Пәтеріңді тонаудан қорға

2015 жылы жазда жақсылап тоналған соң бұл мәселеге ерекше мән беретіндердің бірімін. Супержүйе, ақылды үй орнаттым деп айтпаймын, әйтеуір, тоналудың алдын-алуға көмектесетін қарекеттер жасаудың о жақ, бұ жағы. Өзім қабылдаған және/немесе оқып білген сақтық шаралары мен профилактика жұмыстарын айта отырайын, мүмкін біреуге көмегі тиіп қалар.

Пәтерің тоналды ма? Ұры табылып, тиісті жазасын алатыны туралы, шығындарыңды қалыпқа келтіретің туралы армандамай-ақ қой. Бірақ полицей шақыру қажет — оларда тоналу статистикасы жасалады, ал ашылмаған қылмыс олардың жұмысы үшін минус екені белгілі. Дей тұрғанмен, полиция пәтер тоналу жағдайын ұсақ-түйек деп қарайды, сәйкесінше тергеу жүргізбейді, ұрыға іздеу салмайды. Олар мәселені қалай шешеді? Кездейсоқ қолға түсіп қалған қылмыскерге сол аудандағы фактілердің бәрін мойнына іліп жібереді, болды.

Сондықтан ешкімнен көмек күтпей бәрін өз қолыңа ал. Алдын-алу шараларын жүргіз.

Құлып
Мен тоналғаннан кейін бірден сенімді кілт іздей бастадым. Әлгі есікпен бірге келетін стандарт құлыпты ашу «шессекунт» екен. Сондықтан «штаттық» құлыптарды алып тастасаң да болады. Негізі бір есікте кем дегенде екі кілт болу керек дейді. Менің есігімде екеу — біреуі өзінікі, біреуін бөлек орнатқам (суретте: сол жақта стандартты құлыптың ашары, оң жақта «Меттэм» деген брендпен шығатын құлыптыкі).
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Ұзын ашары бар құлыптарды аша алмайды деп ойлап қалма. Ашылмайтын құлып жоқ дейді халықта. Тек күрделі болған сайын ұры да шаршай бастайды, сақтық шараларын ұмытады, тықырлап-шылдырлап көршілердің назарын өзіне аударуы мүмкін.

«Меттэм» типтес құлыптың бір кемшілігі — кілтін жоғалтып алсаң есікті бұзуға туралы келеді. Есікке зақым келтірмей, отверткамен, басқа да құралдармен бұрап ашу мүмкіндігі төмен.

Айтпақшы, құлыптар нарығында ресейлік «Берьер» брендін мақтайды. Механизмдері күрделі, бұзып ашу, көшірмесін жасау мүлдем мүмкін емес дейді. Бағасы да сәйкесінше, 40-50 мың теңге тұрады.

Есік-терезе
Кілтім сенімді екен деп есікті де естен шығаруға болмайды. Бір тепкенде ашылып кететін жеңіл есік орнатсаң кілттеріңнен пайда жоқ. Есіктің материалы қатты металлдан болуы керек. Ақшаң жетсе екеуін орнатып таста. Ұрылар әдетте бір есікті ашуға 5-10 минут жұмсайды. Ал одан ұзаққа созылып кетсе тәуекелге барып жатпайды, құрысыншы деп кетіп қалу мүмкіндігі жоғары. Есіктің екеуі де сыртқа ашылған дұрыс, ішке ашылса — бір теуіп кіре салады.
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Терезелердің ашылатын бөліктері адам сыймайтындай тар болғаны дұрыс. Әрине, бірінші кезекті әйнек пен жақтаудың беріктігі. Бір жаққа шыққанда терезелердің міндетті түрде жауып кет. Жоғарғы қабатта тұрам деп мақтанба, төбеден арқанмен түскен фактілер бар.

Блеф үркітулер
Ұрылар назар аударатын нәрселер бар: үйде адамдардың болуы, пәтердің күзет органдарымен қорғалуы, т.б… Яғни үйің немесе пәтерің қараусыз қалмағанын көрсетуің керек. Ол үшін сыртқы есікке танымал күзет фирмасының логосын жабыстырып қоюға болады (типі, бұл үйге «Сақшы» күзет фирмасы қызмет көрсетеді, телефон: ...). Әрине, эффектісі жоққа жақын. Бірақ өмірінде күзеттен қашып көрген адам болса, әлгі жапсырма қағазды көргеннен кейін ойланып қалуы мүмкін.

ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Дәлізде радио, музыкалық плеер секілді, әйтеуір дыбыс шығарып тұратын аппарат жұмыс істеп тұрғаны дұрыс. Сырттан келген адам үйде кісі бар деп ойлап қалсын.

