Астана қаласында Солтүстік Қазақстан облысының күндері өтеді

22 және 23 қазанда «Хан Шатыр» СОСО маңындағы аумақта Солтүстік Қазақстан облысының «Өңір берекесі» ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына өңірдің және облыс орталығының 100-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымдары мен қайта өңдеу кәсіпорындарының өнімдері қойылады. Астанада 741 тонна ауыл шаруашылығы өнімін сату жоспарланған, соның ішінде: ет және сүт өнімдері, балық, жеміс және көкөністер, шұжық өнімдері, бал және т.б. бар. Жәрмеңкеге 100-ден аса өнім түрлері ұсынылады.

Жәрмеңке аясында Солтүстік Қазақстан облысы шығармашылық ұжымдарының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, елорда тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды мәдени бағдарлама дайындалған. 18 қазанда сағат 18:30-да М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында көрермендер назарына Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының «Мағжанның соты» қойылымы ұсынылады.

21 қазан күні сағат 18:30-да Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында С. Мұқанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртістері «Елім-ай» тарихи дастанының желісінде «Дауылпаз баба — Қожаберген» спектаклін сахналайды.

Кішкентай көрермендер үшін «Жастар» сарайында 19, 20, 21 қазан күндері сағат 10:00, 12:00, 14:00-де облыстық қуыршақ театры «Әуеле, домбыра!» спектаклін қояды.

Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін 21 қазан сағат 10:00-де «Менің досым — бағдаршам» атты қайырымдылық қойылымы көрсетіледі.

20 қазан сағат 11:00-де Астана қаласының мемлекеттік мұрағатында Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының ұйымдастыруымен «Солтүстіктің байлығы: бірегей мұрағат құжаттарындағы тарих» көрмесі ұйымдастырылады. Іс-шара аясында қала тарихы, облыс ортылығының атақты тұлғалары туралы «Петропавл қаласы» атты деректі фильм көрсетіледі.

22 қазан сағат 11:00-ден бастап Бейбітшілік және келісім сарайында СҚО-ның мұражайлық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Туған жердің тартылысы» көрмесі, сондай-ақ жергілікті суретшілердің «Өңір маржаны» көрме экспозициясы ұйымдастырылады. Осы жерде ағашты оюлау, қайың қабығынан және киізден түрлі бұйымдар жасау сияқты қолданбалы өнер түрлерінен шеберлік дәрістері өтеді.

22 қазан сағат 11:00-де Ұлттық кітапхананың көрме залында С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың «Солтүстік Есіл өңірі өрісі биік өлке» безендірілген кітаптар көрмесі өтеді.

22 қазан сағат 17:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Солтүстік Қазақстан облысының үздік шығармашылық ұжымдарының «Мағжан елінен-Елорда төріне» атты гала-концерті өтеді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11465
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше