Сусындау...

Басқа-басқа өзімнің «Сусын» деп есептейтін сусындарымның ішінде қатып қалып, басқасын жиып қойып, талғап жүріп ішетін сусыным жоқ екен. Әйтеуір спиртті ішімдік болмаса болды. Сусынның қадірін алыс жолға шыққанда білесің. Шіліңгір шілдеде, болмаса тамылжыған тамызда қаларалық автобусқа сусынсыз міну өз-өзіңді азапты өлімге қиюмен тең дүниенің бірі. Бұндайда мөлшерсіз көп сусынды да ала алмайсың. Көліктің келесі тоқтайтын нүктесіне дейін жететін сусын алып алып, соны ептеп ұртап отыруды әдетте айналдырғанмын. Менің қалааралық автобусқа сирек те болса мініп тұрған кездерде баратын екі нүктем бар. Бірі Балқаш, екіншісі Жаңаарқа. Біріншісі Қарғанадыдан 400 шақырымдай жерде, екіншісі 200 шақырым мұғдарында. Жолға шығарда әрбір ұсақ-үйекке мән беріп, «Ананы ұмытқан жоқсың ба, салып қойдың ба ?» деп келіншегін мазалай беретін жанның бірімін. Жолдан бір күн бұрын ұйықтай алмаймын. Жолда ұйықтағанды ұнатамын. Бейтаныс жерге бара жатпаған соң жолды басқаша қалай қысқартасың?!
Құлағыма «Емпүшімнің» құлақтығын тағып алып ойға шомамын. Иә, иә, жаңылыс оқыған жоқсыздар. Музыка тыңдай отырып ойға шомамын. Қаланың кранынан тамған суды ішіп отырып, жайлаудағы Тасбұлақтың суын армандайтын мен, алыс жолдарға арнайы музыкалар жазып аламын…
… Саржайлауым менің,
Жан жайлауым менің,
Ән – жайлауым менің.
Беу-беу, Сарыарқа!
Аққу аңсап қонған
Ақ маңдай көлдер.
Сал самалы саумалдай болған
Мақпалдай белдер.
Бал бұлағы есіліп аққан-оу, Сарыарқа,
Арғымағы көсіліп шапқан-оу,
Аңыз дала, Абыз дала,
Қобыз дала, Сарыарқа!
..-Бекболат ағамның орындауындағы Ақселеу атамыздың осыбір әнімен сусындап отырып әрнені ойлап кетемін. Өзімнің балалығым қалған Сарыарқаның бір пұшпағы Жаңаарқаның Қарасу жайлауында өткен балалығым көз алдымнан зуылдап өтеді. Расымен де мен осы жайлаудың төсіндегі әр бұлақтың суына сусындап өстім. Суын ұрттасаң миыңды аузыңа түсірер тастай суы бар, таудың етек жағындағы тастардың арасынан ағып жатқан Тасбұлақтың, қанша ұртасаңда шөлің қанбайтын, таңдайыңа сіңіп кете беретін әнебір төскейдегі Төсбұлақтың, болмаса Қарасу бойындағы құдықтағы қара суды сіміріп ішер ме еді… Арғымақпен көсіліп шапқанда тұяқ астында дөңгелеп, артыңда бұлдырап қала беретін белдерге тағы бір мәрте барып, дәл солай көсіліп шапқың келіп кетеді… Бірақ, автобус бір ыршып секірген кезде өзіңнің қалааралық автобуста келе жатқаныңды, қолыңда бұлақтың емес, қайдан құйылып алынғалы белгісіз газсыз сусыныңның бар екені есіңе еріксіз түседі. Ол кезде өзімнің «Блогиадаға» қатысатынымнан хабарым жоқ, сондай-ақ әйтеуір бір турдың тақырыбы «Сусын» болатынынан да бейхабар болсам да бүйірінде «Tassay» деп жазылған сусынымнан бір ұртап қойып, шөлімді бір басып алып, халық әндерінен сусындауды әрі қарай жалғастырып кетемін…
… Айбозым, айхай бозым, даңғыл бозым,
Ел шалғай, жүре алмадым, жалғыз өзім-
деп Біржан шау тартқан кезінде бір егілген екен. Осыбір әнді бала кезімде атамның қара радиосынан сан рет тыңдадым. Мағынасын жете түсіне алмаған едім. Түсінгенім автордың атымен сырласып отырғаны ғана. Менің балалығым өткен жайлауда свет, тоқ деген атымен жоқ. Өзім құралпылас балалар да жоқ. Мен де астыма мінген атыма «Тайбуырылым менің, қазір ауылға шауып барып келе қойсақ ешкім біліп қоймайды ма? Сенің неге ертегідегідей «Астыңғы ернің қыбырламайды, үстіңгі ернің неге жыбырламайды? Кластастарымның не істеп жатқанын бірге көріп келе алар ма едік?» деп өзімше сырымды айтып жүретінмін. Қызық. Қой, әділқазылар сусын туралы жазба емес деп жүрер, осы жерде «Тассайдан» тағы бір мәрте ұрттап алайық. «Тассайдың» жақсы суысын екені рас, бірақ, ішкен сайын кезенем кебе береді ме қызық…
… Бір жағы Алматының Талғар, Түрген
Сыйласып жақсы емес пе бірге жүрген, бүлдірген
Қандай жақсы құрбылармен бір жүрген...
-әнді орындаушы Нартуева Әйгеріммен таныстығым бар. 2009 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әндерді орындаушылар конкурсына келген еді. Әрбір әріпін анық айтатын, құлағыңның құрышын қандыра орындайтын әнші. Осындай әншілердің орындауындағы әндерді жалықпай тыңдай беруге болады. Өзі күйеуге тиді ме екен? Әйгерім жайлы ойлағандікі ме, әлде, күннің аптабынан ба, әйтеуір аузымның кеуіп кеткенін аңғардым. Сусыннан тағы бүр ұрттауға тура келді…
«Сусын» тақырыбындағы жазбам сіздердің сусындарыңызды қандырар, қандырмасынан хабарым жоқ. Осы жазбамды Қайрат ағамыздың орындауындағы «Бір келіншек» әнінің орындалуы кезінде аяқтаппын. Ия, қазылар не дер екен, қазылар алқасындағы бір келіншек не дер екен…
Әрі қарай