Есіктің жоғарғы жағына камера орнатып қой. Қазір ешбір техникалық қызмет көрсетуді қажет етпейтін автономды камералар бар, солардың бірін сатып алсаң болады. Олардың жазбалары әдетте компьютерге немесе смартфонға келіп түседі. Дұрысы, әрине, бір фирманың көмегіне жүгініп сигнализация орнату. Бірақ бәрінде бірдей ондай мүмкіндік бола бермейді ғой. Шын камераға ақшаңды қимасаң муляж камералар сатып алуға болады, 2-3 мың теңге тұрады. Олар ештеңені түсірмейді, жай ойыншық қана. Бірақ сыртқы түріне қарап муляж екенін біле алмайсың.

Осы кезге дейін таныстарымнан небір тонау оқиғаларын естідім. Бәрінде дерлік ірі сомада ақша қолды болған. Үйде ешқашан ақша сақтама. Алысқа жол жүрсең бағалы заттарыңды табылмайтындай етіп жасырып кет, не сенімді біреулерге тапсырып кет.

Ең бастысы — үйдің сырын көршілеріңе айтпа. Әдетте ұрыларға хабар жеткізіп тұратын жансыз — өз көршің болып шығады.
Әрі қарай

"SuperТой" - супер кино!

Кеше киноның алдын ала көрсетілімі болады деген соң бардым. Біреу біреуге, ол біреу Аршатқа, Аршат маған айтты. Шынын айтсам құрдастың көңілін қалдырмаймын деп бара салдым. «Е, құдай, біздікілер не түсіреді дейсің?» деген ой басым болды. Қателесіппін.

Киностан: SuperТой - супер кино!
Әрі қарай

Super Той – Super Ғой!

Киностан: Super Той – Super Ғой!
SuperТой фильмі таза пародия фильм. Техникалық тұрғыдан да бірнеше фильмге пародия байқауға болады, ал жалпы тұтастай алғанда біздің қоғамға пародия. Қоғамға, адам қатынастарына, түрлі әлеуметтік статустарға, дәстүрлерге пародия. Бәз біреулерге бұл ұнамауы мүмкін, негізінде ұлтшыл бағытта түсірілген «Келинка Сабинаны» түсінбегендер бұл фильмді де түсінбеуі мүмкін. Қазақты қорлау, салт-дәстүрді сыйламау сияқты сынға ұшырауын да күтемін. Дегенмен, түсінген адамға фильмдегі әр диалог өте жіңішке әзіл болып берілген. Басынан соңына дейін қыран-топан күлкі гарантия.

Нағыз қазақы комедия. Қазіргі қазақ қоғамы, қазіргі мәселелер, қазіргі әлеуметтік топтар, қазіргі таныс жағдайлар. Бұл фильмде шынымен бәрін көруге болады. Күлкі арқылы елдегі мәселелерді де көрсете алған. Мысалы көпбалалылардың баспана мәселесі, харакири арқылы тіл мәселесі, полиция-қылмыскер қатынастары, мәдени зиялылардың да қазақы понттары, желідегі лайкомания, банктен кредит мәселесі, той-бизнестегі дилетанттар сәтті әжуаланған. Маған фильмнің осы идеясы ұнады. Бұл жағынан сценаристерін құттықтау керек.

Актерлар құрамы да жақсы таңдалған. Сценаристердің идеясын жас актерлар жақсы жеткізе алды деп ойлаймын. Вайнер Нұрлан үшін де сәтті дебют болған сияқты, өз образын жақсы алып шықты.

Саундтректері де керемет. «Эй, лапылда» әні арқылы Назарбек жалпы бұл фильмді алдын ала жақсы жарнамалап болды. Оған кейін Ru-Me-дің тамаша музыкасы қосылды. Продюсерлер музыка бойынша жақсы таңдау жасаған.

Жалпы түсірілімі де сауатты шыққан. Соңғы кезде шыға бастаған қазақстандық фильмдер тек үкімет ақшасына ғана емес, инвесторлар арқылы да фильм түсіріп, касса жинауға болатынын дәлелдеп келе жатыр. Бұл жақсы үрдіс. Қазақ киносы үшін қуануға болады бұл тұрғыда. Сол тізбектің бір жалғасы деуге болады «SuperТой» фильмін.

Күлуі қиын мен сияқты адамды күлдіре алған болса – фильмді сәтті комедия деуге әбден болады. ;)




P.S қыздың боксшы ағасының образы кімге пародия?
Киностан: Super Той – Super Ғой!
Әрі қарай

Өнер-білім бар жұрттар...

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде білім беру жүйесіндегі реформаларға қатысты әңгіме көбейіп кеткен соң ба, Білім және ғылым министрі бір топ блогерлермен кездесуге ұсыныс жасады. Келістік. Бардық. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытында гаджет, смартфон ұстауға тыйым салатын заңнаманың күшіне енуіне байланысты кездесуге «қару-жарақтарымызбен» кіре алмадық. Сондықтан министр Ерлан Сағадиев мырза айтқан сөздерінің есімде қалғанын, көкейіме қонғанын баяндайын.

