Вакцина – денсаулық кепілі

Қазақстан республикада мемлекеттік тіркеуден өткен және ДДҰ-ның стандарттарына сәйкес келетін сертификаттары бар тәжірибе жүзінде тексерілген вакциналарды пайдаланады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  


Вакцина салынған кейінгі кезеңде асқыну байқалмайды, ал кейде бөлек егілгендерінде туындайтын реакция аурудың өзіне қарағанда жеңіл өткеріледі. 


Ведомствоның ақпараты бойынша, Астанада бүгінгі таңда қызылша, қызамық, сіреспе, полиомиелит, туляремия, құтыру, 16 жылдан бері дифтерия жағдайлары тіркелмеген. Көкжөтел мен эпидемиялық паротит тек сирек жағдайда ғана тіркеледі.


Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары иммунопрофилактикалық мәселенің алдын алу үшін балаларына екпе алудан бас тарту өзекті мәселеге айналған. Азаматтар екпеден көбіне діни сенімі мен жеке көзқарасына байланысты бас тартады. Қазір көптеген жас аналар өз балаларына екпе егуден оп оңай бас тартып жатыр.


 «Осыған байланысты аналарға балаларыңызды екпесіз қалдырып, тәуекелге бармаңыздар, оларға дені сау және бақытты балалық шақ мүмкіндігін сыйлаңыздар дегіміз келеді. Сондай-ақ біз балаларына өз еркімен келіп вакцина салдырып жатқан аналарға алғыс айтқымыз келеді. Олар баласының болашағына үлес қосып, қауіпті эпидемиялық жұқпалы аурулардың алдын алуда. Бүгінгі таңда иммунизацияға қарсы балама жоқ. Балаларымыздың денсаулығы – ұлт денсаулығының кепілі», — делінген хабарламада.


Әлихан Байменов «Bilimmen bólis» жобасы аясында дәріс оқыды

Astana Mall сауда орталығының коворкинг орталығында «Мемлекеттік білім берудің өңірлік хабы» басқармасының төрағасы Әлихан Байменов «Bilimmen bólis» жобасы аясында дәріс оқыды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дәрісті Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы ұйымдастырды.

«Біздің басқарма «Bilimmen bólis» жобасын жүзеге асыруда. Біз оны қала тұрғындары арасында өткіземіз. Лекторлар ретінде біз қоғам қайраткерлерін, танымал адамдарды, «Болашақ» түлектерін өз білімімен және тәжірибесімен бөлісуге шақырамыз. Барлық қызығушылық тудыратын тақырыптар бойынша дәрістер тегін өткізіледі. Бүгінгі дәріс беруші — Әлихан Байменов. Дәрістің тақырыбы «Мемлекеттік басқару: үздік тәжірибелер, сынақтар», — дейді Астананың Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы ономастика бөлімінің бас маманы Айгерім Жұманғалиева.

Естеріңізге сала кетейік, дәріс осымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. Бұдан бұрын Саясат Нұрбек Астана қаласының білім беру және жұмыспен қамту жүйесі туралы, Шыңғыс Мұқан мемлекеттік даму туралы әңгімелеген болатын.

Өткен жеті күнде елордаға 11 мың тоннадан астам көмір келіп түсті

2-9 қараша аралығында елордаға 164 вагон, яғни 11 359 тонна көмір келіп түсті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Астанаға жеткізілген көмірдің 72 вагоны немесе 4969 тоннасы – «Шұбаркөл», 32 вагон немесе 2216 тоннасы – «Қаражыра», 33 вагон немесе 2284 тоннасы – «Майкөбе» көмірі, 27 вагон немесе 1890 тоннасы «Кузнецкий» маркалы көмір. «Шұбаркөл» маркалы көмірдің тоннасы – 13 600 теңгеден, «Қаражыра» тоннасы – 13 500 теңгеден, «Майкөбе» тоннасы – 12 500 теңгеден, «Богатырь комир» тоннасы – 9000 теңгеден, «Кузнецкий» тоннасы – 12 250 теңгеден сатылуда. Астанада отын сатумен айналысатын 8 компания бар. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы сатушылармен бағаны көтермеу жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Астана әкімдігі күн сайын нарықтағы көмірге қатысты жағдайға мониторинг жүргізіп, үнемі бақылауында ұстап отыр. «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының базасында тұрғындар үшін арнайы жедел желі жұмыс істейді.

Өткен тәулікте қаладан 14 мың текше метрден астам қар шығарылды

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты барлық сұрақтарды Астананың iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығына тәулік бойы жолдауға болады, деп хбаралайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Өткен тәулікте көшелерді тазалау жұмыстарына мамандандырылған техниканың 432 бірлігі жұмылдырылды. Қаланы қардан тазартуға 293 жол жұмыскері шықты. 10 қарашада жолдарға құм-тұз аралас қоспаның 248 текше метрі шашылды. «Астана Тазалық» ЖШС 6197 текше метр, мердігер ұйымдар 7532 текше метр, «Зеленстрой» АҚ 1170 текше метр қарды қаланың сыртына шығарды. 10 қарашада шығарылған қардың жалпы көлемі 14 899 текше метрді құрайды.


Астана әкімдігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты барлық сұрақтарды 109 нөмірі бойынша Астананың iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығының call-орталығына тәулік бойы жолдауға болатындығын еске салады.


iKomek орталығына сондай-ақ, келесі әдістер бойынша хабарласуға болады.


Telegram-дағы: https://t.me/astanaikomek109_bot чат-боты


Әкімдіктің astana.gov.kz сайты


Әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды #astana109 хештегімен белгілеу:


  1. Facebook www.facebook.com/astana109/
  2. Instagram www.instagram.com/astana109/
  3. Telegram-канал t.me/astana109112

Астанада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген сессиясы өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы сессиясына қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Мемлекет басшысы кеңейтілген құрамда өткен жиын барысында Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалығы кезінде қол жеткізілген нәтижелер жөнінде айтты.


«Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын беделді әрі тиімді құрылым деп санайды. Оған мүше елдердің белсенді әрі жан-жақты қолдау көрсетуінің арқасында биыл Қазақстанның төрағалық ету барысындағы басымдықтары табысты іске асты», – деді Қазақстан Президенті.


Нұрсұлтан Назарбаев жоспарға сәйкес әскери салада Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының біріккен штабын құру және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Дағдарыс кезінде әрекет ету орталығының қызметіне толық кірісу үшін әзірлік жұмыстарының аяқталғанын атап өтті.


Мемлекет басшысы Қырғызстан аумағында өткен «Жауынгерлер бауырластығы – 2018» әскери оқу-жаттығуының нәтижелері жөнінде де айтты.


«Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының отырысында Қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау жөніндегі үйлестіруші кеңес құрылды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстан Президенті еліміздің төрағалығы кезінде терроризмнен ада әлемге қол жеткізу жолын көрсететін әмбебап кодекс қабылдау туралы бастамамыздың жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл құжатты 70-тен астам мемлекет мақұлдаған.


Мемлекет басшысы кибер-қатерге қарсы іс-қимыл және заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі бірлескен жұмыстардың нәтижелері жөнінде айтты.


Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы серіктесінің және ұйым бақылаушысының мәртебесін заңды түрде бекіту жөнінде шешім қабылданғанын мәлімдеді.


Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.


Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі аясындағы кездесулердің достық әрі сындарлы сипатта өткенін атап өтті.


«Біз мемлекеттеріміздің қауіпсіздікті нығайту жолындағы өзара іс-қимылының барлық дерлік мәселелерін қарастырдық. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ халықаралық және өңірлік саясаттың өзекті проблемалары жөнінде сындарлы пікір алмастық. Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалық етуіне орай басымдықтардың қалай іске асқанын қорытындыладық», – деді Елбасы.


Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттер тарапынан Қазақстанның осы халықаралық ұйымға төрағалық етуі кезінде атқарған жұмыстарына жоғары баға берілгенін атап өтті.


Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бүгін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруге бағытталған маңызды шешімдердің қабылданғаны жөнінде айтты.


«Бірлестіктің алдағы кезеңге арналған міндеттері мен жоспарын қамтитын Қорытынды декларация Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Астанадағы саммитінің негізгі саяси құжатына айналды. «Халықаралық террористік ұйымдар жағында қарулы қақтығыстарға қатысқан адамдарға қатысты үйлестірілген шаралар туралы» мәлімдеме қабылданды. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының серіктесі және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы жанындағы бақылаушы мәртебелерін құқықтық ресімдеу жөніндегі біздің беларусьтік әріптестеріміз бастаған жұмысты аяқтадық. Тиісті құжаттарға қол қойылды», – деді Мемлекет басшысы.


Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бүгінгі сессия қорытындысы бойынша Заңсыз миграцияға қарсы тұру жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің мүддесі үшін үйлестірілген ақпараттық саясатты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтты.


Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында БАҚ өкілдеріне келесі сессияаралық кезеңде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қырғыз Республикасының төраға болатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қырғыз Республикасының жоғары деңгейде төрағалық ететініне және осы ұйымның одан әрі жан-жақты дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.


Қаланы қардан тазарту шараларына мамандандырылған техниканың 632 бірлігі жұмылдырылды

Барлық тұрғын үй-коммуналдық сұрақтар бойынша Астанадағы iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығына хабарласуыңызға болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін қаланы санитарлық тазалауға 1822 жол жұмысшысы шықты. 9 қарашада жолдарға құм-тұз аралас қоспаның 630 текше метрі себілді. Қала сыртына шығарылған қардың көлемі 3968 текше метрді құрайды.

Астана әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық мәселелеріне, оның ішінде қар тазалауға қатысты барлық сұрақтарды Астанадағы iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығына немесе call-орталықтағы 109 номеріне хабарласып, шешуге болатынын еске салады.

Елорданың жедел жәрдем қызметі тәулігіне шамамен 1,5 мың тұрғынға қызмет көрсетеді

2018 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында «103» қызметіне шамамен жарты миллион қоңырау келіп түсті, деп хабарлайды елордалық әкімдіктің ресми сайты.


Астанадағы жедел жәрдем станцияларына орташа есеппен күніне 2,5 мыңға дейін қоңырау түссе, оның 1,5 мыңға жуығына тиісті қызмет көрсетіледі. Қоңыраулардың 70 % 1-3 санатты, 30 % 4-ші санатқа жатады, деп мәлімдеді қалалық жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметінде.



Айта кетейік, өткен жылдармен салыстырғанда, жедел жәрдемнің науқасқа жету уақыты азайған.


«Ағымдағы жылдың 10 айында «103» қызметіне 469 561 қоңырау түссе, оның 332 243-іне тиісті қызмет көрсетілді. Науқасқа жетудің орташа уақыты 1-2 минутқа қысқартылды. Мысалға, осы жылдың 8 айында 1-ші санаттағы шақыртуларға жедел жәрдем 7 минутта жеткен», – деп атап өтті стансада.



Астанада 8 пункты бар 3 шағын станса жұмыс істейді. Алғашқы көмек нысандары уақытылы қызмет көрсету мақсатында қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан.


«103 қызметі көліктерінің жүргізушілерінің айтуынша, мары түске боялған жедел жәрдем көліктері көзге оттай басылады. Өз кезегінде аталмыш өзгеріс мамандардың белгіленген жерге дер кезінде жетуіне мүмкіндік берді», – деп түсіндірді Астана қалалық жедел медициналық көмек стансасында.



 Қазіргі уақытта елордада жедел жәрдем қызметін 66 бригада көрсетеді. Қызметтің автопаркінде  90 көлік бар.

2018 жылы тегін дәрі-дәрмекпен 120 мың астаналық қамтамасыз етіледі

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, 2018 жылы өткен жылмен салыстырғанда амбулаториялық деңгейде жеңілдікті дәрілік заттар мен мамандандырылған емдік өнімдер алатын диспансерлік науқастардың саны 20 мың адамға артқан, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Денсаулық сақтау министрі бұйрығындағы тізбеге сәйкес 2018 жылы дәрілік заттар және медициналық бұйымдарға берілген өтінімнің жалпы сомасы 10,7 млрд теңге, ол 120 мың науқасқа арналған, диспансерлік есепте нозология бойынша тұрғаны — 49. 2017 жылы тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 8,7 млрд теңге бөлінген, ол 100 мың диспансерлік науқасты қамтыған», — деп мәлімдеді ведомствода.

Айта кетейік, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен тегін дәрі-дәрмек қалалық мемлекеттік емханаларда ашылған дәріханаларда берілуде. Бұл бюджет қаржысын 1 млрд теңгеге үнемдеуге сеп болды. Осы жылы дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдарды жеткізуді республика бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторы жүзеге асырады.

Таңбалы тас - тарих мұрасы!

Таңбалы тас — тарих мұрасы!

Таңбалы тас- талайларды тамсандырған, әсерлілігі мен әлемді аузына қаратқан, құпиясы көп, Қазақстан өлкесінің баға жетпес байлығының бірі. Қазақ даласында орналасқан «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи мемлекеттік қорық-мұражайы- Алматы обылысына қарасты Жамбыл ауданында орналасқан. Мемлекет басшысы президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы бір ескіліктің ескіртпей сақтап жеткізген мұрасына жол тартып, көзбен көруге деген ынтаның ашылуына себеп болды. Тұран университеті қабырғасында дәріптеліп отырған «Насихаттау құралы ретінде өнер өнімдері» пәні көнелерді кеңінен оқытып, насихаттап қана қоймай, атам замманнан қалған асыл мұраға асықтыра жетеледі.

30.09.2017 жыл. Көптен күткен ұлы той демекші, асыға күткен күніміз де жетті. Жиырма шақты адамнан құралған тобымызбен жолға аттандық. Таңбалыға жеткенге дейін жарқырап тұрған күннің, табанымыздың Таңбалыға тиісімен күрт бұзылып сала бергеніне қайран қалдық. Ышқына соққан жел біз таңбалардың бірінші тобына аяқ басқаннан кейін әлсін-әлсін баяулап бірақ басылды. Адам жүруіне ыңғайсыз болғандықтан бірінші топты тек сыртынан бақылауға мүмкіндік алдық. Таңбалардың бұл тобында барлығы 111 сурет бейнеленген. Барлығы жеті топтан тұратын таңбалардың екінші тобынан шайтанды қуып жатқанын көрсек, үшінші, төртінші, бесінші топтардан талайдан арманымыз болып жүрген «күн баласының» бейнесін көрдік. Таңбалардың бесінші тобында бір жерде шоғырланған жеті күн баласының аңыз бойынша табиғаттың жеті құбылысымен байланысы болған деседі. Бірі найзағаймен байланысты болса, ал екіншісі күнмен тығыз байланысты.

Тас бетіндегі таңбалардың кейбірі қоңырқай түс болып тұрса, кейбірі ақшыл рең тартқан. Оның себебі: қоңырқай түстілері, бұрынғы тас бетіндегі бейнелер пайда болған замманнан бергі сақталып тұрғандары болса, ақшыл рең тартқандары одан 1-2 ғасыр бертінгі бейнелер болып саналады. Ең қызығы тас бетіндегі таңбалар кеш қарайып, көлеңке түскен кезде анық және айқын көрінеді.Сондықтан болса керек тастардағы бейнелер күннің шығысына емес батысына қарап салынған. Тек тасқа бейнеленген

таңбалармен ғана емес, қола дәуірінен қалған молалармен де танысып қайттық. Ол кездегі адамдар ана құрсағында жатқандай бүктеліп жерленген көрінеді. Сол себепті молалардың ені мен ұзындығы тым қысқа болып келген.

Талайды тамсандырған «Таңбалыға» жасаған саяхатымыз тарихымызды ұмытпауымыз керектігін, киелі жерлеріміздің қадіріне жете отырып, түп тамырын сақтап қалуымыз керек екендігінің айқын дәлелі болды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтпақшы «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы». Дамиық, өркендейік, тарихымызды жаңа жолдармен жаңғыртайық.

Таңбалы тас-тарих мұрасы!

Келбетіңді неге бұлтпен жасырдың,

Табиғатқа сендік көркем бас ұрдым,

Естелік боп мәңгі қалар жүректе

Таңбалы сен мұрасысың ғасырдың.

Тамсанардай тарихың бар тым терең,

Әр тасыңнан құдіретті мен көрем,

Әр аттаған қадамдарым есімде

Мұра болып сақталарын білем мен.

Бұл таңбалы ғасырлардың көзіндей,

Ал таңбасы бабалардың сөзіндей,

Тамсандырған табиғаты әсте бір

Болмас егер қалды десем сезілмей.

Тарихыма көз жүгірткен бұл күнім,

Себеп болды тууына жырымның

Сырласқандай табиғатпен тынықтым,

Ашқандай бір әр таңбасы сырын мың.

Көргім келген күн баламен жолықтым,

Әсемдікке бөлеп жатқан даласын

Тастарына сызат салудан қорықтым,

Анадайын әлдилеген баласын.

Түсіндірген әр таңбаны бағып сыр,

Бұл ағайдың жүзінен нұр тамып тұр.

Гүлжан апай қосымша айтты мәлімет

Ағай сөзін толықтырып тағы бір.

«-Мақпал ән салғанда жаңбыр кенет тоқтады»,-

Деп апай күн баланың қасында сөз бастады

Құдіреті бұл таңбаның біліңіз,

Санаңызға тоқып мұны жүріңіз,

Керек болып қалар осы мәлімет

Бір жеріне журналыңыздың сызыңыз.

Деді дағы жалғастырдық сапарды,

Бұзба деумен бізге сап пен қатарды.

Бұл сөзімді жалғыз айтар емеспін,

Бәлкім ойында жүргендердің сөзі бар.

Алғыс айтып, дәрісіне ынтыққан,

Шәкірттерден АПАЙ СІЗГЕ таңбасындай өлең бар

Қазақ киносы

Соңғы уақыттарда Интернет жылдам дамып келе жатқанына қарамастан, жер бетіндегі адамдардың көп бөлігі, әлі де болса, сиқырлы қобдишадағы кинодан бастарталар емес.Оған дәлел Мемлекетімізде жыл санап кинотеатрлар санының артуы. Әлемде Халықаралық кино күнін 28 желтоқсанда атап өтеді. Себебі дәл осы күні, 1895 жылы ағайынды Луи және Огюст Люмьерлер киноны ойлап тапқан. Жалпы кино (гр. kіneo – жылжытамын, жылжимын)- өнердің бір саласы, кинематографияның техникалық негізде қалыптасқан көркем шығармашылық түрі.

Әлемдік киноның даму жолын үлкен 4 кезеңге бөліп қарауға болады. Алғашқы кезеңі – тұңғыш киноның шыққан жылы. Әрине, кино пайда болысымен түрлі түсті, дыбысты болып шыққан жоқ. Ол көптеген асулардан өтіп, дәл қазіргі қалпына келді. Оның дүниеге келуімен, «театрлар жабылады» дегендер де болды. Алғаш кино “жанды фотография” түрінде пайда болып, көп кешікпей көркем фильм, деректі кино және ғылыми-көпшілік кино деп аталатын үш салаға бөлінді. Тұңғыш фильмдерде баяндалатын оқиға таспаға ірі бөлшектермен түсіріліп, бір-бірімен астына жазылған мәтіндер арқылы ғана жалғасты. Кинода дыбыс болмағандықтан, актерлер сөйлейтін сөздің орнын театрлық шебер ойынымен, бейнелі ыммен толықтырды. Кино өнері дамуының екінші кезеңі – 20-ғасырдың басынан басталды. Бұл дыбыссыз (“мылқау”) киноның өз алдына өнер болып қалыптасқан кезі. КСРО-да С.М. Эйзенштейннің “Потемкин” бронды кемесі” (1925), “Қазан” (1927), В.И. Пудовкиннің “Ана” (1926), “Санкт-Петербургтің ақыры” (1927), А.П. Довженконың “Арсенал” (1928), т.б. фильмдері дүниежүзілік кино өнерінің дамуына ықпал етті. Германияда “көңіл жұбату” және экспрессионистік фильмдермен қатар демократиялық бағыттағы кинокартиналар, АҚШ киносында Ч.Чаплиннің, Э. Штрогеймнің, К.Видордың фильмдері дүниеге келді. Кино өнері дамуының үшінші кезеңі 20 ғ-дың 30-40-жылдарын қамтиды. Бұл кезеңде кинотаспаға дыбыс жазу техникасы игерілді. Кинодраматургия қауырт өркендеді. Дыбысты киноның пайда болуы актерлер шығармашылығына кең жол ашты. Кеңес кинематографистері Ф.М. Эрмлер мен С.И. Юткевичтің “Жолығыс” (1932), Г.Н. және С.Д. Васильевтердің “Чапаев” (1934), Г.М. Козинцев пен Л.З. Траубергтің “Максим туралы трилогия” (1935 – 39), Е.Л. Дзиганның “Біз Кронштадтанбыз” (1936), А.Г. Зархи мен И.Е. Хейфицтің “Балтық депутаты” (1937), А.П. Довженконың “Щорс” (1939) секілді фильмдерінде кеңес идеологиясы басты орын алды. Неміс-фашист басқыншылары КСРО-ға шабуыл жасаған кезден бастап деректі киноның рөлі артты. Соғыс жылдарындағы кеңес азаматтарының ерлігін бейнелеген “Ауком секретары” (1942, реж. И.А. Пырьев), “Ол Отанын қорғайды” (1943, реж. Ф.М. Эрмлер), “Кемпірқосақ” (1944, реж. М.С. Донской), “217-адам” (1944, реж. М.И. Ромм), “Шапқыншылық” (1945, реж. А.М. Роом) атты фильмдер шығарылды. Бұл дыбыссыз (“мылқау”) киноның өз алдына өнер болып қалыптасқан кезі. 2-дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, кино өнері дамуының жаңа кезеңі басталды(төртінші кезең). Бұл жылдары кинотехниканың жетіле түсуімен бірге кино өнеріндегі көркемдік тәсілдер де молайды. Түрлі түсті кино түсіру тәсілі жүзеге асты. АҚШ-та, кейін басқа елдерде кең экранды және панорамалы фильмдер пайда болды. Дыбыс жазу сапасы артып, кең экранды фильмдерде стереодыбыс қолданылды. Балаларға арналған мультипликациялық фильмдер шығара бастады.
100 жылдық тарихы бар кино, Қазақстанға кешігіп келді. Қазан төңкерісінен кейін пайда болған қазақ киносының алғашқы туындысы «Амангелді» деп аталды. «Ленфильм» студиясында түсірілген көркем фильм ұлт батыры Амангелді Иманов туралы болатын. Оның режиссері Марк Левин болса, Амангелдіні сомдаған әртіс Елубай Өмірзақов еді. Міне, осылай алғаш қазақ киносы өмірге келді.