Өмір деген тамаша!

«Жизнь прекрасна» (1997 г.) фильмінің сюжеті ешкімді бейжай қалдырмас. Бұл фильмді алғаш мектепте оқығанымда көрген болатынмын. Кішкентай шағымда бүкіл киноны тек суреті мен басты оқиғасына ғана мән беріп қарағандықтан, қайталап қарап шығу — бір ғанибет.
Фильмнің басты кейіпкері Гуидодан барлығымыз үлгі алсақ деген ойдамын. Әкесі баласын психологиялық стресстан сақтап, аман алып қалу үшін, өмірдің қатаң тауқыметін көрсетпей, концлагерьде қара жұмыстан шаршап, сүрлігіп келсе де, айналаны ойынға айналдырады. Ұлын сұм соғыста көтеріңкі көңілмен жүргізіп, жарқын болашаққа сендіреді. Гуидо — талантты, мейірімді, қолайсыз жағдайларда ақылымен шыға алатын, пысық адам.
Кедей, бірақ өте тапқыр еврей жігіт пен италяндық әулетті отбасынан шыққан қыздың бүлдіршінді болып, бақытты жанұя құрғаны, фашистік Италияның қысылтаяң шағы жайында түсірілген — өте әсерлі фильм. Мың мәрте жалықпай қайталап көруге дайынмын.
Шынымен де, өмір деген тамаша! Қолда барға қанағат етіп, баларымызды күнде құшақтап, сүйейік.
Киностан: Өмір деген тамаша!
Әрі қарай

Жалғыз жапырақ... Қайда екен сол ғашықтар?!

Қайда екен сол ғашықтар?!

Көктем еді. Табиғат ана келбеті шырайланып, айналасына шапағатын шаша түскен мезет-тін. Буырқана бусанған қара жер жүзі де тебіндей шыққан көкпен көмкеріліп, жасара бастаған. Ол кезде менің көзімді жаңа ашып, төңірегіме таңдана қарап, жарық дүниенің тіршілігін енді бажайлай бастаған кезім болатын. Күн батса шығыс жақтан қоюланып келе жатқан түнерген түнге жәутеңдей қарап, бүрісе түсуші едім. Ал көкжиектен күн қылтиса болды арқам кеңіп, керіле түсіп, еркін тыныстайтынмын. Ол күндері менің қуанышым да, қорқынышым да сол шығыстан келуші еді.

