Мені бақыт аспанына көтердің

Бөлек менде сен дегенде шығар жан,
Жалт еткенде тайып беріп қылаң ой.
Әр демімді ішке жұтып шығарған
Сәттерімде сені ойлап тұрам ғой!

Сенің сыңар аққу құсың мен деп біл,
Сені іздеп шарқ ұратын тараптан.
Тәңсәріде шырқау көктен мен деп біл,
Жанып-күйіп, өліп-өшіп баратқан.

Шырқалып боп көкіректің қанша әні,
Жанарымды суалдырып жылап боп.
Терезеңнің алдындағы таңсәрі
Сөніп бара жаттым түнгі шырақ боп.

Құйқылжыта ән салатын бағыңда,
Бұлбұлыңмын жаңылмайтын ырғақтан.
Сары гүлді аралайтын сағына,
Ол мен едім көбелек боп зыр қаққан.

Кейде күліп, кейде дегбір қашты да,
Күн түлетті, түн сөндірді неше үміт?!
Сенің жұмсақ табаныңның астына
Көк майса боп жатқан менмін төселіп.

Жырым — Жайық, Есіл менің өлеңім,
Өзің барда бекер қайғы, шекер мұң!
Шексіз, шетсіз қуанышқа бөледің,
Мені бақыт аспанына көтердің!

Керім желдей кербездене өбейін,
Алыс па екен құшағыңды сезер күн?!
Шерге толып көкірегім, көмейім,
Сені ойлап шөліркедім, кезердім.

Мен болайын жанарыңның ішінде,
Көрші мені, мені ғана байқашы!
Енсем етті тағы, тағы түсіңе,
Кірпіктерің кеткенінде айқасып!

Ақсұлу Сүттібай
Әрі қарай

Сені аямай құшақтағым келеді!

Әкетпесе мені ертіп жыр−әлем,
Сенің әлі шырағың боп тұрар ем!
Күнің болып, күншығыстан
шығар ем,
Дегеніңді екі етпей қылар ем.

Ақ сүтіңді еміп сенің мына мен,
Қойыныңнан шыққан шұбар
жылан ем!
Әуеніңе төңкерілмей, тыңдамай,
Өлең жазып кеткеніме кінәлі ем!

Делқұлымын, емеспін мен сірә, сау,
Неткен ұят сенен кешірім сұрамау?!
Ауыл жақтан үйірілген қап-қара
Қошқыл бұлттар менің күнәм
шығар-ау!

Жарық көріп, сені алғаш танығам,
Жақсы көрем, баяғыдай сағынам.
Жүрмін қазір, жетім бұлбұл секілді
Қалыс қалған, аласталған бағынан.

Мені әкеткен ақын күннің өлеңі,
Жүрегіме жырдың гүлін егеді.
Бірақ та мен үйге барған кезімде,
Сені аямай құшақтағым келеді!

Кешірші мені!
Әрі қарай

Мүшәйра! Бас жүлде 1 000 000 теңге!

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Мүшәйра! Бас жүлде 1 000 000 теңге!Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен «Шапағат» Деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» Қоғамдық қоры Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Дінді ұстай білсең – қасиетің, ұстай білмесең – қасіретің» атты республикалық жыр мүшәйрасын жариялайды.

Мүшәйраның мақсаты: Сан ғасырлық тарихымыздағы дәстүрлі дініміздің алар орнын пайымдау, отбасы татулығы, ұлт бірлігі, ел тәуелсіздігін сақтаудағы Ислам құндылықтарын насихаттау, Мәңгілік ел мүддесін жүзеге асыруда рухани ықпалы зор асыл дініміз бен ұлттық салт-санамыздың ұштасқан озық үлгілерін дәріптеу.
Әрі қарай

Ұмыттың ба?

Өзіңді іздеп ағады жұлдыз жерге
Көктемнен де сұрадым, қыс, күзден де
Жазды күн жусан иісін жұтып тұрып,
Мені есіңе алдың ба гүлді үзгенде.

