Шахмат комментарийлері ағылшын және орыс сегментінде біршама таралған. Бірақ, әрине, жеке қызығушылар тобы шеңберінде ғана. Қазақ тіліндегі блиц ойынын экраннан түсіру — жай ғана әуестік, хобби.
Бастапқы ойындарда тіпті сөз орнына әсем музыка ойнап тұрды. Алайда, күннен күнге технологиялық сапа, дауыс ырғағы, комментарий шеберлігі көтерілуі тиіс. Ойын сапасы да өседі, бірақ әуесқой деңгейден ары аспайды.
Жалпы, блицті бірді жығар!
Күз бен қыста Сіз білуге тиісті кеңестер топтамасы. Бес минутыңызды бөліп асқабақ таңдау, оның пайдасы туралы бейнесюжетке назар салыңыз. Ең пайдалы көкөніс — асқабақты жиі тұтынатын кезең басталды.
Алқынып, ауа жетпей жатыр. Алыса-алыса күші де таусылған. Бірақ берілуді әлі де ойламайды. Үйдің іші у-шу, қатын-қалаш жан-жақтан қаумалап, есікке жібермейді. Кейде олардың әлі жетпей жатса «күйеу» жігітке ұқсас жас балалар білегінен жармасып, төрге сүйрелейді (інілері шығар). Аузынан шіріген тістің иісі шығатын бір қара қатын ақ орамалды ұстап жүр. Жаңа ашуланғанда бетіне түкіріп жіберді соның. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ:
— Әй, қарағым, ақылың болса — көне ғой. Бәріміз де басында тулағанбыз…
— Шырағым, ақылды бол. Тентек болма. Қазақтың несі ғой…
— Жеңісгүл, ақылың бар ғой, қоя ғой. Болашақ енеңнен ұят болады.
Жеңісгүл долыланып бақырып жылай бастады:
— Кет, әкең, малдар, біләт. Ол маған ене емес. Қайда ана кемпір? Алып келш ал, бетіне түкірейін!
Қатындар шошыған түр танытқан болды:
— Қой, не деп жатсың. Өй, Жеңісгүл? Бұның не? Енең ғой!
— Ертең осы сөздеріңе ұялатын боласың. Дер кезінде тоқтай сал. Бәрі жақсы болады. Біздің Тәпөш жақсы бала. Өзің көресің.
4-5 сағаттан кейін бәрі саябырсыды. Бұл қойғысы келмеп еді. Бірақ әбден шаршады, қарсыласатын күші қалмады. «Түнді күтейін, ебін тауып қашып шығамын», — деп өз-өзін жұбатты іштей.
Бұрын қыз алып қашқан видеоларды қанша көрсе де, еш әсер етпейтін. Басқа-басқа, дәл осы мәселе менен айналып өтеді деген сенімі бар еді. Өзі қалада өскен, айналасындағылар да саналы адамдар. Бірақ inDriver таксисті Тәпөш деген сұмырай болып шығады деп кім ойлаған. Енді отырысы мынау — қайда, қалай келгенін білмей, бағдардан жаңылып.
Оңай құтылмасын біліп, амалы таусылған ол: «1 күн уақыт беріңдер», — деді. Ата-анама хабар жеткізбей тимеймін деп тағы талап қойды. Әйтеуір, таң атқанша өз-өзіне келіп алуға уақыты бар. Ебін тапса қашып та кетер үйіне.
Ояна алмай қалудан қорқып, түнімен ұйықтамады. Көрші бөлмеде «күйеуі» достарымен тойлатып отырды. Топырлап біреулер кіріп-шығып жүр. Жігіттің ата-анасы да тойдың қамына кіріскен секілді, әйтеуір қызу тірлік жүріп жатыр.
Шаба жөнелемін деп ойламап еді. Бірақ аяғы миынан бұрын қимылдап, есікке қарай жүгіре жөнелгенде өз шапшаңдығына өзі таңғалды. Бірақ ешнәрсе оп-оңай бола қоймайтыны рас қой бұл өмірде. «Күйеуіне» ұқсайтын бір бозбала (өздері қанша?!) есіктің арғы жағынан ішке секіріп кіріп:
— Аха! Ұсталдың ба! — деп айқаламақ болып еді, бірақ «А» деп қана айтып үлгерді, Жеңісгүл жұдырығын барынша қаттырақ түйіп, тұмсықтан салып жіберді. Анау табалдырыққа желкемен құлады.