Сұрапыл соғыс жыларында «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары бөлімшесінің Алматыда болуы қазақ киносының одан әрі өркендеуіне әсерін тигізді. Бұл студиялар Алматыда өзара бірлесіп, ЦОКС (Біріккен орталық киностудия) деген атпен өзінің қызметін бастады. 1941 жылы 12 қыркүйектеАлматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдасып, 1944 жылы ол Алматының көркем және деректі-шежіреліқ фильмдер студиясы (1960 жылдан «Қазақфильм») деп аталды. Дәл осы мерейлі күнді, яғни 12 қыркүйекті «Қазақ киносының күні» деп атауды Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Бауыржан Нөгербеков, 2005 жылы ұсынған болатын. Сол уақыттан бері бұл атаулы күн тойлануда.
Қазақ киносында «Амангелдіден» кейін талай-талай ұлт бейнесін, қазақ тағдырын, бүгіні мен кешегісін суреттейтін туындылар дүниеге келді. Әсіресе ел жадында «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Девушка джигит» және т.б. көптеген фильмдер сақталып қалған. Жарты ғасырдай тарихы бар бұл туындылар әлі де болса көрерменнің сұранысында. Қазақ киностудиясы алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап 100-ден астам көркем фильм және 500-дей деректі фильм шығарды. Бұл фильмдер тақырыбы жағынан әр алуан. Экранға қазақ халқының өткен өмірін көрсететін,“Абай әні” (1946), “Шоқан Уәлиханов” (1957), “Қыз Жібек” (1972), “Сұлтан Бейбарыс” (1989), “Отырардың күйреуі” (1992), “Махаббат бекеті” (1993), “Жамбылдың жастық шағы” (1996), т.б. картиналар шықты. Балаларға арналған “Қанатты сыйлық” (1956), “Менің атым Қожа” (1963), “Қызыл тас заставасы маңында” (1969), “Көксерек” (1973), “Алпамыс мектепке барады” (1976), “Балалық шақтың кермек дәмі” (1983), “Сүйрік” (1984), “Ауылым Алатаудың баурайында” (1985), т.б. секілді фильмдер жарық көрді.
Алайда Тәуелсіздік алғаннан кейін киноның жағдайы мүлде өзгерді. Бұрын идеология құралы саналатын өнер түрінің Қазақстанда дамуы баяулап, сапасы да төмендеді. Тек соңғы жылдарда ғана бұл салаға қайта көңіл бөліне бастады. Өмірге көптеген жаңа туындылар келді. Шедевр-фильм, оқиғалы-фильм, ұмытылатын-фильмдер бар, сандай-ақ ерекше фильмдер де бар. Мұндай кино көрерменің жүрегіне бірден жол тауып, ерекше әсер қалдырады. Олардың тіптен өмірге, киноға деген көз қарастары, тілдері бөлек. Бұл туындылар барлық бұқараға дініне, ұлтына, мәдениетіне бөлместен түсінікті болуды өздеріне мақсат еткен. Мәселен, ондай ерекше киноға Сергей Дворцевтың «Қызғалдағы» (Тюльпан) жатады. Бұл фильм Канны қаласында (Франция) өткен Халықаралық кинофестивальде «Ерекше көзқарас» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған болатын. «Қызғалдақ» фильмі Қазақстанның ауылдары мен шалғайдағы аймақтарында тұратын шопандардың тауқыметті өмірі жайлы сыр шертеді.
Естеріңізде болар, 2009 жылы 11 ақпан күні режиссер Ермек Тұрсынов Алматыда БАҚ мен киносыншыларға өзінің жаңа туындысының жабық көрсетілімін өткізген болатын. Алайда бұл кино көрермендеріне жетпестен үлкен сынға ұшырады. «Келін» деп аталатын шығарманың ерекшелігі – фильмде ешқандай сөз, кейіпкерлердің диалогтары жоқ еді. Бұл фильмді біреулер «тамаша туынды» десе, екіншісі «қазақ ұлтынның намысын таптайды» деді. Екі жақтың да пікірі орынды, алайда, дәл осы фильм кино тарихындағы алғаш пайда болған фильмдерге ұқсас. Дыбысы жоқ. Режиссердың атқарған жұмысын бағаламауға болмас.