Ақша бұлттар толқытып көңілімді,
Кеудемдегі оятса елігімді
Сені ойладым,
Ал сен ше, ойладың ба,
Жаңбыр сүйіп алғанда ерініңді

Бейнеңді сап айға наз, қылық — құмға,
Кірпігін көтереді үміт мұнда
Көктем сенің шерткенде терезеңді
Мені есіңе алдың ба?
Ұмыттың ба?

Қарашығы көзімнің тұнып мұңға,
Жұбатамын жүректі жуып жырға
Хабарыңды тосамын күннен, түннен
Ұмыттың ба сен мені
Ұмыттың ба?

Жұлдыз БЕЙСЕКОВА.
Әрі қарай

Жалғыз жапырақ... Қайда екен сол ғашықтар?!

Қайда екен сол ғашықтар?!

Көктем еді. Табиғат ана келбеті шырайланып, айналасына шапағатын шаша түскен мезет-тін. Буырқана бусанған қара жер жүзі де тебіндей шыққан көкпен көмкеріліп, жасара бастаған. Ол кезде менің көзімді жаңа ашып, төңірегіме таңдана қарап, жарық дүниенің тіршілігін енді бажайлай бастаған кезім болатын. Күн батса шығыс жақтан қоюланып келе жатқан түнерген түнге жәутеңдей қарап, бүрісе түсуші едім. Ал көкжиектен күн қылтиса болды арқам кеңіп, керіле түсіп, еркін тыныстайтынмын. Ол күндері менің қуанышым да, қорқынышым да сол шығыстан келуші еді.