Бір күні кешғұрым біздің жанымызға бір бозбала мен бойжеткен келді. Жігіттің денебітімі төртпақ келгенімен, оның тағат таппай ойнақ қаққан көздері мен шалт қимылдары оның ширақ, елгезек екендігін білдіріп тұратын. Ал бойжеткен тым ерке көрінді. Ботакөздерін төңкеріп жіберіп, жұп-жұқа еріндерін жымырайта жұмғанда аппақ бетіне қос шұңқыр ойнап шыға келуші еді.
Алғашқы күні екеуі біздің жанымызға көп тұрақтамады. Тек ұзап бара жатып бойжеткен бізге қайырылып көз тастады да: «Қандай әдемі жер! Күнде келіп тұрайықшы?» — деді…
Екеуі күнде кешке келіп жүрді. Отырып ұзақ әнгімелесетін. Әңгіме барысында көбіне жігіт сөйлейтін. Ал бойжеткен оның жүзіне күлімдей қарап, бар зейінімен ынтыға тыңдап отырушы еді. Жігіт:
— Қой жайғанда кітап оқығанды ұнатушы едім. Аш қойларды айналдыра иіріп, жусатып тастаймын да, жасыл жасаңда жатып алып кітап оқитынмын.
Бір күні оқып жатып көзім ілініп кетіпті. Ояна келсем екі табын қой маңырай-жамырай бір-біріне қосылайын деп қалыпты. Біздің көшенің қыңыр шалдарының қыржиған түрлері көз алдыма келгенде қос табынның арасына қалай жеткенімді өзім де байқамай қалыппын. Айқайлап ары қайырам, бері қайырам, болар емес. Дәл бір әкелерінің кегі кеткендей улап-шулап ентелей түседі. Жеті аталарын желдей көшіріп жүрмін. Ақ май, көк су болып терледім. Сілекпем қатып, енді қосыларға айналғанда бажайлап қарасам, қос табында да біздің үйдің қойлары жүр. Сөйтсем, ыстық күнде бірінің бауырына бірі басын тығып, көк жұлып жүре беріп, бір табын екіге бөлініп кетіпті. Мен сол бірін-бірі іздеп жамыраған қойларды екіге бөліп алып, қайырып қызыл жінік болып жүріппін.
Екеуі қосылып ұзақ күлді. Сыңғырлаған күлкісін сәл тыя бере бойжеткен:
— Мен де қой жайғанда кітап оқушы едім. Бірақ сен сияқты иіріп, жусатып тастамайтынмын. Қойдың басын жайылымға бастап тастаймын да, кітаптан көз алмай табынның артынан еріп отыратынмын. Бір күні солай кітапқа бас қойып келе жатып араның ұясын басып кетіппін. Гуілдеген аралар үйірімен жабыла қуып, ауылға жеткізіп салды. Қой да, кітап та далада қалған, тұла бойым қып-қызыл болып, жылап үйге қайттым.
— Бақырып басыңа көтерген шығарсың көшені?!
— Қойшы, — деп еркелей бұртиған қыз жігітті иғынан итеріп қалатын.
— Өзің қойшысың.
— Сен де қойшысың.
Төңіректі риясыз күлкімен көмкеріп, бірін-бірі қуа ойнап ұзап кететін.
Күнде келіп жүрді екеуі. Әрқашан жадырап күліп, жайраңдап ойнап жүрді. Дәл бір жетпісті желкелеген шал-кемпірлердей өткен-кеткен, көрген-түйгендерін айтып, әңгімелері бітпей отыратын. Кейде ақтарыла күліп алатын, кейде мұңайып қалатын. Кей сәт үнсіз іштей сырласып отырушы еді. Сондай үнсіздік орнаған сәттерде бойжеткен әңгіме арқауын өзге арнаға аударып, сөз сабақтап кетуге асығатын. Үнсіздік сәл біраз жалғасса жанарымен жер сүзіп отырған жігіт бірдеңені бүлдіретіндей оның аузына сөз салып жіберуге тырысатын. Күндер өте жігіт мүлде ұяңси берді. Аз сөйлейтін болды. Сөйлесе де көзімен көкжиекті шалып, қыз жанарына шалынып қалудан қашатын. Көздері түйісе қалса жанары жасып төмен қарап кетуші еді.
Кешқұрым уақыт болатын. Күн қызара батып, ұясына ене түскен шақ-тын. Дүние біткен қызғылт түске боялып, айнала бейне бір алаулап жанып тұрғандай еді. Бойжеткен мен бозбала бүгін де әдеткі уақытынан кешікпей бірге келді. Бірақ екеуі де үнсіз. Ренжісіп қалғандай бір-біріне тіл қатпай, аяқтарын жалқау басып жанымызға жақын келді. Жігіттің бірдеңеге әбіржіп тұрғаны алабұртқан түрінен көрініп тұрды. Бойжеткен жарты қадам қала еріп, оқта-текте жігітке жасқана қарап қояды. Кенет… бозбала іркіліп қалды да, қыз жүзіне тіке қарап: «Аяужан»,-деді. Бірақ дауысы діріл араласа сенімсіз шықты. Ару жігіт алдында қорғансыз балапандай оған көзінің астымен жәутеңдей қарап тұрып қалды.
«Аяужан»-деді жігіт қайталап, «Мен саған өзімнің көптен бері айта алмай жүрген сөзімді айтқым келіп тұр. Аяука, сені жолықтырғалы бері менің күнім шырайлана түскендей. Жанымда бір сәт болмасаң көңілім алабұртып сені іздеймін де тұрамын. Егер мен суретші болсам сенің ай бейнеңді көзімді жұмып отырып айнытпай салар едім. Сенің риясыз күлкі ойнаған ботакөздерің, өзін-өзі ауырсынғандай діріл қаққан кірпіктерің, қыл қаламдай қиылған қастарың, әдемі пісте мұрның, қызанақтай қос ернің, бәрі-бәрі менің көз алдымда күндіз-түні көлбең қағып тұрады. Жүрегім тек сен деп соғатындай. Тек сені қалайды менің жұдырықтай жүрегім, күнім!».
Бойжеткен жейдесінің етегін өші кеткендей жымыра мажғылап, үнсіз тұра берді. Өзіне-өзі тығылып, кішірейіп бара жатқандай. Қыз жауабын күтіп тағатсызданған бозбала оң қолымен арудың басын иегі астынан аса еппен көтеріп өзіне қаратты да: «Неге үндемейсің? Айтшы, гүлім, жүрегің не дейді сенің»,-деді үздіге. Бойжеткен қылғына әрең бір жұтынып алып, «Сен де маған қатты ұнайсың»,-деді де, көзін төмен ала қашты. Дәл бір біреу басына күннен қалпақ кигізіп жібергендей бозбала жанарына бақыт ойнап қыздың қыпша белін құшағына ала берді. Қыл өтпестей бір-бірін қаусыра құшып, қос ғашық үнсіз ұзақ тұрды. Маған екеуі берге тыныстап тұрғандай көрінді…
