Гераклдың жетінші ерлігі: Крит бұқасы.
Гректердің құрлығында жабайы аңдар мен қаһарлы құбыжықтар қалмады. Бәрін Геракл жойып тауысты. Ал Эврисфей теңіздің ортасында орналасқан Крит аралына барып, ол жерден Микенаға Посейдонның бұқасын алып келуді тапсырды. Теңіздер құдайы бұл бұқаны құрбандыққа шалу үшін Миносқа тарту еткен болатын. Алайда Миносқа бұқа қатты ұнап қалды. Сондықтан пенделер ішіндегі айлакерлердің бірі саналатын Минос өзінің басқа бұқасын сойып, ал құрбандыққа арналған бұқаны табынына қосып қойды. Бұны біліп қалған Посейдон әлгі жануарға құтырма ауруын жіберді. Бүкіл аралмен жүгіріп жүріп, бұқа егістіктерді таптады, мал үйірлерін бытырата қуды, адамдарды өлтірді. Эврисфей Гераклдың бұқаға әлі жететініне сенімді болса да, оны құрлықпен емес, су арқылы қалайша тірілей алып келетініне күмәнді болды. “Қандай кемеші өзінің қайығына құтырған бұқасы бар жолаушыны мінгізуші еді?!” – деп ойлаған Эврисфей қастана күлді.


Бүкіл Элида жерінде ғана емес, Пелопоннесті тұтастай алғанда Гелиостың ұлы Авгий патшадан бай адам болмаған екен. Оның мал қорасында бұқалардың өзі бес жүзден асатын. Әр бұқаға он бас сиырдан келді, ал әр сиыр жыл сайын бір бұзаудан әкелетін. Авгийдің орнында басқа біреу болса көрші патшалармен байлығын бөлісіп немесе бұзауларды малшыларға таратып берер еді. Бірақ бай болған сайын сараң бола түседі деп бекер айтылмаған ғой. Авгий мал ауласын берік қоршаумен қоршап қойды және малын ұрлатып алудан қорқып күн сайын оларды санаумен айналысты. Бұқалар бір орында тұрмағандықтан, Авгий есептен жаңылып, оларды қайтадан санай бастайтын. Сондықтан да малдың тезегін тазалауға уақыты болмады. Бұзаулар қоймалжың қиға бата бастады, бірақ Авгий бұған мән бермеді. Ол санаудан басқа ештеңе істемеді.