Әли Оқапов: Сахнаға тезірек шығуға асығудың қажеті жоқ

Еуразия бірінші арнасындағы «Қазақстан балаларының дауысы» шоуының финалы дүркіреп өтті. Көрермендердің дауыс беруінің нәтижесінде шоудың жеңімпазы әрі бас жүлдеге тігілген 3 млн теңгенің иегері болып Даниил Юн атанды. Ал жобада Даниил Юнға жетекшілік еткен жас әнші Әли Оқапов болатын. Финал аяқтала салысымен жеңімпаздың тәлімгері Әлиден сұхбат алдық.
— Біріншіден осы жобада жеңіске жетулеріңізбен құттықтағым келеді.
— Рақмет.
— Сізде бұл балалармен жұмыс жасауда бірінші тәжірибе ме?
— Жоқ, негізінде тәлімгер ретінде бірінші емес. Өйткені, көптеген ірі болмаса да, аудандық немесе қалалық деңгейде өткен түрлі-түрлі шараларға мен атсалысқанмын. Кейбір кездерде жүргізуші ретінде, кейбір кездерде ұйымдастырушы ретінде.
— Mamma mia-да есімдесіз.
— Мамма миа болсын, Аялаған Астана болсын, Бала дауысы болсын, әрқайсысында да жұмыс істеп көрдім. Дегенмен, бұл менің алғашқы қадамым емес. Бірақ, алғашқы болмаса да, оңай болған жоқ. Өтйкені шынымен де, әсіресе, гранд-финалды алсақ, екі финалистім бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Екеуі де маған ұқсап, маған еліктеп дегендей, бір бағытта болса, кішкене оңайырақ ажыратар едім. Бірақ, екі бағыт, екі жүрек, екі дауыс дегендей. Сондықтан, екеуінің арасынан Даниилды таңдағанымның өзі соңғы 5 минут ішінде де жұмбақ болды. Бірақ, нәтиже осындай, жүрегіме сенім арттым.
— Жүрегіңіз алдамапты. Сіз негізі осыған дейін «Дауыс» жобасының ересектерге арналған нұсқасында тәлімгер болдыңыз. Ал мұнда психологиялық тұрғыдан балаларға талап қою, олардан белгілі бір нәтижені талап ету қиын емес пе?
— Мен мысалы балалармен бала ретінде емес, менің әріптесім немесе құрдасым ретінде тіл табыстым. Сондықтан оларды ешқашан еркелеткен емеспін. Менімен бір сахнада теңдей жүрген адам ретінде қарадым.
— Оны бір жақсысы балалар түсінеді ғой?
-Олар бірден түсінді. Себебі мен оларға айттым: біз ең жаспыз. Тәлімгер ретінде мен де, финалда ең кішкентайы Даниил болды. Дегенмен, екеуіміз жас болсақ та, бірлесіп жұмыс жасап, жеңіске жеттік. Сондықтан маған психологиялық тұрғыдан қиын болмады. Олар тез меңгеріп алады. Олар бізге қарағанда әлдақайда дамыған. Бала кездерінен бері ғаламтор бар, ютуб бар. Осы желілердің арқасында көптеген әуендерді бізден артық біледі. Керісінше, кейбір кездерде біз олардан сабақ алып жатамыз.
— Енді өзіңіздің шығармашылығыңыз туралы айтсақ. Осындай жобаларға тәлімгерлік етіп жүріп, өзіңіздің шығармашылығыңызға уақыт тапшы болып қалмай ма?
— Енді, шынымды айтсам, оңай емес. Уақыттың тығыздығын өздеріңіз білесіздер. Ол тікелей эфир. Оны алдын ала немесе керісінше, өтіп кеткен соң түсіруге, жазып алуға болмайды. Ол дәл қазір, дәл осы сәтте болуы керек нәрсе. Сондай кездерде концерттерден, гастрольдік сапарлардан қалып қоюға тура келеді. Бұл жағы маған қиындау соғады. Себебі менің негізгі жұмысым – ол әншілік. Бірақ, басқа жағынан қарасақ, маған үлкен мүмкіндік болып тұр мұндай жобалар. Тек әнші, биші, композитор ретінде емес. Өзімді тәлімгер, адам, жетекші ретінде көрсете білу. Сол себепті қиын болса да, бұл маған қажет нәрсе. Бұл да мен үшін үлкен мектеп. Кейбір балалардың тұрысынан-ақ көресің жанұяда қандай жағдай болғанын, қандай тәрбие алғанын, ата-анасы немен айналысқанын. Сондықтан, мен де болашақта әке болатыныма сенемін, үміттенемін. Сол себепті бала тәрбиелеу жағынан да үлкен мектеп болды.
— Өзіңіздің өнердегі рухани ұстаздарыңыз кімдер? Кімдерге қарап бой түзейсіз?
— Батырхан Шүкенов, Роза Рымбаева, Ренат Гайсин, Болат Боранов, Рүстем Нұржігіт, Орда тобы. Осы кісілердің өнері, адамдық болмыстары жаныма жақын. Осы кісілерден үлгі аламын.
— Сізді алға жетелейтін «қозғаушы күш» не? Немесе кімдер?
— Алға жетелейтін ол – еңбек. Себебі кез келген тірі жан тіршілік етеді, еңбек етеді. Онан соң «нан табу керек» (күледі). Күрделі ойлар жоқ.
— Күрделі ойға уақыт жоқ деңізші.
— Сол ғой, бұл – менің жұмысым.
— Алдағы уақытта сізді басқа да жанрлардан көруіміз мүмкін бе?
— Әзірше белгісіз. Себебі қазір тығыз жұмыс жоспары бар.
— Танымалдылық үшін «атың шықпаса, жер өрте» деп қара пиар арқылы айналасында резонанс туғызатындар туралы не ойлайсыз?
— Әркім өзі біледі атын қалай шығаратынын. 91 тобына қарсы шыққандар мысалы керісінше оларға танымалдылық жасап, олар жайлы әңгіме туғызды. Сондықтан, бұл әркімнің өз шаруасы.
— Түсінікті. Осы «Қазақстан балаларының дауысы» жобасында көрермен сіздің тәлімгерлігіңізге жоғары баға берді. Барлық музыкалық жайттарды қатысушыларға егжей-тегжейлі түсіндіріп отырдыңыз. Өнерге қызығатын жас өрендерге қандай кеңес бересіз?
— Ең бастысы үлкен сахнаға тезірек шығуға емес, өзіңді дамытуға көңіл бөлуің керек. Сахна ешқайда қашып кетпейді, ал оқуға уақыт әрқашан бола бермейді. Алдымен білім керек. Өз ісіңнің шебері, кәсіби маман, ешкімге ұқсамайтын тұлға болуың керек. Ал қалғаны өзі келеді. Өнер – ол мәдениет, мәдениет – ол ақыл-парасат. Соны ұмытпау керек.
— Сұхбатыңызға рақмет! Өнеріңіз өрге жүзсін!
Әрі қарай

Ел естімеген ем

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Алайда, ауыра қалсақ, сырқатымызға шипа болар ем іздейтініміз анық. Көпшілік әдеттегідей емханаға барып, білікті дәрігерден кеңес алып, еміне шипа тапса, кейбір адамдар емші-тәуіптерге қаралуды құп көреді.
Бағдарламаның бұл шығарылымына еліміздегі емдеу тәсілдері «ерекше» емшілер қатысты. Орта білімі ғана бар Жүсіп атты емші адамдардан қан алу арқылы шипа жасайды. Ал Шымкенттен келген Берік науқастарды өзінің арнайы асатаяғымен, музыкалық аспаптармен емдейді. Ал Исфат есімді шаман дауылпаздың, будда кеселерімен ем жүргізеді. Өтеміс ақсақал ем үшін түйенің зәрін қолданады. Және оны студияда ішіп көрсетеді. Бағдарламаға бұдан бөлек дәрігерлер және діни өкілдер қатысады.
Бағдарламаның кезекті шығарылымын Еуразия бірінші арнасының эфирінен сенбі күні 21:00-де тамашалаңыздар!
Әрі қарай

Жаяу жүру зияны

Кейде болады ғой баратын жеріңе көлікпен емес жаяу барғың келетін. Осы жаяу-ақ баруға болады ғой. Бір уақыт ақша үнемдейін дейсің. Сөйтіп тазалау тротуар позитивімен кетесің. Асықпаай. Қарсы ұшырасқан елдің бəріне күлімсірегің келіп. Əнебір құттай киосктің самсасын жегің келіп. Қалтаңдағы қатқан пішінайды көгершіндерге үгітіп бергің кеп. Сол кезде бұтына жасыл колготки киіп алған семіз қыз да сондай фэшн боп көрінеді. Мына маңдайын əжім торлаған апай да сондай ажарлы, құдды фильмнің кейіпкері дерсің…
Осылай мамыражай көңіл күйде келе жатқанда міндетті түрде бірдеңе шығып қалады ə? Қой такси ұстап үйге зытайын, мына долы қатын бүкіл кайфымды бұзды.
P.S. Айтпақшы көшеде көпшілік көзінше баланы ұрмаңызшы.
Әрі қарай

Қаллеки театрының шығармашылық құрамы ҚазГЗУ-де қонақта!

4 сәуір күні Қазақ Гуманитарлық Заң Университетінде «Үш би» залында театрсүйер және өнерді бағалайтын студенттер үшін елордалық Қаллеки театрының шығармашылық кұрамымен танысатын мүмкіндік туды. Кешке қатысушылар ширек ғасырлық тарихы бар өнер ордасының көркемдік жетекшісі, Халық артисі, профессор, театр және кино режиссері Талғат Теменов, халыққа «Қасым» фильміндегі Қасым бейнесі арқылы танымал театр және кино актері Қуандық Қыстықбаев пен театр актері Қасымхан Бұғыбаймен кездесті.
Кеш басталмас бұрын қонақтар университет тарихынан мағлұмат беретін мұражаймен танысты. Өнер адамдары бір сұрақты да назардан тыс қалдырмай, театр мен кино төңірегінде ойларымен бөлісті. Қ.Бұғыбайдың қоңыр дауысымен көмкерілген әсем ән әуелете шырқалғанда білім ордасының студенттері өнер құдіретіне тамсанып, әсерге бөленді. Қ.Қыстықаев ақын Т. Айбергеновтың поэзияларынан сыр шертті.
Қонақтар кездесу соңынде дәстүрлі түрде суретке түсіп, қатысушылардың барлығын руханият ордасы — театрға шақырды.Блог - Yelubayeva95: Қаллеки театрының шығармашылық құрамы ҚазГЗУ-де қонақта!
Әрі қарай

Мұхтар ШЕРІМ. ЖҰМАҚҚА БИЛЕТ ЖОҚ!

ЖҰМАҚҚА БИЛЕТ ЖОҚ!

Бүгінде ештеңеге таң қалуға болмайды, әлі талай еске аласыз ондайды, қысқасы, жұмаққа да, тозаққа да билет алмаған оңбайды… Былай ғой, үкімет бюджеттің бүйірін қампиту үшін о дүниедегі жұмақ пен тозаққа билет сата бастады.
Кейін шын дүниеге кеткеніңізде жұмаққа да тозаққа да сол билетіңізбен кіре қояды екенсіз. Бірақ әркімнің арына салды, күнә арқалағандар, жемқорлар, қылмыскерлер, билік дәлізіндегі улы кландар, жат діннің жетегінде кеткендер, тағысын–тағылар тозаққа билет алулары тиіс. Ал, Отаны үшін жанын пида етуге даярлар, патриоттар, халық қамын ойлаушылар, тағысын–тағылар жұмаққа билет алулары тиіс болатын. Құданың құдыреті, алғашқы аптаның өзінде ақ, жұмаққа деген билеттің бәрі сатылып кетті! Жоқ! Бәрін арам жолмен байығандар, шікірейген шенеуніктер, жемқор әкім–қаралар «оптом» сатып алып қойыпты! Шетелге қашып кеткен опасыздар да астыртын жолмен жұмаққа билет сатып алғандарын қайтерсіз? Жемқор министрлерің де тозаққа билет алғысы келмей, жұмаққа жол тартқысы келіпті… Содан, Премьер– министр таңертеңгілік жиында министрлерден:
–Тозаққа кім барады? –деп сұрады. Құлқындары жыбырлап, жұтып қойған бірді– екілі министр қол көтермеді. Тіпті, ешкім жөтелмеді.
–Бірдеңе айтайын ба? –деп қалды бір министр.
–Ия?
–Мұғалімдерге күштеп саттырайық!
–Мұғалімдер? ЭКСПО көрмесіне билет сатсақ, мұғалімдер, сайлау науқаны бола қалса, мұғалімдер, оларға обал емес пе?
–Мұғалімдер өмір тозағына үйреніп қалған дегенім ғой… Жұмақты жатырқап жүре ме деп…
Содан не керек, тозаққа деген билеттерді сатып алу қазақ мұғалімдеріне міндеттелді. Сол бейшара мұғалімнің бірі мен едім. Айлығымызды көтеріп жатқаны қуантады, тозағы несі? Мектеп директорына кірдім де:
–Кешіріңіз, мен тозаққа бармаймын! –деп салдым.
–Неге?
–Кісінің ала жібін атттаған емеспін, адал өмір сүрудемін, сотталмадым. Неге менің баруым керек?
–Сотталмасаң, сотталуыңа көмектесейік?
–Керегі жоқ!
–Тозақта отқа өртейтіні болмаса, ол жақты да көргенің жақсы ғой… Дегенмен…
–Не дегенмен?
–Тамағымды майласаң…
Қуаным кеткенім ай! Мұғалімдердің айлығын өсретін болғалы, мектепке жұмысқа қабылдау парасы екі есе өскенін білемін, ал, жұмаққа билет үшін пара алатын директорды көріп тұрғаным осы! Айлығымды қолына ұстатып, алыпсатар директордан жұмаққа билет алдым! Жұмаққа! Жылап тұрып, жұмақ билетін сүйіп сүйіп алдым!
Әрі қарай

Шынымен қайыршы ма?

Мынау, Алматыдағы автовокзал. Бұл жерде шеттен келген келімсек қайыршылар өріп жүреді. Қол жайып сұрағанда, жүрегің елжіреп бермесіңе болмай қалады. Сұхбат алып көрейін деп талпынып едім, ат тонын ала қашты. Құдды бəрі келісіп алғандай қастарына жолатпады.

Елден естуіміз бойынша, бұлар ауқатты тұрады екен. Бұған дəлел аузындағы мұқым тісі алтыннан. Шын мұқтаж болса сол тістерін сатып жұмыс тауып алар еді. Бірақ бұлар жеңіл жолды таңдады. Қазақтың дархандығын арқылы күн көріп жүр. Біздің жанашырлығымызды біліп жағдайларын барынша төмен көрсетеді. Жəне бұлар жəй жүрмейді. Қасына балаларын ертіп жүреді. Үлкені бар кішкентайы бар, жанынан тастамайды. Қарнына шүберек байлап алып, бала көтеріп жүргендей ұсқыны тағы бар.
Балалары осы қайыршылыққа сіңіп келеді. Олай дегенім, өткен кеткеннің қолындағы азық-түлігін көрсе жабыса жөнеледі. Оны көрген анасы тəрбие бергендей, кейіп танытып баласын соққыға алады.

Құранда садақаны алақан жайғанға емес, үйден шығуы мұң болып отырған адамға беру қажеттілігі ескертіледі. Сондықтан мұндай келімсектерді жарытқанша, садақаны да дұрыстап берген дұрыс-ау.
Әрі қарай

Қазақстан балаларының дауысы шоуын кім жеңеді?

Балаңдықтарына қарамастан, ересектерге бергісіз күш-жігер танытып, өнер алаңында барын салып, бүкіл қазақ елін ауыздарына қаратқан өнерлі балалар екі айдан бері көрерменнің жіті бақылауында. Кезеңнен кезеңге сүрінбей жеткен өнерпаз бүлдіршіндерді ақтық мәре – финал күтіп тұр! Сәуірдің бірі күні үлкен өнер сахнасына жолдама алып, бас жүлде 3 миллион теңгені иемденетін қатысушының есімі белгілі болады!
Дүниежүзілік шоудың балаларға арналған нұсқасы елімізде алғаш рет өтіп отыр. Бірінші маусымда қатысушыларға үш баланың анасы Ева Бехер, бойжеткен қызы бар Жанна Орынбасарова және әзірге әке атанып үлгермесе де, балаларды өте жақсы көретін Әли Оқапов тәлімгерлік етті.
Жоба барысында әрбір тәлімгердің тобында 15 қатысушыдан болды. Кезеңдер барысында қатысушылар бір-бірімен тартысқа түсіп, финалға әрбір тәлімгерден екі өнерпаздан ғана шығады.
Қатысушылар әнді тек жанды дауыста ғана, жанды дауыстағы бэндтың сүйемелдеуімен орындайды. Ал финалда өнерпаздар Илья Башкатов жетекшілік ететін үлкен оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсететін болады.
Кішкентай жүректерімен өнерді барынша сүйіп, елдің ыстық ықыласына бөленген өрендерге тікелей эфирде дауыс беріп, қолдау білдіріңіздер. Ғаламат шоудың финалын 1 сәуір, сенбі күні Еуразия бірінші арнасынан сағат 20:30-да тамашалаңыздар!
Әрі қарай

Естеліктер

Алматыға әр аттанар алдында Бақсай көпірінің сол жағына бір қарайтынмын. Ондағысы – жылдан-жылға қара жері көбейіп, ағашы азайған Алмаағаш, көк қақпа және анадайдан көрінетін көк шатыр… Сол жерде менің балалық шағымның естен кетпес күндері өтті.
Көпірге сәл жетпей трассадан төмен қарай құлдилағаннан бастап, бір қызық басталатын. Бізге ол «американсие горкиден» кем емес, айқайлаймыз келіп… Сосын жаңағы көк қақпаның тұсына аялдаймыз. Қақпа айқара ашылған соң, жыландай ирелеңдеген жол дәл сол көк шатырлы үйге апарады. Анадайдан машинаның даусын естігендер шаруаларын бір сәтке қоя тұрып, машина келе жатқан жаққа жалт қарайды. Үйдің артын айнала бере ашық жасыл комби иә гараждың алдынан, иә гараждың жанынан қарсы алатын. Содан кейін қайдан шыққандары белгісіз, Ақтабан мен Таймас абалап жүгіреді. Біздің аузымыздан аттарын естігенде, «келіп жүрген кісілер екен ғой» дегендей жым бола қалады.
Машина, әдетте, сарай мен үйдің ортасындағы қазан-ошаққа жетіп бір тоқтайтын. Содан кейін амандасу басталады. Маған машина есігін аша бергенде көрінетін үйдің алдындағы отырғыш сондай ыстық көрінеді. Оған отырып, аяғын жазбаған адам кемде-кем шығар. Барлық қызықты әңгіме-дүкен сол жерде айтылатын. Сол жақтағы сарай ше? Оған да жаздың ыстығынан тығылып, жанымызға сая табамыз. Сарай шай ішетін үлкен асхана болса, қасындағы кішкентай шолан нағыз асүйдің өзі.
Жаздың күндері күн тас төбеге келгенде іспектей болған көзіңді тырнап ашып үйден шығып келе жатқан кезде, ақмама сол шоланнан шығып, «аман өрдің бе?» дейтін еді. Сосын «жуынып келіп, шайыңды ішіп ал» дейтін. Ақмама… Оның жан баласы түгіл, итке ұрысып жатқанын көрмейтінбіз. Жаңағы шоланның есігін ашсаң, жаңа сауылған бір шелек сүт, сепараторда тартылған қаймақ тұратын. Сепаратордан бөлек, ақмаманың шалабы тұратын канистр ыдысы болатын. Ол қашан дайындалып, қашан толтырылып жатқанын көрмейміз. Бір қарасаң, ақмама қазан-ошақтың артындағы егінде шөп жұлып жүреді, бір қарасаң, құрт жасап отырады, бір қарасаң, нан басулы. Ісіне көз ілеспейтін. Сосын ақмамамен бірге біздің үйге келіп тұратын сүт пен қаймақ салатын жасыл котелегі мен ақ кастрюлі есімде…
Гараждың қасында Боқсақтан басталатын бал бар. Оны ақмама кейінірек тау дейтін болды. Шынымен, ол үй мен қораны бөліп тұратын тау сияқты көрінетін кішкентай кезімде.
Бір күні ақмама «жеңі ұзын бірдеңе ки, қарақат тереміз» деді. Шілденің шіліңгірінде жеңі ұзыны нес деп, артынан ере бердім. Балды бойлай үйдің жанынан өте шығып, трасса жаққа кішкене жүргенде «қарақаттар мекеніне» келдік. Алмағаштың жайнап тұрған кезін көрмеген мен, қай жерде не барын да білмейді екем. Тікендері көп бұтақтарының арасында алысып қарақат терген кезде, «не үшін жеңі ұзын ки» дегенін түсіндім. Сөйтіп жалаңаш қолдарым бұтақтарға біраз тырналғаны бар.
Мен басқаларға қарағанда Алмағашта аз болған шығармын. Бірақ әр барған күнім жадымда мәңгі қалады. Қазір ойласам, бейне бір ертегідей. Былтыр сол балалық шағымның бейнесін жоғалтып алдым. Сол жылы наурызда барғанымда ақмаманы соңғы рет көрдім деп ойламадым. Содан бері баяғыша ауылдан аттанарда Бақсай көпірінің сол жағына ғана емес, оң жағына да қарайтын болдым. Себебі ақмамам сол жақтан мәңгілік мекенін тапты. Жатқан жерің жайлы болсын, Ақмама!
Әрі қарай

Роза шақырады

Қазақ эстрадасынан ойып тұрып орын алған, қазақтың сүйікті әнші қызы Роза Рымбаева ел арасында көктемнің жаршысына айналып үлгерді. Атына заты сай өнер иесі 40 жылдан астам уақыт бойы өнерімен, гүлдей құлпырған бейнесімен сахнаның көркін кіргізіп келеді.
«Кешкі кездесу» бағдарламасының келесі шығарылымы Роза Рымбаеваның 60 жастық мерейтойына арналады. Бағдарламаға әншінің отбасынан бөлек, өнер жолындағы әріптестері қатысады. Ақжол Мейірбеков Роза Қуанышқызының жас күніндегі естеліктерінен сыр шертеді. Ал актриса Салтанат Бақаева мен әнші Жанболат өз ұстаздарының университет қабырғасындағы қызықтарымен бөліседі. Бағдарламаға сонымен қатар әншінің сахнадағы әріптесі Мақпал Жүнісова қатысады.
Жүрегі өнер деп соққан жанның ғибратқа толы өмірі жайлы бағдарламаны Еуразия бірінші арнасынан сенбі күні сағат 22:45-те тамашалаңыздар!
Әрі қарай

Наурыз және Қыдыр Ата

Блог - nurbolkarataev: Наурыз және Қыдыр АтаЖелтоқсан мен Наурыздың қарама қайшылықтары көп қой жалпы, солардың бірі Жаңа жыл. Біздің ел Жаңа жылды екі рет тойлайды. Бірі орыстың отарлауынан сіңген Христиан дінін ұстанушыларға тән Жаңа жыл болса, екіншісі бабамыздан еншіге қалған Түркі жұрты, Ислам әлемінің Наурыз жаңа жыл мейрамы. Екеуіде қолайсыз уақытта бірі қар борап, қытымыр қыстың, екіншісі қар еріп, жаңбыр маусымының басталар уақыты. Ал ең қызығы осы екі жаңа жылдыңда өз кейіпкері бар. Кім дейсіз бе? Бірі Аяз Ата енді бірі Қыдыр Ата. Біріншісі балаларға базарлық таратса, кейінгісі жалпы халыққа Бата беруші. Балалар Аяз атаға арнап хат жазсада, Қыдыр атадан Бата аламын деп ешкімде күтпейді. (Көбіне Қадір түнімен шатастырады) Бізге енді Қыдыр Атаны насихаттау қажет секілді. Солай етсек қана 31-ші Желтоқсанда күтетін жаңа жылды Аяз Атасымен қоса жеңеміз! Ал Наурыздың жалпы халықтық мейрамға айналғаны көз қуантады.
Әрі қарай