«БАЛАҢЫЗДЫ КЕПІЛГЕ АЛДЫҚ…» немесе телефон террористерінің «ойыны»
Әдетте, телефонмен «бәлен жерде бомба бар, түген жерде жарылғыш бар» деп жұртты әбігерге салып қоятындардың кездесетінін жұрт біледі. Ондайлардың талайы ұсталып та жатыр. Бірақ, соңғы кезде «балаңызды кепілдікке алдық, бәлен доллар талап етеміз» деп отпен ойнайтындар да бой көрсете бастапты. Біздің ұжымдағы екі адамға сондай телефон содырлары қоңырау шалып үлгеріпті. Алғашқы оқиға, осыдан бірнеше күн бұрын болыпты. Бізде дыбыс-операторы болып жұмыс істейтін Гүлжанат Байшотқызы деген апайымызға түнгі он екі кезінде белгісіз біреулер телефон соғып «Сіздің балаңыз бізде кепілдікте отыр. Егер бала керек болса мына номерге хабарласыңыз» деп телефон номерін берсе керек. Содан не керек, Гүлжанат ханым жанұшыра әлгі номерге хабарласады. Ал, тұтқаның арғы жағындағылар «Балаңыздың аты кім? Қазір қолыңызда қанша ақша бар?» деп сұраса керек. Сасқалақтаған ана баласының атын да, қолындағы қаржысын да айтып беріпті. Ал, бүгін тағы бір дыбыс-операторы Совет Бекішовке біреулер телефон соқса керек. Ағамыз зейнет жасына жақындап қалған жан. Ол кісінің жүрегі ауыратынын да білеміз. Телефон террористерінің кесірінен бүгін боп-боз болып жұмысқа келгенін көрдік. Бұл жолы қылжақбастар 2 мың доллар талап етіпті. Алайда, ағамыздың баласы жұмысында болып шығыпты. Біз ағамызға «неге полицияға хабар бермедіңіз? Қазір ондай телефон содырларын тауып алу қиын емес қой» десек, «Полицейлер не тындырады дейсің? Олар өз басымды қатырады ғой» деееп қарап тұр. Мұның өзі біздің азаматтардың полицейлерге деген сенімінің көрсеткіші болса керек. Бәлкім, оған да себеп бар шығар. Өйткені, полицейлердің ішінде істі сиырқұймышақтандырып жіберетіндер көп. Ол өз басымнан да өткен. Мәселен, өткен жылы қарындасымды көлік қағып кеткен кезде біз полицияға шағым түсіргенбіз. Бірақ, Астана қаласы ІІД –ның тергеушісі Алтай Сәрсенов істі созбалағаны сонша, ақыры әлгі шаруа аяқсыз қалып еді. Сол кезде «НұрОтан» партиясына да шағым жазғанбыз. Нәтиже шыққан жоқ. Ақыры, кейін сол оқиғаға байланысты істі прокурорлар алған болатын. Енді олардың шешімін күтіп жүрміз. Міне, мұның өзі біздегі құқық қорғау органдарының, тіпті билеуші партияның жұмысының қарапайым адамдар үшін қаншалықты «тиімді» екендігін көрсететін сияқты. Бірді айтып, бірге кеттім-ау шамасы, сонымен әлгі телефон террористеріне келетін болсақ, телефон арқылы қылжақтайтындардың саны азаймай тұр. Бұрын ел ішінде кез-келген номерге қоңырау шалып, «Бұл монша ма?» деп сұрайтын, егер жауап «жоқ, монша емес» деп шықса «онда неге жалаңаш тұрсыз?» дейтін немесе «Бәленше үйде ме?» деп бірнеше рет сұрап, кейін сол адамның өзі болып қайта хабарласып «мені сұраған ешкім жоқ па?» дейтін қалжыңдар кездесетін. Ал, енді «балаң кепілдікте отыр» деу от шығатын ойынның түрі болса керек. Сондықтан, «телефон террористеріне не істеуге болады?» деген сұрақты ортаға тастап отырған жайым бар.
P. S: Айытпақшы, менің бір танысыма түн ішінде белгісіз біреу қоңырау соғып «Сіздің күйеуіңіз менің қасымда жатыр» деп ашуына тигісі келіпті, сонда әлгі танысым «Жақсы болыпты. Егер ұйқысы қанса, таңертең жуындырып-шайындырып, тамақтандырып, жұмысына жібере салыңыз» депті. ( фото www.thenews.kz сайтынан алынды)
Қилызаман, у іш )))))))))))))))))))))))))))))
Марк Твен