Күнде келіп жүрді екеуі. Құшақтарын жазбай бірін-бірі құшырлана иіскеп, аймаласып ұзақ отыратын. Кейде көк жасаң үстінде арпалыса аунап, естері кете өліп-өшіп сүйісуші еді. Шөлі қанбай шөліркей су жұтқан жандардай бір-бірінің жүзін жанарымен жұтына аймалап, үнсіз сырласып та отыра беретін-ді. Екеуі өздерінен басқа ешкімді көрмейтін жандардай көрінуші еді маған.
Бірде бозбала көкте жымың қаққан жұлдыздарға қарап жатып құшағындағы сұлуына:
— Аяужан, сенің ең ыстық арманың не?,-деп сұрады. Кенеттен мұны неге сұрадың дегендей ару жігітке таңырқай бір қарап алды да:
— Менің арманым ба? Менің арманым – ғарышқа ұшу.
— Онда не жоғалттың,-деп жігіт сұлу жүзіне күле қарады.
— Керемет емес пе?! Құмырсқа тірліктен бір сәт арылып, сол құмырсқалар илеу еткен Жер атты ғаламшарды алақаныңа салғандай сыртынан тамашалайсын. Ғаламның қожайынындай сезінбейсің ба өзіңді!
— Қатырып жібердің ғой,-деп жігіт жылы жымия аруының көзінен сүйіп алды.
— Ал сенің арманың не?
— Менің арманым — өзімнің желкемнен қарау.
— Немене? Бойжеткен оң қолын жағына таяныш ете қырындай жатып, жігіт жүзіне күле қарады.
— Мен өз желкемнен өзім қарағым келеді.
— Қойшы, жынды адамның сөзін сөйлемей. Қалай өз желкеңе өзің қарайсың? Желкең арт жағыңда, ал көзің алдыңда. Мүмкін емес ғой.
— Міне, мәселе сонда. Адам өзін ту сыртынан өзі ешқашан қарай алмайды.
— Енді...?
— Менің айтпағым, адам өмірде өз іс-әрекетінің, алған бағытының бұрыс, дұрыстығын бірден біле бермейді. Соны білем дегенше зымырап уақыт өте шығады. Кейде тіпті ғұмыры өтіп кетеді. Мен де сондай пенденің бірімін. Қазіргі бет алысым, жасар ісім, алар, берер дүниелерімнің ағат әлде құп екенін білмеймін. Мүмкін бүгінгі жасағаным үшін ертен жауап беретін шығармын, мүмкін керісінше маған абырой әкелетін шығар. Ол жағы да маған беймәлім. Ал егер мен өзімді ту сыртымнан бақылай алар болсам мен ешқашан ағат баспас едім.
— Қашаннан бері пәлсафашыл болып кеткенсің,-деп ару жігіттің қолтығына қолын сүңгітіп жіберетін. Еңгезердей жігіттің кенеттен шыққан қатты тарқыл күлкісі жұлдызды түнгі аспанды қақ айырып жібергендей болушы еді. Біраздан соң оған сұлудың шолпының сыңғырындай тәтті күлкісі қосылып, айналаны қуанышқа бөлеп әкететін.
Екеуі күнде келіп жүрді. Ол күндері күз мезгілі жақындап қалған болатын. Ымырт үйіріле батыстан баяу ескен жел бұрынғыдай емес жалап өткенде тұла бойыңды тітіркендіріп кетер еді. У-шу, ойын-күлкі азайған. Күн еңкейе барша жұрт үйлеріне сүңгіп кететін.
Сол бір кеш екеуі мүлде көңілсіз боды. Екі сағат отырса да, екі ауыз сөз айтпады. Дәл бір тілдерін жұтып қойғандай бір-біріне қадалып отыра берді. Ала жаздай екеуінің махаббатына куә болған менен жасқана ма не?! Тіл қатпағандары үшін мен де оларға сәл ренжіп қалдым.
Бойжеткен аса өкпелі көрінді. Әсте күлкі қашпас қос жанарында бүгін реніштің ізі байқалады. Бар пәле сенен шықты дегендей алдында отырған жігітке жазғыра қарайды. Аяулысының өкпесін тарқата алмай қиналған жігіт амалы құрығандай бойжеткен жүзіне кешірім сұрай қарай берді. Бар талас-тартыс екеуінің жүректерінде жүріп жатқандай. Оқта-текте қабақтарын түйе түсіп, терең күрсініп алады. Ондай сәтте бозбала сүйіктісіне ұмсына түсіп, «қинамашы өзіңді» дегендей өтіне қарайды. Бойжеткен болса қырын қарап, бұртиып отырып алады. Осылай арпалысып екеуі ұзақ отырды. Дінкесі құрыды, білем, бір сәтте жігіт:
— Ренжімеші, күнім. Бұл екеуміздің болашағымыз үшін,-деді.
Ару жігіт жүзіне өкпелі көздерін біраз кідертіп тұрды да, тайдырып әкетті. Орнынан қозғала беріп:
— Тоңып кеттім. Үйге қайтайықшы,-деді.
Ұзай бере бозбала аруды иғынан құшақтайын деп еді, бойжеткен жеңіл бұлқынып жігіттен алыстай берді…
Айнала әлдеқайда сары түске боялған. Кейбір ағаштар мүлде жалаңаштанып, сойдиып-сойдиып қалды. Бұрын жанымызға сәлде болса аялдап, бізге бір сәт көз салып қоятын жандар, қазір бізден ұялатындай жүздерін жасыра жанымыздан жылдам адымдай өте береді. Бәрі бір жаққа асығатындай. Табиғат ана да мүлде танымастай өзгерді. Кейде ызыңдап созыла сұрқия жел соғып тұрып алады, ал кейде шаң көтере ұйтқып келіп бір ұрып кетеді. Кей күндері түбі түскендей сызылып ақ жауындатса, кей күн ұшқындап қар жауып алады. Кейде зілді тұман бар денесімен ыңырана шөгіп, буылдыра бір тұншықтырып кетеді. Әбден мазаны алды.
Менің қос ғашығым да көзден ғайып болды. Сарыла күтіп бір айды артта қалдырдым. Күнде келер деген үмітпен жәутеңдей күткеніме бір айдың жүзі болды. Келмеді екеуі. Өміріме шырай берген сол қос ғашықтың күлкісі екенін кім білген. Олармен бірге менің өмірімнің де мәні кеткендей. Қызықсыз, қуанышсыз бір ай өткіздім. Келер деп күттім. Келмеді. Күбір-сыбыр, дыбыр-тықыр естілсе солар ма екен деп елеңдеп айды еңсердім. Келмеді. Көзім жетер жерлерге сүзіле қарағаныма ай болды. Көре алмадым екеуін.

Қайда екен сол ғашықтар?

Баяу қалқып келіп жермен жанаса берген жалғыз жапырақты сыпсықай жел лып етіп ұшырып ала жөнелді.

А. Дәлелхан

Жалғыз жапырақ
(А. Дәлелханның әңгімесінің желісі бойынша.)

Көктемнің кезі, жайнаған дала құлпырып,
Майысып жаймен, аз ғана тербеп жел тұрып.
Күн кетсе батып, мұңайам қою түнекке,
Шыққанда сәуле, арқамды жаям кең тұрып.

Күн тұрса болды, күнменен тұрған тіршілік,
Ауасы жағып, бойыма еркін тұр сіңіп.
Кетемін билеп, қоңырау сынды сылдырлап,
Жай соққан желмен, аламын бірге сілкініп.

Күндердің бірі, кеш батып қалған шақта бір,
Екі жас келді, әңгімелерін ақтарып.
Жаныма келді, жайлы бір жерді тапқандай,
«Әдемі екен» — деп жүздері кетті шаттанып.

Жігіт денелі, қадамын жайлап аттаған,
Көздері жалтақ, бір жерді қадап жатпаған,
Епті бір қимыл, ширақтық та бар бойында,
Келісті келбет, ерге тән жүзін сақтаған.

Қаз болса ерке, қылығы сүйкім беретін,
Көздері мөлдір, ботадай болып келетін.
Күлімдеп тұрса, бетіне аздап ой түскен,
Баурап алатын, сиқыр бір жүзге енетін.

Алғашқы күні, аялдамады ұзаққа,
Аяңдап барып, бұрылып қарап қыз артқа,
«Әдемі екен, күнде келейікші»- деп еркелеп,
Ал жігіт үнсіз, келіскен сияқты сұраққа.

Күндер жалғасты, күндермен уақыт зымырап,
Жаз кезі келді, көктемнен күні жылырақ.
Екі жас әр кеш, осында келіп сырласты,
Жастарға қарап, сүйсінем мен де тұрып ап.

