"Октябрьское небо" фильмі

Адам қандай істі қолға алса да, алдына қойған мақсаты болса, оны ештеңе де тоқтата алмайды. Сол сияқты «Октябрьское небо» фильміндегі басты кейіпкерді, кішкене ғана шахтерлер қаласында өскен он жеті жасар Хомерді ештеңе де жолынан тайдыра алмайды. Әкесі ұлының орындалмас армандарының жетегінде кетпей, өзіндей жақсы шахтер болуын қалайды. Өйткені бұл қалашықтың тауып жатқан наны осы шахтадан. Сол себепті тұрғылықты жастардың мамандық таңдайтындай жағдайы да жоқ. Алайда, жас жігіттің бар ойын ракета құру идеясы басқан. Және бұл идеясының жүзеге асуына мұғалімі мен жақын достары ықпалын тигізеді. Әрине мұндай арманның орындалуы оңайға соқпады, себебі Совет Үкіметінің алғаш жіберген спутнигінің кіп-кішкентай жарығын аспаннан бір-ақ рет көргеннен бойын ракета құру арманы шырмаған балаға кім сенсін. Бірақ соңында әкесі де ұлына қол ұшын созады. Фильмде әкесі мен ұлының арасындағы қатынас жақсы жеткізіліп түсірілген.
«Октябрьское небо» — мақсатыңа талпыныспен, еңбек етіп, сабырлылықпен жете білу жайында үйреттетін, жігерлендіретін фильм. Шын өмірден алынып, түсірілгендіктен де қатты ұнады. Көруге кеңес беремін.
Киностан: Октябрьское небо фильмі
Әрі қарай

Атамның әңгімесі

"Әкесі тірілгенді де естіртеді" ©граф Дракула


Үйге қарсы бетте бейіт тұр. Жұрттың үйіне қарсы — үй тұратын болса, біздің атаны осылай қытай соққан: есігінен шыға сала төртқұлақ мола мөлиіп қарап тұрады. Атамның үйі де ескі, анау бейіт те омырыла бастаған, соған қарағандf, «біртүрлі көршіліктері» бағзы заманнан бері жалғасып келе жатса керек.

Жалпы, нағашы атам Нәжімеддинмен кештеу таныстым. Құдалар біруақыттары әлденеге араз боп араласпай қойған, типінақ, Монтекки мен Капульеттилер, шешесстің. Соған байланысты маған да нағашы атамның үйіне келуге тиым салынған екен. Біздің мақан мен пақан да Ромео мен Джульеттаны сомдап, бітіспес әулетаралық қақтығыстың зардабын біраз шегіскен. Кейінірек, онда да — өмір бойы барлығына оппозицияда болған радикал біздің шал Аид амигоға аттанып кеткесін, әжем Женевьеваның қолы ұзарып, шал кезінде гардобды жарып — боқтап жіберген, ұрып жіберген, мазақтап жіберген, малын жеп қойған, қолын алмай жібергендерді жинап, әулет атынан барлығынан кешірім сұрап, типінақ, қамшының сабындай ғана өміріміз қалды, әрі қарай тату болып өмірден өтейік деген. Жұрт жауап ретінде бас шұлғысып, несі бар, жетер осы қырқысқанымыз да, анау шалың ғой, әйтпесе біздің ұрыс іздеп неміз бар деген. Сөйтіп, дипломатиялық қатынастар қайта жанданып, Киссинджердің біздің үйдің бұрышында қызғаныштан қолдары дір-дір етіп, темекі шегіп тұратынын жиі көретінмін.

Сол енді: өз атам — Аидтің итін бағуға аттанып кеткесін, нағашы атамды жағалап қалдым. Барлығы керемет, тек жаман жері — біріншіден, үйіне мола қарап тұрады; екіншіден, шал — томаға-тұйық. Қорқыныштысы — осы үйде қонып қалу: төсекті терезенің алдына салып береді, ал ол терезеден — әлгі бейіт менмұндалап тұр. Тырс ететін, тарс ететін жер үйдің әдеттегі тынысы — бұл үйде басқаша мазмұнға қанығып, түніңді тозаққа айналдырады. Ал көршілер терезе қаққанда ше?! Зәрең ұшып, дамбалың ылғалданып сала береді! «Мен ғой мына моладан кеп тұрған, кешірерсіздер, осы жұмада жеті нан пісіріп, құран оқи қалсаңдар, менің де атымды атай салыңдарш, әйтпесе зайып ал шығып кетті» сықылды сарындағы хуйбыжық фильм көріп шығарсың түсіңде.

Үйреніп кетесің дегендері бекер болды, жылдап қатынасам да әлгі моланы көрсем тіксініп қалам. Ал нағашы атам болса, түнде суға барып келіп, сол моланың қасынан жүре береді. Бір күні шыдамай сұрадым:

— Ей, атасс, қалай қорықпайсыз осы моладан?

Жауап бермейтініне әбден етім үйреніп кеткесін бе, атам кенет:
— Несіне қорқам сонда? — деген кезде өзім шошып кеттім.

— Енді…

— Тәйт! Ішінде адам болса бірсәрі қорқатындай…

— А?

Менің тасым аңырып қала берді: лібә, ішінде өлігі жоқ мола тіптен қорқынышты сияқты ма, қалай өзі?

— Енді адам жоқ қой ішінде!- дейді шал оны-мұны шұқып жүріп.

— Қайда сонда ол?

— Қалай қайда? Қайдасы несі? Ішіне ешкімді көмбегесін қайдан адам болсын???

— Онда моланы тұяғыма салған ба?

— Біреуді көмеміз деп салған да енді…

— Е атасс… айтсайш енді нақ дұрыстап…

— Тап әкеңң, кел онда, мына шалапты жұтып тастайық сол әңгімені айтып — түстіктің орнына тамақ болсын — келістік пе?

— Әлкөтте ата! Жібер әңгімені нақ әкесс!

Электрик Мақбоздың Аидиссеясы

— Мынау мола сияқты мола салмайды қазірде. Қазірде өлгеніңді жүзпроцент айтатын доғдырлар бар, сосын ба, төбеңді рельспен-бетонмен жауып, біржола аттандырып жібереді қазіргілер. Ал ертеректе олай еместін. Кісі сиятын саңылау қалдыратын еді. Неге? Жалпы, қаззақ өлікті үйде неге үш күн ұстайтынын білесің бе? Білмейсің! Себебі үш күн ішінде марқұм қайта тіріліп келуі мүмкін. Сондықтан, қаззақ алдымен көмбейді, алдымен «жерлеп» көреді! Үш күн ішінде өзгеріс болмаса ғана аяғына дейін көміп тастайды!

— Ом манэ…

— падме хуум, солай нақ. Бала күнімде ол үйреншікті нәрсе еді, "Құдай кешіріп, кері жіберіпті" дейтін кісілер көп-тін. Қазір енді доғдырлар бар, өлді десе — өлгенің. Херқисса, бұл 1955-57 жылы болған охуйға, әкеңңаузы. Үкімет үйлерімізге тоқ жүргізе бастады. Электрик дегендер құдай болды ол кезде. Солай нақ: осы көшенің басында тұратын, маңдайымызға біткен жалғыз электрикті біз де, орталық та жұлмаладық, тоқ жүргізіп бер деп. Бір күні оянныйлар мәшинемен аяғын жерге тигізбей тиеп алып кетті Мақбозды. Аптаға жуық жоғалды шырақ со кеткеннен. Екінші апта ауып, үйге тоқ жүргізуді ұмыта бастағанда, әлгі оянныйлар тап осы үйге келіп тұр, таңғы үш жарымда.

— Сіздердің Мақбоздарыңды өлтіріп алдық… Ал… — дейді кәмәндирі.

Мақбозға ішегім жабысып қалғаны шамалы, бірақ әке-шешесі мен шиеттей баласын ойлап, жүрегіме шым-шым шаншу қадалып, сол жерде сұлқ етіп отыра қалдым. Бәрін былай қойғанда, «естірту» деген құрыған жоралғы маған түсіп тұр ғой! Қайтейін деп, естіртуге бардым үйіне…

Жалғыз сүйенішін жоғалтқан әке-шешені сен көрмей-ақ өт өмірден, ептібайымайд! Тұтас бір үйді боздаттым да қойдым таң ата, айтып-айтпай не керек.

Содан әлгі үн-түнсіз кәмәндир ақыл айтсын:
— Тоқ ұрып өлген адамды сақтауға болмайды. Тап қазір көміп тастасаңдар да артық емес…

Не шара, күрек-кетпенімізді алып, қабірді қаздық та тастадық. Түсте құран-намазын оқып жіберіп, көмуге шыға бергенде, жұрт әлдеқашан жынды деп шетке шығарып қойған Үсен тәуіп алдымызды кес-кестесін:

— Көмбеңдер, жерлеп көріңдер алдымен! Жалпы, сарайға үш күн қоя тұрсаңдар ғой… Тоқ соққандар тіріледі әдетте…

Жынды деп менсінбесек те, бала күнімізде сондай охуйғалардың болғаны есімізге түсіп, табытпен мелшиіп тұрмыз. Оған мына білгіш кәмәндир бақырып тұр ғой, бүгін көміңдер деп!

Әлқисса, баяғы жоралғыны там-тұмдап еске түсіріп, тәуіптің айтуымен ауа кіретін саңылау және тіріле қалса — өзі опырып шыға беретін қамыс жамылғы жасап, Мақбозды қойдық осы молаға…

— Қойсаңдар қайда енді?

— Тұра тұр әкеңң аузы, асықпа! Содан қойдық та, төрт күннен соң бастырып көміп тастармыз деп, уағдаластық. Ертеңіне әке-шешесі көзіміз барда моласын соғып тастаңдар деді, бір күн ішінде кірпішпен өріп тастадық. Ал үшінші күні… Үшінші күні сенің мақаның түн ішінде әке-әкелеп оятты. Аулада тұрған флягадан тырдай жалаңаш біреу қотарып су ішіп жатыр дейд!!!

— Мақбоз?!!!

— Жоқ ептібайымайд, ол емес! Міне, мына үйдегі көрші Дөңес екен. «Аузың кеуіп бара жатса — арағішкен жеріңнен неге суыңды да ішіп келмейсің!» деп ақырып, аулаға атып шықпаймын ба! Сүйтсем, Дөңес есі ауысқан кісіше жырқ-жырқ күлед. Шашының самай тұсы аппақ боп кеткен.

— Лібәәә Нәжімеддин, аулада жаюлы тұрған жұмыс киімдерімді Мақбоз таңдап тұрып киіп кетті жаңа ғана айдың жарығымен, мен терезеден қарадым да отырдым, ббуах-ха-ха-хааа!

«Еее шешесс» деп, бетінен шпалақпен тартып алайын деп ойлағанымша болған жоқ: көшенің бас жағынан абыр-дабыр шу көтеріліп, азан-қазан боп кетті. Біреулер жылап жатыр, біреулер күледі ме қытай-ау. Ішімде бірдеңе қылп етті, бірден осы молаға жүгірдім. Епті: қамыс жамылғыны жыртып, жалаңаяқ әлдекім шығып кетіпті, Мақбоздың тіріліп кеткенін бірден түсіндім.

Алпыстың екеуіне келіп қайтты ол кісі Ақтүе жақта. Сол жақта жерленді. Ал мынау — содан қалған естелік, кейде «бір басында екі моласы бар Мақбозың ерлеп тұр!» деп күлеміз, қытайдың өзі кешірсін…
Әрі қарай

Апамның әңгімесі

Менде бір керемет сюжет бар...: Апамның әңгімесіӘкемнің туған апайы біртүрлі қызық әйел. Жұрт жын соққан деп шет-қақпайлайтын. Бірақ сөзі, кимі киісі, іс-әрекеті задында жақсы адам болғанынан хабар береді. Қыз кезінде сен тұр, мен атайын дегендей белсенді, жиын-тойдың гүлі болған. Қазір үнемі тұнжыраңқы күйде ой үстіне жүргені. Тек мені көрсе болды, мәре-сәре болып жас балаша шаттанып, жылы-жұмсағын ауызыма төсейтін. Шешіліп әңгіме айтып, екеуіміз тәтті-пәттімен дәмдеп, ұзақ шай ішіп отыратын едік.
Бірде сабақтан босай сала сол апайымның үйіне тартып отырдым. Қаланың шетінде тұрады, жалғыз өзі. Азын-аулақ талы бар, кішкентай жеміс бақшасында арам шөп отап отыр екен. Мені көре сала дереу қолын сүртіп жіберіп, бетімнен сүйгіштеп, қалбалақтап қуанып қалды. Үйге келмеген бір айдың ішіндегі әңгімелерімді шетінен тізіп айтып тауыса алар емеспін.
-Өткенде маған гүл берген бала бар ғой, сол ұнамай қалды.
-Әй, неге, жібі түзу, тәрбиелі сияқты еді ғой?
-Өткенде ол мені түнемелікке пәтеріне шақырды. Содан-ақ ойы белгілі болып қалды-, деймін бұртиып.
-Е, қазіргі еркектерің сол емес пе, нағыз жыртқыш. Мынау менің қарындасым-ау, қыз бала-ау деген ой жоқ. Түгел бетімен кетіп, жыртқыштанып алған. Өтірік өзеурегеніне сенбе. Әлгі жан жарым, құдай бере салған отбасым деп-ақ жүріп, реті келсе қыздарға тиісіп қалудан бас тартпайды ғой, жарықтықтар.Тиыш сабағыңды оқы, жігіт өзі табылады. Солай деші, еее, онда керегі жоқ деш,-деп әлгі жігітің қылығына көңілі түсіп қалды.

Мен апайыммен қандай жігіт қандай тұрыста, қандай қимыл мен қай жерде, не дегенін бүге-шігесіндейін қалдырмай айтып беріп отырамын. Ол балаша аңқылдайды.

Апайымның альбом-альбом болып жиналған фотосуретті көп-ақ. Әр суреттің өз тарихын айтып, әңгімеден әңгіме шыға беретін. Кезек үш қыз, екі ұл болып көңілді тұрыста түскен фотоға келді. Мынау жігітіңіз болған ба еді деп сұраймын әдейі ішіндегі сұғақ бойлысын. Апайым суретті қолына алды да, терең күрсініп үндемей қалды. Ренжітіп алдым ба деп мұндайды күтпеген мен де ыңғайсыз сәттен қалай шығарымды білмей қипыжықтап, көзім жыпылықтап кеткен. Ол маған бұрылды да, «менің ең жақын достарым болатын. Бір қателіктің кесірінен олар қазір бұл өмірде жоқ» деді. Иә, тура солай деді. Сосын диванға оңтайланып жайғасып алып, мына әңгімені айтып берген еді.
***
Ол кезде бала едім ғой, ауылдан келе қалған бетім. Арзан, кішкентай құжыраны жалға алдым. Сондайлық ұнады. Жеке өмірге өздігімнен аяқбасуым, әрі алда мені тек жақсылық пен қуаныш күтеді деп елестетуімнің өзі-ақ тоқшылық сезім сыйлады. Техникумдағы ортам да сондай көңілді еді ғой. Ән мен би десе дес бермедім. Мен дегенде бәрінің ауызының суы құритын. Сонда жүріп осы бесеуіміз дос болдық. Әр түрлі группа да оқысақ та жақсы араласып кеттік. Мынау тұрған екі қыз – Айдана мен Дәрия. Дәрия ұл мінезді, қызу қанды болатын. Басына қисынды, қисынсыз қандай ой келеді, міндетті түрде барып жасайтын қыңыр еді. Айдана болса Дәрияның кері, ұяң, әрі сабақты түгел беспен оқыды. Ал мынау екеуі ағалы-інілі Жүрсін мен Қуандық. Байғұстардың әке-шешесі жоқ, детдомның балалары ғой. Сонда да бір көңілдеріне алмайтын еді өздері.

Осының бәрін бастаған Дәрия болды. Бір күні сабаққа екі өкпесін қолына алып, жүгіріп жетті. Ентігіп тұрып, оның танысы үйіне өлген адамның жанын шақырып, алда болатын оқиғалар туралы сұрап білгенін айтты. Біз күлдік те қойдық, сенген жоқпыз әрине. Бірақ оны бүгін кешке істемесек болмайды деп, ақыры кешке менің жалдамалы пәтерімде жиналатын болып шештік. Алдымен қыздардың ішінде кім бірінші күйеуге кетеді деген сұраққа жауап аламыз деп шуластық.
Кешқарая үйде төрт қара көз түгел жиналдық. Перделерді түсіріп, үстелдің үстіне май шам жағып, дөңгелене отырыса қалдық. Ақ қағазға әріптерді қатарымен тізіп, табақты төңкердік. Стрелканы да мұқияттап қарап бояумен сызуды ұмытпадық. Барлығымыз табақтың жиегіне саусақ ұштарын тигізе отырып, ендігі қалғаны әлгі рухты шақыру. Ойлана келе «қайсысың барсың, сол аруақ келе бер» деп жамырасқан хорымыз бөлме ішін кернеді. Отырғанымызға жиырма минутан асып кетті. Енді шыны керек жалыға бастағандайыз. Мен ұйқысырай есінеп сол жаққа басымды кенет бұрғаным сол еді, бұрышта тұрған буалдыр қара елесті көріп ауызым ашылған күйі қатым. Елес үнсіз, қозғалыссыз бұлдырайды, ер адамның бейнесіне келетін сияқты. Жүрегім ауызыма тығылды дегенді сезініп көрген адам айтады, әсте. Ішімдегі қорқыныш тереңге тастап жібергендей мелшиіп қатып қалғам. Балалар менің мелшиіп қалғанымды көріп, барлығы сол бұрышқа көз тастасты.

Әлі есіміде Айдананың көгерген қалпы, ерінін қалай жымқыра тістегені, шыңғыруға шамасы жетпегендей. Сол сәттегі минуттар ғасырға созылғандай қанша отырғанымыз есімде жоқ. Тыныштықты бұзған сол Дәрия болды:
-Қаңғырған рух! Біздің сұрақтарымызға кәне, жауап бер. Атың кім сенің?
Үнсіз тұрған қап-қара елес қозғала қоймады, ортадағы табағымыз да.
-Әй, жауап бер деймін. Сені не үшін шақырдық мұнда,-деп Дәрия кенет дүрсе қоя берді. Ол маған өзіне ұқсамай кеткендей көрінді. Қуандық ақырын жеңінен тарта сыбырлады:
-Дәрия, жындысың ба? Аруақтармен бұлай қатты сөйлесуге болмайды ғой? Есің дұрыс па, отыр,-деп жатты.
-Ол неге үндемейді енді? Мүсін сияқты қатып тұрғаны несі?!-деп айқайлаған Дәрия орынынан тұра ұмтылды. Ол өзін батыр көрсеткісі келді, әлде өзінің ішкі әлемінде бір құбылыс болды ма маған беймәлім. Елестің қасына жетіп үлгермей, буалдыр бейне жоқ болды да кетті. Мен Дәриядан да қорқып кеттім. Елестің алдындағы Дәрия өзіне ұқсамайтын күмәнді қылықтар көрсетті, әлде шалдуралығы ма екен. Сол түні барлығымыз бірге ұйықтадық. Ұйықтадық деген аты ғана. Ұзақты түн қорқынышы түс көріп, бастығырылып шықтым. Әлгі ер адамның қара түнек бейнесі төсегімнің басында тұғандай, дауысы алыстан еміс-еміс талып жеткендей түнімен елегзіп шықтым. Таңертегісін болған жайды түк болмағандай есімнен шығарғым келді. Бәріміз сөйткіміз келді.

Бұл түннен соң барлығымздан түн баласы тыныштық кетті. Айдана күнде сабаққа шаршаңқы кейіпте, жылап келеді. Буалдыр түнек бейне төсегінің басына отырып алып, түнімен күзетіп шығады дейді. Ал Қуаныдықтың денесі өз-өзінен кесіліп қалып жүрді. Не тіліп кететінінен бейхабар ол, сондай аурудың жаңа түрі ме екен деп ауруханаға қаралмақшы да болды. Сондай бір нашар күндер басталды біздің арамызда. Бір күні түн ортасында бойым тоңазып ояна келсем, терезе ашық қалып, сыртта ұйытқи соққан жел бөлмеге жапырақтарды шашып тастапты. Күздің қара суығы. Айдың сәулесімен барлығы анық көрініп тұр. Орынымнан сүйретіле тұрып, ұйқылы-ояу қалпымда терезені жабуға бара жаттым. Кенет, иә, ол бұрышта үнсіз маған төніп қарап тұрды ғой. Ішімде бір нәрсе төмен қарай зу ете түсіп, қорқыныштан дыбысым шықпай қалды. Ішкі түйсігіммен бұл рухтың қатты ашуына тиіп алғанымызды сезіндім де, жан дүниеммен егіліп кешірім сұрауға көштім. Ебіл-дебіл жылап отырмын. Қанша уақытқа созылғанын білмеймін, есімді жисам рух көз алдымнан ғайып болған екен. Бірақ бұл дауыл алдындағы тыныштық екен. Осы уақиғадан кейін достарымыздың ішінде Қуандық көз алдымызда өзгеріп сала берді. Бұрын қой ауызына шөп алмайтын досымыз енді бізден бөлінетінді шығарды. Ағасы Жүрсіннің айтқанын тыңдамастан, өзіне қарсы шығып, жиі ұрсысатын болды. Жүрсіннің айтуынша ол мүлдем ас ішуді қойған. Ел ұйқыға жатқанда төсектен тұрып алып ерсілі-қарсылы жүреді. Бәлкім өткендегі жайт әсер етті ма екен деген уайыммын айтты.

Тағдыр деші… Бәрінің осылай аяқталатынын білгенімізде ғой, шіркін… Кейін ол екеуі техникумға мүлдем келмей кетті. Хабарсыз қалдық. Артынан естуімізше Қуандық ағасын түнде пышақтап өлтірген де, полицияға барып қылмысын мойындаған екен. Өмірде не болмайды десеңші?! Араласқан ең жақын досы ретінде сотқа бардық. Сондағы аянышты, адам көргісіз түрін көрсең. Сондағы темір тордың арғы жағындағы көзқарасқа көз түйістіру деген мүлдем жан төзгісіз еді. Ол туған ағасын өлтіргеніне сенбейді, қалай жасағаны есінде жоқ. Бірақ факт бар. Амал қанша, «тірі адам тіршілігін істейді» деп қазақ бекер айтқан дейсің бе? Шыққыр көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Қуандық түрмеде өкпе ауруынан көз жұмды ақыры. Қыршынынан қиылды деген осы. Өте бір ақкөңіл, елгезек, көңілді балалар еді. Қазір айтсаң түсің сияқты, өзім сенбеймін.
Енді қыздармен үшеуіміз ғана қалдық. Мен қорқыныштың кесірінен өмір сүруге ынтам жоқ жүрдім. Әлгі түсім болса екен, оянып кетсем екен дәрменсіз адамның армандағаны осындай жағдайда болады. Дәрия болса, сол қалпы, оның ойынша бұл жағдайдың барлығы кездейсоқ тағдыр ісі. Мұның өткендегі рух елеске еш қатысы жоқ дейді.

Ақыры мен ауылымыздағы көріпкел апаға бармақшы болып шештім, басқа амал да жоқ еді. Ауылда мал жоғалса да, адам жоғалса да сол апаға баратын. Айтқаны айнымай келеді, иманым кәміл. Үстел үстіндегі ақ жаймасын ашып қойып, сөйлеп кетті. «Қазіргі болып жатқан қайғылы оқиғаларға сенің еш кінәң жоқ. Рухпен бұлай ойнауға, дөрекі сөйлеуге болмайды. Адамдардан тірісінде зәбір көрген бұл рух онсыз да ашулы. Сондықтан тым кекті». Рухтың кім екенін сұрағанымда: «Өй, қазір әне артыңда ғана тұр ғой, жарығым. Тек сен одан қорықпа, тиіспейді саған. Өзің кешірім сұраған екенсің. Әрі сені жебейтін атаңның аруағы мен періштең мықты көрінеді. Тек мына рух сенің ол үйден кеткеніңді қалайды. Тірі кезінде бұл адам сенің үйіңнен он метр жердегі көрші үйде тұрған екен. Бір түнде қастандықпен үйін өртеп жіберген. Сол үйде шыжғырылып отбасымен жанып кеткен. Артынан ешкім іздеп бір дұға қайырмаған. Соған ызалы. Сендер келесіңдер де тірісінде көрген азабы аздай, ойыншық қыласыңдар. Енді сол маңай түгел осы рухтың мекені. Көпке қалма, жинал да көше ғой, қалқам» деді. Мұны естігенде әл-дәрменім құрып, дүниеден жырақ басқа әлемде жүргендей қорықтым. Сөйтсе де әбден титықтатқан істің соңы мен құтылар жолы болғанына іштей қуандым, десе де қорқынышым сейілген жоқ еді. «Қызым, тылсымдықтың сырын білмесеңдер сыртынан жүріп нелерің бар еді. Қазір ғана сенің жақын құрбың өртенген үйдің ішінде жанып кетті. Анау, еркекшора қыз кешікпестен құран бағыштап, кешірім сұрасын. Әйтпесе одан да кегін алмай қоймайды» деп есіктен қоштасып шығып бара жатқанда құлағыма сыбырлап айтып үлгерді апам. Жан-дәрменім қалмай, қаладан шарқ ұрып іздеп Дәрияны таптым да болған жайдың мәнісін түсіндірдім. Ол өзімді мазақтап күлсе бола ма? «Мұның бәрі ертегі ғой. Көріпкелі несі, алжыған кемпір ғой, айдаладағы. Ей, сен де бір. Әрине, мен де қайғырып отырмын. Бірақ өзің ойлап қарашы. Қуандық пен Жүрсінді айтпай-ақ қояйық. Айдананың үйі өзі бұрыннан ескі ғой. Су тиген соң ток құрылғылары өздігінен жанып кеткен. Мен кешірім сұрай салар едім. Бірақ сене алмаймын ғой, сенің көңілің үшін-ақ кешірім сұрауға тырыстым. Бірақ ештеңе шықпады. Түсінші» деп өлердегі сөзін айтты. Тылсымға сенбейтін адамдар соқыр сенімнен ада болады ғой. Қайткен күнде ғылымдағыдай анық болып, барлық дүниені көзіне бажырайтып көрсету керек. Қайтерімді білмеген мен тырнағымды тістеледім.