Блог - Basic: Өнер-білім бар жұрттар...

Реформа не үшін қажет?
Қазақстандық мектеп оқушылары еуропалық қатарластарынан екі жылға кенже қалған. Бұл PISA (Programme for International Student Assessment) мектеп оқушыларының білім деңгейін бағалайтын халықаралық бағдарлама қорытындысы. Яғни сіздің 8-сынып оқитын балалардыңыздың білімі Еуропалық 6-сынып оқушысының білім деңгейінде. Бұған әсер ететін факторлар әрине көп, бірақ бастысы тіл. Ғылым қазір күн сайын қарыштап дамуда. Ғылым тілі ағылшын тілі екені белгілі. Онда ол ақпарат ағынын аударуға тырысу мүмкін емес. Осы орайда Ерлан Кенжеғалиұлының TEDxте сөйлеген сөзі есіме түсті. Көрмесеңіз, көруге кеңес беремін. Жалпы аудармаға қатысты, тағы бір мәселе — терминдер. Егер қазақ тілін музей экспонаты сияқты сақтағымыз келсе еркіміз. Бірақ біз тілді қолдануымыз, модернизациялауымыз, дамытуымыз қажет. Түсініксіз аудармадан гөрі, түсінікті «кірме» сөздер артық. Мысалы, медициналық оқулықтағы 30 мың сөздің аудармасы жоқ екен. Егер сол сөздерді түгелімен қазақшаға аударар болсақ, мен осы кітаппен оқыған дәрігерге қаралғанша, шетелде емделе берер едім.

Блог - Basic: Өнер-білім бар жұрттар...

STEAM білім беру
STEAM (S – science, T – technology, E – engineering, A – art, M – mathematics) қазіргі кезде әлемге ең қажетті пәндер. АҚШ, Малайзиядағы білім беру реформасы мен экономикасының бәсекелестігін арттырудың синонимі осы STEAM білім беру болады. Қазақстандағы реформа (реформа деу артығырақ, бұл жобаның әзірленіп, қолға алынғанына біраз жыл) бойынша информатика, химия, физика және биология пәндері ағылшын тілінде оқытылмақ. Дәлірек айтқанда, оқулықтар ағылшын тілінде болады. Ал оқытушы өз ыңғайына қарай қалаған тілінде түсіндіруге құқылы. Информатикадағы терминдердің дерлігі ағылшын тілінде екенін ескерсек, бұл логикалық дұрыс шешім деуге болады. Осы өзгерістер бір күн, бір жылда емес, кезеңмен жүзеге асырылады. Алдымен 2017 оқу жылында информатика пәні ағылшын тіліне өтеді. Қалған пәндер 2020 жылға дейін біртіндеп көшіріледі. Кадр мәселесіне келетін болсақ, ниеті, бейімі бар мамандар жазғы демалыс кезінде ағылшын тілін үйренеді. Қазірдің өзінде ҚТЛ, Назарбаев мектебінің оқытушы, оқушылары волонтерлік негізде жұмыс жасауға тілек білдіріп отыр.

Өзгенің қаңсығын таңсық қылып...
«Менің Өзбекстанға бірнеше рет сапарым түсті. Тарихы, мәдени жәдігерлері бай ел. Бірақ ол жаққа тағы барғым келмес еді. Себебі кедей халық, төмен тұрмыс деңгейі, жоқшылық. Ал салыстырмалы түрде Азиядағы елдер — Корея мен Жапонияға қанша барсам да қызық. Мәселе мәдениетте емес. Өмір сүру деңгейінде, тұрмыс-тіршілігінде. Өз еліңнің экономикасы, білім-ғылымы, әлеуеті жоғары болса, жастарымыз сакураға тамсанып, кәріс сериялдарын тамашалап, Америка арманы туралы қиялдайды деп ойламаймын. Бай ел әлемді тамсантатын мифті қолдан болса да жасап ала алады».

Блог - Basic: Өнер-білім бар жұрттар...

Ауыл баласының зоотехник болуы шарт емес
Ауыл және қала баласының арасы алшақ. Білім деңгейі әртүрлі. Қазір не үшін ауылдарға интернет тартып әлек болып жүрміз? Уақытын қызықты өткізуі үшін емес, тең мүмкіндік алсын деп. Мектептерде ағылшын тілі енгізілсе, біздің оқушылардың білім көкжиегі де кеңейеді. Ауыл мектебінің түлегі Каир, Кембридж, Оксфорд университеттерінің есігін именбей ашсын десек, ағылшын тілі пәнін енгізу қажет. Тіпті француз тілі 16 мемлекеттің ресми тілі бола тұрса да, француздар 1-сыныптан бастап ағылшын тілі пәнін енгізді. Бұл ұлтының тілін кемсіту емес, болашағын ойлау.

