Астанада Алматы облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астана жаңалықтары: Астанада Алматы облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр
Бүгін, 10 қыркүйекте Астанада Б. Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайының жанында Алматы облысының ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Алматы облысы ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Сексенбай Бекішевтің айтуынша, аймақ өндірушілері жәрмеңкеге 160 млн теңгеден астам соманың 370 тонна өнімін әкелді.
— Қазақстан Республикасының 25 жылдығын мерекелеу аясында елордада Алматы облысының 16 ауданы мен үш қаласының 85 өндірушісінің қатысуымен ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. Астаналықтар жәрмеңкеде жаңа піскен өнімдерді жалпықалалық деңгейден төмен бағамен сатып ала алады, — деді Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.
Шараға адамдар көптеп келіп жатыр. Алматы облысының шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салуда.
Оқушылар сарайының жанында өтіп жатқан Алматы облысының жәрмеңкесі 11 қыркүйекке дейін жалғасады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11322
Әрі қарай

Х А Б А Р Л А Н Д Ы Р У !

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып, Туған өлкеміздің тарихымен, көрікті жерлерімен таныстыруға бағытталған «Туған жерім керемет!» атты іс-шараның
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Өтетін орны: Әлеуметтік желі арқылы жүзеге асады
Өтетін уақыты: 07.09. — 10.12.2016ж. аралығы

Өзектілігі: Жер-су атауларына байланысты ерте заманнан ел аузында келе жатқан аңыз-әңгімелер, қызықты оқиғалар бүгінде өкінішке орай, жас буынның назарынан тыс қалып бара жатыр. Осынау құнды да қымбат қазынаны қайта жаңғыртып насихаттау, өскелең ұрпақтың жүрегінде отансүйгіштік сезімін ұлғайтып, туған өлкесінің тарихы мен табиғатына, тұғырлы тұлғаларына деген құрметін арттырады.

Мақсаты: Жастарды туған өлкесінің тарихын, оның көрікті жерлерін, атақты тұлғаларын мақтанышпен құрмет тұту арқылы отансүйгіштік рухта тәрбиелеу.
Өлкенің тарихын білетін аға буын өкілдерін іс-шараға тарту арқылы ұрпақтар сабақтастығын орнату.

Қамтылатын топ: Белсенді жастар, шығармашыл жастар, жас журналистер, блогерлер, өлке тарихын білетін азаматтар, ресурстық орталықтардың қызметкерлері т.б.

Ұйымдастырушы: Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы

Қойылатын талаптар: Іс-шараға қатысушы өзі туған немесе тұрып жатқан өлкедегі жер-су атауына байланысты аңыз-әңгімелерді немесе қызықты деректерді (фото-суреттермен) әлеуметтік желідегі аккаунты арқылы жариялауы тиіс;

ресурстық орталықтардың ұйымдастыруымен, өлке тарихын білетін аға буын өкілдерімен сұхбат жүргізіліп, сұхбаттың фото-видео материалдары әлеуметтік желілерде, БАҚ-та жариялануы тиіс;

тұрғылықты жердегі тарихи ғимараттар, ерсерткіштер, саябақтар мен аллеялар т.б. туралы мағлұмат (фото-суреттермен) беріледі;
іс-шараға қатысушы жариялаған ақпартты Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының әлеуметтік желідегі «Жастар тынысы» аккаунтымен бөлісуі (тэгтеу арқылы) тиіс.

ақпарат мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде жарияланады;

барлық ақпарат #Туған_жерім_керемет! және #Тәуелсіздікке25 / #25летНезависимости хэштегтерімен жариялануы тиіс.

Марапаттау: 30.08.2016ж. бастау алған іс-шара 10.12.2016ж. дейін жалғасады. Ең үздік материал иесіне Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында алғыс хат пен бағалы сыйлық табысталатын болады.

Күтілетін нәтиже: Жастардың бойында туған жерге, байтақ елге деген құрмет пен мақтаныш сезімі күшейеді деп күтілуде.

БАРШАҢЫЗДЫ ОСЫНАУ ІС-ШАРАҒА БЕЛСЕНДІ ТҮРДЕ АТ САЛЫСУҒА ШАҚЫРАМЫЗ!

«Астана Опера» театрында жаңа маусым ашылады

Астана жаңалықтары: «Астана Опера» театрында жаңа маусым ашылады
Елордалық опера және балет театры өзінің төртінші маусымын А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсымен ашады. Белгілі режиссер Джанкарло дель Монако (Италия) мен көрнекті қоюшы дирижер Алан Бөрібаевтің қойылымындағы бірегей ұлттық спектакль Астана тұрғындары мен қонақтарына III Халықаралық «Жібек жолы» фестивалінің аясында ұсынылады.

Биыл қазақтың композиторлық өнерінің алыптары – А. Жұбанов пен Л. Хамидидің туғанына 110 жыл толады. Қазақ-итальяндық шығармашылық топ жүзеге асырған опера, қазақ философиясының данышпаны – Абай Құнанбайұлының өмірдегі қызметі, құндылығы мен армандары жайлы баяндайды. Қойылым сол кезді шынайы етіп, дәлме-дәл жеткізеді.

— Классикалық опералық спектакльді итальяндық мектептің көзімен ұсынған көркемдік-қойылымдық топ, операда бірінші кезекте, музыкада берілген драматургиялық қақтығыстарға апаратын адам құштарлығының көрінісін тыңдарманға эмоциялық тұрғыдан бірге бастан кешіруді көздеген. «Абайды» тек осылай көрген олар, театрдың керемет кәсіби деңгейін пайдалана отырып, ұлттық негізді ескеретін қойылым жасады, — дейді операның тұсаукесерінде болған өнертану ғылымдарының докторы, ҚазҰӨУ профессоры Үмітжан Жұмақова.

Бірінші актінің екінші көрінісіндегі Абайдың таңғажайып үйі, ойшылдың рухани байлығын жеткізіп, көрерменді таң қалдырады. Ақынның шығармашылығын осылайша сезінген атақты суретші-сценограф Эцио Фриджерионың (Италия) сценографиялық жұмыстары әркез таңдай қақтырады. Франко Скуарчапино (Италия) ұсақ-түйегіне дейін зерттеп, нәтижесінде түпнұсқаға парапар етіп тіккен сахналық костюмдер, ұлттық мұражайлардағы қазыналарымыздан кем түспейді.

«Астана Опера» солисттері жаңа маусымдағы көрерменмен алғашқы кездесуін асыға күтеді. Бас партияға дайындалып жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Жанат Шыбықпаев, Ажар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Айдар – Қазақстан мен Татарстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов, Сырттан –Арменияның халық әртісі Барсег Туманян, Әзім – Бейімбет Таңарықов, Жиренше – Евгений Чайников, Қарлыгаш – Салтанат Мұратбекова, Көкпай – Талғат Ғалеев, Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Мес – Нұрлыбек Қоспармақов.

Қойылымға бас хормейстер Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жетекшілік еткен «Астана Опера» хоры да қатысады.

Спектакльдің басталуы — 19:00, билет бағасы 500 теңгеден жоғары.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11301
Әрі қарай

Елорда тұрғындары профилактикалық тексеруден өтті

Астана жаңалықтары: Елорда тұрғындары профилактикалық тексеруден өтті
Елордалық дәрігерлер «Шапағат» коммуналдық базарында «25 ізгі іс» акциясы аясында тұрғындарды профилактикалық тексеруден өткізді.

Шара барысында мамандар кеңес беріп, экспресс-диагностика жасады. Терапевт, онколог, окулист, ЛОР-дәрігер, гинеколог, УДЗ-маманы және фтизиатр науқастарды тегін қарады. Жалпы, 397 адам дәрігерлердің қабылдауында болған.

Базар қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қандағы қант пен холестерин мөлшерін анықтау үшін экспресс-диагностикадан өтіп, консультативтік-диагностикалық қызметтер алды, флюорографиялық тексеруден өтті.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік маңызды аурулардың алдын алу мәселелері бойынша халықтың денсаулығын күшейту және сақтау проблемасына назар аудару мақсатында тексеруге қатысушыларға онкологиялық аурулардың, туберкулездің, қан-айналымы жүйелері ауруларының, нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алу бойынша ақпараттық-білім беру материалдары да таратылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11298
Әрі қарай

«Астана жастары» ресурстық орталығы жұмысқа орналасуға көмектеседі

Астана жаңалықтары: «Астана жастары» ресурстық орталығы жұмысқа орналасуға көмектеседі
Елордада жастар арасында жұмыссыздықты төмендету, жұмысқа орналастыру және кәсіптік бағдар беру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Биыл «Астана жастары» ресурстық орталығы 2500 адамды қамтыған 8 шара өткізді.

Орталық қызметінің маңызды бағыттарының бірі жұмысқа орналасу кезінде ішкі тосқауылдарды еңсеру, коммуникация машықтарын алу және сұхбаттарда өзін-өзі таныстыру бойынша тренингтер өткізу болып табылады. Тренингтер 2015 жылдан бері ай сайын ұйымдастырылып келеді, жалпы, 450 адам оқытылды.