Бәрібір сыртқа шығып үлгермеді. Дыбысқа алаңдаған жұрт, мынаған бір қарап, жерде тырайып жатқан балаға бір қарап, аң-таң болып қалыпты. Мынау нәзік денелі бойжеткеннен ондайда күтпеген тәрізді. Қатындар сүйрелеп алып келіп, бөлмеге қайтадан кіргізіп жіберді. Түрлері кешегідей емес — ашулы. Енді кешірім болмайтын сияқты. Олар істі тез аяқтауға асығатыны анық.
Жарты сағаттан кейін «жігіті» кіріп келді. Кіре сала құшақтап алып, сүюге ұмтылды. Бір қолымен шешіндірудің де амалын жасап жатыр:
— Жеңісгүл, жаным, — деп қояды. Бұл бар дауысымен айқайлап жіберді:
— Мен Жеңісгүл емеспін!
Масайып қалған Тәпөшті жағадан ұстады да, жамбасқа салып лақтырып жіберді:
— Ахх, ссукі, ойлағаның сол екен ғо, ә? Қазір-қазір, көрсетейін саған…
***
Ертесіне Тәпөш үйленбеймін деп үй-ішіне жар салды. Кешегі даурығып жүрген Тәпөш жоқ, сүмірейіп, көзін жерден көтермейді. Жан-жақтан қаумалаған туыстарының сұрақтарына жауап берместен, біртүрлі талтаңдап, артқы жағын ауырсынып сыртқа беттеді. Табалдырықтан әрең аттады да, артына қарап:
— Жеңісгүлді… Жеңісбекті үйіне жіберіңдер, — деді.
Бүгін «Халық маркасы» қазақстандық тауар мен қызмет сапасын бақылау жүйесі федерациясының президенті Римма Тәжібаеваның шақыруымен Астанада жазда ашылған отандық өнім павильонына барып қайттық. Павильон үлкен. Өте үлкен. 5000 шаршы метр көлемі. Орталық базар жанындағы «Самғау» сауда орталығының 5-ші қабатында орналасқан. Әзірше 100 шақты брендтің өнімі бар павильон сөрелерінде. Тек азық-түлік емес, косметика өнімдері, киім-кешек, ұлттық кәдесыйлар, үй және кеңсе жиһаздары да бар. «Халық маркасы» сертификаты қазір 300-дей кәсіпорынға берілген. Алдағы уақытта бұл сан 500-ге жетпек.
Той — үлкен индустрия. Әлбетте тәтті мен шәй атаулары қазақы һәм тойша болады
Шәй атауларын қала аттарымен атау — әдемі маркетинг!
Кэмми тек жайма емес, түрлі өнімдер де шығарады
Қазақстанда калорифер де шығады екен ғой!..
Павлодар сусындары бір сөреде
Жиһаздың түр түрі бар
Үйім дайын болғасын ұлдарға осындай аламын
Кілемсіз көрме бола ма?
Мына жинаққа Астана деген ат қойдым
Ұлттық нақыштағы киімдер және кәдесыйлар бөлімі
Тойбастарға жақсы нұсқа ма?
Қазақ кәдесыйларының классикасы — боталар және киіз үй
Текстилдің түр түрі бар
Петропавл етіктері
Теміртау шұлықтары
Балалар киімін шығаратын Leila деген бренд бар екен
Zibroo-ның спорттық киімдерін ел көп мақтап жүр
Төсек-орын жабдықтарын да шығарады екенбіз
Азық-түлік киоскілері
Түрлі дәмдеуіштер, қоспалар сөресі
«Алтын дән» өнімдері
Қазақстандық косметика көру — мен үшін жаңалық болды
Модель болып та көрдік, ұлттық киім киіп
«Халық маркасы» президенті Римма Тәжібаевамен естелік сурет
Өздеріңіз білетіндей /білмесеңіз осы посттан біліңіз/, бір топ блогер қауым "Қазақстан" ұлттық арнасының эфирінен берілетін «Білгірлер бәйгесі» атты зияткерлік сайыстың 2016 жылғы маусымына қатысты.
