Елордада автобустардың қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді

Бүгіннен бастап Жирентаев көшесінің Қ. Мұңайтпасов көшесінен Петров көшесіне дейінгі бөлігінде жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты №3, 14, 18, 23, 31, 40, 73 бағдарлардағы автобустардың қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді.
№ 3 маршрут Мұңайтпасов көшесімен «Орбита» аялдамасына дейін өзгеріссіз жүреді, одан әрі Сәтпаев к-сі – Петров көшесімен жүреді, содан кейін Жирентаев көшесіне кірмей қазіргі қозғалыс сызбасы бойынша жүреді.
Кері бағытта осы қозғалыс сызбасы бойынша жүреді.
№ 14, 18, 40 маршруттар Абылай хан даңғылының бойымен «Травматология және ортопедия институты» аялдамасына дейін өзгеріссіз, одан әрі Қ. Мұңайтпасов к-сі –Сәтпаев к-сі және қазіргі қозғалыс сызбасы бойынша жүреді. Бұл бағдарлар да Жирентаев көшесіне кірмейді.
№ 23, 31, 73 маршруттар Мұңайтпасов көшесімен «Орбита» аялдамасына дейін өзгеріссіз, содан кейін қазіргі қозғалыс сызбасы бойынша тура жүреді. Сәтпаев – Петров –Жирентаев көшелеріне кірмейді.
Жол жөндеу жұмыстары аяқталған соң аталған маршруттар бұрынғы қозғалыс сызбасы бойынша жүретін болады.
Толық ақпаратты 57-47-77 телефоны бойынша байланыс орталығынан алуға болады.
astana.gov.kz/kk/modules/material/11199

















Мұнда жер бедері сан қилы. Бізге келсеңіз аласа тауларды да, қыратты-белесті даланы да, құмды алқаптарды да, тіпті сорды да көре аласыз. Климатымыз тым континентті. Табиғат-Анадан тиген үлесіміз қуаң, шөлейт белдем болғандықтан – амал жоқ, боранды, қытымыр қыс пен аңызақ, аптап жазға төзуге бейімделіп алғанбыз. Сол үшін көктемде ағын түзеп, арнасы толған өзен-көлдеріміз жазда кеуіп, тартылып қалатыны құпия емес. Күн мен желден энергия өндірер болса (ЭКСПО) біздің жақтың біраз индустриясы мен инновациясы көтеріліп қала ма деп қоям) Жануардан – қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян, ақбөкендер мен жеңіл көлікпен жүрсеңіз жол бойында шоқиып тұрған сарышұнақтарды да көптеп кездестіруге болады. Көбінесе шөлді аймақтарға бейімделген өсімдіктер мен құс атаулысынан да кенде емеспіз.
Санаулы, негізгі көшелердің басқасымен түнделетіп жүрсеңіз Шалқарды қараңғы қала екен деп немесе асты төмен көлігіме обал болды деп көңіліңіз қалуы ықтимал. Яғни, қараңғыда жалғыз жүруге фобиясы бар адамдар үшін, тәжірибесіз жеңіл көлік жүргізушілері үшін сәл қиындау. Алайда, сеніңіз – біздің тұрғындар батыл әрі автомобильдің құлағында ойнайтын шумахерлер өңкей) Жаздың күндері келсеңіз қонақжай масаларымыз бар – адамды жасы мен жынысына, бойы мен келбетіне қарап бағаламайды, бәрін түгел жақсы көреді. Ыстықтадыңыз ба? Уайымдамаңыз, көліміз бар. «Жазда күнге күйген – қыста ауырмайды» дегенді басты қағида санаймыз. Сол үшін күнге еш кедергісіз күйіп, абсолютті нәтижеге жету үшін жағажайға ешбір көлеңке қоймаған ғой, шіркін! Бәрі табиғи. Кешке серуендегенді ұнатасыз ба? Әрине, болады! Бірақ үйге жақын болсын әрі босқа шаршамасын деп саябақтар салмаған. Есесіне әр үй өз алдымызға өзіндік үстел орнатып алғанбыз. Шағылған шемішке (пісте) қалдығын үзіліссіз есіп тұратын «самал» желіміз ертеңіне жоқ қылады. (қысқасы – бізде бәрі «чики, чики») Бәлкім, ауылдың қызығы да осында шығар… Енді мәдениет жағына ойысайық…
Қандай болса да, әркімнің өз туған жері – Мысыр шаһары ғой! Қазірде көк тіреген зәулім-зәулім ғимараттардың арасында жүрсем де, Шалқарымның көшелеріне жетпейді. Себебі, бұл аспан – менің балалық шағымның аспаны, бұл өлке – менің небір қуанышым мен қайғыма куә болған өлке. Осында менің бойым өсті, ойым өсті. Махаббат пен мейірімді, шынайылық пен қамқорлықты сезіндірген де осы жақтың адамдары. Шыны керек, кейде қаланың шуынан шаршағанда ауылыңның тыныштығын аңсайтының болады. Бір-екі күнге барып келсе ғой деп) Әттең, 2000 шақырым кедергі. (Оның үстіне екі поезбен қатынайтының тағы бар. Тура поезд болса деп жүрміз ғой… тағы да жанайқайға салып кеттім ба?)
«Тамыры жоқ ағаш, тарихы жоқ халық болмайды» деген Қабдоллов Зейнолла ағамның сөзін ту етіп, алдымен бұл өлкенің өткеніне аз-маз тоқталуды жөн санап отырмын (уйкипедия дәстүріне еліктеп). Еліміздің батыс бөлігінде орналасқан Шалқар жұртының арғы тегі сонау Батыс Түрік қағанатының құрамында болған Әлімұлы бірлестігінің тайпаларымен тікелей байланысты. Әйгілі Шекті руынан шыққан Айтұлы Тілеудің есімі тарихта 1684 жылғы Сайрам соғысындағы ерлігімен әйгілі. Кіші жүз ханы Әбілхайырдың қолбасшылық және саяси қызметтері, отаршылдыққа қарсы күрестері Ақтөбе өңірін тұтастай қамтыған. Ал, 15 жасында-ақ Жайық казактарына қарсы күресте көзге түсіп, «Батыр бала» атанған Есет Көтібарұлын күллі жұрт мақтан тұтады. Онан соң 1900 жылы орыс патшасы Орынбор-Ташкент теміржолын салуға жарлық еткенде істің ақ-қарасын айырып, ел болашағына тиер пайданы көре білген Шеңгел болысы Мырзағұл Шыманұлының берген көмегі ерлік емей немене?! Шалқар жерінде ақ гвардияшылармен күресте Әліби Тоғжанұлы Жангелдиннің еңбегі айрықша. Осы қатарлы есімдері ерен батырлар айта берсең ауыз толарлықтай. Артынша, 1921 жылы 21 қазанда 8 мыңның үстінде халқы бар Шалқар ауданы ұйымдастырылған. Бірер жылдан соң ол уезге айналып, Ырғыз, Қарашоқат, Шалқар аудандарын қамтыған. Содан бері жұртшылық небір нәубетті бастан өткерген. Сол кезеңдерден қазірге дейінгі даму жолын толығырақ білгім келеді деушілерге Т. Тілешовтің редакторлық етуімен басылған «Шалқар энциклопедиясын» сілтеймін.
Ал, енді цифрлар сөйлесін: бүгінде Шалқар – 1 қалалық, 12 ауылдық округке біріктірілген 48 елді мекенді құрайтын, орталығы Шалқар қаласы болып саналатын, Ақтөбенің оңтүстік-шығысында орналасқан білдей бір әкімшілік-аумақтық бөлініс. Жер аумағы – 62,2 мың шаршы квадрат. 2014 жылғы санақ бойынша халық саны – 46 031.