3 күнде 5 кг-ға арықтататын Диеталар - ТОП-10

Бұл диета түрі 3 күнде жүзеге асады. Бір күн бойы тек қана 1 дана қайнатылған жұмыртқа мен 300 гр сүзбе жеу керек. Қатаң диета болғанымен, нәтиже сізді қуантады: 3 күнде 5 кг тастай аласыз.

Ежелден-ақ нәзікжандыларды, тек олар ғана емес, артық салмақпен күресіп келе жатқан барлық адамзатты ойландырып келе жатқан сауал бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ол «Артық салмақтан қалай жылдам әрі тиімді жолмен арықтауға болады?» деген сұрақ.
Аз уақыттың ішінде денсаулыққа кері әсерін тигізбей, артық салмақтан арылтатын диета түрлері де көптеп жазылып жатыр.
Шындығында әркімнің ағзасының ерекшеліктеріне орай, әр түрлі диетаны ұстану маңызды. Маманмен кеңесу де өзіңіз үшін ыңғайлысы болмақ. Диетолог мамандарының айтуы бойынша ең ыңғайлы және жылдам салмақ тастауға сеп болатын зиянсыз диетаның 10 түрін ұсынамыз.

1. Голливуд таңдауы
Диетаның бұл түрі әлем жұлдыздарының арасында кең тараған. Диетаның ұзақтығы ЕКІ апта. Бұл диетада сіз тұз, қант және майдың қандай түрі болса да өте аз мөлшерде тұтынуыңыз қажет. Сонымен қатар, ұннан жасалған өнімдерден екі апта бас тартуыңызға тура келеді. Нәтижесінде 2 аптада 7 кг салмақтан арыла аласыз.

2. Қырыққабат-қорғаушы
Қырыққабаттың пайдасын тәптіштеп жату қажет емес. Қырыққабаттан жасалған майсыз тағам түрлері және қырыққабат салаты ның кез-келген түрі диетаның басты мәзірінде болуы шарт. Нәтижесі сізді қуантады. 1 аптада 5 кг-нан арыласыз!

3. Үш күнде керемет нәтиже
Бұл диетаға 9 күніңізді арнайсыз. 9 күнді 3 бөлікке бөліп, 3 саты бойынша жүзеге асырасыз. Алғашқы 3 күн: тек қана күріш тұтынасыз (салат, тағам түрі, кез-келген күріштен жасалған азық). Суды қалағаныңызша ішесіз. Бірақ, күріштен өзге майлы, ұн өнімдерін қолдануға болмайды! Екінші үштік: тек қана картоп. Қайнатылған картоптан жасалған тағам түрлері. Үшінші бөлікте: түрлі көкөністер. Кез-келген көкөністерді талғажу ету арқылы 9 күндік диетаны аяқтаймыз. Нәтиже: 7 кг-нан 9кг-ға дейін арықтауға болады.

4. Қарақұмық диетасы
Қарақұмық ағзаны шлактардан тазартып қана қоймай, артық майлармен де күресуге қауқарлы. Қарақұмық жармасын қайнату шарт емес, қайнаған суға 3-4 сағат бұқтырып қойсаңыз, тағамыңыз дайын. Ешқандай қоспасыз осы ТАҒАМДЫ тұтынсаңыз, 1 апта ішінде 5 кг-нан құтыласыз.

5. Сорпа диетасы
Өзіңіз сүйсініп ішетін сорпаның ішіне май, кеспе, картоп салмайсыз. Тұзды да аз мөлшерде салыңыз және нансыз ішу жылдам нәтижеге жетуге бастайды. 4-5 кг-нан сорпа ішіп жүріп-ақ арыла аласыз.

6. Модельдер үшін арнайы
Бұл диета түрі 3 күнде жүзеге асады. 1 күн бойы тек қана 1 дана қайнатылған жұмыртқа мен 300 гр сүзбе жеу керек. Қатаң диета болғанымен, нәтиже сізді қуантады: 3 күнде 5 кг.
7. Жемістер шырыны
Егер осы диета түрін таңдаған болсаңыз, сізден шыдамдылық талап етіледі. Өйткені, күні бойы 3 мезгіл апельсин, грейпфрут және лимон шырынын ішуіңізге ғана рұқсат. Қалған уақыттарда тек қана таза су ішуге болады. 3 күнде 5 кг.

8. Экспресс-диета
Бұл диетада азықты аз тұтынумен қоса, кешкі астан бас тарту ұсынылады. Бір күн бойы ұсынылған тағамды жей аласыз, тек кешкі ассыз. Бірақ, кешкі сағат 18:00-ге дейін: Таңғы ас: қайнатылған 1 дана жұмыртқа мен бір кесе қантсыз шәй. Таңғы ас пен түскі астың аралығындағы уақытта 200 гр сүзбе немесе майсыз айран. Түстік: буға пісірілген 150 гр тауық еті немесе балық, көкөніс салаты, жеміс. Кешкі ас: қантсыз шәй. Диета 5 күн жалғасып, 6 кг-нан арылтуға септігін тигізеді.

9. «Аштық жариялау» күндері
Ең жылдам диета түрі. Бұл диета 3 күнде 5 кг-нан арылтады. 3 күннің алғашқы және соңғы күні диетаға кіру және шығу күндері. Бірінші күн ағзаны аштыққа дайындап, соңғы күн тамақтану режиміне оралуға көмектеседі. Бұл күндері жеміс пен көкөністер жеуге ғана рұқсат етіледі. Диетаның екінші күні тек қана су ішіп, негізгі аштық күні болып есептеледі. Диетадан соң ақырындап тамақтану рационыңызды байытуыңызға болады.

10. Айран диетасы
Диетаның бұл түрі жылдам ғана емес, денсаулық үшін де пайдалы. Айранның құрамындағы дәрумендер мен микроэлементтер ағзаны тазалап, зат алмасуды реттейді. 1 апта бойы жалғасады. Күн сайын 1,5 литр айран ішу керек. Нәтижесінде 4-5 кг салмағыңызбен қоштасасыз.

Дайындаған: Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА, ERNUR.KZ

Ресми астанасы жоқ, тіпті астана салатын жері жоқ елдерді білесіз бе?

Тіпті, әуежай немесе темір жол станциялары жоқ астана да бар екен.

Дүниежүзінде Сіздің де, біздің де білмейтініміз жетерлік. Соның арасында өз ерекшелігімен назар аудартатын астаналар да бар. Сол себепті, Сіздерге әлемдегі ерекше астаналар туралы қызықты деректер ұсынамыз.

1. Үндістанның ауысып тұратын астаналары Үндістанның Джамму және Кашмир деп аталатын біріккен штаттарының екі маусымдық орталықтары бар. Джамму штатындағы Джамму қаласы қазаннан наурызға дейінгі «қысқы орталық» болса, Кашмирдегі Сриганар қаласы наурыздан қазан айына дейінгі «жазғы орталық» болып есептеледі. Себебі, Джамму қаласында қыста, Сриганар қаласында жазда ауа райы қолайлы болады.

2. Танзания – екі астанасы бар ел Ал Танзания мемлекетінің екі астанасы бар. Тарихи астанасы Дар-эс-Салам мемлекеттің әкімшілік орталығы болса, Додома заңды астанасы болып есептеледі.

3. Лихтенштейн астанасы – станциясы жоқ қала Лихтенштейн астанасы Вадуцта әуежай немесе темір жол станциялары жоқ.

4. Мексика астанасы – шаңды қала Мехико – Мексиканың астанасы және ең үлкен қаласы. Федералды округте 20 миллион, ал Мексиканың өзінде – 8,9 миллион адам өмір сүреді. Бұл қалаға келгенде абай болу керек. Бұрын Мексиканың ауасы лас болғаны соншалықты, жыл бойы қаланың төбесі шаңнан көрінбейтін. Бүгінде биліктегілер бұл мәселені шешуге тырысып жатыр және ауа бірте-бірте тазару үстінде. Бұдан басқа, Мексикада шаңды дауылдар мен жер сілкінісі жиі болады. Бірақ, жер сілкінісі жиі болғанымен тым күшті болмайды.

5. Чехия астанасы – ескі сәулетті қала Чехия астанасы Прага – ғажайып пен жайлылықты қалап жүргендерге арналған жұмақ іспеттес қала. Себебі, Прага ескі көшелер мен көз тоймайтын көптеген көрікті жерлерімен кез-келген адамды баурап алады. Прага «ескі, жайлы қала» ретінде қыдырып келген туристердің есінде мәңгі қалатын жер десек те болады. Праганың ескі тарихи жерлерінің көркін ешқандай заманауи құрылғылар да өзгерте алмайды. Мұнда қаланың қажетті көрінісін сақтау үшін жерсеріктік антенна мен пластикалық терезелер орнатуға да тыйым салынған. Дегенмен, бұл Прагадан тек ескі кірпіш үйлер мен көшелерді ғана көруге болады дегенді білдірмейді. Ескі көрінісін сақтап қалған қалада көптеген заманауи ғимараттар да баршылық. Мысалы, танымал би үйі дәл осы Прагада орналасқан. Ал тағы біраз серуендесеңіз көптеген фабрикаларды, тіпті Эйфель мұнарасын да көре аласыз!

6. Италия астанасы – «қаланың ішіндегі қала» Рим өте танымал әрі басқа қалалардан айтарлықтай ерекшеленеді. Себебі онда көптеген тарихи көне ескерткіштер мен шіркеулер сақталған. Мұнда тіпті, «қаланың ішіндегі қала» Ватикан яғни, тағы бір астана – католик шіркеуі бар. Сондай-ақ, Римнің тек төрттен бір бөлігінде ғана тұрғын үй кешендері тұрғызылған, есесіне қалада серуендейтін жерлер көп. Бірақ бір барғаннан барлық көрікті орындарды тамашалап үлгеру мүмкін емес. Сондықтан, сізге осы әдемі астанада ұзақтау қыдырған дұрыс.

7. Таиландтың 21 сөзден тұратын астанасы Бұл қаланың атауы әлемдегі ең ұзын атау ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бангкоктың ресми атауы тай тілінде: «Крун Тхеп Маханакхон Амон Раттанакосин Махинтараюттхая Махадилок Пхоп Ноппарат Ратчатани Буриром Удомратчанивет Махасатан Амон Пиман Аватан Сатит Саккатхаттийя Витсанукам Прасит» екен. Оны қысқартып «періштелер қаласы» деп атайды. Бірақ, қазір 21 сөздің кейбіреуі қолданылмаса да, Бангкоктың толық атауы балаларға мектепте міндетті түрде жаттатқызылады.

8. Израиль және Палестина мемлекеті – екі елге бір астана Иерусалим бірден екі мемлекеттің, яғни Израиль және Палестина мемлекетінің астанасы.

9. Испания астанасы – Мадрид Мадрид Испанияның дәл орталығында орналасқан. Ал қаланың орталығындағы Puerta del Sol алаңында нөл шақырымдық белгісі орнатылған. Одан барлық негізгі магистральдардағы жолдың қашықтығы есепке алынады.

10. Словакия астанасы – Братислава Әлем бойынша тек Братислава қаласы ғана екі мемлекеттің шекарасына жақын орналасқан астана.