Әр кез табысты, ақтарып сырын, арманын,
Саралап кейде, өткен күндердің салмағын.
Айтады мәтін, оқыған кітап, журналдан,
Айтады одан, көкейге тоқып алғанын.

Осындай күннің, қараңғыланған кеші еді,
Үнсіздік алған, екпін жоқ күндей кешегі.
Жігіт мазасыз, сұлу қыз соны сезгендей.
Жұмбағын таппай, беймәлім күйді кешеді.

Шыдамай жігіт, ақтармақ болды бар сырын,
Бір басып алып, терең демменен алқымын,
«Аяужан» — деді, сұлудың жүзін қаратып,
«Сүйем сені» — деп ашығын айтты, бар шынын.

Сенсіз аяулым, жалғанда жүргім келмейді,
Көрмесем сені, жүрегім маза бермейді,
Сағынам әр кез, әр кешті күтем сарыла,
Айтшы Аяужан, жүрегің маған не дейді?

Бір сезім билеп, барады жанды, сананы.
Жүрекке түскен, тырнағандай ма жараны?
Арада әлсіз үнсіздік билеп кеткен соң,
«Мен де» — деді де, төменге көзін қадады.

Қуандым мен де, қуандым осы бейнеге,
Сыбдырап кеттім, сыңғырлап кеттім желменен,
Кеудесін ашып, кұшақтап жігіт тіл қатты –
«Ғашығым менің, Ханшайымымсың сен деген!»

Осылай жастар, «қос ғашық» болып ұласты,
Әр кеште келіп, астымда жатып сырласты,
Әр кеште бірге, жұптары ешбір жазылмай,
Көңіл көтеріп, жұлдыздарменен сырласты.

Жаз аяқталды, уақытқа тоқтау салған ба?
Күз куә болды, қос ғашықтағы арманға.
Күз де куә боп, қос ғашық келген әр күнге
Жандар жоқтай бір, екеуінен асқан жалғанда.

Бүгінде келді, мен күткен сәтте ғашықтар,
Көрінді сұлба, көзіме еркін қашықтан.
Жігіт келеді, көздері төмен, мұңайған,
Сұлудың жүзі, ашудан білем ашыққан.

Жігіт сөз алды, дауысы діріл, елеңдеп
«Осының бәрін біз үшін істеп келем» — деп
Қыз елемеді, көңілге ешбір ой алмай,
«Үйге қайтайықшы, тоңазып қалды денем»- деп.

Аялдамады, бұл күні олар ұзаққа,
Алғашқы күндей, қарамады да бір артқа,
Түсінбей тұрмын, көз алмай екі ғашықтан,
Жауап алалмай, «не болды?» деген сұраққа.

Содан соң міне, оралмай кетті қос ғашық,
Қалғандай едім, қос ғашықтармен достасып.
Әр күні кешке, бос үміт алдап күтемін,
Қалалмадым-ау, құрғанда дұрыс қоштасып.

****

Күндер өтсе де, кезекпен-кезек тізіліп,
Үмітін үзбей, қарап жүр жолға сүзіліп,
«Ғашыққа» деген, сағыныш кернеп, сарғайып,
Жалғыз жапырақ, кетті желменен үзіліп
Әрі қарай

Қарағанды - жүрегімнің дүрсілі

Қарағанды қаласына 80 жыл.

