20 ЖЫЛДЫҚ ҚАРСАҢЫНДА 20 ДЕПУТАТ ЕРЛЕДІ

Осы күнге дейін депутаттардың атына айтылатын неше түрлі жайсыз сөздерден бас көтере алмаушы едік. Бұл жолы халық қалаулылары халықтың қалауын, яғни ұлттық, мемлекеттік мәселелерді өздерінен жоғары қоя білетіндері баршылық екенін дәлелдеді. Бүгін 13 сәуір күні Мәжілістің жалпы отырысында депутат Шалатай Мырзахметов бастаған 20 депутат «тәуелсіздігім тағдырым» деп өткен Мұстафа Шоқайға шет мемлекеттер құрлы құрмет көрсете алмай жатқандығымыз туралы депутаттық сауал оқып, санада бір-ақ төңкеріс жасап жіберді. Кезінде оның атын атаудың өзіне тыйым салынып, аты үрей тудырған заманның толқыны болғанына қарамастан, бойларында әлі кеңестік қорқыныштың уыты тарқамаған депутаттарымыздың бұл жолғы батырлығына түрегеп тұрып сол соғуға болады. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында тәуелсіздік жолында құрбан болғандарға құрмет көрсетіліп, санада бетбұрыс болып жатса неге бәрекелді демеске.