БЛОГКЕМП. ЖАЗҒЫ МЕКТЕП МАҒАН НЕ БЕРДІ?

Блог - Tushtan: БЛОГКЕМП. ЖАЗҒЫ МЕКТЕП МАҒАН НЕ БЕРДІ?

Кешеден бері ОҚО Біркөлік шатқалындағы «Айнабұлақ» демалыс орнында өткен Блогкемптің суреттері лентаны жаулап алды. Жұрттың бәрі табиғат баурайындағы көздің жауын алатын суреттерді тамашалағанмен, шын мәнісінде топырлаған қыз-жігіттер онда не тындырып жүр, кемп деген не деген сұрақтар тууы табиғи заңдылық. Мен өз шамам келгенше, өз көзқарасыммен жазып шығайын.

Алдымен Гугл қариядан ол сөздің мағынасын сұрадым. Ол кісінің айтуынша, «Блогкемп- блогерлердің өз қалауымен жиналып, бейресми кездесіп, тәжірибе алмасуы» (Блогкемп (от англ. BlogCamp) — это самосбор, баркэмп, «неконференция» по новым медиа, блогам, сервисам веб 2.0 и всем, что с этим связано) екен.

Блог - Tushtan: БЛОГКЕМП. ЖАЗҒЫ МЕКТЕП МАҒАН НЕ БЕРДІ?

Мен блогер емеспін! Анда-санда шимай-шатпақтарымды Массагет және Бақ.кз сайттарына жариялап тұратыным болмаса, блог жазу, сайт жасау сияқты мәселелерде анау айтқан сауатым жоқ. Биылғы Блогкемп Шымкентте өтетінін естігенде #тәттішай жамағаты бір ауыздан қатысамыз деп шештік. Бұрын-соңды мұндай жиындарға қатысып көрген емеспін. Шыны керек ол күнді асыға күттім. Тиісті сайтқа тіркеліп, бағдарламасын көрген кезде уақыттың тезірек өткенін қаладым.
Көптен күткен күн де келді!!! Ең алдымен виртуалды өмірде достасып, түрлі әңгімелерді бірге талқылап жүрген достарымды прептиде көрдім. Тіпті менің достығымда жоқ, бұрын-соңды көрмеген жандармен де тез тіл табысып кеттік. Сенбі күні таңертең улап-шулап автобуспен «Біркөлік қайдасың» деп тартып отырдық. Бардық. Көздің жауын алатын керемет табиғат! Саф ауа! (негізгі айтайын деген ойымнан басқа жаққа ауып кеттім-ау деймін))).

Блогкемптің алғашқы күні негізінен спикерлерді тыңдауға арналды. Атап айтқанда, Нұрлан Жанай «Әлеуметтік желілер мен блогтұғырларды тиімді қолдану» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Әлеуметтік желілердің ішіндегі Инстаға дұрыс тіркелу, сауатты контент, жазылушыларды жинау жайлы айтты. Оның айтуынша, суретке түсуді жақсы көрмейтін және айналадағы сұлулықты байқай бермейтін жандар инста әлеміне кіріп жүйкесін тоздырмай-ақ, мәтінмен жұмыс жасайтын желілерде жүре бергендері дұрыс (мен сияқты)))). Және онда аваға барынша жұмбақтау, адамдарға қызығушылық тудыратын суреттерді қойған дұрыс екен. Нұрлан Жанай одан бөлек көптеген мәліметтермен бөлісті.

Ал Дінмұхамед Зияддин ағамыз «SMM: Күтпеген проблемалар және оларды шешу жолдары» жайлы жақсы мағлұматтар берді. Әсіресе, қандай да бір мекеменің, компанияның парақшасын жүргізетін адамдар өздеріне айтылған сындарды дұрыс қабылдап, сұрақтарына жауап беріп, кері байланыс жасап отырса жеткілікті. Ол адам парақшаның атынан отырып алып халықпен дебат жасағаны ДҰРЫС ЕМЕС! Сонымен қатар, SMM-шілерге қандай талаптар қойылатыны, олардың құқықтары мен жалақы мәселесі сөз болды. Димаш ағамның сөз саптауына, ойын еркін жеткізе алатынына риза болдым!

Блог - Tushtan: БЛОГКЕМП. ЖАЗҒЫ МЕКТЕП МАҒАН НЕ БЕРДІ?

«Ақпараттық соғыс» тақырыбын Аршат Ораз аға өз дәрежесінде ашып түсіндіріп берді. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, басындағы жағдай оқиға соңына қарай екінші жаққа ауытқып кетуінің мүмкіндігі мен оны сол жағдайға қандай жолмен жеткізуге болатынын ашық айтты. Кез келген уақытта әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратты салқынқандылықпен қабылдап, бірден оны талқыға салмай, аздаған уақыт күту қажеттігі айтылды.

«Журналистер мақала жазу барысында өз көзқарасы мен ұстанымын көрсетуге тиісті емес» деген Жалғас Ертай «Журналиске интернетте мақаланы қалай жазбау керек» екенін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, журналист тек ақпарат беру керек және ақпараттық материалдарда әдеби сөзбен асыра көркемдеудің қажеті жоқ екен.

Интернеттің, оның ішінде ютубтың күшімен қалай ақша табуға болатынын Ұлықбек Әлиакбарұлы мейлінше толық ашып түсіндірді. Каналды сауатты ашу, оны безендіру, дұрыс видео салу жайы сөз болды.

Бірінші күннің негізгі әңгімесі солар болды. Негізгі ресми бөлім аяқталған соң нағыз демалыс басталды! Суға түсу, тауға шығу, гитарамен ән салу, бильярд ойнау, би кеші, суретке түсу! Бәрі де болды! Бір үйдің баласындай бір дастархан басында отырып тамақтанудың өзі қандай ғанибет!

Аршат Ораз ағаның айтуынша, Блогкемп бірінші рет болыпты. Алдыңғылары Блогқұрылтай екен))). Жалпы формат өте жақсы! Сауат арттыру+демалыс! Спикерлерді тыңдап та, демалып та үлгердік! Жалыққан, өкінген жоқпыз. Мейлінше еркін болдық. Қатып қалған тәртіп, ресмилік бола қойған жоқ. Өзіме қатты ұнады. Келесі жолы мүмкіндік болып тұрса мұндай кездесулерден қалмаймын деп шештім.

БЛОГКЕМП. ЖАЗҒЫ МЕКТЕП маған біріншіден, жаңа достар тауып берді. Екіншіден, ғаламтор әлемінетереңірек сүңгуіме мүмкіндік берді. Үшіншіден, есте қалатын әсерлі демалыс сыйлады!
Бәрінен де бұрын, сендермен танысқаныма қуаныштымын, ДОСТАР!
Әрі қарай

Кіржиген көзқарас: Жайдарман, үшінші 1/4 ойын

Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман, үшінші 1/4 ойын
АЭСА, қысқасы. Бәзбіреулер секілді кеткен командаларды сөгуішлер қатарынан емеспін. Әрине, көрермендер үшін жақсы командалардың маусымда болғаны жақсырақ. Оның үстіне, бастаған нәрсені соңына дейін аяқтау уәжіп қой. Бірақ, не болса да, әрекет еріккеннен жасалмағаны түсінікті… Қысқасы, қандай жолмен екені маңызды емес, Жайдарманнан тағы бір түлектер ұшты, үлкен өмірге жоллдама ап кетті, кіржиіп, Медиум тілінше айтсам, ересек нан табуға да аяқ басты. Тоқетері, АЭСА-сыздықтағы ақырғы ширек финалда былай бастан өткердік…
Әрі қарай

Армангүл

Армангүл арман қуып Астанаға келді… Арман қуып деп етжүректі елжіретпей-ақ қояйық, негізі мақсаты — ел қатары жұмыс жасап, қол-аяғы сау жігіт кездессе тұрмысқа шығып кету. Ауылындағы жігіттердің бәрі ақсақ-тоқсақ екен деп ойлауыңыз да мүмкін. Ауылдағы алты бойдақ жігіттің ойында әзірге үйлену туралы ниет жоқ секілді. Ал, ол бойдақтардың есі кіргенше Армангүлдің қурап кететін түрі бар, әрине, ауыспалы мағынада. Анасының газет қиындысына жазып берген адресін таксиске ұстатып қойып, бөлесінің үйін іздеп келді. Пойыздан түскелі әсем қалаға ауызын ашып таңырқаумен келген оның тамағы әбден құрғап, шөлдей бастады. «Бөлешка шәй әзірлеп қойса...» деп ойлап та қояды іштей. Есік қоңырауын алты қайтара тызылдатып, есікті әрең аштырып алды. Бөлесі іш киімшең есікті айқара ашып жіберіп:
-Бағанадан бері түсімде Ботик звондап жатыр екен деп, өзімше болып телефонды алмай тұра тұрайыншы деп жатсам, сен екенсің ғой… – деп арғы бөлмеге өтіп кетті. Ешкім «Ішке кір» демесе де, әйтеуірі «Кет!» деген жоқ қой деп Армангүл де оның артынан ілесті. Буын бұрқыратып шай қайнатып қойып, шұрқырасып амандасып, апасын сағынғанын айтып көізне жас алып, аздап сыңсып ала ма деп ойлаған. Бөлесі жайрап жатқан төсектің ортасына гүмп ете түсті де, жоқ болып кетті. Бұл состиып әлі тұр. Қолындағы сөмкесін жерге қойып жатып, екеуі екі жақта жатқан биік өкшелі туфлиге аяғы тиіп кетіп, шойнаң етіп құлап түспесі бар ма…
-Тууу, шешін де қасыма жата тұршы… Қазір ұйқымды қандырып алғасын сөйлесеміз,-деді бөлесі.
«Жат десе жатайын...» Бір аяғын батысқа, бір аяғын шығысқа беріп жатқан бөлесінің қасында бұған ауысар орын да жоқ екен… «Ееее, жарайды, отыра тұрайын.»
Арада қанша уақыт өткені белгісіз, бөлесі ояна бастады. Әуелі есінеді, керілді. Содан соң телефонын қолына алды. Күбірлеп бірдемелерді оқыды да, өзінен өзі жымиды. «Дурак!» деді сосын дауысын әндете созып. Аяқ жақта шоқиып отырған бұған қарап қатты да қалды:
-Массаған, сен қашан келдің?
-Таңертең…
Есінеген күйі аузын жабуды ұмытып кетті ме, әлде ойланғандағы түрі сондай ма, ауызы аңырайып, ұзақ ойланып отырда да:
-Ааааа...-деді. Деген жоқ, ашық тұрған ауызынан дыбысты ауа шығара салды тек. Іш киімшең бөлмеден шығып кетті де, арада біршама уақыт өткеннен кейін іш қиімшең кері кірді бөлмеге:
-Кеттік, шай ішейік,-деді ме, демеді ме белгісіз, әйтеуірі басын есік жаққа қарай бұлғаң еткізе салды. Бөлесінің аты Тұраргүл, Армангүлден екі жас кішілігі бар, мектеп бітіре салысымен «Оқуға түсемін, юрист боламын!» деп үйіндегілердің мазасын алып, ақыры дегеніне жетіп, қалаға кетіп қалған. «Әй, юрист дегенің не?» деген шешесінің сұрағына: «Динараның апасының жұмысы сондай көрінеді, ақшаны қырып табады екен!» деген. Армангүл бөлесі таңдаған мамандықтың маңызын да түсінбеді, сұрамады да, ауылдағы жалғыз орыс Юрамен қандай байланысы бар екен деп іштей ойлаған да қойған. Тұраргүл десе тұраргүл, айтқанына тұрады.Ойлаған мақсатына жетті.
Келесі күні Тұраргүлге ілесіп Армангүл кетті жұмыс іздеп. Соңы жоқ ұзын кезекке тұрып, жұмысқа тіркелуге келді. Тұраргүлдің «Мұрыным қышып бара жатыр, самаурын салып келмесем» деп сыртқа шығып кеткені сол ғана еді, артта тұрған екі келіншек алдыңғы кезекке шығып алды. Армангүл тіршілік білдіріп, наразылық та таныта алмады. Үстінен ыстың иісі аңқып Тұраргүл келді де екі әйелдің алдамшы қуанышын су сепкендей басып айқай шығарды. Екі келіншектің бірі қандай сылтау айтарын білмей:
-Айналайын, айқайлама, жүрегім ауырады. Құлап қалсам сен жауап бересің!-деп сумкасынан «аспирин» дәрісінің қағазын жыртып, екі түймесін алып, екі ауызына лақтырып жіберді де тұра берді. Күтуден шаршады Армангүл. Кешкі сауынға келетін сиырларды күткені жанның рахаты екен. Таңертең тіркеліп, кешке жақын бір-ақ кірген есіктен Үміті сөніп шықты. Үмітінің ұзын бұрымы шорт кесіліп, шолтиған шашын артқа бір сілкіп тастап, бұған жалт қарап, жөніне кетті. Бұл да кетем деді ауылға.
-Астана әдемі екен…
Тұраргүлге келгелі айтқан жөнді сөзі осы болды.
-Жігіттері тіпті әдемі!
Армангүл ұяла жымиды.
-Кеттік. Үйге барамыз. Әдемі көйлек киеміз, боянамыз, ресторанға барамыз. Әдемі жігіт аулаймыз.
Армангүл үндемеді.
Шолтиған шашы сарыға боялған Үміті артына бұрылып, Армангүлге кері қарап тұр еді…
Әрі қарай