Бір күні кешғұрым біздің жанымызға бір бозбала мен бойжеткен келді. Жігіттің денебітімі төртпақ келгенімен, оның тағат таппай ойнақ қаққан көздері мен шалт қимылдары оның ширақ, елгезек екендігін білдіріп тұратын. Ал бойжеткен тым ерке көрінді. Ботакөздерін төңкеріп жіберіп, жұп-жұқа еріндерін жымырайта жұмғанда аппақ бетіне қос шұңқыр ойнап шыға келуші еді.
Алғашқы күні екеуі біздің жанымызға көп тұрақтамады. Тек ұзап бара жатып бойжеткен бізге қайырылып көз тастады да: «Қандай әдемі жер! Күнде келіп тұрайықшы?» — деді…
Екеуі күнде кешке келіп жүрді. Отырып ұзақ әнгімелесетін. Әңгіме барысында көбіне жігіт сөйлейтін. Ал бойжеткен оның жүзіне күлімдей қарап, бар зейінімен ынтыға тыңдап отырушы еді. Жігіт:
— Қой жайғанда кітап оқығанды ұнатушы едім. Аш қойларды айналдыра иіріп, жусатып тастаймын да, жасыл жасаңда жатып алып кітап оқитынмын.
Бір күні оқып жатып көзім ілініп кетіпті. Ояна келсем екі табын қой маңырай-жамырай бір-біріне қосылайын деп қалыпты. Біздің көшенің қыңыр шалдарының қыржиған түрлері көз алдыма келгенде қос табынның арасына қалай жеткенімді өзім де байқамай қалыппын. Айқайлап ары қайырам, бері қайырам, болар емес. Дәл бір әкелерінің кегі кеткендей улап-шулап ентелей түседі. Жеті аталарын желдей көшіріп жүрмін. Ақ май, көк су болып терледім. Сілекпем қатып, енді қосыларға айналғанда бажайлап қарасам, қос табында да біздің үйдің қойлары жүр. Сөйтсем, ыстық күнде бірінің бауырына бірі басын тығып, көк жұлып жүре беріп, бір табын екіге бөлініп кетіпті. Мен сол бірін-бірі іздеп жамыраған қойларды екіге бөліп алып, қайырып қызыл жінік болып жүріппін.
Екеуі қосылып ұзақ күлді. Сыңғырлаған күлкісін сәл тыя бере бойжеткен:
— Мен де қой жайғанда кітап оқушы едім. Бірақ сен сияқты иіріп, жусатып тастамайтынмын. Қойдың басын жайылымға бастап тастаймын да, кітаптан көз алмай табынның артынан еріп отыратынмын. Бір күні солай кітапқа бас қойып келе жатып араның ұясын басып кетіппін. Гуілдеген аралар үйірімен жабыла қуып, ауылға жеткізіп салды. Қой да, кітап та далада қалған, тұла бойым қып-қызыл болып, жылап үйге қайттым.
— Бақырып басыңа көтерген шығарсың көшені?!
— Қойшы, — деп еркелей бұртиған қыз жігітті иғынан итеріп қалатын.
— Өзің қойшысың.
— Сен де қойшысың.
Төңіректі риясыз күлкімен көмкеріп, бірін-бірі қуа ойнап ұзап кететін.
Күнде келіп жүрді екеуі. Әрқашан жадырап күліп, жайраңдап ойнап жүрді. Дәл бір жетпісті желкелеген шал-кемпірлердей өткен-кеткен, көрген-түйгендерін айтып, әңгімелері бітпей отыратын. Кейде ақтарыла күліп алатын, кейде мұңайып қалатын. Кей сәт үнсіз іштей сырласып отырушы еді. Сондай үнсіздік орнаған сәттерде бойжеткен әңгіме арқауын өзге арнаға аударып, сөз сабақтап кетуге асығатын. Үнсіздік сәл біраз жалғасса жанарымен жер сүзіп отырған жігіт бірдеңені бүлдіретіндей оның аузына сөз салып жіберуге тырысатын. Күндер өте жігіт мүлде ұяңси берді. Аз сөйлейтін болды. Сөйлесе де көзімен көкжиекті шалып, қыз жанарына шалынып қалудан қашатын. Көздері түйісе қалса жанары жасып төмен қарап кетуші еді.
Кешқұрым уақыт болатын. Күн қызара батып, ұясына ене түскен шақ-тын. Дүние біткен қызғылт түске боялып, айнала бейне бір алаулап жанып тұрғандай еді. Бойжеткен мен бозбала бүгін де әдеткі уақытынан кешікпей бірге келді. Бірақ екеуі де үнсіз. Ренжісіп қалғандай бір-біріне тіл қатпай, аяқтарын жалқау басып жанымызға жақын келді. Жігіттің бірдеңеге әбіржіп тұрғаны алабұртқан түрінен көрініп тұрды. Бойжеткен жарты қадам қала еріп, оқта-текте жігітке жасқана қарап қояды. Кенет… бозбала іркіліп қалды да, қыз жүзіне тіке қарап: «Аяужан»,-деді. Бірақ дауысы діріл араласа сенімсіз шықты. Ару жігіт алдында қорғансыз балапандай оған көзінің астымен жәутеңдей қарап тұрып қалды.
«Аяужан»-деді жігіт қайталап, «Мен саған өзімнің көптен бері айта алмай жүрген сөзімді айтқым келіп тұр. Аяука, сені жолықтырғалы бері менің күнім шырайлана түскендей. Жанымда бір сәт болмасаң көңілім алабұртып сені іздеймін де тұрамын. Егер мен суретші болсам сенің ай бейнеңді көзімді жұмып отырып айнытпай салар едім. Сенің риясыз күлкі ойнаған ботакөздерің, өзін-өзі ауырсынғандай діріл қаққан кірпіктерің, қыл қаламдай қиылған қастарың, әдемі пісте мұрның, қызанақтай қос ернің, бәрі-бәрі менің көз алдымда күндіз-түні көлбең қағып тұрады. Жүрегім тек сен деп соғатындай. Тек сені қалайды менің жұдырықтай жүрегім, күнім!».
Бойжеткен жейдесінің етегін өші кеткендей жымыра мажғылап, үнсіз тұра берді. Өзіне-өзі тығылып, кішірейіп бара жатқандай. Қыз жауабын күтіп тағатсызданған бозбала оң қолымен арудың басын иегі астынан аса еппен көтеріп өзіне қаратты да: «Неге үндемейсің? Айтшы, гүлім, жүрегің не дейді сенің»,-деді үздіге. Бойжеткен қылғына әрең бір жұтынып алып, «Сен де маған қатты ұнайсың»,-деді де, көзін төмен ала қашты. Дәл бір біреу басына күннен қалпақ кигізіп жібергендей бозбала жанарына бақыт ойнап қыздың қыпша белін құшағына ала берді. Қыл өтпестей бір-бірін қаусыра құшып, қос ғашық үнсіз ұзақ тұрды. Маған екеуі берге тыныстап тұрғандай көрінді…
Күнде келіп жүрді екеуі. Құшақтарын жазбай бірін-бірі құшырлана иіскеп, аймаласып ұзақ отыратын. Кейде көк жасаң үстінде арпалыса аунап, естері кете өліп-өшіп сүйісуші еді. Шөлі қанбай шөліркей су жұтқан жандардай бір-бірінің жүзін жанарымен жұтына аймалап, үнсіз сырласып та отыра беретін-ді. Екеуі өздерінен басқа ешкімді көрмейтін жандардай көрінуші еді маған.
Бірде бозбала көкте жымың қаққан жұлдыздарға қарап жатып құшағындағы сұлуына:
— Аяужан, сенің ең ыстық арманың не?,-деп сұрады. Кенеттен мұны неге сұрадың дегендей ару жігітке таңырқай бір қарап алды да:
— Менің арманым ба? Менің арманым – ғарышқа ұшу.
— Онда не жоғалттың,-деп жігіт сұлу жүзіне күле қарады.
— Керемет емес пе?! Құмырсқа тірліктен бір сәт арылып, сол құмырсқалар илеу еткен Жер атты ғаламшарды алақаныңа салғандай сыртынан тамашалайсын. Ғаламның қожайынындай сезінбейсің ба өзіңді!
— Қатырып жібердің ғой,-деп жігіт жылы жымия аруының көзінен сүйіп алды.
— Ал сенің арманың не?
— Менің арманым — өзімнің желкемнен қарау.
— Немене? Бойжеткен оң қолын жағына таяныш ете қырындай жатып, жігіт жүзіне күле қарады.
— Мен өз желкемнен өзім қарағым келеді.
— Қойшы, жынды адамның сөзін сөйлемей. Қалай өз желкеңе өзің қарайсың? Желкең арт жағыңда, ал көзің алдыңда. Мүмкін емес ғой.
— Міне, мәселе сонда. Адам өзін ту сыртынан өзі ешқашан қарай алмайды.
— Енді...?
— Менің айтпағым, адам өмірде өз іс-әрекетінің, алған бағытының бұрыс, дұрыстығын бірден біле бермейді. Соны білем дегенше зымырап уақыт өте шығады. Кейде тіпті ғұмыры өтіп кетеді. Мен де сондай пенденің бірімін. Қазіргі бет алысым, жасар ісім, алар, берер дүниелерімнің ағат әлде құп екенін білмеймін. Мүмкін бүгінгі жасағаным үшін ертен жауап беретін шығармын, мүмкін керісінше маған абырой әкелетін шығар. Ол жағы да маған беймәлім. Ал егер мен өзімді ту сыртымнан бақылай алар болсам мен ешқашан ағат баспас едім.
— Қашаннан бері пәлсафашыл болып кеткенсің,-деп ару жігіттің қолтығына қолын сүңгітіп жіберетін. Еңгезердей жігіттің кенеттен шыққан қатты тарқыл күлкісі жұлдызды түнгі аспанды қақ айырып жібергендей болушы еді. Біраздан соң оған сұлудың шолпының сыңғырындай тәтті күлкісі қосылып, айналаны қуанышқа бөлеп әкететін.
Екеуі күнде келіп жүрді. Ол күндері күз мезгілі жақындап қалған болатын. Ымырт үйіріле батыстан баяу ескен жел бұрынғыдай емес жалап өткенде тұла бойыңды тітіркендіріп кетер еді. У-шу, ойын-күлкі азайған. Күн еңкейе барша жұрт үйлеріне сүңгіп кететін.
Сол бір кеш екеуі мүлде көңілсіз боды. Екі сағат отырса да, екі ауыз сөз айтпады. Дәл бір тілдерін жұтып қойғандай бір-біріне қадалып отыра берді. Ала жаздай екеуінің махаббатына куә болған менен жасқана ма не?! Тіл қатпағандары үшін мен де оларға сәл ренжіп қалдым.
Бойжеткен аса өкпелі көрінді. Әсте күлкі қашпас қос жанарында бүгін реніштің ізі байқалады. Бар пәле сенен шықты дегендей алдында отырған жігітке жазғыра қарайды. Аяулысының өкпесін тарқата алмай қиналған жігіт амалы құрығандай бойжеткен жүзіне кешірім сұрай қарай берді. Бар талас-тартыс екеуінің жүректерінде жүріп жатқандай. Оқта-текте қабақтарын түйе түсіп, терең күрсініп алады. Ондай сәтте бозбала сүйіктісіне ұмсына түсіп, «қинамашы өзіңді» дегендей өтіне қарайды. Бойжеткен болса қырын қарап, бұртиып отырып алады. Осылай арпалысып екеуі ұзақ отырды. Дінкесі құрыды, білем, бір сәтте жігіт:
— Ренжімеші, күнім. Бұл екеуміздің болашағымыз үшін,-деді.
Ару жігіт жүзіне өкпелі көздерін біраз кідертіп тұрды да, тайдырып әкетті. Орнынан қозғала беріп:
— Тоңып кеттім. Үйге қайтайықшы,-деді.
Ұзай бере бозбала аруды иғынан құшақтайын деп еді, бойжеткен жеңіл бұлқынып жігіттен алыстай берді…
Айнала әлдеқайда сары түске боялған. Кейбір ағаштар мүлде жалаңаштанып, сойдиып-сойдиып қалды. Бұрын жанымызға сәлде болса аялдап, бізге бір сәт көз салып қоятын жандар, қазір бізден ұялатындай жүздерін жасыра жанымыздан жылдам адымдай өте береді. Бәрі бір жаққа асығатындай. Табиғат ана да мүлде танымастай өзгерді. Кейде ызыңдап созыла сұрқия жел соғып тұрып алады, ал кейде шаң көтере ұйтқып келіп бір ұрып кетеді. Кей күндері түбі түскендей сызылып ақ жауындатса, кей күн ұшқындап қар жауып алады. Кейде зілді тұман бар денесімен ыңырана шөгіп, буылдыра бір тұншықтырып кетеді. Әбден мазаны алды.
Менің қос ғашығым да көзден ғайып болды. Сарыла күтіп бір айды артта қалдырдым. Күнде келер деген үмітпен жәутеңдей күткеніме бір айдың жүзі болды. Келмеді екеуі. Өміріме шырай берген сол қос ғашықтың күлкісі екенін кім білген. Олармен бірге менің өмірімнің де мәні кеткендей. Қызықсыз, қуанышсыз бір ай өткіздім. Келер деп күттім. Келмеді. Күбір-сыбыр, дыбыр-тықыр естілсе солар ма екен деп елеңдеп айды еңсердім. Келмеді. Көзім жетер жерлерге сүзіле қарағаныма ай болды. Көре алмадым екеуін.

Қайда екен сол ғашықтар?

Баяу қалқып келіп жермен жанаса берген жалғыз жапырақты сыпсықай жел лып етіп ұшырып ала жөнелді.

А. Дәлелхан

Жалғыз жапырақ
(А. Дәлелханның әңгімесінің желісі бойынша.)

Көктемнің кезі, жайнаған дала құлпырып,
Майысып жаймен, аз ғана тербеп жел тұрып.
Күн кетсе батып, мұңайам қою түнекке,
Шыққанда сәуле, арқамды жаям кең тұрып.

Күн тұрса болды, күнменен тұрған тіршілік,
Ауасы жағып, бойыма еркін тұр сіңіп.
Кетемін билеп, қоңырау сынды сылдырлап,
Жай соққан желмен, аламын бірге сілкініп.

Күндердің бірі, кеш батып қалған шақта бір,
Екі жас келді, әңгімелерін ақтарып.
Жаныма келді, жайлы бір жерді тапқандай,
«Әдемі екен» — деп жүздері кетті шаттанып.

Жігіт денелі, қадамын жайлап аттаған,
Көздері жалтақ, бір жерді қадап жатпаған,
Епті бір қимыл, ширақтық та бар бойында,
Келісті келбет, ерге тән жүзін сақтаған.

Қаз болса ерке, қылығы сүйкім беретін,
Көздері мөлдір, ботадай болып келетін.
Күлімдеп тұрса, бетіне аздап ой түскен,
Баурап алатын, сиқыр бір жүзге енетін.

Алғашқы күні, аялдамады ұзаққа,
Аяңдап барып, бұрылып қарап қыз артқа,
«Әдемі екен, күнде келейікші»- деп еркелеп,
Ал жігіт үнсіз, келіскен сияқты сұраққа.

Күндер жалғасты, күндермен уақыт зымырап,
Жаз кезі келді, көктемнен күні жылырақ.
Екі жас әр кеш, осында келіп сырласты,
Жастарға қарап, сүйсінем мен де тұрып ап.

Әр кез табысты, ақтарып сырын, арманын,
Саралап кейде, өткен күндердің салмағын.
Айтады мәтін, оқыған кітап, журналдан,
Айтады одан, көкейге тоқып алғанын.

Осындай күннің, қараңғыланған кеші еді,
Үнсіздік алған, екпін жоқ күндей кешегі.
Жігіт мазасыз, сұлу қыз соны сезгендей.
Жұмбағын таппай, беймәлім күйді кешеді.

Шыдамай жігіт, ақтармақ болды бар сырын,
Бір басып алып, терең демменен алқымын,
«Аяужан» — деді, сұлудың жүзін қаратып,
«Сүйем сені» — деп ашығын айтты, бар шынын.

Сенсіз аяулым, жалғанда жүргім келмейді,
Көрмесем сені, жүрегім маза бермейді,
Сағынам әр кез, әр кешті күтем сарыла,
Айтшы Аяужан, жүрегің маған не дейді?

Бір сезім билеп, барады жанды, сананы.
Жүрекке түскен, тырнағандай ма жараны?
Арада әлсіз үнсіздік билеп кеткен соң,
«Мен де» — деді де, төменге көзін қадады.

Қуандым мен де, қуандым осы бейнеге,
Сыбдырап кеттім, сыңғырлап кеттім желменен,
Кеудесін ашып, кұшақтап жігіт тіл қатты –
«Ғашығым менің, Ханшайымымсың сен деген!»

Осылай жастар, «қос ғашық» болып ұласты,
Әр кеште келіп, астымда жатып сырласты,
Әр кеште бірге, жұптары ешбір жазылмай,
Көңіл көтеріп, жұлдыздарменен сырласты.

Жаз аяқталды, уақытқа тоқтау салған ба?
Күз куә болды, қос ғашықтағы арманға.
Күз де куә боп, қос ғашық келген әр күнге
Жандар жоқтай бір, екеуінен асқан жалғанда.

Бүгінде келді, мен күткен сәтте ғашықтар,
Көрінді сұлба, көзіме еркін қашықтан.
Жігіт келеді, көздері төмен, мұңайған,
Сұлудың жүзі, ашудан білем ашыққан.

