Республикалық «Жас ақын» байқауының жеңімпазы анықталды



Республикалық «Жас ақын» байқауының жеңімпазы анықталды. Үздік танылу үшін еліміздің әр облысынан 18 бен 29 жас аралығындағы 400- ге жуық ақын ынтықты. Ақтық сынға оның 10- ы жолдама алды. Үміткерлер 3 кезеңнен сүрінбей өтті. Яғни, олар «Астана жастар жүрегінде», «Астана- жиырмадағы жас қала», «Еркін тақырыпта» қалам тербеп, жыр шумақтарын арнады.

Жеңіске баршасының бар таласы. Әр бірі елордаға арнаған өлеңін иірімді ұйқаспен әрлеп, мазмұнды сөзбен көркемдеді. Абайдың ізін жалғағандар, «ат тұяғын тай басарын» жадында сақтады. Оларға шабыт сыйлауға зиялы қауым өкілдері келіп еңселерін тіктей түсті.

Байқау нәтижесі бойынша 1-ші орын Дания Сәтбекқызына бұйырды. Шығыс Қазақстан облысынан келген ақын шабыт атты тұлпарын тақымдап, сүбелі сөз, отты өлеңімен тәнті етті.

Үздіктер сапына енгендерге қаржылай сыйлық табысталды. Ақындар мүшәйрасы концеттік бағдарламамен жалғасты.

Түн батырлары!

Қытымыр қыс жақындай бергенде, елорда ақ ұлпаға оранады. Халықтың қауіпсіздігін күзеткен мамандар, алғашқы күннен – ақ қар тазалау жұмыстарын үдетеді. Мәселен, Астана қаласы бойынша көлемі жағынан 2-ші орынды алатын Байқоңыр ауданында 16 мердігер мекеме артылған міндетті уақытылы орындайды. Жұмысты атқаруға 130 мамандандырылған техника тартылған. Оның сапын биыл су жаңа құрылғылар толтырды.
280 адам 2 ауысыммен 6 — 8 сағат аралығында жұмыс істейді. Олар бет қаратпас боран, желге қарамастан өз қызметтерін мүлтіксіз орындайды. Қиындықтан қаймықпай, ісін сүйіспеншілікпен атқарады. Айтуларынша, нәпақасын табумен қатар, Астананың тазалығына, тұрғындардың қауіпсіздігіне үлес қосуда.
Жұмысшылар, жолмен қатар көпқабатты үйлердің ауласы, Байқоңыр ауданына қарасты 19 саябақты да тазалайды. Күн – түн демей ауыр істі атқаратындардың еңбегі қашан да елеулі. Тұрғындар да жұмыстарын жоғары бағалайды.
Байқоңыр ауданында соңғы он күндік ішінде қардың 30 мың текше метрі қала сыртына шығарылды. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға 90 текше метр құм-тұз қоспасы себілді. Әкімдік қызметкерлері 107 пәтер иелері кооперативімен тығыз жұмыс істейді.

«Сақшы» құқықтық тәртіпті сақтау студенттік жасағының құрылғанына 5 жыл



Биыл, «Сақшы» құқықтық тәртіпті сақтау студенттік жасағының құрылғанына 5 жыл. Осы уақыттан бері 1500-ге жуық жас темірдей тәртіпке бағынып, құқық бұзушылықпен күресіп келеді. Олардың бірі Қуаныш Төкен. Басқару колледжінің 3-ші курс студенті, тәртіп сақшыларымен рейдтік шараларға шығып, әкімшілік хаттама толтырып, қаланың қауіпсіздігін сақтауға үлесін қосуда.
Астана қаласы бойынша жас сақшылардың қатысуымен 1 жылда 50 құқықбұзушылық әшкереленді.Іс сотта қаралып, әкімшілік айыппұл салынды. Тәртіп сақшылары, ізбасарларының еңбекқорлығы мен отансүйгіштігіне сүйсіне қарап, жоғары бағасын берді.
Бұл жылы студенттер жасағының құрамы 200 жаспен толықты. Бүгін, белсенділігімен көзге түсіп, міндетін жақсы атқарғандар марапатталды. Бұл олардың шабытын шалқытып, жұмысын одан әрі нәтижелі орындауға серпін бермек. Жастар, ұлағатты ісімен елге үлгі болған аға буынның алғысын алды.
Жастардың патриоттық сезімдерін еселеуге эстрада жұлдыздары жалынды әндерін орындады. Тыңдармандардың рухын асқақтатып, жандарын жадырата түсті.

