Елорданың онкологиялық орталығында ашық есік күндері өтіп жатыр

12-22 қазан аралығында елордада Бүкіләлемдік сүт безінің қатерлі ісігі жөнінде ақпараттандыру күніне арналған сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алу онкүндігі өтіп жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы көрсетіп отырғандай, бүгінгі күні қатерлі ісік аурулары адам өлімінің кең таралған себептерінің бірі болып табылады. Мамандардың айтуынша, сүт безінің қатерлі ісігі Қазақстанда және бүкіл әлемде әйелдер арасындағы өлім-жітімге алып келетін онкологиялық аурулардың құрылымында алдынғы орында тұр.

«Осы шараның шеңберінде біз қатерлі ісік алдындағы ауруларды анықтау және алдын алу жөніндегі скринингтерден, алдын алу тексерулерінен уақытында өтіп тұру қажеттілігіне қоғамның және халықтың назарын аударғымыз келеді. Соңғы үш жылда Астанада осы індетпен ауыру көрсеткіші артқан, ауру құрылымы жөнінен елорда бірінші орында болса, өлім-жітім бойынша — үшінші орында. Жыл сайын біз халықтың мақсатты топтары үшін скринингтер өткіземіз, аталған топтарға 50 жастан асқан әйелдер жатады, олар ауру белгілерінің анықталу-анықталмауына қарамастан, әрбір екі жыл сайын алдын алу тексерістерінен өтіп отыруға тиіс», — деп мәлім етті Астана қаласының Онкологиялық орталығының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары Бағдаш Мұстафина.

Қазіргі уақытта қалада тұрғылықты жері бойынша онколог дәрігерлерден тегін тексеруден өтуге болатын 11 емхана және 9 ішкі аудит қызметі жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық науқас әйел анықталады, ал елордада анықталатын науқас әйелдердің саны 250-300-ге жетеді. Қауіп-қатер тобына 50-60 жас аралығындағы әйелдер кіреді. Ауруға жиі себеп болатын жағдайларға генетикалық тұқым қуалаушылық, стресс, гормоналдық бұзылу, ерте жүктілік, ерте түсік жасау, және тәртіпсіз жыныстық қатынас сияқты жағдайлар жатады, дейді онкологтар.

Сонымен бірге, дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі күні ауруды ерте анықтаудың және емдеудің жаңа және инновациялық әдістері енгізілген. Ал дәрігер көмегіне уақытында жүгінген жағдайда аурудан толықтай айығуға мүмкіндік бар. Онкологиялық орталықта клиникалық кезеңге дейінгі ерте кезеңде ісікті анықтауға арналған стереотаксиялық биопсия, сондай-ақ, вакуумдық аспирациялық биопсия қолданылады, соңғысының көмегімен ультрадыбыстық зерттеудің бақылауымен кіші көлемді ісіктерді жоюға болады, дейді орталық мамандары.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11467
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше