"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 22 сәуір 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 22 сәуір 2017 эфирінде қойылған сұрақтар
Қазақ радиосындағы «Ой-Зерек» танымдық-интеллектуал ойынының 3-ші эфиріне "Әйел бақыты" командасы қатысты. Ойыншылар 11 сұрақтың алтауына дұрыс жауап берді.

  1. Egemen.kz сайтында ең көп оқылған мақалалардың бірінде автор «ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың сана­тында» дейді. Мақала авторын атаңыз.
  2. Барокко кезеңінің неміс композиторы Георг Гендель 1727 жылы ағылшын королі Георг ІІ нің таққа отыруына орай, «Садок дін қызметшісі» атты туынды жазады. Оның аранжировкасын 20 ғасыр соңында Тони Бриттен жасайды. Лондондағы академиялық хор орындайтын бұл туындыны миллиондар біледі… Ағылшын мен неміс дедік қой жаңа, осы екі тілге қоса ол французша да орындалады. Сол ағылшындар, немістер мен француздар осы әуеннің сүйемелдеуімен талай жетістікке жетіп жүргенін де айта кету керек, дегенмен ең табыстылар — олар емес. Бұл не әуен?
  3. Шымкентте 100, Алматы мен Павлодарда 101, Қызылордада 102, Өскеменде 104. Астанада ше?
  4. Қазақ радиосының ардагерлерінің бірі радиоға келместен бұрын мектепте орыс тілінің мұғалімі болған. Ал негізінде ҚазМУдың филология факультетін де, Шет тілдер институтының неміс тілі факультетін де оқымай тастап кеткен. Википедиадағы мәлімет бойынша оның азан шақырып қойған аты Мұхаммедқали. Біз бұл кісіні қандай атымен танимыз?
  5. Қандай сахна әртістерін алтын деп атар едіңіз? tetkam.net ресурсының айтуы бойынша, Қазақстандағы бір музыка дүкендерінің біріне жергілікті сатып алушылар келіп, Жан Алтынның дискін сұрапты. Сатушылар каталог ақтарып болғанша, клиенттер дискті өздері-ақ тауып алыпты. Дискте кімнің музыкасы жазылыпты?
  6. 2014 жылы Бразилияда ақша дизайны жаңартылады деп жарияланды. 100 реалдық банкнотта кімнің суреті болады деп хабарланды? Әлбетте футбол королі Пеленің суреті. Бұл хабардың жарияланған күнін дәл атаңыз
  7. Бүгін кімнің туған күні, жігіттер? Соңғы октябрят пен тәуелсіздік ұрпақтарына Ленинге байланысты бір сауал қояйық: Ленин атындағы қалалар 20 ғ. 20 жылдардан бастап пайда болды. Мысалы, Кеңес кезінде оның атын қазіргі Санкт-Петербург (Ленинград), Худжант (Ленинабад, Тәжікстан), Гюмри (Ленинакан, Армения) сияқты қалалар иемденді. Ал Қазақстанның қай қаласы 1958-1995 жылдары аралығында күн көсемнің атында болды?
  8. «Союз» ғарыш кемелерінің қонулары әдетте ұшу аймағынан алыс емес жерлерде өтетін. Ал «Союз-23» кемесінің 1976 жылы қонуы Кеңес космонавтикасы тарихында тұңғыш рет ерекше өтті, және ғарышкерлердің бірінің бұрынғы мамандығымен байланысты болды. Не ерекшелік ол?
  9. 2000 жылдар ортасында Жапонияда әр тарауы 70-100 сөзден құралған романдар танымал болды. Бұл романдардың ерекшелігі — оларды не арқылы оқылуында еді?
  10. 1878 жылы пошта із кесушісінің қолына «жұмбақ» открытка түседі.Мәскеулік хат жолдаушы Соловцов петербургтік Чигоринге С, Л, Ф деген сияқты әріптер мен мынадай біртүрлі мәтін жолдапты: Егер Петербург сөйтсе, Мәскеу де солай. Ал егер Петербург басқаша істесе, Мәскеу де басқаша. «Шифр!» деп ах ұрады із кесуші. «Мәскеу Петербурге көтеріліс жасауға белгі беріп жатыр!».Шифрлі открытканы бастығына жолдаған ол Чигорин мен Соловцовтың кім екенін анықтап, тергеу жүргізуді тапсырады. Ал олар… кімдер еді?
  11. Луканка — болгарлардың ұлттық тағамдарының бірі. Аңыз бойынша болгар жерлерін түріктер басып алған кезде олар жергілікті тұрғындардың азық-түлігін де тартып ала бастаған. Бұған қарсылық ретінде болгарлар басты тағамдарының біріне нені қосып, жаңа тағам түріне луканка деген ат берді?