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы тағы бір жаңалық бұл, әуесқой режиссерлердің пайда болуы. 2008 жылы Қазақ киносына мүлдем қатысы жоқ, беймәлім режиссер Еркін Рақышевтың «Жаралы сезім» туындысы көрерменге жол тартты. Алғаш экранға шығысымен үлкен сынға іліккен туынды, қарапайым халық арасында жақсы бағаланды. Алайда мамандар бұл фильмді, режиссердың атына кір келтіру деп те санады. Бірақ, қанша сынға, теріс пікірге ілінген туынды, ақыры қазақ киносына жаңа леп алып келді. Одан кейін де «Қарой», «Бақсы», «Қайрат-чемпион. Девственник №1» кинолары көрерменін бей-жай қалдыра алмады. Тіптен, қарапайым халық қалып, жоғары лауазымды адамдар да киноға қызығушылығын танытты. Депутаттар талай жиында осы киноларды сөз етіп, «Мәдениет Министрлігі қайда қарап отыр» деген де болатын.
Жалпы, кино 4 салаға бөлінеді: көркем фильм, деректі, мультипликациялық және ғылыми-көпшілік кино. Көркем фильм кино өнерінің негізгі және кең таралған түрі. Ол әдеби шығарма желісі немесе арнайы жазылған сценарий бойынша актерлердің қатысуымен жасалады. Мұндай фильмдерге жоғарыда аталған кинолардың барлығы кіреді. Деректі киноға тарихта, өмірде болған мәні зор оқиғаларды баяндайтын фильмдер мен киножурналдар жатады.Кез келген қоғамда деректі киноның орны ерекше. Себебі бұл кинолар-сол қоғамның тарихы. Өткені мен бүгінін, мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын келешек ұрпаққа қалдыру. Әр деректі кино бір оқиғаның куәсі. Мәселен, «Ұлылардың ұрпағы». Туындыда ғалым Құдайберген Жұбановтан бастап Ажар Жұбановаға дейінгі бір әулеттің тарихы көрсетілген, «Қазақтың Бауыржаны», фильмді үкімет тапсырысымен Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнап режиссер Қалила Омаров түсірді, «Қазақстан Ұлы Отан соғысында»(1985), «Қарасаздан шыққан мұңлы ақын»(1991) және т.б. «Қазақфильмның» соңғы деректі киносы Қазақтың біртуар ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына арнаған туындысы. Мультипликациялық кино суреттер мен қуыршақтарға қимыл бере отырып жасалады. Ғылыми-көпшілік кино — жұртшылыққа жаратылыс пен әлеуметтік құбылыстарды ұғындыратын, өнер сырларымен таныстыратын фильмдер жиынтығы.
Қазақ киносы дегенде алдымен «Қыз Жібек» пен «Біздің сүйікті дәрігер» сынды классикалық дүниелер елестейтіні сөзсіз. Алайда қазіргі уақытта отандастарымыз соңғы шыққан туындыларға да жоғары баға беруде. «Қызыл қоян жайлы әңгіме», «Жоюшы», «Менің балалық шағымның аспаны», «Ғашық жүрек» сынды фильмдер шет елдік картиналарға қарағанда халыққа кеңінен танылды. Көпшілік бұл фильмдерді жылы қабылдады. Тіптен, Мемлекет тарапынан да көмек көрсетілуде. Деректерге сүйенсек
2003-2008 жылдардағы «Ұлттық филмдер өндірісіне» республикалық бюджеттен1392527 мың теңге көлемде қаражат бөлінген. Осы жылдар ішінде 80 фильм жарық көрген. Олардың арасында: 33 көркем (соның ішінде -7 қысқа метражды) фильм, 30 деректі фильм, 16 анимациялық фильм бар екен. Бүгінгі таңда көптеген көрермен қазақ киносы нашар, түсірілуі де шет елдік әріптестерінікімен салыстыруға келмейді деп ренжиді. Әрине, бұл орынды болар. Алайда «көш жүре түзеледі» деген халық емеспіз бе, уақыт өте бізде «Голибуд» түсірген киноны түсірерміз. Ал, әзірге осығанда шүкір. Қазақ киносы-қазақ тарихы. Өшпес із қалдырар мәдени мұра. Ертенгі күнге бүгіннен естелік.