Менің шындығым немесе Шалқар қандай қала?

Сіздерге ақысыз гид болмақпын бұл жазбада) Білмейтіндерге өзім туып-өскен аймақты таныстырып өткім келеді.
Блог - mazhitova: Менің шындығым немесе Шалқар қандай қала?Мұнда жер бедері сан қилы. Бізге келсеңіз аласа тауларды да, қыратты-белесті даланы да, құмды алқаптарды да, тіпті сорды да көре аласыз. Климатымыз тым континентті. Табиғат-Анадан тиген үлесіміз қуаң, шөлейт белдем болғандықтан – амал жоқ, боранды, қытымыр қыс пен аңызақ, аптап жазға төзуге бейімделіп алғанбыз. Сол үшін көктемде ағын түзеп, арнасы толған өзен-көлдеріміз жазда кеуіп, тартылып қалатыны құпия емес. Күн мен желден энергия өндірер болса (ЭКСПО) біздің жақтың біраз индустриясы мен инновациясы көтеріліп қала ма деп қоям) Жануардан – қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян, ақбөкендер мен жеңіл көлікпен жүрсеңіз жол бойында шоқиып тұрған сарышұнақтарды да көптеп кездестіруге болады. Көбінесе шөлді аймақтарға бейімделген өсімдіктер мен құс атаулысынан да кенде емеспіз.
Блог - mazhitova: Менің шындығым немесе Шалқар қандай қала?Санаулы, негізгі көшелердің басқасымен түнделетіп жүрсеңіз Шалқарды қараңғы қала екен деп немесе асты төмен көлігіме обал болды деп көңіліңіз қалуы ықтимал. Яғни, қараңғыда жалғыз жүруге фобиясы бар адамдар үшін, тәжірибесіз жеңіл көлік жүргізушілері үшін сәл қиындау. Алайда, сеніңіз – біздің тұрғындар батыл әрі автомобильдің құлағында ойнайтын шумахерлер өңкей) Жаздың күндері келсеңіз қонақжай масаларымыз бар – адамды жасы мен жынысына, бойы мен келбетіне қарап бағаламайды, бәрін түгел жақсы көреді. Ыстықтадыңыз ба? Уайымдамаңыз, көліміз бар. «Жазда күнге күйген – қыста ауырмайды» дегенді басты қағида санаймыз. Сол үшін күнге еш кедергісіз күйіп, абсолютті нәтижеге жету үшін жағажайға ешбір көлеңке қоймаған ғой, шіркін! Бәрі табиғи. Кешке серуендегенді ұнатасыз ба? Әрине, болады! Бірақ үйге жақын болсын әрі босқа шаршамасын деп саябақтар салмаған. Есесіне әр үй өз алдымызға өзіндік үстел орнатып алғанбыз. Шағылған шемішке (пісте) қалдығын үзіліссіз есіп тұратын «самал» желіміз ертеңіне жоқ қылады. (қысқасы – бізде бәрі «чики, чики») Бәлкім, ауылдың қызығы да осында шығар… Енді мәдениет жағына ойысайық…
Кинотеатр бізде кеңес үкіметі кезінде болған. Үлкендердің сөзіне қарағанда, кіру тұрмақ, билет алудың өзі қиямет қайым болған екен. Бірақ оның орнында қазір сауда үйі. Ішінде кішігірім кинотеатрша ашылыпты. Бірақ, әлі шикі. Театр жоқ. Есесіне мәдениет үйі бар. Бұрын үздіксіз болып жататын концерттер қазір өз ізін жоғалтып алғандай…
Бірақ, кітапханасына ризамын. Менің сүйікті жерім. Оқимын дегенге мүмкіндіктер алаңы дерсің құдды. Біздің өлке 99% таза қазақтардан құралған. Басқа ұлт өкілдерін кездестіруге болады, ілуде біреу, алайда, олардың өзі қазақшаға судай. Сол себептен, тіл меңгеріп, деңгейін көтерем десеңіз бізге қонаққа келіңіз. Кеңпейілді, бауырмал тұрғындар келген қонағын құт көретін, «су сұрасаң, сүт пен айран беретін» ақкөңіл жандар.
Біздің өлкеден шыққан, елге сыйлы аға-апаларымызды мақтамаймын, ол кісілермен мақтанамын. Әріден бастар болсақ, өз заманында «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би» — Мөңке, ұлы музыкант, күйші Қазанғап Тілепбергенұлы, әнші Жанар Айжанова, әнші-термеші Айгүл Елшібаева, қазақ әдебиетіне небір керемет туындылар сыйлаған Тахауи Ахтанов (Шетырғыз), қазақ әзілінің деңгейін көтеріп, «Жайдарманды» жарқыратып шығарған Есен аға Елеукен (Шетырғыз), қазіргі таңда халықтың сүйіктісіне айналған «Ұлы дала баласының» жұлдыз болып жарқырауына үлестерін қосқан Аян Сейітов пен Қайнар Алагөзов сынды жігіттер Шалқардан шыққан. Бұл қатар мұнымен шектелмек емес.
Блог - mazhitova: Менің шындығым немесе Шалқар қандай қала?Қандай болса да, әркімнің өз туған жері – Мысыр шаһары ғой! Қазірде көк тіреген зәулім-зәулім ғимараттардың арасында жүрсем де, Шалқарымның көшелеріне жетпейді. Себебі, бұл аспан – менің балалық шағымның аспаны, бұл өлке – менің небір қуанышым мен қайғыма куә болған өлке. Осында менің бойым өсті, ойым өсті. Махаббат пен мейірімді, шынайылық пен қамқорлықты сезіндірген де осы жақтың адамдары. Шыны керек, кейде қаланың шуынан шаршағанда ауылыңның тыныштығын аңсайтының болады. Бір-екі күнге барып келсе ғой деп) Әттең, 2000 шақырым кедергі. (Оның үстіне екі поезбен қатынайтының тағы бар. Тура поезд болса деп жүрміз ғой… тағы да жанайқайға салып кеттім ба?)
Сонымен екі бөлім етіп жариялаған бұл постты бәріне болмаса да, біреуге ой салар деген ниетпен жаздым. Сонымен қатар, айтылған әңгіме мен естіген сөздерге сеніп, Шалқар турасында біржақты ой қалмаса екен деймін ғой… Бәріне бірдей топырақ шашуға болмайтыны дұрыс тұжырым екендігіне сүйенер болсақ. «Криминал» деп қалыптасып қалған стереотипті бұзайық) Уәде беремін, жақсы ниетпен келсеңіз, Шалқарды жақсы көріп кетесіз!..
Суреттер: Шалқар Береке Күнділданың көзімен
Бөлісу:

2 пікір

MickThatsMyNick
Қала атауы Ш-дан басталса, оған мән беру керек)))