Түйебай

— Былай ғой...?- деді ұртындағы етті екі азуына кезек-кезек алмастыра отырып шайнаңдаған күйі. Шанышқыны ұстап, тәрекелкедегі қиярды аса өшпенділікпен қадап алды да, аузына асығыс лақтырып жібере қырш еткізіп бір тістеп, асқазанға қарай жөнелтіп жіберді.
— Былай ғой… Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе… Жаныңнан әлгі жырпылдаған қатындар да шықпайды, оңашада қалай кезіктірем деп жүр едім.
— Қатын емес, жап-жас қыздар ғой әлі жиырмаға толмаған.
— Қатын болмаса да болады да ертең-ақ… Ыыхыхыхых…
Селкілдей күлді. Аскөктің бір күлте жапырағы екі күрек тістің ортасынан орын тауыпты.
Айбике теріс айналды. Жүрегінің айнығанын басайын деп салқын су ішті. Стаканның жиегіне тиіп қалған далаптың ізіне Түйебай жұтынып қараған күйі сөзін кері жалғады:
— Әлгі сенің жаныңдағы қатындарды айтам да… Сенен әдемі емес ешқайсысы.
«Жағымпаздануын-ай шіркіннің!»
— Тамағың суып қалатын болды ғой, жемесең әкелші бері. Сендер адал тамақтың қадірін де білмейсіңдер осы. Қатындар сол ғой.
Тауықтың борбайын қашып кетердей бес саусағымен бүре ұстап алған күйі аузына апарды:
— Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе. Ұнатамын сені. Алдында сыйлығымды алған шығарсың?
Айбике еріксіз жымиды. Бір жұп түйе жүнінен тоқылған шұлық қырық екінші өлшемді аяқ киім киетін адамға арналып тоқылғаны көрініп тұр. Шамасы апасы Түйебайдың өзіне тоқып берсе керек.
— Алдым.
— Киіп ал. Аяғыңнан сыз өтеді.
Етсіз қалған тауықтық борбай сүйегін шаруаң бітті, енді не керегің бар дегендей салдырлатып тәрелкеге лақтырып жіберді:
— Үйленеміз! — деді сосын әй-шәй жоқ.
«Мәссаған, мынауың пысық қой!»
Айбике не айтарын білмей үнсіз қалып қойды. Үнсіздік келісім белгісі деп ұққандай Түйебайдың жүзі жадырап сала берді.
-Іштей маған ерекше қарайтыныңды сезіп жүрмін. Қыз бала ғой (қыз деген нәзік сөзді Түйебайдың аузынан бірінші рет естуі), сезімін жеткізуге бата алмай жүрген шығар деп өзім бастап отырған жайым бар.
Салмақты адамның кейпіне еніп, ойланып қалды. Тісін тазалап отырған шұқығышын мұрынына апарды да, тыжырынды. Тіс шұқығышын шертіп жіберді сосын. Көрші үстелдерге қарай бет алып тіс шұқығыш ұшып бара жатты.
Түйебай телефонын алып біраз әуреленді. Баданадай бармақтары екі-үш батырманы қатарынан басып кетіп, әлдекімнің нөмірін тере алмай ұзақ отырды.
-Иә, болды. Жарты сағаттан кейін,- телефонмен қысқа-нұсқа қайырып шаруасын да шешті.
Беті желге әбден тотығып, әжімдерінің ортасына ғана күн тимей ақ сызықтар орын алыпты. Әңгімесін кері жалғады:
-Бала кезден бірге өстік. Ағаң жоқ болса да, бар тентектен өзім қорғадым сені.
Айбике айтарға сөз таба алмады, айтып отырған шаруасының тіптен үйлеспейтінін, күйеуге тиетін, соның ішінде Түйебайдың өзіне тиетін ойы мүлдем жоқ екенін қалай жеткізерін білмей әбден састы. «Жарты сағат шыдайын, осыдан кеткесін сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!».
«Апаң сәлем айтып жатыр, апаң ет беріп жіберіп еді, апаң қызымның жағдайы қалай деп сұрап жатыр» деп жатақхананы жағалап жүрген Түйебаймен оңаша кешкі ас ішуге қалғанда, мынадай ғаламдық маңызы бар әңгіме естимін деп ойлап па бұл Айбике?
-Түйебай аға, ұзақ отырдық қой. Мен қайтайын.
-Қызымды қараңғыда жалғыз жіберіп қойдың деп апаң ұрсып жүрер. Жатақханаңа зу еткізіп жеткізіп тастайын. Жиен машинасымен күтіп тұр сыртта.
Тез құтылудың қамын ойлап Айбике басын изеді. «Енді сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!» деді сыбырлап. Түйебай жалғанды жалпағынан басып, талтаңдап сыртқа шығып бара жатыр. «Есеп айырыспайсыз ба, аға?» деп дызақтаған даяшы қыздың қолына бес мыңдықты ұстатып жатып:
-Артығы керек емес. Сендер де бір тойыныңдар менің тойымда,- деп ырқылдай күлді. «Тойымда» деген сөзді ерекше әндете айтты. Машинаға отыра салысымен:
-Ал, жиенбай, бас жатақханаға!- деді де тағы да себепсіз күлді.
Жаңбыр сіркірей бастаған жалтыр асфальтті қақ жарып, машина зулай жөнелді. Айналма көшемен бірден қаланың сыртына қарай бұрылды. Өз ауылынан қатынайтын көк автобустың жолына түскенде Айбике бажылдады, еңіреді, өкірді. Түйебайдың қарулы қолы оның нәп-нәзік иығын қаусыра құшақтап, тыпырлатпады.
-Тентек болма, болды,- деп ырқылдай күлді тағы. Алдағы қарсы келе жатқан машинаның жарығы шағылысқан Түйебайдың жүзіне көзі түсті. Әлі аскөк жапырағы қыстырулы тұрған тістерін көрсетіп ырсылдай күліп келе жатыр екен.
Әрі қарай

Кіржиген көзқарас: Жайдарман, екінші 1/4 ойын

Екінші күнде де ғимаратқа кірудегі іркілістер жалғасты. Әдеттегідей, уақытынан қазақтарша кеш басталды.
Алдыңғы шолулардан байқағаным — ең терең, түбір-қобырымен талдайтыным — сәлемдесу екен. Әр әзілді шайнауға тырысу тек осы сайысқа тән. Ол заңды да шығар, себебі, бұл сайыста әр кезекті минатюра, элемент, қозғалыс — күлкілі болуы керек. Есесіне, фристайлдық, еркіндік бар. Ал соңғы сайыстар әдетте өзі тұтас бір нөмір болады. Деп өзім түйіп отырмын.
Әлқисса, өткен шолуымды қарасам, біршама мейірімді болған сияқтымын. Бұл қателік енді қайталанбайды.
Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман, екінші 1/4 ойын
Сәлемдесуді Күлкі терапиясы, Қарағанды бастады. Сап, тізбек. Кененнің «Көкшолағы» жайлы бастапқы нөмір — қызық, бірақ бәрібір ағартушылық функциясы басым. Былай-былай енді, болады. "...Әннің тарихын жақсы білетін КТ" — типі тарих маусымына байланыстыру, әйтеуір үйтіп-бүйтіп әкеп телу. Қайықтың үстінде — біршама тапқыр. Бидің ырымын жасады — мен жымидым. Бірақ кей фронтмендердің қимыл қораштығына. Өй, қойш… :)
Әрі қарай

Жоғары Оқу Орындарындағы сыбайлас жемқорлық туралы 10 дерек

2014 жылы «Нұр Отан» партиясының «StopҚылмыс» жобасы аясында «Жас Отан» Жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау мақсатында «Таза сессия» атты акция өткізді. Акция барысында 26/05 — 10/06 аралығында еліміздің 14 облысы және Астана, Алматы қалаларындағы студенттердің қатысуымен аноним сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижесі бойынша қатысушылардың 90 пайызы ЖОО-да жемқорлықпен таныс екендерін айтқан.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша партия 2015 – 2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасына Жоғары оқу орындарының сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша жария рейтингін шығарып отыру енгізілді.

Антикоррупция: Жоғары Оқу Орындарындағы сыбайлас жемқорлық туралы 10 дерек

Сауалнамаға еліміздің 62 ЖОО-нан 1200 адам қатысты. Оның 47% еркек, 53% әйел жынысты.

Сауалнамаға қатысушылардың орташа жасы 20 жас. Қатысушылардың 93,4% бакалавриатта, 5,2% — магистратурада, 1,4% — докторантурада білім алады.

Респонденттердің 40% грантта, ал 60% коммерциялық негізде оқиды.

Бір ЖОО-да 12 мың теңгеге бір сабақты шешуге болатын болса, кейбір ЖОО-да бұл сомаға сессияны түгелімен жабуға болады.

Жалпы, республика бойынша сессияны тапсырудың орташа құны 29 000 теңге. Бір сабақ бойынша проблеманы шешу құны шамамен 5000 теңге.

Курстық жұмысты сатып алудың орташа бағасы шамамен 13 000 теңгені құрайды. Ал ең арзан нұсқалары 2000-3000 теңгеден сатылады.

Республика бойынша дипломдық жұмыстардың орташа бағасы 60 000 теңге. Ең арзандарын 30 000 теңгеге сатып алуға болады. Басқа қаладан келгендер үшін жатақханадан орын алу көкейтесті мәселе. Бұл проблеманы шешудің құны орташа есеппен 15 000 теңгені құрады.

ЖОО-дағы парақорлықтың тағы бір түрі ақылы негізден грант бөліміне ауысу. Білім алудың ақылы формасынан грантқа ауысудың құны 500 000, кей аймақтарда бұл сома 100 000 теңгені құрайды. Орташа есеппен грантқа ауысу құны 250 000 теңге.

Парақорлықтың тағы бір кең тараған түрі – әскери кафедраға түсу және оқу. Бұл үшін орташа есеппен 500 000 теңге төлеуіңіз қажет.

Студенттердің пікірінше ЖОО жемқорлықтың негізгі себептері:
  • студенттердің оқуға қызығушылығының болмауы (20,8%);
  • бақылаудың болмауы (18,3%);
  • оқытушылар құрамының жалақысының төмендігі (17,3%);
  • кәсіпқойлық деңгейінің төмендігі (12,6%)

Жемқорлық негізінен мына кезеңдерде кездеседі:
  • рейтинг және емтихандар кезінде (21,1%);
  • сабаққа қатыспау (9,4%);
  • курстық және дипломдық жұмыстарды тапсыру (6,4%).

P.S. Аталған акция дәстүрлі түрде биылғы жылы да өз жалғасын тауып, барлық аймақтардың оқу орындарында өткізіліп, қазіргі таңда деректер өңделу үстінде.
Әрі қарай

"Ақындардан" жеріну

-Арқалы ақын… Ақыраған ақын… Сонаааааау Атыраудан келген арда ақынымыз Итбай!-деп сампылдап тұрған асаба жігіттің сөзін аяқтатпастан қолындағы микрофонын жұлып алған күйі Ақын шықты ортаға арқаланып. Айналасын шөп басқан айдын көлге ұқсайды екен басы… Шаш атаулыдан ада болған төбе мейрамхана шамдарына шағылысады. Жұдырықты түйіп алып, жерді теуіп тұрып ұзын сонар дастан оқыды. Тойға жиналған қауым жалыға бастады. Шетте отырған Елтай қалғып кетіп, кері оянып еді, Итбай әлі сөйлеп тұр. Әйелдер жағы өзара әңгімеге көшкен. Музыкант жігіт құлаққабын киіп алып, өз рахатын өзі сезініп отыр. Арақты сүйетін ақжүрек бажалар өздері кішігірім орта құрып алған. Шетте жалғыз мөлиіп Орынгүл ғана тыңдап отыр ақынды. «Өлең түсінбейтін бейшаралар!» деп сөкті іштей өзгелерді. Бірақ өзі де нақты нені түсінгенін білмейді. Ақын ақыраған сайын бойын діріл билеп, көзі жасаурап, қолының, сирақтарының балапан түктері үрпиіп барып басылады (қолтығын қысып отыр).
Өзінің ойынша Орынгүл өлең үшін жаралған. Бала кезінен апасынан бастап, көрші-көлем, ұстаз, ағайын туысқан, ең ақырғысы тауық қорада жаңа туылған жұмыртқаға да өлең шығарған. Жұмыртқаға арнап шығарған өлеңі «Өмір» деп аталады:
Ей, тас жұмыртқа, сенде де өмір бар.
Өмірді казірден бастап көріп ал.
Қазір-ақ таспен жарып тастасам біттің ғой,
Мына өмірді көрместен блинчик болып кеттің ғой… деп басталатын өлеңі өзінің ойынша шедевр.
Көзін ақыннан алмады. Ортаға шығып бұл да бір-екі өлеңін оқығысы келді де, алайда ішіп отырған ағасынан ығысты.
Сонымен не керек, қандай жолмен тіл табысқаны белгісіз, ақынмен танысып та үлгерді. Тері шыпшып сыртына шыққан шыт көйлегінің қалтасынан Итбай визиткасын алып, Орынгүлге ұстатты. Визиткасы дымқылданып қалған екен, Орынгүл бетіне басты.
Қаланың асфальтіне табаны тиісімен Итбай ақынды іздеді. Он бір ойланып, тоқсан тоғыз рет толғанып отырып хабарласты ақыры. Итбай жетіп келді. Кредитке алған қара «14» машинасына Орынгүлді отырғызып алып, селкілдетіп Жайықтың жағасына алып келді.
-Өлең оқы, ақын қыз!-деді.
Орынгүл телефонынан «Көңіл толқыны» әуенін жіберді де, аса бір қайғылы кейіппен «Өмір» атты өлеңін оқыды.
Итбай ойланып отырып:
-Өлең жаман емес. Бастысы сенде жүрек бар. Өлеңнің не екенін білесің. Қара борбай халық оны да түсінбейді. Біз адамдардың ең жоғары сатысымыз!-дегенде Орынгүл елжіреп, көзіне жас келді. Жылауға батпады, көзіне жағылған сүрмесі ағып кетіп, албасты түрімнен Итбай шошып кетер деді.
-Мына ағаң тегін адам емес. Сенде батылдық бар, жүрек бар, ең бастысы ақынсың! Мен сені әлемге әйгілі етем. Газетке берем, бүкіл ел мойындайтын ақын боласың!-дегенде Орынгүл ақыры шыдай алмады, көздің жасына ерік берді. Итбай телефонын шұқылап отырып:
-Мына ғалым ағаңды танисың ба? Іііі… Мына жазушыны ше? Теледидардан көретін мына ақынды ше?-деп бүкіл аты мәшһүр тұлғалардың телефон нөмірі сақталған тізімнен көрсетіп шықты.
-Іііі… танысаң сол. Мен бәрімен хабарласып тұрамын. Жолыңды ашамын. Менің бір ауыз сөзім. Бізде жүрек бар. Сүйе аламыз. Ғашық бола аламыз… Ал, өзге қараборбай халық… Иә, қойшы соларды…
Орынгүлдің көз алдынан өзінің теледидардан сұхбат беріп отырған сәті жылт етіп елестеп кетті. Атақты болғанда былай деп сұхбат берем деп бұрыннан іштей дайындалушы еді. «Ақындық жолға түсірген, осы жолға баулыған ардақты адамдарыңыз бар ма?» деген сұраққа бастауыш сыныптағы мұғалімін айтамын деп ойлаушы еді. Ол ойынан айнып қалды. Дәл алдында асқар таудай болып Итбай отыр емес пе?
-Ертең газетке өлеңіңді береміз! Сағат үште дайын бол!-деп қоштаса бере: — аузыңнан сүйейінші,- деді. Ерін деген жоқ, аузыңнан деді! Ақындардың өжеттілігі осы шығар деп ойлады Орынгүл. Кеудесінен кері итеретін дәрмен жоқ, Ақынға бәрі жарасатындай көрінді. Ең бастысы оларда жүрек бар, сезім бар. Көзін жұмды. Бетіне тақала бере Итбайдың басындағы бас киімінің күнқағары бұның маңдайын тіреп қалып, ығысып кетті де, айнадай жылтыр таз басынан жиналып қалған қайызғақ тектес қаспақтар бетіне шыбын қонғандай әсер қалдырып, жауып жатты. Ақынға бәрі жарасады.
Ертеңгі сағат үште кездесті. Итбайдың артынан ілескен иттей болып зәулім ғимаратқа келді. Ішке кіріп кетіп біреулермен сөйлесіп болғасын бұны шақырды:
-Бұлақтың көзін ашайық! Таланттардың самғауына жәрдемдесейік,-деп газет редакторына аса тебіренсіпен сөзін жеткізді Итбай. Редактор адам көңілін қалдырмайтын ақкөңіл жан екен, өлеңді оқып алып, аздап жымиды да:
-Келтіреміз ғой жайлап,-деп басын шұлғып келіскендей болды.
Ғимараттан шыға салысымен Итбайда бұрын байқалмаған маңғаздық, көкірек пайда болды:
-Ағаң тегін емес дедім бе, дедім. Өлеңіңді өткіземін дедім бе, дедім. Енді сен де менің айтқанымды орындасаң, ертең теледидардағы бағдарламаға шақырту жіберткіземін. Асыл тастың су түбінде жатпайтынын дәлелдейміз,-деді.
Аспан өртеніп жерге түсердей аптап ыстықта өртенердей болып тұрған қара машинаға мінген екеу көпқабатты үйдің алдына тоқтады. Міңгірлеп отырып Итбай сезімін білдірді. Орынгүлдің түріне емес ең алдымен талантына бас игенін, ұнатып қалғанын, қазір бейшара күйге түскенін жеткізді. Сөздерінің арасына Мұқағалидың өлеңдері де Итбайға телініп, шарасыз күйде кетіп жатты.
Екеуі үйге кірді. Темекінің иісі әбден сіңген үйдің төсегі көптен жуылмаса керек, гүлді түрі көзге белгісіз түске боялыпты. Түгі жыпырайған кір-кір кілемнің үстінде 42 өлшемді крассовканың ізі жатыр. Асығыс біреу кіріп кетсе керек, шамасы.
Жан-жағын барлап үлгермей жатып Итбайдың құшағында кете барды. Бір кезде көзін ашса аса ауыр салмақтағы Итбайдың астында ақ бөлкедей иленіп жатыр екен. Аюдай ақыраған Итбайда ес жоқ. Екі көзі тарс жұмық, өн бойын тер басқан. Бір кезде ғана барып сылқ етіп аунап түсті. Мұрынына қолаңсаның ашқылтым иісі келіп, есін жиғызды Орынгүлдің. Төбеге қарап еді, бір жағы сынған люстраның сымдары шығып, үзілейін деп тұр екен. «Осыны ілмесе де ренжімес едік» деп ойлады іштей.
Газетке басылған өлеңін көріп, іштей күліп алды. «Өмір» деген тақырыбы ғана бар, бірақ мүлде өзге өлең, бірақ авторы Орынгүл деп жазылған. Ақкөңіл редактор бұлардың көңілін жықпай, өлеңді өңдеген екен. «Ақыны да, өлеңі де құрысын!» деді. Ақын деген сөзді естісе көз алдына сынық люстра елестеп, мұрынына қолаңсаның иісі келетін болды.
Әрі қарай

Полковниктің қызы

Блог - Arys_arlany: Полковниктің қызы
Ол жігітпен бірнеше мәрте сапарлас болдым. Бір сапарында «полковниктің» қызымен қалай танысқаны жөнінде айтып беріп еді.
— Үйдегілер үйлен деп қоймаған соң, агент арқылы қыздармен көптеп таныса бастадым — деп бастады әңгімесін, — содан күнара бір қызды кездесуге шақырып, машинаммен қала алып шығып, қыдыртып, отбасы, өзі туралы сұрап, таңдай бастадым. Өзімнің бала кезден ішкі істер саласына қызметке орналасып, үлкеееен азамат болсам деген арманым бар еді. Содан танысқан қыздармен әңгіме барысында папаң қайда жұмыс жасайды? Қазіргі қызметі қандай деген сұрақтардан ол қызбен қарым қатынасымның болашақтағы қадамдары шешіле бастайтын. Бастапқы кезеңдерде кездескен қыздардың көпшілігімен қарым қатынас тез үзіле берді, өйткені олардың папасы мілитса болып жұмыс жасамайтын еді. Содан үмітсіз шайтан деп жүріп, бір күні бір қызбен кездесудің сәті түсті. Екеуміздің әңгімеміз тез жарасып, біраз уақыт жүріп қалдық, содан үйіне шығарып саларда: папаң қайда жұмыс жасайды?- деп сұрай қалған едім, " ішкі істер органында" деп жауап қатқанда іштей қуаныштан қолым көкке екі елі жетпей қалды. Жолда келе жатып, папасының жас шамасына қарай қызметтік шені кем деген «подполковник» болар, отбасын құрып, бірер уақыт күтсем «полковник» болып қалар деп сол аңнан олжалы қайтқан аңшыдай көңілім тоқ қайтты. Содан ертесі күні кешті зорға батырып, әлгі «подполковниктің» қызына асықтым. Бүгін бұл қызға ойымды білдірейін деп кешкі ас ішуге кафеге отырғыздым. Кафеден шығып, үйіне келе жатып, жолда «папаңның званиесі қандай?» деп сұрай қалып едім, «старший сержант» деп жауап бергенде басымнан біреу қойып қалғандай әсер алдым. Кешегі бүкір арман жоспарымның күлі көкке ұшып, «полковниіктің» күйеу баласы деген атпен біржолата қош айтыстым солай — деп әңгімесін аяқтап еді.
пысы: Содан оны естіп алған мен біраз уақыт әлгі жолдасымды келеке етіп жүрдім. Оданда сразу полковникке тиіп алмайсың ба? Папасы полковник қыздың саған не керегі бар? Әлде жарқыраған погон үшін арыңды да, адамгершілігіңді айырбастай саласың ба деп. Ия, өмір біз ойлағаннан да бұралаңдау.
Әрі қарай

«Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін

PhD мемуарлары: «Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін

Ресейлік «Титан» компаниялар тобының басшысы Михаил Сутягинский «Ведомости» газетіндегі сұхбатында топ қазақстандық компаниялармен альянсқа қайта дайын екендігін айтыпты.

Ол кім тағы дейсіз бе? Бір кездері елімізде салтанатты түрде Ресеймен бірлесе ашылған «Силициум-Казахстан» кремний зауытының басшысы. Тіпті «Силициум-Казахстан» 2010-жылы ең жоғары сапалы кремний өніміне қол жеткізген көрінеді. Бірақ аталмыш зауыт қалай салтанатты ашылса, солай тып-тыныш жабылыпты-мыс. Енді Сутягинский сол тірлікті қайта жандандырғысы келіп отырған сыңайлы. Ол жақсы ма, жаман ба, әзірге белгісіз.

PhD мемуарлары: «Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін

Михаил Сутягинский «Ресей мен Қазақстан – ынтымақтас мемлекеттер, олар бірнеше мемлекетаралық бірлестіктерде бірге жұмыс істеп отыр. Кремний секілді стратегиялық өнімді бірге өндіру жай пайда немесе табыстың мәселесі емес. Бұл сонымен қоса ұлттық мүдде мен қауіпсіздік мәселесі» деген екен. Сонымен қатар Ресей әзірге кремний өндірісінен көшбасшы болып отырған «қысықкөздерге» тәуелді болғысы келмейтіні анық ;)
«Екі оттың ортасында біз отырмыз», деп әлгі жерде саясат соғып кетсем, ә))) Қой құрысын, нем бар саясатта.

PhD мемуарлары: «Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін
Қауіпсіздік мәселесі, шынында, өте маңызды мәселе. 2011 жылы Факультетімізге Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (Фримонт қ., АҚШ) профессор Т.Т.Палташев «Кристаллдардағы жүйелер» курсынан дәріс оқығанда айтқан ең басты ойы – «кез-келген мемлекет әскери және жалпы инфраструктурада пайдаланылатын электроника, цифрлық техниканы әр мемлекет өз ішінен өндіру керек деген болатын. Себебі алда-жалда қауіп төне қалса, өзге елдің цифрлық құрылғысына жай ғана «әмір» жүрмей қалуы ықтималдығы бар. Өзге елден алынған қарапайым бағдаршамның өзі ол елмен қарым-қатынас нашарласа, басқаруға көнбей кетуі мүмкін. Ал электрониканың маңызды шикізаты – кремний екені екібастан. Оны өзімізден ең болмаса өндіру — қауіпсіздікті біртабан арттыру деген сөз. Ал елдегі электроника өндірісін дамыту үнемі күн тәртібінде тұру керек деп ойлаймын.
Әрі қарай