Қарағанды қаласы, еліміздің Сарыарқа даласы арқылы жайғасып, Алтай таулары мен Жайық өзенінің аралығының, қақ ортасында орналасқан ғажайып аймақ. Еліміздің адам қоныстануы бойынша ең көп шоғырланған қалалардың бірі деп айтсам қателеспеймін. Тарихы да терең, әрі Қазақстан дамуындағы орны ерекше болып саналады.
Еліміздің ауыр өнеркәсіп саласында алатын орны ерекше. Әлемдегі бірнеше елде ғана қолданылатын, ашық әдіспен алынатын көмір кешендері де осы аймақта. Айтарлықтай артықшылықтары мен жақсы қасиеттері жетерлік.
Шамалы тарихқа үңілсек, сонау 1934 жылы қала қаланып, сол кездегі Совет Одағы үшін көптеген пайдалы қазбаларын және дайын өнімдерін берген еді. Сан алуан, ауыр өнеркәсіпке байланысты зауыттар мен фабрикалар салынып, экономикаға түсіретін пайдасы мол болды деп айтуға болады. Халық саны жылдан жылға өсіп, алдыңғы қатарлы қалалардың қатарына қосыла бастады. Уақыт өте келе, қала көркейіп, өзінің белгілі бір заңдылықтары мен дәстүрлері пайда болды. Өзіне ғана тән мінезі болып, қалаға келген әрбір қонақ үшін өзін белгілі бір жағынан таңытып отырды. Әрине, тарихта болған оқиғалар мен жағдайлар көп деп, білемін, олардың әрқайсысын жеке дара қарастыруға уақыт та жетпес. Дегенмен, аталмыш 80 жылдық мерей тойға байланысты, көптеген тарихи оқиғалар аталып өтетініне сенімдімін.
Негізінен, өзім Астана қаласының тұрғылықты тұрғыны болып саналғанымен, бірақ Қарағанды қаласы, менің жүрегімнің бір бөлігін алып, орны ерекше болып келеді. Бала кездегі өмірімнің, оқушы мен студент болған кездегі белгілі бір бөлігін осы әсем де, қонақжай қаласында өткізген едім. Әрбір келген сәтте, Қарағанды қаласы маған жаңа қырыннан көрініп, сәт сайын өзіне сүйсіндіріп, тек жақсы жақтарын көрсетті деп айта аламын. Әрине, нағыз тымтырыс өмір болғандықтан, кейбір кемшіліктер де байқалған болатын. Бірақ келесі келген сәтте, жақсы қырларын көргеннен кейін барлығы да ұмыттылады.
Менің негізгі айтайын деп отырған ойым, кез келген адам үшін, ыстық, әрі жақын жерлер, мекендер, қалалар болады. Мен үшін, Астанадан бөлек, әрине – Қарағанды. Кейбір азаматтар бұл қаланы сұр, қызықсыз деп санайды, бірақ олардың осы тұжырымдамалары қате деп ойлаймын. Себебі, мүмкін сырт жағынан немесе бірінші көз қарастан солай болар, дегенмен оның ішкі өмірін біліп, дүниесі мен рухын сезсек, жүрегі әрі үлкен, әрі жылы…