11. Швейцария Швейцарияның ресми астанасы жоқ. Берн – тек федералды маңызы бар қала. Сондай-ақ, Науру штатының да жағдайы осындай. Жер көлемі 21 шаршы шақырымдай болатын Науруда астана салатын жер жоқ.

12. АҚШ астанасы – ел аумағына кірмейтін қала АҚШ-тың астанасы Вашингтон екендігін бәрі білгенімен, қаланың ресми түрде «Колумбия округі» деп аталатынын көбі біле бермейді. Бұл АҚШ-тың аумағына тәуелсіз аймақ. Сондықтан, қала халқының 15% -ның ана тілі ағылшын тілінен басқа тілдер. Вашингтон тұрғындарының саны 600 мыңнан асады, ал аптаның жұмыс күндерінде бұл сан 400 мың адамға көбейеді. Себебі, жұмысшылардың жартысына жуығы қала маңындағы елді мекендерде тұрады.

13. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласы Рио-де-Жанейро Еуропаның шекарасынан тыс еуропалық мемлекеттің астанасы болған тарихтағы жалғыз қала. Себебі 1815 жылдан 1822 жылға дейін Рио-де-Жанейро Португалия, Бразилия және Алгарвенің, яғни еуропалық мемлекеттің астанасы болған. Қазір, бұл қала Рио-де-Жанейро штатының астанасы болып тұр.

14. Фиджи астанасы – жағажайы жоқ мұхиттағы қала Фиджи — мұхиттағы шағын арал. Ал, Сува оның кішкентай астанасы. Бұл қаланың ауданы небәрі 2 мың шаршы шақырымды ғана құрайды. Таңғаларлығы, мұнда бірде-бір жағажай жоқ. Себебі, Сува – портты қала, мұнда тек кеме тоқтайтын жерлер ғана бар. Бірақ бұл Сувада айналысатын ештеңе жоқ дегенді білдірмейді. Сувада көптеген саябақтар мен дүкендер, сауда орталықтары, мұражайлар мен кітапханалар бар. Сонымен қатар, Фиджидің ресми тілі ағылшын тілі болғандықтан, мұнда келу үшін қандай да бір арнайы тілдерді үйренудің қажеті жоқ.

15. Палау астанасы Нерульмуд Нерульмуд деп аталатын Палау елінің астанасы орманның ортасында орналасқан және бірнеше үкіметтік ғимараттар ғана бар. Қала туристерді осы ерекшелігімен қызықтырады. Басында айтқанымыздай, осындай да қызықты дүниелер бар екен.

Дайындаған: Б.Ерман, ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз: Әлемнің ең суық елдерінде болғыңыз келе ме?

Әлем халқын өзіне шақырған орындар

Аулаңызға шырша өсіргіңіз келсе, ақпан айын өткізіп алмаңыз

Егер ұрықты күз айында жинап алудан кешігіп қалсаңыз, ақпан айында жинауға да болады.

Көптеген қылқанжапырақты жасыл ағаштардың арасында көгілдір шырша элиталық өсімдіктер қатарына жатады. Оның ғажайып түр-түсі мен сәнді қылқандары және көрнекті түрі өзге ағаштардан ерекше. Егер жер көлемі жағынан мүмкіндік болса бұл өсімдікті кез-келген жан өз ауласының сәніне айналдыра алады. Дегенмен мәңгі жасыл ағаштың көшеті аз ақша тұрмайды. Сондықтан оны бүршігінен немесе қалемше көшеті арқылы өсіруге болады.

Ұрықты дайындағанда…
Тек көгілдір шыршаны ғана емес, сондай-ақ мәңгі жасыл ағаштардың кез-келген түрін өндіруді, тұқымды дайындаудан бастайды. Алдымен өзіңізге ұнайтын көгілдір шыршаның түрін таңдап алыңыз. Өсімдікте бүршік түйіндер қалыптасқанын қараңыз. Егер олар бар болса, күннің салқын ауа-райында түйіндерді барынша көп етіп жинап алыңыз. Тұқым неғұрлым көп болған сайын сіздің де шыршаны өсіру мүмкіндігіңіз жоғары болады.
Бүршіктен өнетін шыршаның 30-40 пайызы ғана толықтай тура өзінің алынған негізгі шыршасына ұқсайтын болады, ал өзгелері біршама өзгеріске ұшырап, көгілдір шырша емес, көгілдір жасыл немесе жасыл кәдімгі шырша өніп шығады. Бұл ұрықтан көбейтудің негізгі мәселесі. Яғни ұрықтан көбейтілген өсімдікте негізгі аналықтың белгісі аз мөлшерде ғана болады.
Егер ұрықты күз айында жинап алудан кешігіп қалсаңыз, ақпан айында жинауға да болады. Алайда оны тек маусым айының аяғында ғана қондыра аласыз. Оның өзінде жазы салқын болатын аймақ болғаны жөн. Әйтпесе тұқым ыстық ауа-райына күйіп кетеді.

Тұқымы жылы жерді жақсы көреді
Жинап алынған түйіндер қабыршағын жарып, дәнін беру үшін жылы жерге орналастыру керек. Арнайы орындарда түйіндер бір-екі тәулік ішінде-ақ өз нәтижесін береді. Себебі арнайы орындарда түйінді қабығын жарып шыққанша 40-42 градус ыстыққа қояды. Бірақ үй жағдайында мұндай температура жасай алмайтындықтан, түйіндерді жіңішке картон қорапқа салып жылу батареясының үстіне қойған дұрыс. Ал батареясы жоқ үйлер үшін жылы еденнің немесе асүйдегі шкафтың ең жоғары сөресіне қою керек. Жоғарыда ыстық қатты болатындықтан, қауызды жарып шығу процесі де тездейді.
Сондай-ақ тұқымды жинамай арнайы дүкеннен сатып алуға да болады. Тек ондай кезде 1-2 жылдық тұқымды алған жөн. Себебі кейбір тұқымдар қоймада ұзақ сақталып қалады. Ал ол тұқымның өніп кетуі қиын болады.

Тұқымды үй жағдайында өндіріп алуға болады
1. 1 пайыздық калий перманганаты ерітіндісін дайындау (100 мл суға 1 гр марганец ерітіндісі)
2. Дайындаған ерітіндіге тұқымды салып 2-3 сағатқа қалдыру керек.
3. Тұқымды қағаздың немесе сулықтың бетіне шығарып кептіріп алу қажет.
4. Барлық кепкен дәндер матадан тігілген қалташаға салынады.
5. Қалташаны шыны құтыға салып, қақпағын жауып, тоңазытқыштың ең салқын бөлігіне қойылады.
6. Дәл осы күйінде келешек шыршалар көктем шыққанша ұйықтайды ( ақпан айында жиналған жағдайда 20 маусымға дейін тұрады)

Көгілдір шыршаны отырғызу үшін…
Алдымен көктем шыға қысқы ұйқыда жатқан ұрықты ояту керек. Ол үшін оларды бір түнге тамыр шығаратын дәрі құйылған ерітіндіге саламыз. Ылғалды болған тұқым тез өнеді. Ертеңіне суда тұрған тұқымды алып қондыра беруге болады.

Ашық топырққа қондыру әдісі
Көктемгі үсіктердің беті қайтып болған соң, сәуір айының аяғына таман дайын дәндерді ашық топыраққа егу керек. Алдымен жерді қазып ұяшық жасап алып, ішіне шымтезекке ірі құм мен топырақты араластырып, толтыру керек немесе қылқанжапырақтыларға арналған тыңайтқышпен топырақты араластыруға болады. Көгілдір шыршаны ашық топыраққа қондырған кезде ұрықты жиі себу қажет.

Жұмыс ретімен жасалуы керек:
топырақты жақсылап, нығыздау;
бетінен тұқымды 2-3см аралықта етіп сеуіп шығу;
шымтезек пен ағаш үгіндісі (опилка) бірдей мөлшерде араластырып, дайын қоспамен ұрықтың бетін 1,5 см қалыңдықта жауып шығу қажет;
беті толықтай жабылғаннан соң аздап су шашу керек; беті үлдірмен (пеленка) жабылады;
үлдір астындағы топырақтың ылғалдылығын жиі тексеріп, ара-тұра желдетіп алған жөн;
алғашқы өскін үш аптада өніп шығады, олардың мықты дегендерін алып қалып, араларын 6 см қашықтықта сирету қажет; өніп шыққан көшетке күнделікті таңертең су бүркіп отыру керек. Тек артығымен болмағаны жөн. Артық ылғал түрлі вирустық ауруға шалдықтырып, шыққан өнімді жойып жібереді.

Осы күйінде шырша келесі жылғы көктемге дейін қалады. Жаздың аптап ыстығында топырағының құрғап кетуінен сақ болыңыз.

Пластикалық ыдысқа қондыруға болады
Шыршаны үй ішінде өндіруге де болады. Ол үшін жалпақ әрі терең қақпағы бар пластикалық құты дайындап алыңыз. Себебі пластикалық құтылар қақпақтары толық жабылып тұратындықтан өте ыңғайлы.

Жұмыс жасау тәртібі:
Топыраққа құрғақ құм мен шымтезек араластырып, дайындаған ыдысқа толтырып салу қажет;
Жақсылап су сеуіп шығу керек;
Тұқым сеуіп, топырақты қолмен немесе шанышқымен себілген дәндер топырақпен жабылатындай етіп араластырылады;
Ыдыстың қақпағын нығыздап жауып, күннің көзі тікелей түспейтін, бірақ жылы жерге қойылады;
Топырағы кеуіп бара жатқан кезде ашып су сеуіп тұру керек;
Дәндер өніп кішкене көріне бастаған кезде қақпақты ашу қажет;
Жазда ыдысты далаға шығарып үлкен ағаштың көлеңкесіне қою керек;
Жас өнімді келесі жылы көктемде мамыр айында топырақ жылыған соң өзіңіз қалаған орынға отырғызуға болады;

Шыршаны қаламшалау арқылы өсіру

Көптеген бағбандар сәндік қылқанжапырақты өсімдіктерді өз негізін сақтап қалу үшін қаламшалау тәсілі арқылы өсіргенді жөн көреді. Көгілдір шыршаны да дәл осы жолмен өндіріп көбейтуге болады. Мұны көктемде мамыр айында ағаш шырынының қозғалысы кезінде жасаған дұрыс.
Қаламшалау үшін 4 жыл мен 10 жыл арасындағы шырша ағашы таңдалады. Себебі мұндай ағаштардың бұталарының өніп кету деңгейі жоғары. Ағаштың бүйір жағындағы 6 – 10 см болатын өскіндерінен 3-4-еуін жұлып алу керек (пышақпен кесуге болмайды). Жұлып алғанда түбінде ескі ағаштан кішкене қалдық қалатындай етіп, таңертең немесе бұлтты ауа-райында алу қажет.
Жоғарыда тұқым арқылы өндіру жолдарының барлығы қаламшалап өндіруге де тура сол қалпында қолданылады. Сондай-ақ бұл өндіру жолдары кез-келген қылқанжапырақты өсімдікке қолдануға жарайды. Сондықтан аулаңызды көгілдір сәнді шыршадан бастап мәңгі жасыл өсімдіктің өзге де түрлерімен толықтыра аласыз.

Дайындаған: Э.Базарбаева, ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз: Қыста ылғал киімді қазанға салып кептіріп алуға болады.

2019 жылы екі бүктелетін смартфоныңыз болады.

Қазіргі таңда бүкіл әлем дамыған технологияның көмегіне көп жүгінеді. Яғни, әр уақытта пайда болып жатқан құрылғылар адамдардың күнделікті тіршілігін жеңілдетуге үлкен көмек көрсетеді.

Дүниежүзіндегі жаңалықтар ешқашан тоқтаған емес. Сол сияқты әрдайым гаджеттердің де жаңа үлгілері пайда болып жатады. Сондықтан, бүгін біз Сіздерге 2019 жылы шығатын үздік гаджеттер тізімін ұсынамыз.

1. Samsung Galaxy Flex икемді смартфоны Гаджет Galaxy F атауын алады және екі негізгі экран болады. Экранның сыртқы жағын қолданғанда қарапайым смартфон болып жұмыс істейді, ал оны ашқан кезде пайдаланушы екі экранды шағын планшет ретінде қолдана алады.Samsung ұсынатын смартфон 2019 жылдың наурыз айында шығады және бағасы 1 770 АҚШ долларынна тең болады деп күтіліп отыр.

2. Microsoft Holens-2 Microsoft HoloLens – бейнелі қосымшалармен шынайы әрекеттесуге мүмкіндік беретін көзілдірік. Microsoft HoloLens-тің бірінші нұсқасы жылдың басында, ал екінші нұсқасы 2019 жылдың екінші жартысында шығады деп жоспарлануда. Екінші нұсқа түпнұсқаға қарағанда мықтырақ, яғни оның өз қуатымен жұмыс жасау уақыты бірінші HoloLens-қа қарағанда әлдеқайда көп болады. Сондай-ақ, 2 жасанды интеллект жүйесіне арналған жеке процессоры бар гаджеттің бағасы – 3000 АҚШ долларына тең. Айта кетейік, HoloLens бастапқы үлгісін осыдан үш жарым жыл бұрын ұсынған екен.

3. Экраны алмаздан жасалған смартфондар Алмаз экраны бар алғашқы смартфон 2019 жылы шығады! Америкалық Akhan Semiconductor смартфондарының алмаз дисплейлері қазіргі экрандарға қарағанда алты есе берік және он есе төзімді болатын технологиямен әзірленеді. Қазіргі таңда смартфонның жұмыс қабілеттілігіне көз жеткізу және сенсорлық экрандармен дұрыс жұмыс істеуіне кепілдік беру үшін өндірушілер құрылғыны сынақтан өткізуде. Сондай-ақ, зерттеушілер күн астында немесе жарық көздері көп жерлерде құрылғыны пайдаланғандағы шағылысу қасиеттерін азайтумен айналысып жатыр.

4. «The Last Of Us Part II» бейне ойыны «Қорқынышта өмір сүру» жанрындағы The Last Of Us ойыны алғаш рет 2013 жылы шықты және бірден оң пікірлерге ие болды. «Metacritic» әлемдік рейтингінде ол 100-ден 95 ұпай жинаған, бұл «жалпының бірдей мойындауы» дегенді білдіреді. Сонымен қатар, бір жыл ішінде ойынның 7 млн. көшірмесі сатылады екен.

5. 5G интернет жылдамдығын қолдайтын смартфондар 2019 жылы 5G дәуірі басталады және сымсыз желілерде деректерді беру жылдамдығы 1-2 Гбит/с деңгейіне дейін жетеді, бұл сымды интернетке қарағанда 10-20 есе жылдамырақ. Сарапшылардың айтуынша, 2024 жылға қарай мобильді трафиктің 20%-ы 5G қолдайтын құрылғылар арқылы өтеді. Мұндай смартфонның алғашқы үлгісі ақпан айында Барселонада өтетін «MWC 2019» көрмесінде «OnePlus» брендімен ұсынылады.

6. 5G интернет жылдамдығын қолдайтын ноутбуктар 2019 жылдың соңына қарай пайдаланушылар 5G модемін қолдайтын ноутбук сатып ала алады. Ноутбуктарға арналған 5G модемдерін Intel компаниясы әзірлейді. Ондағы негізгі мақсат – ең жоғары гигабитті жылдамдықты қолданысқа енгізу.

7. Алғашқы Porsche Taycan электромобилі Электромобиль жасау бүкіл әлем бойынша қарқын алып келеді. Сондықтан, Porsche де 2019 жылы өзінің «Тaycan» электрокөлігінің сатылымын бастайды. Taycan қолданыстағы көлікті бейімдеу арқылы емес, басынан электромобиль ретінде әзірленген. Электромобиль өндірісі 2019 жылдың ортасынан кейін басталады. Бастапқыда өндірушілер жыл сайын 20 мың электромобиль шығаруды жоспарлап отыр, алайда алдын ала тапсырыстар берілсе, көлік саны 30 мыңға дейін көбейуі мүмкін. 800 вольт тоқ күшімен қуаттау жүйесі орнатылатын электромобиль 20 минут ішінде 400 шақырымға жететін қуат алады, ал толық қуатпен 480 шақырым жүруге болады.

8. Алғашқы Harley-Davidson LiveWire электромотоциклі Мотоциклдің жылдамығы 4 секундта 100 км/сағ. дейін жетеді және бір толық қуатты аккумуляторлармен 80 шақырым жүре алады. Harley-Davidson LiveWire ұсынған электромотоциклдің техникалық сипаттамалары: қозғалтқыш — 55 кВт, салқындату – май күшімен, қуаты — 74 ат күші, дөнгелектерінің биіктігі — артқысы 43 см және алдыңғысы 45 см және салмағы — 210 келі.

