Ұлы сапар

Сіз өзіңізше алдағы аптаңызға немесе демалыс күніңізге тамаша жоспар құрдыңыз делік. Сол жоспарыңызды әкеңіз « Төрт күннен соң жолға шығамыз. Дайындал.» деп, сізбен келіспестен сыртыңыздан шешім шығарып бұзса не істер едіңіз? Әрине, бұлқан-талқан болып ашуланарыңыз кәдік. Қанша жерден ер-тоқымыңызды бауырыңызға алып тулағанмен әкеңіздің сөзі сіз үшін заң. Түптің-түбі келісесіз. Әкеңізбен сапарға аттанасыз. Бірақ, жолдың біраз бөлігінде томаға-тұйық отырып, әкеңізге қыр көрсетуіңіз де мүмкін. Бәлкім ол әрекетіңіз заңды да болар?
Міне, біздің кейіпкеріміз дәл осындай оқиғаға тап болады. Бірақ, ол жоспарын тек ойнап-күлуге ғана емес, оқуға құжат тапсырып, емтихан тапсыратын күнін күтіп жүрген болатын. Лицейді аяқтап, енді одан әрі білім алсам деген ниетпен оқуға бір мәрте түсе алмай қалған 20 жасар жас жігіт, өзінің емтихан тапсырып, оқуға түскен сәтін талай мәрте ойша қиялдаған да болар? Ұлының осындай ұлы арманын күл-парша еткен қандай әке, ол неткен сапар деп отырған боларсыз? Бұл ұлы сапар әкенің де о бастағы арманы болса ше? Бұл өтініш әлде бұйрық бір аяғы жерде, бір аяғы төрде тұрған қарт әкенің соңғы тілегі, өзін алдыға жетелеген арманына деген соңғы ұмтылыс болса ше? Онда, көрер қызығы алда деп саналатын жас жігіттің өз арманын әкесінің арманынан жоғары қоюға қақысы бар ма?
Реданың басына түскен сәтсіздіктің барлығы ағасының ішіп алып көлік айдау куәлігінен айрылып қалуынан басталғандай ма қалай өзі? Әйтпесе, әкесі баласының буынсыз жеріне пышақ салмауы тиіс еді. Енді міне, Францияның оңтүстігіндегі шағын қалашықта өмір сүріп жатқан Реда әкесін Меккеге ағасының ескі «Пежосымен» апаруы керек. Түскелі тұрған оқуын, сүйген қызын тастап Реда байғұс қыңыр шалдың айдауымен кетеді. Өз айтқанын орындататын осынау тік мінезді шал маған қазақ шалдарының, далалықтардың әкелік образының жиынтығы болып көрінді.
Әбіләкімнің  ауылы: Ұлы сапарФранцуздар мен Мароккалықтар 2004 жылы түсірген осынау «Ұлы сапар» («Үлкен саяхат» деп аударғым келмеді. Фильмнің орысша аудармасы «Большое путешествие») фильмі адамды өзіне баурап алады. Бір қарағанда, тым қарапайым, шұбалаңқы көрінген сюжетті фильмен керемет әсер аламын деп ойламайсыз. Көбіміз жарқыл-жұрқылды оқиғалар, шартпа-шұрт төбелесті, қым-қиғаш тірліктер көрсетілген жеңіл фильмдерді жиі көреміз. Адамды ойға жетелейтін, айтары бар кино көргіңіз келсе осы туындыны тамашалаңыз.
Әр мұсылманның асыл арманы Меккеге бару, сол жаққа қажылық сапарға аттану әрине ұлы сапар болып есептеледі. Бірақ, бұл фильмнен одан бөлек екі заман адамының, екі буын өкілінің бір-бірініңі әлеміне, ішкі жан-дүниесіне сапарды аңғаруға болады. Ұзақ сапар баланың әкені ұғуына, оның өмір салтын түсінуіне, өзінің қателіктерінен сабақ алуға үйретеді. Өзін бір адамдай білгішпін деген жас жігіт хат танымайтын әкесінің сұңғылалығына бара-бара тәнті бола бастайды. Өмір атты ұлы сапарда ақ пен қараның қатар жүретініне, жақсы ададар мен жаман адамдардың барлық ұлтқа тән екеніне осы кино арқылы тағы бір көз жеткізтуге болады.
1962 жылы дүниеге келген, сценарист, режиссер Исмаил (Исмаэль) Феррухидің шығармашылығымен мүлдем таныс емес екенмін. Мен, жалпы «Ана режиссер жаңа туынды шығарыпты» деп шарқ ұрып, іздеп жүріп сол киноны көретін жандардан емеспін. Омарбраттың жолымен торрентке шыққанын, онлайнға іліккенін көріп жүре беретін жанмын. Бірақ, осынау киноны мен осыдан екі-үш жыл бұрын еліміздің бір телеарналарынан көріп қалған болатынмын. Көрілген соң ұмытылып қалатын фильм бұл емес. Бірақ, дәл сол кезде мен бұл фильмнің режиссеріне мән бермеген едім. Блогиада аясындағы осынау тақырып бұл киноны тағы бір шолып өтуіме мұрындық болды. Сондай-ақ, режиссердің қолынан шыққан басқа да дүниелер көруге тұрарлық секілді. Секілді деймін-ау, уақыт тауып, көретініме бек сенімдімін.
Айтпақшы, керемет кинотуынды түсіріп шығу үшін көп дүние қажет емес секілді. Жақсы сценарий, рөлдерді сомдайтын екі-үш адам, бір оператор камерасымен және 1990-91 жылғы универсал «Пежо» не болмасса «Пассат» та жарай береді.
Бөлісу:

1 пікір

ken
Иә, бірде ТВдан көрсеткен. Сол кезде мен де соңғы жағынан көріп қалдым. Әкесі Меккеде қайтыс болады.