Үстіміздегі жылы профильді бос орындар жәрмеңкелерін өткізу туралы шешім қабылданды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен техникалық профильдегі алғашқы жәрмеңкеде 18 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында гуманитарлық бағыттағы бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шара қорытындысы бойынша 15 елордалық жұмыспен қамтылды. Жақында сауда-экономикалық профильдегі бос орындар жәрмеңкесі өтті. Мұндай шараларды жыл соңына дейін өткізу жоспарланған.

Қзіргі кезде «Астана жастарында» тіркелген жұмыс іздеушілер саны 385 адамды құрайды, 71 адам жұмысқа орналастырылды.

Айта кетейік, орталықта құқықтық көмек те көрсетіледі. Жыл басынан бері 90 адамға консультация берілді, соның ішінде 50% студенттер, 15% оқушылар, сондай-ақ, 35% жеке тұлғалар. Негізінен, адамдар еңбек қатынастары, отбасылық және азаматтық құқық, сондай-ақ тұрғын үй алу бағдарламаларына қатысты мәселелер бойынша жүгінеді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11295
Әрі қарай

Болашақ жарыма

Болашақ жарыма хат

Болғанда жасым менің жиырма бесте,
Қоямыз қыдырысты күнде кешке,
Отау құрып үйімде жатамыз ғой,
Жұбайлардың қызығы түнде емес пе?!

Таң атқанда қуырып жұмыртқаны,
Ролтондарды боламын ұмытқалы.
Сенің шайын – балымен Өскеменнің,
Редбул, дизи – бәрі де құлыпталды.

Сен мен үшін бәрінен ибалысын,
Тоғыз аймен бітпейді қиналысым,
Тоқсан досым менсіз-ақ қыдырады,
Сенбілерді болмайды жиналысым.

Қариядан кезіксек бата аламыз,
Астананың төрінен хата аламыз.
Өз үйіміз ордамыз екеуміздің,
Кейде ренжіп дауысты қата аламыз.

Шайдес болад ай сайын ата-анамыз,
«Немерелі болайық» — дат аламыз.
Жиырма миллион қазақтың ең бірінші
Ата-анасы екеуміз атанамыз.

Береміз ғой футболға, «араласқа»,
Ісімізге осы бір араласпа!
«Анасының баласы» болмайды ол,
Тең болады арқалық бар алашқа!

Осындай ғой ертеңге жоспарымыз,
Қосылады біздерге достарымыз.
Кезікпестен қай жақта жүрсін бұл күн,
Өзге бар дейд ағайлар қоспағымыз.
©Ернар Сейтахмет
Әрі қарай

Астанада Алматы облысының күндері өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада Алматы облысының күндері өтеді
9-11 қыркүйекте «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясы аясында Астанаға Алматы облысының делегациясы келеді. Бұл күндері облыстық тауар өндірушілердің ауыл шаруашылық жәрмеңкесі, кітап пен сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, өңір әртістерінің қатысуымен мерекелік концерттер өтеді, спектакльдер қойылады.

Жәрмеңкеде елорда тұрғындарына жалпы көлемі 340 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерінің 38-ден астам түрі ұсынылады. Оның ішінде, ет және ет өнімдері, балық, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері, жұмыртқа, бакалея өнімдері және т.б.

Жәрмеңке 10-11 қыркүйекте Оқушылар сарайының жанындағы алаңда өтеді. Тауарлар қаладағы бөлшек сауда бағаларынан 15-20 пайызға төмен сатылады.

Бұдан басқа, Алматы облысының өкілдері елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына мәдени бағдарламаларын ұсынады.

9 қыркүйекте ҚР Ұлттық музейінде сағат 10-нан 18-ге дейін Алматы облысының ақындары мен жазушыларының «Жерұйық мекен – Жетісу» атты кітап көрмесі, сондай-ақ, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен музей экспонаттарының, «Алтын адам мекені» көркемсурет галереясы суретшілерінің көрмесі өтеді. Осы күні қала тұрғындары мен қонақтары сағат 18:30 «Жастар» театрында «Керей – Жәнібек» спектаклін тамашалайды.