Әрі қарай

Қазақстандық рэп-орындаушылар танымал спортшыға арнап, бейнебаян түсірді

Ең тартысты спорттық жарыстардың бірі – аралас жекпе жектен M-1 Challenge 76 халықаралық турнирі 22 сәуір Назрани (Ингушетия) қаласында өтеді. Аталмыш халықаралық аралас жекпе жекте ел намысын аралас жекпе жектер бойынша Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, аралас жекпе жек бойынша әлем біріншілігінің вице-чемпионы Сергей Морозов қорғайтын болады.
Талантты спортшының жанкүйерлері қарағандылық рэп-орындаушылар Әкежан Лұқпанов пен Антон Зенин спортшыны қолдап, ән жазып, бейнебаян түсірді. Ондағы мақсаттары – қазақстандықтарды отандасымызға жанкүйер болуға шақыру. www.youtube.com/watch?v=gVXfd_CazbU&feature=youtu.be
— Барлығы ойламаған жерден болды. Досым Әкежан Сергейдің мықты жігіт екенін, керемет күресетінін айтты. Осылайша біз өз спортшымызды қолдап, бейнебаян түсіруге бел будық. Бұл – қанаттандыратын ән. Онда тек спортшымызға деген қолдауымыз ғана емес, Отанымыз – Қазақстанға деген ыстық ықыласымызды жеткіздік, — деді B.u.ll.d.o.G деген лақап атты рэпер Антон.
Рэп-орындаушы Әкежан DIEZO Лұқпанов:
— Мен өзім екі жыл жекпе жек өнерімен айналысқанмын. Және Сергей Морозовты көптен байқап жүрмін. Оның күресу мәнері, адамгершілігі ұнайды. М1 Global халықаралық компаниясымен келісімшарт жасасқан алғашқы қазсқтандық спортшы болғанына қарамастан, қарапайымдылығын жоғалтпаған жан. Сондықтан оны қолдағымыз келді.
Халықаралық турнирде қазақстандық спортшының қарсыласы бразилиялық чемпион Фабрицио Сарраф болмақ. Сергей Морозов турнирге дайындықтың негізгі кезеңін аяқтады. Қазіргі таңда ол тәжірибелі бапкерлерімен туған қаласы Ақтөбеде жаттығуда.
— Әрине, алға түспей-ақ қояйын. Алайда, тек жеңіске деген ұмтылыс бар. Мен онда жеңу үшін барам. Бұл жекпе жектің мен үшін маңызы үлкен. Өткен жолы Ингушетияда жеңіліс тапқан едім… Маған бойымды тіктеп, қарымта қайтаруға мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Мені ондағылар жақсы біледі, маған жанкүйер болып, қолдау көрсетуде. Жеңіс не жеңіліс болатынын тек ринг шешеді. Тек шаршы алаңда ғана қарсыластың қандай артықшылықтары бар екені түсінікті болады. Алайда мен жеңіс үшін бара жатырмын», — дейді спортшы.
Айта кетейік, M-1 Challenge – 2008 жылдан бастап өткізіле бастаған аралас жекпе жектер бойынша турнирлердің тұтас топтамасы. Содан бері әлемнің түрлі елдерінде 75 турнир өтіп үлгерді. 2010 жылы командалық жарыстан алшақтап, чемпиондар белдігін бес салмақ дәрежесінде ойнату туралы шешім қабылданды.
Халықаралық аралас жекпе жекті қазақстандықтар Еуразия бірінші арнасынан 22 сәуір күні 23:00-де тамашалай алады.

Желіге құмарлықтың емі барма?

Артта қалған өмірге бір қарайласам, барлық уақыт қолдағы телефонмен, əлеуметтік желіге шұқшиып өтіп барады екен. Адамдармен де сирек араласатын болдық. Кеше бір қызбен(группалас) кəдімгідей ашылып сөйлестік. Себебі, менің телефонымның қуат көзі, оның айлық тарифы бітіп қалған еді. Бұлар өшпесе біздің сөйлесуіміз неғайбыл. Қарап отырсам айналамдағы адамдарға, реальды өмірге қарағанда, вертуалды өмір қызығырақ сияқты. Отырыстарда, кештерде барлығы инста мен фейсбукке шұқшиып отырады. Оның ішінде мен де бармын. Мен мына жердемін деп салып жібереміз. Бұл мақтанғанымыз ба əлде басқа ма түсінбедім.
«Бір отбасының үйінде вай файы өшіп, туыстарымен амалсыз сөйлесіп, „жақсы адамдар екен“-дейтін əзіл шыны аралас əңгімені естіген боларсыздар». Біз бұған жете қоймадық, бірақ осы бетімізбен өрлей берсек, шыңыраудан бір-ақ шығарымыз анық. Желіні дерт дейміз. Мұның себебі де бар. Болып жатқан барлық келеңсіз оқиғалар, осы желінің жемісі. Əлемдік қоқыс деп те атайтынын естігем. Енді, осы дерттен құтылудың, сəл болса да жазылудың амалы барма?
Ғалымдар зерттепті. Көпшілік халықтың желіге кіруінің себебін. Адамда ішкі қанағаттану деген болады екен. Мысалы: бір адам өзіне көңілі толмайды. Сырт келбеті қисынсыз, болмаса өз-өзіне сенімділігі төмен. Оған «сен сұлусың», «саған мына киім жарасымды»деп ешкім айтпайды. Тіпті ата-анасы да. Осындай жағдайда адамда ішкі ашығу пайда болады. Ол қарынның ашуына мүлде ұқсамайды. Сол аштықтан құтылу үшін, желі арқылы тояттауға тырысады.

Нəтижесі: тəні ашылған суреттер мен ұяттқа қайшы келетін бейнелер. Жазылушыларынан келетін лайк, комментарий бəрінен іштей қанағаттанады. Бірақ бұл уақытша ғана. Əлгі ашығу қайта келгенде. Жоғарыдағы оқиға қайта қайталанады. Осы орайда желіге неге құмармыз деген сұраққа көпшіліктің пікірін сұрап едім.
Гүлжан 20 жаста
Қызықты, жаңалықтар көп. Достарыңның, туыс, таныстарыңның кайда не істеп жүргенін білесін. Телефоным жоқ болса, бірдеңе жетіспей тұрған сияқты.

Арай 19 жаста
Менің желіге күнде сурет жариялағым келіп тұрады. Себебі мен ұнататын адам көріп, лайк басуын қалап тұрамын. Ол көрмесе салған фото қызық емес болып қалады. Жетістікке жеткенімді адамдар көрсе деймін. Жақындарым қуанып, дұшпандарым қызғансын деген де ой бар.