Жалпы, ойын дәрежеміз жаман болған жоқ: 32 команданың ішінде біз жартылай финалға дейін жетіп, 3-4 орынға тұрақтадық.
Ойындар қызық, дегенмен біртекті емес. Мысалы, естеліктерден: түсірілімдердің бірі қарсылас команданың қиғылық салуымен, айғай-шумен өтті. :) Ал соңғы ойынымызда Алмас Алтайдың тойы қабаттасып, Маралбек ұшып кетті, сол жартылай финалды ойнай сала артынан мен де асығыс ұштым Ақтауға. Бірақ жеңілісіміз соған байланысты деп тұрғам жоқ. :J
Қазақ телевизиясына интеллектуал жобалар қажет-ақ. Ол факт. Дегенмен, сапалы дүние — жоқтың қасы.
Біз қатысқан бұл сайыстағы сұрақтардың біразы — «ХХ ғасыр көшбасшысы» кезіндегі жұрнақтан қалған сауалдар сияқты. Дәл қазір 27 жасымда мен 16-ымда айтып кеткен «Функцияның экстремумдары» немесе "Қабысу, матасу, жанасу" секілді тіл элементтері туралы жауаптар бергім келмейді. Дегенмен, иә, бұндай сауалдардың болу/болмау мәселесі — талқыланатын, дауласуға тұратын, дәлелдеуді талап ететін сұрақ. Яки, бір жақты емес, әрине.
Сауалдардың және жауаптардың формулировкасы кейде сәл қисынсыз. Соңғы турда кейде не сұрап отырғанын, қандай стильде жауап беру керегін ұғыну да қиын. Бізде жауап іздеуде тым терең қазу мәселесі кездесті. Тым.
Жобаны ең басты екі кемшілігі бар.
1) Жылдамдыққа иек арту — оңай сұрақтарды, мәселен, кімнің қолы шапшаң, сол ала бермек. Біз ҚазҰУ-мен алғашқы ойынымызда сөйтіп жеңдік. Бұл — дұрыс емес, кейбір командалар сол әлеуеті ашылмаған күйі жобадан шығып кеткен шығар.
2) Сұрақтар бөлінісінде бағалау — бұрыс. Ойындардың бірінде, 2-турға, түркілердің «Бөрі» таңбасы туралы сауал келді. Бұрын бастық та жауап бердік. Сол үшін 50 (!) ұпай берді. Ал шартты түрде Рио де ла Плата өзені жайлы сұраққа 5-10 ұпай. Бөрі айуаны түркілердің белгісі екенін білу неге арнасы ең жалпақ өзенді білуден 5-10 есе артық бағаланбақ?
Одан бөлек, өзіндік себептермен біз жоба жеңімпазының адалдығына («Болашақ» командасы) жалпы күмән келтірдік және ұйымдастырушылардың немқұрайлылық ситуациясына іш тартпадық. Жеке өзім жүргізушіге де көңілім толмайды.
Жобаның алғашқы жүлдегерлерін қайдам, өзіміз олардың эфирін жасап бергеннен басқа марапатқа ие болғанымыз жоқ. Жақсы, мен аздап эгомды қасып алдым. Бірақ ұйымдастырушылар қаражатты қалай жұмсағаны қызық.
Жалпы, осы не осындай жоба бір қатар түзетулер мен өзгерістермен эфирде үнемі болғаны жөн деп ойлаймын. IQ-і салмағынан аспайтын бұл қоғам мүшелерін дамытудың бір жолы ТВ-жобалар екеніне кәміл сенемін.
p.s. Өзіміз тек сынай бермей, бір толық серия (оннан аса ойын) жүргізілген «Керекринг» жобасының негізінде іріктелген командалармен жаңа жобаны бірер орындарға ұсынып көргенбіз. Сұрақтар — терең зияткерлік деңгейде (ресейлік «Что? Где? Когда?» бағдарламасының шамасындағы сауалдар), жоғарыда аталған кемшіліктер жоқ. Соған орай кей тв-мамандардың «Шоу-бизнес, әншілер қатыса ма?» деген сыңайдағы сұрақтар болғаны күмілжітті. Әзірге, деңгейміз сол.
Мүмкін, ол жоба да өз уақыты мен арнасын күтіп жатқан шығар.