Жігіт сөз алды, дауысы діріл, елеңдеп
«Осының бәрін біз үшін істеп келем» — деп
Қыз елемеді, көңілге ешбір ой алмай,
«Үйге қайтайықшы, тоңазып қалды денем»- деп.

Аялдамады, бұл күні олар ұзаққа,
Алғашқы күндей, қарамады да бір артқа,
Түсінбей тұрмын, көз алмай екі ғашықтан,
Жауап алалмай, «не болды?» деген сұраққа.

Содан соң міне, оралмай кетті қос ғашық,
Қалғандай едім, қос ғашықтармен достасып.
Әр күні кешке, бос үміт алдап күтемін,
Қалалмадым-ау, құрғанда дұрыс қоштасып.

****

Күндер өтсе де, кезекпен-кезек тізіліп,
Үмітін үзбей, қарап жүр жолға сүзіліп,
«Ғашыққа» деген, сағыныш кернеп, сарғайып,
Жалғыз жапырақ, кетті желменен үзіліп
Әрі қарай

Қайтер еді???

Жас жанына салып жара
Сан үміттер құлағанда,
Некесізден туған бала
Көшеде қап жылағанда
Бірі «ана», бірі «жас қыз»
Тәніне ақша сұрағанда
Соның жоқ деп әй керегі
Ғашықтықты пасықтықпен
алмастырсақ қайтер еді?!

Құмаршылдық еңсеріп кеп
Құшағына жасырғанда,
Ұл менен қыз еңселік деп
Нәпсісіне бас ұрғанда,
Ана алдына теңеліп кеп
Ақиқаты ашылғанда
Моның жоқ деп әй керегі
Жастық сөзін мастықпенен
алмастырсақ қайтер еді

«Саналылар» пайда қуып
Бірін-бірі жалмағанда,
Өз күнәсін өзі жуып
Ақиқатты алдағанда,
Азғындаудың күні туып
Ардан белгі қалмағанда,
Соның жоқ деп әй керегі
Адамдықты арамдықпен
алмастырсақ қайтер еді?!

Құдіретім жыр дегеннен
Ешкім қорқып бұқпас болса,
Адамдыққа үндегенмен
Ақымақтар ұқпас болса,
Тіл мен қалам күрмелгеннен
Шығар жаным шықпас болса
Соның жоқ деп әй керегі
Ақындықты ақымақтықпен
алмастырсақ қайтер еді...

2008-10-29
Әрі қарай

Сен және мен

Сен және мен, жаным-ау, тек біз екеуміз,
Жаңа бүр жарған, тым нәзік гүлдер екенбіз.
Басымыздан жаз, қыс, көктем, мейлі өтер күз,
Ертеңгі күнге сонда да солмай жетерміз.

Сен және мен бақыттың тербеп бесігін,
Өмірдің бұл кең аттадық жаңа есігін.
Түсінбестіктер тигізбес үшін кесірін
Керегі бізге сыйластық және кешірім.

Сен және мен жарасқан жақсы жұптармыз.
Бір бірімізді жарты сөзден-ақ ұққанбыз,
Сәл көріспесек сағынып қатты құшқанбыз,
Айлы түндерде арманмен алыс ұшқанбыз.

Сен және мен тілегі бірге жандармыз.
Арманмен тәтті таңдарды-таңға жалғармыз.
Ғашықтық жаулап жанымызды естен танғанбыз
Бір-бірімізге байланып әбден қалғанбыз!

Сен және мен қоғамның кіші бөлшегі
Сезімнің сен дер менде жоқ әсте өлшемі
Бар ғұмырымның жеткенше ақыр ең шегі
Аялап мәңгі өтейін келші мен сені!!!
Әрі қарай

Қатал тағдыр

1. Шерхан

Көрдім көзбен айтарым рас құба құп,
Тағдырға да пенде болар шұбар құл.
Тазалықты жуып шайып пасықтық,
Жүректегі сенімді де қылар құм.