Қамшының сабындай ғана ғұмырды желіге желімделіп өткізіп жатырмыз. Ата-аналарға, жəне барлық қолданушыға құлақ қағыс. Рухани ашықпас үшін мына емді қолдансақ.
Айналамыздағы адамдарға жылы қатынаста боласақ, бумеранг заңы бойынша қайта келеді. Достарымызға жақсы пікірлер айтайық(киімің жарасымды, шашыңда жақсы сəндепсің, бетіңді күшті əрлепсің) деген сияқты. Сонда, ашыққан бос орынды толтыру үшін желіге жүгінбейді. Соңғысы, ата-аналар балаларына жақсы сөздер айтып отырса «сен əдемісің», «сен өзіңe сенімдісің»,«сенің қолыңнан бəрі келеді» сынды сөздер. Сонда балаларыңыз сіз айтуға тиісті сөзді сырттан іздемейді. Егер, осы айтылған ойды қолданатын болсақ, күндердің бір күні, бұл дерттен де айығармыз деген сенімдемін.

Думан Кеңшілік
Әрі қарай

ФОРСАЖ 8

2015 жылдың 13 сәуірінде кинодан шыққаннан кейінгі жазған постымда «режиссер фанаттарын, қаншама доллар ақша салуға дайын аудиториясын жайдан-жай жібере салмас. „8“-шісі шығу керек» деген сияқты пікір қалдырғанмын. Енді міне, 2017 жылдың 15 сәуірінде 250 миллион долларға түсірілген «Форсаж 8» -ді бір демде көріп шықтым. 2 сағаттың қалай өткенін де байқамай қалыппын. Бір демалыстың ішінде әлем бойынша касса жинаудан жаңа рекорд орнатып тастады (әлем бойынша «Форсажа-7»-нің жалпы қоры 1.5 миллиард $ құраған болатын.)

Ертегі болып кетті деудің қажеті жоқ. Бұл киноның әлемі бөлек. Франшизаның барлық бөлімдеріндегідей мұнда да отбасы құндылығын жақсы насихаттаған. Қандай жағдай болмасын достардың бір-біріне деген сенімдерінің өшпеуі қызықтырады. Кинода О`Коннордың орны ойсырап тұр. Айтпақшы, «Форсаж 9»-да Брайан (Пол Уокер) қайта оралуы мүмкін. Себебі, Доминиктің (Вин Дизель) ойда жоқта пайда болған ұлының атын Брайан деп атады. Кинода қымбат көлік пен тоқтаусыз атыс-шабыстан бөлек әдемі әзіл де орнын тапқан. Роман Пирс (Тайриз Гибсон) еріксіз езу тарттырады.

Жалпы, FastFurious8-ді көріңіздер! Сол баяғыша қызықты, мықты және әсерлі!

Қарағандылықтарға ескертпе: Біздің Сарыарқа деген кинотеатрдан 3D көрмей-ақ қойыңыздар)
Блог - ErzhanKhamitov: ФОРСАЖ 8

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 15 сәуір 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 15 сәуір 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Қазақ радиосындағы «Ой-Зерек» танымдық-интеллектуал радиойынының екінші шығарыдымына Арулар командасы қатысты. 11 мүмкіндіктен 6 ұпай алды.

1. Оқушы немесе студент кезде кейбір адамдар оның соңы қайда деп іздейді екен. Мен де іздеп көргем, бірақ оның бос әурешілік екенін тез түсініп, қоя салғам. Ал біреу білер, біреу білмес, оның соңы 1048576 мен XFD-ның қиылысында екен. Оны екі сөзбен толық атымен атаңыз немесе үйреншікті ауызекі тілдегідей бір сөзбен.

2. Бір татар сайты бұны абайлап ашқан жөн деп кеңес береді. Жазушы Антон Чехов бұны өзі үшін 1901 жылы денсаулығы сыр берген кезде ашқан екен. Геродоттың жазуынша сақтар бұның құпиясын ғасырлар бойы ашпай сыр қылып сақтаған. Бұл не?

3. «Олардың ояну механизмі мынадай: әуелі барлаушылар оянады. Міне, содан соң олар жоғарыға өрлейді, күнге қыздырынады, сосын арқа қабаттары қызып кеткесін, төменге асығып, ұйықтап жатқан жолдастарына жылудың бөлігін әкеп береді. Содан кейін күнделікті күйбең тіршілік басталады». Міне, осындай бір-біріне арқасүйер және жүйелі процесс. Әңгіме нелер туралы айтылып отыр?

4. Ұлыбритания — дәстүрге берік ел. Дәстүр бойынша Ұлыбритания Парламентінің алғашқы сессиясы билеуші монархтың сөзімен басталады. Алайда 20-ғасырда бұл дәстүр 2 рет бұзылды, 1959 және 1963 жылдары. Екеуінде де бірдей себеппен. Бұл қандай себеп?

5. 1958 жылы негізі қаланған испан компаниясының логотипін әйгілі сюрреалист суретші, кім деп ойлайсыз, Сальвадор Дали жасап шықты. Каталон тіліндегі слоганын қазақ тіліне аударсақ — “Ол дөңгелек және ұзақ” деп аталатын компанияның бәріне мәлім өнімін атаңыз.

6. Манчестер Юнайтед командасының қатал мінезі, тәртіпке беріктігі, консерватив көзқарасымен танымал аңыз бапкері Сэр Алекс Фергюсон футболшыларына ұзын шаш өсірулеріне, мойындарына ауыр әшекейлер тағуына рұқсат бермепті. Тек кезінде француз Кантона бастап кеткен үрдіске тыйым сала алмапты. «Тыйым салайын десең 1 грамм да салмағы жоқ» дейді ол естелік кітабында. Фергюсон өзіне ұнамаса да неге тыйым сала алмады?

