"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 22 сәуір 2017 эфирінде қойылған сұрақтар
Қазақ радиосындағы «Ой-Зерек» танымдық-интеллектуал ойынының 3-ші эфиріне "Әйел бақыты" командасы қатысты. Ойыншылар 11 сұрақтың алтауына дұрыс жауап берді.
- Egemen.kz сайтында ең көп оқылған мақалалардың бірінде автор «компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» дейді. Мақала авторын атаңыз.
- Барокко кезеңінің неміс композиторы Георг Гендель 1727 жылы ағылшын королі Георг ІІ нің таққа отыруына орай, «Садок дін қызметшісі» атты туынды жазады. Оның аранжировкасын 20 ғасыр соңында Тони Бриттен жасайды. Лондондағы академиялық хор орындайтын бұл туындыны миллиондар біледі… Ағылшын мен неміс дедік қой жаңа, осы екі тілге қоса ол французша да орындалады. Сол ағылшындар, немістер мен француздар осы әуеннің сүйемелдеуімен талай жетістікке жетіп жүргенін де айта кету керек, дегенмен ең табыстылар — олар емес. Бұл не әуен?
- Шымкентте 100, Алматы мен Павлодарда 101, Қызылордада 102, Өскеменде 104. Астанада ше?
- Қазақ радиосының ардагерлерінің бірі радиоға келместен бұрын мектепте орыс тілінің мұғалімі болған. Ал негізінде ҚазМУдың филология факультетін де, Шет тілдер институтының неміс тілі факультетін де оқымай тастап кеткен. Википедиадағы мәлімет бойынша оның азан шақырып қойған аты Мұхаммедқали. Біз бұл кісіні қандай атымен танимыз?
- Қандай сахна әртістерін алтын деп атар едіңіз? tetkam.net ресурсының айтуы бойынша, Қазақстандағы бір музыка дүкендерінің біріне жергілікті сатып алушылар келіп, Жан Алтынның дискін сұрапты. Сатушылар каталог ақтарып болғанша, клиенттер дискті өздері-ақ тауып алыпты. Дискте кімнің музыкасы жазылыпты?
- 2014 жылы Бразилияда ақша дизайны жаңартылады деп жарияланды. 100 реалдық банкнотта кімнің суреті болады деп хабарланды? Әлбетте футбол королі Пеленің суреті. Бұл хабардың жарияланған күнін дәл атаңыз
- Бүгін кімнің туған күні, жігіттер? Соңғы октябрят пен тәуелсіздік ұрпақтарына Ленинге байланысты бір сауал қояйық: Ленин атындағы қалалар 20 ғ. 20 жылдардан бастап пайда болды. Мысалы, Кеңес кезінде оның атын қазіргі Санкт-Петербург (Ленинград), Худжант (Ленинабад, Тәжікстан), Гюмри (Ленинакан, Армения) сияқты қалалар иемденді. Ал Қазақстанның қай қаласы 1958-1995 жылдары аралығында күн көсемнің атында болды?
- «Союз» ғарыш кемелерінің қонулары әдетте ұшу аймағынан алыс емес жерлерде өтетін. Ал «Союз-23» кемесінің 1976 жылы қонуы Кеңес космонавтикасы тарихында тұңғыш рет ерекше өтті, және ғарышкерлердің бірінің бұрынғы мамандығымен байланысты болды. Не ерекшелік ол?
- 2000 жылдар ортасында Жапонияда әр тарауы 70-100 сөзден құралған романдар танымал болды. Бұл романдардың ерекшелігі — оларды не арқылы оқылуында еді?
- 1878 жылы пошта із кесушісінің қолына «жұмбақ» открытка түседі.Мәскеулік хат жолдаушы Соловцов петербургтік Чигоринге С, Л, Ф деген сияқты әріптер мен мынадай біртүрлі мәтін жолдапты: Егер Петербург сөйтсе, Мәскеу де солай. Ал егер Петербург басқаша істесе, Мәскеу де басқаша. «Шифр!» деп ах ұрады із кесуші. «Мәскеу Петербурге көтеріліс жасауға белгі беріп жатыр!».Шифрлі открытканы бастығына жолдаған ол Чигорин мен Соловцовтың кім екенін анықтап, тергеу жүргізуді тапсырады. Ал олар… кімдер еді?
- Луканка — болгарлардың ұлттық тағамдарының бірі. Аңыз бойынша болгар жерлерін түріктер басып алған кезде олар жергілікті тұрғындардың азық-түлігін де тартып ала бастаған. Бұған қарсылық ретінде болгарлар басты тағамдарының біріне нені қосып, жаңа тағам түріне луканка деген ат берді?
Пікір жоқ әзірше