Астана қаласында Солтүстік Қазақстан облысының күндері өтеді

22 және 23 қазанда «Хан Шатыр» СОСО маңындағы аумақта Солтүстік Қазақстан облысының «Өңір берекесі» ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына өңірдің және облыс орталығының 100-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымдары мен қайта өңдеу кәсіпорындарының өнімдері қойылады. Астанада 741 тонна ауыл шаруашылығы өнімін сату жоспарланған, соның ішінде: ет және сүт өнімдері, балық, жеміс және көкөністер, шұжық өнімдері, бал және т.б. бар. Жәрмеңкеге 100-ден аса өнім түрлері ұсынылады.

Жәрмеңке аясында Солтүстік Қазақстан облысы шығармашылық ұжымдарының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, елорда тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды мәдени бағдарлама дайындалған. 18 қазанда сағат 18:30-да М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында көрермендер назарына Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының «Мағжанның соты» қойылымы ұсынылады.

21 қазан күні сағат 18:30-да Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында С. Мұқанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртістері «Елім-ай» тарихи дастанының желісінде «Дауылпаз баба — Қожаберген» спектаклін сахналайды.

Кішкентай көрермендер үшін «Жастар» сарайында 19, 20, 21 қазан күндері сағат 10:00, 12:00, 14:00-де облыстық қуыршақ театры «Әуеле, домбыра!» спектаклін қояды.

Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін 21 қазан сағат 10:00-де «Менің досым — бағдаршам» атты қайырымдылық қойылымы көрсетіледі.

20 қазан сағат 11:00-де Астана қаласының мемлекеттік мұрағатында Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының ұйымдастыруымен «Солтүстіктің байлығы: бірегей мұрағат құжаттарындағы тарих» көрмесі ұйымдастырылады. Іс-шара аясында қала тарихы, облыс ортылығының атақты тұлғалары туралы «Петропавл қаласы» атты деректі фильм көрсетіледі.

22 қазан сағат 11:00-ден бастап Бейбітшілік және келісім сарайында СҚО-ның мұражайлық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Туған жердің тартылысы» көрмесі, сондай-ақ жергілікті суретшілердің «Өңір маржаны» көрме экспозициясы ұйымдастырылады. Осы жерде ағашты оюлау, қайың қабығынан және киізден түрлі бұйымдар жасау сияқты қолданбалы өнер түрлерінен шеберлік дәрістері өтеді.

22 қазан сағат 11:00-де Ұлттық кітапхананың көрме залында С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың «Солтүстік Есіл өңірі өрісі биік өлке» безендірілген кітаптар көрмесі өтеді.

22 қазан сағат 17:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Солтүстік Қазақстан облысының үздік шығармашылық ұжымдарының «Мағжан елінен-Елорда төріне» атты гала-концерті өтеді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11465
Әрі қарай

Елорданың онкологиялық орталығында ашық есік күндері өтіп жатыр

12-22 қазан аралығында елордада Бүкіләлемдік сүт безінің қатерлі ісігі жөнінде ақпараттандыру күніне арналған сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алу онкүндігі өтіп жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы көрсетіп отырғандай, бүгінгі күні қатерлі ісік аурулары адам өлімінің кең таралған себептерінің бірі болып табылады. Мамандардың айтуынша, сүт безінің қатерлі ісігі Қазақстанда және бүкіл әлемде әйелдер арасындағы өлім-жітімге алып келетін онкологиялық аурулардың құрылымында алдынғы орында тұр.

«Осы шараның шеңберінде біз қатерлі ісік алдындағы ауруларды анықтау және алдын алу жөніндегі скринингтерден, алдын алу тексерулерінен уақытында өтіп тұру қажеттілігіне қоғамның және халықтың назарын аударғымыз келеді. Соңғы үш жылда Астанада осы індетпен ауыру көрсеткіші артқан, ауру құрылымы жөнінен елорда бірінші орында болса, өлім-жітім бойынша — үшінші орында. Жыл сайын біз халықтың мақсатты топтары үшін скринингтер өткіземіз, аталған топтарға 50 жастан асқан әйелдер жатады, олар ауру белгілерінің анықталу-анықталмауына қарамастан, әрбір екі жыл сайын алдын алу тексерістерінен өтіп отыруға тиіс», — деп мәлім етті Астана қаласының Онкологиялық орталығының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары Бағдаш Мұстафина.