7. Құрметті ойыншылар! Сіздерге жауапты нақты жалқы атау түрінде беру қажет еместігін ескертеміз. 2007 жылғы деректерге сай, бұл мемлекеттің көлемі – Франциядан сәл үлкен. Онда 30 миллион адам тұрғын, соның ішінде 6,5 млн – қытайлар, 5 млн – үнділер, 6 млн – африкалықтар. Ресми дінге иек артушылар қатарында бірінші орын — ислам, екінші – христиандық, одан кейін буддизм мен индуизмге тиесілі. Бұндай мемлекетті үш сөзбен атаңыз.

8. Жазушы, сценарист Оксана Робскидің шығармаларында кей заттар құндылық, эксклюзивтік тұрғысынан қолжетімділік бойынша екіге бөлінеді екен. Қолжетімді нәрселерге мысалы Мерседес, Тойота, Бакарди жатады. Ал қолжетімсіз қымбат нәрселерге Bently, Jack Daniels, Cayenn. Жазушы шығармаларында бірінші топ үшін ИКСті, екінші топ үшін ИГРЕКті қолданады. ИКС пен ИГРЕКті атаңыз.

9. Нұрлан есімді 65 жасар философия ғылымдарының кандидаты, сценарист 11 жасында сабақтан әбден қалып, болашақ әнші Әлібек Дінішев, кейін Стратегиялық зерттеулер институтын басқарған Болат Сұлтанов секілді өзінің сыныптастарынан ажырап, тағы бір жылға қалып қойғанын есіне алады. Алайда, ол мектепке де барды, балық та аулады, шопандар тойына да белсене қатысты. Дегенмен не себепті сыныптан сыныпқа өтпей қалыпты?

10. Францияның Нант қаласында түрлі көрмелерге арналған парк бар. Парктың атынан да түсінуге болар еді бұл ерекшелігін. Парктың атын атаңыз.

11. Еуропалықтардың практикалық әзілқойлығы: Зальцбургтегі әуежайда онша білімпаз емес жолаушылар үшін арнайы табло орнатылған. Ол таблода осы екі субъектті шатастырып келген жолаушыларға ескерту мен 12762 деген цифр да бар. Қай екі субъект?
Әрі қарай

Екпе ермек емес

Қытайда біздің заманымыздан бұрынғы 11 ғасырда дені сау адамдардың танауына, шешекпен науқастанған адамның іріңді қабыршағын салатын болған. Үндістанда теріні сызаттап, сол жерге шешек қабыршағын ысқылаған, Грузияда шешек іріңі жұқтырылған инемен теріні шаншып егетін болған. Еуропада мұндай әдісті 17 ғасырдың аяғына дейін қолданып келген. Бірақ егудің мұндай әдісі ауыр асқынулармен аяқталып, кейде өлімге де әкелген, ал егілген адам айналасындағыларға жұқтырушы болған деседі.
Екпенің қысқаша тарихы осы. Қазір қоғам екпеге байланысты ойлары да екіге бөлінген. Бірінші тарап «залалды» десе, екіншісі «тегін болса болды» деп жүре береді. Кез келген тегіннің кейін сұрауы бар. Дəрігерлерден екпеге байланысты сұраған болатынмын. Мыңқ етіп бірдеңені айтқандай болады. Əйтеуір ауруға қарсы,- дейді. Ал кейбір дəрігерлер балаларына екпе салдырмайтын көрінеді. Кейінгі жылдары екпеге қатысты бірнеше даулы оқиғалар бар. Соны бірі- Жаңаөзенде. Қызылшаға қарсы екпе салынған балалар, Ақпанның ортасынан кейінгі екі апта ішінде қаладан 86 бала денелері жансызданып, талып ауруханаға түсті. Тіпті кейбіреуі қайта құлап көмекке жүгінген. Бұл нені көрсетеді. Дəрігерлердің салғырттығы ма? əлде дəрінің сапасыз болғаны ма?
Доктор Лоуренс Вилсонның зерттеуі бойынша, балалардың 70%-ы екпе салдырғаннан кейін қайтыс болған ал қалғаны апта өтпей жер қойнына тапсырылыпты. Артынша, Нейл З. Миллер «Новые исследования: Чем больше обязательных прививок в СТРАНЕ, тем выше уровень детской смертности»-деп дүр сілкіндірді.
Голландия мен Немістің тəуелсіз зерттеушілері екпе салдырмаған балалардан гөрі салдырған балалар аурушаң болып келетінін. Егер, балаларды егуді тоқтатса аурғандар саны дүрк төмендегенін байқаған.
Билл Гейтс әлемдегі адам санын реттеу үшін шошынарлық мәлімдеме жасаған болатын. Оның айтуынша: «Біз, алдымен халықтың санын көбейтіп алдық. Бүгінде әлемде 7 миллиард адам бар. Бұл сан шамамен 9 миллиардқа дейін көбейеді. Енді, егер біз жаңа вакциналар, денсаулық сақтау, репродуктивті денсаулық саласы бойынша үлкен жұмысты қолға алсақ, халықтың санын 10 немесе 15 процентке қысқарта аламыз» – деп жар салғаны бар.
Фармацевтиканың барлық табысы – дәрілік заттарды алудан түседі, ал оларды тек қана ауырған жағдайда ғана сатып аласыз. Ендеше, дені сау адам – нашар тұтынушы, ал сырқат адам – табыс түсіретін тұтынушы. Дәлірек айтқанда Қытайлардың: «тауарың тез өту үшін сапасыз ет» деген ұстанымы секілді. Сенің денсаулығың нашарласа, дәріні көбірек аласың. Демек балаға егілетін екпелердің кейбірі осыған дайындау сияқты.
Назерке 22 жаста
Менің ойымша, вакцина салудың еш кемшілігі жоқ. Керісінше, денсаулықтың мықты болуына септігін тигізеді. Алайда қазір екпеден ауру болды, адам өлді деген түрлі жан шошытарлық хабарлар естіп жүрміз. Дегенмен, бұл адамның өз денсаулығына жəне екпе салған дəрігердің кəсібилігіне байланысты деп ойлаймын. Көпшіліктің пікірі де дəл осы тектес.
Қортындылай келе, баланың имунитеті 6 жасқа дейін қалыптасады екен. Егер, кішкентай сəбиге вакцина қолданатын болса, əлі бұғанасы қатпаған балаға кері əсер ететін көрінеді. Сондықтан да өмір есігін жаңа ашқан сəбиді инемен тықпалай бермеген дұрыс сияқты. Ал сіздер қалай ойлайсыздар?
Әрі қарай