Білім және ғылым министрлігі ұлттық бірыңғай тестілеуді екіге бөлді. Енді, мектепті бітіру емтиxаны оқушының орта білімді тәмамдағанын дәлелдесе, ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен мектеп түлектеріне мемлекеттік гранттар тағайындалады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Білім және ғылым саласында бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Оршубековтің айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілген соңғы 13 жылдың ішінде оған оқушылардың барлығы бірдей қатысқан жоқ. Мәселен, соңғы тестілеуге мектеп оқушыларының 70 пайызы қатысты.
Енді, жаңа форматқа сәйкес, «Алтын белгі» тағайындауды мектептердің өздері жүргізеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде аталған атақты растау қажет емес. Тестілеу тек грант иегерлерін ғана анықтап, жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін береді.
«Сонымен, 2017 жылы түлектер үшін қорытынды аттестациялау өздері оқыған мектепте өткізіледі, яғни келесі жылдың 1-10 маусым аралығында өткізу жоспарланып отыр. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу, яғни жоғары оқу орнына түсу емтиxаны 20-шы маусым мен 1-ші шілде аралығында республика бойынша 165 тестілеу бекеттерінде өткізіледі», — деп атап көрсетті Н.Оршубеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.
«Егер Хиллари Клинтон өз күйеуін қанағаттандыра алмаса, ол Американы қалай қанағаттандырады?»
Осы сөздерімен әлем баспасөзін дүр сілкіндіріп, электорат есінде қалып эпотажды Дональд Трамп жаңа ғана Америка Құрама Штаттарының Президенттік сайлауын жеңіп алды. Ресми шешім әлі шықпағанымен Трамп штабы тойлап, әлем ақпаратты қорытып жатыр. Төменде Трамптың өмірлік ұстанымдарын білдіретін афоризмдер топтамасын ұсынып отырмын, қандай адам екенін пайымдай беріңдер.
«Мен жолы болмайтындарды жек көремін»
«Менің уақытым өтті деп санайтындар өте қатты қателеседі»
«Менің басқа үміткерлерден жалғыз айырмашылығым — мен адалырақпын және менің әйелдерім әдемірек»
«Мен бизнеске шығармашылық тұрғыдан қараймын. Біреулер сурет салады, біреулер өлең жазады. Ал менің жасаған келісім-шарттарым өнер туындысы сияқты»
«Кейде ең жақсы инвестиция — сен салмаған инвестиция»
«Көпшілік маған ойынқұмар адам сияқтысың дейді, бірақ мен өмірі құмар ойынына жолап көрмегенмін. Ойынқұмар казинода ойын автоматтарының қасынан шықпайды. Ал мен сол автоматтардың иесі болғанды қалаймын»
«Иә, мен Мексикамен бөліп тұратын қабырға салғым келеді. Оны менен артық ешкім сала алмайды және құрылыс арзанға түседі. Сондай-ақ оның құнын Мексиканың өзі өтеп беретін болады. Осы сөзді естеріңе сақтаңдар!»
«Мен Қытайды жек көреді дегенді кім шығарып жүр? Бұрын бір қытайға 15 миллионға үй сатқан едім. Осыдан кейін оның елін қалай жек көре аламын?»
«Біз Иракта не істеп жатқанымызды қараңдаршы. Біз мектеп саламыз, жол саламыз, сосын біреу келеді де мектепті жарып жібереді. Оны қайта саламыз. Тағы біреуі жолды жарып жібереді, оны қайта салатын тағы біз. Осыны ерінбей істей отырып Бруклинге осы қарғыс атқыр мектептердің біреуін салуға шамамыз жоқ»
«Менің ойымша Халықаралық сауда орталығын қайта тұрғызған кезде ақымақ жобалар ойлап таппай тура сондай ғимарат салуы керек еді. Тек бір қабат биік болса болды»
«Менің ойымша АҚШтың ең басты проблемасы — тым саяси сыпайы болып көрінгісі келетінінде»
«Егер мен президент болсам, сендер дүкендердегі Рождествомен құттықтауды қайта көре аласыңдар»
«Абортқа қарсы екенімді қуанышпен хабарлаймын»
«Біз жақсы адамдардың саясатта жолы болмайды деген түсінгі бар әлемде өмір сүріп жатырмыз»
«Мен әрқашан қол беріп амандасамын және солай амандасқанды жақсы көремін. Қол беріп амандасуды ұнатпай саясаткер болу мүмкін емес қой»
«Біреулердің ойынша менің саусақтарым қысқа екен. Бірақ менің саусақтарым денемнің басқа мүшелері сияқты ұзын және әдемі. Оның барлығы құжатталған»
«Мен әдемі әйелдерді жақсы көремін. Әдемі әйелдер мені жақсы көреді. Екі жақты келісім болғаны қандай жақсы!»