Ғажап көпірге саяхат. Шыңғыс Қожабековпен бірге

«Астананы жағаlike» — қала тұрғындары мен қонақтарын тәнті еткен сәулет өнерінің туындылары, қызықты демалыс орындары жайында әңгімелейтін танымдық жоба. Жеңіл әзілдер, сапалы бейне көрініс оның басты ерекшелігі болмақ. Бағдарламаның жүргізушісі талантты жайдарманшы Шыңғыс Қожабеков.

Жобаның алғашқы саны Астанадағы жаңа, ерекше нысанның бірі «Атырау көпіріне» арналады.

Пирамида құпиялары

Астананы жағаlike жобасы бүгінгі санын Астана қаласы Әкімдігінің «Бейбітшілік пен Келісім Сарайы» МКҚК ғимаратына арнайды.

Бағдарлама жүргізушісі: Шыңғыс Қожабеков



Бейбітшілік және Келісім Сарайы Қазақстан жеріндегі бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі. Елордада Пирамида тәріздес сарайды салу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы. Жоба авторы белгілі ағылшын архитекторы Норман Роберт Фостер.

Елордада Пирамида тәріздес сарай бой көтерсе, әрі онда түрлі ұлт, дін өкілдері бас қосып, барша адамзатты бейбітшілік пен жақсылыққа жетелейтін шешімдер қабылдаса деген идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І-ші съезінде ұсынған болатын. Мемлекет басшысының идеясы съезге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі конфессиялардың көшбасшыларының үлкен қолдауын тапты. Әлемнің ең жас елордасы Астана қаласында 2006 жылы қайта қауышқан съезд делегаттары екінші бас қосуын жаңа, бірегей ғимарат – Бейбітшілік және Келісім Сарайында өткізді.

Пирамиданың негізі 62×62м, биіктігі 62 м. Ғимараттың сыртқы беті ішкі бейнені көрсететін әйнек және тас плиталармен қапталған, ал пирамиданың төбесі, яғни күмбезі – елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін суреттейтін 130 ақ көгершін бейнеленген нағыз өнер туындысы атақты суретші Брайн Кларктың витражымен безендірілген.

Жаңа сарайдың салтанатты ашылу рәсімінде әлемнің классикалық музыкасының жарық жұлдызы Монсеррат Кабалье өнерін паш етті.

Сарай ішінде 1302 орынға арналған Опера залы, Atrium салтанат залы, «Бесік» конференция залы, көрме алаңдары, «Құланшы» галереясы, баспасөз орталығы, Астана қаласының этникалық мәдени орталықтары, Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы, Түркі әлемінің академиясы орналасқан.

2009 жылдың 13 шілдесінде Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес «Бейбітшілік және келісім сарайы» Мемлекеттік коммуналды қазыналық кәсіпорны құрылды.
Сарай демалыс күндерінсіз жұмыс істейді. Экскурссиялар үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізіледі.

Полицейлер автокөлік жүргізушілерін жолдарда барынша абай болуға шақырады

Полиция департаменті қарды жинайтын техниканың жұмысына кедергі келтірмеу үшін көлік құралдарының жүргізушілерінен көліктерін жол бойына қоймауларын сұрайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Астана қаласы ПД-нің Жергілікті полиция қызметінің басқармасы жол қозғалысының қатысушыларына ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерінің талаптарын мүлтіксіз сақтау қажеттігі туралы ескертеді.


«Барлық жүргізушілерге мұқият болуға, қауіпсіз қашықтықты сақтауға, ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты жылдамдық тәртібін асырмауға шақырамыз. Тіпті, жолдарда қар болмаған жағдайда да, қазіргі ауа райы жағдайында жол-көлік оқиғасына түсу қаупі бар», — деп ескертеді ЖПҚ.


Хабарламада жүргізушілерге доңғалақтардың жол жабыны бар ілінісу коэффициентін арттыру үшін қысқы шиналарды ауыстыру қажеттігі айтылған.


«Алайда оларға толық сенудің қажеті жоқ, себебі автомобильдің тоқтау жолы шамалы ғана қысқарады. Жаяу жүргіншілерге да сақ болу керек. Ол үшін жолды тек белгіленген орындарда ғана өту керек», — дейді ЖПҚ.


Бұдан басқа, тәртіп сақшылары көлік иелерінен қарды жинайтын техниканың жұмысына кедергі келтірмеу үшін көліктерін жол бойына қоймауларын сұрайды.