Керек-Ринг 15/03/2017 Наурыз кубогі

1-тур - asaubota

1. Мадридтің Атлетикосымен қарымта ойынға шығатын Леверкузеннің Байері твиттерінде ойынға қатыспайтын ойыншылардың тізімін жариялады. 4 ойыншы жарақатына байланысты, 1 ойыншы жазасына байланысты ойнамайды. Ал 17 жасар Харветц қандай себеппен қатыса алмайды?

2. 1660 жылы Антонио атты аспаз пиццаларға жаңа ингриедиенттер қосқысы келеді, алайда бәрін араластыруға да болмайды. Антонио 4 түрлі, 4 түсті ингредиент арқылы жаңа пицца ойлап табады. Пицца 4 бөлікке бөлінеді 4 ингредиент арқылы. Пиццаның жалпы атын емес, бөліктердің кез келген біреуінің атын жазыңыз.

3. Твиттердегі аккаунтардың 15 пайызын құрайтын 48 миллион аккаунтты ортақ атпен қалай атауға болады?

4. Статистикалық деректер бойынша бұл спорт түрімен айналысу кезінде адамдар басқа спорт түрлеріне қарағанда көбірек өледі екен, айналысушылардың пайыздық үлесі бойынша. Басты себептер — инфаркт және найзағай түсу. Бұл қандай спорт түрі?

5. Канадалық бір фирма арақ өндірісі технологиялары арқылы бәрін таң қалдырғысы келді. Бұл науқан аясында Ньюфаундленд аралы маңынан нені аулай бастады?

6. Қазіргі планшеттердің атасын А4 қағаз көлеміндегі нұсқасын танымал фирма 20 жылдай уақыт бұрын шығара бастады. Қалай ойлайсыз, бұл планшеттердің операциялық жүйесі қай ғалымның құрметіне аталды?

7. Бір күні Джон Гутфренд атты қаржыгер Джон Мэривезер атты брокерге 1 миллион долларға покер ойнауға ұсыныс жасайды. Миллионды тәуекелге тіккісі келмеген және қорқып қалды деп ойламасын деген Мэривезер Гутфрендке қалай жауап береді?

8. Тар джинсы, жарқын көзілдірік, пирсинг, ұқыпты сақал, вегетариан, әдемі спорттық аяқкиім, неонацизм. Германияда пайда болған жаңа субмәдениетті атаңыз.

9. 1979 жылы Никарагуада болған көтерілістің басты себептерінің бірі “Манагуалық вампир” деп аталатын бір жеке банк қожайынына деген өшпенділіктен бастау алды деседі. Бұл банк ненің саудасымен айналысатын?

2-турMERmukhanov

1. Азиядағы үлкен дүкендердің бірінде мынадай кәрзеңкелер орналасқан (Олардың шағын жапсырмаларының түсі де өзгеше). Себеттерді осылай бөлудің себебі неде, немесе әрқайсысы кімдерге арналған?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 15/03/2017 Наурыз кубогі

2. Назар аударыңыздар, ойбастар!
Ойбастарда – ең алғаш Ұлыбританияда шыққан, төрт туыс адам басқаратын америкалық корпорацияның бетке ұстар өнімі. Олардың фамилиясынан алынған атау бұл, ешқандай да мифология немесе басқа нақты саладан емес. Оның құрамын қарай келе, жүгері, бидай сиропы, қант, арпа уыты, пальма майы, сүт, соя лецитині, какао, жұмыртқа ақуызы секілді табиғи текті заттарды көріп, онда өмір бар екеніне сенуге болады.
Ойбастарда жатқан өнімді дәл атаңыз.

3.Біріншісі – бейресми лидер, әділетті және байсалды. Екіншісі – команданың миы. Үшіншісі – брутал. Төртіншісі – әзілқой. Бәрі Сынықты сыйлап, Сәуірді жақсы көреді. Оларды атаңыз.

4. Цитатаны жек көретін ағайын үшін арнайы сұрақ.

Санасы аз болса, қашады ол бірден,
Азапты көреді — бостандық аңсаса.
Ғашықтық дегені — бақыт қой ең таза,
Сәтсіздік пен бопса — махаббатсыз жүрген.
Шаттықтың ұлығы — сұлуды тербеген,
Еркіндік, тыныштық емес пе тегін у?
Білгенге ырыс-құт — сезімге берілу.
Жүректің суығы — тірі өлгенге тең.

Бұл — ХVII ғасырдағы француз ақыны Теодор Д Обиньенің махаббат жайлы, дәлірек айтсақ, махаббатты ұлықтауға арналған өлеңі. Сіздердің жан-жақты білімдеріңізге шүбә келтірмейміз, сондықтан Д Обиньенің махаббаттан бас тарту туралы кез келген туындысын оқып беруіңізді сұраймыз.