«Иванканың (Трамптың қызы) дене бітімі керемет. Егер ол менің қызым болмағанда қырындап көрер едім»
«Балаларыңа өздері таппаған байлықтың салмағын салып қажеті жоқ. Бұл олардың өміріне балта шабады»
«Егер ойлана алатын болсаң, онда үлкен нәрселерді ойла»
«Жақсы идеяны ойлап тауып, оны іске асырмағаннан артық қылмыс жоқ»
«Ешқашан еңбек демалысын алмаңдар. Егер жұмыс ләззат сыйламаса, демек өздеріңе керек емес жерде жұмыс істеп жүрсіңдер»
«Менің ұраным: үздіктерді жұмысқа ал, бірақ оларға ешқашан сенбе»
«Егер сенің бастығың нашар адам болса, онда оны жұмыстан шығарып жібер. Басқа жұмыс тауып ал»
«Тек жолы болмайтындар ғана жеңіске масаттанады»
«Егер менікі дұрыс болмаса, ешқашан кешірім сұрауға арланбаймын»
Қазір әлеуметтік желілер күннен күнге қоғамның пікірін анықтайтын үлкен күшке айналып келеді. Ал қоғамға белгілі бір ықпал ететін жерде міндетті түрде ақпараттық соғыс жүреді. Ол бұрын да болған. Газет беттерінде, телевидениеде т.б. бұқаралық ақпарат құралдары белгілі мәселе бойынша нақты саясат ұстанатыны мәлім. Ірілі-ұсақты төңкеріс кездерінде де алдымен телеграф, телевидениені басып алуға ұмтылу да ақпаратты бағындыруға деген талпыныстан шыққан. Қазір ол ақпараттық соғыс ақырындап ғаламтор желісіне ауысты.
Мультфильмнің сюжеті — Қазақ хандығының құрылуы, Керей мен Жәнібектің билік құрып, Әбілхайыр хан ордасынан бөлініп шығуы турасында.
Балалардың қызығушылығын арттыру үшін батырлардың садақ ату, қылыштасу, атпен шабу, жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін үйренуі кеңінен көрсетіледі. Ел басқаруда білімнің де маңызы зор екенін ұғындыру үшін Керей мен Жәнібек ханның Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұлама ұстаздардан түрлі дәріс алып, елге оралғанда түрлі ерлігімен көзге түсе бастауы да сәтті ойластырылған.
Жобаның режиссері — Батырхан Дәуренбеков, көркемдік кеңесшісі — Дулат Исабеков, продюсері — Сәбит Әбдіқалықов, сценарий авторы — Сағаділдә Үсіпәлиев.
Блогтурымыз әуежайдан «Медиа жұлдыз» қоғамдық қоры басшысы Самал Смайлованың күтіп алуымен басталды. Блогтурдың жоспары, бағдарламасымен танысқан соң екі автобусқа жайғасып, блогшылардың бір бөлігі Қызылорданың оңтүстігіне, бір бөлігі батыс бағытқа жылжыды. Біздің топта белгілі медиа тренер Қанат Әуеспай, белгілі журналист Нұрбек Бекбау бар бас-аяғы он екі адамнан тұратын блогшылар тобы болды. Алғашқы аялдама қаладан 160 шақырым шамасында орналасқан "Қорқыт ата" мемориалдық кешені.
"… Елеу Көшербаев деген ақсақалдың ұйғарымымен жасалынған..."