Қазіргі уақытта қалада тұрғылықты жері бойынша онколог дәрігерлерден тегін тексеруден өтуге болатын 11 емхана және 9 ішкі аудит қызметі жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық науқас әйел анықталады, ал елордада анықталатын науқас әйелдердің саны 250-300-ге жетеді. Қауіп-қатер тобына 50-60 жас аралығындағы әйелдер кіреді. Ауруға жиі себеп болатын жағдайларға генетикалық тұқым қуалаушылық, стресс, гормоналдық бұзылу, ерте жүктілік, ерте түсік жасау, және тәртіпсіз жыныстық қатынас сияқты жағдайлар жатады, дейді онкологтар.

Сонымен бірге, дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі күні ауруды ерте анықтаудың және емдеудің жаңа және инновациялық әдістері енгізілген. Ал дәрігер көмегіне уақытында жүгінген жағдайда аурудан толықтай айығуға мүмкіндік бар. Онкологиялық орталықта клиникалық кезеңге дейінгі ерте кезеңде ісікті анықтауға арналған стереотаксиялық биопсия, сондай-ақ, вакуумдық аспирациялық биопсия қолданылады, соңғысының көмегімен ультрадыбыстық зерттеудің бақылауымен кіші көлемді ісіктерді жоюға болады, дейді орталық мамандары.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11467
Әрі қарай

Астана төрінде Оңтүстік жайдарманшылары өнер көрсетті

Блог - jaidarman: Астана төрінде Оңтүстік жайдарманшылары өнер көрсетті

Бүгін Астана қаласындағы «ЖАСТАР» сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астана қаласындағы «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінің аясында жайдарман ойыны өтті.

Жастардың бойына рухани адамгершілік қасиеттерді ұялататын, шығармашылық қабілеттері мен өнерге деген құштарлығын арттыратын шарада қонақтар мен көрермендерге Оңтүстік Қазақстан облысынан келген үздік 8 топ өз өнерлерін көрермен назарына ұсынды.

Аталмыш шараға арнайы шақырылған қонақтар, Қазақстан республикасы Білім және ғылым министірлігінің Жастар саясаты департаментінің өкілдері және Астана қаласының тұрғындары мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 1 мыңға жуық студент жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Айта кетейік, жалпы қазақша КВН-нің арнайы біріншілігі 1999 жылы оңтүстіктен өз бастауын алған. Ал «Қазақстан КВН одағы» 2005 жылы құрылған болатын.

Оңтүстік Қазақстан облысында 14 пен 29 жас аралығында 800-ге жуық жас бар. Ал облыстағы 12 жоғары және 92 орта арнаулы оқу орындарында 66 513 студент білім алуда.

Қазақша Жайдарман аталған оқу орындарындағы белсенді, талантты жастар Елорда тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй мен жарасымды әзіл сыйлады.
Әрі қарай

Кейбір қоғамдық көліктердің бағыты өзгертіледі

Ағымдағы жылдың 19-қазанынан бастап, Ш. Айтматов пен Сарайшық көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылатындықтан № 17, 44, 61, 101 қоғамдық көліктерінің бағыты өзгертіледі.

Осылайша, № 17, 44 бағдарлар «Қазақ технология және бизнес университеті» аялдамасына дейін өзгеріссіз, одан әрі келесі сызба бойынша жүреді: Сарайшық көшесі – І. Омаров көшесі, Сығанақ көшесі — Ш. Айтматов.

№ 61, 101 бағдарлар «№ 81 мектеп-лицейі» соңғы аялдамасына дейін өзгеріссіз, ал одан әрі І. Омаров көшесі – Сарайшық көшесі – Ш. Айтматов көшесі – Сығанақ көшесі сызбасымен жүреді.

Қосымша ақпаратты 574 – 777 телефоны арқылы байланыс орталығынан алуға болады.
Әрі қарай

Астанада «Автобус» жедел-алдын алу шарасының қорытындысы шығарылды

Қазанның 13-і мен 15-і аралығында елордада «Автобус» жедел-алдын алу шарасы өткізілді. Шараның мақсаты — елорда автожолдарындағы апаттылық деңгейін төмендету, жолаушылар және жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көлік жүргізу тәртібін жақсарту, жол қозғалысына қадағалау мен бақылауды күшейту.

«Автобус» жедел-алдын алу шарасы барысында полиция қызметкерлері мерзімді жолаушы тасымалын іске асыратын, рейс алдындағы техникалық бақылаудан өткен жүргізушілердің Жол жүру ережелерін бұзуының және рейс алдындағы медициналық тексеруден өтпей қалған жүргізушіні рейске жіберудің 720-ға жуық дерегін тіркеген.

Атап өтерлігі, қалада автобус парктерінің 8 лауазымды тұлғасы жауапқа тартылып, 10 автобусты пайдалануға тыйым салынды. 134 жүргізушіге ұялы телефонмен әңгімелескені үшін айыппұл салынса, 87 жүргізуші маневрлеу ережелерін бұзған, және жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 13 дерегі тіркелген. Бұған қоса, жедел-алдын алу шарасын өткізу кезінлде тексерістен өтпеген автобустарды пайдалануға берудің 23 фактісі анықталған.

Елорда аумағында қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалы саласында 9 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың күнделікті қолданысында 750-ден аса қалалық автобус бар.
Әрі қарай

Астанада ҚХА этномәдени бірлестіктерінің күндері ашылды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында елордадағы көлік және коммуникациялар колледжінде Астана қ. Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің күндері ашылды.

Шараның мақсаты Астана қ. ҚХА қызметін насихаттау, жастарды этномәдени бірлестіктердің қызметіне тарту, Қазақстанда тұратын этностардың әлеуметтік-мәдени мұрасын қайта жандандырып, сақтау. Концерттік бағдарламада немістердің «Возрождение» қоғамының тәрбиеленушілері, «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, және «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының мүшелері өнер көрсетті. 2016 жылғы қарашаның соңына дейін ауқымды шаралар елордадағы алты жоғары оқу орнында өткізіледі.

«Біз бастап отырған шаралар кезегі студенттерді, мектеп оқушыларын толеранттылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған этномәдени бірлестіктердің қызметімен таныстыруды көздейді. Тәуелсіздік алғалы бері бауырлас халықтар достық пен келісім жағдайында өмір сүріп келеді. Бізде жексенбілік мектептер қызметі дамуда, ол біздің этносқа өз мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді сақтауға мүмкіндік береді. Меніңше, мемлекеттің қамқорлығы деген осы», — деп атап көрсетті қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі Шавкат Исмаилов.
Әрі қарай

Олимпиада ойындарының чемпиондары бір күнге дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне айналды

Дүйсенбі, 2016 жылдың 17-қазаны елорда мектептерінің мыңдаған оқушылары үшін әдеттегі және үйреншікті түрде өтсе, № 54 мектеп-лицейдің бесінші сынып оқушылары үшін бүгінгі күн ерекше күн болды. Олар үшін дене шынықтыру сабағын Данияр Елеусінов пен Юрий Мельниченко өткізді. Оқушылардың айтуынша, 45 минут уақыт байқалмай өтіп кеткен, ал ең бастысы, бұл дәріс олардың жандары мен тәндері үшін пайдалы өтті.

«Бұл мектепке қайта келгеніме қуаныштымын, мен мұнда биыл бірінші қырқүйек күні келгенмін», — деді чемпион журналистерге сұхбат беру барысында. Ол туған білім ордасына қуана келетінін атап көрсетті. Данияр осы мектептің түлегі. Және бүгін ол қонақ емес, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде келіп отыр. Данияр 1996 жылғы Олимпиаданың алтын жүлдегері Юрий Мельниченкомен бірге балалармен алдымен денені ширату жаттығуларын, содан кейін бұлшық еттерді мығым етіп, қозғалыс үйлесімділігін дамытатын жаттығуларды жасады.

«Егер балалар осы жастарында дене шынықтырудың маңызы мен мәнін түсініп, әуестене шұғылданатын болса, денсаулықтары мықты болады. Біз үшін олардың спортшы немесе басқа салада жетістіктерге жететін қарапайым азаматтар болатыны маңызды емес, ең бастысы, табысты адам болғаны. Ал бұл үшін мықты денсаулық қажет», — деді Юрий Мельниченко.

Оқушылар отырып, секіріп жатқанда жоғарғы сынып оқушылары атақты спортшының автографын алып, онымен селфиге түсу үшін сабақтың аяқталғанын тағатсыздана күтті. Астана әкімдігінің және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен ұйымдастырылған «Физкульт-Ура» жобасының арқасында үстіміздегі жылдың сәуірінен бері ондаған мың елордалық мектеп оқушылары Дмитрий Баландин, Гюзель Манюрова, Серік Сәпиев, Ольга Шишигина, Валерий Тихоненко, Ермахан Ыбрайымов және Жақсылық Үшкемпіров сияқты үлкен спорттың жұлдыздарымен кездесуге мүмкіндік алды. Болашақта ұйымдастырушылар жобаны өзге аймақтарда да өткізіп, Ақтөбе және Қарағанды қалаларының мектеп оқушыларын да қуантуды жоспарлап отыр.

Астанада әйелдердің денсаулығын қорғау бойынша Ашық есік күні өткізіледі

Ертең, қазанның 17-і — Бүкіләлемдік сүт безінің қатерлі ісігі жөнінде ақпараттандыру күні елорданың Онкологиялық орталығында (Манас к-сі, 17) сағат 11.00-де онколог, маммолог мамандардың қатысуымен әйелдердің денсаулығын қорғау бойынша ашық есік күні өтеді.

Сондай-ақ, алдын алу бөлімінің және салауатты өмір салтын ұйымдастырушы дәрігерлер үшін: «Сүт безінің қатерлі ісігі. Ерте анықтау» тақырыбында қалалық семинар өткізіледі.

Астана қ. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының хабарлауынша, Астана қаласында аталған індетпен ауыру көрсеткішінің 165,8-ден (2014ж) 198,4-ге дейін (2015ж) өсу үрдісі, және өлім-жітім көрсеткішінің 100 мың халыққа шаққанда 82,8-ден 86,6-ға дейін өскені байқалып отыр.

Атап өтерлігі, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» ҚР денсаулық сақтау мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде онкологиялық ауруларды басқарудың интеграцияланған моделін енгізу бағытында белсенді негізде жұмыс жүргізілуде.
Әрі қарай

Астанада «Жайдары Жасұлан» республикалық сайысы өтеді

Блог - jaidarman: Астанада «Жайдары Жасұлан» республикалық сайысы өтеді
22 қазан күні Астанадағы «Қазмедиа» концерт залында «Жайдары Жасұлан» республикалық сайысы өтеді.

Жоба жыл сайын «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі ҚР Білім және ғылым министрлігі және республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар және жасөсіпірімдер ұйымымен үшжақты меморандум негізінде Астана, Алматы қалалары және облыстардың мектеп оқушылары арасында өткізіліп келеді. Бұл дәстүр алдағы жылдары да жалғасын табады деген үміттеміз.

Сайыстың мақсаты — жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілікті қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдердің азаматтық белсенділігі мен саналығын арттыру, танымдық жұмыстарды ынталандыру, балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік дамуы үшін жағдай жасау, жауапкершілік пен еңбексүйгіштікті қалыптастыруға, көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға бағытталған баланың жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту болып табылады

Кеш сағат 17:00-де басталады.
Әрі қарай

Астанада діни экстремизмнің құрбандары туралы спектакль көрсетіледі

Б. Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайында алғаш рет «Есігімді қаққан кім?» спектаклі сахналанады. Пьеса теріс ағым жетегіне түскен жас отбасының мәселесі жайлы әңгімелейді.

Шығарманың авторы жазушы-драматург, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, спектакль оның «Жан шырылы» романы бойынша қойылады.

— Бұл көркем шығарма, онда қиял да, дәлелдер де бар, негізінен, қоғамда орын алған фактілер келтіріледі. Радикалды діни ағымдар Қазақстанда тамырын жайып келеді, жастарымыз олардың ықпалына түсіп, кейбіреулері отбасыларын алып Сирияға кетіп жатыр. Бұл бір халықтың, бір ұлттың ғана мәселесі емес. «Есігімді қаққан кім?» деп аталғанымен, бұл жерде жүрек пен сана туралы айтылған, — дейді автор.

Оның айтуынша, шығарманы жазуға бір жылдан артық уақыт жұмсалған. Жазушы құжаттарды зерттеп, терроризмге қарсы органдардың көмегіне жүгінген.

Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов спектакльді екі айдың ішінде қойған.

Драма қарапайым қазақ отбасы туралы. Асқар мен Гүлнұр атасы мен әжесінің қолында өсіп жатқан қыздарына бір жылдан астам уақыттан бері бармайды. Бұған олардың теріс діни ағымды ұстанатыны себеп болады. Жастар жағдайдың мән-жайын тек қыздарымен бірге шетелдегі террористер лагеріне түскенде ғана түсінеді. Бірақ олар ол жерден шыға алмай қалады.

Спектакль азаматтарды бейбітшілікті, отанымызды және отбасымызды бағалауға, сондай-ақ, басты кейіпкерлердің қателігін қайталамауға шақырады.

Спектакль 17 қазанда сағат 19-да басталады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11425
Әрі қарай