5. Отандық телеарналардың біріндегі сюжет лазуриттер жайлы ақпаратпен басталады. Лазурит, немесе ультрамарин — силикаттар класының каркасты типіне жататын минерал. Бұдан кейін, осы сюжетте орта ғасырда өмір сүрген көрнекті ғұламаның обсерваториясында аспан денелерін белгілеген ултрамарин тектестердің сәулелердің әсерінен физикалық өзгерістерге ұшырауын да түсіндіреді.
Сюжеттің неге (қандай тақырыпқа) арналғанын атаңыз.

6. Белгілі бір журналында, назар аударыңыз, басылымда жарық көрген жұмбақ:
«Төңкеріліп тұрады,
Адамдарға шындықты айтады».
Жұмбақтың жауабын бір әріптен басталатын екі сөзбен жазыңыз.

7. Суретте — Бельгияның Ипр қаласына бауырлас қаланың кеңестік гербі. Атай қойыңыз.
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 15/03/2017 Наурыз кубогі

8. Бұл сұрақ болмаса, жауабы болар еді. 1957 жылғы 5 сәуірде Лондонда Сэмюэл Беккеттің атақты пьесасы қойылды. Жалпы ақпар: қойылымның оқиғасы ер адам мен әйел адам өмір сүрген қоқыс жәшігінде болады. Пьесаның атауы шахмат терминімен бірдей. Оны қазақша немесе немісше жазыңыз.
Әрі қарай

Тобыр бүйдейді

Білім және ғылым: Тобыр бүйдейді

Үштілдік оқыту жүйесін енгізуге қатысты ФБде белсенді екі тарап пайда болғанын көріп жүрмін, немқұрайлыларды есепке алмағанда. Өзім дәл қазіргі уақытта ортада тұрмын, бірақ жақтамаушылардың жағына жақынырақ тұрмын десем болады. Оған себептер бар.

Министрдің осы мәселе бойынша интервьюлерін қарап шықтым, жақтаушы блогерлердің жазып жүргендерін де оқып жүрмін. Негізгілеріне тоқталып өтсем олар мынадай. Министр де, блогерлер де ағылшын тілінің әлемдік тіл екенін айтады, сөйтеді де ағылшын тілінің маңызын түсіндіруге тырысып, көптеген дәлелдер келтіреді. Бұл тіл қазақтарға үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, күллі әлемнің осы тілді үйреніп жатқанын айтады. Министр бір сөзінде «сонау дамып кеткен Францияның өзі мектептерінің оқу программасына ағылшын тілі пәнін қосып жатыр» деп француз елін мысалға келтіріпті.

Дұрыс қой. Негізі, ағылшын тілінің әлемдік тіл екеніне күмән келтіріп жатқан ешкім жоқ, меніңше. Оны үйренуге қарсы шығып жатқандар да жоқ. Енгізгелі жатқан жүйеге сенімсіздікпен қарайтындардың басым бөлігі ағылшын тілін оқытқанды/үйренгенді/білгенді қолдайды. Олардың уайымы жақтаушылар айтып жүргендей ағылшын тілін білуге қарсылық емес, қарсылардың уайымы мүлдем басқа, олар қазақ тіліне қатысты алаңдайды. Ал министр мен блогерлер үштілдік оқыту жүйесі туралы айтқан кезде бас салып ағылшын тілінің әлемдік ролін айта береді. Министр мен блогерлердің көпшілікке онысыз да белгілі нәрсені сол көпшілікке түсіндірмекке әлектеніп, әсіресе екінші аталғандардың «мыңмен жалғыз алысқан» адамдардай боп өздерімен-өздері шыж-быж боп жүргені қалай? «Ағылшын тілінен тек ақымақ қана бас тартады», «тобыр ғана ол тілдің маңыздылығын түсінбей, босқа ұрандай береді», «мен өз баламның ағылшын тілін білгенін қалайм, ал жалған патриоттар ұрандай берсін» дегенге саятын посттарды оқыдым. Сырттан қызық көрінеді, шынымен. Өйткені шындығында, айтқанымдай, ешкім ағылшын тілінен бас тартып жатқан жоқ, ол тілдің әлемдік роліне де ешкім күмән келтіріп жатқан жоқ. Бұл тілді бәрі үйренгісі келеді. Онда «тобырдың» үстінен күлулерін қалай түсінеміз? Бәлкім қара тобырмен алысқан данышпанның образына кіру арқылы іштегі «менін» қанағаттандыратын шығар, кім біліпті.

Сонымен Францияда ағылшын тілі пәнін оқытыла бастады дейді. Дұрыс-ақ. Бірақ осы айтылған жағдай, яғни Франция мектептерінде ағылшын пәнінің қосылғаны немесе пән сағатының көбейгені, бізде химия, физика пәндері ағылшынша оқытылуы керек дегенді білдіре ме? Францияны не үшін мысалға келтірді? Түсініксіз. «Француздар ағылшын тілі пәні сағатын көбейтіп жатыр, сондықтан біз химия, физикаларды ағылшынша оқытуымыз керек». Логика бар ма осы жерде? Мен көріп тұрғам жоқ. Ағылшын тілінің маңыздылығын көрсету үшін айтты дей салған күннің өзінде, жоғарыда жазғанымдай, ағылшын тілінің маңызы жөнінде және оны үйрену қазіргі заманның талабы екенін ешкім жоққа шығарып жатқан жоқ қой. Яғни ресми һәм бейресми жақтаушылардың дәл осы түсіндіруінде тұщымды дәйек жоқ.

Белгілі жағдай, біздің мектептердегі ағылшын тілі пәнінің оқытылу сапасы нашар. Әйтеуір өзім тек қана мектептегі программа арқылы (репититор мен арнайы курсқа барусыз) ағылшын тілін үйреніп шыққан адамды көрмеппін. Сонда, аталмыш жүйе енгізілгеннен кейін, қазіргі осы оқытылуы сапасыз ағылшын тілі пәнінің орны ертең химия, физика пәндерімен толықпайтынына қандай кепілдік бар? Әрине, мінбеде тұрып есеп бергенде бәрі әдемі естіледі, келісем – химия, физика мұғалімдері арнайы тіл үйрену курстарынан өтеді дейді. Алайда іс жүзінде шетел тілін үйренуге біреу табиғатынан епті боп келсе, енді біреу епсіз болады емес пе? Мәселенің осы тұсы ескерілді ме екен? Бұған мұғалімдердің айтқанды тез қағып алатын жасөспірімдік шақтан өсіп кеткенін қосыңыз.

Хош, мұғалімдер ағылшын тілін үйреніп шықты делік. Тіпті солай болған күннің өзінде (из области фантастики болса да), мен сіздерге айтайын, тілді білу мен сол тілде сабақ беру екеуі екі бөлек нәрсе. Мәселен, қазақ пен орыс тілдерін жетік білсе де дәрістерді тек қана қазақ тілінде беретін ЖОО оқытушыларын білуші едім. Орыс тілінде де дәріс берсе бұл оларға үлкен плюс болар еді, бірақ ондай мүмкіндіктері бола тұра олар одан керісінше ат-тонын ала қашатын. Неге? Өйткені тіл білу бір бөлек нәрсе, ал сол тілде оқушы мен студентті оқыту тіптен бөлек нәрсе. Шешім қабылдап жатқанда мәселенің осы қырлары ескерілді ме?

Келесіде, үштілдік жүйеге көшкен кезде қазақ тілі жаңа технологиямен оқытылады дейді. Қазақ тілін жаңа технологиямен үйрету үшін химия, физикаларды ағылшынға көшіру міндетті емес шығар. Осы екеуінің арасынан байланыс көріп тұрғам жоқ. Яғни бұл да аргумент емес. Ол ол ма, осы жаңа технологиямен оқытылады деген сөздер айтылып жатқан кезде министрдің өзі де сол кезде сұхбат берген екен. Соны кеше ғана қарап шықтым. Блогерлер жаңа технология деп жүрген технология шындығында әлі жасалмаған екен. Оны министр өзі айтып отыр, былай деп:
«… на сегодняшний день методику преподавания казахского языка надо радикально обновить. Работа идёт в двух направлениях: первое, мы разрабатываем новые технологии преподавания казахского языка, включая компьютеры, мобильные приложения для сотовых телефонов там и т.д. То есть когда всё это будет готово, мы покажем чтó будет в электронных учебниках там… Это — раз. И второе, мы собираемся подготовить десять, пятнадцать, может даже двадцать сильных методологов преподавания, и готовить их нужно за рубежом. У нас несколько глобальных центров таких методологов — Университет Гарварда, Гумбольда, университет в Израиле. Поэтому вот мы на сегодняшний день договариваемся, вот с некоторыми уже договорились, чтобы они наших молодых, талантливых методологов приняли на шестимесячные курсы, и после того как они вернутся, мы эти два направления соединяя, надеемся, что с 2017 года начнём в школах менять методику преподавания казахского языка и начнём это с русских школ".
Көріп отырғанымыздай, ешқандай методика да, технология да әлі дайын емес. Үштілдік жүйе арқылы (осыған дейін меңгерілмей келген) қазақ тілі енді меңгеріле бастайды, өйткені жаңа технология, анау-мынау деп, әлі жасалып шығарылмаған өмірде жоқ нәрсеге сенім арту, меніңше, орекеңдер айтпақшы паровоздың алдына түсіп жүгіруге ұқсап тұрған сияқты. Қалай ойлайсыздар?

Соңғы күндері кейбір блогерлер «үштілдік оқыту жүйесі болашақта орыс тілін ығыстыру үшін енгізіліп жатыр, ал соған қарсы боп жатқандар Ресейдің тапсырысын орындап жатыр» дегенді айта бастапты.

Жоғарыда ағылшын тіліндегі химия, физикалардың сапасы қандай болатыны жөнінде күмәнімді жазып кеттім. ШҚО, СҚО, Алматының орыстілді мектептеріндегі Марьванналардың ағылшын тілі курстарын өтіп алып, өз пәндерін енді ағылшынша оқытып жатқанын көз алдыма елестеткім-ақ келді, бірақ еш елестете алар емеспін.))) Меніңше, қағаз жүзінде, жоғарыға есеп берулерде «ағылшын тілінде оқытыбатырық» делінгенімен, іс жүзінде орысша жүреді ғой дейм. Ал қазақ тілінде оқытылатын тарих пәні болса, осы уақытқа дейін қағаз жүзінде оқытылып келген(!) қазақ тілі пәнінің қатарын толықтырады. Бұған күмәнім жоқ десем де болады, өйткені орыс мектептерінде Қазақстан тарихы пәні тіпті орыс тілінде де жақсы оқытылмайды, һәм орыс оқушылары да оны оқуға ынталы емес. Әрине, оқушылар барлық пәндерді дерлік оқуға ынталы бола бермейді деуге болады, алайда бұл жерде дәл Қазақстан тарихы пәнінің жағдайы өзгешелеу – әлгілер ол тарихты мойындамайды, ойдан шығарып жазылған деп біледі, өйткені бала үшін ата-аналардың әңгімелерінен естіген нәрселер, жалпы сол ортада айтылатын көзқарастар көп сенімдірек… («Оқымаса онда осы уақытқа дейін тарихтан емтихан, тестілерді қалай тапсырып келді?» дейтін шығар. Қазақ тілі мен ағылшын тілдерінен сүрінбей өтіп жатқанда, басқадан да солай өтуге болмайды дей аламыз ба?). Айтпақшы, мұғалімдерге ағылшынша үйрететін жаңағы курстарға қатысты мынадай ой кеп қалды. Ақыры курстар арқылы тілді басқа құйып қою мүмкін болса, ендеше орыстілді оқушыларды сондай курстардан өткізіп қазақ тілін бастарына құйып қоя салу әлдеқайда тиімді болмай ма?