"Қорқыт ата" кешенінде музейдің ғылыми қызметкері Мағауия Бердібекұлы күтіп тұр екен. Мағауия аға кешеннің бұрынғы, қазіргі жағдайын таныстырып шықты. Айтуынша, кешен 1980 жылдары Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев деген ақсақалдың ұйғарымымен жасалынған. Қылышынан қан тамған кеңес үкіметі кезінде мұндай іс ерлікпен парапар еді. Елеу ақсақал қазіргі Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың әкесі. Сол кезеңде биіктігі 8 метр етіп Б.Ә. Ыбыраев, С.И. Исатаев жасап шығарған нұсқасына алдымен 1997 жылы, кейін 2014 жылы Елбасының тапсырмасымен реконструкция жасалды. Реконструкция деген аты болмаса, кешен толығымен жаңарған.
Сырдың бойында Қорқыт ата мазары болыпты баяғыда, бірақ өкінішке орай 1952 жылдары су арнасынан асып, шайып кетіпті. Жалпы жоғарыдан қараса қобызды елестететін кешеннің ортасы (шанағы) — 2000 адам сияқтын амфитеатр секілді жасалған. Амфитеатрдың акустикасы өте жоғары. Микрофон не болмаса сондай секілді дауыс күшейту қондырғысын пайдаланбай ақ түрлі шаралар өткізе беруге болады. 4 жылда бір рет өтетін түркі халықтар арасындағы фестиваль дәл осы жерде ұйымдастырылады. Амфитеатр айналасында 18 плита орналасқан. Ол плиталарда келешекте 18 түркі тілдес тайпаның өз тілдерінде ақпараттар жазылады.
Бұрынғы ескерткіштің биіктігі 8 метр болса, қазіргісінің биіктігі — 14 метр. Ортасында жел соққанда қобыз дауысы сарындас дыбыс шығаратын 40 түтікше орналастырылған. Ескерткіш жел мен суға төзімді Қазақстанда жасалған граниттен жасалған. 92 блоктан тұрады. Ескерткіштен сонадай жерде «Ақсақ қыз» мұнарасы тұр. Аңыз бойынша, Арқадан шыққан қырық қыз Қорқыттың қобызының дыбысын естуге келе жатады. Арасында бір ақсақ қыз болады. Жанындағы қыздар ақсақ қызға «Жете алмайсың»,-деп күледі екен. Алайда қалған қыздар Бетпақдалада өліп, ешкісіне мініп, сүтін ішіп жүріп жалғыз осы Ақсақ қыз жетеді. Қорқыттың бір күйін естіген соң сол жерде жан тапсырады да, артынан ел басына мұнара тұрғызады. Жалпы "Қырық қыз" туралы аңыздар тек Қызылордада ғана емес, еліміздің әр-әр жерінен қылаң береді. Бұл туралы толыққанды зерттеу бар ма, жоқ па екенін білмейді екенмін… Жалпы "қырық" деген қазақта «көп» деген мағына беруінің (Қырықтың бірі қыдыр, Қырымның қырық батыры т.б.) өзі біршама зерттеулерді талап етеді ғой…
Аңыз желісін бәріңіз білесіздер ғой, оны қайталаудың қажеті жоқ шығар. Қорқыт бабаның өлімнен қашып келіп мәңгілікке саябыр тапқан мекені осы Сыр бойы. Неге дәл осы жерге?! Дәл осы Сыр бойы Мағауия ағаның айтуынша Орта Азиядағы ең биік нүкте екен. Космомспен тікелей байланыс бар. Байқоңырдың дәп осы жерге салынуында да бір мән бар шығар?!..
Қазалыдан 20 шақырым жерде Жанкент (Яныкент) деген қала болған ертеректе. Оғыз тайпасының астанасы болған шаһар. Мына экспонаттар сол қаладан археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған. Жәдігерлер IX-X ғасырларға тура келеді. Шаһар саз балшықтан тұрғызылған, қазірге дейін тек орны ғана сақталған. Қорқыт ата 3 ханның тұсында кеңесші болыпты. Мүмкін осы қалаларға да талай келген шығар…
Айтпақшы, тағы бір қуанышты жаңалық, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің нысандар тізіміне Байқоңыр қаласымен бірге «Қорқыт ата» кешені де енді. Осы музейдің өзінде «Деде Қорқыт» кітабының бірнеше тілге аударылған нұсқалары тұр. Көзі қарақты, мәдениеті жоғары адам Қорқытты білуі тиіс деген ойдамын. Сәйкесінше кешенді де айналып өтпеуі тиіс.