Бұдан соң екеуіміз хабарсыз кеттік. Бұрынғы жалдамалы пәтерден кеткен мен, тыныштықтың ең үлкен бақыт екенін түйсіндім. Тыныштық, тек жан тыныштығын қаладым да, бір сәт мына дүниеден жырақтап бәрін ұмытуға тырыстым. Өзімді алдап, тек қуанышты, мерекелік шараларда жиі болып көңілімді түсірмеуге тырыстым. Апта өтпей жатып Дәрия қоңырау шалды. «Бәріне кінәлі сенсің, кет» деп айқайлап жылап тұр. Әуелде таң қалғам, кейін негі мені кінәлағанын әлі күнге түсінуге ақылым жетпеді. Ақыры ауылдағы абыз апамның айтқаны дәл келді. Ай өтпей Дәрия есінен ауысты. Мамасының айтуынша түні бойы тыныштық болмаған. Әлде бір ер адамның бейнесіндегі елес құлағына сыбырлап, басын күзетіп отырып алып жүрген. Ал бірде таңертең сабаққа оятуға келсе, төсекте шашы жұлынып, денесі тырналған жансыз күйде үстінен түскен. Зерттеуде анықталғандай жүрегі тоқтап қалған екен. Иманды болғыр-ай, кешірім сұрай салса осы күнде аман отырар ма еді.

Енді міне қалғаны өзіңе аян, өстіп «есі ауысқан» деген атаққа қалып жалғыз қалдым. Алайда бұрыңғы ескі үйге анда-санда құран бағыштап қайтамын. Қазір ол жер өзгерген. Құрылыс жүріп жатыр. Жаңа үйлер бой көтерген. Мүмкін рух та тыншыған болар, кім білсін. Жас едік, көп нәрсенің байыбын ұға бермейтін ақымақ едік…
Әрі қарай

Алматыға бәрі-бір...

Жыладың ба, күлдің бе
Мұңға батып жүрдің бе,
Күніңді жақсы сүрдің бе
Алматыға бәрі-бір…

Тоқсың ба әлде ашпысың,
Саумысың, қырттай маспысың.
Уайым қағып өзіңнен,
Сұрамас тәтті-ашысын.
Алматыға бәрібір…

Жүрегің жүр ме желпініп,
Жаурадың ба әлде жел тұрып,
Қызықтырмас жай-күйің,
Кетсе де біреу өлтіріп.
Алматыға бәрі-бір…

Жыртық па киген киімің,
Болды ма қалта күйі мұң
Қайда, кіммен жүрсің деп
Қызық болмас ұйымың
Алматыға бәрі-бір…

Тасыса мал мен дәулетің,
Байыса ұрпақ, әулетің,
Лыпылдап саған қарар деп,
Болмай ақ қой әуре тым.
Алматыға бәрі-бір…

Қайыр тілеп тұрмысың,
Нанға зәру жүрмісің,
Сені аяп, жыламас,
Толғандырмас тұрмысың.
Алматыға бәрі-бір…

Хақ жолымен жүрдің бе,
Ағымға басқа кірдің бе,
Жолыңды нұсқап көрсетіп
Қата қоймас үн мүлде
Алматыға бәрі бір…

Еңбек қылсаң ерінбей,
Жалқаулыққа берілмей,
Алматы сені елейді
Құшағын ашқан керімдей.
Қызықсызсың сен оған,
Еңбектің тері төгілмей.
Әрі қарай

Жұмыс күшінің миграциясы немесе "Келімсек болу қандай-ды?"

Жұмыс үшін шетелдіктерге ең жайлы ел болып әзірге Қытай танылып тұр. Бұны анықтаған сауалнамаға сәйкес, көбісі жалақысы жоғары болмаса да, ондағы арзаншылыққа, еңбек атмосферасы мен қауіпсіздігіне қызығыпты.
Жұмысшыларды ең көп экспорттайтын көршіміз бұл жағдайға қаншалықты қуанышты екенін білмеймін. Маған аса қызық та емес. Тек қазақтардың жұмыс бабымен басқа елге көшуге қалай қарайтыны және өзімізде еңбек етіп жүрген шетелдіктердің Қазақстанды жұмыс істеуге қаншалықты жайлы деп есептейтіні қызық болды.
Әрі қарай

Той дегенде қу бас та домалайды

Бұл турда көшеден наурызкөже сұхбат жасап, ұпай жинау ойда болды. Ел жаққа барып, қора-қопсы, үй-жайдың бұзатын жерін бұзып, қосатын жерін қосып жатқандықтан көшеден өткен ауылдастарыма әңгіме арасында сауал тастай отырып жасаған сауалнамамды қабыл алуларыңызды сұраймын.
Жаз мезгілі қазақтың той-томалағының көбейетін шағы. Сауалнамам осы төңіректе өрбіді. Бұған қуанышпен қатар жүретін, кезектесіп отыратын, өлік-тірікті де қоса алдым.
Сауалнамаға жауап берушілердің 59 пайызы 5-6 мәрте жұрттың қуаныш-қайғысын бөлісіп қайтады екен. Сондай-ақ, бұл топ барған жеріне кемінде 5-10 мың теңге (кейде қомақты сомма беретін жөні келеді) көлемінде ақша тастап кетіп отырады.
Келесі 21 пайыз ауылдастарым бұндай жиынға 2-3 рет бас сұғып, 5 мың теңгеге дейінгі қаражатты қажетті жандарға тастап кетеді.
Әбіләкімнің  ауылы: Той дегенде қу бас та домалайдыАйына бір рет ұялғаннан не болмаса реті солай келгендіктен той-томалақ, өлік-тірікке бас сұғатын 12 пайыз жерлестеріме де бір мәрте шапалақ ұрып қоюларыңызды сұрағым келіп тұр. Бұл кісілер қолтығына бір шапанын қыса жүргенді ұнатады екен.
Бұл сауалнаға «Бармаймын» деп жауап берген көбіне 16-20 жс аралығындағы жастар. Ондай жерлерге ата-аналарымыз барса немесе ақша жазылса жеткілікті деп есептейді.

Айтпақшы, Бразилияда өтіп жатқан футбол бәсекесін жатпай-тұрмай қадағалап жүрген ауылдастарымның санын білгім келген. Ойлағанымдай бұған бас қатырып жүргендер шамалы екен. Оның да себебі бар. Қазір ел жақта шөп шабу науқаны, егін оруға дайындық және бар. Егер менің қолымда 4 саусақ қана бар болар болса, футбол жанкүйерлерін санағанымда оның бірі артық қалар еді.
Әрі қарай

Магистратура: қанша және не үшін?

1 шілдеден бастап Қазақстан жоғары оқу орындарына магистратураға қабылдау басталып, үміткерлер апыр-топыр құжат жинауға кірісіп кеткен болатын. Алдын-ала қам жасап қойған пысықтар алғашқы аптада-ақ құжаттарын тапсырып та үлгеріп, емтиханға дайындалып жүр. Жастардың көбі магистр атануға құштар. Мемлекет те білім алам деушілерге жағдайды жақсы-ақ жасап отыр — жылдан-жылға бұл білім бағдарламасына бөлінетін грант саны өсіп келеді. Мысалы 2010 жылы магистрлерді дайындауға бөлінген орын саны 2739 болса, 2013 жылы ол сан 6959-ға жеткен. Биылғы мемлекеттік тапсырыс көлемі әзірге белгісіз, дегенмен былтырғыдан аз болмасы анық. Ал осы бөлінген орын қалай меңгеріліп жатыр? Қабылдау әділетті жүріп жатыр ма? Өзіміздің кезінде магистратураға дайындығымыз зая кетпеген еді, ешкім ренжітпеген.


Сонымен сауалнамаға қатысқан 78 адамның 43-і магистратурада оқыған/оқитын болып шықты. Бұл жалпы санның 55 пайызын құрайды. Жаман емес.



Магистратура оқымаған 45 пайыз не дейді екен? Олардың оқуға ынтасы бар ма екен? Жауап төмендегідей:

ОҒМ жазбалары: Магистратура: қанша және не үшін?

Респонденттердің 14-і «Неғылам оны? Құр қағаз» депті. Оқуға құлшынысы болмаса «елдің бәрі оқып жатыр екен» деп жармаса кетпей, позицияларын айқындап алғандары да дұрыс бір жағынан.

Расында да, неғылады екен? Бұл сұраққа жауапты биылғы құжат тапсырушылардан іздедім.


ЕҰУ-дың қабылдау комиссиясы қызу жұмыс істеп жатыр екен.

ОҒМ жазбалары: Магистратура: қанша және не үшін?

Сонымен үміткерлер не дейді?
ОҒМ жазбалары: Магистратура: қанша және не үшін?
Әсет, «Ақпараттық жүйелер» мамандығына құжат тапсырушы (2014 жылғы түлек):
— Осы ЕҰУ-да жұмыс істегім келеді, оқытушылық ұнайды. Сол үшін қажет.


ОҒМ жазбалары: Магистратура: қанша және не үшін?
Азель, «Математика» мамандығына құжат тапсырушы (2014 жылғы түлек):
— Астанадан кеткім келмейді. Магистратура менің Астанада қалуымның бірден-бір мүмкіндігі.


ОҒМ жазбалары: Магистратура: қанша және не үшін?
Зәмзәгүл, «Халықаралық құқық» мамандығына құжат тапсырушы (2008 жылғы түлек):
— Магистратура жұмыста өсуіме керек. Қазір көп жерлерде магистрлік диплом талап етіліп жатыр.


ОҒМ жазбалары: Магистратура: қанша және не үшін?
Жәнібек, «Археология және этнология» мамандығына құжат тапсырушы (2014 жылғы түлек):
— Студент кезден қазба жұмыстарына қатысып жүрмін, келесі апта тағы экспедицияға кетіп барам. Магистратура маған осындай зерттеу жұмыстарымды жалғастыру үшін қажет.