Ұзын сөздің қысқасы, «осы жүйе арқылы ағылшын тілі орыс тілін ығыстырады» деп жүргендер негізінен қазақтар көп шоғырланған жерде өскендер ғой деймін, орыс психологиясынан хабарсыз адамдар. Орыстардың басым бөлігі қазақ тілін ешқашан үйренбейді – бұны оң құлақпен де, сол құлақпен де ұғып алғанымыз жөн. Мүмкіндік болса олар статус-квоны сақтап қалу үшін күреседі (бейбіт жолмен де, мүмкіндік туындап жатса(!) тіпті қарумен де). Ал ондай мүмкіндіктер жоқ болса, бұл елден не кетіп тынады, не қоғамнан оқшауланып өмір сүре береді. Мәселен, басқа ТМД елдерімен салыстырғанда Балтық елдерінде орыстілділердің (тілге, статусына қатысты) жағдайы әлдеқайда нашар – Латвия мен Эстонияда көбінің тіпті азаматтығы да жоқ, ал орыс тіліне біздің елдегідей статус берілмеген, және орыстардың басым бөлігі эстон мен латыш тілін білмейді. Сонда да олар ол елдерден көшіп кетіп жатқан жоқ. Соған қарағанда «елден кетіп тынуы» елдің экономикалық ахуалына тікелей байланысты ғой деймін. Жаңалықтардан оқып жатамыз, бізде соңғы жылдары орыстардың көшу қарқыны өскенін айтып жатады. Бұны экономикалық себептерден деп білемін. Ел ішінде тұрып жатқан орыстардың табиғи өсімі де қазақтардың табиғи өсім көрсеткіштеріне қарағанда төмен, қазақтардыкі жоғары. Және, өздеріңіз де білесіздер, туу көрсеткіші қазақтілділер жайласқан аймақтарда жоғары. Бұдан бөлек сырттағы қазақтарды қабылдап жатырмыз. Басқаша айтқанда, осы үрдіс жалғаса берсе болашақта тіл мәселесі өзі-ақ шешімін табар еді. Қазақшаға шорқақ қазақтар болса балаларын болашағы үшін қазақша оқытуға мәжбүр болады. Бәлкім мүмкіндігі барлары елден кететін де шығар. Бірақ ондай Тайчибеков сияқты «идейный мәңгүрттер» тым аз, яғни олардың үлесі роль атқармай қалады. Ал былайша, орыстілді қазақтардың басым бөлігі балаларының қазақ тілін білгеніне ынталы. Яғни осындай үрдістер бола тұра, ұсынылып отырған күмәнді эксперименттің қажеті қанша?

Жарайды, Марьванналардың буыны кетер, орнына ағылшын тілін білетін һәм сол тілде химия/физиканы оқыта алатын жаңа буын келер, сонда осы аралықта оқығандардың білімі не болмақ? Оны да қойшы, уақыт өте келе сапалы оқыту жүйесі қалыптасады дейік. Ол кезде оқушылар ағылшын тілін жетік біліп шығатыны сөзсіз. Министрдің айтып кеткені ақыры орындалар, қазақтардың ағылшыншасы жоғары деңгейге көтерілер. Ал қазақ тілінің жағдайы ше? Қандай болмақ? Химия, физика, бәлкім кейінірек тағы да сондай нақты ғылымдар ағылшын тілінде оқытылатын болар, сонда қазақтарда ғылым тілі дамуын тоқтатады емес пе? Қазіргі мүшкіл ғылым тілін ары қарай дамытудың орнына, бұл керісінше қылқындыру емес пе?

Жазба шашыраңқы боп кетті. Сонда да негізгі ойымды жеткізе алдым ғой деймін. Сонымен, «тобырдың» үштілдік оқыту жүйесін қолдамай отырған себебі осыда, құрметті элитный (хыхыхы) тобыр өкілдері.
Әрі қарай

Чемпиондар Лигасында жаңбырлы түн. 2 матч, 14 гол

Футбол, тек қана футбол!: Чемпиондар Лигасында жаңбырлы түн. 2 матч, 14 гол

МАНЧЕСТЕР СИТИ — МОНАКО — 5:3 (1:2).
Голдар: Стерлинг, 26 (1:0). Фалькао, 32 (1:1). Мбаппе, 40 (1:2). Агуэро, 58 (2:2). Фалькао, 61 (2:3). Агуэро, 71 (3:3). Стоунз, 77 (4:3). Сане, 82 (5:3).


БАЙЕР — АТЛЕТИКО — 2:4 (0:2).
Голдар: Сауль, 17 (0:1). Гризманн, 25 (0:2). Бельараби, 48 (1:2). Гамейро, 59 — пенальти (1:3). Савич, 68 — автогол (2:3). Фернандо Торрес, 86 (2:4).

Әрі қарай

Қарағанды мемлекеттік медицина колледжі

Ағымдағы жылдың 15 ақпанында "Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы" КММ Ақпараттық қамтамасыз ету және әлеуметтік технологиялар бөлімінің мамандары " Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын түсіндіру мақсатында Қарағанды мемлекеттік медицина колледжінде білім алып жатқан студент жастармен кездесу өткізді.

Сондай-ақ, аталмыш кездесуге Қарағанды қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы мен Қарағанды облысы Конфессияаралық қарым-қатынастарының проблемаларын зерттеу орталығының маманы қатысып, Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) және діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді.

Блог - ZhastarTynysy: Қарағанды мемлекеттік медицина колледжі