10 қыркүйекте сағат 17-ден 18-ге дейін Конгресс-холл фойесінде «Талдықорған – кеше, бүгін, ертең» көрмесі көпшілік назарына ұсынылады. Мұнда Талдықорғанның дамуының фототарихымен, қаланың көрікті жерлерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесімен, сондай-ақ Алматы облысында шығарылатын өнімдермен танысуға болады. Сағат 18:30 Конгресс-холл сахнасында Алматы облысы шығармашылық ұжымдарының «Жетісу — жұмақ мекенім» атты гала-концерті өтеді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11287
Әрі қарай

5-25 қыркүйек аралығында Абай даңғылы жартылай жабылады

5-25 қыркүйек аралығында Абай даңғылының Уәлиханов көшесінен Бейсекбаев көшесіне дейінгі және Жұбанов көшесінен Пушкин көшесіне дейінгі учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты жол жартылай жабылады.

Астана жаңалықтары: 5-25 қыркүйек аралығында Абай даңғылы жартылай жабылады
Жүргізушілер жол бағдарларын алдын ала жоспарлауы керек.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11265
Әрі қарай

Елордалық медицина қызметкерлері ҚР Тәуелсіздік күніне орайластырылған акциялар өткізеді

Астана жаңалықтары: Елордалық медицина қызметкерлері ҚР Тәуелсіздік күніне орайластырылған акциялар өткізеді
Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы халықты сауықтыру және аурулардың алдын алу бойынша «25 ізгі іс» ауқымды акциясының басталғаны туралы хабарлайды. Қаланың шалғай жатқан аудандарында, ірі кәсіпорындарында және базарларда жалпы практика, акушер-гинеколог, хирург, офтальмолог, отоларинголог дәрігерлерінің, УДЗ мамандарының, онкологтардың қабылдаулары ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, қалалық емханаларда зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған Ашық есік күні өткізіледі. Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде аурулардың алдын алу және анықтау үшін тар шеңберлі мамандардың көшпелі консультациялары ұсынылады.

Жол-көлік оқиғаларында жарақат алудың алдын алу үшін қыркүйектің 1-і мен 10 аралығында Астана қаласының мектептерінде «Назар аударыңыз – бағдаршам» акциясы өткізіледі.

2016 жылдың 11 қыркүйегінде «Отбасы – біздің ортақ әлеміміз, біздің тыныштығымыз, біздің болашағымыз!» ұранымен Ұлттық отбасы күніне арналған шара өткзіледі. Оған 500-ден астам адам қатыспақ. Акцияның мақсаты – отбасын жоспарлау, репродуктивті денсаулықты қорғау және дені сау бала тууға қатысты жауапкершілікті қалыптастыру. Осы күні үш перинаталды орталықта жаңа туған сәбилерге естелік сыйлықтар табысталады.

Балабақшаларда мектепке дейінгі балаларға арналған тіс жегі профилактикасы бойынша 2 мың баланы қамтитын ойын түріндегі тренинг өткізілмек.

Толық ақпаратты 55-68-28, 76-83-12 телефондары бойынша алуға болады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/11276
Әрі қарай

Астанада Қазақстан өңірлерінің тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылық өнімдерінің апта сайынғы жәрмеңкелері өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада Қазақстан өңірлерінің тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылық өнімдерінің апта сайынғы жәрмеңкелері өтеді
Астанада Қазақстан өңірлері тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылық өнімдерінің апта сайынғы жәрмеңкелері басталады. Алдағы демалыста (3-4 қыркүйекте) Қызылорда облысы тауар өндірушілері елорда тұрғындары мен қонақтарына өз өнімдерін ұсынады. Жәрмеңке Б. Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайының тұрағында өтеді.

Жәрмеңкеге келушілерге 400 тоннаға жуық 50-ден астам өнім түрі ұсынылады. Атап айтқанда, балық, көкөністер, жемістер, сүт өнімдері, кондитерлік және шұжық өнімдері және т.б. Жәрмеңкедегі бағалар базардағыдан 15–20 % төмен болады.

Қызылорда облысынан кейін жәрмеңкелер эстафетасын Алматы облысы жалғастырады. Сауда-саттық демалыс күндері Б. Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайының тұрағында (Қызылорда облысы 3-4 қыркүйек, Алматы облысы 10-11 қыркүйек, БҚО 17- 18 қыркүйек, Жамбыл облысы 24- 25 қыркүйек, Ақтөбе облысы 1-2 қазан, Қарағанды облысы 8-9 қазан, Қостанай облысы 15-16 қазан және Солтүстік Қазақстан облысы 22-23 қазан), сондай-ақ, «Хан Шатыр» СОО тұрақ аумағында (Атырау облысы 17-18 қыркүйек, Павлодар облысы 24-25 қыркүйек, Маңғыстау облысы 1-2 қазан, ШҚО 8- 9 қазан, ОҚО 15- 16 қазан, Ақмола облысы 29-30 қазан) қазан айының соңына дейін өткізіледі.