Міне, 2019 жылы шығатын жаңа гаджеттердің үздік деп танылғаны осылар. Әрине, бұлар тек жарияланғаны ғана, әлі де гаджет саласында жағымды жаңалықтар көп болуы әбден мүмкін. Біз сол жаңалықтың барлығын осында ұсынып отыратын боламыз.

Дайындаған: Б.Ерман, ERNUR.KZ.

ҚЫСҚА мойынды ҰЗАРТЫП көрсету үшін қандай АЛҚА таққан дұрыс?

Сіз мойныңызға алқаны қандай мақсатта тағасыз? Сән үшін бе, әлде кемшілігіңізді жасыру, я болмаса жұрттың назарын алқаға аудару… Мейлі, қандай мақсатта тақсаңыз да оны сауатты үйлестіре білсеңіз болғаны.

Есімі Гиннесс рекордтар кітабына енген, әлемдегі ең табысты әйел-әнші Мадоннаның «1 метр матадан әдемі көйлек тігіп киюге де, оны еден жуатын шүберекке айналдыруға да болады» деген сөзі бар. Дәл сол сияқты таққан бір ғана алқаңыз көркіңізге көрік қосуы да, керісінше сұлулығыңызға сын келтіруі де мүмкін. Бұл үшін алқа тағудың өзіндік ережесін білгеніңіз жөн.

АЛҚА ДА КИІМ СИЯҚТЫ...

1.Алқа киім секілді, мерекеге, маңызды кездесулерге, кеңсеге, күнделікті, той-томалаққа арналған боп бөлінеді. Күнделікті және кеңсеге арналған киімдердің мойыны көбінесе «О», «V» образды болып келеді. Мұндай киіммен нәзік алқа таққан дұрыс. Киімнің мойны квадрат пішінінде ойылған болса, кулоны бар алқа тағу керек.
2. Алқа макияж сияқты, күздік, қысқы, көктемде тағатын, жаздық болып бөлінеді. Алқаны киген киімнің материалына сай тағу керек. Қалың киіммен былғарыдан жасалған алқа тағылса, ал жұқа, жеңіл киімге мейлінше нәзік тағыншақ дұрыс.
3. Алқа жас талғайды. Жас ұлғайған сайын тағыншақтардың санын да, көлемін де кеміту керек.
4. «Салмақты-жеңілтек» ережесі. Киіміңіз неғұрлым ашық-шашық болса, нәзік, алыстан менмұндаламайтын алқа таққан жөн. Ал, бөксеңіз бен көкірегіңізді жасырып тұратын салмақты киіммен (мысалы кең көйлек т.б.) «айқайлап» тұратын алқа үйлесім табады. Сол секілді егер көйлегіңіздің мойны терең ойық болса, онда нәзік, ал жағалы киіммен ұзын да жуан баулы алқа тағу қажет.
5. «Ұзын-қысқа» ережесі. Көйлектің мойны неғұрлым ойық, ашық болса, мойынға жабысып тұратын алқа, ал моны жабық (мысалы водолазка) киіммен ұзын алқа таққан дұрыс. Сондай-ақ, ұзын мойынға қысқа алқа, ал қысқа мойынды ұзартып көрсету үшін ұзын алқа таққан абзал.
6. «Киім түсіне қарай таңдау» ережесі. Егер киім бір түсті болса, түрлі-түсті тастардан безендірілген алқа, ал киім бірнеше түстен құралса, онда бір түсті алқа тағу керек.
7. Алқа сырға мен жүзікпен жарасым табуы тиіс. Бижутерия мен зергерлік бұйымды, алтын мен күмісті бірге тағуға болмайды.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ АЛҚА ТАҒУЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАН?

«Отбасы хрестоматиясы» кітабында алқа тағудың қалай бастау алғаны туралы жазылған. Онда былай делінеді:
«Сүлеймен Былқыс патшаның атағын естіп, оны көрмекке ынтық болады. Оған: «Бір Жаратушының атымен бастаймын. Маған келіп, қонақ болып, сән-салтанатымды көр» деп хат жазады. Хатқа мөр басып, оны бәбісекке береді де:
– Мына хатты жылдам Былқыс патшаға жеткіз! — деп бұйырады. Бәбісек хатты тістеп ханшайымның ордасына кірсе, ол ұйықтап жатыр екен. Ол түндіктен кіріп, хатты оның бас жағына қояды. Қыз оянбайды. Болмаған соң қыздың көкірегінен шоқып оятады. Былқыс хатты оқып, Сүлейменнің шақыруын қабыл алады. Бәбісектің шоқыған жері Былқыстың көкірегінде тыртық боп қалып қояды. Ол қорқып кетіп:
– Уа, Алла, мен Былқысты оятпақшы болып, оның көкірегін жаралап алдым. Бұл жайды Сүлеймен патша білсе, мені өлтіреді. Мені құтқара гөр, — деп Тәңірге жалбарынады. Сол кезде Жебірейіл періште пейіштен дүр гауһармен өрнектелген алқа әкеліп, ханшайымның мойнына тағыпты. Былқыс сол заматта хор қызынан кем түспейтін аппақ аруға айналады. Сарайдағы қыз-келіншектер оның алқасын көріп есінен танады. Олар да ханшайымға еліктеп, асыл тастардан алқа жасатып, мойындарына таға бастайды. Содан бастап әйелдердің алқа тағуы сәнге айналған екен».

Жазира СМАҒҰЛОВА, ERNUR.KZ

Ангинаны 8 түрлі жолмен емдеуге болады

Баспа ауруын басып емдеуге болмайтынын аты айтып тұр. Сонда да тамақтағы ісікті басатындар бар ел арасында. Бірақ бұл әдіс аурудан айықтырмайды, керісінше асқындырады. Сондықтан да ангинаны ешқашан басушы болмаңыз.

Баспа (ангина) – бадамша безінің қабынуынан белең алатын ауру. Тамаққа түскен инфекция қызуды көтереді, тамақты қызартады, әлсіздікке бой алдырады, басы ауырып, жұтынған кезде қиындық туындайды. Осы белгілер байқалған кезде дәріханада сатылатын емдік шөптер арқылы аурудың алдын алыңыз. Сізге көмек ретінде 8 әдісті ұсынамыз.

1-рецепт
1 ас қасық түймедақ (ромашка) пен 2 ас қасық жөке гүлін (липа) 1 стақан қайнатылған суға салып, қайнатасыз. 5-7 минуттан соң отты сөндіріп, 20 минуттай тұндырып қойыңыз. Белгіленген уақыттан соң дайын болған тұнбаны сүзіп алып, жұтқыншағыңызды, ауыз қуысын шаясыз. Емді күніне 5-6 рет жүргізу керек.

2-рецепт
Ұнтақталған қырықбуынның (хвощ) 5 ас қасығын 400 мл қайнаған суға салып, тұндырып қойыңыз. Шамамен 15 минуттан соң сүзіп алып, тамағыңызды шаясыз.

Оқи отырыңыз: ЖӨТЕЛ үш күнде ЖАЗЫЛАДЫ

3-рецепт 2 ас қасық таңқурай жапырағын 1 стақан қайнаған суға салып тұндырып қойыңыз. 10 минуттан соң тұнбаны сүзіп алып, жұтқыншағыңызды шаясыз. Бұл әдіс тамақтың қызарғанын кетіреді, мазасыздықтан арылтады әрі баспаны жедел түрде емдейді.

4-рецепт
1 стақан үгілген қызылшаға 1 ас қасық 6 пайыздық сіркесуын араластырып, тұндырып қойыңыз. Шамамен 15-20 минуттан соң қызылшаны сығып, тұнбаны сүзіп аласыз. Дайын болған емдік тұнбаның 1-2 ас қасығымен тамағыңызды шаясыз. Емді күніне 3 рет жүргізу керек.

5-рецепт
Жарты литр суға 3 шай қасық пияздың қабығын салып, отқа қойыңыз. Бір қайнап шыққан соң ыдыстың қақпағын жауып, тұндырып қоясыз. Салқындаған кезде сүзіп алып, тамағыңызды, жұтқыншағыңызды шаясыз. Пияздың қабығынан дайындалған тұнба тамақтың қызарғанын кетіреді әрі емдейді.

6-рецепт
100 грамм қабығынан тазартылған сарымсақты жарты стақан қайнаған суға салып, тұндырып қойыңыз. Шамамен 6 сағаттан соң дайын болған емдік сусынды жылытып тамағыңызды шаясыз. Бұл емді күніне 3 рет үзбей 3 күн жасасаңыз, баспа ауруынан түбегейлі айығасыз. сурет: medknsltant.com

7-рецепт
4 ас қасық балғын немесе кептірілген жолжелкен (подорожник) жапырағының үгіндісін 200 мл қайнаған суға салып, тұндырасыз. 30 минуттан соң дайын болған тұнбаға шамалап бал араластырып, тамағыңызды шаясыз. Емді әр сағат сайын жасау керек.

Оқи отырыңыз: ИММУНИТЕТТІ көтеретін ЖЕТІ әдіс

8-рецепт
3 ас қасық балға 1 ас қасық алоэ шырынын араластырыңыз. Осы қоспамен бадамша безін сыртына жағып, массаж жасай отырып уқалайсыз. Емді күніне 1 рет 14 күн жүргізу керек.

Ескерту! Халық емін қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесіп алыңыз.

Ләззат АХМЕТОВА, ERNUR.KZ.

Кісі қолынан қаза тапқан қорықшы жерленді

Кісі қолынан қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиев жерленді. Марқұмның денесін Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Баршын ауылындағы қорымға қойды. Қаралы жиынға келген ауыл шаруашылық министрінің өкілі Ерлан Нұрғалиевты «Ерлігі үшін» наградасына ұсынғандарын айтты.

​Келін түскенде орындалатын дәстүрлерді білесіз бе?

Келін түскен кезде жасалатын дәстүр дұрыс орындалып жүр ме?

«Сүйінші! Өмірге кестетігер келді! Дүниеге ханшайым келді!» — деп ел-жұртты шаттандырып, әулетті мақтаныш сезімі билеп, әкесі мен анасына қуаныш сыйлаған сүйінші хабар қыз баланың туылғанын білдіреді. Әрине, қыз – өрісің, қонағың, байлығың, қамқоршың, көмекшің, жанашырың. Барлық мейіріміңді төгіп мәпелеп, алақаныңда аялап өсірген қызың талай күндерді артқа тастап, бойжеткенде басқа елдің келіні болады. Барған елі мен өз елінің алтын көпірі атанады. Жаратылысы қандай нәзік болса, иығына артылған жүк сондай ауыр болмақ. Бауыржан Момышұлы атамыздың өзі қызды жер бетіндегі ең батыр адамға теңеген.

Елді жаудан қорғаған батыл жүрек Бауыржан атамыз: — Жер бетіндегі ең батыр адам – қыз, деген. Оның мәнісін сұрағандарға былай деп жауап беріпті: — Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елде бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді, — деген екен.

Иә, өзге елдің ұрпағын көбейтіп, абыройын асқақтату мақсатында бөтен босағаны аттаған жаңа келінге әр өңірде әртүрлі дәстүр қолданылады. Солардың бірнешеуін ғаламтор беттерінен іздеп көрген едік.

Қыз ұзату дәстүрін қаншалықты жақсы білесіз? (ТЕСТ)

Қазақстанның оңтүстік өңірінде
Шаңыраққа жаңадан келін түскенде алдымен шымылдыққа кіргізеді. Беташар тойы жасалмайынша басындағы орамалды шешпей, жүзін төмен қаратып, ізеттілік танытып отырады. Айналасына кішкентай қайынсіңлілері жайғасады. Келін көруге келгендерге орнынан тұрып ілтипат танытады. Келін түсірген отбасы көп ұзатпай беташар тойын жасайды. Бұл тойға келіннің төркіні шақырылмайды, ал үйленген жігіттің туысқан, ағайын, нағашылары түгел жиналады. Бет ашуға арнайы асаба шақырылады. Жас келіннің бетін ақ орамалмен жауып, екі жағынан екі абысыны сүйеп ортаға әкеледі. Жас келін екі қолын айқастырып, иіліп сәлем жасайды. Келіннің басындағы ақ орамалдың бір ұшына оқтау байланып, оны күйеуінің кіші інісі ұстайды. Оқтау сол әулеттің келіндеріне мирас болып енеден келінген өтетін құрал. Оқтау жас келінге отбасының шаруасын қолға алып, оқтау мен тақтайға ие бол дегенді меңзесе керек. Беті ашылған келіннің маңдайынан енесі сүйіп, ақ батасын береді. Беташар тойында палау беріледі. Келген қонақтар дәмнен ауыз тиіп, жастарға бақыт тілеп, тарқасады. Беташардан соң келін басына орамалын орап, үй тірлігіне кіріседі. Оңтүстіктегі енелердің көпшілігі жаңа келіндеріне көздің жауын алатын ашық түсті киімдерді кигізеді. Бұл да келінге көз тимесін деген ырым. Сонан соң келін ерте тұрып, дастарқан жазады. Қайын атасы мен енесінен бастап, қайынаға-қайыніні, қайынәпке-қайынсіңлілердің бәріне иіліп сәлем жасайды. Күйеуінен кішілердің бәріне әдемі атау береді. Мұны қазақта «Ат тергеу» деп айтады.

Ат тергеу дәстүрін дұрыс қолданып жүрміз бе?

Қазақстанның батыс өңірінде
Босаға аттаған жас келін оң тізесін сәл бүгіп, оң қолын оң тізесінің үстіне қояды. Алақанын аздап ашып сәл ғана иіледі. Бұл — келін сәлемі. Батыстың келіндері оңтүстіктегідей халат пен шалбар кимейді. Мүмкіндігінше, ұлттық нақыштағы көйлек, нымша киеді. Бастарына үлкен орамал орайды. Жас келінді көруге келгендер міндетті түрде сыйлық алып келеді. Айта кететін бір ерекшелігі — жас келін қонаққа келген төркініне шәй құймайды. Бұл міндетті енесі атқарады. Ал басқа қонақтарға тек қана келін шәй құяды. Дәм желініп, дастарханға бата берілген соң келін тағы да сәлем салып, дастарханды жинап алады. Қазақстанның солтүстігінде Бұл аймақта беташар мен үлкен той бірге жасалса да сын емес. Сол кезде келін күйеуінің барлық тума-туысқандарына сәлем салады. Тойдан кейін сәлем де салынбайды, барған отбасының тәртібіне қарай орамал да тағылмайды. Бір қызығы қалың мал қатты сақталмаған. Бірақ міндетті түрде келіннің анасына «сүтақы» беріледі. Оны ақшалай да, бағалы бұйым ретінде де, тіпті алтын-гауһар сырға не жүзік тағылады. Құдалыққа келгендердің бәріне де алтын әшекейлер сыйға беріледі.

Қазақстанның шығысында
Болашақ келінге «сырға салу» дәстүрі құдалықпен қоса атқарылады. Қыз жақ белгіленген күні құдалық күтеді, сол кезде қызға сырға салып, ата-анасына сыйлықтар жасалынады. Бұл өңірде де «сәлем салу» салты қатаң түрде қарастырылмаған. Бірақ күйеулерінің амандығы үшін, жолдары әрдайым ашық болуы үшін деген сеніммен орамал шешпейді.

Руласына сәлем салса, сүйегі сырқырайды

Ал Алматы аймағында… Бұрынғы кезде көз астына алып қойған қызға сырғаның орнына үкі таққан. Бұл дәстүр Алматы тұрғындарының кейбірінде сақталған. Үкі таққан қыздың атастырылып қойғанын, біреудің аманаты екенін бірден білуге болады. Қалың мал мен сүтақы салты да қалтқысыз орындалады. Тіпті, бақуатты отбасылар қыздың әкесіне де ерекше сый жасап, көлік мінгізіп жатқанын естіп жүрсіздер. Ал қыздың жеңгелері «күйеу қоржыннан» салмақты сыйлықты дәметеді. Қоржын жасамаған күйеу сараң, шығайбай деген атқа қалады. Қоржын тәттілермен, зергерлік бұйымдармен толтырылады. Той кезінде қазақтың түрлі ойындары ойналып, қонақтарды шат-шадыман күйге бөлейді.

Міне, келін түсірген кезде жасалатын дәстүр түрлерімен де танысып алдық. Келген келіннің аяғы құт болып, әрбір шаңыраққа шаттық орнасын! Жаңадан босаға аттаған келіндеріміз алтын асықтай ұлдардың, қызғалдақтай қыздардың асыл АНАсы болсын!

Ләззат АХМЕТОВА, ERNUR.KZ.