Қара сый да, жарық сый да бір Алладан,
Қаралықты тілеп алар адамдар.
Бір тамшы сұм ойың хасіл болар-ау?
Басқа түсер ағат басқан қадамдар!

Аққу қанат сынып құжға таланған,
Алтын тұқым аспас екен шабаннан.
Бастан өтіп таттым дәмін заһардың,
Арбап-сулап кірді тікен табаннан.

Зарын ашып гүлім қурай жылаған,
Мұңлы күйдің үні баурай тыңдағам.
Тамыр кесіп көктем бүрін аттырмай,
Аллам оны сынақпенен сылаған.

Қыз да, ұл да харам іске уланған,
Жамбы жинап фәнилікке буланған.
Шәкәрімнің ізін басып жырлайын,
Шері мүңкіп шабыт туған тұманнан.

Асыл шешей үміттенген арман бар,
Оңдайды ғой ондайды да Тарлан шал.
Өркен жайса шөберелеп шөпшекті,
Көне қосын тамыр жайып жосылар.

Білім теріп кеуде қаққан ұлы бар,
Қажет! — депті, — сұлу ару, білімдар.
Дастарқанды мұштап ұрып ақырды,
Егде ана жылап болды кіріптар.

Үйлі-күйлі, шоқып терген қыз барды,
Шоқалақты сыннан өтіп шыдапты.
Машайықтан текті туған жар етсең,
Боларсың-ау қылыш тері қынапты.

Тыңдап жігіт анасынан қолқаны,
Өткір қанды, ыза туды қылқанды.
Көзі қызыл, уыт төгіп иір тіл,
Осы болды керегенің сынғаны.

Жылдар-жылдар көшкін көшіп ауыпты,
Шерхан өрбіп өсіп білім сауыпты.
Тәкәпарлық бойға дарып қайыспас,
Қызыл қағаз иемденіп даурықты.

Түйе түяқ еңбек ақы суырды,
Төрт тағандап жылан тері шұбырды.
Ойын қуып ұмыт қылды мейірді,
Өзді-өзі жанын отқа қуырды.

Жалғасы бар…
ТӨРЕХАН Арыстан
Әрі қарай

Көнекөзім (Элегия)

Дүбіріменен өмірдің,
Керуен – пенде көшкен көп.
Сүйегі асыл бабалар,
Жүрегімізден көшкен жоқ.

Үйіміз ауыл шетінде,
Жер бетіндегі еншіміз.
Бықия ақсақал біздерден,
Бөлектенбейтін көршіміз.

Баптайтын-дағы сұр атын,
Батпандай ойға бататын.
Таң ата сала тұратын,
Күн батар шақта жататын.

Бір құшақ отын әкеліп,
Маздатып пешті алатын.
Алаумен бірге лаулатып,
Көзіме шырақ жағатын.

Бойыма тарап әз үні,
От болып маздағаным-ай!
Маңдайындағы әжімі –
Жалғанның жазбаларындай.

Содан соң, атқа бағыштай,
Арқан өретін кендірден.
Атамнан тағы қалыспай,
Ой өретінмін мен бірден.

Қалмайтын мүлде тұрақтап,
Айлар да өтті алмасып.
Желісі кетті жырақтап,
Келешектермен жалғасып.

Көңілдің гүлін теруші ед,
Атамыз бүгін жоқ қолда.
Шындықты жақсы көруші ед,
Шын дүниеге кетті ол да.

Ертеңгі күнге сайланып,
Ұйқыға ерте жатамыз.
Шайменен бірге жайланып,
Мұң ішуші еді атамыз.

Сол күні сырнай — санаңмен,
Жайлы бір сазды жырладың.
Шұғылалы күндей баттың да,
Таңменен неге тұрмадың?

Мұң дәмін татырғаның ба?
Жүректі кеттің жылатып.
Шәй ұрттап отырғаныңда,
Сені ұрттап қойды-ау уақыт!!!
Әрі қарай