АИТВ мәртебесін енді сілекей арқылы анықтауға болады

ЖИТС-ны алдын алу және оған қарсы күрес орталығы АИТВ-ны анықтауға арналған жедел тестілеудің жаңа әдісін енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

«Тестілеу бізде жоғары сапада жүргізіледі. Біздің орталық нәтижелердің сенімділігіне кепілдік береді. Жыл сайын халықтың кем дегенде 10 %-ы тексерістен өтуі қажет. Қазір сілекей арқылы АИТВ-ны анықтау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда», – деді ЖИТС-ға қарсы күрес және оның алдын алу орталығының бас дәрігері Сәбит Әбдіраимов.

Болашақта Республикалық орталық Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, үкіметтік емес ұйымдардың жедел тестілеуіне мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асыруға ниетті. «Дәлірек айтқанда, жүктілікті анықтау сияқты әрбір адам өз мәртебесін жылдам біле алатын болады», – деді С. Әбдіраимов.

Астанада әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтті

25 қарашада елордада Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күніне орай «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» атты республикалық акция басталды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Біріккен Ұлттар Ұйымы, Астана әкімдігі, Қазақстанның Ұлттық еріктілер желісі және Астана қаласы ПД ЖПҚ бірлесіп ұйымдастырған іс-шарада балаларға арналған шебірлік сабақтары, жас ұжымдардың өнер көрсетуі, «Mega silk way» СОСО келушілер арасында ағарту жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, әр келуші өз қалауы бойынша акцияның инстаграм рамкасына суретке түсіп, оны өзінің парақшасына #Услышьтеменя хештегімен жарияласа болады.
«Бізге әлі де әйелдерге қарсы көрсетілетін зорлық-зомбылықтын ауқымы белгісіз. Қорқыныш, адамдардың сеніміне күдік білдіру, ұялу деген түсінік зорлық көріп жүрген миллиондаған әйелдерді өзінің шерін тарқатуға кедергі келтіріп, үрейді күн сайын бастан кешіруге мәжбүрлейді», – деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, «БҰҰ-әйелдер» құрылымының атқарушы директоры Фумзиле Мламбо-Нгкука. Акция ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікті насихаттайды.

Өткен тәулікте 38 мың текше метрге жуық қар шығарылды

Күн сайын көшелерді тазалау жұмыстарын 100 шақты мердігер ұйым жүргізеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Астана Тазалық» ЖШС мәліметінше, 25 қарашада тазалау жұмыстарына мамандандырылған техниканың 693 бірлігі жұмылдырылды. Қала көшелерін қардан тазартуға шыққан жол жұмысшыларының саны – 278 адам. 25 қарашада 37921 текше метр қар шығарылды.

«Астана Тазалық» 16437 текше метр қарды шығарса, қалған мердігер ұйымдар – 19646, «Зеленстрой» АҚ – 1838 текше метр қарды қала сыртына жеткізді. 25 қарашада құм-тұз аралас қоспаның 425 текше метрі себілді. 16 қазан мен 25 қараша аралығында қала сыртына шығарылған қардың көлемі 332658 текше метрді құрайды.

Астана әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты барлық сұрақтарды 109 нөмірі бойынша Астананың iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығының call-орталығына тәулік бойы жолдауға болатындығын еске салады.

Сондай-ақ, iKomek орталығына келесі әдістер бойынша хабарласуға болады.
Telegram-дағы: t.me/astanaikomek109_bot чат-боты
Әкімдіктің astana.gov.kz сайты
Әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды #astana109 хештегімен белгілеу:
Facebook www.facebook.com/astana109/
Instagram www.instagram.com/astana109/
Telegram-канал t.me/astana109112

Астана жастары Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығымен танысты

М. Горький атындағы орыс драма театрының актерлері "Қызыл алма" және «Мәңгүрт» спектакльдерінен оқушылар мен студенттерге үзінділерін көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Шара Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналды. «Айтматов адам жанының жасампазы» шығармашылық кездесуі Орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасында болып өтті. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде өткізілді.


Студенттермен кездесуге М. Горький атындағы орыс драма театрының бас режиссері, ҚР еңбегі сіңген қайраткері Бекболат Парманов келді.


«Жастардың өзімен тікелей жүздесіп, сөйлесу маңызды. Мұндай әңгімелесулер жас ұрпақ үшін жазушының жаңа қырларын аша түседі, Шыңғыс Айтматовтың қандай тұлға болғанын олар түсінуі керек», — деді режиссер.


Шараның мақсаты — Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық мұрасын танымал ету, және де жас көрермендерді тәрбиелеуде ұлы жазушының сахналық шығармашыларын ең үздік заманауи үлгіде көру.