ОҒМ жазбалары: Магистратура: қанша және не үшін?
Қымбат, «Педагогика және психология» мамандығына құжат тапсырушы (2012 жылғы түлек):
— Қазір көп жерде магистратура дипломы талап етіледі. Тіпті мектептерде де. Сол үшін керек.


ОҒМ жазбалары: Магистратура: қанша және не үшін?
Раушан, «Химия» мамандығына құжат тапсырушы (2013 жылғы түлек):
— Өзім ғылыми орталықта жұмыс жасаймын, ғылыммен айланысқан ұнайды. Сол үшін магистратура оқып, ары қарай жалғастырғым келеді.


ОҒМ жазбалары: Магистратура: қанша және не үшін?
Инабат, «Педагогика және психология» мамандығына құжат тапсырушы (2008 жылғы түлек):
— Жоғары оқу орнында жұмыс істегім келеді. Ал мен болсам балабақшада жұмыс жасап жүрмін :d


ОҒМ жазбалары: Магистратура: қанша және не үшін?


Алина мен Гүлнұр, «Есептеу техникасы және программалық қамтамасыздандыру» мамандығына құжат тапсырушылар (2014 жылғы түлектер):
— Толық жоғары білім алғымыз келеді. Біздер «Көлік және байланыс» министрлігінде өндірістік практикадан өткенде ол жақтағылар магистратура дипломының болғаны жөн деп айтқан.


ОҒМ жазбалары: Магистратура: қанша және не үшін?
Досжан мен Бағлан, «Заңтану» мамандығына құжат тапсырушылар (2014 жылғы түлектер):
— Просты біздің жұмыс істегіміз келмейді :d Қалжың, мүмкіндік барда оқып алсақ дейміз.



Сауалнаманы қорыта келе және өз ойымды қосып магистратурада оқудың 5 себебін тізейін:

1. Жоғары оқу орнында жұмыс істеу мүмкіндігі
Өздеріңіз білесіздер қазір ЖОО-ға магистратурасыз жұмысқа қабылдамайды. Айлығы жақсы интеллектуалдық мектептерде де магистр дипломын талап етеді.

2. Ғылыми-зерттеу жұмыспен айналысу мүмкіндігі
Ғылым қызықтыратын болса магистратура оған сізді бір табан жақындата түседі. Оның үстіне әрі қарай PhD-ге түсіп, сүйікті ісіңізді жалғастыруға мүмкіндік беретін бірден-бір баспалдақ — магистратура.

3. Қызметте өсу мүмкіндігі
Магистрлік диплом қызметтік сатыда жоғарылауға септігін тигізеді. Бірақ жатыпішер кер жалқаудың өзі болсаңыз, әлбетте, сізге бұл қағаз көмек бола қоймас.

4. Жағдай орныққанша мұрсат алу мүмкіндігі
Бұл енді дипломын қолға ұстап жатақханадан шығып, мәңгіріп қалған жас түлектерге қатысты. Жұмыс өтілінсіз әлдеқандай қызметке тұрып кету оңай емес, оның үстіне қазіргі дағдарыс кезінде. Магистратура сізге екі жыл жан-жағыңызға қарап, лайықты қызмет табылғанша «отсрочкаға» жағдай жасайды. Жұмыс істеуге рұқсат жоқ делінсе де, ол екі жылда өзіңізді түрлі қызметте байқап көре аласыз және аш қалам деп қорықпайсыз. Стипендия бар ғой.

5. Ел, жер көру мүмкіндігі
Құдай оңдап бір бағдарламамен шетелге грант жеңіп алсаңыз, өзге елде кемінде 1 жыл тұрып, салт-дәстүрімен танысасыз, жақсы білім алып келесіз. Тіліңіз де жақсарып қалады.
Қазақстандық ЖОО-ға түссеңіз де қайғырмаңыз, қазір магистратура білім бағдарламасында шетелге міндетті 10 күндік тағылымдама қарастырылған. Алғашқы сапар үшін бұл да жаман емес.


Солай, достар. Оқыңыздар, білім алыңыздар, тіл үйреніңіздер! Адал еңбекпен жүрсек кем болмаймыз.
Биылғы үміткерлерге сәттілік!
Әрі қарай

Еріме

Бағала деп барыңды бағыт берген бақ құсым,
Жағар ма деп жалынды шабыт берген бақ құсым.
Өр басымды жер қылмай, еркелікті ескеріп,
Бақыт атты тағымды алып берген бақ құсым.

Жабыққанда жұбатып, жылу берген жарығым,
Аман болсам өзіңе жыр арнармын тағы мың.
Сүйгендіктен қамығып, жабығамын… себебі
Сүйген жанға шынайы махаббаттың әні-мұң.

Қиын кезде сүйеніш, демеу болған алтыным,
Жазып жүрген жырыма желеу болған алтыным.
Назалансам назыма налығанды білмеген.
Жып-жылысың… дәл күндей, сездірмейтін салқынын.

Жүрегімнің иесі, бақыт сыйлап, бақ бердің,
Өміріме елеулі зор өзгеріс әкелдің,
Саған деген сезімім, кір түспеген, ақ қардай,
Жазылмаған сиямен парағындай дәптердің.

Дауылдардан қорғайтын қорғаныма теңеймін,
Жасаған игі ісіңді ескеремін, елеймін.
Сені жақсы көрем деп айтпасам да күн сайын,
мен өзіңді ешқашан «жек көремін» демеймін
Әрі қарай