#QazzaqDepression. Сәнім Дион. "Жақып Жарылқасынның күнделігі".

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Сәнім Дион. Жақып Жарылқасынның күнделігі.

Мен, Бекетай құмның арман арқалаған қара баласы Жақып Жарылғасын, 1889 жылдың көктемінде Орынбордың Тихорецкое жасағына келіп қосылдым.
Отарбаның заманында аттан түсіп, мехнаты көп механикеге талап қылдым. Жылдық алыс жерлерде адамдар құсты да ерттеп жатыр екен дейді. Ондай жарқын заманда қаззағымның бөрік-кимешекпен босқа терлеп жүрмегенін құп көрдім. Үрдіске бейімделіп, сосын артымнан — қалған қаззақтарды ертсем, еліме еңбегім сіңгені, перзенттік парызымды өтегенім!

1889.5.13. Арабша хат танитыным ештеңеге іске аспады. Осындағы шоқынған татарлар орысша хат тану үшін дьяк Евлампийдің үйінде тұрып, қызмет қыла тұр деді.

1889.6.13. Дьяк Евлампийден «Слово Божьеден» дәріс алып, орысшам да түзеліп қалды, әріп танып, ежіктеп оқи да бастадым.

1889.7.2. Қаззақтармен алыс-беріске кісі керек дегесін, Жаманқалаға аттанып, онда граф Бестужевтің распоряжениесіне түстім.

1889.7.5. Граф менен «Особое уложениелерді» білесің бе деп сұрады. «Наизусть!» деп, қақшия қалдым да, честь бердім. Это понравился графу.

1889.8.5. Тура бір ай қаззақ пен орыстың арасында дәнекер болдым. Недостатки: свои же сородичи не преминут проклинать за предательство собственного народа; 2. Мой народ везет налоги в тюках, в кадаках, в карысах и в текше. Все это нужно перевести на метрическую. При недостачах приходится обратно перевести на степной лад. Кстати, недостачи много. Сповадился мой народ воровать. Прав был тот сын хорунжия Кунанбая, который утверждал, что воровство в степи не прекращается. Ибрагим этого словоблуда зовут, точно вспомнил. Да ну его.

1889.9.7. Граф вернулся! Из Парижа. Был на вселенской выставке. Впечатления от этого миргорода впрямь прет от него.
Очень удивился моему русскому. Даже позвал гарнизонных офицеров. Говорит, что степной кайсак в прилежности и рвении перещеголял всех их вместе взятых. Черт побери, мне было приятно.

1889.9.8. Состоялся обстоятельный разговор с графом. Справлялся о моем будущем.
— Слушай Яков, — говорит он, — я хочу твой пример использовать на переобучение всех степных кайсаков. Того и гляди: пройдут года, может и твой народ организует выставку, как в Париже!

Я был сражен приступом смеха. Кто способен из наших перебороть свое многовековое невежество! Ахметжан из рода Есима? Разве выкроит он время от своих бесконечных выступлений на домбре? Говорят, в последнее время сповадился говорить на арабском перед бухарскими купцами. При этом акцент такой ужасный, что последующие караванщики имеют при себе толмачей с арабского Ахметжана на обычный арабский.

Может выставку в степи осилить кто то из рода Ермегия? Не думаю. Вороватые они.

Не на моем веку все это будет.

1889.10.7. Нашел таки переводчика с казахского на русский. Напоминает меня, только глуповатый. По крайней мере, мое общение с кайсаками теперь крайне облегчится.

1889.10.10. В связи имеющимися секретными расчетами на страницах этого дневника, я обязан сдать его в канцелярию крепости. Прощай, мой молчаливый собеседник!
Яков Джарылгасымов-Оренбуржский, осень 1889 года от Р.Х.
Әрі қарай

#QazzaqDepression. Фрэнк Дарабоз. Жансая

Артқы аулаға апаратын ауыр есікті итеріп әрең ашып, сыртқа шықты. Дүңкілдеген музыка, көлкіген темекі түтіні жүрегін көтеріп жіберіпті. Қызыл кірпіштен өрілген қабырғаға сүйеніп отыра кетті. Қымбат қысқа тонының етегі былғанғанына, жалт-жұлт еткен тізеден жоғары party-көйлегінің жиырылып қалғанына мән берген жоқ.

Жұмыстың алдында жарым сағат отырып жаққан опа-далабын айғыздап ұзақ жылады. Әттең, айқайды салып, көкірегінде шемен болып қатқан шер мен мұңды жібітіп, лақылдатып, сыртқа шығарғысы-ақ, еңірегісі-ақ келеді. Бірақ болмайды. Мұның ұлыған дауысы экстазиға елірген, араққа айбаттанған әлдекімдердің құлағына жетуі мүмкін. Тәлтіреңдеген мас болса, бұтынан теуіп, құлатып, қашып кетер-ау, топ болып жүретін есерсоқтарға шамасы қайдан жетсін.

Пышылдап, тырнағын шұқылап көп отырды. Басын қисайтып, ернін тістелей берді. Ойға батқандағы әдеті. Кәдімгідей жеңілдеп қалыпты. Тек аузымен ауа қармап, терең-терең дем алып, солықтаған қоя алар емес.

«Соншалықты жаман да емес шығар өмірім» деп ойлады.

Телефоны шырылдады. Администратор екен. «Жансая, где ходишь?» дейді.

Түбі қарая бастаған, сарыға боялған шашын жинап, желкесіне түйіп алды. Қиылып түскен, я еуропалыққа, я азиалыққа келмейтін микс көздері жалт етті.

* * *

Бірінші рет келіп тұр дәл осы клубқа. Еңгезердей охрана-жігіттердің алая қарағанына мән бермей, төрге озды. Сыра сұрады.

— Можно к вам?

Жалтылдаған қысқа көйлек киген, дөңгелек жүзді аққұба келген қыз тұр екен. Көркемін-ай… Іші-бауыры солқ ете қалды. Бүкіл уайым-мұңы, қажып-шаршағаны, күдік-күмәні күйретіліп түсіп, өзі күтпеген әлдебір алып қуаныш толқынының астында қалды. Бетіңе бір қарап-ақ сені бақытты жасай сала алатын адамның бар екендігін білмей келіпті.

Қолың ербеңдетті: "әрине, әрине, отырыңыз".

— Меня Жансая зовут, а вас?

Қыз жымиды. Әдемі еріндері ажырап, аппақ тістері көрінді. Онысы мұның шоқ кеміріп, өртенуге айналған сезімін тіпті құтыртты. «Р-рауан» деді тұтығып.

* * *

Бір сағаттан кейін клубтың үстіндегі қонақ үй нөмірінен шығып бара жатып Рауан "әдемі екен, ә, денесі де күшті сондай, он бес мың сағатына сондай қымбат емес қой, телефонын жоғалтып алмау керек, постоянноға керек болады" деп ойлап қойды.
Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Фрэнк Дарабоз. Жансая
Иллюстрациялар: Adams Carvalho
Әрі қарай

Қазақстан - Дания матчы қалай аяқталады?

Футбол, тек қана футбол!: Қазақстан - Дания матчы қалай аяқталады?
Қазақстан футбол федерациясы Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы ойынға кіретін билеттің бағасын бекітті. Баға 1000 теңгеден басталады.

Футболдан 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан мен Дания құрамалар арасындағы матч 2017 жылдың 10 маусымында Алматы қаласындағы Орталық стадионында өтеді.

Бұл матч Қазақстан Ұлттық құрамасы үшін Әлем Чемпионатының іріктеу турнирінде өз алаңында өткізетін үшінші кездесу болмақ. Алғашқы екі ойында біздің футболшылар Польша және Румыния құрамаларымен тең түскен еді.

Алматы қаласының Орталық стадионына 24 мыңдай жанкүйер сыяды. Қазақстан мен Дания матчындағы ең төменгі баға 1000 теңгені құрайды. Ең қымбат билет батыс трибунадағы VIP-орындарға тиесілі. Олардың бағасы — 15 мың теңге.

Билеттерді www.ticketon.kz, www.zakazbiletov.kz, www.kff.kz сайттарында онлайн сатып алуға болады. Сонымен қатар, Алматы қаласының Орталық стадионының кассаларында сатылады.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 13 мамыр 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Қазақ радиосындағы «Ой-Зерек» танымдық-интеллектуал ойынының 6-шығарылымына Қазақ Радиосы командасы қатысты. Есеп 5:6

Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 13 мамыр 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Сергіту сұрағы:
Бұның біріншісі 1956 жылы Швейцарияда өтті. Аты сол кезде қалыптасса да алғашқысы тек радио арқылы транцляцияланды. Ал 2000 жылдан бастап интернет арқылы да тікелей трансляциясы жүреді. Алдағы жылдары Қазақстан мен Австралия қосылса да атауы өзгермейтіні анық. Әңгіме не туралы?

  1. Жүзу спортынан 2 дүркін Олимпиада чемпионы, Әлем және Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы Денис Панкратов бір сұхбатында “кей санаттағы жүзгіштер үшін күміс медаль да өте жақсы нәтиже” дейді. Панкратов кімдер туралы айтқан?
  2. Бүкіләлемдік көрме үшін құрастырылған бұл құрылыс нысаны көрмеге кіретін доғал дуал есебінде де қолданылды. Жоспар бойынша, оны 20 жылдан кейін бөлшектеп, демонтаж жасауы керек-тын. Алайда, көп ұзамай радио заманасы келіп, радиотелеграф антенналарын орнатудың арқасында аман қалды. Бұл нысанды атаңыз.
  3. Мәскеу Мемлекеттік Университетінің журналистика факультеті студенттерінің зерттеуінше бұл мәселе халықтың 1 пайызында бар. Ал радиожурналистер, дикторлар және комментаторларда 10 пайыз байқалады? Бұл не мәселе?
  4. Желідегі біліми ресурстарда «Ол ақын болар ма еді» атты ашық сабақтар кездеседі. Коммунар Табейдің «Ол ақын болар ма еді» еңбегі біраз басылымдарда жарық көрген. Зерттеу объектісінің жасы қазір 50-ден асып кетер еді. Қазақстанда оның атында көшелер, саябақ бар. Оның «Кездесеміз әлі де» атты өлеңінен үзінді келтірейік: «Қош болыңдар, ағайын-туыс бәрің де, Қош болыңдар, жасыңыз да, кәрің де. Қараңғылық баста тұрмас қашан да, Бостандықта кездесеміз әлі де...» Ол кім?
  5. 1977 жылы Сьюзан Зонтаг атты мәдениеттанушы, жазушы, сыншы «Фотография туралы» атты кітабында сапасыз фотосуреттерді аяусыз сынайды. Блогер-жазушы Алексей Поляринов оны егер қазіргі суретке түсіргіштердің сауатсыздығын сынайтын болса ИКС деген ат алар еді дейді. ИКСті танымал термин болып кеткен интернет-мем сөзге 5 әріп қосып атаңыз
  6. Владимир Кессельман жаңалық ашуға алып келген ғылыми жұмыстың көбірек бөлігі бұқараға беймәлім деп санайды, және ғылыми жаңалықтарды ОҒАН теңейді. Ал Оспанхан Әубәкіровтың ОҒАН арналған өлеңінде: «Болмайтұғын Бас әріп қай жерімде кеміс бар?!» деген үзінді бар. ОНЫҢ екі атауын да атаңыз.
  7. Орхан Памуктың бір шығармасында «БҰЛ ДЕГЕН — сағызды бөлісу» делінеді. БҰЛ ДЕГЕНді ағылшынша айтып көріңіз немесе танымал түрік брендінің атымен.
  8. 1977 жылы, ол дүниеден өтерден бірнеше ай бұрын Англияда оған арналған «Джентльмен-қаңғыбас» атты деректі фильм түсірілді. Ол «Оскар» алмаса да, ХХ ғ. 20 жылдары арнайы кинематографқа қосқан үлесі үшін «Оскармен» марапатталды. Ал Астана қаласындағы микс-барлардың бірінде музыка ойнап тұрса да, үнемі оның фильмдері көрсетіліп тұрады. Оны атаңыз
  9. Танымал цирк әртісі Олег Поповтың шетелдегі гастрольдерінде қолтаңбасы басқалардан ерекше болатын және бәріне ұнайтын. Попов қолтаңбасын ненің сыртына 2 әріппен жазатын еді?
  10. Алтай жұмбағын шешіңіз:
    Ол зарласа – сенесің,
    Ол қорласа – көнесің,
    Егер оны өлтірсең,
    Өз қаныңды төгесің.
  11. Бюджеті 63 млн долларлық танымал бір фильмнің түсірілімдерінің алдындағы тендерге танымал Рэй Бэн фирмасы да қатысады. Алайда пәлсапалық сипаты бар бұл фильмде Блинде фирмасының өнімін байқауға болады. Бұл қай фильм?
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 6 мамыр 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Қазақ радиосындағы «Ой-Зерек» интеллектуалдық-танымды ойынының 5-эфиріне «Оймақ» командасы қатысты. Есеп 4-7

Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 6 мамыр 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Сергіту сұрағы:
Белгілі қазақстандық кәсіби аудармашы Нұрғиса Асылбеков осы аптаның ортасында өзінің кәрі қызға жақтас екенін мәлімдейді. Аудармашы кім не немесе не туралы айтқан?

  1. «Алтын таяқша» фестивалі елімізде дәстүрлі түрде соғыста алған жарасы қатерлі ісікке айналып, 47 жасында дүниеден озған КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреатының құрметіне өткізіледі. «Алтын таяқша» фестивалінде кімдер жарысады?
  2. «Вокруг света» журналының жазуынша Чаушеску кезінде Румынияда техникалық білім жүйесін жақсы дамытып кеткен. Алайда түлектерге жеткілікті жұмыс орнын дайындап үлгермеген. Соның салдарынан болар Румыния бір рейтингте алғашқы 20лықта. Кімдердің рейтингі екенін 60-жылдары шыққан ағылшынша сөзбен атаңыз
  3. Ағылшын жұмбағын шешіңіз:
    Ол шешінсе – мен киінем.
    Мен шешінсем – ол киінеді.
  4. 2014 жылы Пауло Коэльо Фейсбукта 2 Рим Папасы бейнеленген сурет жариялайды. Бенедикт XVI және Франциск. Пост жарияланғаннан 3 күннен кейін қандай оқиға болды?
  5. Әлем тарихында Нобель сыйлығын алған бір адам – «Оскар» және «Алтын глобус» сыйлығының да иегері, «Грэмми» сыйлығын да көп рет қапысыз ұтқан; Пулитцер сыйлығының арнайы жүлдесін алған әрі Құрмет легионының орденінің де иегері; және Лондон портрет галереясында картиналары қойылған. Бұл кім?
  6. Профессор Суриковтың пайымдауынша ежелгі гректерде бейне арқылы көрнекі ойлау басым болса, арабтарда абстрактілі ойлау басым, өйткені олардың діні бейнелеуге қарсы. Сондықтан да БІРІНШІ гректерде жақсы дамыған, ЕКІНШІ арабтарда. Неміс педагогы Кляйнның айтуынша БІРІНШІ мен ЕКІНШІНІ мектеп бағдарламасында айыруға болмайды. Оларды атаңыз
  7. Керекинфо-нүкте-кейзед блогтұғырнамасында жарияланған бір материалда автор денесіне жүйрік жануарлардың суретін салу — көбіне ер адамдарға, ал, мысалы, жеміс-жидекті орналастыру — әйел адамдарға тән екенін баяндайды. Автор бұдан кейін қазақтың қандай мақалын мағыналық тұрғыда түрлендіріп қолданады?
  8. Дизайнын Артемий Лебедев студиясы жасаған печеньелерден 646277, 281434, 758938 сияқты сандарды көруге болады. Печеньелер қандай формада жасалған?
  9. Аршат, бұл өлең жайлы не ойласың? Цинизм толы ма? Команда, Эли Бар-Яаломның шумағын аяқтаңыз:
    Жас ата-аналар өмірді тек сүрсін:
    Әрқашан кір жусын және де кептірсін.
    Оңайлау қылуға тіптен бәрін
    Сыйлайық оларға...
  10. Кейбір химиялық элементтерден жұптар құрауға болады. Мысалы бром-рубидий, селен-эйнштейний, цезий-скандий, қалайы-нильсборий. Осы принцип бойынша галийдің жұбы қай элемент болар еді?
  11. Ленин атындағы қалалар 20 ғ. 20 жылдардан бастап пайда болды. Мысалы, Кеңес кезінде оның атын қазіргі Санкт-Петербург (Ленинград), Худжант (Ленинабад, Тәжікстан), Гюмри (Ленинакан, Армения), Байқоңыр (Ленинск) сияқты қалалар иемденді. Ал бұрын Симбирск деп аталған, аттас облыстың орталығы болып табылатын Ресейдің қай қаласы оның атында?
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 29 сәуір 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Қазақ радиосындағы «Ой-Зерек» интеллектуал ойынынң 4-шығарылымына КерекРинг ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы Бақсы командасы қатысты. Есеп 6-5

Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 29 сәуір 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Сергіту сұрақ:
АҚШ әскери теңіз флоты 1950 жылдары «Триест» батискафын сатып алуы жайлы айта келе, бір америкалық офицер былай дейді: «Қандай да бір жобаға (мемлекеттен) несие қаржы алудың ең үздік жолы – оны әлдеқашан ОЛАР жүзеге асырып жатыр деу». Кімдер?

1. Википедиадағы мәлімет бойынша бұл жануар — Интернеттің бойтұмары. Ал Vogue журналы олар тек Солтүстік Америка, Батыс Еуропа мен Жапонияда ғана танымал дейді. Youtube-та олардың видеолары орташа есеппен 12 мың қаралым жинайды екен, бірақ Жануарлар категориясында 16 пайыздық көрсеткішпен қаралым бойынша 2-орында. Бұл қай жануар?

2. Өткен ойында «Союз» ғарыш кемелерінің қонулары әдетте ұшу аймағынан алыс емес жерлерде өтетін деген едік. Ал орбита станциясымен жанаса алмаған, апаттық жағдайда қалған «Союз-23» кемесінің Теңіздің қақ ортасына қонуына тура келді. Ғарышкерлер Зудов пен Рождественскийді құтқару тікұшақ арқылы жүргізілді. Алайда, алғашқы жоспарланған қону аймағына жақын маңда алып су айдындары жоқ еді. Ендеше, кеме қалайша Теңізге тап болды?

3. Бұл музыкалық аспап өз санаты бойынша әлемдегі ең ескі аспап. Фидель, Ребек, Пошет — оның ізбасарлары. Болгар ғалымы Дончевтің айтуынша ол жауынгер қаруына ұқсатылып жасалған. Діншілдер мен коммунистер қарсы болған бұл аспапты кезінде қарапайым халық та ұстауға қорыққан. Бұл аспапты атаңыз.

4. Бернард Шоу жөнінде не білесіз? Джордж Бернард Шоу – әйгілі ирланд драматургі және жазушысы, қоғам қайраткері, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің негізін қалаушылардың бірі, социалист, КСРО-ның жақтаушысы, вегетариан, Ислам мен Соңғы пайғамбардың қолдаушысы.
Ох, қандай тұлға, қанша мәлімет. Бұл жалпы деректер болатын. Сіздерден сұрайтынымыз: жазбагер Бернард Шоудың еншісіндегі екі түрлі сыйлықты (әлемдік жүлде) атап көріңіз.

5. Өткен ғасырдың басында АҚШ және Англияда танымал болған Уильям Стелл атты журналистке бір балгер бұның билетін алмауға кеңес береді. Танымал бір актердің кейіпкері бұның билетін ұтып алады. Бұл ненің билеті?

6. «Қазақ халық жұмбақтары» кітабында жауабын біз аздап күтпеген жұмбақтар да бар. Сіздерге солардың бірі:
Мен көрдім өзі жансыз сегіз еркек,
Оларға үйір болған адам тентек.
Сегіздің ортасында төрт әйел бар
Жүреді жиырма төрт тай жетектеп.
Шешіңіз.

7. Fedex компаниясының бастапқы жылдарында құрушысы Фредерик Смит түрлі қиындықтардан өтеді. Мысал үшін бір жылы компанияның бір шығындарына 24 мың доллар төлеу керек болады, қолда жеткілікті ақша болмағандықтан Смит мәселені шешу үшін қай қалаға барып келеді?

8. Евгений Комаровский есімді дәрігер педиатр «Температура туралы қырық екі сұрақ» деген кітап жазды. Сіздерге сауал: кітапта қырық екі сұрақ екені рас, бірақ кітап атауының ішіндегі 42ні дәрігер қалай жазғанын тауып, кітаптың толық атын табыңыз?

9. 2001 жылы Труд газетінің Молдова қосымшасында атауы 2 сөзден құралған мақала шығады. Мақала атауының екінші сөзінде бір елдің астанасы аталып, коррупция бойынша Молдовадан озып кеткендері үшін рахмет айтылады. Мақаланың атын толық атаңыз.

10. «Комсомольская правда» газеті бұл елді туристік тұрғыда былай жарнамалады:
«Бақыттың жарқын бояулары. Орасан сұлу табиғат. Лайықты демалыс. Гастрономия ғажайыптары. Азарт тұнған саяхат. Рақат сезім. Иісі жұпар ормандар. Яхталы курорттар.» Қай ел?

11. Гуманитарлық білімге арналған Арзамас жобасындағы авторлардың бірі Юлия Штутина бір жазушының жазбаларынан жинақ жасап, оны ИКСтің твиттері деп атайды. Ойлары 140 символға сыйып отырған бұл жазушы көзі тірі болса Твиттердің бұл қасиетін ұнатар еді дейді. ИКС қай жазушы?

Аудио мында.
Әрі қарай

#QazzaqDepression. Гектор Мағауин. "Сарорыс"

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Гектор Мағауин. Сарорыс

Көктем шықты дегенмен, жер бірде кеберсіп құрғап, бірде шылқып тұратын итжығыс күндердің бірінде Санников аралының аспанында темір құс көрініп, төменге қарай құлдилады. Ішіндегі екі қаззақ пен бір орысты иманды адамдар деуге келмейтін, ендеше ұшақтың — жерді тұмсығымен сүзуге аз қалғанда кенет оталып, бойын тіктей қойғанын құдайы себеп деуге болмайтын шығар.

Ұшақтағы үшеу ептібайымайд-шешесстің түрлі порымы мен пошымын айтып, қарғанып-сіленіп болғаннан кейін, жан-жағына қаранды. Анадай жерде жеркепе тұр екен. Салып отырып жетіп барды.

Бос екен. Жер мен жарға қабан терілері төселіпті. Анадай жердегі сөреде астан гөрі, шірік ағашқа ұқсайтын нанның қалдығы мен Мейхуаның сары сатпақ қағаздағы көмескі фотосы тұр екен. Қырағы, адамның жасырғаны мен тыққанын тіпті мұрнымен де сезіп қалатын үшеу бұлардан басқа мардымды ештеңе көрмеді.

— Қабан терісі! Заготовкаға тапсырылмаған! Мұны тексерту керек! — деді қаззақтардың үлкені.

— Арыйне, дурыс айтасыз! Ылай калдыруга болмайды! — деп қоштады қаззгүрт(мәңгүрттің керісіншесі) орыс. Кісіден асқан өнері, қытай сүйер қылығы болмаса да, қаззақша шүлдірлеп-былдырлап, біраз мансаптың биігін шалған нағыз сатқын сволочьтің өзі еді ол.

Екінші қаззақ үндемеді. Оны бұл аралда қалып оймаудың қ амы мазалап тұр еді.

Жеркепенің қожасы болмаса да, әдетінше әкесінің үйіндей аралап-тінтуге жүрексінді. Бұл не қылған қызық сезім деп, үшеуі де ойға батып тұр еді. Тыныштықты арттарынан шыққан мылтықтың білтесін қайырған дыбыс бұзды.

Еңгезердей, ұзынтұра орыс екен. Күн қақпаған беті, сірі, тарам-тарам болған қолдары, ырсимағанмен, бедері көрініп тұрған қабыртқалары, қақшиып тұрған әшәуі бұл кісінің өркениетпен қош айтысып кеткеніне кемінде жиырма жыл, әйтпесе қырық жыл екенінен хабар берді.

— Алдыма түсіңдер! — деді ұзынтұра орыс.

— Өлгім келмейді! — деп зар илеп қоя берді қаззгүрт орыс.

Көңілсіз үшеуді алдына салып алған көңілді орыс алдымен мылтықпен итермелеп, сосын көттен теуіп, аралдың шетіне қарай әкеле жатты.

— Сен немене, тоңбайсың ба? — өзі деді сақа қаззақ, арт жағына ұрлана қарап.

— Тоңғанда қалай! Бірақ сендер — өкімет деген хайуандар — сыпырып ала бергесін, оған да үйренеді екен адам — деді орыс.

Сөйтіп, аралдың шетіне жеткесін, орыс үшеуін біртіндеп атып тастады. Ішінде ұзақтау өмір сүргені қаззгүрт орыс деуге болады. Оны соңынан атты. Қанына тартқасын емес сірә. Үрейден аузы жабылмаған қаззгүрт бір кезде: «Жиырма жыл аял көрмегеннен солмай, керісінше қақшиып тұратыны қызық екен» деді. Еркектің болса да, отыз бес жыл бойы мұндай жылы сөз естімеген сарорыс — қаззгүрттің мына сөзіне балқып, ақыры оны басжіверді. Сосын барып атты…
Әрі қарай

Бұта отырғызу

Подъезімнің алды көк тақыр. Көршілес подъездерде бұталар өсіп тұр. Біздегі алаңқайдың тақырға айналуына не себеп екенін кейін білдім — кезінде бірінші қабатта тұратын біреу машинасын өз балконының түбіне қою үшін тал-теректерді жұлып/кесіп/опырып тастаған. Алайда қатты дауыл кезінде жақын маңдағы ағаштардың біреуі сынып, ауыр бұтақ (!) машинасының үстіне құлапты-мыс. Сол кезден кейін есік алдындағы тақыр бос тұр.

Подъездің түбі — автотұрақ, гараж, қойма емес. Ол да жалпыға ортақ территория. Оны бәрі түсінеді, бірақ адамның эгоизмінде шек бар ма? Келесі «умник» келіп, жекеменшік паркингке айналдырғанын күтіп жатқым келмеді. Бірдеңе егіп тастайын дедім.

Осы сенбі-жексенбі соның қамымен өтті. Жер қазып жатқанымды көріп, біреулер мақтауларын жеткізді, тіпті көмекке келген көршілер де бар. Ашық жеріне гүл, көгал егейік деп ұсыныс айтып, қоршау мәселесін қамдайық деген көрші де табылды. Өспей қалады-ау деген скептик те бар екен көршілер арасында, ұрлап кетеді-ау деді бір өткінші. Мені қорқытқаны — өспей қалатыны емес, ұрланып кету ықтималдығы және аяққа тапталып сынып қала ма деген қауіп. Білмеймін, көре жатармыз.

Ал, мынау сол шаруаның видеосы:


ТОЛЫҚТЫРУ!
Кіреберістің екінші жағына да ағаш отырғызылды. Ағаш дегенде сол — бұта ғой ол да. Ақпан айында үйдің жанында бұрыннан өсіп тұрған талдардың бұтақтарын кесіп алып, суға салып қойған болатынмын. Солардың басым бөлігі тамыр жайды. Үш-төрт талдан біріктірдім де, төрт түпке бөліп отырғызып тастадым.
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 22 сәуір 2017 эфирінде қойылған сұрақтар

Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 22 сәуір 2017 эфирінде қойылған сұрақтар
Қазақ радиосындағы «Ой-Зерек» танымдық-интеллектуал ойынының 3-ші эфиріне "Әйел бақыты" командасы қатысты. Ойыншылар 11 сұрақтың алтауына дұрыс жауап берді.

  1. Egemen.kz сайтында ең көп оқылған мақалалардың бірінде автор «ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың сана­тында» дейді. Мақала авторын атаңыз.
  2. Барокко кезеңінің неміс композиторы Георг Гендель 1727 жылы ағылшын королі Георг ІІ нің таққа отыруына орай, «Садок дін қызметшісі» атты туынды жазады. Оның аранжировкасын 20 ғасыр соңында Тони Бриттен жасайды. Лондондағы академиялық хор орындайтын бұл туындыны миллиондар біледі… Ағылшын мен неміс дедік қой жаңа, осы екі тілге қоса ол французша да орындалады. Сол ағылшындар, немістер мен француздар осы әуеннің сүйемелдеуімен талай жетістікке жетіп жүргенін де айта кету керек, дегенмен ең табыстылар — олар емес. Бұл не әуен?
  3. Шымкентте 100, Алматы мен Павлодарда 101, Қызылордада 102, Өскеменде 104. Астанада ше?
  4. Қазақ радиосының ардагерлерінің бірі радиоға келместен бұрын мектепте орыс тілінің мұғалімі болған. Ал негізінде ҚазМУдың филология факультетін де, Шет тілдер институтының неміс тілі факультетін де оқымай тастап кеткен. Википедиадағы мәлімет бойынша оның азан шақырып қойған аты Мұхаммедқали. Біз бұл кісіні қандай атымен танимыз?
  5. Қандай сахна әртістерін алтын деп атар едіңіз? tetkam.net ресурсының айтуы бойынша, Қазақстандағы бір музыка дүкендерінің біріне жергілікті сатып алушылар келіп, Жан Алтынның дискін сұрапты. Сатушылар каталог ақтарып болғанша, клиенттер дискті өздері-ақ тауып алыпты. Дискте кімнің музыкасы жазылыпты?
  6. 2014 жылы Бразилияда ақша дизайны жаңартылады деп жарияланды. 100 реалдық банкнотта кімнің суреті болады деп хабарланды? Әлбетте футбол королі Пеленің суреті. Бұл хабардың жарияланған күнін дәл атаңыз
  7. Бүгін кімнің туған күні, жігіттер? Соңғы октябрят пен тәуелсіздік ұрпақтарына Ленинге байланысты бір сауал қояйық: Ленин атындағы қалалар 20 ғ. 20 жылдардан бастап пайда болды. Мысалы, Кеңес кезінде оның атын қазіргі Санкт-Петербург (Ленинград), Худжант (Ленинабад, Тәжікстан), Гюмри (Ленинакан, Армения) сияқты қалалар иемденді. Ал Қазақстанның қай қаласы 1958-1995 жылдары аралығында күн көсемнің атында болды?
  8. «Союз» ғарыш кемелерінің қонулары әдетте ұшу аймағынан алыс емес жерлерде өтетін. Ал «Союз-23» кемесінің 1976 жылы қонуы Кеңес космонавтикасы тарихында тұңғыш рет ерекше өтті, және ғарышкерлердің бірінің бұрынғы мамандығымен байланысты болды. Не ерекшелік ол?
  9. 2000 жылдар ортасында Жапонияда әр тарауы 70-100 сөзден құралған романдар танымал болды. Бұл романдардың ерекшелігі — оларды не арқылы оқылуында еді?
  10. 1878 жылы пошта із кесушісінің қолына «жұмбақ» открытка түседі.Мәскеулік хат жолдаушы Соловцов петербургтік Чигоринге С, Л, Ф деген сияқты әріптер мен мынадай біртүрлі мәтін жолдапты: Егер Петербург сөйтсе, Мәскеу де солай. Ал егер Петербург басқаша істесе, Мәскеу де басқаша. «Шифр!» деп ах ұрады із кесуші. «Мәскеу Петербурге көтеріліс жасауға белгі беріп жатыр!».Шифрлі открытканы бастығына жолдаған ол Чигорин мен Соловцовтың кім екенін анықтап, тергеу жүргізуді тапсырады. Ал олар… кімдер еді?
  11. Луканка — болгарлардың ұлттық тағамдарының бірі. Аңыз бойынша болгар жерлерін түріктер басып алған кезде олар жергілікті тұрғындардың азық-түлігін де тартып ала бастаған. Бұған қарсылық ретінде болгарлар басты тағамдарының біріне нені қосып, жаңа тағам түріне луканка деген ат берді?



Әрі қарай

#QazzaqDepression. Аяған Себастьян Бақ. "Муззона"

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Аяған Себастьян Бақ. Муззона
(пролог іспетті)
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта.
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта лючия,
Санта!


— Кхм… — деді бір кезде үш жарым сағат бойы үндемей, терезеден алыстағы әлденеге қарап тұрған клиент. Сосын креслоға жантая кетті.
Әрі қарай