Қарағандының ерекше сәулет өнері

Бүгінде сәулеті мен дәулеті жарасып тұрған, белді қаламыз, беделді қаламыз Қарағандыға 80 жыл. Сонау 1934 жылы қала атанған Қарағанды, әуелі кенді орындарымен, қара көмір шахталарымен мәшһүр болды. Сондан соң, Алладан кейінгі адам жанының арашасы болатын дәрігерлерді тәрбиелейтін медициналық академиямен атағымыз одан әрі асқақтап қалды. Одан беріде академик Бөкетовтың ерен еңбегі сіңген Қарағанды мемлекеттік университетінің бүгінгі дәрежесі неге тұрады. Бірақ, менің айтпағым Қарағанды облысының бейнелеу және қолданбалы сән өнері жайлы болмақ. Қаламызда бой көтерген белгілі тұлғалардың ескерткіштеріне тоқталсақ.
Жезқазған бағытынан келе жатқан күре жол бойында тума дарын иесі, Қасым ақын ескерткіші қарсы алады, қала әкімдігінің жанында Бұқар жырау бабамыздың ескерткіші қойлған. «Шалқыма» концерт залы жанында Абай ескерткіші, облыс әкімдігінің қарсысында Қаздауысты Қазыбек бидің мүсіні асқақтап тұр. қаламызға қай бағыттан келсеңіз де бәрібір, алдымен сізді қарсы алатын теміржол вогзалы маңына қойлған Қаныш Сәтбаев ескерткіші.
Сонымен, тарихқа біраз көз жүгіртсек. Көмірді алғаш тапқан Аппақ Байжановқа арналған есерткіш 1999 жылдың тамыз айнда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жанындағы алаңда ашылды.
Академик Е.А. Бөкетов ескерткіші 2006 жылы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бас ғимаратының кіре берісінде орнатылған. Ескерткіштің авторлары – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Достық» орденінің иегері А. Билык және Сәулетшілер одағының мүшесі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты С. Мордвинцев. Бөкетовтың мүсіні қызыл граниттен жасалған тұғырда орналасқан. Мүсін қоладан құйылған. Тұғыры қызыл граниттен жасалған. Е. Бөкетов ескерткішін тұрғызу туралы шешімді көрнекті ғалымның 80-жылдығына байланысты ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев пен республиканың ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы қабылдаған болатын. Е.А. Бөкетов ескерткішінің құрылысы азаматтардың рухани-білімділік және интеллектуалдық-мәдени деңгейін арттыруға; өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге жәрдемдеседі.
Бұқар жырау ақын, жырау, қазақтың көрнекті өкілі, Абылай ханның бас кеңесшісі. Көптеген туындылары толғау жанрына жатады. Поэзиялық мұрасын Ж. Көпеев, Г. Потанин, Ш. Уәлиханов, М. Әуезов, С. Сейфуллин және т.б. зерттеген. Ұлы ақынның бейнесі ұлылық пен ішкі күш-жігердің дұрыс берілуімен ерекшеленеді.
Социалистік Еңбек Ері, Балқаш мыс қорыту зауытының алғашқы салушысы, Қарағанды құрылысшысы В.И. Язев бюсті – мүсінші батырдың мінез-құлқын сәтті көрсете білген. Мүсінші, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі А.П. Билык. Ескерткіш қола құймадан құйылып, тұғыры қызыл түсті тақталармен қойылған.
Ғабиден Мұстафин бюсті, көрнекті қазақ жазушысы, туғанын 100-жыл толуына орай орындалған. Бюст шынайылық мәнерде орындалған, мүсіншілер жазушының ой үстіндегі сәтін бейнелеуге бар күштерін жұмсаған. Мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Т.Т. Ермеков, М.О. Сыдықов. Сәулетші, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі В.А. Троценко.
Мәрмәрден құйылған мүсін Бюст бетон — материалды ескере отырып, классикалық мәнерде жасалған. Ұлы ақынның бейнесі ұлылық пен ішкі қуаттың дұрыс берілуімен ерекшеленеді. Мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ж.И. Қалиев.
Ал, Қ.Сәтбаевтң ескерткіші жайлы не білеміз?! Ескерткіш салтанатты түрде қазақтың көрнекті геолог-ғалымы, Кеңестің Шығыстың тұңғыш Академигі, Республикалық ғылым академиясының негізін салушы және алғашқы президенті, геология ғылымдарын және Ұлы Отан соғысы жылдарында Отанымыздың қорғаныс қабілеттілігін арттыруда үлкен роль атқарған Үлкен Жезқазған кен орындарындағы мыс кенін өндірістік игеруді ұйымдастырушы Қ.И. Сәтбаевтың 100-жылдық мерейтойына орай ашылған. Бюст қоладан құйылған, тұғыры мәрмәр тақтаданжасалған.
Әбдіров ескерткіші, Қарағандының Н. Әбдіров даңғылда 1958 ж. орнатылған. Мүсіншілер: А.П. Билык, Ю.В. Гуммель, архитектор Л.Е. Воробьев. Монументтің жалпы биіктігі 9 м. Шойыннан кұйылған мүсіннің түғыры мәрмәр. Ескерткіш Кеңес Одағының Батыры Н. Әбдіровтің мүсіндік бейнесін мәңгі есте қалдыруға арналған. Өлім мен өмір арпалысы, бостандық үшін өлімге бас тіккен мәрт шешім, жауына қыранша сорғалаған қазақтың батыр ұлының қаһарлы қабағынан айқын аңғарылады. Ескерткіштің өн бойы ширыққан куат, шалт қимылға толы. Н. Әбдіров ескерткіші калаға көрікті сипат берумен бірге, отансүйгіштікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарды.
Сәндік композиция қазақ халқының жанының, оның туған жеріне деген махаббатының белгісі ретіндегі стильденген музыкалық аспап «Қобыздан» тұрады. Сәулетші ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі В.А. Троценко, мүсінші ҚР Суретшілер одағының мүшесі М.А. Қалқабаев. Ескерткіш қоладан дайындалған, тұғыры сұр гранит.
«Сүйінші» атты фигуралық композициядан, тұғырға орнатылған, шеңбер құрайтын және стеланың тұғырын жиектейтін жұлдызнамалық белгілерден тұрады, алаңның қақ ортасында гранит бағана орналасқан, оған Жер Кіндігі белгісі қойылған. Авторлық ұжым – сәулетшілер ҚР Сәулетшілер одағының мүшелері Г. Баймырза, Е. Шахиев, К. Жанәбілов. Мүсінші ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Комсомол Ленині сыйлығының лауреаты Ж. Молдабаев, мүсінші А. Молдабаев. Фигура – салт атты, ат – құйма, қола, 12 жұлдызнама белгісі бейнеленген. Міне біздің әсем қаламыздың сәулет өнеріне аз ғана шолу жасап өттім. Одан өзге де ерекше әсем жерлеріміз жетерлік. 80 жасың құтты болсын Қарағандым!

ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ИНТЕРАКТИВТІ КАРТАСЫ (ҚАЛАНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА)

11 сынып бітірген мен үшін Астана қаласы, Еуразия Ұлттық университеті арман еді. Бірақ арманыма суық тидіме білмедім, Еуразияның есігін аша алмадым. Есесіне ҚарМудың табалдырығынан аттап, бақандай 5 жыл оқыдым. 2-3 жатақханалардың қабырғасында менің ең қызықты, өмірім өтті. Сондықтан, Қарағанды мен үшін әрдайым ыстық. Құрылтайға қатысушыларға керек болар-ау деп, одан ары Қарағанды қаласы туралы қазақша ақпарат іздегендерге жарап қалар деген оймен қала туралы аздаған анықтамалық десекте болады Қарағанды туралы 3 карта жасадым. Қазір оған әр түрлі ат қоюға болады (Мультимедиялық, онлай, интербелсенді, активті ) мен интерактивті дедім.

Интерактивті картаны көру үшін суретті басамыз.
Блог - izbasar: ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ИНТЕРАКТИВТІ КАРТАСЫ (ҚАЛАНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА)