы жұма «Кім білген?» бағдарламасының жүргізушісі Нуриддин Бидосовпен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді. Әңгімелесу барысында Нуриддиннен «Кім білгеннің» қалай дүниеге келгендігі туралы, «Кім білгенді» кімдер жасайтындығы және әрі қаратай жалғасы түсіріледі ме деген сынды сұрақтардың астына алған едім…
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Мен саясаттанушы болғым келмейді!

Суреттер сөйлейді: Кім білген?Мен журналистикаға келемін деп ойлаған емеспін. Бір күні үйде теледидар көріп жатсам «Облыстық телеарнаға жүргізуші қажет» (Шымкент облысы – авт.) деген хабарландыруды көріп телеарнаға кастинге бардым. Барсам 50 шақты адам жүр. Біреуі өлең, біреуі мәтін жазып келген, қызу дайындық үстінде. Мен олай келу керек екенін білмеймін… Сол жерде сөреде жатқан газетті алдым да менің кезегім келгенде хабарландыруларды оқыдым. Соны оқып, әйтеуір телевидениеге өтіп кеттім. Бірақ 3 күн тәжірибеден өткеннен кейін мені шығарып жіберді. Кастингтен екі жігіт өткен едік. Менімен бірге өткен жігіт бұрын радиода істеген еңбек өтілі бар жігіт екен соны жұмысқа алды. 3 айдан кейін ол аяқ астынан жұмыстан шығып кетіп, мені қайта шақырды. Сөйтіп телевизияның қызып жатқан қазанына түсіп кеттік…

Өмірімде тележүргізуші боламын деп ойламағаннан кейін басында өте қиын болды. Жұмыс істемей-ақ қоямын бааа деген ойлар жиі келіп жүрді. Сонда әке-шешем «Жақсы жұмыс қой істей бер, оның үстіне ұлымыздың бүкіл облысқа жаңалық оқығаны бізге де абырой» деп өз оймынан айнығанмын. Бүгінгі күні осы салада жүргеніме 15 жылдай болды. Өзімнің негізгі мамандығым саясаттанушы. Өз мамандығым бойынша жұмыс істеп көрген емеспін. Шынымды айтсам істегім де келмейді (күлді-авт.).

«Аян. Дала аңыздарының» жаңа маусымы болмайтын болғаннан соң сол ұжымыммен «Кім білгенді» алдым.

Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Мен 10 жылдан аса уақыт тек жаңалықтарды жүргізген адаммын. Бұрындары да «Аян. Дала аңыздары», «Кім білген?» деген сынды жеке жобаларды жүргізуге ұсыныстар болған, бірақ ол уақыттары келіспеген едім. Былтыр Әлия Баймұхамедованың ұсынысымен «Аян. Дала аңыздары» жобасын бастадым, содан кейінгі екінші жобам осы «Кім білген?» болды.
«Кім білген?» жобасын да жүргізуді ұсынған Әлия Баймұхамедова еді. «Аян. Дала аңыздарының» кезекті маусымы аяқталғаннан кейін, сол кезде әрі қаратай жалғасы болмайтының білгенде осы ұжыммен «Кім білгенді» алайық деп шештім.

Суреттер сөйлейді: Кім білген?
«Кім білген?» ерекше бағдарлама.
Кез-келген арнада арнайы репортаждар болады. Бірақ «Кім білгенді» ерекше деп айтуға толық құқым бар. Өйткені біз кез-келген тақырыпты көрерменнің көңілінен шықсын деп оқиғаны арасында ойнатып, кейде күлдіріп, кейде жылатып жеткізіп жатамыз. Ондағы ойымыз көрермен біздің хабарды көрген кезде камераның арғы жағында оператор емес өздері болып, оқиғаны көріп, мәтінін жазған журналист емес өздері сонда тұрғандай сезінсін деген ой болды. Одан кейін кез-келген тақырыпты ол ауыр тақырып болсын, жеңіл тақырып болсын адамды терең ойландырып жіберетін емес, кез-келген дүниені жеңіл қабылдап, тез қорытып, ішінен өзіне қажеттісін сіңіріп алсын деген ой болды. Соның арқасында болар басшылар біздің ұжымның жұмысын жоғары бағалап, «Кім білгеннің» екінші маусымына тапсырыс беріп отыр. Құдай қаласа келесі жылы жаңа 31 серия түсіргелі жатырмыз. Осы жерде көрермендерімізге өздерін қызықтыратын тақырыптар болса бізге телефон, электоронды почта, хат арқылы хабарласып жатса, біз оны түсіруге өте қуанышты болатындығымызды айта кеткім келеді. Сонымен қатар, келер жылы көптеген көрермендеріміздің сұрауы бойынша «Аян. Дала аңыздарының» үшінші маусымын түсіру ойымызда бар. Әзірше ол қалай болады, қайда түсіріледі белгісіз. Тағы да көрермендерімізге осы «Аян. Дала аңыздарының» үшінші маусымын қандай етіп көргілері келетіндігін хабарласып, өз ұсыныстарын айтса деген тілегіміз бар екендігін айта кеткім келіп отыр.

Біздің ұжымда 14-ақ адам бар.
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Біздің ұжым үлкен емес. Небәрі 14 адам «Аян. Дала аңыздарын», «Кім білген?», «Выход есть» деген жобаларды алып жүрміз.
«Кім білген?» жобасының идея авторы Әлия Баймұхамедова, тақырыптарды ұжым болып отырып талқылап, бекітеміз. Ал сценариін жазатын редакторларымыз Саида Елшібаева, Нұртілек Риянбекқызы, Эльвира Ерғалина болды. Арасында мен де өз тарапымнан айтатын дүниелерім болса толықтырып отырдым.
Кез-келген жұмыста, кез-келген бастамада қиындықтар болады. Бірақ Аяна Койчиманова, Райса Мукуева, Елдар Курманбаев деген продюсерлердің арқасында алдымыздан шыққан барлық қиындықтардан қиналмай шығамыз.

«Кім білгеннің» кейбір бағдарламалары 2-3 ай түсірілді.
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
«Кім білген?» небәрі 30 минуттай ғана болса да үлкен еңбекті талап ететін жоба. Кейде бір хабарды түсіру барысында бір апта толықтай кетіп қалады. Менің стэндаптарымның өзін жазу кейде екі күнге шейін созылса, сценариді жазып, оны келістіруге 2-3 күн кетеді. Оның ішінде түсірілім өтетін алаңдарға рұқсат алу, реквизиттерді дайындау бәрі-бәрі уақыт алады. Тіпті кейде бағдарламаны ұжымның жұмыста қонып жасайтын кездері де болады… Кейбір серияларын түсіруге 2-3 ай кетті. Яғни бір оқиғаны түсіреміз деп бастаймыз да, оның басын түсіріп қоямыз ал соңы бірнеше айдан кейін болатын оқиғамен байланысады.… Сол сынды ұзақ түсірілген серияларымыздың бірі "Қазақстандық шоу бизнес еді". 30 минут қана болғанымен, «Кім білген?» ол үлкен ұжымның жұмысы екендігін ұмытпау керек!

«Кім білген?» мені бір сатыға өсірді.
Бүгінгі күні біздің өміріміздегі ең басты дүниелердің бірі ақпарат қой. Ақпарат деген жан-жақтылық. «Аян. Дала аңыздары», «Кім білген?» жобалары арқылы дүниетанымым кеңейді, көп нәрседен ақпарат алдым, көп адамдармен жақын таныстым, журналистикалық бағыт бойынша өстім, жаңа бір сатыға көтерілдім деп айта аламын. Ең бастысы өзіме ұнатын ұжыммен бірге жұмыс істегеннен рахат таптым.
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Келер жылы «Кім білген?», «Аян. Дала аңыздарының» жаңа маусымдары, күнделікті жаңалықтарым бар. Осыларды Алла сәтін салып барлығын уақытылы түсіріп, тапсырып жатсам өзге жобаларға да дайынмын. Тіпті киноға шақырып жатса, кино, телехикаяларға да түсуге қарсы емеспін (күлді – авт.).
Суреттер сөйлейді: Кім білген?

P.S. «Кім білгеннің» 1 маусымының қорытынды, әрі жаңа жылдық бағдарламасы 28 желтоқсан күні сағат 20:30-да «Жетінші арнадан» көрсетіледі. Нуриддиннің және «Кім білген?» жобасының ұжымының айтуы бойынша бұл бағдарлама жаңажылдық ең ерекше бағдарламалардың бірі болмақ :)
Әрі қарай