ЖОО туралы бірер сөз
Жоғарғы оқу орындарындағы профессор-оқытушылардың ғылыми дәрежесі мәселесіне келсек. Қазіргі кезде жасы келіп қартайса да, білім берудегі басшылықты уысынан шығарғысы келмейтін профессорлар барын білем. Барлығы емес, кейбірі кәсіби құндылығын жоғалтқан. Сонда да кафедра меңгерушілігіне таласу, өз адамдарын жинау сияқты жоғары білім сапасын кері тартатын әрекеттер жасайды. Бұл оқу процесіне, сапалы мамандар даярлауға кесірін тигізеді. Сондықтан қазір оқытушылар құрамындағы ғылыми дәреже көрсеткішін аздап өзгерту керек. Зейнет жасындағы, кәсіби тұрғыда деңгейі төмендеген профессорларды шығарып салатын кез келді. Штаттық құрамның 30% — PhD докторлар, 60% — магистрлер, қалған 10% — кәсіби практиктер (өз саласында кемінде 2-3 жыл басшылық қызмет атқарған) болғаны жөн.

P.S. Негізі айтқан уәждері осы. Айтпақшы, елді қол жинатып, «жаға ұстатқан» реформалар туралы бірер сөз. Жазғы демалыстың ұзартылуы:
1-сынып оқушыларының жазғы демалысы небәрі 5 күнге кемиді.
Орта және жоғары сынып оқушыларінікі бар болғаны 10 күнге қысқарады.

Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде оқытылатын пәндер (барлық мектептерде):
Ағылшын тілінде информатика, биология, химия, физика пәндері оқытылады (10-11 сыныпқа ғана қатысты).
Қазақстан тарихы, Қазақ тілі, Қазақ әдебиеті қазақ тілінде ғана оқытылады (6-сыныптан бастап)
Орыс тілі мен әдебиеті (бұл екі сабақ бірікітіріледі), дүниежүзі тарихы орыс тілінде оқытылады.
Әрі қарай

Керек-Ринг 10/04/2016

Астанада Бирхофф мейрамханалар кешеніне қарасты Сабантуй кафесінде КерекИнфо блогерлерінің ұйымдастыруымен Керек-Ринг ойыны өтті. 4 команда қатысқан бұл ойында Тараздағы Блог-Құрылтайда өткен ойынның жеңімпаздары Бақсы командасы тағы да жеңіске жетті. Marco бастаған, Basic AKY Karakyz қостаған команданы жеңістерімен құттықтаймыз!

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 10/04/2016

Іріктеу кезеңіндегі сұрақтар:

— Мемлекет атымен аталған химиялық элементтер бар. Мысалы Полоний – Польшаның құрметіне, Германий – Германияға, Америций – Америка. Ал, қай елдің аты химиялық элементтің атымен аталады?
(by asaubota )

— Ленинге қатысты алғашқы құжатқа Василий Умов атты священник және дьякон Знаменский қол қойған. Бұл қандай құжат еді?
(by asaubota )

— Алексей Добротворский деген ғалымның пайымдауынша, тарихта орны толмас, қайталанбас жалғыз бір тұлға бар. Оның атын атаңыз.
(by asaubota )

— 1775 жылдан бастап Лондонда каучук кубиктер сатыла бастады. Ол не үшін пайдаланылатын еді?
(by asaubota )

— Карелиядағы Кижи аралында орналасқан шіркеу соборында 33 күмбез бар. Неліктен?
(by asaubota )

— Эдмунд Хиллари — Амундсен мен Скоттан кейін Оңтүстік полюсті бағындырған 3-ші кісі. Бұл кісі бірақ әлемдегі басқа бір нүктені бірінші болып бағындырды? Қай жерді?
(by asaubota )

— Неміс ғалымы Классен тас және темір метеоритердің құрлықтар бойынша жайылуын зерттеген екен. Зерттеулер бойынша Еуропа, Азия және Африка құрлықтарында тас метеориттер темір метеориттерге қарағанда көбірек кездесіпті. Ал, Америка мен Австралияда тең дәрежеде. Классен бұның неге бұлай екенін біледі. Ал сіз ше?
(by asaubota )

— Бұл сөзді Гитлер әр 53 сөзінің бірінде қолданған екен. Муссолиниде 1/83, Рузвельтте 1/100, Чемберленде 1/249. Бұл қандай сөз?
(by asaubota )

— 1915 жылы бір бірімен шекараласатын үш ірі мемлекет АВС атты ортақ келісімшарт жасасқан. Бұл қай мемлекеттер?
(by asaubota )

— Ағылшын сөздерінің басым бөлігінде «q» [кью] әрпінен кейін «u» [ю] келеді. Ерекше жағдай үндіеуропалық тілдерден келмейді, әдетте: мысалы, faqir [факир], qadi [кади], Iraq [Ирак]. Алайда, «q» [кью]-ден кейін «u» [ю] келмеген бір сөз сырттан енген болып табылмайды. Бұл сөзді сіз анық көрдіңіз, алты әріптен тұрады және он тоғызыншы ғасырдың соңында пайда болды.
(by MERmukhanov )

— Сағидолла Мұсақынұлының тақпағы:

Шебер-ақсың жұмысқа
Азық жинап қуысқа,
Қол жаймайсың «туысқа».

