Аспанмен ғимараты таласқан мынау қала-заманда көгі шексіз, шетсіз кең көрінген жәдігер қала. Көгілдір аспан осында ғана көз тартып, осында ғана ұшы-қиыры жоқ көлемін көрсетеді. Жастайымнан жадымда заманның сан қилы желінен атауы сан өзгерген, сонау ерте палеолиттің басынан бері орны бар, ғұндардың тұсында қала болып құлпырған қасиетті шаһар ретінде қалды.«Тараздың садағындай қиылған қас» деп тамсана тамылжытқан Фирдоусидің кезінен-ақ талайға көруге арман болған, топырағын қарауға желіктірген тарихы Таразды тамашалау бүгінгі ұрпақ үшін үлкен бақ, бабалардың үлкен сыйы. Блогқұрылтайдың осы шаһарда өткізілуіне орай, Intellect Incubator-лықтар болып көлік басын тіреп, барып қайттық.
20 ғасыр бойғы тарих, Керей мен Жәнібек хандардың желбірете байрақ тіккен топырағы, Қарахан ханның кезіндегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман, Дәуітбек бабаның данагөйлігі, Тектұрмастың тектілігі, Айша бибідей арулардың асыл сезімі сіңген жер еріксіз елітпей қоймайды. Блогқұрылтайдың ұйымдастырушылары тарапынан болған тарихи қаланы аралату сапарында біраз жерге барып, біраз дүниелерге көз жеткіздік.
Тарихтың тағылымын сақтап, «бүгінгі күн – ертеңгі тарих» ұстанымын да ұмытпаған: «Әулие Ата» халықаралық әуежайы, «Баласағұн» концерт залы, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы, «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық кешені, «Жәдігер» жылжымалы мұражай экспозициясы, «Төрткүл» керуен сарайы, «Әулие Ата» ат спорты клубтары әрбірімізге дәріптелген игі іс.
ЮНЕСКО-ның көлемінде 2000 жылдық талайғы тарихын тойлатып, бабалардың мұрасын мәңгі өшпестей, жүректе, есте сақтаттық. Елбасымыздың өзі: «Тараздың тойы – қара ормандай халқымыздың ежелден бергі ұзақ тарихымыздағы ұлан-асыр қуанышы, текті Тараз – біздің халқымыздың өткені мен бүгінін жалғап тұрған асыл арқау, мәңгіліктің алтын өрмегі», — деп баға берген алтын тойы тек Тараздықтар үшін емес, барша қазақстандықтар үшін ұлан-асыр мереке болған. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Тараз назардан тыс қалмай, басты рөлде болды.
Тарихтың алтын діңгегі ұлы адамдар — Таразадан шыққан тарландар да мені қызықтырған. Қайткенмен де, ойлайтынмын, осыншама тарихы терең жатқан топыратың баласы қандай болады екен деп. Жүсіп Баласағұн, Хайдар Дулати, Қашқари, Жалайрилар сынды текті ұрпақ тарихтың алтын әріп түсер дәптерін ашып берсе, Бөлтірік шешен, Жамбыл мен Кенен, Атанберділер жанындай жырлап өтті. Момышұлы Бауыржан сынды Халық Қаһарманын жаратқан топырақ, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази сынды тарландарға да ыстық ұя бола білген.
Қазақ жерінде пайда болған алғашқы қалалардың бірі қасиетті Тараз мен үшін жәдігер қала. Елімнің елдік алғанға дейінгі хандық дәуірдегі басынан кешірген оқиғалары осында ғана көз алдыңда кескінмен көріне алады. Кіріп келген шақтан-ақ бейнелік әсер етуі жағынан болсын, аурасының тарихилығы, әрбір дүниеге аса мән беріле әспеттеген ұлттық бейнелері құдды бір халық тұрмыс құрып, тіршілік етіп жатқан қала емес, мұражайдағыдай дәріптеп, қастерлеп, көздің қарашығындай сақтап отырған жәдігеріміз сияқты.
Сәуір айының 22 күні «Гүлдене бер, Туған ел!» жалпыұлттық жастар марафон-эстафетасы басталды. Белсенді жастардың 300 жуық өкілі «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары маусымының ашылуына қатысты. Аптасына екі рет еріктілер қаланы тазарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізеді, ағаш отырғызып, жасыл көшеттерге күтім көрсетеді, сондай-ақ, соғыс ардагерлеріне тұрмыста көмектесетін болады.
Акцияға «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, «Жасыл ел» жасағының және студенттік құрылыс отрядтарының өкілдері, ЖОО, колледж студенттері, орта мектеп оқушылары қатысатын болады.
– Біздің басты мақсатымыз Астананы сүйетін, елін сүйетін жастарды біріктіру, оларды қаланы абаттандыру жұмыстарына өз үлесін қосуға тарту. «Гүлдене бер, Туған ел!» акциясына жастар өз еркімен қатысады. Қазіргі жастар белсенді, бастаманы қуана қолдауда, тазалықта тұрып, еңбек еткенді қалайды, — дейді «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Шахмардан Байманов.
Жастар жасағы тұрақты түрде сенбіліктер өткізбекші. Жастар елорда көшелерін, аулалардағы ашық алаңдарды тазартып, ретке келтіреді, сондай-ақ, көгалдандырумен айналысады. Оның үстіне соғыс ардагерлері мен қарт адамдарға жәрдемдеседі.
– Осындай акцияға алғаш рет қатысып отырмын. Мен мұны қала алдындағы борышым деп санаймын. Елорданы абаттандыруға үлес қосып, адамдарды қоқыс тастамауға, тазалықты сақтауға, ардагерлерге көмектесуге шақырамын, – дейді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті Аслан Асылбеков.
Қолайсыз ауа райына қарамастан «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 11-ші маусымы сәтті басталды. Жастар парк аумағын жинап, көшеттер отырғызды.
Есіңізге саламыз, ертең, 23 сәуірде қалада «Таза қала – бақытты қала» жалпықалалқ сенбілігі өтеді. Игі шарадан сіз де сырт қалмай, қаламыздың көркеюіне үлесіңізді қосыңыз.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
«Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан партияның белсенді мүшелеріне Елбасының атынан алғыс хаттар табыстады.
Ә. Жақсыбеков қалалық штабтың сайлауалды науқанда атқарған жұмысын, оның маңызын айта келіп, партия мүшелерін осы мәртебелі істі абыроймен өткізгенімен құттықтады. Сондай-ақ, елорда басшысы «Нұр Отан» партиясын қолдау бойынша сайлаушылар дауысының 85,18% жинап, Астананың мемлекеттегі ең үздік нәтижеге қол жеткізгеніне тоқталды.
«Бұл маңызды және жауапты жұмыстың объективті қорытындысы. Астанада партияға теңдессіз қолдау көрсетілді. Халық Елбасын және еліміздің қазіргі саяси бағытын құптайды. Адал еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын», — деді Ә. Жақсыбеков.
Азаматтарға «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын түсіндіруге белсенді қатысқан қоғам қайраткерлері, сайлауалды штаб мүшелері, жас белсенділер алғыс хаттармен марапатталды.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Астанада «Тілдарын — 2016» қалалық олимпиадасының және «Тіл шебері — 2016» мемлекеттік қызметші жастар арасындағы қалалық байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Бұл шараның мақсаты үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу.
Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тілдарын-2016» қалалық олимпиадасы «Тілеп» қобыз сарайында өтті. Конкурс үш кезеңмен өткізілді. Бірінші кезеңде қазақ тілін, екінші кезеңде ағылшын тілін меңгеру деңгейі тексерілді. Қатысушылар 15 минуттың ішінде тақырыпты ашып беруге тиіс болды. Ал үшінші турдың шарты бойынша қазақ тіліндегі мәтінді синхронды түрде орыс тіліне аудару қажет. Олимпиада нәтижесі бойынша «Тілдарын-2016» жүлдегері Ержан Орынбасаров атанса, «Тіл шебері – 2016» конкурсында Тұрар Мықтыбаева үздік болып танылды.
Шара барысында олимпиада мен байқау жеңімпаздары Астана қаласы әкімінің атынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Мен байқауға қатысуға қуана келістім, өйткені, лингвистикалық гимназияда оқып, үш тілді де еркін меңгергем. Бірінші кезеңнен кейін жеңілдім деп ойладым, ал екінші турға өткенде өзіме деген сенімім арта түсті. Жүлдеге қол жеткіземін деп ойламаған едім, — дейді Нұрсұлтан Бекмұрзаев.
Шара барысында «Бәйтерек» тобы, Маржан Арапбаева, Құрмаш Маханов т.б. қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Астана қаласында қоғамдық көлікте электронды жолақы төлеу жүйесі мамыр айынан бастап кезең-кезеңмен енгізілетін болады. Бұл жүйе AstraPlat, ал көлік картасы – AstraCard деп аталады деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz.
Автобус жолаушысы жол жүру ақысын төлеу үшін картаны кіреберісте орнатылған арнайы жабдық – валидаторға қосады, осы аппараттың көмегімен балансты да тексеруге болады. Электронды карталарды сатып алу және балансты толықтыру үшін кезең-кезеңмен 10 кеңсе ашылмақ, 30 автомат орнатылып, 25 сату пункті іске қосылады. Болашақта аталған желі кеңейтіліп, оны төлем терминалдары жүйесімен және интернет-банкинг порталдарымен интеграциялау көзделген.
Жолаушы картаны сатып алуға үлгермеген жағдайда, автобуста жолақысын қолма-қол ақшамен төлей алады. Ол үшін жүргізуші кабинасының жанында QR-коды бар бір реттік билет беретін терминал (жүргізуші консолі) орнатылады.
Ал электронды билеттеуге астаналықтарды көбірек тарту үшін икемді тарифтік жүйе қарастырылған – автобуспен көбірек жол жүру жолаушы үшін экономикалық тұрғыдан тиімді болып шықпақ.
Сәуір айының соңында көлік карталары азаматтардың жеңілдетілген санаттарына таратылмақ. Осы мақсатта 2015 жылы тамыз айында фототіркеу ұйымдастырылып, автобуспен тегін жүретін жолаушылардың мәліметтер базасы құрылған болатын. Карталар берілетін орын мен уақыты БАҚ арқылы қосымша хабарланады.
Айта кетейік, қоғамдық көліктерде «AstraPlat» электронды жолақы төлеу жүйесін қолданысқа енгізу бір реттік жол жүру билеттердің есепке алынбауы, жолаушылар ағыны туралы мәліметтердің болмауы, қоғамдық көлік қызметкерлерінің кірісті жасыруы сияқты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, сондай-ақ, қазіргі қолайсыз төлем жүйесін жояды. Жаңа жүйе жолаушылар үшін қолма-қол ақшаны қажет етпейтінімен қолайлы болмақ.
«Жер сатылғалы жатыр» дегенді ойлап кетсем ұйқым бұзылады. «Мүмкін емес» деп сенгім келмейді. Бұл #ЖЕР атаның күшімен, ананың жасымен келді ғой. Әріге бармай-ақ бергі 86-жылғы жастардың көз жасы мен қыршын жандары ше?! «Арендаға ғана береміз ғой» деп жұбатады елді. Онда әйелдерің мен қыздарыңды арендаға беріп көрсеңдерші дегім келеді. Себебі «жер» тіпті жаннан да қымбат. Кезінде батырлар қойнындағы қатынын сұрағанға да көнгенмен ұлтарақтай жерге келгенде атқа қонды. Бұл дегеніміз болашақтың қамы үшін еді ғой. Ал, сол болашағы, ұрпағы жер үшін не бітіріп жүр?! Жақсы. Не бітіріп жүрміз?! Біздің алшаң басып жүргеніміз сооол ата-бабаның еңбегі. Солардың аманаты! Шіркін солар қазіргі «жер сатайық» деп дүние қуған намыссыз шенеунікті көрсе не істер еді? "Қазағым ұсақталып бітіпсің-ау" деп күлетіндей. Үйдегі жүрген кішкентайларға туған жердің қадірін түсіндірейік. Қандай қиыншылықпен келгенін білсін ұрпақ. Сонда ғана олар кейін жер мен елдің қамын ойлайтын болады. Ал егер түсінік бесіктен бастау алмаса "қазіргілер" сияқты сатайық деп отырады. Ондайлар халықтың қаһарына ұшырайды.
Жоооқ достар! Жан-жағымыздан анталап алпауыт Ресей мен қаптаған Қытай тұрғанда батылдығы мен ақылдығының арқасында шекарамызды белгілеп алған #Елбасы жерімізді жатқа таптата қоймас! Ондай қорқынышты түстің бетін аулақ қылсын! Жер қазақтікі! Оның мәселесін шешу бір-екі шенеуніктің қолында емес! Халық қалады ғой деп сендірген депутаттар да бұны жақсы түсінеді деп білемін.
Білгішсінгенім емес! Жәй ғана толғанысым, жеке пікірім!
Бәрі жақсы болады достар!
Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Баршаңызға туған жерден топырақ бұйырсын! Басқа не айта аламын…
Сәуірдің 21 күні елорда әкімдігі ғимаратында Астана қаласы мәслихатының депутаттары кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Тараптар қалалық мәслихат пен кәсіподақ орталығының арасындағы өзара ықпалдастық туралы меморандумға қол қойды. Кездесуге мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов, кәсіподақ орталығының төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, қалалық кәсіподақ ұйымдарының, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты қалалық әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды іске асыру кезінде мәслихат пен кәсіподақтардың өзара ынтымақтастығын қамтамасыз ету, қалалық ұйымдар мен кәсіпорындарда қолданыстағы заңнамалардың нормаларын сақтау кезінде қалалық мәслихат депутаттары мен кәсіподақ қызметкерлерінің өзара іс-қимылдарын нығайту, халыққа сервистік қызмет көрсетуді жақсарту, өзекті мәселелерді шешу.
– Қалалық мәслихат пен кәсіподақтар көптеген бағыттар бойынша өзара әрекет етуі мүмкін: кәсіподақ қызметкерлері мәслихат сессияларына материалдар әзірленіп жатқанда жұмыс топтарына қатыса алады; көпшілік тыңдауларға қатысып, ұсыныстар енгізе алады; сайлау учаскелерінде мәслихат депутаттарымен бірлесіп іс-шаралар өткізе алады; тақырыптық және мақсатты іс-шараларға екіжақты қатыса алады, – дейді Сәрсенбай Мыңбаев.
Кездесу барысында Сәрсенбай Мыңбаев қаладағы 380 кәсіподақ ұйымының қызметіне тоқталды. Астанада автомобиль көлігі қызметкерлерінің, мемлекеттік мекемелердің, теміржолшылардың, денсаулық сақтау, құрылыс, коммуналдық кәсіпорындар, мәдениет, білім, кәсіпкерлік, байланыс қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдары құрылған, олар жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге ат салысады.
– Кәсіподақ қозғалысы – кез келген еңбек ұжымының мағынасы сона жатыр. Меморандумға қол қою арқылы тараптардың бірлесіп қызмет ету аясы кеңейе түспек. Депутаттық корпус кәсіпорындарға баруға, еңбек ұжымдарымен танысуға дайын, – деді Жанат Нұрпейісов.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Ертең 22 сәуірде Астанада жыл сайынғы ел аймақтарының ауылшаруашылық жәрмеңкелері басталады. Биылғы жәрмеңкенің алғашқы қатысушылары Қарағанды және Ақмола облысының жақын аудандарының тауар өндірушілері болмақ, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz. Астанада аймақтардың ауылшаруашылық жәрмеңкелері осымен 6-жыл өткізіліп келеді.
Енді әр демалыс сайын елорда тұрғындары мен қонақтары азық-түлік өнімдерін төмендетілген бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Жәрмеңке 22 сәуір мен 8 қараша аралығында апта сайын таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін «Думан» ОСО (автотұрақ) алдында өткізіледі.
Жәрмеңкеде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының 20 астам түрі ұсынылады. Атап айтқанда, картоп, пияз және көкөністердің басқа түрлері, сонымен қатар қышқыл сүт өнімдері, кондитерлік және макарон өнімдері сатылады.
Құрамында 50 ерікті студент пен табиғат қорғау полициясының 25 өкілі енген экологиялық патруль бүгін өз жұмысын бастады деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz. Бұл патруль қоршаған ортаның жағдайына жағымсыз факторлардың ықпал етуінің артуына байланысты ұйымдастырылған екен. Бұл ерікті жасақтың басты міндеті экологиялық мәселелерді анықтау және мүдделі құқық қорғау органдарымен бірге оларды шешу жолдарын іздеу.
– Экологиялық патрульдің негізгі қызметі табиғат қорғау заңнамасы нормаларын бұзудың себептерін анықтау. Студенттер бұзушылықтарды тіркеп, Астана қаласының ІІД-не жолдайды, – деді Астана қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Нұрлан Уваев.
Экологиялық патрульдің мүшесі Мұхтар Мәдина Қазақ агротехникалық университетінің 2-ші курс студенті. Ол өз жұмысы туралы былай дейді:
– Менің мамандығым — эколог. Болашақ маман ретінде елордамыздың таза болғанын қалаймын. Экопатрульдің ашылғанын білгеннен кейін оған қатысуға ниет білдірдім. Қаланың таза болғанын қалаймын. Лас жерлерді фотоға түсіріп, қай жерде орналасқанын жазып, журналға тіркейміз, оны ІІД жолдаймыз, олар ары қарай жұмыс істейді.
Жалпы, жергілікті полиция қызметі бұзушылықтарды анықтау үшін қаланы патрульдеу бойынша 10 рейд өткізуді жоспарлап отыр, студенттер де экологиялық бұзушылықты тіркеген жағдайда, кез келген уақытта хабарласа алады.
Астанада биыл үшінші рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді. «Сапаржай» автовокзалы ғимаратында өткізілген шарада жұмыссыз жүрген астаналықтар әлеуетті жұмыс берушілермен әңгімелесіп, қайта даярлаудан өту және жаңа мамандықты меңгеру туралы ақпарат алды.
Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Олжас Омардың айтуынша, бос жұмыс орындар жәрмеңкесін автовокзалда өткізудің маңызы зор.
– Авто- және теміржол вокзалдары аумағында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жүреді. Ол пәтерлерді жалға берумен, жүк тасумен айналысады, жолаушы тасымалдау қызметтерін ұсынады және т.б. Бұл оларға ұнайтын да шығар, бірақ біздің мақсатымыз оларды жұмыспен нәтижелi қамтылуға тарту, берекелі болашаққа қол жеткізу үшін зейнетақы аударымдарын жасау қажеттілігін түсіндіру. Сондай-ақ, балама жұмыс орындарын ұсынамыз. Жұмыспен қамту орталығына хабарласуға олардың уақыты болмаған шығар, ал мұнда аз ғана уақыттың ішінде ондаған жұмыс берушімен кездесіп, түйіндемелерін қалдырады, алдын ала әңгімелесуден өтеді, – деді Олжас Омар.
Жәрмеңкеде 20 жуық жұмыс беруші қызмет көрсету саласы, білім беру мекемелері, денсаулық сақтау ұйымдары, құрылыс фирмалары, қонақ үйлер, автопарктер, ішкі істер органдарынан бос жұмыс орындарын ұсынды.
– Мен автовокзалда сантехник болып істеймін, бірақ басқа ұйымдарда бос орын бар ма екенін сұрадым, олардың қандай талаптар қоятындарын білдім. Екі жерге түйіндеме қалдырдым. Кешкі уақытта немесе демалыс күндері қосымша қаржы табатын жұмыс табылып қалар, – дейді Ғабдул Құлынтаев.
Жәрмеңкеге келгендердің бірінің мамандығы бухгалтер, бірақ оның жұмыс өтілі аз. Сол үшін ол төрт жылдан бері жұмысқа орналаса алмай жүр.
– Бос орындар жәрмеңкесі туралы кездейсоқ естідім. Сөйтіп, бағымды сынап көрейін дедім, «Цесна-Астық» ЖШС түйіндемемді қалдырдым, оларға тауартанушы керек екен, менің бұл орынға лайықты екенімді айтты, – деді қала тұрғыны.
Сонымен қатар, бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде Жұмыспен қамту орталығының мамандары «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасына қатысу туралы азаматтардың сұрақтары бойынша қайта даярлау және жаңа мамандықты меңгеру мүмкіндіктері туралы кеңес берді, жастар практикасынан өту, халықтың нысаналы топтағы тұлғаларына әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға болатыны туралы айтып берді.
Сондай-ақ, шара аясында Астана қалалық Прокуратура және Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы қызметкерлері азаматтардын еңбек саласында конституциялық құқықтарын қорғауға арналған «Ашық есік күнін» өткізді.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.