#QazzaqDepression. Фрэнк Дарабоз. Жансая

Артқы аулаға апаратын ауыр есікті итеріп әрең ашып, сыртқа шықты. Дүңкілдеген музыка, көлкіген темекі түтіні жүрегін көтеріп жіберіпті. Қызыл кірпіштен өрілген қабырғаға сүйеніп отыра кетті. Қымбат қысқа тонының етегі былғанғанына, жалт-жұлт еткен тізеден жоғары party-көйлегінің жиырылып қалғанына мән берген жоқ.

Жұмыстың алдында жарым сағат отырып жаққан опа-далабын айғыздап ұзақ жылады. Әттең, айқайды салып, көкірегінде шемен болып қатқан шер мен мұңды жібітіп, лақылдатып, сыртқа шығарғысы-ақ, еңірегісі-ақ келеді. Бірақ болмайды. Мұның ұлыған дауысы экстазиға елірген, араққа айбаттанған әлдекімдердің құлағына жетуі мүмкін. Тәлтіреңдеген мас болса, бұтынан теуіп, құлатып, қашып кетер-ау, топ болып жүретін есерсоқтарға шамасы қайдан жетсін.

Пышылдап, тырнағын шұқылап көп отырды. Басын қисайтып, ернін тістелей берді. Ойға батқандағы әдеті. Кәдімгідей жеңілдеп қалыпты. Тек аузымен ауа қармап, терең-терең дем алып, солықтаған қоя алар емес.

«Соншалықты жаман да емес шығар өмірім» деп ойлады.

Телефоны шырылдады. Администратор екен. «Жансая, где ходишь?» дейді.

Түбі қарая бастаған, сарыға боялған шашын жинап, желкесіне түйіп алды. Қиылып түскен, я еуропалыққа, я азиалыққа келмейтін микс көздері жалт етті.

* * *

Бірінші рет келіп тұр дәл осы клубқа. Еңгезердей охрана-жігіттердің алая қарағанына мән бермей, төрге озды. Сыра сұрады.

— Можно к вам?

Жалтылдаған қысқа көйлек киген, дөңгелек жүзді аққұба келген қыз тұр екен. Көркемін-ай… Іші-бауыры солқ ете қалды. Бүкіл уайым-мұңы, қажып-шаршағаны, күдік-күмәні күйретіліп түсіп, өзі күтпеген әлдебір алып қуаныш толқынының астында қалды. Бетіңе бір қарап-ақ сені бақытты жасай сала алатын адамның бар екендігін білмей келіпті.

Қолың ербеңдетті: "әрине, әрине, отырыңыз".

— Меня Жансая зовут, а вас?

Қыз жымиды. Әдемі еріндері ажырап, аппақ тістері көрінді. Онысы мұның шоқ кеміріп, өртенуге айналған сезімін тіпті құтыртты. «Р-рауан» деді тұтығып.

* * *

Бір сағаттан кейін клубтың үстіндегі қонақ үй нөмірінен шығып бара жатып Рауан "әдемі екен, ә, денесі де күшті сондай, он бес мың сағатына сондай қымбат емес қой, телефонын жоғалтып алмау керек, постоянноға керек болады" деп ойлап қойды.
Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Фрэнк Дарабоз. Жансая
Иллюстрациялар: Adams Carvalho
Бөлісу:

4 пікір