Тақпақтың бірінші шумағын атаңыз.
(by MERmukhanov )

Финалдық кезең сұрақтары:

— Бұл санды гректер мен римдіктер білмеген. Ал, көне мысырлықтар білген. Иероглифтерінде бұл санды қолдарын таңданыспен көкке көтерген адам кейпінде бейнелеген. Бұл қай сан?
(by asaubota )

— Бұл күн америкалықтардың әзілдеуінше АҚШқа шабуыл жасау үшін ең ыңғайлы күн екен. Тіпті 1984 жылдың 20 қаңтарында Роналд Рейганның инаугурациясы бұл оқиға үшін бір күнге шегеріліпті. Американ қорғанысын әлсірететіндей бұл қандай күн?
(by asaubota )

— Ортағасырдағы араб тарихшысы, саяхатшысы Масуди Жерді алып құсқа теңеген. Оның айтуынша құстың құйрығы – Африка, оң қанаты – Үндістан мен Парсы мемлекеті, сол қанаты – Яджудж бен Маджудж мекендеген жерлер. Ал, құстың көздері ше?
(by asaubota )

— Оның заты – атына қарсы. Бірақ оның бойында құрғақтық пайда бола берген сайын заты атына сай бола береді. Оның мұңды тағдырын еске ала отырып, оны атаңыз.
(by MERmukhanov )

— Сперанский Тобольск қаласына тарихшы досына сый жібере отырып, хатқа: «Саған уақыт және мәңгілік жіберіп отырмын» деп жазды. Жіберген түйіншегінде сағат және екінші сыйлық жатты. Қандай?
(by MERmukhanov )

— Мына суреттердің авторы ХІХ ғасырдың ортасында туылған. Оған КСРО және Қазақстанның пошта маркалары арналған. Сурет авторын атаңыз.
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 10/04/2016
(by MERmukhanov )

— 20 ғасыр соңы — 21 ғасырдың басында көше атауларын өзгертуден бұрынғы КСРО қалаларының ешқайсысы қашып құтылған емес. Сол кезеңде Ақмола қаласында Ленин көшесі Абай даңғылы, Октябрьская — Мұхтар Әуезов көшесі болып атала бастады. Ал осы қаладағы Совет Конституциясы көшесі қалай аталды?
(by MERmukhanov )

— 1996 ж. ақпанында көптеген америкалық газеттер бұл адамның портретін шығарып, мысалы, «USA Today» газетіндегідей: «Бұл адам адамзат нәсілі үшін тұрып бере ала ма?» дегендей тақырыптар қойды. Бұл кім адам?
(by MERmukhanov )

— 1850 жылдардың соңында Сатурн сақиналарын зерттеп болған Джеймс Максвелл басқа сақиналара жайлы ойлана бастады. 1858 жылғы мамырдағы Күн тұтылуынан соң, оның айтуынша, ол алдағы оқиғаның уақытын анықтаумен айналысып, шамамен – маусымның басы деген нәтиже алады. Бұл оқиғаны атаңыз.
(by MERmukhanov )

— Людовик XVI, граф Монте-Кристо, Петр I, кардинал Ришелье, Шерлок Холмс. Бұл адамдарды әдеби шығармалардан басқа не біріктіреді?
(by MERmukhanov )

— Сұрақ авторына, яғни маған мына факт әркез қызық көрінетін. Бірінші дүние екіншісінен бұрын ойлап табылғандығы.
Бірінші дүниенің қазіргі типтесін 1823 жылы Иоганн Деберейнер ойлап тапты. Ол химиялық процесстерге негізделді.
Ал қазіргідей Екінші дүние одан 3 жыл өткесін барып ойлап табылды. Джон Уокер 91 см-лік затты 1826 жылы ойлап тауып, 1827 жылы коммерциялық келісім-шартқа отырды.
Ол нәрселер бәрінде бола бермейді, бірақ көбінде бар.
Бірінші және екінші затты атаңыз.
(by MERmukhanov )

— Оның аумағы Флорида, Пуэрто-Рико және айталық, Гамильтон арасын құрайды. Гамильтон ненің астанасы?
(by MERmukhanov )
Әрі қарай

Түн

Түн. Кішкентай кезімде жек көретінмін. Түн болмаса екен деп ойлайтынмын. Сол кездің ассоциациялары: Аленький цветочек — мамам осы ертегіні ғана айта беретін. Қоңыр көрпе — әжем бізге арнап түйенің жүнінен тіккен көрпесі. Папам ертегі айтқанда кейде осы көрпені иіскейтін. Мамасын сағынған шығар. Қасқырлар — көшеде түнде қасқырлар жүреді деп ойлайтынмын. Мастар — көшеде сәл шу шықса, әне мастар жүр деп қорқытушы еді.
Блог - Basic: Түн
Түн. Он-он екі жастамын. Ауылдағы жазғы түндерді жақсы көретінмін. Ойыннан түн ішінде келетін едік. Қазір есіме түсетіні: Қорқынышты әңгімелер — ол кезде мастардан да, қасқырдан да қорықпайсың. Қорқатының қызыл перчатка, ақ адам, қара радио. Алқа-қотан отырып алып, бір біріңе тығылып, қорқынышты әңгімеден қалш-қалш етіп. Кейде құлағыңды жауып аласың. Не зорлық деймін де қазір. Сосын, көршінің огороды. Ел жатты ау дегенде, іші пысқан балалар көршінің огородына түседі. Не ұрлайды дисіз, баяғы қияр мен қызанақ. Кедйе ауыл сыртындағы орыс шалдың жүгерісіне түсеміз. Үйдегі огород көршілердікінен екі есе үлкен. қиярлар жиналмай сарғайып кетеді. Бірақ көршінікі тәтті ғой.
Сосын Тоқылдақ. Картошка немесе тасты жіпке байлап қойып, ақрын барап терезе жақтауына шеге не скрепке тығып қоясың да, соған іліп анааау жерге тығылып жіпті тартасың. Әлгі үйдің теезесін тық-тық қағып. Ең есуас көршіні таңдаймыз ғой. Бажылдап шығып, тырқыратып қуатын.
Ең әдемі, ең жарқын ассоциация жұлдыздар. Ондай жұлдыздарды кейін көрмеген сияқтымын. Үйге қайтып келе жатып аспанға қарайсың. Жұлдыздар көп болса, ертең жылы болады. Жылы болса, өзенге барамыз деген сөз. Жыпыр жыпыр етіп тұрады ғой. Өздері жап-жарық, үп-үлкен.
Бұл кезде ешкім ертегі айтпайды. Есесіне сенің қиялың Андерсеннің ертегілерінен де ғажайып.
Блог - Basic: Түн
Түн. Бойжеткенмін. Құрсыыын. Дым қызығы жоқ. Үйге жылдам бару керек. қазір тағы сөз естимін ау. Сонда бір қызық болсашы, сол ұрысты естуге тұратындай. Мамаға бір-екі сағаттан кейін келем дейсің де. Ұрысса міңгірлеп «айттым ғой бір-екіде келем деп»… Жүйкеңді тоздырыппын ғой)))
Ғашық болған түндер. Түндер шынымен барқыт қой. Ай ше? Күннен әдемі ғой. Жұлдыздар шынымен жымыңдайды. Әрине, бала кездегідей емес, бірақ сәл болса, сол жұлдызға жетейін деп тұрсың ғой. Қолыңды созсаң болғаны))) Шегірткелердің дауысы не деген тәтті еді. Тәтті жаз, ыстық дем, қысқа түн.
Блог - Basic: Түн
Түн. Қазір түн ұзааақ болса екен деп тілеймін. Енді әдемі жұлдызды түндер экранның мониторында ғана болатын шығар… Балалар ұйықтады, үй шаруасын да бітіргендеймін. Енді бір материалды жазып тастау керек. Ми істемей тұр, тоңазытқышта не бар екен. Қарным ашып кетті ғой. Бутербродымды жеп отырып видеоны қарай салайыншы. Мыналар онлайн боп тұр ғой. Неге ұйықтамайды екен осы жұрт. Қой, киноның жалғасын сосын көрем. Бір сағат жұмысымды жасайын. Әлде ертең ерте тұрып «на свежую голову» кірісейін ба? Ой, білем ғой қалай жасайтыныңды. Өшір давай интернетті… Қой, сағат алты боп қалыпты. Жатайын, ертең ерте тұру керек.
Блог - Basic: Түн
Әрі қарай

Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Адамзат өркениетінің дамуына серпін әкелген Ұлы Жібек жолының солтүстік бөлігінде, Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, ежелгі қаңлы, ғұн, үйсін, сақ тайпаларының астанасы болған, түрік, қарлұқ, түргеш қағанаттары кезінде едәуір гүлденіп бой көтерген, талай тарихи оқиғалардың сүрлеуінде талқандалып, феникс құсы секілді қайта түлеп, қазақ хандығы тұсында тарих аренасына қайта шыққан, кеңес заманында “Мирзоян” аталып дәуірлеген, кейін XIX ғасырда “Әулие Ата” аталып, онан соң “Джамбул” болып, Қазақ Тәуелсіздігін алғаннан кейін, елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен “Тараз” атауын қайта алған Ежелгі Тараз шаһарының екі мың жылдан аса тарихы бар.
Әрі қарай

Тек қана "Хардкор"

Кезінде «Biting Elbows» инди-рок-тобының «Bad Motherfucker» деген клипі біраз шу тудырып еді. Әрине, позитивке толы шу. Сюжетті баяндау тәсіліндегі жаңа бетбұрыс ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Бұл видеоклип Тимур Бекмамбетовтың де көзіне түсіп, осының негізінде толықметр кино түсіру идеясын да көтерген сол еді.

Бекмамбетов режиссер іздеуге бас ауыртпастан, бұл міндетті «Bad Motherfucker» клипін түсірген, «Biting Elbows» тобының мүшесі Илья Найшуллердің өзіне тапсырды.

Жоба толықтай сәтті шықты деу қиын, өйткені халықаралық басылымдардың бірқатары мақтады, бір бөлігі төмен баға берді. Сондықтан да фильмге, өз басым, ұнамай қалу мүмкіндігін ескеріп, іштей дайындалып бардым.

Киностан: Тек қана Хардкор
Фильм 100 пайыз бірінші жақтан түсірілген. Яғни, барлығы басты кейіпкердің көзімен беріледі, құдды шутер ойын ойнап отырғандай сезінесіз. Сіз сенбессіз, бірақ бір тұсын «Call of Duty 4» шутерінен көшіріп алды ма деп ойлап қалдым. Ал иесіз ғимарат ішіндегі атыс тіпті «Counter-Strike»-ты еске түсіреді.

Бұл да эксперимент, соны бағыт қой, сондықтан шайқалып-секірген кадрлардың кейде тым көп болып кетуіне түсіністіктпен қарадым. "Қара юмор" мен жүйкеге тиер қан-жоса қырғынға, визуал азапқа дайын болған жөн.

Сюжеті күрделі емес. Бастан-аяқ негізгі кейіпкердің және оның досының бір міндетті (басты зұлымды өлтіру) іске асырудағы бастан кешкен (көзбен көрген) оқиғаларына куә боласыз. Фантастика жанрында болғанымен де, оның фантастикалығын ақтайтын, уәж келтіріп, түсіндіретін аргументтер жоқ, жай фантастика мен Мәскеу оқиға фоны ретінде алынған. Негізгі акцент — шутер стилінде қызықты фильм түсіруге және сол арқылы көрермендерге ерекше әсер беруге қойылған тәрізді. Фильмнің кіші экранда (ТВ, компьютер) ерекше әсер ететініне күмәнданып тұрмын.

Бірақ мойындау керек, аттракциондық әсері молынан. Кейіпкердің басына кіріп кетіп, бәрін өзің басқарып немесе өзің реал режимде көріп отырғандай әсерде отырасың.

Киностан: Тек қана Хардкор
Фильм Ресей мен Америка актерлерінің қатысуымен түсірілген. Басқаларын білмедім, Шарлто Коплидің сан қырлы актер екенін дәлелдейтін аз киноның бірі осы болды десем артық айтқандық болмас. Әрине, сосын Сергей Шнуровтың 1 минут шамасындағы эпизоды есте қалды. Фильмді жасаушылардың да идеясы осында секілді — Ресейдің сүйікті боқтампаз әншісін көрсету арқылы эмоциялық бонус сыйлау.

«Хардкор» өз атына лайық деп ойлаймын. Ешбір лирикасыз, басқа артық нәрселерге көңіл бөлмей, тек қана бір бағытпен өрбіп отыратын қатал, қатаң фильм. Қаншалықты сәтті жоба болады оны уақыт көрсетер.

6/10
Әрі қарай

Тауықтың миы

Блог - e_zhalgas: Тауықтың миы

Тауық — үй құсы, қуырып та, қайнатып та жеуге жарайды, күн шықпай жатып қыңқылдап, үй иесінен боғауыз естіп жататын да құс. Эволюциядағы көзге ілігерлік жетістігі — етінің тәттілігі. Ұша алмайтын лузерлігіне қарамастан, адамның таңдайын үйіріп әкетіп, тірі қалды деген де болжам бар.

Тауықтың миы — адамның шексіз сарказмының, біреуді қорламақ кезде қолданылатын сын есім рөлін атқарып жүрген органдарының бірі. Егер өзіңе қарата, «тауықтың миындай миың жоқ екен» десе, оны игі мақсатпен айтып тұр екен деп ойлаушы болма.

Айтпақшы, салыстырмалы түрде, адам заты тауықты қолға үйреткеніне мыңдаған жыл болса да, қазақтардың қорасында пайда бола қойғанына ұзақ уақыт өте қоймады. Сондай-ақ, адамдар тауықты қолға қалай үйреткендігі туралы дерек аз, кейбіреулер бастапқыда тауықтың тұқымын өзі басып шыққан деп те жатады. Дегенмен, ол ақпарат көзі сенімді деп айта алмаймыз.

Бұның бәрін неге айтып отырмын? Қазіргі эрудиция мен білімге ұмтылу тауықтың миындай әрекетті ғана қажет етіп жүр. Сұрақ қоя қалса, интернетіңді қоса салып, ақпаратыңды оқисың да сол мезетте «о, шешесс, не деген мүкәммал бас» сыңайлы лулздарды жинап алып, артынан тарс ұмыта саласың.

Так ышто, тауық милардың дәуіріне қош келдіңдер, бәрің.
Әрі қарай

Иосиф Бродский. "Натюрморт"

Verra la morte e avra i tuoi occhi
C. Pavese

Ажал келер, онда
сенің көзің болар
Ч. Павезе


1
Айналадағы адам,
заттар көзге ауыр.
Бұдан гөрі маған
түнек өмір тәуір.

Орындықта, саябақта
отырмын қарай қалып
отбасы өткен жаққа.
Зықымды алды жарық.

Күнтізбе қыс түсті деп
тұр. Қаңтар ай ғой мынау.
Жалықтырса түнек,
cонда сайраймын-ау.

2
Болды. Бір көрейін
бірдеңені сынап.
Жақсы, үндемейін.
Сөйлеген жөн бірақ.

Не жайлы? Күн? Түн?
Жөн бе түк демесім?
Заттар жайлы, мүмкін?
Заттар, адам емесі

анық. Олар өлмек.
Бәрі. Өлем мен де.
Бұл еш мәнсіз еңбек.
Жазғандай желге.

3
Қаным суық сондай.
Түбіне дейін қатқан
өзеннен де зордай.
Адам қайбір жаққан?

Оңбай қалған түр.
Бетте фәниден
қалай да әйтеуір
кетпеспін деген рең.

Жүздерінен сен де
бір кілтипан аңғар.
Әйтеуір біреуге
жағымпазданғандар.

4
Заттар жағад. Көрсең –
бір жаман, не күшті
емес. Егер енсең –
ағзасы бар ішкі.

Іші толы шаңға.
Ағаш құрты. Тозаң.
Қу көбелек – жарда.
Ұстауға жоқ мазам.

Шаң. Тек шаңды ғана
нұрға бөлер жарық.
Болса да ол зат ауа
кірмейтіндей жабық.

5
Ескі буфет сырты
және ішінің, әрине,
ұқсап тұр ғой тұрқы
Нотр Дам де Париге.

Қойнауы қараңғы.
Швабра, епитрохилің
сүрте алмайды-ау шаңды.
Затқа тіпті мейлің,

Қиналмайды жаны
кете ме деп шаңы.
Себебі, шаң – тәні
уақыттың; тәні һәм қаны.

6
Соңғы кезде жүрмін
тапа тал түсте қалғып.
Шамасы, ажал құрбым
сынаумен жүр аңдып.

Айнаға дем алдым.
Жүрмін қалай шыдап –
жалғанда осы бармын,
өмірде жоқпын бірақ?

Қимылсызбын. Соры –
мұздай қос жамбас.
Көктамырдың көгі
құдды мәрмәр тас.

7
Тосын дүние – зат қой,
сан қыры арқылы.
Сөздердің оған жат қой
әлемдік тәртібі.

Тыншымас өріс қып,
не қозғалмас мүлдем.
Жалған. Ол – кеңістік,
онсыз дүние – бір кем.

Құлат, қират, сындыр,
лақтыр, өртеп күл ет.
Сөкпейді ол: «Құрғыр,
тап әкеңді!»-деп.

8
Ағаш. Көлеңке. Ағаш
тамырын жапқан топырақ.
Вензельдердей қораш.
Саз. Тастақ атырап.

Тамыр. Шырмалған.
Тастың зор салмағы,
кәдік бұл бұғаудан
босатып алмағы.

Қозғалтып көр. Шамаң
келмес оған анық.
Көлеңке. Ондағы адам — *
тордағы бір балық.

9
Зат. Затта қоңыр рең.
Сұлба өшіп жатыр дөп.
Ымырт. Жоқ көрінген
дәнеңе. Натюрморт.

Ажал дәл келер де
жылтыр тән табылып.
Келгені денеңде
әйелдей шағылып.

Шалғы. Бас сүйек. Қаңқа.
Абсурд, жалған олар.
Ажал келер, онда
сенің көзің болар.

10
Шешесі айтты Христке:
— Ұлсың ба, әлде маған
Хақсың ба? Қақты-ау крестке.
Үйге қайтіп барам?

Қалайша кіре алдым
есіктен ұқпай оны:
ұлымсың ба, әлде Раббым?
Тірісің бе, әлде өлі?

Жауап берді ол: — Мұның
дауы жоқ. Өлі-тірі,
Құдайың, әлде ұлың,
сенікімін ғой түбі.


Әрі қарай